Бірінші тарау: «татулықты сүйгіш, сезгіш жүректі »



бет1/10
Дата13.11.2016
өлшемі1,74 Mb.
#1656
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


БІРІНШІ ТАРАУ: «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...»

(Мұхамеджан Тынышбаев)

І.
Азаматтың, ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденiң рухынан қасиеттi және мәңгiлiк күш жоқ. Дүниенiң тұтқасы да сол рух. Рух өлген тұстан, рухани тәуекелдiкке телiнген сәттен бастап адамзат – ақыл парасаттың дербес шешiмiнен, ұлт – тәуелсiздiгiнен, тұлға – дара ойлау жүйесiнен, талант – танымнан, адам – ар – ождан бостандығынан айырылады. Алланың қолындағы аманатқа берген жаныңнаң өзi кеудеңе қонақ таппайды, күштiнiң шеңгелiне iлiнедi. Ал рух еркiндiгiнiң көрiнiсi – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын. Рухани мәдениет еркiндiгiнен айырылған ұлт пен талант – жаны кеудесiнен суырылып алынып, жанын жалдап күн көрген ертегiдегi кейiпкерлердiң кебiн киетiн. Ол рухы үшiн емес, жанын сатау үшiн жалдамалы күн кешiп, сол «күштi өкiметтiң аса қауiптi жазалау құралына айналды. Қадым заманнан берi ешқандай мемлекет пен жаhангердiң ашқтан – ашық жүзеге асыруға дәрменi мен пәрменi жетпеген мәңгүрттiк жазалау тәсiлiн кеңес өкiметi қысылып - қымтырылмастан – ақ «iске қосты». Мiне, бұл ұлт пен ұлыстың, тұлға мен таланттың, тобыр мен жеке адамның жаппай басыбайлануының басы, мәңгүрттiк дәуiрдiң қарсаңы едi. Сондай алмағайып сәтте: «Әдебиет соңынан жарық алып түстiм», - деген Мұхтар Әуезовтiң де маңдайының бақыты мен сорының қаншалықты қалың екендiгiн екшеп жатудың қажеттiгi бола қоймас. «Дүние астан – кестен болған заманның адамдары» болғандықтан да пешенесiне осындай талқы жазылыпты. Мұны олардың өздерi де сездi. Өйткенi, жиырма екiншi жылдан кейiн, азаматтық соғыс аяқталылысымен олар ең шешушi және қасiреттi майданды, өздерiнше «мәдениет майданын», ал мағынасы бойынша «мәңгүрттiк майданын» ашты. Бұл ұзаққа созылатын, бiрақ ешқаншанда жеңiске жеткiзбейтiн рухани майдан едi.

Түбiнде жазасы құтылмайтынын бiлсе де, дүние дүр сiлкiнген дәуiрде, рухани күш иелерi де бiр серпiлiп жан – жүйесiн, санасын, өнердегi танымын талқыға салды. Ол iзденiстерi ақыры шарасыздыққа алып келдi. Келешектiң жолы кесiлiп қалды. Iрi тұлғалар атылды, асылды, өзiне өзi қол салды. Ол аздай, ұлты үшiн барлық түрме мен азапты, қорлықты көрiп, шыдап келген қазақ зиялыларына да қауiп төндi. «Алаш iсi» деген сылтаумен алдыңғы толқын түрмеге қамалып, үкiмi шыққанда екiншi толқынның да басына зауал төндi.

Тергеу iсi ендi басталған кезде тарихи үкiмiн шығарған Қужақ өзiнiң көбiкауыздығына басып, оны әккiлiкпен пайдаланып қазақ зиялыларының арасына сенiмсiздiк пен алауыздық септi. Ахмет пен Мiржақыптың түрмеге қамалғанына үш жыл толған. «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу ісінің бірінші легінде ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Сонымен, «Ұлы құрбандық» шалынды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады.Ал «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында Голощекин «Алашорда» қайраткерлерiнiң қақпанға түскенiн:



«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда»,– деп ерекше мақтанышпен мәлiмдеді.

Олардың алды тұтқындалғаннан бергі үш жылдан бері ешқайсысынан пәлендей хабар жоқ болатын. Кірген із – бар, шыққан із – жоқ еді.Сондықтан да түрмеден сыртқа шыққан алғашқы сөз де осы едi. Қужақ түрмедегi жауаптарды өзiнiң пайдасына қарай бейiмдеп, күндiксiз нәрседен күдiк тудырды.

Ақыл-ой шалығына ұшырағандарға ғана тән, жүйкеңді шүйкелейтін мұндай көпірмелерді «Голощекиннің меншікті националдары» (С.Сәдуақасов) ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» реттi-ретсiз дамылсыз соғылып, оны дәмiл-дәмiл шабыттандырып отырды.

Көбiк езулене, даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысы жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Бұған Смағұл Сәдуақасовтың:



«Голощекин жолдас жеті сағаттан артық сөз сөйлеп, осы уақыттың қақ жартысында мені сөз ғып, мені кіналап өтті. Маған таққан кіналарының өзін ғана санап шығуға регламент бойынша маған берілген уақыт жететін емес», – деген уәжі дәлел.

Голощекиннің де, оның «меншікті националдарының» да бұлай көпірмеске амалы да жоқ болатын. Өйткені Қазақстанға кезекті «кеңесшіл волонтерін» жіберген сайын Сталиннің өзі:



«Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) нұсқау беріп отырған.

Осы нұсқауды орындау барысында ұлтшылдықты әшкерелеу жолында жан алып, жанын берген Ф.И.Голощекин:



«Тартыстың түп тамыры интернационалистер мен ұлтшылдардың арасындағы күрес. Қазақ арасындағы топшылдық бөлініс 1920 жылдан, «Алаштықтар» партияға кіре бастаған кезден басталды. Бөліну қазақ партия ұйымы мен кеңестің алғашқы іргетасын қалаған «кәрі коммунистермен», 19191920 жылдары Меңдешевтің маңына топтасқан коммунистерді айтып отырмын, олардың арасына сынаша қағылып кірген Әуезов, С.Сәдуақасов бастатқан интеллигенция өкілдерінің, сондай-ақ Бөкейхановтың арқасында қалқаланып тұрған осы арада отырған жастардың, олардың аттарын атамай-ақ қояйын, арасында басталды», деп (сонда, 284-бет) қазақ зиялыларын «щиналарға» бөліп, «іріктеп берді».
Мемлекеттік саясат пен үкімет билігі бір адамның құзырында болды. Кешегі қабылданған қаулы – бүгін, бүгін қабылданған шешім – ертең бұзылып отырды. Ал келешекті ойлаған кемел тұлғалар тұншықтырылды. Көзқарасы – қондырғы насихаттан аспаған, өз сөздерімен айтсақ, «революция үшін қазақ халқын құрбандыққа шалуға даяр» С.Меңдешев, О.Исаев, І.Құрамысов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты «солшылдардың социализмдегі балалық ауыруын» «мерзімдік көсемнің» бірі Г.Зиновьев:

«Солшылдар ұлт мәселесіне терең бара алмайды, оны тым жадағай түсінеді, соның салдарынан ұлт мәселесінің мәнін жоққа шығарып алғанын өздері де түсінбейтіндер. Олар өздерін ұлттық (национал) өкілдерміз деп барынша даурығып жүріп, ұлт мүддесін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Олардың қауіптілігі, міне, осында», – деп дәл басып, атап көрсетті.

Ы.Мұстамбаевтің: «Голщекиннің көпірме сөзімен коммунизм құра алмайсың», – деген уытты сөзі де сол тұста айтылды.


Расында да Голощекиннiң «көсем сөздерiнің» пәтуасы болмады. Бұрын тұрақты түрде «Жасасындатып!» жүргендердің өзі бірде «жасасындатып», бірде «жасасындата» алмай, бағдардан айырылып қалды. Мысалы, 1925 жылдың аяғында өткен Ү Қазақ өлкелік партия конференциясында: жерге ең алдымен байырғы халықты орналастыру туралы қаулы қабылдады. Алайда араға екі ай өткізбей, 1926 жылы 26 ақпанда жоққа шығарған арнаулы қаулы қабылдады. ҮІ өлкелік партконференцияда Голощекин жерді таптық тұрғыдан бөлу саясатын ұсынды. Сөйтіп, қазақ жері қазаққа қайтпай қалды.

Біртұтас алаш идеясының ең талмауытты идеясының ұйытқысы, бірінші кітаптың «Жер жегісі» атты тарауында қазымырлана талданғанындай, «Жер, жер және жер болатын. Өйткені: «Жер – Отан. Ал отанды сатуға да, меншіктеуге де, жатқа жалдауға да болмайды», – деген ұлы мақсат барша алаш ұранды азаматтардың өзегін өртеген күйінді мәселе еді. Күйінетін жэөндері бар еді. Оларды күйіндірген С.Сәдуақасовтың пайымдауынша:



«Патша өкіметінің соңғы кезеңінің құдіретті бюрократы Столыпиннің өзі Қазақстан туралы: «Қырғыздарды жерге орналастыруды емес, қырғыз даласы туралы ойлау керек, тұтастың мүддесі бөлшектердің мүдделерінен маңыздырақ», – деген (Столыпин мен Кривошейннің жазбалары. «По ту сторону Урала», СПБ, 1911 жыл) сөзі еді.

Уақытша үкіметтің премьер-министрі Керенский де «қас дұшпанының сөзінен» алыс кеткен жоқ, ол өзінің мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде:



«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға солай қарауымыз керек», – деп мәлімдеме жасады.

Ал «ең әділетті, езілген ұлттардың қамқоршы» өкіметінің ең озық интернационалисі, ең үздік экономисі, Троцкий мен Бухариннен кейінгі Сталиннің ең басты қауіптенген қайраткері «... Рыков жолдастың өзі партияның ХҮ съезіндегі баяндамасында:



«Қоныс аудару жөніндегі жұмыстарды одан әрі күшейту қажет, ол ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерін көтеруге көмектеседі, шаруалардың кедей және табысы аз топтарының жағдайын түзетеді, сөйтіп «аграрлық жағынан артық қоныстануды» азайтуға ықпал етеді», – деп Столыпиннің реакциялық жоспарын «тірілтті».

Рыков та бұл мақсатына жете алмай желкесі қиылды.1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю Шаоци құпия түрде Мәскеуге келді. Сол кездесуде Сталин:



«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңіп кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік », – деп ұсыныс жасады.

Ол ұсыныс орындалды да. Шығыс Түркістанның байлығын өстіп шотқа қағып отырған Сталин Қазақстанды қалай уыстан шығарсын. Оның мақсаты Қазақстандағы орыстардың санын «патша патриархы айтқандай» 3:1-ге жеткізу еді , яғни, үш қарашекпенге бір қазақтан келтіріп, шоқындыруға дайындау болатын. Бұл ойы көзі тірісінде емес, оның көзі солғанда Хрушев жүзеге асырды.

Ұлт басына төнген мұндай қауіпті жан-тәнімен сезінген алаш көсемдері барынша жанталаса күресті. Бірінші топтағылар сияқты екінші лектегі тұтқындарға, оның ішінде Мұхамеджан Тынышбаевқа тағылған басты айып та осы жер мәселесі туралы болды. «Айыптау қорытындысының» «Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар» атты екінші бөліміндегі «Жер мәселесі туралы» тарауында астыртын:

«Ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi.



(...) Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтiң жауабы, № 2370-iс, 275-бет).

Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi:

«1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық».

(Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370-iс, 1 т. 4-парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Қожықов мүше боп кiргеннен кейiн, бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүреге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4-парақ. Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе».

(№ 2370-iс, 1 т., 125-парақ, Тынышбаевтiң 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк.

(№ 2370-iс, 1 т., 205-парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды (№ 541784-iс, 1 т., 98-102, 220-222-парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етiу үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с-р-дағы (социал-революциялық партияның – эсердiң мүшесi – Т.Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мурзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын: жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi. (№ 541784-iс, 1 т., 103-111-парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!» деген ұранын заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)», деп жазылды.

Екінші лекке жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз жоғарыда тергеушілер айғақ ретінде келтiрген жауаптарды талдап жатпаймыз. Мұның себебі: ол көрсетінділер айыпкерлердің өз қолымен жазылды ма, жоқ, хаттама арқылы тергеуші толтырды ма, – деген сұраққа сенімді түрде жауап беру қиын, iшкi астары көп, шырғалаңы мол мәселе. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл – қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсудiң бірден-бiр жолы болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де.

Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

Мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» кеңес өкіметінің тізгінін ұстаған С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мінезді мемлекет қайраткерлері ашық қарсы шықты. Мысалы, Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ Автономиялы республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:



«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес», деді.

Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:



«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?», деп сұрайтыны анық. Біз болсақ ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?», десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды», деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?», деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті», – деп күйіне айтты.

БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:



«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе)... Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет... Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлышынып отырған сияқты», деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита.А.2004, 268-бет).

1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәргілеу науқанын жүргізудің жоспары арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощкин мен оның идеологиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты.



Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағып, «қылмысын» ауырлатып, көтерiлiстi ұйымдастырды деп кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде» «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.

«3. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәргiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге мысалы: (тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi-бiр дәрежеден төмендетпеу керек. 50-60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – Т.Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.

Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә. Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке:

«Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды», – деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ).

Ал М.Тынышбаев:

«1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», – деп көрсеттi (Тынышбаевтiң 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн Алдан-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойын серiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты. (№ 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Куәгер Байсеңгіров:

«Міржақып Дулатов Мерке ауданында болған кезде өзінің маңына жиналған осы ауданның байларына ол тәркілеу науқанына қатысты мәселелер жөнінде науқанның мақсатына қарсы бағытталған бірнеше нұсқаулар берді» – деп көрсетті (Байсеңгіровтің 1928 ж. ІХ. 25 күнгі жауабынан. № 2370-іс, 2 т., 888-890-парақ).

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал.-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға Алдан-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)».

Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтан да, ең болмаса, қиыстырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын «дұрыстап» айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. «Қайран Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедің-ау!», деген сөз осындайдан барып шықса керек.

Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен «елiрме сiңбелердiң», сауатсыз да сарамес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егерде сол «балта» мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз.

Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парсатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi. Дар ағашына баспақтап бара жатқан адамның жанталасы мен жанжүйесiн түсiну қиын. Қанша батыр, ержүрек болса да төнiп келе жатқан ажалдан сескенбеуi, тiтiркенбеуi, түршiкпеуi мүмкiн емес. Дегенмен де «Алаш iсiндегi» қайраткерлердiң екi –үш елеусiз айыпкерлерден басқасы ешкiмдi сатпаған. Тек әр түрлi айла – амал қолданған. Мысалы, Мұхтар Әуезов түгiн сыртына салып:




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет