1 фантастика жанрыныњ типологиясы



бет11/30
Дата22.12.2021
өлшемі5,08 Mb.
#17
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   30
Космос тақырыбы – ҒФ-да. Әдебиеттегі әр жанрдың, әрине, өзіндік ерекшеліктері, белгілі бір салада басымдылықтары болары сөзсіз. Көркемсөзден сомдалған туынды әлем оқырмандарын сондай “түрлі түсті” қасиеттерімен өзіне тартса керек. Осы тұста ғылыми фантастиканың бір озып тұрған жайы бар екенін әркім мойындар. Ол даралық – ғылыми фантастика үшін космос – қиялгер-қаламгерлердің қаһармандары мен оғаш ғылыми идеяларының көрініс табатын негізгі, тіпті басты “өрістерінің” бірі.

Бұдан мың бір жүз жыл бұрын Әл-Фараби дана сол “космостық миссияның” кейбір теориялық “жүктемелерінің нобайын” “Сөз ғылымдардың классификациясы туралы” деген рисалатының “Жұлдыздар туралы ғылым” тарауында салып беріп кеткен дей алар едік. “Жұлдыздар туралы ғылым немесе осындай атпен мәлім ғылым екі тараудан тұрады: 1) жұлдыздар өкімі туралы ғылым – бұл болашақта не болатыны және қазіргі көп жағдайларды және бұрын не болғанын жұлдыздар әлемінің қалай көрсететіндігі туралы ғылым; 2) жұлдыздар туралы математикалық ғылым. Бұл өзі – ғылымдарда және математикада қолданылатын өнер… Жұлдыздар туралы математикалық ғылым Аспан әлемінде және Жер жөнінде әр түрлі мәселені зерттейді” /Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1973.и – 165-166 бб./. Осы аса көрегендік дәйексөзден бүгіндері сол ғарыш төңірегіндегі ғылым-ілімнің терминдері мүлде жаңаша қалыптасып келе жатқанын, әл-Фараби белгілеген принциптер тұп-тура жүзеге асу үстінде екенін байқауға болады.

Қазіргі ғылымымыздың пайымдауынша, “космос (грекше - құрылыс, рет, дүние, Әлем) – ежелгі гректерде (б.з.б. ҮІ ғасырдан бастап) ретсіз шоғырланған материяға, хаосқа қарама-қарсы қойылып, әсем ұйымдасқан жүйе ретінде қарастырылған Әлем. “Космос” термині гректерден осы заманғы ғылымға Әлемнің синонимі ретінде енген. Космос түсінігі планета аралық, жұлдыз аралық, галактика аралық кеңістік пен ондағы объектілерді қоса қамтиды” /Қазақ совет энциклопедиясы. 5т. – 625 б./.

Бұл – Қазақ энциклопедиясының алғашқы басылымындағы пікір. Ал, ғылымның алдындағы аталмыш түбегейлі проблемалардың бірі – космогония хақында осы сала мамандарының дәйектемелерін келтірудің иіні келіп тұр. Жалпы космос мәселелерін зерттеу саласына тұтастай “космософия” деген термин қоюды ұсынған Ресей Ғылым академиясының академигі И.С. Шкловский өзінің алты рет қайта басылып шыққан “Әлем. Өмір. Сана” атты салихалы еңбегінде: “Адам ойы қашанда да оның нақтылы мүмкіндіктерінің “алдын орап жүретін”, сонысымен жаңа мақсаттар мен проблемаларға жол сілтейтін шамшырақ қызметін атқарады. Адамзаттың космостағы алғашқы “балалық” қадамдарынан бастап, Күн жүйесін келешекте қайта құруына дейін кереметтей зор ара қашықтық бар. Бірақ, адамның табиғаты – оның әр кезде де болашақтан көз жазбауында” /Вселенная. Жизнь. Разум. – М.: Наука, 1987. – 10 б./,– деген-ді.

Дүние жүзіне аты әйгілі, өзінің саналы өмірін ғарыш проблемаларына арнап, сол салада зор жаңалықтар жасаған Кеңес Одағы кезіндегі Ғылым академиясының толық мүшесі В.А. Амбарцумянның “Космогонияның негізгі проблемалары” тақырыпты еңбегіндегі анықтамасына жүгінсек: “Космогония – аспан дененелерінің пайда болуы және дамуы жөніндегі ғылым. Ол өз алдына Жер, планеталар, Күн, жұлдыздар, тұмандықтар және галактикалардың туу себебін түсіндіру міндетін қояды” /Будущее науки. Перспективы. Гипотезы.нерешенные проблемы. – М.: Знание, 1966. – 92 б./.

Атақты академиктер ғарыштану-космогонияның жалпы зерттеу өрісін осылай белгілесе, теориялық ядролық физика және ядролық энергетика саласының озық маманы Б.К. Федюшин, В. Амбарцумянның дәйектемесін тереңдете түсіп, “Жұлдыз аралық сапарлар” мақаласында сол ғарыштануды қарастырудың нақты жолдарын мезгейді. “Соңғы жылдардағы ғылым дамуы әлемде басқа да саналы тіршілік иелерінің бар екендігі жөніндегі ежелгі болжамдар ақиқат ғылыми гипотезалық сипат алғанына әкеліп тіреді. Бұл гипотезаны әр түрлі жолдармен тексеріп байқауға болады. Біріншіден: астрономиялық зерттеу әдісімен біздің галактикамыздан басқа планеталық саналы тіршілік иелерінің қалдырған іздерін шұқшия іздестіру… Екіншіден: геологиялық зерттеулер жолымен геологиялық және тіпті тарихи замандарда Жерде болған “ғарыш келімсектерінің” із-таңбаларын табуға тырысу… Ақыр-соңында, үшіншіден: жұлдыз аралық сапарларды қалай жасағандарын айқындайтын физикалық зерттеу бағытын таңдау…” /Сонда. – 109 б./.

Ғарыштану ғылымында елеулі із қалдырған Ресей ҒА корреспондент-мүшесі В.И. Сиферов те аталмыш проблемаға өз уақытының тұрғысынан қарап, фантастикатану тақырыбына енжар қарамайтын кісілер үшін елеулі пікір білдірген. “Соңғы жылдары әлемдегі саналы тіршілік іздестіру проблемасы – атам заманнан фантастикалық романдардың тақырыбы қызметін атқарған мәселе – үлкен ғылымның күн тәртібіне енгізіліп отыр. Радиоастрономия мен оның мәліметтерін кибернетикалық тәсілмен өңдеу ісінің қарқынмен өркендеуі Жерден тыс өркениетпен тура байланыс жасауға дәмелендіреді” /Сонда. – 108 б./,– деп, қиялгер-жазушыларды да, “космостық бауырластықты” қалаушы оқырмандарды да “қанаттандырып” қояды.

Келтіріп отырылған дәйексөздер – бүгінгі күнгі замандас ғалым-ғарыштанушылардың аталмыш саладағы қол жеткізген жаңалықтарына сүйеніп жасап отырған пайымдаулары. Ал, қазақ әдебиеті болса, бұл мәселені ертеде-ақ “шешіп” қойған. Оны Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан Машанов “Жер астына саяхат” деген ғылыми-фантастикалық кітабымен “нақтылап” берген еді.

Әуелі екі ауыз сөз кітап жанры жөнінде. Ол турасында кезінде баспасөзде даулы пікір де болды. “Жұлдыз” журналында З. Серікқалиев былай деп жазды: “Күні бүгінге дейін А. Машановтың кітабы республикалық баспасөз бетінде, көптеген адамдардың ұғымында, қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастикалық тұңғыш кесек үлгі деп бағаланып келеді. Автордың өзі де шығарма жанрын көрсеткенде, “ғылыми-фантастикалық әңгімелер” деп түсініктеме беріпті. Бұл анықтамамен келісу қиын. Өйткені: автор мұнда жаратылыс байлығын игеру арқылы адам баласының ертеңгі биік асуы жайында, ертеңгі күннің шындығы жайында қияли болжам жасаудан гөрі, нақты фактілерге мейлінше молырақ сүйеніп, жалпы ғылымға аян, жалпы ғылым ашқан ортақ жорамалдар негізінде белгілі ақиқаттар шеңберінен шыға алмаған. Болашақтың бейнесінен гөрі, мұнда табиғаттың ғасырлар бойы өзгеріс-құбылыстарына, жер асты байлықтарының орналасу ерекшеліктеріне ғылыми талдау беріліп, өткен заманның жан-жануарлар тарихы, жердің бет-бедеріндегі үлкен даму, өзгерістер процестері, табиғат қазына байлығын игеру жолындағы бүгінгі күннің табыстары баяндалған” /Ақ жол. – 144 б./.

Бұл жерде авторға да, айтысушыға да қосылуға болады. Соңғысы асылы, осы заманғы ғылыми-фантастикалық әдебиетке қойылатын талғам таразысымен өлшеп отыр. Осы ұғымды берік ұстанған болсақ, “кітап толық ғылыми фантастикадан тұрған жоқ” деп, З. Серікқалиевке қосыламыз. Ол дұрыс. Ал екінші жағынан автор да әділ. Кітап өз объектісін тамаша білетін және білген нәрсесін оқушыға қызғылықты тілмен, күтпеген повороттармен жеткізіп бере алатын кісінің қолынан шыққан. Оның біраз жерінде халықтың аңыз, ертегілеріне сүйеніп, осы заман ғылымының түсініктемесі мен қайта жазылған ғылыми-фантастикалық әңгіме-шегіністер бар. Автордың “ғылыми-фантастикалық әңгімелер” деп айдар қоюына бірден-бір қамшы болған сол шегіністер екенінде дау жоқ.

Әсіресе, кітаптың “Алыптар туралы ертегі – аспан жұмбағы” деген тарауында космос кеңістігіндегі жұлдыздар жүйелері мен ертегілер кейіпкерлері арасына параллель жасалады. Сонда автор тарапынан жұлдыз шоғырларына атау халық ертегілерінің арқасында қойылды дегендей қызғылықты, қисынды қиял айтылады. Енді тікелей мысалымызға көшейік:

“...Картаға Орекең де келіп үңілді, ол кісінің аспанда жақсы танитын жұлдыздары бар. Байқаса, Жетіқарақшы жұлдыздарының үстіне аюдың суретін салып қойыпты. Үркердің маңына көк өгіздің суретін салыпты. Кіші Жетіқарақшының ең үлкен жұлдызы – Темірқазық, оның маңында да аюдың суреті бар. Қос жұлдыздың маңына айқастырып екі баланы салған. Босаға деген жұлдыздардың тұсында бір адамның суреті тұрғанға ұқсайды. Таразы жұлдызының тұсында таразы суреті тұр. Ал оның астына таман Үшарқар мен Қарақұрт атты жұлдыздың айналасында бүйінің суреті тұр. Қарақұрт пен бүйі – өте ұқсас, тұқымдас жануарлар”.

Картадағы нәрсені автор осыншама неге бүге-шігесіне дейін қалдырмай тізіп отырғаны? Оның да мәнісі бар екен. Ұзамай сонысын айтып та береді.

“Орекең таңданып кеп қарап отырды. Оның ойына ертегінің алыптары түсты. “Анау сондағы “Ер Төстік” ертегісіндегі самұрық құс болар... Анау сондағы айдаһар – жылан-ау... Олай болса, соның қасындағы айдаһарды білегіне орап тұрған сол Ер Төстіктің өзі болмасын... Мынау тұрған дәу адам Құж болар. Теңіз суы оның тобығынан да келмейтін дейтін. Өзі сондай ұзын, балықты күнге қақтап жейді деуші еді... Ал жер көтерген көк өгіз дегені осы-ақ болар”,– деп ойлады ол Үркер жұлдызы маңына салынған өгіз суретіне қарап. Сол сияқтанған алыптар туралы көп ертегілер есіне түсті. Ол ойларын зерттеушілерге айтып та қойды”.

Автор қиялы оқырманын одан да қиынға сүйрелейді! Астрономиялық атау сөздер, сол терминдер төңірегінде туған аңыз-әңгімелер қазақ ертегілерінің ықпалымен жасалған дегендей ишарат білдіреді. Жазушының бұл фантастикалық идеясы дәл келе бермеуі мүмкін. Дегенмен, біз үшін ең маңыздысы – қазақ аузынан шыққан алтын сөз – ертегі, қисса, аңыздар – арзанқолды, ойдан шығарыла салған дүние емес екенін әркім білсін, түсінсін. Профессор А. Машанов та осы мүдде үшін өзінің барлық терең білімін, ұшқыр қиялын сарп етіп жұмсап баққан.

Пікірімізді оқымыстының басқа да бір ғылыми-фантастикалық идеясы құптай түседі. Бұл жолы туындыгер халықтың тағы бір ертегісін алады. Оның мазмұны жұртқа аян. Ертегі үш жігіттің зор өгізінен басталады. Су ішуге барғанда оны жайын жұтып қояды. Жайынды қарақұс іліп алып кетеді. Ол бір серкенің мүйізіне қонып, ішіндегі өгізімен қосып жайынды жеп отырғанда, өгіздің бір жауырыны жерге түсіп кетеді. Жауырын серкенің сақалын көлеңкелеп жатқан қойшының көзіне түседі. Бірақ қойшының көзіндегі бір тамшы жасқа қалқып шығып, жерге түседі. Жауырын құмдақ далада айнадай тақыр болып жатады. Тақырдың үстіне шығып кеткен 40 атты жолаушы оның екінші шетіне жеткенге дейін дамылсыз шаба береді. Олар биік жарға тіреледі. Ол жауырынның қыр сүйегі еді. Көліктері болдырып, сонда түнейді. Жолаушылардың көзі іліне бергенде, жер қозғалады. Шошып оянғандар байқаса, бір күшік түлкі жауырынды кеміріп жатыр екен. Жолаушылар көптеп-көмектеп жүріп түлкіні соғып алады. Бір жақ терісін сылып, екінші жағын аударып салуға әлдері жетпейді. Олжаға қарық болған аттылар қайта атқа мініп, бір той болып жатқан жерге барады. Ол қырқынан шыққан баланың тойы екен. Жолаушылар мән-жайларын айтады. Баланың шешесі түлкі қалған жерге барып, оны бармағының басымен аударып тастап, қалған теріні іреп алады. Бірақ түлкінің соншама терісі қырқынан жаңа шыққан балаға жұрын бөрік тігуге ғана жетеді.

Осыдан қандай ғылыми-фантастикалық идея өрбітуге болар еді? Бір қараған көзге айту қиын сияқты. Алайда болады екен. Ол үшін Ақжан Машановтың қиялы керек екен. “Бұл айтылған алыптар туралы ертегі – аспан жұмбағы еді... Бұл ертегі жыл он екі ай ішіндегі жердегі тіршілік пен көктегі құбылысты көрсетеді”,– дейді профессор. Автор ертегі кейіпкерлеріне мынадай балама береді.

Өгіз – Көк Өгіз – Телец атты жұлдыздар шоғыры. 12 зодиак жұлдыздарының бірі. Ал, Көк өгіздің алқымында соның өз тобына кіретін Үркер тұрады. Көк өгіз бұрынғы уақытта жыл басы болып саналған. Ертегінің Көк өгізден басталуының себебі осында жатыр. Өгізді жайынның жұтуы – қыстыгүні Үркердің (Жайын) жұлдыздар тобының астына қарай кетуі болар. Бұл жұлдыздардың қысқы қозғалысында ондай жағдайлар кездесе береді. Өгіз бен жайынды Қарақұстың іліп әкетуі – бұл – екі жұлдыз тобының Орел (Қарақұс) атты жұлдыз тобының астына барғаны. Қарақұстың серке мүйізіне қонғаны – күннің ең қысқарған, ал түннің ең ұзарған кезі. (Желтоқсан – Серке айы). Дәл сол кезде Көк өгіз бен Қарақұс арқылы тартқан сызық Көксеркенің (Козерог) мүйіз тұсына туралап барады. Бақташының көзінен жас ағуы – көктемдегі сәуірдің бұлты көтеріліп, жауын жауғаны. Қыстың қысымынан Серкенің төрт аяғының арасына тығылып, паналаған бақташы, Үркердің төмендеуімен байланысты ұйқысынан оянып, жаздың басын көріп, бойын жазады, көшеді. Ол енді Үркерді аяқ астына басуға айналды, өйткені: жауырынды жерге тастады. Жазда қырық күн шілде келеді. Шілденің түнінде аспанда Үркер көрінбейді. Оны халық: “Үркер жер астына түсті”, – дейді. Демек, өгіз жауырыны үстіндегі түн қатқан 40 жолаушы – соның ишарасы: жауырын үстіне шығу деген сөз өгіздің шоқтығына міну деген болса керек. Ал жауырынды кемірген күшік түлкі не? Ол – шілде өткен соң Үркердің сүмбіле айында қайта көтерілуін көрсеткен хабаршысы. Сол кезде туатын Лисичка (күшік түлкі) тағы бір жұлдыздар тобы бар. Шілденің аяқ кезінде күн Ит (Пес, Каникула) атты жұлдызы бар тобына кіреді. Сондықтан да бұл жерде жауырынды ит кемірді деуге де болар еді. Алайда ит терісін ел кәдеге асырмайтын болғандықтан, итке ағайындас сүйек кеміретін аң – түлкі айтылады. Шілде екінші түрде сарша-тамыз деп аталады. Осы сарша түс түлкінің сарша өңін береді. Шілдеде шөп, егін сарғайып, түлкінің түгіне ұқсайды. Түлкіні соғып алу шөп шабу, егін оруға сәйкес келеді. Қырық күн шілдеден соң Үркер қайтадан туғанда, бала қырқынан шығады. Ертегіде жұрт жиналып келіп жауырынды қарайды. Бір ескеретін нәрсе – енді жауырынның үстіне ешкім аяқ салмайды. Себебі: Үркер көтеріліп кетті – күздің белгісі. Түлкінің астыңғы терісін сыпыру – күздік егін жинау, күзем алу. Күзгі күннің теңгерілуі – түлкінің екі жақ терісін теңестіріп, баланың басын өлшеу...

Осындағы адамдарға келетін болсақ, автордың ойынша, олардың да әрқайсысы өзінше мағына береді. Үш ағайынды жігіттің сиыршы әкесі Сиыршы атты жұлдыздар тобы болуға керек. Ал Сушы атты жұлдыздар тобы қойшы болуға лайық. Оған себеп: көзінен жас ағады ғой. Баланың анасын Қыз атты жұлдыздар тобы деп есептеу де артық емес. Екінші жағынан халық оны символ ретінде алуы да мүмкін. Себебі: ерте замандарда қазақша сиырды “енеке” деген көрінеді. “Енеке”, “ене”, “ана” сөздерінің түп-төркіні бір деп қарайтын болсақ, баланың анасы сиырдың, яғни бұл жерде Көк өгіздің анасы болып шығады. Ендеше ертегінің басталуына себепші, яғни сөз атасы Көк өгіз екен, оның анасы – Аспан Анасы бейнесінде болуы да әбден мүмкін.

Неткен ұшы-қиыры жоқ, ұшан-теңіз қиял! Автор көлемі шағын ертегіден қаншама идея қарастырып, оларға дәлелді пікірлер айтқан. Бұл жерде ғалымның қиялы ертегіге сүйеніп, кереметтей маңызды нәрселер айтып тастады. Ертегілер негізінде қазақ әдебиетінде жазылған космос тақырыбының түп төркінін меңзейтін фантастикалық шығармалардың ішінде өз басымыз бірінші орынға Ақжан Машановтың осы “Жер астына саяхат” атты кітабын қояр едік. Бір қараған көзге онша маңызды емес сияқты болып көрінетін детальдарды фантастика қазанында қайнатып шығару, осыншама идеялар ұсынған авторды тек қазақтың емес, басқа ұлттар әдебиеті туындыларының ішінен ізденуші ұшырастырған жоқ.

Бүгіндері осы тақырыпқа қатысты белгілі ғылым шолушысы Н. Гричаник “НЛО” журналында жарияланған “Ай космос келімсектерінің ғарыш кемесі ме?” деген мақаласында: “Әр алуан оқымыстылар Айды өздерінің ниеттеріне қарай түрлі-түсті бағыттарда зерттегенмен, әзірше біртұтас бейне-дәйектеме жоқ. Айдағы біріне-бірі ұқсамайтын оптикалық және қозғалыс құбылыстары көп байқалады. Мүмкін, басқа нәсілділер өмір сүріп, қызмет істеп жатқан шығар?” /НЛО. – 2002. – 28 қаңтар/ – десе, осы басылымның келесі бір жарияланымы космосты бағдарлау бағытында одан да тереңірек болжамға барады. “Астрономдар Күн жүйесі шегіндегі көптеген аспан денелерінде, Жердегіге ұқсас нағыз теңіздер мен мұхиттардың бар екендігіне сенімді,–деп басталады Г. Сидневаның “Экстеремофилдер: Титан мен Плутон тұрғындары” атты мақаласы. – Бұл Жердегі өмір, тіршілік, ерекше, тіпті ұшыраса қоймайтын сирек құбылыс емес екенін дәлелдейді. Жақында ғана қол жеткен жаңалықтарына сүйенген Калифорниядағы Техас институтының ғалымы Д. Стивенсон мен НАСА маманы Т. Джонсон Америка геофизика қоғамының мәжілісінде осындай көзқарастарын мәлімдеген” /НЛО. – 2002. – 11 наурыз/.

