Бес жаста бісміллә айтып жаздым хатты, Бұл дүние жастай маған келді қатты. Сегіздей тоғызға аяқ басқа күнде, Мұса еді қосақтаған “Мәшһүр” атты. М.Ж.Көпеев - зерттеуші Ол ел арасынан: “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Нәрік ұлы Шора батыр”, т.б. тәрізді батырлар жырында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” т.т. лиро-эпостық жырларды да, сондай-ақ “Киік”, “Бозторғай”, “Дін үйренетұғын” тәрізді басқа шығармаларды да жинаған. Қолжазбалар ішінде “Сайын батыр” жырының көлемі 2000 жолдан тұрады деген де дерек бар. Зерттеуші ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған – “Еділ-Жайық”, “Көр ақтарған Жаманбай”, “Баһырам патша туралы”, “Есен тентек туралы”, “Ертеде бір хан болыпты” , “ Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “ Еңсегей бойлы Ер Есім”, “Алаша хан”, “ 7 жасар Желкілдек”, “Ер Төстік”, “Әз Жәнібек және бір ұста”, “Екі патша”, “Әділ би”, “Сүйіндік:Олжабай батыр, “Тама Сарыбас мерген”, т.б. Жүсіп сондай-ақ ақындар айтысының не бір тың үлгілерін де жинаған. Мәселен, “Ұлбике қыз бен Күдері қожа айтысы”, “Ұлбике қыз бен Қарақалпақ Жанкел ақын айтысы”, “Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Үмсін қыз бен Заман қожа айтысы”, тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір тәртіппен, реттілікпен берілген және қанша жолдан тұратынын да айтып кеткен. Ақын қолжазбаларында көптеген ақын жыраулардың өлең мен қиссалары, дастандары т.б. бар: Бұхар жырау, Мәделі қожа, Сақау ақын, Ақан сері, Шернияз т.б. өлеңдері, Қоңырат Сапақ датқа ақын, Үйсін Үмсін қыз, Заман қожа, Тоғжан, Қалдыбай қожа, Шөже ақын, Арғын- Қамбар Жанақ, Найман Сабырбай, Найман Түбек, Найман-Опан қыз, Орынбай, Шортанбай қожа, Күлік-Жамшыбай, Қаракесек Балта, Көтеш, Ақмолла, т.б. ақындар туындыларын қағазға түсірген. Мәшһүр Жүсіп жазбаларында фольклордың барлық жанрлары қамтылған. Егер жанр бойынша жіктеп жүйеге келтірсек, ертегілерден 15 шақты мәтін үлгі; батырлық жырлардан – 5-6; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; тұрмыс-салт жырларынан – 30-40 шақтысы; аңыз-әңгімелердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақтысы; мақал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |