Жоспары: 1. Малдардың жүйке жүйесін,мінез құлқын зерттеу
2. Малдың сезу және қозғалыс қабілетін зерттеу
3. Рефлекстерді, вегетативтік жүйке тамыр жүйесін және ликворды (сары суды) зерттеу
4. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Жүйке тамыр жүйесі зақымданған ауру малдарды зерттеу кезінде өте қауіпті жұқпалы дерттер: құтыру, листериоз, лептоспироз және т.б. ауруларды жұқтырып алмау үшін мал дәрігері өте сақтықпен жұмыс істеуі қажет. Жүйке тамыр жүйесін зерттеу белгілі бір тәртіппен жүргізіледі: ми қаңқасы және жұлын омыртқасы, сезім мүшелері, сезу және жүру (жүріп-тұру), қозғалу рефлекстері, жүйке тамыр жүйесінің вегетативтік бөлімі және ликворды (жұлынның сары суы) зерттеу.
1.Малдардың жүйке жүйесін,мінез құлқын зерттеу. Көру арқылы малдың сыртқы тітіркендіргіштерге, мысалы лақап атына, азық берген кездегі оның сыбдырына және басқа дыбыстарға жауап қайтаруын, мінез-құлқын анықтайды. Малдың мінез-құлқының өзгеруі күрт қажумен немесе қозуымен сипатталады.
Мінез-құлқының күрт өзгеруі (қажуы). Мінез-құлықтың күрт өзгеруі төрт түрге бөлінеді: апатия, ступор, сопор және кома.
1. Апатия немесе әлсіреу (меңзең болу) мына белгілермен байқалады: мал өте аз қимылдайды, айналасындағыларға көңіл аудармайды, басын төмен салбыратып және шаршаған кейіп білдіріп, селқос қарайды, құлақ қимылы әлсірейді.
2. Ступор немесе ұйқышылдық, маубас кейіп мына белгілермен сипатталады: мал жиі-жиі жатады немесе басын төмен салбыратып, үйреншікті қоздырғыштарға тез жауап қайтарып, бірақ мал қайтадан ұйқылы қалпына оралады.
3. Сопор немесе сопорлық жағдай-ұйқы басу, терең ұйқымен сипатталады, мұндай қалыптан малды күшті қоздырғыштар (тұмсығына мүсәтір спиртін жақындату арқылы, суық суды шашу, электр тоғын және т.б. қолдану арқылы) көмегімен шығарып алуға болады.
4. Кома немесе коматоздық жағдай, естен және рефлекстерден толық айырлумен сипатталады. Тыныс алу, жүрек қызметі, зат алмасу және басқа вегетативтік қызметтері коматоздық жағдайда сақталады, бірақ олар өте нашар сақталған және қызметтері бұзылған. Кома кезінде кейбір күшті қоздырғыштар малды мұндай қалымтан шығара алмайды. Аяқ асты естен айырлу естен тану деп аталады.
Мінез құлықтың өзгеруінің түрлі кезендері энцефалит (бас миының қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы), ми шемен, мидың ісінуі, мида қанның азаюы, аутоинтоксикациялар (уремия, холемия, кетонемия және т.б.), кейбір өсімдіктермен немесе минералды улармен уланғанда және көптеген басқа ауыр жұқпалы емес немесе індетті аурулар кезінде байқалады. Коматоздық жағдай жоғары өнімді сиырлардың ацетонемия және туғаннан кейінгі жартылай салдану аурулары кезінде жиі байқалады. Естен тану себептері тез өрбитін мида қанның азаюы, көп қан кету салдарынан, қан тамырлары соғуының әлсіреуі, малдың ыстық қорада көп уақыт тұру себебінен, үріккенде, қорыққанда және т.б. жағдайларда болады.
Қозу. Қозу малдың көп қимылдауымен байқалады, бұл кезде мал алдында тұрған кедергілерге қарамай алға ұмтылады. Кейбір ауруларға еріксіз қозғалыстар тән (бір жерде айналу, сағат тілі бойынша айналу, алға ұмтылу, артқа шегіну, және т.с.с), құтыру, бөтенге ұмтылу байқалады.