Бұлар – бүгінгі байламдар. Нағыз прогрестің шыңына шыққан ғарыш зерттейтін аспаптардың арқасында алынған ақпараттарға сүйеніп жасалып отырған пайымдаулар. Ал, қазақ фольклоры болса, аталмыш “космос кроссвордын” баяғыда-ақ “өзінше шешкен”. Мысалы, кейбіреулердің жеңіл-желпі, ұшқары ұғымынша қиял әдебиетінің екінші баламасы – тек ғарыш тақырыбына жазылған шығармалар. Рас, ғарыш – фантастиканың ашқан “тыңы”. Адам Жер бетінде қолға алған шаруасын түгел ойдағыдай атқарып шықпай жүргеннің өзінде де космос жөнінде армандаған.

Халық ертегісі Тазша баланың жирен құлынын, Жерді місе тұтпай, Темірқазықтың арғы жағына, Шолпан жұлдызының бергі жағына жайып жібереді. Ертегілерде осы тәріздес сарындар өте жиі кездеседі. Бұлардың астарында не жатыр? Осындай фантастикалық идеялармен адамдар “космос тыңын” игеруді қиялдайды. Байқайсыздар ма, жирен құлын Темірқазық пен Шолпан төңірегінде жайылып жүреді ғой. Демек, қазақ, қазір дәлелденіп отырылғандай, “космоста тұрмыс құрып, шаруамен айналысуға болатынын сезген бе, қалай” деп те ойлап қалуымызға болады. Бұл – ауыз әдебиетіндегі ғарыштық фантастика.

Белгілі жазушы Ә. Әлімжанов ертеректе “Ғасыр арманы” деген публицистік дүниесінде: “Эфестен шыққан данышпан (Гераклит.–А.-Х.М.) жұлдыздарға қарап тұрып: “Адам баласы олардың тылсым тілін еш уақытта да аша алмайды. Ғарыш адамның ойына мәңгі-бақи тыным бермей, сиқырлы күшпен өзіне шақырып, қиялын қомдандырып, биікке талпындырады да қояды, бірақ ол өзінің тылсым құпиясын еш уақытта да ашып бермейді”, – деген екен. Содан бері 2500 жыл өтті. Ал, біз қазір жыл сайын “Космонавтика күнін” мерекелейміз” /Жалын. – 142 б./ – деп жазған-ды.

Біздің эрамызға дейінгі бірінші ғасырдың өзінде Римнің материалист-философы, фантастикалық тұңғыш поэманың туындыгері Тит Лукрецкий Кар: “Біздің көзімізге шалынатын дүние табиғаттағы жеке-дара нәрсе емес... Кеңістіктің басқа да қойын-қолтықтарында өзге де Жер, өзге де аңдар мен өзге де адамдар бар”, – деп болжалдаған-ды.

Біздің эрамыздың ІІ ғасырында Рим империясында өмір сүрген сықақшы Самостан шыққан Лукианның “Ақиқат әңгімелер” атты шығармасынан бір үзінді алып оқиықшы: “Түс кезінде алдымыздағы аралдан көз жазып қалып едік, кенет бір құйын соғып, біздің кемемізді айналдырып-үйіріп, үш мың стадияға жуық (500 километр шамасы. – А.-Х.М.) биікке көтеріп әкетті дағы, кері түсірмей, аспанда қалдырып қойды... Жеті күн және сонша түн біз ауада жүзіп жүріп, сегізінші күні жарқыраған жұмыр аралға ұқсас бір зор жер көрдік... Ол төменде тіршілік ететін сіздерге жарық беріп тұрған ақиқат Айдың өзі еді...”

Әдеттегі біздің көзімізге үйреншікті ғылыми-фантастикалық шығармалардан пәлендей көзге ұрып тұрған айырмашылығы жоқ қой. Тап солай. Мұны Жюль Верн жазды деп те, ағайынды Стругацкийдің қаламынан туды деп те айтуға болады. Немесе Талап Сұлтанбековтің шығармасынан бір үзінді беріп отырмыз деп те жұртты иландыра алатын сияқтымыз.

Мазмұнымен шектелмей, автор Ай тұрғындарының ерекшеліктерін де суреттейді: олардың терлесе – бойынан сүт ағады екен, сіңбірсе – мұрындарынан бал тамады екен. Айдың еркек кісілері балтырларымен “құрсақ көтеріп”, босанса, суық кезде балалары әкелерінің бауырындағы бос қалталарына тығылады...

Бұны айтып отырғандағы біздің мақсатымыз – жұрттың назарын бір нәрсеге аудару. Ол – автордың Айдан адамзатқа ұқсас саналы тіршілік иелерін көргісі келген қиялы. Мейлі, адамдардың бойынан тер орнына сүт ақсын. Мейлі, олардың еркектері бала тапсын. Әңгіме онда емес. Идеяның мәні – автордың Ай тұрғындарын Жер адамдарымен принципінде ұқсастыруға тырысқандығында. Бұл идеяның астарында: “Демек, Айда да саналы тіршілік иелері бар екен, басқа да аспан денелері құр болмас. Соларды іздестірейік, табайық”, – дегендей оптимистік пікір жатыр. Ал, саналы тіршілік иелері ортақ тіл табуы тиіс. Ендеше осыдан келіп, космос аралық достық құда-құдандалық қарым-қатынас тууы мүмкін.

Сонымен, “ғарыштық фантастика өзінің басын сонау қашықтықтан алған” деп айта алсақ керек. Одан кейінгі қаншама ғасыр ішінде қиял космосты талай түрге бояп, қыруар саналы, санасыз тіршілік иелерін қоныстандырып, өз қолымен безендіріп қойды.

Қазірде ғарыш тек қана фантастика объектісі болумен шектеліп қалған жоқ. Оған байсалды, салауатты ғылым да көз тігуде. Бұл жерде түрлі-түрлі елдердің Аспан әлемін зерттеу, игеру жөніндегі нақты жоспарларын айтып отырған жоқпыз. Бұл жердегі әңгіме – фантастиканың бес қаруын асынған, нақтылы ғылым адамдарының, оқымыстылардың пікірлері туралы. Олар Аспандағы тіршілік, ғарыш өркениетін нақтылы нәрсе деп біледі. Олар осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа бір ғылым туып келе жатыр деп есептейді. Мысалы: академик-астроном И.С. Шкловский өзінің оқушы жұртшылыққа кеңінен тараған “Әлем. Өмір. Сана” деген кітабының жоғарыда бір үзінді келтірген басылымына жазған алғы сөзінде былай дейді: “Әлем кеңістігіндегі саналы өмірді жан-жақты зерттейтін жаңа ғылымға ат тапқан дұрыс болар еді... Ол ғылымды, мүмкін, “космософия” дерміз?” /Вселенная. Жизнь. Разум. – 3 б./.

Байқайсыздар ма, ғалымдардың өзі аспандағы саналы өмірді тек қиялдың, көркем шығарманың жемісі деп білмейді. Жаңа, нақты ғылым саласы деп түсінеді. “Осы бір адамның космосқа жасаған батыл қадамы тек қана ғылыми және практикалық маңызға ие болумен шектелмейді, – деп, біздің пікірімізді техника ғылымының докторы, ұшқыш-ғарышкер В.И. Севастьянов қолдай түседі. – Ол біздің әлемге деген көзқарастарымызды жаңа, былайша айтқанда, космостық мазмұнмен толықтырды. Енді космос мыңдаған жылдар бойғы “әдетіне басып”, адамға, Жердегі тіршілікке ықпал жасап қана қоймайды. Адам ғарышты игеріп, онда қоныстана бастайды… Космонавтика шын мәнісінде адамзат тірлігінің ғылым мен білімнен бастап, тұрмыс пен өнерге дейін барлық салаларына араласуда” /Урсул А. Школенко Ю. Человек и космос. – М.: Политиздат, 1976. –3 б./.

Қиялгер-жазушы ше? Оған қазірде, ғарыш нақтылы ғылымның объектісіне айналып кеткен заманда, аспан кеңістігінен қиялмен не іздеп табады? Егер қаламгер гуманист, оптимист болса, ол өз қиялымен Жердің тартылыс күшін жеңіп шығып, галактикалардан өзіне бауыр, туысқан іздейді. Егер ол табиғаттың қатал заңына мойын ұсынбайтын жаңашыл болса, ол ғарышты реконструкция жасауға, салқын планетаны жылытуға, күйіп тұрған планетаны қоңыр-салқын қылуға бар күшін сарп етер. Егер ол әділдік үшін жанын аямайтын болса, Галактика ауқымындағы космоколониализмнің түп-тамырына балта шабады. Егер ол... Қысқасы, жазушы ғарыштық-фантастикалық шығармаларын өзінің әлеуметтік позициясына қарай лайықтап, икемдеп жазады. Былайша айтқанда, жұлдызды аспанды өз идеясының қимыл көрсетер сахнасы етіп алады. Бұл пікірді дүние жүзілік фантастика практикасы да дәлелдеп жүр. Қазіргі қазақ космостық ғылыми фантастикасы да растап отыр.

Мұнымен шектелмей, ғылыми фантастика ғарышты өз гипотезаларын ұсыну үшін де пайдаланады. Болжалды ғылымда әлі сыры ашылмаған көмескі мәселелерге шешім айту үшін де пайдаланады. Қазақ фантастикасының осы саласында, басқаларына қарағанда, шығармалар көбірек жазылған. Ал, бұдан жетпіс жыл бұрын “Космосқа шақырамын!” деген жалынды мақаласында К.Э. Циолковский айтқандай, “планета аралық сапар тақырыбына жазылған қиял әңгімелер халыққа жаңа ой салады. Кім де кім осымен айналысса, сол пайдалы іс жасағаны: соған қызықтырады, ойлануға мәжбүр етеді, өзіне тілектестер тудырады және ұлы талпынысқа болашақ қызметкерлер тартады”. “Ғарыштану атасының осы үндеуімен етжақын таныс әйгілі академик-астроном В.Г. Фесенков ширек ғасырдан соң: “Ғарыш кеңістігін игеруді тынымсыз насихаттау – К.Э. Циолковскийдің сіңірген зор еңбегі. Бұл салада оның қиялы тежелуді білмейді. Басқа бір Күн төңірегіндегі планетаға адамзатты көшіп, қондыру қажеттілік қылады деп баса айтқысы келеді” /Путь к звездам. –6 б./, – деп, берген бағасы күні бүгінге шейін өзінің өміршеңдігін бір мысқал да кемсітпегені белгілі.

Америкалық драматург Артур Миллер үшін ғарыштағы адамзат табысы басқаша ой салады. Америка Қүрама Штаттарының астронавтары Нейл Армстронг пен Эдвард Олдрин біздің табиғи серігіміздің үстінде жаяу серуендеп жүрген құрметіне арнаған “Ай және Жер” деген көсемсөзінде: “Ғылыми экпедицияның негр геттолары көшелеріне қонатын күнді біздің көруіміз екіталай болар-ау” /Известия. – 1969. – 31 тамыз/, – деген. Бұл – өзінің әлеуметтік ортасынан, өзінің қоғамынан түңілген пессимистің сөзі. Өз қоғамынан түңілудің ақырында кейбір америкалықтар тіпті ғарышқа сырт беріп, одан теріс айналады. Мысалы: “Ғарыштан ескен үрей” аталған мақаласында америка әлеуметтанушысы Эрик Хоффер: “Мен біздер аянышты атымен білмейтін күштің құрсауындамыз, Жер жауыздыққа толы, аспан ашудан түнерулі, ал адам өшпенді, қаныпезер космостан бас қорғалайтын пана іздеп, қала салды деп ойлаймын” /Литературная газета. – 1968. – 9 қаңтар/,– деуге дейін барады.

Міне, екі пессимистің кредосы. Ал біздердің арман-мақсатымыз бұларға қарама-қарсы келеді. Біз өз ғылыми-фантастикалық және қоғамдық-әлеуметтік идеалымызды оқушы сарабына салу үшін космосты таңдап аламыз. Былайша айтсақ, “ғарыш – біздің ғылыми да, рухани да тәжірибе алаңымыз”.

Бұл саладағы идеологиялық қақтығысқа қазақ әдебиетінің алыбы М. Әуезов те араласты. Жазушының фантастикалық пьеса-дилогиясының екінші пьесасын соның куәсі деп білеміз. Шартты түрде “Елу жылдан соң” деп аталып жүрген пьесаның жасалған кең жоспарының өзі талай-талай қызықты ойларды, тамаша-тамаша ғарыштық ғылыми-фантастикалық салмақты идеяларды аңғартады.

Пьесаның негізгі кейіпкерлері – Делдал, Гүлжан, Биби ғарышты үрейлі қара түнек, тірлік дүние деп білмейді. Керісінше, оны өздерінің ғылыми-эксперимент жасайтын творчестволық лабораториясы деп ұғады. Олар өздерінің Жерде, “зор қала, өнер, білім, байлық ордасы – Ұланбелде” жасаған аппарттарын космоста сынаудан тайынбайды. “Елу жыл бұрын спутниктер болған. Қатынас ретінде Ұланбелде түйе, жылқы көлік еді. Бүгін сол Ұланбел қызы ракетамен Айды айналып ұшып қайтты”.

Еңбегіміздің осының алдындағы тарауында М. Әуезовтің аталмыш пьеса-дилогиясының әлеуметтік қиял қорына қосылғанына тоқталғандықтан, бұл тұста қозғап отырған проблемамыздың басқа аспектісіне қатысты қайта оралып отырмыз. Ол – пьесаның космосқа қатысты ғылыми-фантастикалық жағы. М. Әуезов космосты тек қана ғылым аренасы деп білумен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар ол адамгершілік, кісінің бір-бірін сыйлау, бірін бірі сүю аренасы бола алады деп біледі. Аспан төсін айқыш-ұйқыш тіліп ұша жүріп, Гүлжан “мен сүйемін” деп, Делдалға шифрограмма жібереді.

Бұның астарында не жатыр? Адам космосқа шығады. Сонда жүріп өзінің сезімін білдіріп, Жерге хабар береді. Демек, адам сезімі ғарыш үшін де жат болмағаны. Демек, адам ол ортада да сүйе алады, адам онда да өзінің кісілік қатынасын жоймайды. Демек, адам космоста да өзінің бекзаттық адами қасиетін сақтап қала алады. Сақтап қалмақ түгіл, ол сезімін айқындай, өткірлей түседі. Міне, осы – М. Әуезовтің кредосы. Кейбір пессимистерге соққы беретін кредо.

Тағы бір мысал – қиялгер-жазушы марқұм Т. Шахановтың “Төртінші планета” деген новелласы. Жерден барған Кеңес ғарышкерлері Төртінші планетаның трагедиясына куә болады. Мұнда да адамдар қиялға құлаш ұрып қуаныпты, күйініпті. Өзінің Жерұйығын іздеп, Желмаяға мініп, дамыл көрмепті. Ақыры өркениеттің шыңына шығып, атом бомбасын жасаған. Ол жаңалық өздеріне жау боп шығады. Себебі, олар еңбек етуден бас тартып тоқмейілсіп, өздері кибернетикалық Ми аппаратын жасап, бас биліктерін солардың еріктеріне беріп қояды. Соның ақырында соғыс өрті тұтанып, Төртінші планетаның иелері жеңіліс табады. Тірі қалғандарын роботтар тұтқынға алады. Ми солармен бірге Кеңес автоматтарын да тұтқындайды. Жер планетасы өкілдері арқасында көтеріліс жасалып, Төртінші планета иелері өз үстемдіктерін қайтадан орнатады.

Мұндағы автордың айтпағы не? Ол – адамның асқақ та қайырымды кісілік қасиетін паш ету. Оның қай уақытта да өз қолынан туған машинадан биік боп тұратынын тағы да ескерту. Өйткені, соңғы кезде кейбір қиялгерлердің адамнан машинаны жоғары қою тенденциясы жиірек көрінуде. Мысалы, француз журналисі Пьеретта Сартен былай дейді: “Машина құлдан гөрі қожаға айналып барады, оның адамға қызмет жасағанынан да, адамның оған көрсеткен қызметі көп. Қазір ол (машина. – А.-Х.М.) тек жұмыста емес, үйде де билік жүргізеді”.

Әр жерден бой көрсетіп қалып жүрген осындай пікірлер турасында “Адамдар мен мүліктер” әлеуметтанушы, философия ғылымының докторы Г. Волков: “Осы заманғы “индустриялы өркениет” хақындағы социологиялық трактаттарды оқып отырғанда, өз иелеріне қарсы шыққан мүліктер жөніндегі ескінің деген еңбегінде аңыздары шындыққа айналған сияқты болып көрініп кетеді. Оларда ғылым мен техниканың бақылаусыз, жүгенсіз кеткені суреттеледі” /Литературная газета. –1969. – 6 наурыз/, – деп жазады. Т. Шахановтың “Төртінші планета” новелласы сол идеяға соққы береді. Бұл мысал – ғарыш тақырыбына әлеуметтік фантастика көзімен қараудың үлгісі.

Қазақ әдебиетінде ғарышты ғылыми гипотезалар, батыл да қызықты болжалдар жасауға пайдаланатын творчестволық зертхана тұрғысынан қараушылар да бар. Олар тіпті космос фантастикасы саласында жазылған шығармалардың басым көпшілік бөлімін құрайды. Олардың ішінде ең көрнектілері де, қызықтылары да – Т. Сұлтанбековтың туындылары. Оқырман ойламаған жерде автор кенет бір бұрылыс жасап, нағыз фантастикалық идеялар айтуға шебер. Адамның іші жылитын жері – сол бір қараған көзге жаранаға жуыспайтын, ақылға қонбайтын фантастикалық идеяларды түсіндіріп бергенде, “ия, дүниеде сондай құбылыс болуы мүмкін екен-ау” дегендей ойға әркім-ақ келеді.

Мысалы: “Хат” әңгімесі. Шығармада дүйсенбі күні кешкісін әңгіменің бас кейіпкері – Шыңғай кезекті геологиялық барлаудан қайтып келе жатады. Кенет ені он бес-жиырма метрдей келетін, өзі беттескен қос табақ тәрізді нәрсе шайдай ашық аспаннан оған тіке шүйіліп келеді. “Табақтың” шетіндегі сұрғылт нәрсе ұйытқып, құйындап ішкі табаққа үйіріле қайта теуіп тұрған ауа ағыны сияқты. Ол дене белгісіз бір күш арқылы Шыңғайдың сезімін баурап алады. Оның көз алдына Галактиканың, оның жұлдыздарының кескіндемесін әкеледі. Бас кейіпкер Жетіқарақшы, Ақбозат, Темірқазықты көреді. Енді Шыңғайдың өзіне сөз берейік: “Кенет сол планеталар арасынан мен манадан көріп тұрған табақша бұлт пайда бола қалды. Ызғып қозғалып барады. Бұлттан қара-қызғылт от шығып, оны ілгері итеріп бара жатқандай. “Бұлт” біздің Күннен екінші тұрған планетаға келді. Мен ішімнен Шолпан планетасы деп тұрмын. Сол сәтте Шолпан үлкейе бастады. Біздің Жерге керемет ұқсас. Бірақ үсті толқындалған мұхит. Кейбір жерден ғана сорайған жақпар тастар бар арал көрінеді. Табақ су астына сүңгіп жөнелді. Мен оның ізімен келе жатырмын”. Осындай әдіспен шығарма қаһарманы Күн системасындағы планеталарды аралап шығады. Көрген-білгенін “М-43” экспедициясының партия бастығы Мәкейге айтады. Сонда Мәкей тұжырым жасайды. Оның ойынша, әлгі табақша – хат. Ғарыштан келген хат. Шыңғайдың көрген елесі, ойша сонда сапар шегуі – әлгі хатта жазылған ойлар.

Автор Жерге табақша түріндегі хатты қондыруымен және Шыңғайға саяхат жасаттыру арқылы бірқатар фантастикалық идеялар айтады. Жазушының ойынша, біздің Күн жүйемізде бұрын Фаэтон планетасы болған, қазірде Трансплутон планетасы бар. Табақша күйіндегі хат радиотолқындарды жұтып алады, кері шағылыстырмайды. Олар аннигиляция процесін де игеріп алған. Антипротон. антинейтронды қолдан жасаулары да мүмкін...

Міне, көлемі шағын әңгімеде осындай қызықты-қызықты болжал ойлар айтылады. Ұшан теңіз Галактиканың бір түпкіріндегі саналы тіршілік иелері табақша түрінде хат жолдауымен оқушыға қазір космогония (немесе И. Шкловский айтқандай – “космософия”) ғылымында шешілуге тиісті жауабын күтіп тұрған бірсыпыра мәселелерден мәлімет береді. Оқырманды соны шешуге итермелейді.

