153 құрылған қоғамда үлкен мәнге ие. Себебі бәсекелестікке бейімділік тұлғаның
ақыл-ой қабілетін керек ететін барлық салада қажеттікке айналды. Адамның
білімі ғана емес, оның ортада тіл табыса еңбек етуге бейімділігі мен өз
көзқарасын дұрыс жеткізе білу қабілеті жаңа заман жастарының бойында
батылдықтың, алғырлықтың, қарым-қатынас әдебінің болуын ерекше қажет
етуде. Алдымен назар аударылуы тиіс нәрсе – сабақта сөйлеу әрекетінің
тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім секілді барлық түрлерін
қатар, өзара сабақтастықта қолдануды жүзеге асыру. Дана халқымыз
айтқандай, «сөз анасы – құлақ» болса, ең әуелі оқушының тыңдалым
дағдыларын қалыптастыру маңызды. Дұрыс тыңдай алатын, «құйма құлақ»
бала ғана есті сөздің парқын түсінеді, әдемі, әсерлі сөзден үлгі алады, әдепті
сөйлеуге үйренеді. Ол үшін қазақ тілі сабақтарында балаларға көркем де
ойлы сөз үлгілерін мол ұсынып, тілдік талғам қалыптастыруға көңіл
аударылуы тиіс. Оқылымды да, жазылым да, айтылым да баланың сөйлеу
тілін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылуы шарт.
5. Қазіргі таңдағы білім жүйесіндегі барлық өзгерістің тірегі етіп
«Нәтижеге бағдарлай оқыту» моделі алынса, оның шынайы түрде жүзеге
асуы пән сабақтарында оқушының функционалдық сауаттылығын
қалыптастыруға мән беру арқылы мүмкін болмақ. Әдетте балаға теориялық
білім беріледі де оның практикалық маңызы, сөйлеу тіліндегі қолданысы
елеусіз қалып қояды. Мысалы, қазақ тілінің ұлы заңы – үндестік заңы
аясындағы буын және дыбыс үндестігі немесе ілгерінді ықпал, кейінді ықпал,
тоғыспалы ықпал туралы оқушының білімі болғанымен, оны күнделікті
өмірде қолданбайды. Олар өлеңді қалай жазылса, солай оқуға дағдыланған.
Қазақ тілін оқытудың басты мақсаты – оқушыны сөйлеуге үйрету болса,
әдеби тіл нормаларын сақтай отырып сөйлеуге үйрету қажет емес пе?
Орфоэпиялық норма – қазақ әдеби тілінің аса маңызды нормасы. Осы норма
тіліміздің әуенділігі мен әуезділігін, сұлулығы мен салтанатын, В.Радлов
айтқандай, «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» ерекше айтылу сырын
тануға негіз болмақ. Олай болса, тілдік норманы сақтауға дағдыландыру
талабы қазақ тілін меңгерту үдерісінде теория мен практиканың бірлігіне мән
бере оқыту жолымен функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың
қажеттігін бекіте түседі.
6. Мектепте оқытылатын қазақ тілі сабақтарында баланың ой
қорытуына, өзіндік тұжырым жасауына, сол тұжырымын көрнекі түрде
жеткізуіне мән берілуі керек. Ол міндет оқылған теориялық материалдарды
сызба, кесте, диаграмма түрінде жинақтап беруге төселдіру арқылы шешімін
табады. Шын мәнінде, оқушыны «үйренуге үйрету» сол кезде толық шешімін
табады. Сонда ғана, А.Байтұрсынұлы айтқандай, «нәрсенің атын алмай,
затын алып оқыту жолымен меңгерілген білім балаға да, мемлекетке де
пайдалы болады».
Қорыта келгенде, алаш ардақтысы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының
әдістеме саласындағы ой-пікірлерін қазіргі білім беру үрдісінде ұтымды
қолданып, оқушының санасына сіңіру − әрбір мұғалімнің басты міндеті.