Қозу энцефалит (бас миының қабынуы), менингит (ми қабығының қабынуы), бірқатар улану кездерінде байқалады. Қозуға тән белгілер жұқпалы энцефалит кезінде ерекше байқалады: құтыру кезінде бөтенге ұмтылу белгілері байқалатынын әр уақытта есте сақтау керек.
Еріксіз қозғалыстар басы ауған жаққа жүру, бір орнында шыр айналу, алға ұмтылу, артқа шегіну және басқалар, дененің кеңістікте өзін-өзі еріксіз ұстауы мен жату, тұру, өзіне тән емес қалыпта кеңістікте тұру, бүгілу сияқты және басқалар.
Ми қаңқасы мен жұлын омыртқасын зерттеу. Ми қаңқасы мен омыртқаны зерттеу үшін көру, сипау және соғу, нұқу (перкуссия) әдістерінен басқа рентгенография қолданылады. Бас қаңқасының сырт пішіні мен көлемін анықтайды. Бас қаңқасының өзгеруі оның механикалық әсерлер нәтижесінде өзгеруі, жаңа туылған мал төлдерінде жиі байқалатын ми шеменінде кездеседі.
Сипау арқылы бас қаңқасының сезгіштігін, ысуын, бүтіндігін және сүйектің жұмсақтығын анықтайды. Ми қаңқасында патологиялық өзгерістерден мына белгілер кездесуі мүмкін: ауруы-менингит, соққыдан зақымдану, ценуроз (айналма, ми құрты), эхинококкозда; ысуы-менингитте, күн және ыстық еткенде, ми гиперемиясында; бас сүйек жұмсақтығы-ценурозда (айналма, тентек қойда), эхинококкозда, ми ісігенде, рахитте, остеодистрофия және сүйектің жіңішкеруі немесе жұмсаруы байқалатын басқа аурулар кезінде анықталады.
Ми қаңқасын перкуссиялау ұсақ малдарда дигитальді қолдың саусақтары ұшымен, ал ірі малдарда перкуссия балғашығының шүйдесімен жүргізіледі. Перкуссия күшін бас қаңқасы сүйегінің қалыңдығына қарай шамалап перкуссиялайды, бұл кезде оны осыған қарама-қарсы симметриялық бөлікпен салыстырады. Перкуссия дыбысының шықпауы ми ісігінде, ценурозда (айналмада) немесе эхинококкоз көпіршігінде, қан кетуде және басқа ауруларда кездеседі.
Жұлын омыртқасын көру, сипау және нұқу әдістерімен зерттейді. Көру арқылы жұлын омыртқасының түрлі қисаюларын және оның қозғалғыштығын, иілгіштігін анықтайды. Жұлын омыртқасының жоғары доға сияқты иілуі-кифоз және төмен иілуі-лордоз болып бөлінеді. Кифозды ірі малдың жұлыны мен оның қабы қабынғанда, ал ұсақ малдарда аяқтардың жартылай салдану және сал ауруларында, сонымен қатар құрсақ қуысы ағзалары ауруларында байқайды. Лордоз остеодистрофияда, сонымен қатар жалпы биотонус әлсірегенде, кәрі малда байқалады. Жұлын омыртқасының бір жаққа қисаюы сколиоз деп аталады.
Оны сүйектердің жұмсақ ұлпаларының және жұлынның бір жақты зақымдануында байқайды. Жұлын омыртқасының қозғалғыштығының жойылуы оссификациялық пахименингитте байқалуы мүмкін; бір уақытта қозғалғыштың жойылуымен қатар кифозды, лордозды, сколиозды және басқаларды анықтайды.
Жұлын омыртқасын сипау кезінде сынықты немесе шығып тайып кетуін, жұлынның қабынуын және зақымданған жердің қызуының өзгеруін анықтайды.
Жұлын омыртқаларын перкуссия балғашығымен әр омыртқаны орташа салмақпен нұқып, күш жұмсау арқылы жүргізеді, бұл кезде перкуссияға жауап қайтаруына және бұлшық еттердің жиырылуына кеңіл аударады.