Т. Сұлтанбеков басқа планетадан Жерге ғарышкерлер келуі мүмкін деген идеяны “Көшпелі алтын” жинағындағы “Жүлдызат” әңгімесінде де пайдаланады. Автордың жазуы: “Аспан денесінің түр формасы біртүрлі ғажап. Ол сай табанына жақындағанша сан рет құбылады. Біресе сүйірленіп, біресе көлбеп, сынапша толқиды. Ентігіп дем алғандай сусып созылып, бірден жіңішкеріп кетеді. Бірте-бірте ол қанатын жайып барып Жерге қонады. Оның өзінде де тиянақ таба алмағандай лықсып, толықсып, тіпті орғып тұр... Мүның аспан әлемінің бір түпкірінен келген ракета кеме екендігі ешбір күмәнсіз болды”. Осы уақиғамен әңгімеде Дәурен деген баланың күнделігінен танысамыз. Бала ғарыштан келген қонақтардың қолы жеткен табыстарының куәсі болады: қонақтар кәдімгі сәуледен түрлі аспаптар жасай алады екен.

Жылқы бағып жүрген баланың қасына ғарыш кемесін қондырып, оның іс-қимылын көрсеткенде жазушы не мақсат ойлаған? Сонда аспанның бір түпкіріндегі бір планетада ғылымы мен техникасы бізден озық саналы тіршілік иелері бар дегенді айтқысы келді ме екен? Жоқ. Біздің ойымызша, ондай болмаса керек. Бұл жерде жазушы әлі ғылымымызда жоқ жаңалыққа Аспан арқылы, космостың көмегімен түрткі салғысы келіп отыр. “Бөтен жұлдыздарда осындай да болар” деген өзінің ой-қиялын біздің алдымызға тартып отыр. Бұл жерде біз жазушылардың ғарышты ғылыми-фантастикалық идеялар туғызу үшін пайдалануға болатынына куәгерміз.

Аспан әлемінің басқа планеталдарындағы саналы тіршілік иелері Жерге сапар шегуі мүмкін дегенді “Көгілдір мұнаралар” жинағындағы Т. Шахановтың “Олар екеу еді...” әңгімесі де қолдайды. Бірақ, мұнда шынында да Жерде болған уақиға негізге алынады. Ол – Тұңғыз метеориті. 1908 жылы Сібірге түскен бұл метеорит турасында талай жазушылар қалам тартты. “Мысалы: аталмыш метеориттің проблемасына кереметтей қызығушылық, соның төңірегінде туған қызу айтыс, гипотеза, ақырында ғылыми экспедициялардың шығарылуы фантастикалық жорамалдарға байланысты емес пе екен? Тек қиялгердің болжалдарынан кейін ғана әлі күнге дейін бір тоқтамай келе жатқан Тұңғыз ғаламатын зерттеу қайта басталғаны тегіннен тегін емес”, – дейді қиял әдебиетінің тарихын зерттеуге мол еңбек сіңірген Борис Ляпунов “Тағы да Тұңғызы метеориты жөнінде” аталатын мақаласында.

Ғылымда осындай келелі пікір туғызушы шығармалардың ішінде көлемдісі де қызғылықтысы – поляк қиялгері Ст.Лемнің “Астронавтар” романы. Ол Тұңғыз метеоритін зымыран деп санайды. Кеңес әдебиетінде Марстан келген ғарыш кемесі деген болжамды алғаш айтқан қазіргі орыс фантастикасының бір ақсақалы, бұдан 90 жылдай бұрын кіндігі Ақмолада кесілген, негізгі мамандығы – инженер Александр Казанцев еді. “Соңғы мәліметтерге қарағанда, Кеңес Одағының өзінде сол метеориттің шығу тегін сан саққа жүгіртетін 5-сыныптың оқушысынан бастап, профессорға дейін әртүрлі адамдардың ұсынған 100-ге таяу идеясы бар көрінеді” /Юный техник. – 24 б./, – деп жазғаны бар.

Қазірде қазақ фантастикасында да Тұңғыз метеориті Жерден тыс ғарыш денесіндегі саналы тіршілік иелерінің қолынан туған нәрсе дейтін, бірақ оған әртүрлі түсінік беретін, сан алуан ғылыми-фантастикалық идеялар ұсынатын ірілі-ұсақты шығармалар ондап саналады. Т. Шаханов та бұл тақырыпқа өзінше келеді. Ана дүниеден (автор “Антимир” дейді) екі адам Жерге келеді. Жер адамымен сөйлесу үстінде Сібір метеоритін өздері жібергенін айтады. Кеменің бортындағы аға ұшқыштың соңғы мәлімдемесін тыңдатады. “Сөйлеп тұрған Гур! Сөйлеп тұрған Гур! – Сатыр-сұтыр еткен ауа толқынының ар жағынан шыққан дауыс біртүрлі қатаң естіледі. – Кеш қимылдап қалдық. Енді бізді ешкім де апаттан сақтай алмайды. Күн системасы қауіпке толы, әсіресе біздер үшін. Қорғау торабы қысымға шыдамай күйіп кетті. Жерде өмір бар сияқты. Пәленің бәрі атмосферадағы зарядтарда. Олар не болсын құртып жібереді. Олардан сақтана алмайсың...”, – дейді ол. Сонда ана дүниедегі саналы тіршілік иелерінің Жерге кемені жібергендегі басты себебі – өз еліндегі тап күресін қалай жүргізудің жолын білу. Оны біле алмай ғарыш кемесі жанып кетсе, кейінгі келген екі жолаушы – “ана дүние” революционерлерінің өкілдері – оны көздерімен көрді, білді. Жерден кері ұшарында олар: “Шамалы уақыт ішінде Жердің бірталайын араладық. Күрес жолында жіберген қателерімізді түсіндік. Жер тамаша екен. Бақыт та, қуаныш та осында. Біз халыққа бостандық әперетін жолды енді жақсы білеміз”, – дейді “Олар екеу еді...” тақырыпты әңгімесінде.

Бұл әңгімедегі автордың идеясы белгілі. Тұңғыз метеоритін әділетсіздікке қарсы, теңдік, бостандық үшін бас көтерген ана дүниедегі қаһарман таптың жолаушылап жіберген кемесі деп санау. Әсіресе бұл ғылыми-фантастикалық идеяның әлеуметтік көзқарасқа ұштасып жатқан жері – өте құптарлық.

Космос – біздің асқақ арманымызды, тәтті қиялмызды ғана паш ететін әдебиет әлемі емес. Ол – адамзаттың осыған дейін қолы жеткен табыстарын онан әрі де жетілдіре түсуге итермелеуші майдан алаңы ғана емес. Сонымен бірге ол – әр түрлі мүмкін-ау деген өмір формасы жөнінде қиял жүгіртетін ұшан-теңіз шалқар кеңістік.

Мәскеудегі “Мир” баспасы тек қана ғарыш тақырыбына жазылған шетел қиялгерлерінің туындыларының бір томдығын шығарғанда, оған берілген алғы сөзді “Қиял қоныс тепкізген” деп атаған-ды. Рас, жұлдызды көк – жалғыз қиялдың арқасында жасалған белгілі бір елдері, планеталары, саналы тіршілік иелері бар әлем. Күні кешегі Америка Қүрама Штаттарының “Апполон” сериялы ғарыш кемелерінің Айға қонуын әлі де қиялға қуып жеттік деп есептеуге болмайды. Себебі: қазіргі ғылыми фантастика ол түгіл, Күн жүйесіндегі планеталардың да “тыңын игеріп”, оларды да түрлі-түрлі тіршілік иелерімен, роботтармен және де басқа автоматтармен қоныстандырған. Қазірде қиял оқырманын Галактиканың бөтен Күн әлемдеріне жетелеуде. Бұл салада жазушылардың қиял диапазоны кеңіп, ғылыми-фантастиалық ойлары түрлене түседі.

Оның бір мысалы Т. Сұлтанбековтың “Ғажайып планета” новелласы. “Байқоңыр – 12” зымыраны бір экспедициядан қайтып келе жатқанда, оталғыш жүйесінен кілтипан шығады. Сондықтан орбитасы Қосжұлдыздың ортасынан өтетін алып сарғыш планетаға амалсыз қонуға мәжбүр болады. Ол планета тұрған бойымен өте ерекше көрінеді.

“Оның бетіне метеорит болып балықтар түседі. Планета атмосферасы жөңкіліп жүрген сүлік тәріздес “құстарға” толы. Кәдімгі бір мұхит сияқты дөңбекшіп шалқып, толқын атып жатқандай. Әредік, әредік жарқылдап от шығады... Атмосферада белок пен көміртегі орасан көп мөлшерде шоғырланған. Бұған қарағанда, планетадағы тіршілік мөлшерлі шамасынан мүлде асып кеткен тәрізді. Кеме аспаптары планета үстінде оттегін бөліп шығаратын қуатты көздер бар екенін тіркеді... Планетадағы фотосинтез процесі атмосфераның жоғарғы қабаттарында жүреді екен. Яғни біздің Жер бетінде өсімдік топырақта өсіп-өніп, олар алуан түрлі формада табиғаттың, ауа райының ыңғайына қарай икемделсе, мұнда тіпті де олай емес. Өсімдік атаулы ауада жүзіп жүретін көрінеді. Шайтан білсін, олардың қандай формада екенін?! Ұсақ полимерлер тізбегі болуы ғажап емес. Жай көзге көрінбейді. Мөп-мөлдір... Анау көрінген жасыл жолақтар солардың күнге шағылысқан нұры... Атмосфера биотоктың аса қуатты разрядына бөгіп тұр. Мұнда бәрі өзгеше. Табан астындағы қара жерге бұрғы салып жіберсең, топырақ орнына қоймалжың көкшіл сұйық ағады. “Үп” деген жел болмаса да, ағаш бұтақтары ысқырып, бірін-бірі соққылап жатады. Аспанда кеспелтек-кеспелтек бөренелер ұшып жүреді. Әлгі ағаштың бұтақтары ол бөренелерді қағып алып, ауыз тәріздес бір қуысқа тығып жатады. Бұлардың өздерінің де жаны бар сияқты. Планета бетінде анда-санда пайда болатын ыстық леп адамды ұйықтата алады...”.

“Байқоңыр – 12” зымыранындағы биолог Туранов жан-жақты зерттеуден кейін “планетаның жаны бар” деген тұжырымға келеді. “Космостық табиғаттың адам сияқты тірі организмді дүниеге тудыруы тіпті ғажап емес пе! “Бұл да сондай құбылыс, – дейді биолог. – Жер бетіндегі тіршілік ауа райына байланысты мың құбылған формада өсіп-өнді. Ал бұл планетаға ондай форманың қажеті жоқ. Олар ортақ биогравитациялық заңға бағынған”.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Раушанбек Бектібаевтың “Сәтсіз сапар” әңгімесін қарайықшы. “Жергілікті уақытпен бір сағаттай планетаны айнала ұшып, олардың тіршілігін, мәдениетін (?) зерттеген болдым. Бізге ұқсас тіршілік иесін көргенімде, таңданысымызда шек болмады (?). Күдігімнен үмітім күшейе түсті (?). Байланысқа шықтым. Радиотолқын, лазерлік жиілік олар хабарлайтын ешбір толқын ұзындығына сәйкес келмеді... Зерттеу кезінде байқағаным: біздің уақытпен есептегенде, алпыс сағат сайын жыл мезгілі өзгеріп отырады да, он минут сайын түні мен күні кезектеседі. Планета өз кіндігінен жылдам айналады екен. Біздің өмірдің бәрі жәй қимыл мен мезгілге бейімделген басым бұлардың зымыраған уақытын түсінбедім... Планетаға қонуға жақындағанымда ұлы суларда жүзіп жүрген машиналарды көрдім... Менің фотоноходымды қоршаған нейтротолқын жиілігі бұлардың қандай болмасын байланыс толқын жиіліктерін өз ырқына көндіріп алады екен...”.

Байқап отырсыздар. Меніңше, автор өзі суреттеуге талпынып отырған планетасының келбетін өзі де айқын ажырата алмайтын секілді. Сондықтан да біздің тарапымыздан бірсыпыра сұрақтар тууы заңды болмақ. Біріншіден: “Жергілікті уақытпен бір сағаттай айнала ұшып, олардың... мәдениетін зерттеген болдым” дейді. Қалайша? Сондай қалықтап жүріп, мәдениет зерттеле ме екен?.. Екіншіден: әңгіме кейіпкері ол планетадан өзі тәріздес гомоноид көргенде “таңданысымда шек болмады” және “күдігімнен үмітім күшейе түсті” дейді. Неге? Түсініксіз... Үшіншіден: “он минут сайын түні мен күні кезектеседі”. Мұндай шапшаңдықпен өз осінен айналатын аспан денесінің үстінде ешқандай саналы тіршілік, тұрмыс болмауға тиіс. Біздің классикалық физиканың заңдылығы бойынша да. Космостық гравитацияның тәртібі бойынша да... Демек, Галактика бауырындағы біздерге беймәлім кезбе денелерді ерекшелентіп бейнелеуде осылар тәріздес сәйкессіздіктерге ұрынбас үшін қиялгер жазушылар тарапынан үлкен сақтық жасау талап етілсе керек.

Өз творчествосында кейіпкерлеріне ұшырасатын әлгіндей басқа планеталарды Төлеш Сүлейменов те фантастика өрісіне енетін басқа объектілермен қатар суреттеуге тырысатын-ды. Мысалы: оның он бір уақиғадан тұратын “Алианна – жұмбақ нысан” атты повесінен де бөтен аспан денесінің, ондағы тіршілік иелерінің бейнелерімен танысамыз.

Марстың мөлдір жандарын автор былайша кескіндейді. “Иә, көрінбейді. Біз бен олардың арасын бөліп тұратын миррон (гипотезалық бөлшек. Ағылшын тілінде бұл сөз “айна” немесе “мөлдір” деген мағына білдіреді) атты мөлдір бөлшек заттар бар екен. Сондықтан да біз өмір сүріп отырған дүние мөлдір әлеммен гравитациялық тартылыс күші арқылы ғана әрекетте боламыз. Оларға басқа ешқандай әсер ықпал етпейді. Тіпті электромагнитті өріс те орын алмаған (?). Міне, осындай қасиеттердің негізінде мөлдір заттар миррон арқылы кейде біздің дүние ауысқанымен, адамзат әлемінің бөлшектерімен тым әлсіз әрекеттеседі (?). Осыған орай мөлдір заттарды көре алмаймыз...

Ауаның ыдырауы мөлдір адамдардың (?) бізге қарай өтуіне мүмкіндік туғызады екен. Марста бұл құбылыстың жиі аңғарылатыны – ауасының сұйықтығына (?) байланысты деп шешті жуырда бір ғалым”.

Тұстарына сұрақ белгісі қойылған орашолақ сөйлемдерден басқа да повесть кейіпкері кәсіпқой ғарышкер Сәдімнің осы айтқанына қалайша иланарсыз? Бұл Марстағы тіршілік иелері болуы мүмкін деген фантастикалық идеяның бір нұсқасы шығар дейік. Мейлі ғой. Осы тұста автордың жағасына жармаспай-ақ қояйық. Дегенмен де екі ескертпе жасаудың ұтыры келіп отыр. Біріншісі – “мөлдір жандарды” бүгінде едәуір дәрежеде зерттеліп, бірсыпыра табиғат сыры ашылған “мына тұрған” Марстан “табу” керек пе еді? Екіншісі – осы “мөлдір жандар” көлемі едәуір бар повестің қалған өне бойында көлбеңдеп жүріп, шешуші шаруалар тындырған емес. Демек, күллі денедегі зияны тимесе, пайдасы жоқ соқырішек секілді...

Туындының тағы бір қиялына келейік. “Марс жандары от пышағын – от ағзанның клеткаларын қолма-қол тежеп, қимылдатпай тастайтын затты ойлап тауып (?) тіршілік атаулыны әп-сәтте жоятын құралды жасаған еді. Соның нәтижесінде мұның тау-тасы көкке бұршақтай атылып, май құйғандай топырағы жанып, мына жатқан өркеш-өркеш құм төбелері пайда болған”, – деген жолдар да бар повесте.

Бұл не дегені? Мұнысымен автор не айтпақ болғаны? Түсіне алмадық. Туындыгер айтқандай, “тіршілік атаулыны әп-сәтте жоятын құралды жасаған еді”. Сол “от-пышақтың” “қолынан келгені” осы болғаны ма? Мұнысы қисыны ешқандай жаранаға жуыспай тұрғанын кез келген оқырман бірден тап басып табатынына күмән бола қоймас...

Жалпы, қиялдағы фантастикалық қаһарман жасау проблемасына келсек, автор оны екінші кезекке, іргеге ысырып тастай береді екен. Ғарышкер-академик Сәдім Әшімов те, астрофизик Қамбар Халықов та шығарманың өн бойында ғылым құпияларын баяндай беруші лектор дәрежесінен аса алмаған...

Тағы бір автор С. Ғаббасов фантастикалық “Кәусәр” романында өз жанынан шығарып, космостағы өз қаһармандары ұшырасқан бір планетаның ерекше кескін-келбетін өз қиялымен жасауға тырысады. Оны мына сөйлемдерден көреміз:

“Нұр планетасының диаметрі Жердің диаметрінен – 3,7 есе, көлемі 440 еседей үлкен. Былайша айтқанда, Юпитер көлемінің үштен біріндей. Оны айналып жүрген он түрлі серіктерінің әрқайсысының көлемі Ай көлемінен әлдеқайда үлкен. Осы өзіміз мекендеп отырған серігінің өзі Жердің көлемінен сәл ғана кішілеу екендігі анықталып отыр. Нұр планетасының үстіндегі табиғи жағдай мынау өзіміз үстінде отырған серігінің табиғатынан әлдеқайда құнарлығымен ерекшеленеді. Тіпті басқа серіктерінің де құнарлылығы анағұрлым артық екендігімен таңырқатып отыр (?). Турасын айтсақ, мұның өзі адамзат келешегінің таңғажайып өріске шығатынын аңғартса керек (?). Біздің жан-жақты зерттеп алып отырған деректеріміз бойынша, осынау Нұр планетасының жүйесіне енетін он түрлі аспан денелеріндегі тіршіліктің негізі қалдықсыз қорекпен ауа арқылы алмасатындығы, тірі организмдегі зат алмасуының, Жердегімен салыстырғанда, мүлде басқаша екендігін өзіміз көріп отырған жоқпыз ба?!”.

Көлемі біршама едәуір бар роман есебінде ұсынып отырған “Кәусар” атты нәрсесінде осыған дейін бірталай кітаптың иесі болған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Советхан Ғаббасов бөтен планетаның моделін жасау жолында осынысымен не айтпақ? Фантастикалық идеяларын былай қойғанда, өзін “бағалай білетінң жазушы оқырманға айтарын ұғынықты жеткізіп бермес пе екен?!. Медик-ғалым, Жазушылар одағының белді мүшесі фантастикаға осылай қарар ма екен?!. Мұнымен танысқанда, оқырманның сөзсіз қарны ашады!..

Шет планетаның бірінің тұрмыс келбетін қиялгер-жазушы С. Исақов та бейнелеуге талпынады. Оның “Таңғажайып сапар” әңгімесіндегі “Бақыт” планетасының сипаты мынау: “Кәмелетке жеткен соң бар бітіретін жұмыстары – демалыс қалаларын аралап жүргені. Бұл планетада әр адам (?) өмірінің соңына дейін планетаның керемет жақсы бөліктерін аралап көреді екен. Егер ауырып қалса, кез келген емханада тегін емделіп (?), әрмен қарай өз семьясымен (?) өмірлік саяхат (?) сапарында жүреді екен. Халықтың мәдениеті, рухани байлығы алдыңғы қатарда екен (?). “Соғыс” деген сөзді олар түсіне алмай, үлкен әбігерге түсті. Соғысты түсінбеді де, білмеді де. Жер планетасында да осындай болса екен”, – деген қиял бесігіндегі ой Сапарды шырмап алды”.

Осындай өмір турасындағы концепциясы талас тудырмай қоймайды. Мысалы, әлгіндей “әр адам өмірінің соңына дейін планетаның керемет жақсы бөліктерін аралаумен” күн кешкен тірлікті туған планетамыздың басына, жазушы армандағандай, ешқашан тілемес едім. Автор мақтағандай, жаңағыдай тентіреген жағдайда олардың мәдениетін кім көгертеді? Рухани байлығын кім жасайды?.. Өткен ғасырдағы 37-ші жыл болса, осындай “арманымен” автор Карлагтан бір-ақ шықса, таңданбас едім...

