Ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты.
Сауда-саттық. Бұрын Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп ойласа, салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп орналасып жатқан казак-орыстардан бұның отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия хандықтарының сауда-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, 24 зат, татар саудагерлерінің қосынан 1 ат, 8 зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан 9 зат қана салық алынылып, ал арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.
Осындай шешімге келген ру бастары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бұрақ ол Хандық Кеңестің қақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған іс болса да бас тартуы керекті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.
Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әск губ жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір ген-губ шекарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады...
Кенесары жаз ортасында Торғай бойына жаңа келіп жайлауына қонған Жаппас ауылдарын шапты. Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралап, қос қызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келіп осы айқаста көзге түскен 2 сарбазына зорлап қосты. Алтыбай өлер алдында немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе менің кегімді Қасым балаларынан алсын» деп аманат айтты. Бұрыннан да өш Жанғабыл, енді бар ызасын ішіне түйіп Кенесарыны мұқататын жол іздейді.
Сөйткенде қанды қылышты 1943 жыл келеді. Мұнымен бірге қыс өтер-өтпей Генс алынып, орнына генерал Ладыжинский тағайындалыпты. Кене ханға мұны Генспен қоштасып айырылған Алтыншаштың өзі әкелді.Тек Күміс қазақ жеріне қайта оралмады. Мінезімен, қызметімен Генске ұнаған қыз, генералдың үй ішімен Петербургке жүріп кетті. Қазір өш алуға қолынан ештеңе келмегенмен, 4 жыл өткесін осы Күміс Қоңырқұлжаның Ақмола аға сұлтандығынан түсуіне себеп болды.