1. Дәрілер технологиясы - ғылым ретінде. Дәрілер технологиясының негізгі түсініктері мен терминдері. Фармацевтикалық технологияның даму тарихы Дәрілер технологиясы (грек тілінен techne – өнер, шеберлік; logos – ілім) – дәрілік заттарды дәрілік препараттарға белгілі бір дәрілік түр бере отырып, қайта өңдеудің өндірістік процестері мен теориялық негіздері жөніндегі ғылым. Дәрілер технологиясы фармация ғылымының құрамдас бөлігі болып табылады және дәрілік заттар мен препараттарды жасау, олардың қасиеттері, өндірісі және талдау жөніндегі ғылыми білімдер жүйесін құрайды. Фармацевтік технологияның қазіргі заманда дамуы базалық және шектес: химия (бейорганикалық, органикалық, физикалық, коллоидтық, фармацевтикалық), физика, биофизика, микробиология, гигиена, фармакология, фармакогнозия, фармация ісін ұйымдастыру және басқару ғылымдарының жетістіктерімен байланысты. Фармацевтік ғылымдар мен тәжірибелердің дамуы үшін, фармацевтік технология аса маңызды міндеттерді шешуі қажет:
- дәрілік түрлерді дайындаудың дәстүрлі әдістеріне теориялық дәйектемелер беру;
- дәрілік түрлерді дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін жетілдіру және шектес ғылымдардың жетістіктерін пайдалану негізінде, жаңа тәсілдерін зерттеп жасау;
- емдік әсері барынша жоғары, ал жанама әсері төмен, қолдануға ыңғайлы жаңа дәрілік түрлерді зерттеп жасау.
Дәрілер технологиясы екі бағытта дамиды: дәрілерді дәріханада дайындау және дәрілерді өндірісте өндіру.
Дәрілердің дәріханалық өндірісі – дәрілік құралдарды дәрігердің рецептісі және емдеу-профилактикалық мекемелерінің талабы бойынша дайындаумен, сонымен бірге, шикізаттар мен материалдарды алу, сапасын бағалау және оларды таратумен анықталады.
Дәрілерді өндіріс жағдайында дайындау – дәрілік құралдарды сериялы өндіріп шығару, шикізаттарды, материалдарды және жартылай фабрикаттарды алу, технологиялық процестерді, орамдауды, сапасын бағалауды, тіркеуді, сақтауды, таратуды және дайын дәрілік өнімді тасымалдауды ұйымдастыру және іске асыру жұмыстарын қарастырады. Дәрілік препараттарды дәріхана жағдайында дайындау олардың өндірісте шығарылуын толықтырады, себебі отандық өндірістің дамуы әлі де науқастардың әртүрлі жасына байланысты, әсіресе жаңа туылған нәрестелерді, қарт ауруларды дәрілік препараттармен, кейбір жағдайларда инъекция түріндегі препараттармен, фитопрепараттармен, емдік-косметикалық препараттармен сұранысты толығымен қамтамасыз ете алмайды