Ғарыш әлемін әңгімелегенде, тағы бір қалам иесінің творчествосына соқпай кете алмаймыз. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нарбинь Кенжеғұлова. Біздің бір байқағанымыз – аталмыш автордың шығармашылық өрісі көбіне-көп ғарыштан табылатын көрінеді. Оның ақиқат мысалы – оның тек қана Жерден тыс саналы даму дәрежесі төмен тіршілік иелерімен қарым-қатынасқа құрылған “Қиын шешім” жинағы.

Мысалға, “Аордағы алғашқы елшілік” новелласын алайық. Шығармашының айтуынша, өз тұрғындары осынау планетаны Аор, ал оның жарық жұлдызы – Веганы – Сейна деп атайды екен. Осыдан бастап автор өзінің оқырманын әлгі планетаға әуелі жөнелтілген – Жігер, кейін оған қосылған Викториямен бірге қиял еліне енгізіп жібереді...

Планета тұрғындарының генетикалық қоры адамдарға мүлде ұқсамайды. Жалғыз ғана Зомай архипелагының бір аралында Жер тұрғындарына коды сәйкес келетін биологиялық түр бар екенін біледі. Аорталықтардың айтуынша, ол “өте ежелгі жануарлардың тегінен болса керек...”; “Орманның ағаштары планетадағы өзге көріп жүргендеріне ұқсамайды екен. Ең ғажабы – түрлі-түсті, кейбіреуі мөп-мөлдір, аумаған хрусталь ағаш! Мүмкін, бұл табиғи орман емес, аорлықтар қолымен жасалған шығар?..”; “Жігер аяқ астындағы шөптердің де ерекше қасиетін байқады. Ай нұрын бойына жиған мөлдір сабақтары лезде өсіп, белуарға дейін жетеді, түрлі түсті жапырақтары жайқалып шыға келеді. Енді бір сәтте шоқтай қызыл гүлдері көз арбап, ғажайып жұпар иіс тарайды маңайға...”; “Жер өкілінің бүгінгі ашқан ең үлкен жаңалығы – планетада кішкене жәндіктер дүниесінің, шөптің – бәрінің санасы бар сияқты...”; “Әрбір аорлықты оқымысты дерсің. Әсіресе, олардың бойына қызғаншақтық, атаққұмарлық сияқты адамзат баласына тән кеселдердің болмауы қайран қалдырады. Мұндай әдеттерден бұлар “Киелі орманда” айығып шығады екен. Онда әр аорлықтың өз ағашы болады-мыс...” Міне, автор осы тәріздес көптеген оқырман үшін бейтаныс боп табылатын басқа бір дүниемен “таныстырады”.

Ал, ғылым докторы, физика маманы, бірнеше қиял-ғажайып кітаптардың туындыгері Рысбек Баймаханов ғарыш бауырындағы сан қилы аспан денелерін әр түрлі пішінде “көреді”. Мысалға, “Қара қақпан” ғылыми-фантастикалық повесінде осыған дейін басқа қаламгердің “есіне келмей” жүрген баламасын ұсынады. Жазушының екі кейіпкері – алматылық Мұхтар мен иоганнесбургтік Джорджи – “Жер–4” орбиталық станциясынан фотондық зымыранмен әуелі Күнді орағытып, Юпитерге бет алады. Біраздасын ол планетаның Ио табиғи серігінен қапталдап өтеді.

“Ио – адамдардың Жерден әзірше ең алыс мекені. Бұл планетада инженер, техник, ғалымдардың шағын тобы семьяларымен тұрып жатыр. Ғылыми-зерттеу станциялары мен астрофизикалық институт бар. Шолпан мен Марс, Юпитердің өзге серіктеріне қарағанда, Ио ғалымдар назарын өзіне көбірек аударып келеді. Күнге ең жақын Марстың өзі мұз құрсанып жатса, оның қызуы тіпті аз жететін Ионың бетіндегі таулы аймақтар Жер бетіне өте ұқсас. Вулкандық және ішкі жылу алмасу құбылыстары әсерінен беткі топырақ қабатына мол жылу ұрып жатады”.

Жазушының, өз әріптестері жолға шыққанда, алғаш қасынан ұшып кеткен аспан денесін өз қиялымен суреттеуі. Ол повесть қаһармандарының алдынан басқа да ғажайып планеталардың кездесуінің бірінші кепілі болатын. Өйткені: жолаушылар жоспары – сонау Центавр шоғыры еді... Жол-жөнекей фотон зымыранындағылар “Көлемі Айдан екі жарым еседей кіші”, “көрініс бойынша да алтын мен платинадан тұратын “шын планетаны” (?) өзі, оның тартылыс өрісі бар” (?) “Центавр шоғырының алғашқы планетасы...”

Сол ғарышкелер аралаған планетаны жазушы былай баяндайды: “төңірек алыстағы Проксиманың жарығымен Ай сәулесінен де төмен күңгірттеніп көрінеді. Өзі қонған жерінің көпшілігі платина екен. Жақын маңайда биіктіктері жиырма-отыз метрден алпыс метрге дейін баратын алтын шоқылар. Кейбірі омырылып құлап, шашылып жатыр. Әлгінде қонғалы келе жатып байқаған болатын. Планетаның формасы шарға ұқсас болғанымен, әр жерден бір жұлма-жұлмасы шыққан. Ұзыны мен көлденеңі бес-оннан, кейде жиырма-отыз шақырымнан тұтасымен опырылып алынған...”

Осы тәріздес кескін-келбет көз алдарынан өткеннен кейін повесть кейіпкерлері әр алуан жорамал ойларға түседі. “Қызық. Таза алтын мен платинадан тұрады. Өзге элементтердің қоспасы мүлде аз. Бұл – табиғатта кездесу ықтималдығы мүлдем жоқ құбылыс. Алтын – қашаннан да қылмыскер элемент қой...” (Мұны Мұхтар айтқан).

“Оның рас, адамзат тарихы бұл үшін болған қанды оқиғаның сан алуан түріне бай. Ал, мынау планета, меніше, Центавр шоғырыныкі емес. Қисықтық радиусы өте шексіздікте (?). Демек, планета әлемінің қайдағы бір алыс түпкірінен қаңғып келе жатыр”. (Бұл – Джорджидің болжамы).

“Табиғи күйінде тұтас алтын мен платинадан планета пайда болуы мүмкін бе?.. Маған бұл планета қолдан жасалған сияқты (?). Кім де болса, біздерден бір саты жоғары тұрған цивилизациялар. Жол-жөнекей гравитациялық дауылдар жұлма-жұлмасын шығарыпты “байғұстың!..” (Мұхтардың пікірі).

Осы жерде жол-жөнекей бір қарсылық білдірер пікірімізді “қыстыра кетудің” ұтыры келіп отырғандай. Автордың айтуынша, “гравитациялық дауылдар жұлма-жұлмасын шығарыпты” алтын мен платинадан тұратын планета!.. Ал, біздің ғылымға айғақ нәрсе – алтынның бір грамын он километрге дейін көзге көрінбестей, жіптен де жіңішке етіп созуға әбден болады. Соның өзінде де аталмыш асыл металды түзейтін молекула, атомдар бірінен-бірі ажырамайды. Яғни, “алтын жіп” үзіліп кетпейді. Мұндай қасиет тек осы металға тән. Ал, платинаның беріктігі одан да бетер...

Сонда “Центавр шоғырының алғашқы планетасы” тұтастай платина мен алтыннан “соғылған болса”, қалайша гравитациялық дауылға бола “омырылып құлап, шашылып” жатады?.. Автор осы тұста да классикалық ғылыми негіздерден тайып кеткені айдан анық көрініп тұр. Әр металдың физикалық-химиялық қасиеттеріне оншама назар салып, мән бере қоймаған...

Жазушы кейіпкерлері өздерінше болжалдай берсін. Енді біздің, ізденушінің, өз бетінше келтірер қисындары, түйіндер бір-жар тоқтамдары болуы керек-ау дейміз. Әңгіменің осы жағына келгенде, зерттеуші қиялгердің осы фантастикалық оғаш идеясына ризашылығын білдіреді. Себебі: осыған дейін біздің фантастикада аспан төсіндегі қаншама денелерді суреттегенде, оларды көп-аса өздерінің “көздеріне үйреншікті” туған Жеріне ұқсастырып бағады... Ал, мынада туындыгер басқа, тосын жолмен тартқан. Біз баяғыда өз қиялымен Томас Мор алтыннан балаларды тосатын горшок “жасағанын” білеміз. Қазір енді қазақ оқырманы “алтынмен апталып, платинамен күптелген” тұтас бір планетаны “көріп отыр”!.. Галактикамыздың басқа планеталары жөніндегі “қиял жарысында” аталмыш “Қара қақпан” повесін Рысбек Баймахановтың творчестволық табысы деп қабылдаймыз.

Болса да, болмаса да қонақжайлы халық екенімізді елдің бәрі біледі ғой. Сол ғұрпымыз фантастикамыздың творчествосына да әсерін тигізіпті. (Бұл оншама жаман нәрсе болмаса керек). Әр автор өзін толғандыратын идеяның бірсыпырасын оқшаудан келгендердің іс-қимылымен байланыстырып беруге талпынады. Солардың бір дәлелін осы Рысбек Баймахановтың “Сүмбіледен келген бала” повесінен байқай алсақ керек.

...Сүмбіле жұлдызының Керан мен Нира атты екі планетасы бар. Біріншісінде өмір сүретін озық ойлы адамдардың қолынан жасалған роботтар екіншісіне – Нира планетасына көшіп, сонда мемлекет құрады. Керандағылар ғарыштан тіршілік иелері мекендейтін Жер планетасын табады. Солармен қарым-қатынас жасамақ ойда болады. Ол үшін байланысқа, жергілікті оқымыстылардың ұйғарымдарымен, балалар Алма, Нұра, Серттер шығады. Олар сәуле арқылы бейнелерін Жерге түсіріп, төртінші сынып оқушылары Мұрат, Сәуле, Болаттармен танысады. Таяу арада ұшып келуге техникалық мүмкіндіктері жетіп қалатынын айтады. Алайда Нирадағы керандықтарға айғақ бір құпия – ой толқынының сырын ашуын талап етеді.

“...Біз Күн планетасына жетпекпіз. Бізге негізгі қорек – адам миы, оның басындағы ақыл-ойы екендігін жақсы білесіздер... Нирада тұтқында жатқан сан мың керандықтарды өздеріне қайтарамыз”, – деп алдаусыратады. Тұтқындардың баяғыда қырылып қалғандарын білген құдыретті күші бар құпияда ұсталатын ой толқынын таратудың тәсілдерін үйретіп, Жер планетасын қимағандар – керандықтар – келісімге келмейді. Ұзамай Керанның тартылыс күші белгісіз себептермен өзгеріп, онда өмір сүруге болмайтынына көздері жетіп, ғарыштағы бір мекенге көше бастағандары жөнінде олар Жерге хабарлайды. "Ғарыштағы мекен елу-алпыс жылға төтеп бере алады. Сендердің уақыттарың бойынша елу жылдай, сендер келіп құтқарасыңдар…", – деген болды олардың соңғы сөздері. Бұл – Жерге үміт артқандары…

Мұрат Сыздықовтың ғылыми-фантастикалық “Күміс тозаң” әңгімесінде Гродберг бастаған бір топ ғарышкерлердің Вероника бұрымы шоғырына сапары әңгімеленеді. Командир жас ғарышкерлерге мәлімдемей, сол шоғырдың бір планетасына робот жіберіп, кемеге алдырған затын Еркінге ағынан жарылып айтады. “Ашығын айтсам, ана әумесерлерге жұмысшы роботтардың планетадан жарты тонна кристалл әкелгенін айтушы болма… Біздің алып келе жатқан кристалымыз алтыннан да қымбат. Бұл кристалдарда атомнан да, нейтроннан да асқан ғаламат күш бар. Тек күн қараңғыланғанда жарық шашатын тас сәулесі төңірегіне өлім уын себеді”.

Өз еліне нендей қауіпті жүк әкеле жатқанына көзі кеш жеткен Еркін енді командирін соққыға жығып, басқару пультін иеленіп, қалған сапарластарын құтқару кемесіне жөнелтеді. Өзі қатерлі кристалл тиелген кемені кері бұрады. “Сәлден соң бейтаныс планетаның бетінде күшті қопарылыс болды. Сол күні астрономдар Вероника бұрымының шоғырынан буалдырлана қалықтаған күміс тозаң байқады”. Өйстіп, Жер планетасының тағы бір өкілі ел-жұртын қырып-жоюға бағытталған бір айла үшін өзін құрбандыққа шалды. Кісілік үшін, гуманизм үшін жанын пида етті.

Космос қонақтары жөнінде жазуға үйірсектердің бірі – Раушанбек Бектібаев. Оның бір кейіпкері – Жер Квазаров ЭС–400 квазарынан ұшып осында келеді. Алайда біздермен тіл табыса алмай, кері қайтып кетеді. Кетер алдында академик Есеновке жазған хатында: “Біз – уақыттан озған жандармыз. Мүмкін, бір замандарда қайта айналып соғармыз”, - дейді. Мұнысымен автор не айтпақ екенін түсіне алмадық…

Соңғы кездерде фантастика саласында белсенділік білдіріп жүрген осы автордың галареясында Космонит планетасынан келген (“Космонит” повесі), бойына ешбір радиоактивті сәуле дарымайтын, ауасыз кеңістікте де тіршілік ете алатын өкілді қастандықтан аман алып қалатын капитан Айбеков бар; бұдан ондаған миллион жыл бұрын Әлемдегі екі галактиканың жанасуынан пайда болған зиянды сәулені Жер планетасына жеткізбей, күшті лазер шоғымен ыдырататын академик Алматов (“Ғарыштан келген ұйқы” повесі) бар…

Тағы бір қиялгер – Жүніс Сахиев те Әлемдегі планеталардың бірінің “өзіндік моделін” ұсынады. Оны жазушының “Борыш” повесінен оқи аламыз. Сол мекеннің бір қызы: “Біздің планетаның төңірегінде алты шеңбер бар. Оның біріншісінде біздің еліміз орналасқан. Қалған бес шеңберде бес түрлі ел тұрады. Қазіргі сәтте бәріміз қиын жағдайдамыз. Күнде болып тұратын әрбір жарқыл планетаның өз осінен айналуын қас-қағым сәтке тоқтатып отыратынын о бастан білетінбіз. Оған атқылаулар мен сілкіністерден, түрлі көліктер қозғалысы мен тау-кен кәсіпорындарының қопарылыстарынан және, ең бастысы, бүгіндегі алтыншы шеңбердегілер жасаған аса қуатты түрлі жарылыстардан туған тежеулер қосылды. Сөйтіп, планетамыздың өз осінен айналуы бірте-бірте баяулап, Күн түспейтін жағындағы сулары мұзға айналды. Ауа райы тіршілікке қолайсыз жағдайға көшті. Планета өз осінен айналуын тоқтатты…”

Міне, қараңыздаршы. Қазақстан Жазушылар одағының тағы бір мүшесі – Ж. Сахиев – “өзі таңдаған” бір планетаны сипаттап отырғаны. Мұндай аспан денесінің болу мүмкіндігін жоққа шығара алмасақ керек. Оның үстіне автор оқырмандар зердесінде бір маңызды эффект туғызады. Ол – космостық гуманизм. Біз, повесть кейіпкерлерімен қоса, сол қасыретке "басы тігілген" планетаға жанашырлық білдіреміз. Демек, жазушының ғылыми-фантастикалық ерекше ой сұрыптауға сәтін түсіргені – бір басқа. Сонымен қатар әдебиетке ең басты керекті нәрсе – өз оқырманын айтып отырған хикаясына еліктіріп алып кету мақсатына жеткені…

Осы туындыгер келесі бір “Жерде шешілген жұмбақ” новелласында тағы бір ерекше планетаның көрінісін береді. “Ғарыштан планетаның мұхитына құлаған алапат ыстық денеден ығысқан ыстық су аспанға шапшып, жан-жаққа шапшыды (?). Планетаның мен бақылап келе жатқан тұсы астан-кестен. Ыстық тасқын үлкен бір қалаға жылжып ағып бара жатыр… Қала үйлерінің орындарынан бұрқырай көтерілген қалың бу мен жалаңдаған от көрінеді! Аймақ қазандай қайнап жатыр! Күркіреген дыбыс естіледі! Барлық тұрғындар ыстық суға күйіп, тұншығып… – Батыр соңғы сөзін аяқтай алмай, үнсіз қалды…“ (Бұл – “Жасыл” аталатын планетадағы бір апатты көрген ғарышкердің әңгімесі).

“Мен бақылап келе жатқан аймақта дауыл көтерілді. Жолындағы ағаштарды түп-тамырымен жұлып, үйлерді іргетасымен қоса аспанға көтеріп кетіп жатыр. Жан шошырлық гуіл естіледі. Жолындағының бәрін күйдіріп, тұншықтырып келе жатқан ыстық тасқын…” (Бұл – сол планетаның басқа тұсынан бақылаған Хамзаның көзі көргендері)…

“Мен жақта атқылаулар болып жатыр!.. Аспаннан күл жауа бастады… Каналға ұқсас жыралар пайда болуда! Ыстық лава сол жыралармен ағып отырып, жанындағылардың бәрін балқытып, тып-типыл етіп жатыр. Адамдары жанұшыра айқайлап, лава ағысынан басқа жаққа қашып еді, қарсы алдарынан келіп қалған ыстық тасқын оларға лап қойды…” (Бұл – өзінің жеке-дара барлаушы зымыранынан ғарышкер Сараның байқағаны)…

Тұрсын болса, бас кемедегі Кемелге былай дейді: “Менің тұсымдағы құрлық отқа оранған! Орман, өсімдік пен жеміс ағаштары түп-тамырымен күйіп, өртеніп жатыр. Жасыл дала көз алдымда жоғалып, құмды шөлейтке айналуда!..”

Қыз ғарышкер Лалагүлдің айтқаны: “Ыстық тасқын мен өрттен кейінгі даланы көріп келемін. Иесіз аймақты суық жайлай бастаған. Дауыл көтерілген. Жан шошырлық құбылысты біржолата жасырғысы келгендей, қиыршық құм планета бетін баса бастады”.

Әр зерттеуші-ғарышкер осында өз тұрғысынан мәлімдеген, апатқа ұшыраған планетаның құпиясы, әңгімеге қойылған "Жердегі шешілген жұмбақ" деген тақырыпқа сәйкес ашылған. Кино-фото ақпараттарға қарағанда, “Жасыл” планетасында да бір кездері Жердегі сияқты өмір-тіршілік болған көрінеді. Бертін келе ондағы “саналы ақыл иелері” термоядролық синтезді игерген. Қолдан Күн жасаған. Сол жасаған Күні, сорларына қарай, белгісіз себептермен өз орбитасынан планета мұхитына құлап түскен. Міне, әлгі құбылыс, қырғын – соның салдары…

Бұл әңгіме идеясынан не ұғуға болады? Әрине, бұл – ғылым жаңалығының шектен тыс, соңыра тигізер залалымен есептеспей, бүгінгі күннің мұң-мұқтажын ғана күйттеудің ақыры неге соғуы мүмкін екенін ескерту. Бұл – батыс қиялгерлері шығармашылықтарында кеңінен тарап жүрген ағым – батыс фантастикасында, әсіресе Америка, Ұлыбритания, Польша, Италия қиялгерлерінен жиі көрініп жататын сақтандыру-қиял. Біз аталмыш туындыны осы жағынан құптап, бағалағымыз келеді…

Осы тұста химия ғылымының кандидаты, бұрынғы Кеңес кеңістігіндегі фантастикақұмар жұртшылыққа кеңінен таныс қиялгер-қаламгер Е. Парновтың: “Қазірде ғылымның моральдық проблемалары кереметтей өткір қойылуда… Өйсітіп, ғылыми фантастика оқымыстылардың моральдық проблемаларының сынақ полигонына айналды. Оның үстіне жүздеген миллион, көбісінің ауылы ғылымнан мүлде оқшау-алыс адамдар көре алатын ашық полигон”, – деп жазғаны ойға оралады.

Ж. Сахиевтің енді бір дүниесі – “Тіршілік ұясында” новелласында уақиға журналистің баяндауымен беріледі. Жердің бір топ өкілдері Үркер шоғырындағы Шұғыла планетасына қонады. Оның тіршілік иелерімен танысады. Олар Жер шары картасынан Пасхи аралын, Мысыр пирамидаларын, Сахараның Тассили шатқалын т.б. объектілерді көрсетеді. Олардың айтуларына қарағанда, бұлар шұғылалықтардың қолынан шыққанға ұқсайды. Демек, өздері жерліктер екен. “Біздің арғы аталарымыз, – дейді олардың бірі, – Жер планетасында туып өскен. Сөйтіп, дами келе, жетіле келе, ғарышқа ұшуды үйренген. Тіршілік етуге болатын планеталар іздеген. Ақыр-соңы өзіміз өмір сүріп отырған планетаны тауып, Жерден біржола көшкен… тарихи деректерге қарағанда, олар Жерде мұз дәуірінің болатынын алдын-ала сезіп, көшкен…”

Шұғылаға келген экипаж, міне, осыны біледі. Біледі де, кері қайтады. Келсе бұрынғы елінің орыны жоқ. Оның есесіне бір топ адам кемені қоршап алады. Олар да өздері тәріздес жерліктер екен. Планетаны мұз қаптағанда, Кит шоғырына үдере көшкендер көрінеді. Біздің кейіпкерлер де соған бет алмақшы. Міне, осы.

Әңгіме бірқыдыру дұрыс шыққан. Алайда авторға жауап беруі екіталай сұрақтар қойсақ деген ойдамыз. Біріншіден: Жер өкілдері Шұғыла планетасына не үшін барып жүр? Барды, көрді. Бітірген түгі жоқ. Қайтты. Екіншісі: оралғанда өздері біліп жарытпайтын төбешікке қона салады. Қаншама жұлдыздарды аралап, дін аман қайтқан экипаж өзінің Жерін ажырата алмағаны ма? Автордың өз еркі, бірақ, оқырман мүндай уәжге сенбейді ғой. Үшіншісі: кемедегілер Жерге қонғаны сол, онда кездескендерге: “Ұрпақтарымыз Кит шоғырына көшіп кетіпті. Біз енді соларды іздеуге ұшамыз. Ал, жақсы! Сау болып тұрыңдар!” – деп қолдарын бұлғайды. Жүніс осындай, ұсақ-түйек көрінетін (бірақ, олай емес) детальдарды көзден таса қылып, жіберіп алмаса…

Әңгімелеп отырған автордың “От-тас” жинағындағы екінші дүниесі – “Шолпан таңы атқанша”. Мұнда Жерден адамдар барып, Шолпанға орын тебеді. Онда тұрмысқа керектінің бәрін қолдан жасайды. Бірақ ол аз екен. “Бәрібір бізге бір нәрсе жетпейді, – деп мәлімдейді теледидар хабарын жүргізуші журналистердің бірі. – Ол – Мына Шолпан таңы атқанша тастай қараңғы болып тұратын түнді жарық етіп, жастар махаббатының көркі, аққу-қаздар сайран салатын көл бетіне әп-әдемі ғана көгілдір сәуле төгетін табиғи Айдың жоқтығы!… Атомы бар, электрі бар, жасанды серігі бар – бәрін қосқанда бір табиғи Айдың орнын толтыра алмайды!..”

Көпшіліктің осы талап-тілегін ескерген ғалымдар таяу арада Шолпанның орбитасын кесіп өтетін “Шырақ” астероидын осы планетаға жақындатып, оның табиғи серігіне айналдыруды ойлайды. Бұл пікір жүзеге асып, Шолпан серікті болады. Осы жерде автор қызықты идея тастайды: планетаны мәңгі айналып жүруі үшін астероидтың Күн жақ бетіне – антигравитациялық, Шолпанға қарайтын жағына гравитациялық қалашықтар орнатады. Солар жасанды Айдың траекториясын тұрақты қылуды қамтамасыз етеді. Автор осы тұста тапқырлық жасады деп білеміз... Осындай етек-жеңі жинақы дүниеде баспасөз конференциясы жөніндегі сюжет сәтсіз шыққан. Себебі: атағы зор журналистер оқымыстыларға балалардың сұрағын береді. Оған ғалымдар да (автор желкелеп отырғасын амал қанша!) сол дәрежеде жауап қайырады. Қазіргі оқырманды өзінен кем біледі деу, әрине, – әбестік.

“Кеңістіктегі керуен” әңгімесінде Ж. Сахиев бұрынырақта Күн жүйесінде он бір планета болған дегендей болжам ұсынады. Космостық апат турасында жазылған осы әңгіме әлгіде алғашқы екеуіне қарағанда, онша сәтті шыққан деп айта алмаймыз. Идеяға дау айтпай-ақ қояйық. Көтерген проблемасын да теріске шығармақ емеспіз. Бірақ шығарманың архитектоникасы көңілге қона бермейді. Кейіпкерлердің әрбір қимылын мықты логикамен дәлелдеп, оқырманды оған алдын-ала дайындауда да асығыстық байқалады.

…Ендігі әңгіме балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған жазушы М. Гумеровтың “Жұмбақ сәуле” фантастикалық повесі жөнінде. Кез-келген реалист жазушының дүниесінде фантастика элементтері ұшыраса беретініне ешкім таласа қоймас. Алайда, жұлын-жотасы фантастикадан тұратын жеке шығармаларда тұрмыс тақырыбының қабысып жатуы сирек кездеседі. Орыс әдебиетінде оның әдемі үлгісін салып берген Алексей Толстой (“Аэлита”, “Инженер Гариннің гиперболоиды”), Л. Леонов (“Мұхитқа жол”, “Мистер Мак-Кинлидің безуі”) т.б. ауызға алар едік. Ондайдан қазақ әдебиеті де мақрұм дей алмаймыз. Алдымызда С. Ерубаевтың “Келесі соғыс туралы”, М. Әуезовтың “Дос – Бедел-дос” тәріздес туындылары бар. Дегенмен де, қазіргі фантастикаға “тәбеті тәуір” оқырмандар үшін кітап сөрелерімізде бар дүниелер әлі де олқылық етіп отыр. Әрбір жылт еткен жаңа фантастикалық туындыларға елеңдей қалатынымыз да – сондықтан. Балаларға өзінің - тұшымды шығармаларымен жылы ұшырап жүрген қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы – Машқар Гумеровтың “Жұмбақ сәуле” повесіне көз тігуіміздің себебін де содан іздеу керек.

“Жұмбақ сәуле” повесі, негізінен – фантастикалық памфлет. Жазушының бұл ұмтылысы – он шақты фантастикалық повестің авторы, ақын Вадим Шефнердің: “Кейде фантастика элементі әлеуметтік сатираның мүддесіне қызмет етеді”, деген пікірін жандандырады.

…Автордың айтуынша, оқиға ойдан шығарылған Аран планетасында болады және осы планета аттас мемлекеттегі хикаяны суреттейді. Автор 3000-шы жылдардағы Аран мемлекетінің жай-күйіне қиял жүгіртеді. Ондағы басты мақсаты – ғылым мен техниканың ойға қонбайтын кереметтей жаңалықтарын сипаттау емес. Жоқ, М. Гумеровтың көкейіндегі нәрсе: “Өз қолынан жасалған ғажайып дүниелер ортасында саналы тіршілік иесі өзін қалай ұстайды? Жан-жағынан қоршаған тұқымдастарымен ара қатынастары қандай?” – деген сұрақтарға жауап іздеу.

Дегенмен, “Жұмбақ сәуледе” көлеңкелі тұстар да кездеседі. Бірінші әңгіме – жансыздар жөнінде. Шығарманың әу басында Аран мемлекетінен турист болып Беланға келген биофизиктің көзін жойып, соңғысы оның орнына биоинженер Земарды өз жансызы ретінде оларға жұмсайды. Содан бастап шығарма біткенге дейін, яғни Кар Биллер жынданып кеткенге дейін, қойнындағы Тира келіншегі де жансыз болып шығады. Мик мырза, Ром, дәрігер Ромул, Земардың сүйген қызы – Салла мен әйелі Ая – жансыздар. Авторға салсаң, Аран мемлекетінде жансыздар қарақұрым өріп жүр.

Екінші: кейіпкер бетпе-бет келгенде емес, техникалық аспаптар арқылы тілдескенде, бір айтқанын екі-үш рет қайталайды. Бұл әдіс – жазушы әңгімелеп отырғандай 3000-шы жылы түгіл, қазіргі байланыс құралдарында да қолданыла қоймайтын әдіс.

Үшінші: Белан елінен келген жансыз Салланы еркінен тыс генералға қосу, генералдың немере қарындасы Тирді тәңірі-жебеушіге беруден автор не ұтты? Иә, сол елдің уыздай жас қыздарын күш-билігі мол, қаусаған шалдарға беретін салты бар делік-ақ. Автор соларды, жансыздарды, үкімет билігі қолдарындағы кісілерге қосқанда, оқырман жансыздан кесек қимыл күтуге праволы болса керек. Өкінішке орай, ол жоқ.

Дегенмен, повестің басты мақсаты орындалған. Ол – қандай бір мемлекет болсын, қандай бір ғылыми-техникалық прогрестің жоғарғы сатысында да елді ел қалпында, бейбітшілік үшін күресте әдебиетіміздің де бес қаруын түгелдей пайдалана білген жөн. М. Гумеров соның бірі – фантастикалық памфлетті қолданған. Орынды пайдалана алған секілді.

Н. Кенжеғұлованың “Ізгілік аспаны астындағы үш күн” әңгімесіндегі беймәлім түпкірдің қонағы Арен Көгілдір планетаға түседі. Бұған дейінгі оның өмірлік девизі – “Сен берген сертіңе адал болуың керек. Бар мақсатың – сол үшін жаңа жерлер, тың байлық көздерін табу. Оған жеткізетін жалғыз сенімді досың – қаны қарайған қастық, қырып-жою. Ал жалғыз дұшпаның – аяушылық… Бүкіл әлемде бізден күшті, айлалы әрі қатыгез ешкім жоқ. Біз – Әлем әміршісіміз!”

Осындай сеніммен Көгілдір планетаның топырағын басқан Арен мұнда Жер өкілдерінің игілікті істер жасап жатқанының куәгері болады. Осыған дейін аяушылық, ізгілік атаулыны хас жауы тұтатын қонақ өз еліне әдемілік атаулының қандай екенін ұғындыру, саналы тіршілік иелеріне тек жақсылық қана ойлау керек деген ниетті жеткізуге асығады. Міне, сөйтіп гуманизмнің тағы бір хабаршысы ғарыш көгіне аттанады…

Осыған дейін әдемі сезімдерді өлеңдерімен, зерделі сыни зерттеулерімен, тарихи романдарымен оқырман назарына жиі ілініп жүрген Тұрсын Жұртбаев фантастикаға басқа бүйірінен келіпті. Әзірше біздер үшін бейтаныстау прозамен фантастикалық поэма жазған: “Көгілдір әлем”. Мұнда да кіндікті ой – гуманизм. Автордың басты кредосы бір кейіпкерінің мынандай сөздерінен табылады: “Адамның ұлылығы жеткен жерге залымдығы да бойлайды екен-ау. Сүт иісі аңқыған балғын тәннен қанның шып-шып шығарын ойлаған пенде бар ма? Пәк жанды қыршындар қандай қасиет жолында қырқысып, талан-таражға салынуда, қандай… – деді түтігіп”. Поэмада Көгілдір әлемге жолаушылап кеткен жеті жастың бірі (үнділік бала) американдық таным белгісі бар ғайыптан келген кемеге мініп, атом өрісін таратып, өз жолдастарына қастандық жасайды. Соның кесірінен Сұңқар туған Жеріне қайта алмай қалады. Ал аман-сау оралғандары – үнділік Капур мен американдық Ричард – өз еліндегі әділетсіздікке жаны қас болып кетеді.

Міне, өстіп, Әлемнің бір түпкірінде болуы мүмкін иттіктен Т. Жұртбаевтың ақын жаны жылап сақтандырса, тағы бір ақын Байбота Серікбаев оны қостап: “Қара Жер көп ұлынан қатер ұқты, //Көп ұлы Жерге БАҚЫТ әперіпті! //Дариға-ай, //Қандай бақыт адам үшін //ЕКІНШІ ҚАЙТАЛАМАУ ҚАТЕЛІКТІ!..” – деп толықтыра түседі. Ақынның осы үзінді келтіріп отырған “Жер шақырады” атты фантастикалық поэмасында да сол баяғы гуманизм жырланады. “Мен қазір жұлдыздарда жүрсем дағы, мақтан қылып айта аламын сол халықты!” деген жолдары тұтас шығармасының леймотиві іспетті.

…Асыл Абайдың бір әйгілі өлең жолының өңін өзгертіп айтсақ: “Қиялға әркімнің-ақ бар таласы”, – деуге болар. Нақ біздің қазіргі жағдайымызға оның міндетін жасөспірімдер атқаруға бел байлаған. Көзі қанық оқырман бір қарағанда-ақ, олардың творчествосында негізінен үш түрлі сюжет барын аңғарады. Оның бірі – ғарыштан келгендермен байланыс түрлері, екіншісі – аулақ Әлемге сапар жасау, үшіншісі – топырағымыздағы құпияларды ашудағы қиял-ғажайып уақиғалар. Олардың құлақ қақпас дәлелін “Қарауыл үңгірінің құпиясы” атты повесть-буримеден аңғара аламыз. “Біз Жыланбөктерген шоқжұлдызындағы Нұр атты жұлдыз жүйесінен келдік… Бұдан сексен миллион жылдай бұрын Жер бетінде мекендеген динозаврлардың кенеттен қырылып, жойылып кетуінен хабарыңыз бар шығар? Ғарыштан келіп түскен микроб түрлерінен бүкіл Жер бетін қаулап өскен улы өсімдіктер басып кетті. Динозаврлар сол шөптерді жеп қырылды. Біздің ғарышкерлер Жер бетіне келіп қонып, әлгі улы шөптерді түгел жойды. Бірақ белгісіз себептермен біздің бір ғарышкеріміз Жерден қайтпай қалды… Біз соны құтқаруға келдік… Осы үңгірдегі көл суы жер асты қуыстары арқылы Балқаш көлімен жалғасып жатыр. Ғарышкер дәл осы маңайда…” – дейді ғарыштан келген робот. Соны іздеу үстінде мектеп оқушылары талай-талай шытырман, фантастикалық уақиғаларға душар болады. Газет оқырмандары – балалардың өздері сюжетін онан әрі бірінен соң бірі жалғастырып жазған бурмие-повеске республикалық “Қазақстан пионері” газеті 1981 жылдың тамызы мен 1982 жылдың шілдесі аралығындағы жеті санында орын берген. Онысын тек құптау қажет. Бұл жасөспірімдердің қиялын қамшылауға сөзсіз септігін тигізеді. Ал ұжымдық шығарманың идеясына келетін болсақ, оқырманға, әсіресе, жылы ұшырайтын тұсы – кейіпкерлерін “өздері көріп-білмеген жер түбіне жібермей, осыдан сексен миллион жыл бұрын көзі жойылған динозаврды мына тұрған Балқаш төңірегінен іздестіріп көрген артық болмас” дегендей ой тастауы. Бұл – оқушыларды өз топырағында туған, бірақ күні бүгінге дейін елге мәлім емес құбылыстарды зерттеуге итермелейтіні хақ.

Оған осы жағдай ұлы қиялгер-жазушы И.А. Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романына барар жолда” атты мақаласынан: “Уақиға болатын жер мен уақыттан ауытқу, әсіресе, қиялгерге жайсыз тиеді”, – дегенін қайтадан есімізге алдық. Кеңес фантастикасының негізін салушы мұнымен не айтпақ еді? Оның көкейіндегісі – автор қаншама қиялдана берсін, бірақ оның туған планетамызға, адамзатқа қатысы болмаса – құны шамалы.

Жасөспірімдер творчествосындағы фантастиканы шартты түрде бөлген үш саламыздың бірі – басқа планетадан келгендермен арадағы байланыс. С. Ынтымақованың “Тосын қонақтар” әңгімесінде жас автор өз қиялын қазіргі халықаралық жағдайға орайластыра алған. Жерге қонған жат жұрттық Аспан денесі біздің Серік деген балаға былай дейді: “Қазір Жерде жинақталып отырған аса қауіпті ядролық соғыс қаруларының шамадан тыс көп өндіріле бастауы қатер төндіріп отыр”. Келімсек планетамызды құтқару үшін “бізде бар адам өмірін ажал тырнағынан арашалап қалатын және оның өмірін мәңгілікке тұрақтандыратын шөп тамырларын” алуға келгенін айтады. Сонымен, болашақта адамзатты апаттан арашалап қалатынын білдіреді.

Түрі басқа, тілі басқа болса да, біріне-бірі игілікті іс жасауға дайын саналы тіршілік иелері турасындағы жаңағыдай фантастикалық идеяларды Ә. Қыдырбековтың “Жердегі кездесулер”, С. Құсайынованың “Көмекке келген адам”, осы автордың “Аспан планетасындағы қыз” т.б. әңгімелерінен байқаймыз.

Ендігі бір тақырып – сырт Әлемге сапарға шығу, барлау. Жастарымызды бұл да кем толқытпайтын тәрізді. Мұны Қарлығаш Мыңжасарова “Цингара планетасының макеті” әңгімесінде өзінше ерекше тауыпты. Геолог әкесінің қобдишасындағы жасыл тас әлгі беймәлім (Цингара) планетаның макеті көрінеді. Ол жөнінде келімсек қыз Алифорта: “Сендер қобдишаны ашқан кезде, жасыл тас біздің қолымыздағы екінші жасыл тасты өзіне тартқанда космолеттің еркі қолымыздан шығып кетті”, деп түсіндіреді. Цингарадағы роботтар баскөтеруінен қашқан Алифортаның туыстары басқа планетаға сапар шегеді. Жас автордың өз туындысын былай аяқтауына қосымша ештеңе айта алмаймыз: “Оның көздері жасаурап кетті. Цингара планетасын, Алифортаны екеуміз де аяп келе жатыр екенбіз ғой…” Әдемі!

“…Ғаламдағы планеталардың барлығы да қос-қостан жаратылған. Олардың бірі дүниенің бір түпкірінде де, екіншісі Сатурнда кішігірім күйінде сақталынады. Ол құпияны біріншілері білмейді, әрине… Планеталар музейін бөгде жандар көріп қоймау үшін Сатурнның сыртына ақ тұманнан сақина салып қойғанң. (Бұл идея әлі күнге дейін ересек қиялгерлердің де ойына келіп көрмеген-ді). Міне, Анаргүл Қашағанованың “Қиялшыл баланың ақ боз аты, күміс күймесі” әңгімесіндегі басты айтпағы – осы. Мұнда да бас кейіпкер келімсектермен ілесіп Сатурнға кетеді. Шығармадағы біршама сәттерді балаларға тән қиял есебінде қабылдауға тиістіміз. Мысалы: космостан күміс күймені сүйреткен ақ боз аттың келуі, жұлдыз жолымен барып Сатурннан бір-ақ шықпақ ниеттері т.б. Әрине, аталмыш планета біздің Күн жүйемізде болғандықтан, әлгіндей бұрылыс траекторияға түсудің қисыны келмейтіні бесенеден белгілі. Алайда, автордың бөтен планеталардан келгендерге жат көзбен қарамай, бауыр баспақ ниеті ұнайды.

…Екі бала Жартасты деген биік шыңға өрмелейді. Кенет, жолда адам ұсқынындағы бір топ жан иелері тік жартастың құлама бетін үңгіп жатқанын көреді. Бір сары құтыдағы дүниелерін әлгі үңгірге тыққыштаумен жүрген олар да көлденең көзді байқайды. Олар қаладан келген Арман мен осы ауылдың жергілікті баласынан секем алады. Дегенмен, аудармашы аппарат көмегімен Арман келімсектердің пікірлерін аударады. Өздері Галактиканың арғы түпкіріндегі Ақ және Қара деген қос планета тұрғындары екенін; ол мекендерінде кейбіреулердің шығарған соғыс жанжалы салдарынан космос тасқыны басталып, өздері бас сауғалап, тұс-тұсқа қашқандарын; таудағы үңгірге тасып жатқаны - өздеріне қажетті “өмір шырыны” екенін айтады. Осы “Қос планетадан келген сары құты” әңгімесіндегі Жер тұрғыны, басты кейіпкер – Арман қауіп төнген қос планеталарға көмекке солардың өкілдерімен ұшып кетеді. Ғалия Құлжанованың 8-сыныпта оқып жүргенде-ақ қаламынан туған әңгімесінен жалпы тіршілік иелеріне деген уыз махаббатын, шынайы гуманизмін сеземіз.

Үйге берілген тапсырма сабақтарын орындай салысымен, жалма-жан қолына қалам алып, фантастикада өз бақыттарын сынамақ болған осы балғын жастардың тұңғыш туындыларында жалпылама ұқсастықтар байқалып қалатынын жасыра алмаймыз. Олар, әсіресе, Жер планетасына түскен қонақтармен жерлестеріміздің кездесуі тәріздес ситуацияларда белгілі дәрежеде қайталаулардан көрінеді. Дей тұрғанмен, әр әңгіменің аяқталуы бөлекше болып келетіндері балалардан алда ауыз тұшырлық дүниелер күтуге сенім тудырады.

Көлемі шағын осы бір шығармаларды оқып шыққанда, адам қызықты бір қиял дүниесіне еніп кетеді. Өзіне бұрыннан таныс константтардың шекарасы кеңи түседі. Адамның қиялы ұштала, үшкірлене түседі. Ал біздің ғылыми-фантастикалық әдебиетіміздің бір мақсаты – оқырманның дүние танымын кеңейтіп, ұғымын байыту және қиялына қанат бітіру болса керек.

