1. Тәртіптік теріс қылықтар мекемелер мен кәсіпорындарда, басқа да заңды тұлғалармен еңбек құқықтық қатынастарда тұрған субъектілердің еңбек кодексінің немесе ішкі ереже талаптарын орындамау немесе бұзу. Мысалы, жұмысқа, қызметке үнемі кешігіп келу, жұмыс уақыты кезінде қыдырымпаздық және т.б. әрекеттер жасау. Тәртіптік теріс қылықтар жасаған субъектке жұмыс орнының әкімшілігі тарапынан ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату сияқты шаралар қолданылады.
2. Азаматтық құқықтық теріс қылықтар жеке және заңды тұлғалардың жасалған келісімшарт негізінен туындайтын, міндеттемелерді орындамау және адам өмірі, денсаулығы және мүлкіне зиян келтіру барысындағы әрекеттердің жиынтығы. Мысалы, жүргізушінің адамды қағып кетуінен денсаулығына тигізген зияны, бір субъектінің жасалған шартты орындамауы және т.б. теріс қылықтар.
3. Әкімшілік-құқықтық теріс қылықтардың (құқық бұзушылықтың) анықтамасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 28-бабында мына мағынада берілген: «Жеке адамның осы Кодекс бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті не әрекетсіздігі немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады». Әкімшілік теріс қылықтар тек ғана кодексте белгіленген.
Құқық бұзушылықтың екінші түріне қылмыс жатады. Қылмыстың анықтамасы Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 9-бабында мына мағынада берілген: «Осы Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады».
Мемлекет және құқық теориясында қүқық бұзушылықтың ұғымымен қатар құқықтық бұзушылықтың құрамы деген ұғым бар. Құқық бұзушылық жалпы ұғым ретінде танылса құқық бұзушылықтың құрамы дара ұғым ретінде қабылданады.
Құқық бұзушылықтың құрамы дегеніміз нақтылы құқық бұзушылықты және оның қоғамғы зияндылығы мен қауіптілігін заңмен айқындаған арнайы нышандардың жиынтығы.
Құқық бұзушылық төрт элементтен, нышаннан тұрады: Объект, субъект, құқық бұзушылықтың объективтік жағы, құқық бұзушылықтың субъективтік жағы.
Объект деп құқық бұзушылық қол сұққан қоғамдық қатынастардың жиынтығы және соның нәтижесінде зиянды зардаптардың пайда болуын айтады. Жалпы қоғамдық қатынастар кең, ауқымды және қоғамның барлық салаларына қатынасты болған соң көптеген мүдделерді қамтиды. Мүдде бар жерде қатынастар пайда болады. Сондықтан құқықтық бұзушылық мүдделерге қол сұғады, қауіп-қатер, зиянды зардаптар тудырады.
Объект қоғамдық қатынастардың жиынтығы ретінде дамудың, адамзат өркениетін қалыптастырған құндылықтар мен мүдделерден қалыптасады.
Құқық бұзушылықтың объектісі үш түрге бөлінеді: жалпы объект, топтық объект және тікелей объект.
Жалпы объект - социум өмір сүретін, тіршілік ететін қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығы. Оған адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мүдделері, халық денсаулығы, санитарлық - эпидемиологиялық салауаттығы, қоршаған орта, қоғамдық имандылық, меншік, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың белгіленген тәртібі, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделері жатады (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, 7-бап).
Топтық объект - біртекті, біркелкі, бір-бірімен тығыз байланыстағы қоғамдық қатынастардың топтасқан жиынтығы. Топтық объект құкық бұзушылықты қоғамға кауіптілігіне және қол сұғылған қатынастарына қарай жинақтауға мүмкіндіктер туғызады. Мысалы, қылмыстық және әкімшілік кодекстерінің ерекше бөлімдері жасалған қылмыс пен әкімшілік теріс қылмыстардың топтық объектілеріне байланысты жүйеленген.
Тікелей объект — нақтылы құқық бұзушылық қол сұққан, бұзған қоғамдық қатынастардағы жеке, дара мүдделер. Мысалы, кісі өлтіргенде өлтірген адамның өмірі тікелей объект болып саналады. Кейбір жағдайларда құқық бұзушылық жасалғанда заттарға әсер етіледі. Мысалы, ұрлық жасалғанда меншікке қол сұғылады, меншік иесінің иемделу, пайдалану, билеу құқындағы заттар басқа адамның пайдалануына өтеді. Бұл жерде қылмыскер ұрлаған мүлік, зат объект емес, қылмыстың заты болып саналады. Объект әрқашан құқық бұзушылықтан зардап шегеді, ал қылмыстың заты (сақина, киім, тауарлар) баз қалпында қалуы мүмкін. Құқық бұзушылықтың заты объектінің материалдық көрінісі болып табылады. Құқық бұзушылыққа барған субъект заң қорғайтын арнайы қоғамдық қатынастарды бұзады, қол сұғады.
Жасалған кейбір қылмыстарда қылмыстың заттары мүлдем жоққа тән. Мысалы, әйелді зорлау, бұзақылық және т.б. қылмыстар.
Достарыңызбен бөлісу: |