Мор әдісінің қолдану алаңы айтарлықтай шектеулі. Оны тек бейтарап және әлсіз сілтілік ортада (рН = 7-9) қолдануға болады. Күміс хроматының тұнбасы қышқыл ортада еріп кетеді. Өте сілтілі ортада күміс нитраты күміс оксидін Ag2O түзе ыдырайды. Әдіс NH4+ ионы бар ерітінділерді талдауға да жарамайды, өйткені Ag+ катионымен аммиакты комплекс [Ag(NH3)2]+ түзеді. Әрине талдайтын ерітіндіде Ba2+, Sr2+, Pb2+, Bi3+ және басқа да калий хроматымен тұнба беретін иондарда болмауы керек. Сол cияқты PO43-, AsO43-, AsO33-, S2- аниондары қатысында да тирлеуге болмайды, өйткені олар күміс ионымен боялған қосылыс түзеді. Йодид және тиоцианат иондарын анықтауға болмайды. Тотықсыздандырғыштар қатысында да титрлеуге болмайды, өйткені олар CrO42- ионымен әрекеттесіп, оны Cr3+ дейін тотықсыздандырып жібереді. Дегенмен аргентометрия СІ- және Br- иондары бар түссіз ерітінділерді талдауға өте ыңғайлы.