Сонау галактиканың түпкір-түпкірінен қиялгерлер тек қана ғарыш зымырандарын “келтірумен” тынып отырған жоқ. Мына аспаннан бізге беймәлім заттар түсуі мүмкін-ау деген ой да жазушыларымызда жоқ емес. Соның бір мысалын алайық.

…Жалпы әдебиет атаулы жеке-дара адамның “басыбайлы” тірлігі болса керек. Алайда біреу-міреудің “қамшылауымен” және топ-топ авторлардың арқасында туған әдеби-көркем дүниелерді де тарих біледі. Соның қазақ фантастикасындағы тұңғышы – “От-тас” фантастикалық повесть-буриме. Жеті қаламгер “ортақтасқан” аталмыш повесть-бурименің өн бойынан жалғыз-ақ объект көктей өтіп жатады. Ол – кәдімгі «қарапайымң бір тас. Алайда, Нұрлытөбеге ертеректе бұлтсыз, ашық аспаннан тапа-тал түсте жауған, Қосай-ата айтпақшы “үлкендігі асықтай” от-тас сол қуаң жерге үнемі нұр жауғызады. Келесіде “жұдырықтай аппақ тас” теңіз түбіне түссе, су асты әлемінің у-шу дыбысын басатын қабылетін байқататын көрінеді. Үшінші сәтте “түйенің топайындай ғана осы жылтырауық тас” он тоннадай минералдық тыңайтқышқа тати алатынына көз жеткізді. Повесть-бурименің одан кейінгі тарауында осы идея мүлде басқаша фантастикалық түрге айналып кетеді. Сөзді сол тараудың авторы М. Тоқбергеновке берейік: … “От-тас” деп жүргеніміз – әзірге ғылымға беймәлім системадағы планеталардың бірінен келген бөлшектер… Біздің Сатурн планетамыздағы сияқты белгісіз планетаның сақина серігі болғанға ұқсайды. Әлдеқандай төтенше күштің әсерінен сақина-серік кенет бағытын өзгерткен. Жүздеген, әлде мыңдаған жылдар бойы бейтарап ағындап жүріп, ақыры Нұрлытөбеге келіп құйылған. Жерге қуатты күшпен келген ағын планетамыздың терең қабатына барып тұнған. Суынып тасқа айналған. Міне, осы тас бірнеше жылдар бойы жатып, ғарыштан ағындап келіп жататын нейтрино сәулесімен құнарланған… Әбден қаныққан тас өзінің ежелгі қасиетіне ие болған. Яғни, Күн ядросындағы орасан күшті қызуды өз бойына жинаған. Содан келіп Жер астында космостық плазма табылды”.

Міне, байқадыңыздар ма? Бір кезде жауын-шашын кейпінде Нұрлытөбеге жауған, оның “туыстасы” теңіз түбінің шуылын жойған кәдімгі тас енді мүлде басқа, ойда жоқ идеяларға итермелеген. Фантастикалық шығармалардың басты миссиясы да осындай болуы тиіс. Күнделікті көріп, үйреншікті, заңды нәрсе боп, “адам еті үйреніп” кеткен дүниелерден оқшау бірдеңелер қарастыру осындай қызғылықты қиялдар тудыра алатыны үшін ғана фантастиканы пір тұтып, құрметтесек керек!..

Осы ғарыштық фантастикалық тірлігіміздің “жүріс-тұрыс алаңы” қылғанымызды жоғарыдағы талдаулардан байқауға болады. Осы жерде бір нәрсенің басы ашық: қазақ қиялгерлерінің бір де біреуі космос фантастикасына соқпай өтпеген көрінеді! Демек, ғарыш – қиялдың “қара шаңырағы”!.. Бірақ та соңғы кездері тағы бір тенденция байқалатын секілді. Ол – біздің қиялгерлеріміз қазірде сол алғашқы онжылдықтардай емес, енді Жер планетасына қарағыштай беретін түрлері бар. Өздерінің кіндік қаны тамған Жердің қам-қаракетіне араласуды бара-бара үдетіп келе жатқан секілді… Осындай бетбұрысты қазіргі орыс фантастикасында алғы сапқа шығып үлгірген қиялгер Кир Булычев те (шын аты-жөні – Игорь Владимирович Можайко, тарих ғылымының докторы, Ресей ғылым академиясы жанындағы Батыстану институтының ғылыми қызметкері) байқап қалған көрінеді.

“Космосқа қызығушылық – енді бұрынғы саты. Ол 70-ші жылдары өткен-ді. Ол кездері әлі де кенет Марстан немесе Шолпаннан тіршілік нышаны табылатын шығар, әлде ұзамай Күн жүйесінен шығып кете алармыз деген алдымызда үміт бар еді… Сексенінші жылдары ғарыш тақырыбына деген ұмтылыс саябырсығанын естеріңізге түсіріңіздерші. Мұндай жағдай қиялгер-жазушылардың шығармаларынан айқын көрінеді: ғарыш екінші қатарға ығыстырылып қалып, оның орнын генетика мен биология жайлауда. Ғарышқа деген қызығушылық тек ерекше бір жаңалық не уақиға болған жағдайда ғана қайтадан жанданар. Әзірше біз әлі космоспен “істеспіз”. Ал, ол мұндай күйінде кісіні қызықтырмайды” /Московский комсомолец. – 1991. – 18 ақпан/, – деген ол “Лондон жылқы қиына қалайша көмілмей қалған” аталатын полемикалық мақаласында.

Былайша қарағанда, Жерден алшақ жатқан “ғарыштық қиял” жөніндегі ой-пікіріміздің қорытындысында талай елге танымал ақын Қайсын Құлиевтың бір ұтырлы айтқаны. “Жұрт не ойлап таппасын, нендей жаңалық ашпасын, қайсыбір планетаға барып түспесін, бәрі бір Жер біз үшін адамның бесігі боп қала береді. Онсыз астронавт та, ғарышкер де жоқ… Жер – біздің ортақ шаңырағымыз. Оған деген махаббатта шек болуы мүмкін емес. Оны қаншама рет жырға қосқанмен, ол художник үшін мәңгі-бақи шабыттың түгесілмес бұлағы болып тұра береді. Нағыз художник әр кезде де Жермен, яғни өмірмен тілдеседі. Асқақ ойдың бәрі соған деген махаббаттан туады” /Литературная газета. – 1969. – 13 желтоқсан/.

Қазақ қиялында бәрінен бұрын ғарыш зымырандарының “жолы болғанға” ұқсайды. Иә, оның да жөні бар. Өзі болжал болғасын, оның үстіне қазіргі аспан әлеміне қадам басқан сайын қарапайым адамды көзіміз көріп отырғанда, планета аралық “жүрдек кемелер” турасында ғылыми-фантастикалық идеялардың көптеп айтылуы таңқаларлық ерекше уақиға болмаса керек. Бұл - қазірде қиялмен аяқ артар көлік жасау оп-оңай болып, бағасы арзандап кетті деген сөз емес. Бұл – космогония саласындағы бүгінгі жетістіктеріміз жазушылар қиялын байыта түсті деген сөз.

Космос авиациясы, космос навигациясы қиялдан күнделікті өмірімізге көшкен қазіргі заманымызда біздің конструкторларымыз нақтылы істер жасауда. Олардың ішінде қазақ әдебиетінде космос кемелері, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялар көбірек және жан-жақты көрініс тапқан. Мысалға космос көліктерін алайық. Қазақ қаламгерлерінің қиялы ол кемелерді әр шығармада әр түрлі ғып сипаттайды.

“Қарасам, отыз метрдей жартасты дөңеске бір үлкен доп-домалақ қара бұлт қонақтап жатыр екен. “Бұлт” дейтін себебім, оны басқа ешнәрсеге жорый алмадым. Ені он бес-жиырма метрдей өзара түйіскен екі табақ сияқты… Қатты дене дейін десем, ол толықсып, біресе көлбеп, ешбір дыбыссыз қалықтап тұр. “Табақтың” орта шені қою бояулы да, шет-шеті күңгірт тұмандау. Қою бояудың формасы да кіші-гірім табақ сияқты. Үңіле көз алмай қарап тұрып, ғажап бұлттың ортасында қатты деуге тұрарлық дене бар-ау деген жорамалға келдім. Өйткені: табақтың шет-шетіндегі сұрғылт нәрсе ұйытқып, құйындап ішкі табаққа үйіріле қайта теуіп тұрған ауа ағыны сияқты”.

Бұл – Т. Сұлтанбековтың хат түріндегі космос кемесі. Жазушының қиялынан туған ерекше “конструкторлық шешім”. Ештеңеге ұқсамайтын осындай кеменің сұлба-кескінін бергеніне біз қуана отырып, бір нәрсеге тіксіне қарауға мәжбүр боламыз. Онысы – автор осы ұтымды табылған бір болжамын басқа шығармасында тағы қайталайды. “Аспан денесінің түр-формасы бір түрлі ғажап. Ол сай табанына жақындағанша сан рет құбылады. Біресе сүйірленіп, біресе көлбеп, сынапша толқиды. Ентігіп дем алғандай сусып созылып, бірде жіңішкеріп кетеді. Бірте-бірте ол қанатын жайып барып жерге қонды. Оның өзінде де тиянақ таба алмағандай лықсып толқып, тіпті орғып тұр. Мұның аспан әлемінің бір түпкірінен келген кеме екендігі шүбәсіз болды”.

Рас, келешекте кемелердің осындай “маркалары” қазіргі автомобиль жасағандай стандартты болар. Кеңістік әлемінің түпкір-түпкірінен бізге деформацияланған кемелер де келуі мүмкін. Біз ондай идеяларға қарсы емеспіз. Бірақ та “Хат” новелласында сәтті тапқан идеясын, екінші “Жұлдызат” туындысына сүйрелеп тыққыштағанын онша құптамаймыз. Оның есесіне “анау айтқан” әдемі болмаса да, тек басқа күйдегі ғарыш кемесін ұсынса, оқушы қауымның қиял көліктері жөнінде алған ақпараттары байи түсер еді.

Жазушы Т. Шаханов Водолей шоғырындағы Алиамма планетасынан Жерге сапар шеккізілген. Ол көз өз бойынан нейтрино таратады. Жердегі зертханада отырған кісіге өз планетасын көрсетеді. “Тірі көз” тәріздес болжал ой айтуға біз қарсы емеспіз. Алайда ол не? Планета тұрғындары жасаған ұшу аспабы ма? Өз планетасында отырып алып, хабар бере берсе, оның несі ғарыш кемесі? Ал корей қызы сұрағандай, галлюцинация (дұрысырағы – телепатия болса керек) процесін бастан кешірсек, “тірі көздің” өз денесінен нейтрино тарататыны қалай? Оқырман үшін осы түсініксіз. Автор “тірі көз” идеясының өзара бөлек-бөлек екі шешімін қосарлап бір жерге тоғытпай, біреуіне тоқталғаны орынды еді. Яғни, “тірі көз” телепатия әдісінің жемісі болса, оның өзінің ерекшілігі айтылса. Немесе ғарыш кемесі екен дейік. Сонда оның басқа толып жатқан зымырандардан бөтен-бастақ нендей артықшылық, кемшілігі бар? Міне, осындай нәрселер суреттелсе, біздің ғылыми ғарыштық фантастикаға тағы бір ұрымтал идея қосылып, оқырман халық ұтыс табар еді.

Қазақ әдебиетіндегі адамзат қолынан жасалған, Жер планетасында туған ғарыш кемелері молынан кездеседі. Оның көп болуы да заңды. Себебі: бір алуан шығармаларының қаһармандары Жердің озық өркениетті, осында салтанат құрған асқақ идеяларын тарату үшін немесе Әлемнің “ақтаңдақтарын”, ғылымға бұрын-соңды белгісіз жұлдыздар жүйелерін ашу үшін тағы да басқа ізгі ниеттермен Аспан әлемінің түпкір-түпкірлеріне сапар шегеді. Екінші біреулері Жерден безіп немесе қарақан қу басына пайда іздеп кіндік кескен планетасынан қол үзіп кетеді. Осылардың бәріне де қажетті ғарыштық жылдамдық ала алатын космокөліктер керек. Олар қандай болуы тиіс? Міне, осы жалғыз сұрақ әр автордың қиялына сан алуан міндет артады.

Т. Сұлтанбеков үшін “Тұңғиық” жұлдыз жүйесіне сапар шегіп қайтатын ”Байқоңыр-12” ғарыш кемесінде міндетті түрде автоғарышкер тартылыс күшін өлшейтін гравитомашина, жанды денені қабатын биомагнит, электронды телескоп, электрондық ми, атом зеңбірегі, сәуле семсері бар. Ғарыш кемесінің бұл атрибуттары басқа жұлдыз жүйесіне достық ниетпен барған оқымыстылардың опат болмауына көмегін тигізеді.

Ғ. Жұмабаевтың “Өлмес өмір жұлдызы” атты ғылыми-фантастикалық әңгімесінде де адамның өзі жасаған кеме өзіне қызмет етеді. Рас, кемені “қатты, сұйық денені, дыбысты, сәулені өзіне тартып алып, еріксіз бір планетаға қондырады. Айырықша сезімтал шыны, уран, германий, радий, плутоний және ошаний элементтерінен тұратын жұлдыз планетасына Кеңес ғарышкерлері өз кемелерімен жету үшін “екі жүйе” аралығындағы корпускул тұманының қалың қабатын жарып өтетін инфракрасрентгено-ультрадыбыс қоспасын қаптайды. Сөйтіп, Оптика жұлдызының планетасынан бүкіл адамзаттың мәңгі өмір сүруіне жететін елу миллион өлшемді ошаний элементін алып қайтады”.

Біз осында тырнақшаға алып отырған автор сөзіндегі онша көңілге қона қоймайтын келеңсіз тізбектерді екінші дәрежелі-ақ нәрсе деп есептесек, алдыңғы қатарға кеме, адамның ақыл-ойы жасаған кеме шыға келеді. Байқайсыз ба, Жер ғарышкерлері ғарышта қаншама соқтығыстарға ұшыраса да, қайтар жолда елге жетер-жетпесі екі талай екенін білсе де, өз көліктерін басқа планетада қалдырып кетуге көздері қимайды. Өздері тәжірибе жүзінде тексеріп, беріктігін анықтамаса да, Оптика елі тұрғындарының қоспасын кемесінің сыртына жалатып, ауылға тартып тұрады. Бұл – адамзаттың өз қолынан шыққан мүлкін қастерлей білетін қасиетін айғақтайтын момент.

Біздіңше, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялардың жұмыс процесі үш сатыдан тұрса керек. Бірінші саты – Жердің тартылыс күшін жеңіп шығып, тиісті объектісіне жету; екіншісі – сол объектіден кері қайту; үшіншісі – Жерге қону. Бір қызығы қазақ қиялгерлері соның үш сатысы турасында да өз идеяларын ұсынған.

Ақын А. Сопыбековтың “Айға сапар” атты фантастикалық поэмасында Жерден көтерілген кеме былай суреттеледі: "Бұрқырады ақ жалын, //Кнопкасын басқанда. //Көрмей қалдым ар жағын, //Тік атылдық аспанға. //Аппақ жалын бұрқырап //Қалып кетіп барады. //Ал корабль зырқырап //Алып кетіп барады".

Мұнда поэманың кейіпкері тек иллюминатордан ғана қарап, сонан көргенін жырлап отыр. Шынында да Жерден “өкшесі көтеріліп” ұшып шыққан зымыранның соңында ішіндегі жолаушы үшін солай болып көрінуі әбден мүмкін. Бұл – автордың кемені бүге-шігесіне дейін сипаттауға барғысы келмегендегі қолданып отырған әдісі. Сондықтан болар, осы поэмадан ертерек жарық көрген М. Рашевтің “фантастикалық” поэманың үзіндісінде де: «Космонавт кемеге енді өзі бастап. //Пилоттар жалт қарады назар тастап. //Снарядтай сүйір кеме көкке атылды //Қалдырып жүректерге сезім асқақ” деп өте шығады.

Бір өкінерлік жәй – ғарыш кемесінің Жерден ұшқаны жөнінде дәйекті жазылған эпизод прозада да жарытымсыз. Тіпті есте қаларлығы жоқ деуге болады. Бұл – бір жағынан кемістік. Екінші жағынан бұл кемістікті ақтап алуға да мүмкіндік бар сияқты. Оның басты себебі – өзіміздің озық заманымыз.

Жұрт үшін 1957 жылға дейін Жердің тартылыс күшін жеңуге ұмтылудың өзі қиял еді. Кенет конструкторлар мен инженер-техниктер 86 килограмдық шарды Жер төңірегіндегі орбитаға шығарғасын, қиялгерлер үшін планетаның тартылыс күшін жеңу арман болмай қалды. Қай кезде де уақиғаның, құбылыстың алдында жүріп үйренген сол қиялгер қауым ғарыш стартын “қолдағы нәрсе” деп ойлап еді, енді ұзақ сапардан оралғанда, қалай аман-есен қону жағын қарастыруда. Ғарыш кемесінің Жерге қонуы. Бұл мәселе тұрғысында қазақ авторлары көптеген ойлар ұсынды. Солардың арасында біреуі басқаларынан бөлекше шешім тапқан.

…Көптеген жылдарға созылған планета аралық сапардан “Арман” кемесі оралады. Бірақ Жерге тақалғанда, қона алмай, айналып ұшып жүре береді. Оны өзіне тартатын планетаның күші жоқ. Не істеу керек? Осылай бола берсе, кеме Жердің мәңгілік серігіне айналуы мүмкін. “Кенет корабль не қозғалу бағытын өзгерткендей, не болмаса құлау шапшаңдығы бәсеңдегендей болып, онсыз да қабырғаға қабыстырып тастаған ерекше салмақ бір сәт ауырлап барып, ізінше ғайып болды: аяқ-қолымыз ербеңдеп төртеуіміз де қалықтай жөнелдік. Салмақсыздық! Талай рет кездескен ескі таныс қой – бұл. Бірақ қазір, дәл қазір… Ештеңенің байыбына барып ойлайтындай болғанымыз жоқ, төртеуміз де құлап түстік…”.

Ш. Әбдірамановтың “Уақыт ұтқандар” әңгімесіндегі бір зымыраны осылай қонады. Мұның басты себебі – гравитация. Ғылым мен техниканың жетістігі арқасында, автордың қиялымен ХХІІІ ғасырда адамзат Жердің тартылыс күшінің билігін өз қолына алады. Сол тартылысты уыстан шығармай кісендегендіктен алғашында “Арман” қона алмайды. Сосын Жердегілер кемеге қарай гравитациялық өрісті бағыштайды. Сонда космос кемесі қона кетеді.

Қашық планеталардан келген кемелердің Жер төңірегіндегі бекеттерге қону немесе көп сатылы тежегіш зымырандардың көмегімен ғарыш алаңға қону тәріздес ұсыныстар қазірде қиялдың монополиясынан шығып, конструкторлар бюросында есептелуде. Ал, гравитациялық өрісті нақтылы есепке әзірше ешкім алған емес. Сондықтан да жазушының идеясын құптауымыз тиіс.

“Космос тақырыбы – ғылыми фантастикада” тақырыбын тиянақтай келгенде, академик В.Г. Фесенковтың “К.Э. Циолковскийдің ғылыми-фантастикалық шығармалар жинағы хақында” атты мақаласында: “К.Э. Циолковскийдің ғылыми-фантастикалық еңбектері жинағының мазмұны, түйіндеп айтқанда, кереметтей қызықты және тіпті тартымды… Космосты игеру көптеген ондаған жыл бұрын ғажап көрегендікпен Циолковский мегзеген бағыттармен жүргізіліп келеді. Сондықтан, қазіргі заманда оның айтқандарының басым бөлігі мақұлдануы мүмкін болмағанмен, өзінің армандарында, ғылыми-фантастикалық туындыларында космоса тіршілік құра бастады” /Путь к звездам. – 6 б.], – дегенін қазіргі қазақ қиялгерлерінің бірталай шығармаларына да телуге болар деп есептейміз.

