Кіріспе АҚШ-та әлеуметтанудың пайда болған уақытын нақты атап көрсету қиын. Әлеуметтік мәселелер туралы курстар 1858 жылы Оберлинде жүргізілді. Конт ұсынған әлеуметтану терминін Джордж Фитцхью 1854 жылы қолданды. Ал Уильям Грэхам Самнер 1873 жылы әлеуметтік ғылымдар курсын Йель университетінде оқытты. 1880 жылдары «Әлеуметтану» деп арнайы аталған курстар жүргізіле басталды. Әлеуметтану атанған алғашқы бөлім 1889 жылы Канзас университетінде құрылды. 1892 жылы Альбион Смолл Чикаго университетіне ауысып, әлеуметтану бөлімін ашады. 1897 жылы У.Э.Б. Дюбуа Атланта университетінде әлеуметтану бөлімін құра бастайды. Тарихқа жүгінсек, Чикагодағы әлеуметтану бөлімі америкалық әлеуметтанудың бірінші маңызды орталығы болды (Matthews, 1977), ІІ Эрл Райт (2002) пен Алдон Д. Моррис (2015) өз еңбектерінде Дюбуа бастаған Атланта мектебі осы атақты теңдей бөлісуге құқылы екенін дәлелдейді.
Ерте кезеңдегі америкалық әлеуметтану теориясы Америкалық әлеуметтану теорияларының пайда болу тарихын талдау барысында Роско Хинкл (1980) мен Эллсуорт Фурман (1980) осы теорияның дүниеге келуінің бірнеше алғышарттарын анықтады. Америка қоғамында Азаматтық соғыстан (Bramson, 1961) кейінгі әлеуметтік өзгерістердің маңызы өте зор болды. 1-тарауда біз Еуропадағы әлеуметтану теорияларының даму факторларының жиынтығын талқыладық, олардың кейбіреулері (индустрияландыру мен урбанизация сияқты) Америкадағы әлеуметтану теорияларының дамуымен тығыз байланысты. Фурманның көзқарасы бойынша, алғашқы америкалық әлеуметтанушылар индустрияландырудың позитивті мүмкіндіктерін көре білді, сондай-ақ оның қаупін де түсінді. Бұл алғашқы әлеуметтанушыларды индустрияландыру тарапынан туатын қатерлерді жеңу туралы жұмысшы қозғалыстары мен социалистік топтар идеялары қызықтырғанымен, олар қоғамды радикалды қайта құруға қарсы болды.
Артур Видич пен Стэнфорд Лайман (1985) америкалық әлеуметтанудың қалыптасуына христиандықтың, әсіресе протестантизмнің ықпалы туралы нақты дәлелдер келтіреді. Америкалық әлеуметтанушылар әлемді сақтап қалудың протестанттық жолын таңдап, бір тілдің орнына басқа тілге, яғни ғылымның орнына дінге зейін қойды. «Құрама Штаттарда әлеуметтану жөніндегі алғашқы жұмыстар пайда болған 1854 жылдан бастап Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлеуметтану америкалық өмірдің, ойлардың, институттар мен сенімдердің сан алуан сұрақтарына моральдық және интеллектуалдық тұрғыдан жауап берді» (Vidich and Lyman, 1985:1). Әлеуметтанушылар әлеуметтік мәселелерді анықтап, зерттеп олардың шешілу жолдарын қарастырды. Шіркеу қызметкері адам өмірін дін арқылы жақсартқысы келсе, әлеуметтанушы да бүкіл қоғам аумағында дәл солай әрекет етті. Өзінің бастауын діннен алғандықтан және дінмен қатар жүретіндіктен, әлеуметтанушылардың басым көпшілігі қоғамның фундаменталды заңдылығын жоққа шығармайды.
Чикаго мектебі
Чикаго университетінің әлеуметтану бөлімін 1892 жылы Альбион Смолл құрды. Смоллдың шығармашылығы оның Құрама Штаттардағы әлеуметтанудың дамуындағы жеке рөлімен салыстырғанда маңызы төмендеу болды (Faris, 1970; Matthews, 1977). Ол осы елдегі көптеген жылдар бойы әлеуметтану пәнінің орталығына айналған Чикагодағы бөлімді құрды. 1894 жылы Смолл әлеуметтану бойынша алғашқы оқулық авторларының бірі болды. 1895 жылы ол қазіргі күнге дейін әлеуметтану саласындағы ең беделді басылымдардың бірі болып саналатын American Journal of Sociology журналының негізін қалады. 1905 жылы Смолл әлі күнге дейін маңызы зор америкалық әлеуметтанушылардың кәсіби қауымдастығы – Америкалық әлеуметтанушылар қоғамының негізін қалаушылардың бірі болды (Rhoades, 1981) (Америкалық әлеуметтанушылар қоғамының сәтсіз аббревиатурасы ASS [American Sociological Society], Америкалық әлеуметтану қауымдастығына – ASA [American Sociological Association] деп өзгертілді).
Ерте кезеңдегі Чикаго мектебі.Чикагодағы жаңадан құрылған әлеуметтану бөлімі өзіне тән бірнеше сипатпен ерекшеленді. Бір жағынан, ол дінмен тікелей байланыста болды. Кей оқытушылардың өздері – шіркеу қызметкерлері, ал басқалары шіркеу қызметкерлерінің балалары болды. Мысалы, Смолл «әлеуметтанудың басты мақсаты христиандық болуы тиіс деп санады (Matthews, 1977:95). Осы пікір әлеуметтік реформаларда қызығушылық туғызу керек деген көзқарасты ұстанады және осы көзқарас әлеуметтану ғылыми болуы шарт деген сеніммен ұштасады.2 Ұлғайып келе жатқан және урбанизация мен индустрияланудың позитивті әрі негативті ықпалын бастан кешірген Чикаго қаласында ғалымдарға әлеуметтік амелиоризацияға арналған ғылыми әлеуметтанумен айналысуға тура келді.