Тарауды қорытындылай келгенде, қарастырған жанрымыздың осы уақыт арасында “маңдайына жазған” елеулі өзіндік сипат алғаны байқалады. Сондықтан да осы тұстарда біздің дүркіндік баспасөзде немесе түрлі-түрлі жинақ, жеке авторлардың кітаптары күйінде жарық көрген ғылыми-фантастикалық дүниелер “өзіндік ерекше тұрпатты” теориялық тұрғыдан пайымдауға мүмкіндік береді. Біздің зерттеу объектіміздегі осы саланың бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан кезеңіне ой тастасақ, жанр дамуы әр түрлі өзгеріс-құбылысқа түсіпті. Ол құбылыстар, бәрінен бұрын, әр жылдарда белең алған тақырыптарға байланысты болып келеді. Ал, “тақырып қозғау” проблемасы, өз кезегінде, фантастикаға “бой ұрған” авторлардың мамандықтарына, біліктілігіне де қатысты екені белгілі. Атап айтсақ, ХІХ ғасырдың екінші жартысында ҒФ басталған кезеңде геолог, инженер, физик, химик тағы да басқа нақтылы ғылым мамандарының келуі әдебиетіміз үшін оригинал шығармалар туғызды. Бәрінен бұрын тұңғыш “ғылыми-фантастикалық” деген грифпен кітабы шыққан ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А. Машанов өз оқырмандарын геология, минерология әлеміне алып кететін (атынан-ақ белгілі) “Жер астына саяхат” жасаттырды. Тағы бір автор – негізгі мамандығы – геолог, “әп” дегенде қиялгер-жазушы есебінде көлемді “Ғажайып сәуле” әңгімесімен көрінген М. Сәрсекеев те өзіне етжақын жоғарыдағы объект – жер астынан кен өндіру тақырыбына қызықты, шытырман уақиғасы мол “Көрінбестің көлеңкесі” повесін жазды. Сосын, арасына аса-көп уақыт салмай, электр қуатын ауа арқылы қалаған жеріне жеткізе алатын аппарат идеясын болжалдаған, көлемді “Жетінші толқын” повесін дүниеге әкелді. ҒФ-ның “әлемдік стандартына” алғаш қадамдар жасай бастаған, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы Қазақ политехникалық институтының түлегі. Ш. Әбдіраманов (мұның да мамандығы – геолог) та негізгі желісін өзіне жақсы таныс ғылым саласында қалам тартумен творчестволық жолын байқатқан-ды. Оның сол тұстары шыққан “Көрінбес қорған” жинағы, кейінірек “Әл-Фараби көпірі“ және “Әл-Мисақ” кітаптарының негізгі желілері геология мен техника проблемаларын “фантастика призмасына” салады. Сол романтикалық геология мамандығының бір иесі – С. Қышқашевтың “Таң арайлап келеді” жинағын жүзеге шығарған тұсы осы кездері еді. Келтіріп отырған авторларға қарап, “қазақ фантастикасы өзінің кемелдену кезеңінің алғашқы жылдарында тек қана геология тақырыбымен “күнелткен” екен, оның тірегі геологтар болған көрінеді” дегендей әнтек пікір тумаса керек.

Қазақ ҒФ-сының өрлеуіне басқа да “нақтылы” ғылымдар өкілдері де атсалысты. Мәселен, мамандығы – физик, қазірде физика-математика ғылымдарының докторы, Р. Баймаханов “Шайтанқұмда жоғалған бала” және “Қаратауға қонған жұмбақ кеме” жинақтарын шығарды. Инженер Р. Бектібаев өзінің “Нейтроит”, “Ионосферадағы алаң”, “Происшествие в день отдыха” және “Қайта оралған Қорқыт ата” кітаптарымен ғылымның физика, химия, астрономия т.б. салаларында озық ойлы болжам идеяларын детективті көркем мәнермен беруге ұмтылды. Ол талпыныстары көптеген тұстарда ойдағыдай боп шығып жатқанын да айта кеткен абзал. Алғашқы онжылдықтарда медициналық қиял да “құралақан” қалған жоқ. Оған медицина ғылымының кандидаты С. Ғаббасов “Кәусар” атты ғылыми-фантастикалық романымен өз үлесін қосты. Аталмыш көлемді шығармада адамзаттың өмірі мен тұрмысын биологиялық тәсілмен түбірімен жақсарту мәселесі көтеріледі. Өз мамандығы астроном болғанмен, биология проблемасына С. Исақов та көбіне-көп “алаңдаушылық білдіреді”. Мұндай пікір айтуымызға автордың “Белгісіз аралда болған оқиға”, “Қызыл сәуле” және “Ақталған үміт” атты ғылыми-фантастикалық повестері түрткі болып отыр. Бұл туындыларында қиялгер алда күтіп тұрған қыруар да адам ойына келе бермейтін тосын жаңалықтарын ҒФ әлеміне әкеледі...

Сүйтіп, аталмыш “толқын” жанрда ҒФ-ның алғаш бет-бағдарын белгіледі деуге болар. Олар творчестволарының басым бөлігі Жер планетасындағы болашақтың ғылым идеяларын өз шығармаларында негізгі проблема, басты желі етіп алған-ды. Алайда, сол тұстағы авторлардың ғылым мен техниканың келешегін болжалдаған шығармаларынан, әсіресе орыс әдебиетінде осы тақырыпты көтерген кейбір дарынсыздау қиялгерлерінің солғын туындыларына еліктеген сәттері де ұшырасады. Ондай сәттерге зерттеудің өн бойында пікір айтылды.

Дегенмен де, А. Машановтан басталған сол ҒФ-ның басым көпшілігі өздерінің басқалардан ерекшеліктерімен көз тартады. Яғни ол дүниелер, бәрінен бұрын, фантастикалық ғылыми идеялар қазақ халқының мінез-құлығымен, бұрынғы өткен тарихи жолының ғылым саласында алдағы уақыттарда творчестволық заңи жалғасы есепті оқырман тарапынан түсіністікпен қабылданатыны күмән келтірмес деп түйіндейміз.

Бұл, жоғарыда аттары, шығармалары, қозғаған тақырыптары, ұсынған идеялары сөз болған авторларға қарап, “қазақ фантастикалық әдебиетінің қазіргі кемелдену кезеңінің негізін тек ғана нақтылы ғылым мамандары салған көрінеді” дегендей түйіндеу жасалмағаны жөн. Өйткені, тап сол тұстары әлгі геолог, механик, физик, химик, медик т.б. мамандармен бірге-қатар әдебиетшілер де, журналистер де атсалысқаны – ақиқат.

Солардың алдыңғыларының бірі – әдебиетші Т. Сұлтанбеков. Оның “Көшпелі алтын“ және “Лұхман Хакім” ғылыми-фантастикалық кітаптары, сөзсіз, біздің фантастика шаруашылығымызда өзіндік елеулі орнын алуы тиіс. Автор не астроном, не физик, не медик тағы басқа да мамандық иесі болмағанмен, сол салаларда кенеттен, оқшау ой айта білетін. Оның алғашқы “Көшпелі алтын” кітабының аннотациясында: “Әңгімелерінің негізгі тақырыбы – табиғаттың құпия сырын ашу, оны адам санасына бағындырып, адам баласының игілігі үшін қызмет еттіру. Адам организміндегі физиологиялық процестердің жұмбақ сырын ашу”, – десе, келесі “Лұхман Хакім” туындысының аннотациясында: “Бұл кітабындағы әңгімелерін де Талап әртүрлі тақырыптағы ғылыми фантастикаға құрған”, – деп бағалайды. Ізденуші осы пікірлерге қосылады.

Қазақ фантастика жанрының активіне енген қиялгер-жазушы Ш. Әлімбаев творчествосының барлығынан дерлік өз ұлтының характері бірден көзге ұрса керек. Оның көлемі жағынан әр түрлі болғанымен, “Данышпандық субстанциясы”, “Данышпандық альфасы” және “Данышпандық формуласы” атты толыққанды трилогиясы да қиялға құрылған ғылым идеяларын пәш етеді. Өмірден ерте кеткен қиялгер-жазушы Т. Шахановтың “Көгілдір мұнаралар” және “Жоғалған жәуһар” кітаптары да кісілікті, мейірімділікті, мархабаттылықты ту ғып көтереді. Бұл дүниелердің біріншісінде адам қолынан туған роботтар алғашында өктемшілік қылғанмен, ақыр-соңында өздерін дүниеге әкелген саналы тіршілік иелерін мойындап жатады. Екіншілерінде космостың бір түкпірінде планетаға төнген ажал қаупінен Жер планетасының азаматтары құтқарып алып жатады... Аталмыш автордың бұлардан да басқа туындыларына жасалған талдауды осы тараудың өн бойынан ұшырастыруға болады...

Мамандығы – журналист Ж. Сахиевтің екінші “Борыш” ғылыми-фантастикалық кітабына “Қайырлы қадам” деп тақырып қойып, жазған алғысөзінде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А. Машанов: “...Жүністі қазақ халқының адамдық рухани қасиеті мен озық ойын халықаралық аренада таныта алатын жазушы деп білемін”, – деген-ді. Өзі де қазақтың тұңғыш қиялгер-жазушысы саналатын, шынайы оқымысты А. Машанов тегін айтпаған болса керек. Осы пікірдің ақиқатқа тақаулығын аталмыш автордың “тұңғышы” – “Тіршілік ұясы”, одан кейінгілері – “Шеңбердің түйісуі”, “Борыш” және “Көктен келген көшпенділер” кітаптарындағы әңгіме, повесть, романдардың қай-қайсысының да ғылыми-фантастикалық идеялары көптеген жағайларда оқырман көкейінен шығып жатады.

Қазақ балалар әдебиетінде аты мәлім М. Гумеров те осы тілге тиек етіліп отырған жанр саласында өзінің творчестволық потенциалын байқап көрген. Ол тырнақалдысы сәтсіз де емес секілді. “Жұмбақ сәуле” аталатын көлемді повесіне автор “памфлет” деп айдар таққан. Онда космостың бір түкпіріндегі Аран планетасындағы қым-қиғаш уақиғалар баяндалады. Арандықтар шарықтап өскен ғылым мен техникасының арқасында өздеріне көмекші болып, қолғабыс тигізер деген ниетпен әр түрлі жарым-жартылай биологиялық, жарым-жартылай әр алуан материалдан жасап шығарған киберлерімен арасында бітіспес наразылық туады. Оның басты себебі – саналы тірлік иелері мен жасанды конструкциялардың планета билігіне таласы. Міне, мұндай мәнерде жазылған туынды да, әрине, ғылыми фантастика “ауылының” активіне енсе керек.

Осы тараудың теориялық тұғырын айқындау хақында бір атақты тұлғаның түйіндемелерін келтірудің иіні бар деп білеміз. Америка физигі, химия профессоры, қоғамдық ғылымдардың докторы, Нобель сыйлығының лауреаты Г.Т. Сиборг “Ғылым бізді қайда апара жатыр?” деген мақаласын: “Ғылым мен техника көптеген ғасырлар бойы сағым болып келе жатқан адамзат арманын жүзеге асыруға көмектесетініне сенемін. Соңғы онжылдықтардағы жетістіктер біздің ұғымымызды едәуір ұлғайтты. Ол бізге мол білім мен қыруар жаңа да тамаша өндіріс құралдарын берді. Ол, егер біз қазіргі жетістіктерге сүйеніп алға жылжи берсек, шындыққа айналатын ғажайып жаңа әлемнің елесін көрсетеді” /Будущее науки. Международный ежедневник. Выпуск третий. – М.: Знание, 1970. – 80-81 бб./, – деп аяқтаған-ды. Сол елесті шындыққа айналдырып, нақты дүниеге енгізіп, кәдеге асыру бірінші кезекте, ҒФ-ның мойнында. Бір жақсы жері – мойнындағы міндетті қиялгерлер, оның ішінде қазақ жазушылары да біледі. Біледі де, сол бағытта еңбек етуде.

Сонда, ҒФ-мыздың үлкен әдебиет табалдырығын аттағанына бас-аяғы жарты ғасырдың шамасында келелі дүниелер беріп тастағанына қазірде куәгер болып отырмыз. Мұндай тарихи қысқа мерзім ішінде осыншама табысқа қол жеткізуге, негізінен, үш фактор жетекші роль атқарды деп білеміз. Біріншіден, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т.с.с. сөз өнерінің саңылақтарының әдеби-творчестволық шеберханасынан жас талапкер-қиялгерлердің дұрыс дәріс ала білгендігі. Екіншіден, іргелі ғылым негіздерін сол кездерде меңгеруге бет алған жоғары білікті мамандардың жазу шаруашылығына батыл барғандары. Үшіншіден, өткен ғасырдың орта шенінде әлемдік фантастиканың Ренессанс дәуірінде оған дейін де, одан кейін де қолы жеткен тамаша үлгілерімен ізденімпаз өспірімдеріміз жете танысып, сол интеллектілік қырларын өз шығармашылық тәжірибелерінде ұтырлы, ұтымды қолдана білгендері. Міне, осы үштағанның арқасында ҒФ оқырман талабына сай әдебиет орбитасына көтеріле алды деп есептейміз.



СӨЗ СОҢЫ

Кітапта күллі әдебиетіміздегі жетекші бір жанрдың туу, даму, кемелдену дәуірлерінің әр бел-белестеріне қатысты теориялық пайымдаулар, дәйектемелер жасалды. Бүкіл фантастика саласындағы дүниеге келген шығармаларды талдау тақырыптық проблемаларына қарай ыңғайластырылды. Осындай ғылыми-зерттеу әдісімен өз нысанасының басынан кешірген әр алуан кезеңдері тұсында қандай шығармашылық табыстарға жеткені, қай кездерде мүлт жіберген тұстары теориялық тұрғыда қарастырды.

Жалпы жанрдың поэтикасын саралау бәрінен бұрын нысанадағы объектінің бастау-бұлағы, яғни дүниеге келген кезін айғақтаудан басталса керек. Мысалға, фантастиканың теориялық мәселелерін жетік білетін профессор Ю.И. Кагарлицкий: “Жиырмасыншы ғасыр хронологиямен шәлкем-шалыс келеді, – деген орыс әдебиетіндегі фантастика хақында. – Бұл ғасыр кешігіп басталған. Өткен ғасыр мен қазіргі жүзжылдықты тек бірінші Дүние жүзілік соғыс пен Ұлы қазан революциясы бөліп тастады... Ал, фантастикада жиырмасыншы ғасыр 1895 жылдың өзінде-ақ Уэллстың “Уақыт машинасы” шығуынан бас алады” /Что такое фантастика? – 8 б./, – десе, тек орыс фантастикасы саласында салихалы-салихалы теориялық қисындар айтып жүрген А.Ф. Бритиков өз елінің фантастикасын: “Бірінші дәуір – Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары және соған тетелес революцияға дейінгі уақыт. Екіншісі – 20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдардың алғашқы жартысы. Үшінші дәуір – Т. Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романы дүниеге келген 1957 жылдан басталады” /Русский научно-фантастический роман. – 17 б./, – десе, біз де: “Қазақ жазба әдебиетіндегі фантастика жанры бірінші дәуірін Қазан революциясына тетелес жылдардан өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейінгі, екіншісі – содан кейінгі уақыттар”, – деп белгілегенбіз. Міне, алғашқы қорғалған кандидаттық еңбектің зерттелу бағыты да, мән-мазмұны да сол дәуірлеу шегінен аспаған.

Біздің кітап жаңа заман, елдің егемендікке қолы жеткен кездегі жаңа талап-тілек деңгейiнде жазылған. Қаншама ондаған жыл бойы үздіксіз зерттеу фантастика жанрының да уақыт ағысына қарай өзгеріп, құбылып, күрделілене түсетін “қасиеті” бар екеніне көз жеткізді. Көптеген оқымыстылар фантастика жанрының табиғатына үңіле отырып, “Болашақ хақындағы әдебиет”, “Арманшыл әдебиет” немесе “Ғылым болжаушысы”, “Идеялар мен жорамал әдебиеті” дегендей анықтауыш сөз тізбектерін қолдануға құмар. Рас, бұл саланың жалпы негізі, атқаруға тиісті функциясы, шынында да соған саяр. Осындай спецификалық даралығы бола тұра, яғни қаншама “келешек дүние”, “болашақ әлемде” жүргенменен, фантастика қазіргі заманның ішкі-тысқы объективті талаптарынан бас тартып, шыға алмақ емес.

Осы проблеманың ап-айқын кескіндемесін академик З. Қабдоловтың: “Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын әдеби жанрлар мен олардың түрлерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелері тексереді, талдайды… Шығарманың тақырыбы мен идеясын, сюжет пен композициясын, типі мен характерін, суреткердің тілі мен стилін, дүниетанымы мен көркемдік әдісін талдап-тексеру арқылы әдеби шығарманың сыры мен сипатын тұтас танып-білуге болады… Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары – әшейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең және жан-жақты талдау, байыптау нәтижесінде қорытылған толғамдар, түйін тұжырымдар” /Сөз өнері. –630 б./,– деп дәйектеуіне қосыла отырып, бірінші кезекте диссертант осыған дейінгі және бүгіндері жарық көріп жатқан фантастикалық шығармаларды теориялық тұрғыда талдау үстінде өзінің зерттеу объектілеріне қазіргі күн талабы белесiнен қарап, баға беруге күш салды.

“Барлық ғылымның өзі қиялдан туған” деген Шәкәрімнен, “Сыр тапсам дүниеден ашылмаған” деген С. Торайғыровтан, “Ол күндер – көз жетпейтін ерте күн ғой” деген М. Жұмабаевтан, “Келесі соғыс туралы” фантастикалық новелласының авторы С. Ерубаевтан бастап, бүгіндері алды – 10-нан аса кітаптан, ізбасарлары 4-5 жинақтан беріп тастаған жазушы-қиялгерлер легі, осы зерттеу иесінің саралауынша, өз заманы, өз уақытымен ара қатынастарын тәп-тәуір сезеді.

Осы секілді басқа да салихалы пайымдауларды негізге ала отырып, “Фантастика жанрының типологиясы” тарауында “қос салалы” немесе “қос мекенді” фантастика жанрының теориялық проблемаларын қозғағанда, жұртшылыққа жақсы таныс жазушы-қиялгерлер мен маман фантастикатанушылардың ой толғаулары әр түрлі боп келетінін көреміз. Құдды сан алуан объектілерді әңгімелеп отырғандай сезім қалдырады. Мұндай ситуация, бір жағынан, жалпы жанр үшін тиімді. Себебі: қыруар мәселелерді мейлінше көркем, мейлінше айшықты бейнелеуді тілейтін әдебиеттің қамтуға тиісті проблемалар өрісі кең болғаны абзал. Ол әдебиет, уақыт тұрғысынан келсек, ежелгі заман, бүгінгі таң және ертеңгі болашақты қамти алса, тақырыбы жағынан, өткен өмірде болған, қазіргі күнімізде бар, келешекте ұшырасатын уақиғаларды әдемілеп кестелеп беруі тиіс. Ал, ондай міндетті атқаруға ғылыми және әлеуметтік фантастиканың қабілеті әбден жетеді. Қазіргі қазақтың әлеуметтік те, ғылыми да фантастикалық туындыларының поэтикасын зерттей келе, тек өздеріне ғана тән мынадай дара ерекшеліктері мен міндеттерін түйіндеуге болады:

Жалпы фантастика басым жағдайларда уақыт шартына бағынуы міндетті емес: онда оқиға баяғыда өткен дәуірде, бүгінгі таңда, ертеңгі, тіпті, арғы күндердегі заманда да аралас-құралас өте беруі мүмкін; Кез-келген фантастикалық уақиға үшін планета беті, жер-су асты, жер кіндігі, күллі космос, басқа жұлдыздар шоғырлары қимыл алаңына айнала алады; Ғылыми-фантастикалық туындыларда жаңа шешімін тапқан әлде таяу болашақта жүзеге асуы тиіс тосын ғылыми болжал-гипотеза, ерекше қоғамдық-әлеуметтік идеялар бой көрсетуi қажеттi; Фантастикада ғылыми гипотезалар өз заманындағы көзге үйреншікті жетістіктерден озық тұруы талап етiледi; Әлеуметтік те, ғылыми да фантастикада келісті әдебиет компоненттерімен қоса-қабат өрілген қызғылықты, тартымды ғылыми-танымдық ой болуы міндетті; Ғылыми фантастиканың нағыз көңілге қонымды болжал-гипотезалары автоматика, кибернетика ген инженериясы тағы басқа гипертехникалық өнертабыстарға емес, бәрінен бұрын руханиятқа қызмет етуі тиіс; Ғылыми фантастика шын мәніндегі жүйелі ойлау, ғылыми творчество мен асқақ, арманшыл әдебиет болуы шарт; Шығармалардағы ғылыми-фантастикалық идеялар қазіргі ғылым негіздерін насихаттауда қозғаушы күш ретінде елеулі роль атқарғаны абзал; Фантастикада қаншама алға озып кеткен ұшқыр қиял көрініс тапқанымен де, оның басты айтар философиялық түйіндеулері бүгінгі күн мұқтаждықтарымен сабақтастық табуы тиіс, яғни қазіргі болмысымыздың заңды эволюциялық жалғасы дәрежесіне жетсін; Ғарыш тақырыбын қозғаған шығармаларда олардың қаһармандары “космогуманизм” идеяларынан таймағаны дұрыс; Ең бастысы: Жер планетасындағы адамзаттық, бекзаттық биік мораль мәселесі көтеріліп, фантастика “адамтанушы” міндетін атқарғаны жөн.

Міне, сонда ғана фантастикалық әдебиеттің шешуші міндеті ойдағыдай жүзеге асатынына сенгіміз келеді.

Қоғаммен, адаммен қоян-қолтық байланыста болғаннан кейін күллі көркем әдебиеттің бір айтарлықтай жанры – әлеуметтік те, ғылыми да фантастика – өзінің ортасында туып, соның тарихымен қоса-қабат қалыптасып, дамып, қазіргідей дәрежеге жетіп отырғанының бүгінде куәгеріміз. ӘФ – қазірде тұтастай болмысымен ұлт есебінде халқымыздың қалыптасқан тірлігінің, идеологиясының барлық саласына кеулей, тереңдей енген феномен. Оны күллі жазушылық ісіміздің “қуыс-қолтығынан” – барлық жанрларынан таба аласыз: прозадан да, поэзиядан да, драматургиядан да. Рас, фантастика оларда әртүрлі көлемде, алуан кейіпте фантастикалық элемент, эпизод, ішінара өткінші сюжеттер, идеялық сарында белгі беріп отырғаны – шындық.

Әлгі жаңа заман, жаңа талап аспектісіне қатысты осы жерде орыстың белгілі қиялгер-қаламгері, химия ғылымының кандидаты Е. Парнов “Фантастика ҒТР заманында. Қазіргі ғылыми фантастика очерктері” деген зерттеу еңбегінде: “Фантастика, әдетте, шығармадағы уақиға қай ғасырда болып жатқанына қарамастан, ғылымның бүгінгі күнгі келбетін кескіндейді... Егер әдеби жанр есебінде фантастика ғылыми идеяларды насихаттауды өзінің тура міндеті деп білмесе, онда іштей логикасымен, талдау принциптерімен-ақ ғылымға еріксіз жанасады... Қиялгер-жазушы әрқашан эксперимент жасау үстінде жүреді... Ғылыми проблемаға жетіспейтін бекзаттық элементін фантастика енгізеді. Ол ғылымның ерекше эстетикалық айнасы болады немесе болуға тиіс” /Фантастика в век НТР. – 150 б./, – деп біледі.

Ғылымдағы мораль проблемасы осындай шарықтап биікте тұрғаны “ӘФ” тарауында Бөпеғалиев, Досжанов, Молдақасым Бақытов, Түнгі қонақ образдарын талдаған тұстарда айтылған. Ал, “ҒФ” тарауы көбіне-көп сол ғылымның, әсіресе келешек ғылымының образы хақында зерттеулер жасаған.

Бір назар аударар жағдай – қазақ фантастикасының Ренессансы деуге тұрарлық, өткен ғасырдың орта шеніндегі туындыларымыздың басым бөлігі ҒФ саласында дүниеге келе бастап еді. Сол авторларының бірі қиялгер-жазушы, физика-математика ғылымдарының докторы Р. Баймаханов: “…Біздің әдебиетімізде бұл салаға арналған шығармалар өмірге заңды түрде келіп қосылып отыр. Әзірше қазақ әдебиетіне тән ерекшелік белгілерімен түгелдей қалыптасып бітпегенімен, бірыңғай жүйеге түсуге бет бұрғандық байқалады. Демек, фантастикамыздың әзірге жетістігін ғылыми тұрғыдан зерттеп, талдап және сұрыптап отыру қажет” /Жастар жастар туралы. – Алматы: Жалын, 1981. – 164 б./, – деген пікірде болған.

Сонымен қатар, жанр хақында өз тұрғысынан теориялық мынандай дәйектемелер ұсынады: “Бүгінде негізгі идеясын ғылыми фантастикаға арнап құрған шығармаларды тақырыптық жағынан мынандай негізгі бес түрге бөлуге болады: 1. Жер бетіндегі тіршілік. 2. Ғарыштағы құбылыстар. 3. Техникалық прогресс. 4. Жер асты және су асты. 5. Өзге әлемдік цивилизация өкілдерімен кездесу” /Сонда. – 170 б./. Аталмыш қиялгер жазушы сондай-ақ: “Бұл саладағы нақты түрлерді білу үшін тақырыптық жағынан көрініп, жанрлық жақтан талдаған дұрыс. Түптеп келгенде, мынандай төрт түрлі бағыт бар екен. 1.Драмалық бағыт. 2.Сатиралық бағыт. 3.Детективтік бағыт. 4.Философиялық бағыт” /Сонда. –172 б./, – деп таниды.

Р. Баймахановтан он шақты жыл бұрын филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін ізденуші Т. Сүлейменов артық-кемі жоқ, тура “Ғылыми-көркем фантастиканың теориялық проблемалары” деген диссертация қорғаған. Соның негізінде “Қиял әлеміне саяхат” атты кітап шығарған.

Автор онда салған бетте: “Ғылыми фантастика дегеніміз – жалпы өнер атаулының, оның ішінде көркем әдебиеттің күрделі саласының бірі. Оның өзіне тән теориялық әрі практикалық толып жатқан ерекшеліктері бар, бұл ерекшеліктерді біліп алмайынша, ғылыми фантастиканы түсіну қиынға соғады... жалпы әдеби заңдылықтарға бағынатын ғылыми фантастика – көркем әдебиеттің бір бөлімі... Ал, әдебиеттен тыстың бәрін матераилдық күш: табиғат немесе ғылым мен техниканы қару еткен адам жасайтын болса, онда мұндай әдебиетті ғылыми-фантастикалық әдебиет деп атаймыз” /Қиял әлеміне саяхат. – Алматы: Қазақстан, 1975. – 7 б./, – деген тұжырымдаумен бастайды.

Осы келтіріліп отырған үзіндідегі әсіресе соңғы сөйлемнің мән-мағынасы не беретінін түсініп-білу былай тұрсын, алдындағы сөз тіркестерінің өзінің пікірі не екені неғайбыл. Мысалы, фантастиканың “әдебиеттің күрделі саласының бірі” екенін елдің бәрі талассыз мойындайтыны онсыз да айдан анық. Оның үстіне: “Оның өзіне тән теориялық әрі практикалық толып жатқан ерекшеліктері бар” деп айтып алып, соларды саралаудан бойын аулақ салған.

Т. Сүлейменов кітабында жоғарыдағы үзіндіден үш бет өткесін: “Ғылыми фантастиканың теориялық мәселелеріне зер салып, зерттемес бұрын, өзіне тән белгілері мен ерекшеліктерін айқындап алуға тиіспіз. Өйткені, оның белгілері мен ерекшеліктерін танып-білмейінше, тақырып, идея, образ, сюжет, композиция жайлы ешқандай сөз қозғауға болмайды”,– деп мәлімдейді.

Осы сөз саптауына қарағанда, автор ғылыми фантастиканың әлгі аталған атрибуттары хақында назариялық қисындар жасауға бел байлаған деп күтсек керек еді. Сонда автор толғамдарын кез келген әдебиеттің архитектоникасы – сюжеттен бастайды. “Қызықты, құпиялы сюжет әлеуметтік, философиялық мәселелермен, ғылым болжамдарымен үйлесімін табады да (?), ғылыми фантастика жанрын ерекшелей түседі. Сондықтан да, бұл құбылыс ғылыми фантастиканың шешуші белгісінің бірі болып есептеледі (?),– деп бір тоқтайды. Сосын дәйектемесін одан әрі жалғастырып: “Ғылыми фантастиканың енді бір елеулі белгісі фантастикалық ойдан туындайды... Ғылыми фантастикада ой бүгінгі ғылым дүниесіндегі идеялар мен болжамдардан туындап, өрбігендіктен, көңілге қонымды болып, келелі мәселелер төңірегінде дамиды”(?), – деген бірдеңе айтады.

Ол аздай осы беттен: “Ал, фантастикалық ой мен ғылым гипотезасының шарттылық құбылысымен астасатын белгісі де бар. Бұл белгі бойынша, шарттылық көркемдік шешімнің іргетасы ретінде бой көрсетеді (?). Шынына келсек, осы құбылыс болмаса, шығарманың оқиғасы да, фантастикалық ойы да өзінің белгілі бір даму шегіне жетпес еді” /Сонда. – 11 б./, – дегенді оқимыз.

Т. Сүлейменов: “Ғылыми фантастикада шарттылықпен бірге болжалдың да мәні зор (?). Өйткені, оның көтерер жүгі өлшеусіз (?), яғни ол болжал мен ғылым гипотезасынан көрік алып, творчестволық фантазияның әсерімен әсерленген көркемдік элементтерінің міндетін атқарып тұрады. Болжамның осы қасиеті-ақ ғылыми фантастиканы реалистік көркем әдебиеттен ажыратып көрсетеді. Сондықтан да болжалды ғылыми фантастика жанрының айрықша белгілерінің бірі деп білеміз /Сонда. – 12 б./, – деуге дейін барған.

Т. Сүлейменовтің “Ғылыми-көркем фантастиканың теориялық проблемалары” тақырыпты диссертациясының авторефератына қарап көрелік. “Ғылыми фантастиканың жанрлық жаратылысы жөнінде күні бүгінге дейін айқын тоқтамдар қалыптаспаған. Бір авторлар оның ерекшелігін ғылыми материалдан (?) қарастырса, басқалары – образдың фантастикалық қанықтылығынан, үшіншілері – көркемдік және зерттеушілік тәсілдердің басын біріктіретін қиялгер-жазушының ерекше творчестволық мақамынан іздестіреді” /Теоретические проблемы научно-художественной фантастики. Автореферат пис. канд. филол. Наук. – Алма-Ата: Типография ЦА КОС, 1972. – 6 б./, – деген алғышарттан бастайды.

Авторефераттың тағы бір жерінде: “Ғылыми фантастиканың негізгі заңдылықтарын нақтылау мақсатымен осы жұмыстың иесі оның қай кезде – жанр, қай тұстарда әдіс рөлінде көрінетінін анықтайды, – деп кесіп-пішеді. – Сонымен қатар ғылыми фантастика– әдебиет жанрының бірі екенін негіздеу үшін оның басты белгілері мен қасиеттері хақында сипаттамалар береді” /Сонда. – 15 б./.

Т. Сүлейменовтің пайымдауынша “әдебиет жанрының бірі – ғылыми фантастиканың” басты белгілері мен қасиеттері: әлеуметтік көзқарасқа байланысы бар генетикалық форма – бір; жасөспірімдер қиялына жасалатын ықпал – екі; сюжет құпиялылығы, ерекшелігі, тартымдылығы – үш; салмақты фантастикалық ойдың болуы – төрт. Бұл – сөз өнерінің қадір-қасиеті күн өткен сайын өсіп бара жатқан келелі саласы – фантастика жанрының өзгешеліктерін осыншама кедей, бишара түрде көрсету деп білеміз.

Бірсыпыра фантастикалық дүниелер жазған журналист Тәжіс Мыңжасаровты тыңдасақ, ол: “Өзінің өсу жолдарында… қазақ фантастикасы қазіргі таңда биік белеске көтеріліп отыр. Кешегі қиял-ғажайып ертегілері мен эпостық жырларда ұшқыр ойлылығымен танылған фантастика… жазба әдебиетімізде қалыптасып, ғылыми-техникалық прогресс өміріміз бен тұрмысымызға кеңінен енген шақта ғылыми идеяларды бойына сіңіріп, батыл болжамдар білдіре алатын ғылыми фантастикаға ұласты” /Жастар жастар туралы. – 179 б./, – деп сендiреді.

Бұл пікірге ешкім күдiктенбеуге тиіс. Себебі: “әдебиеті, әдебиеттануы, оның ішінде, әсіресе, фантастикатану мәселелері шарықтап көкке жетті, бүкіл әлемдік стандарт деңгейінен көріне алады” деп келген орыс әдебиетінің де “аузы-мұрнынан шығып, қарық болып” жатқаны белгілі. Ізденуші олардың фантастикатанушыларының түгелінің дерлік еңбектерімен таныс екендігін мәлімдегісі келеді. Сондағы бір байқалған нәрсе: орыс зерттеушілері не өздеріндегі шын мәніндегі озық, мықты, кейбірін тіпті көзі тірісінде-ақ “ұлы қиялгер” деуге тұрарлық авторларды "жеке-жеке бөліп алып", тек солардың шеңберінен асып шықпайтын монографиялар жазуда. Олардың кейбiрiн атасақ: Брандис Е., Дмитриевский В. Через горы времени. Очерк творчества И. Ефремова. – М.-Л.: Советский писатель, 1963; Ляпунов Б. Александр Беляев. Критико-биографический очерк. – М.: Советский писатель, 1967; Щербина В. Научно-фантастические произведения А.Н.Толстого. //Толстой А. Гиперболоид инженера Гарина. Аэлита. – М.: Молодая гвардия, 1956; Чудинов П. Иван Антонович Ефремов. – М.: Знание, 1987; Керзин А. Произведения А.Н. и Б.Н. Стругацких. – М.: Современная библиография, 1988; Медведев Ю. Вся Вселенная жива… //Циолковский К.Э. Грезы о земле и небе. – Тула: Областное книжное издательство, 1986; Киркин Ю. Александр Грин. – М.: Искусство, 1980; Ковский В. Романтический мир Александра Грина. – М.: Наука, 1969; Ардашникова С. Обручев. – М.: Наука, 1963; Поляков Л. Реалистическая фантастика Алексея Толстого. – М.: Художественная литература, 1962; Самсонов В. Первый советский фантаст. О творчестве В.А. Итина. – Красноярск: Областное издательство, 1985; Никитин Н. Александр Романович Беляев. – Пермь: Областная типография, 1987; Орлов В. А. Беляев. – М.: Молодая гвардия, 1964; Захарченко В. Мечтатель и подвижник. О Казанцеве. – М.: Молодая гвардия, 1977; Семибратова И. Писатель-фантаст Александр Петрович Казанцев. – М.: Советский писатель, 1986...

Немесе, ағылшын тілінің жүйрігі орыс тілді әдебиетшілер дүние жүзінде орыс тілінсіз-ақ баяғыдан бері әйгіленген Жюль Верн, Герберт Уэллс, Айзек Азимов, Рэй Брэдбери, Станислав Лем тәріздес әрқайсысы өзінше әлемдік фантастиканың бір-бір Галактикасы бола алатын дәрежеге жеткендердің шығармашылық табиғатымен шұғылданған болады. Мәселен: Кагарлицкий Ю. Герберт Уэллс. Очерк жизни и творчества. – М.: Художественная литература, 1963; Андреев К. Фантастика Р. Брэдбери. – М.а: Мир, 1963; Романов Е. Рэй Бредбери предостерегает. – М.: Мир, 1965; Скурлатов В. Странник в пустыне. О Брэдбери. – М.: Мир, 1975; Брандис Е. Айзек Азимов: Наброски к портрету. – М.: Советский писатель, 1976; Митрохин Л. О Роберте Шекли. – М.: Мир, 1968; Гаков Вл. Звезды, отраженные в море //Об Артуре Кларке. – Одесса: Областное издательство, 1978; Альтов Г. Судьба предвидений Жюля Верна. – М.: Детская литература, 1963; Горбунов А. Французская фантастическая проза. – М.: Иностранная литература, 1987; Араб-оглы Э. Обезъяны среди нас. //О творчестве Буля П. – М.: Мир, 1967; Араб-оглы Э. Космическая одиссея Фрэнсиса Корсака. – М.: Мир, 1972; Ошеров С. Луна двадцати рук. Обзор итальянской фантастики. – М.: Иностранная литература, 1969; Гравнин В. Трагедии Кобо Абе. – М.: Иностранная литература, 1969; Ерхов Б. Скандинавский фантастический роман 70-х годов. – М.: Иностранная литература, 1975; Никольский С. Карел Чапек – фантаст и сатирик. – М.: Наука, 1973; Никольский С. Роман К. Чапека “Война с саламандрами”. – М.: Наука, 1968; Порочкина И. Ян Вайсс и его книга “В стране наших предков”. – М.: Мир, 1960; Бернштейн И. Научная фантастика Чехословакии. – М.: Иностранная литература, 1967; Булычев К. Послесловие //Фантастика чехословацких писателей. – М.: Правда, 1988; Андреев К. Четыре будущих Станислава Лема. – М.: Мир, 1969; Громова А. О рассказах Конрада Фиалковского. – М.: Мир, 1966; Осипов А. Болгарская фантастика в русских переводах.– М.: Иностранная литература, 1976; Хобана И. Облик грядущего в румынской научной фантастике. – Л.: Советский писатель, 1975; Куцка П. Немного о венгерской фантастике. – М.: Мир, 1980...

Біз мұны таусыла, ашына айтқалы отырғандағы басты түрткі болған жағдай – орыс әдебиетін зерттеушілердің қаншама өз кеуделеріне “нан пісіп” жүрген фантастикатанушылары бар: алайда солардың бір де біреуі күні бүгінге дейін орыс фантастикасының туу, қалыптасу, өркендеу жолдары жөнінде толыққанды келбетін беретін, энциклопедиялық дәрежеге жететін еңбек жазуға талпынбапты!.. Тек қана Мәскеудегі Ю. Кагарлицкий “Фантастика деген не?”, Ю. Смелков “Фантастика – ол не жөнінде” және сонау Петербургтегі А. Бритиков орыс фантастикалық әдебиетінің жалпы проблемасын тұтастай қозғауға тырысқан. Оның өзінде де аталмыш жанрдың романдарын ғана тілге тиек қылған.

Басқа да көптеген зерттеулермен таныса отырып, кей-кейде етек-жеңі мол жатқан фантастика әдебиетінің мәселелерін қарастырғанда, авторлар бір объекті емес, әртүрлі нысаналарды әңгімелеп отырған тәрізді: әрқайсысы бас-басына “үй тігіп”, өзі қалаған жағына бұра тартып алып кете береді.

Алайда бұл пікірімізбен көршілес орыс әдебиетіндегі фантастика хақында сөз қозғаушылардың еңбектерін түгелдей, белінен қою сиямен бір сызып, қарап отыру ойда жоқ. Олардың аталмыш мәселеге парықтап, терең саналы оймен қарайтын, “әп, бәрекелде!” дегізетін зерттеу жұмыстары да бар. Әсіресе, ақиқат талантты деген қиялгер-жазушыларға арналған жеке-дара монографиялар мен фантастиканың теориялық заңдылықтарын ашуға талпынған дәйектемелер айтатын бірқатар оқымыстыларды атауға болар. Оған дәлел ретiнде төмендегi ғылыми зерттеу еңбектердi атап өтсек, олар: Бестужев-Лада И. Сто лиц фантастики //Библиотека современной фантастики. Т.14. – М.: Молодая гвардия, 1967; Бестужев-Лада И. Этот удивительный мир //Литературная газета. –1969. – 5-сентября; Брандис Евг. Впредсмотрящий. Повесть о великом мечтателе: Жюль Верн. – М.: Молодая гвардия, 1976; Брандис Е., Дмитриевский В. Зеркало тревог и сомнений. О современном состоянии и путях развития научной фантастики. – М.: Знание, 1967; Бритиков А.Ф. Русский советский научно-фантастический роман. – Л.: Советский писатель, 1970; Гаков Вл. Виток спирали. Зарубежная научная фантастика 60-70-х годов. – М.: Знание, 1980; Гаков Вл. Четыре путешествия на Машине времени. Научная фантастика и ее предвидение. – М.: Знание, 1983; Гуревич Г. Карта Страны фантазий. – М.: Искусство, 1967; Гуревич Г. Беседы о научной фантастике. – М.: Просвещение, 1991; Кагарлицкий Ю. Что такое фантастика? – М.: Художественная литература, 1974; Парнов Е. Фантастика в век НТР. Очерки современной научной фантастики. – М.: Знание, 1978... Өз жұмысымызда олардың дәл түскен тұстарын да, мүлт жіберген жерлерін де ескерусіз қалдырмауға тырыстық.

“Мен бір есептеп отырсам, бесіктен белі шықпай жатып-ақ нәресте тәулігіне 400 беттен кілең ғана фантастика оқумен шұғылданса, осы салада күні бүгінге дейін жүзеге шыққан дүниелерді өмір бойы оқып түгесе алмайтын көрінеді”, – деп жазған заманымыздың классик-қиялгері Ст. Лем. Демек, біз де соншама қисапсыз шығармалардың бәрін бірдей қамтуды мақсат тұтпадық. Біз тек қана өз әдебиетіміздегі фантастика жанрының өз топырағында әлеуметтік не ғылыми салада тек өзіне ғана тән болуға тиіс даму заңдылықтарын айқындауға ден қойдық. Тек қазақ көркем әдебиетіндегі әлеуметтік те, ғылыми да қиялға тән ерекшеліктерді теориялық тұрғыдан көрсетіп бақтық.

Жалпы, фантастиканың табиғатын қарастырғанда, біз өз объектімізде әдебиеттің басқа түрлерінен бөле-жара қақпайлап алып кетіп, “жеке бас” хақында зерттеу жүргізген жо+қпыз. Қайта бар мүмкіндігімізге қарай, күллі әдебиет шаруашылығының жаппай дамуындағы бір “цех”, бірінен екіншісі, үшіншісі... т.т. ажырамайтын әдеби процесс деп түсіндіруге тырысқанымызды аңғаруға болар.





Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет