1 фантастика жанрыныњ типологиясы



бет7/30
Дата22.12.2021
өлшемі5,08 Mb.
#17
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   30
ӘФ – поэзияда. “Адамды адам еткен – еңбек” (Ф. Энгельс) емес. Адамды адам еткен – арман, қиял. Өйткені: оны еңбектің өзіне де итермелеген арман, қиял. Жер планетасының нағыз жетілген тіршілік иесі бүгінгі күнгідей ең озық деп есептеп жүрген физиологиялық та, психологиялық та жоғары сатыға шығуымызға басты қозғаушы күш бола алған – сол арман, қиял. Демек, адамзат өркениеті – арман, қиял жемісі. Ендеше планетамыздағы қол жеткен мақтаулы құндылықтарымызды осы арман, қиялдың өрлеу сатыларының призмасынан қарауға тиіспіз.

Аталмыш арман, қиял бәрінен бұрын халықтың ӘФ-да көрініс тапқан. Демек, тек қана философиялық категориялар емес, әдебиеттану да категориясы болғаны. Осы екі ұғым турасындағы энциклопедиялық анықтамаларға үңілсек, философтар Қ. Жарықбасов пен А. Мейірмановтың пайымдауынша, “арман – адам көкейіндегі ізгі ниет, болашақтан күтер үміт, алға қойған мақсат… Арман сөзінің қолданылу аясы кең. Ол – шығармашылық қиялдың дайындық сатысы да” /Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – 1т. – 440 б./ болып саналады. Ал, “қиял – психологияда сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективті образдарын қайтадан жаңғыртып, өңдеп бейнелеуде көрінетін тек адамға ғана тән психикалық процесс… Қиял актив, пассив болып бөлінеді… Актив қиял – қайта жасау, творчестволық қиял, арман. Творчестволық қиял ақын, жазушы т.б. өнер қайраткерлерінің іс-әрекетінде үлкен орын алады” /Қазақ совет энциклопедиясы, 6т. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1975. – 564 б./, – дейді тағы бір беделді басылым.

Осы творчестволық қиял алғашында ауыз әдебиетінде аңыз, миф түрлерінде туғаны белгілі. Мұндай заңдылық турасында академик З. Қабдоловтың мынандай дәйектемесі бар: “Шағын эпикалық шығармалар әдебиет тарихының әр кезеңінде әр сипатта болған. Мәселен, ежелгі көне дүниедегі бұл тектес көркем туынды – миф, одан кейінгі әр тұстардағы үлгілері – аңыз, ертегі… т.б. Миф – табиғат құпияларын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял-ғажайып оқиғаға айналдыра бейнелейтін фантастикалық баян. Миф – “адам баласының сәбилігі туралы” (Маркс) шежіре; ендеше, оның біздер үшін таным тарапындағы мәні де үлкен” /Сөз өнері. – 292 б./.

Аталмыш творчестволық қиял, мифтің түп-төркіні біздің тарихымызда өте көне ертеден бастау алады. Оның “елең-алаңы” – Қорқыт ата хақындағы аңыз, мифтер. Осы бір ғажап та қасиетті тұлғаны көп те табысты зерттеген шынайы оқымысты – академик Ә. Марғұлан. Ол “Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі” атты еңбегінде қазақ халқының талайлаған жүзжылдық бойы тарихи да рухани қазына боп келе жатқан тамаша аңыздарды, мазмұны ертегіге ұласқан мифтерді, философиялық қария сөздерін тереңдей алып қарағанда, онда күллі әлем мәдениетіне қосылуға тиісті баға жетпес сыр бар екеніне мегзейді.

Қорқыт ата өз заманында болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болғанын дәлелдей келе, академик Ә. Марғұлан: “Атаның өмір бойы арман еткені – өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру, бұл фәлсафасы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі екенін саралай келе, аталмыш аңызға бергісіз осы Тұлғаға әлем әдебиеті мысалдарынан ұқсас-аналог қарастырады. “Мұны тек Прометей не Харта туралы айтылатын дүние жүзілік әдебиет мұрасына теңеуге болады. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт бар өмірін тағдырмен алысу үстінде өткізеді, өлмейтін өмірді көксеп, тағдырға, өлімге қарсы тұрады. Жас Қорқыттың іздегені – адам баласының өлмей, уайымсыз еркін жасауы. Қорқыт фәлсафасы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді. Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт – халықтың қорғаушысы, оған дем беруді өзіне мұра еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі” /Ежелгі жыр, аңыздар. Ғылыми-зерттеу мақалалар. – Алматы: Жазушы, 1985. – 205 б./, – деп сипаттайды.

Қазақтың интеллектілік арман-қиялында пионерлік роль атқарған Қорқыт хақында ұлы әдебиетші М. Әуезов те соқталы-соқталы ойлар айтқан. “Ертегілер” деген зерттеу еңбегінің “Қорқыт” тарауында: “Қорқыт адамның тірлігі шақты болғанына наразы. “Өлім” деген обыр барына наразы. “Өлімнен құтылам” деп шарқ ұрады, шартарапты кезеді. Бірақ, қай тарапқа барса да, алдынан азынап тұрған көр шығады... Мұндағы “көр” дегені дәл көрдің өзі емес, әрбір тозбақ, өлмектің бейнесі, елесі деп білу керек... “Қайда барсаң – Қорқыттың көрі” дегеннің халық аузындағы мағынасы – осы. Философиялық, поэзиялық зор мағна... Қорқыт... артына, адам нәсіліне, соншалық асыл мұра тастап кеткендіктен өлмеді. Өлімге қарсы амал тапқан жан болды... Халық Қорқытты өмір, тірлік үшін алысушының ең зоры еткен... Халық ұсынған Қорқыт – өмір үшін қатты алысушының бірі. Және сол көп алысушылардың ішінде дегеніне жеткен, өлместің амалын, шарасын тапқан жанның бірі Қорқыт деп саналады” /Шығармалар. 12 томдық. 11т. –Алматы: Жазушы, 1969. – 330-332 бб./, – деп аңыздағы Атаның асқақ бейнесін әдемі сипаттап бергенін көреміз.

Өлімсіз өмір фантастикалық идеясын өзінің саналы тіршілік еткен заманында жұртшылыққа ұтырлы тарата білген Қорқыт өз тарапынан сол тақырыпта не ауызша болсын, не жазбаша ескерткіш есебінде, өкінішке орай, ештеңе қалдырмаған. Алайда бізге аты беймәлім басқа бір авторлардың жазбаларында сипатталғаны кездесіп қалады. Солардың бірін Ә. Марғұлан халық ауыз әдебиетінен жеткен “Қорқыт және ажал” деген дастандағы аңыздың мысалынан алады. Ғұлама тарихшы “Қорқыттың өліммен күресуі” тақырыпты салихалы еңбегінде сол дастаннан мынандай үзінділер келтіреді: “Қорқыт қашты ажалдан, // Аңыратты қобызын. // Қобызында көп арман, // Тоқсан толғау әдемі үн. // Желмаясын желдіріп,// Ілгері басып келеді.// Күй сарыны – сел тасқын, // Күңірентіп келеді. // Тасы құлап жартастың, // Жаңғыртты даланы. // Құйын боп та ұйытқыды, // Ну-орманды шулатып, // Дауыл боп та жүйткиді, // Көл-өзенді тулатып. // Қас қаққанша кенеттен// Баурап бәрін биледі, // Боздағандай “беу-беулеп”, // Жас төгеді күй легі”. Осылай, автор айтпақшы, “тізбектеліп басталатын аңыз сөзінде”, Қорқыттың тоқсан толғау әдемі үні бар қобызын арманына жеткізетін, арқа сүйер рухани күштің басты бір компоненті есебінде қабылдауға болар.

Бұл пікірімізді авторы беймәлім, “Қорқыт Ата кітабы” мақұлдайды. Аннотациясы: “Қорқыт Ата кітабы” қазақ топырағында дүниеге келген, оқиғасы, тілі, кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті жағынан халқымыздың төл туындыларына – аңыз-әңгімелерге, эпостық жырларға етене жақын тұрған шығарма… Бұл еңбек 1969 жылы Ыстамбул қаласынан шыққан нұсқасынан аударылып отыр”,– деген таңғаларлық кітапта назар саларға тұрарлық ойлар бар көрінеді. Оның “Қорқыт кім болған?” деген кіріспесінде: “Қорқыт өмірінде қобыздың жанға медеу беретін күшті құрал ретінде қызмет атқарып келгені сипатталған. Қобыз – қиын-қыстау, тар жолда Қорқыттың өзегін талдырмас қорегі, ақыл-ойын өрбіткен, арып-шаршағанда шабыт берген, сергіткен өмір серігі болған”, – деп жорамалдайды.

Кітаптың енді бір тұсында: “… Бақытты өмір іздеп, өлімге қарсы күрескен Қорқыт арманына жете алмай, арып-ашып бір тауды мекен етеді. “Өлмейтін өмір кілті өнерде” деп тұжырымдаған Қорқыт қобыз тартып, жыр толғайды”,– деген жолдар бар.

Қорқыт турасындағы қыруар аңыздардың барлығында да ұшырасатын бір ортақ ұқсастық – оның Желмаяға мініп, дүниенің төрт бұрышын кезгені. Алайда, қайда барса да алдынан қазылған көрді кезіктіріп, “дүниеде ешбір мәңгі нәрсе жоқ екеніне, бәрінің ақыр-аяғы болатынына”, яғни, жаратылыс философиясының негізгі қағидасына өз көзін жеткізгенін көреміз.

Аталмыш кітаптың бізге белгісіз (бұл баспа тарапынан кеткен олқылық болар деп білеміз) авторы: “Ол осы бір қиын жолдан шығудың, адам атын өлтірмей, мәңгілік етудің жолын іздейді. Адам өмірінің бақилығын ол өнерден – әннен, музыкадан табады. Қорқыт адам жүрегін тебірентетін толғауы тоқсан түрлі құбылған күйлер шығарады. Өйткені: ол әсерлі ән мен сазды күйлер ұрпақтан ұрпаққа тарап, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын жанымен түсінеді”,– деп, дұрыс тұжырым жасаған.

Осы дәйектемемізді тағы бір авторы қойылмаған “Қазақтың көне тарихы” деген кітап үстемелей дәлелдей түседі. Жалпы сарыны ұқсас ондағы талдаулардың ақырында: “Ол қайда барса да көр қазып жатқандарға жолығады, ол ең ақырында: дүниеде өзгермейтін еш нәрсе жоқ, “сынбас темір жоқ, өлмес өмір жоқ” деген қорытындыға келеді де, өлмейтін өмірді халықтың ән-күйінен іздейді. Өмірінің соңғы кезін домбыра-қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпаққа өлмес күйлерін қалдырады”,– деп жазылған.

Шоқан құлағына жеткен аңыз, мифтердің негізінде Қорқытты қазақтардың “дала философы”, бірінші бақсы-шаманы, елге қобыз үйретуші ұстазы, күйші, өлең сазының шебері деп білсе, Г. Потанин оны қазақтың тұңғыш жырауы есебінде мойындаған, ал, И. Катанье өз ұлтының қобыз үйретушісі, өнерпазы, балгері деп таныған Қорқыт ата образы – шын мәнінде қазақтың әлеуметтік фантастикасының тұңғышы. Өйткені, оның іздестірген “өлімсіз, мәңгілік өмір” проблемасы ажалсыз тірлікті адам бойындағы шексіз қан айналысы, дене қимылының тынымсыз қозғалысы деп қабылдамаған.

Оның “он сегіз мың ғаламды” кезуі тура ажалдан бас сауғалап тұра қашу емес. Мұндай болса, аталмыш қылығын тек қана қисынға келмес, ессіз пассив-қиял, ақталмас арманға санауға болар. Бірақ, оның көкейіндегі қиялы – мәңгілік өшпес өнер жасау және де сол арманына жете алған деп санауымыз керек. Бұл – аңыз, мифтер – фантастика-символ. Мәңгілік өшпес өмір символы – қобыздан туған “сөздер”. Өнердің шексіздігіне бағышталған жыр-ода. Сондықтан да қазақ топырағында қылтанақтап келе жатқан әлеуметтік фантастиканың тұңғыш талшығы – Қорқыт ата хақындағы аңыз, мифтер деп қабылдағанымыз абзал. Осы тақырыпқа марқұм қиялгер-жазушы Р. Бектібаев “Қайта оралған Қорқыт ата” деген ғылыми-фантастикалық повесть арнаған. Аталмыш аңыздық, мифтік идеяға автор өзгеше бір ұрымтал тұсынан келген.

Қазақ арман-қиялындағы енді бір ірі тұлға турасында ғылыми-танымдық, әдеби-сыни пікір білдірушілердің алғы легінен М. Әуезовті таныр едік. Фольклор хақындағы озық ойлы “Ертегілер” атты зерттеу еңбегінде “Асан қайғы” тарауын арнаған. “Асан қайғы өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиет арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс-елес, білік-дерек береді... Асан бейнесі – халықтың қиялы мен өнері туғызған өзі бір әдебиеттік бейне... Асан жайындағы аңыз-ертегінің ең мағналы көріктісі, халық үшін қызықтысы – оны малға мекен, ырыс жер іздеуден бұрын жел маяға мініп, қазақ жайлап отырған орын, өрістің бәрін шарлап, тыным таппай шарқ ұрып кезетіндігі жайында. Көрген қоныс, мекеннің біріне қанағат қылмайды. Арманды бір жер барын сезеді. Оның аты – хиял мекенінің аты болмақ – “Жер үйек” деп ат қояды. Сонда жетсе ғана, соны мекен етсе ғана халық бақытты болмақ... Сол хиял мекеннің аты бірде – “Жер үйек” аталса, кейде “Жиделі байсын” делінеді... Мұндай хиял мекенін бір қазақ емес, өз ертегілерінде ел тудырған... Бірақ, Асанның елі сияқты барлық ел ол хиял мекенін сол аңыздарда жетпей қала береді” /Ертегілер. – 325-326 бб./, – деп, басқа ел аңыздарындағы осы сарындас туындылардан ерекшелігін, басымдылығын ашып көрсетіп берген.

“Қорқыттан жеті ғасыр кейін шыққан атақты Асан ата – ХҮ ғасырда қазақ ұлысын біріктіру мәселесін қолына алған даланың ойшыл данасы (Ш. Уәлиханов)… Әбілқайырмен бірге Сыр бойында, Арқада отыра алмай, Асан ата орда болар жер іздейді. Осы араның жерін, елін көруге Асан ата, Қорқыт сияқты Желмаяға отырып, елге қоныс болатын өзі байтақ, орманды, көк орай шалғынды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ұйық жер іздейді..!” [50, 146 б.] – деп жазған-ды академик Ә. Марғұлан.

Заманымыздың осы ұлы оқымыстысының пікірін академик З. Қабдолов: “Қазақ ауыз әдебиетінде Асан қайғы туралы аңыз бар… Бір ескеретін нәрсе – Асан жайлы аңыздар екі ұдай; бірі – халыққа жат, онда Асан Жәнібек ханның жанындағы кертартпа сәуегей халінде көрінеді дағы, екіншісі – халықтық аңыз, онда Асан жалпы жұрт үшін “қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын”, жайлы қоныс, құтты мекен іздеп жүрген қамқоршы кейпінде көрінеді. Соңғысы – қызық аңыз, бізге керегі де – осы аңыз. Бұл аңыз – шағын эпикалық түрдің қазақ әдебиетіндегі тәп-тәуір, нұсқалы туындысы да, Асан – кәдімгідей көркем шығарманың кейіпкері” /Сөз өнері. – 311 б./,– деп, үстемелей, нақтылай түседі.

Демек, өзінің іс-қимылымен де, көкейінде ұялаған арман-қиялымен де, оны поэзия тілімен жеткізіп бере білуімен де Асан қайғыны қазақ әлеуметтік фантастикасының екінші көшбасшысы есебінде қарастырғанды жөн деп есептейміз. Жалғыз айырмашылығы: Қорқыт атаның алдына қойған қиял-мақсаттарын басқалар жырласа, Асан өз ой-арманын өзі жарияға жар салған.

Асан қайғы хақында жазба әдебиетте алғаш Шоқан Уәлиханов “дала философы” деп бағалағанын білеміз. Және де тарихта тіршілік еткен ақиқат тұлға екенін мәлімдеген. Одан бері қарай Мұхтар Әуезовтің “тарихта болған адамдар ішінде өмір сорабы іс еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі – осы Асан қайғы” екенін тиянақтағаны бар.

Жұмысымызда Асанның хан Жәнібекпен арасындағы кикілжіңге баруын, өзінің көптеген жыр жолдарын әміршісінің қиянаттарын бетіне басуға арнағанына тоқталуды қисынды санамадық. Біздің тақырыбымызға басты керекті нәрсе – оның өмірдегі ойына алған аяулы, асқақ арманын жүзеге асыру жолында өзінің басынан кешкен талан-тағдырын жырлауы.

Көзі ашық оқырманның Асан қайғы атын ауызға алсақ, бәрінен бұрын естеріне: “Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер,// Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер!?// Шыбын шықса жаз болып, таздар қайтіп күн көрер,// Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер!?” – деген жолдар түсері хақ. Көптеген әдебиетшілер де, оқырман жұртшылық та осы туындыны уайым-зарға берілген пессимистік дүние деп ойлар. Алайда, біздің пікіріміз бөлекше. Бұл жыр – антитеза. Осылай, сырттай қайғыға салынып отырған автордың өз заманындағы қапас тірліктің үрейлі преспективасының сипатын бейнелеуге тырысу. Содан сақтандыру. Мұндай тәсіл қазіргі әлеуметтік фантастиканы өзек қылған көптеген қиялгер-жазушыларымыздың антиутопиялық шығармашылық қорынан кеңінен орын алып келеді. Әсіресе, ағылшын тілді Р. Шекли, А. Азимов, Р. Брэдбери, П. Андерсон т.б. және орыс қиялгерлері ағайынды Стругацкийлердің туындыларында жиі бой көрсетуде. Мұндай әдіске фантастикатанушылар “қиял-қауіп”, “қиял-ескертпе” дегендей терминдерді де теліп жүр.

Филология ғылымдарының докторы марқұм Х. Сүйіншәлиевтің деректеріне сүйенсек, жырау тіршілік еткен заманда Алтын Орда билігінен іргесін аулақ салған хандықтардың өзара кірбің, келіспеушілігі жиілей берген. Жәнібектің қоластындағы қазақ хандығын ХҮ ғасырдың орта шенінен аса Әбілқайыр (өзбек) бірлестігінен ажырасып, Шу бойында жаңа хандық құрған. Алғашқыда бір жерде тұрақтай алмай, Шу төңірегіндегі – Қаратау, Жайықтағы Сарайшық арасында кезіп жүрген. Осындай ханының тұрақсыздығын ұнатпаған сарай маңындағы асқақ жырауларының бірі ретінде Асан оған өлеңмен көптеген кінә таққандықтан, кейбір зерттеушілер оны “сарай ақыны” санатына қосуға кетәрі емес. Бірақ, біздің ұғымымызша, сол Жәнібекке арнау өлеңдерімен-ақ Асан жырмен өз халқына қолайлы қоныс іздеуші қамқоршы, елінің сол тұстағы көңілсіз, жүдеу халі мен алдағы, әр кісінің көкейіндегі арманы орындалуға тиісті келешектің “моделін қалаған”.

Өзінің ханының тойымсыз, қомағай саясатына: “Қырында киік жайлаған,// Суында балық ойнаған,// Оймауыттай тоғай елімнің// Ойына келген асын жейтұғын// Жемде кеңес қылмадың”,– дегендей поэзия тілімен қарсы тұрады. Жырау: “Көшіп-қонып көрмеген// Жер кәдірін не білсін…// Ақылыңа көнбеген// Жұрт кәдірін не білсін!”– деп, шаршағандық белгі беріп, налуға дейін де барады.

Асан жыраудың осы позициясы турасында профессор Х. Сүйіншәлиев: “Жырау – өз заманының перзенті. Сондықтан да сол дәуір санасы тұрғысында толғанады… Жырауға туған жер, ата мекен бәрінен де ардақты. Ол туған жерді менсінбегендіктен көшуді қолдамайды. Ол қоныстан ел айырылып қалғасын, “енді барар жер қайда?” дегенде ғана Желмаяға мінеді. “Еділ менен Жайықтың// Бірін жазда жайласаң,// Бірін қыста қыстасаң”,– деп армандайды” /Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. – 252 б./, – деп біледі. Бұл пікірді де құптауға болар.

Осындай арман-мақсатқа бар өмірін сарп еткен Асан қайғы халқына жайлы қоныс тауып, соған елін тұрақтандырып, дәулетке қолын жеткізу жолында полимист-саясаткер есебінде де, жырау-насихаткер мәртебесінде де бойындағы бар талантын қамшылайды. Бұл аздай-ақ, тек қана оптимизм емес, творчество заңдылығы қиялгер-жыраудан жиі-жиі пессимизм де бой көрсетіп қалатынын байқатады. Мысалы, Жәнібек ханның қара Ертіс бойынан орда салмақ дарақы ойынан Асан: “Түйе бойы қары бар,// Аша тұяқ қырылып,// Қардың беті қан болар.// Аштық келіп алашқа,// Бір түйір етке зар болар…” – деп басталатын ащы толғауымен сақтандырады.

“Ағылшын, орыс тілді қиялгер-жазушылар “қиял-қауіп”, “қиял-ескертпе”, “қиял-дабыл” дегендей терминдер қолданып жүретін фантастика, қазірде көптеп жарық көріп келе жатқан әлеуметтік фантастика өзінің бастауын осындай, Асан қайғының жоқтауға бергісіз жырларынан алған шығар”,– дегендей де пікір келеді біздің ойымызға. Асан қайғы творчествосының мұндай пессимистік сарындағы жырлары қазіргі сөз қолданысындағы мақамымен айтсақ, “қиял-қауіп”, “қиял-ескертпе”, “қиял-дабыл” стилінде шығарылғанына көзіміз жетеді. Алайда, оның оптимистік, көңілдегідей тамаша келешекті де суреттейтін жырлары жетерлік. Әрине, біздің көбірек мән беретін тұсымыз – Асан-жырау шығармашылығының сол шумақтары.

Мысалы, хан мінезіне қаншама көңіл тола қоймаса да, болашақ хандық қонысын: “Мына жақта бір жер бар.// Қыстан малы күйзелмей,// Құба жонда жатады.// Жақыннан шығып күндері,// Қысы өте жайлы жер,// Дей алмаймын сол жерде// Ешкі майы қатады.// Қар жатпайды жерінде,// Күн кетпейді белінен.// Түнде жауған қарлары// Сиыр түсте еріген.// Малдарының күйі кетпейді// Қысы-жазы семірген.// Егіні ерте егілген.// Сол жерге қарап барамыз,// Десек “егін саламыз”.// Қиыншылық көрмейді// Кейінгі ұрпақ баламыз”,– деп әспеттейді. Асанның өзінің іздеп жүрген “Жиделібайсыны”, “Жерұйығы” осы емес пе?!

Жырау өз қиялындағы жоғарыдағыдай жұмақ жерін мүмкіндігінше жан-жағынан сан алуан әдемі үлгіде көргісі келеді. Сондықтан да әлгі айтқан “Жиделібайсыны” ма, “Жерұйығы” ма, сол армандай мекеннің әдемі бояуын қоюлата түседі. “Алты атанға қос артып,// Алты жыл қоныс қарадым.// Қырында деп қызығы,// Ойында деп табаны,// Нуында деп ықтыны,// Суында деп балығы,// Бұл жерді өзім қаладым…” – дейді.

Сонда, қарап отырсақ, біз аңыз, мифтен тұратын ӘФ-ның “жанр шымылдығын” ашқан Қорқыт ата мен Асан қайғының жырлаған тақырыптары кіндіктес, бір екенін байқаймыз. Бұдан нендей түйіндеу жасауға болар? Бұл сұраққа жауап сол тұстардағы арман, қиялдың басты проблемасы – бәрінен бұрын негізінде көшпелі тұрмыс кешкен халыққа ең қажетті, мұқтажды нәрсе – ойларынан дәл шығатын қоныс қарастыру. Ол қоныс – қазіргі фантастика тілімен айтқанда, “өз планетасын” немесе “өз континентін” іздеу. Халық та, жыршылар да ол “планетасына”, болмаса – “континентіне” айдарлап ат та қойған: “Жиделібайсын”, “Жерұйық”.

Халықтың аңыз, мифтерінен туындап, жұртшылықтың сөз қолданысына енгізілген жоғарыдағы фантастикалық атаулар турасында Қазақ совет энциклопедиясының бірінші басылымында мынандай анықтамалар да берілген: “Жерұйық – қазақ ауыз әдебиетінде Асан қайғы атына байланысты аңызда айтылатын жер аты. Онда Асан қайғы аңдыған жауы жоқ, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған”, халыққа тыныш, бейбіт мекен іздейді. 5-8 ғ. түркі тайпаларында да Жерұйық сөзі “жайлы қоныс”, “бейбіт мекен” деген ұғымда айтылады” /Қазақ совет энциклопедиясы. 4т. – 1974. –25 б./, “Жиделібайсын – қазақ фольклорында (Асан қайғы туралы аңыздарда т.б.) жиі айтылатын берекелі, қасиетті, құтты мекеннің аты” /Сонда. – 442 б./.

Қазақ ӘФ-сының ешқандай боямасыз беташар мақтаулы Абыройы бола алған аталмыш екі Тұлға турасындағы тұжырымды пікірімізге тақалғанда, тағы да екі әдебиет оқымыстыларының ойларын келтіре кетуді иінді санадық.

Таяуда шыққан көңілге қонарлық басылымда тілімізге тиек етіп отырған аңыз кейіпкері – Асан қайғы хақындағы энциклопедиялық анықтама дәрежесіндегі мақалада әдебиеттанушы-зерттеушілер К. Толысбайұлы мен М. Жармұхамедұлы әлгі фантастикалық тұлға мәртебесіне көтерілген екі арыстың бірі – Асан қайғы турасында былай деген түйіндеме жасағандары бар: “Ол іздеген “Жерұйық” шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы… Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген… Асан қайғы елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып, “адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін” мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау “Жерұйық” деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады, әр қоныс, әр мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді” /Қазақ совет энциклопедиясы. 1т.– 471-472 бб./.

Әдебиет зерттеушілердің бұл айтқандары дұрыс-ау. Алайда, осы пайымдауларының соңында: “Жыраудың “Жерұйықты” (кейде “Жиделібайсын” делінеді) іздеуі атақты Томас Мор “Утопиясы” (1516 ж.) мен Томмазо Кампанелланың “Күн қаласы” шығармасындағы (1602 ж.) қиял-армандармен ұштасып жатады”,– деген сөйлемнің соңғы сөз тізбектері адамды тіксіндіреді. “Ұштасу” сөзі, негізінде, оның алдындағы пікірдің “соңына еріп жүрген” дегендей мағына берсе керек. Сонда Асан қайғының фантастикалық идеялары Томас Мор мен Томмазо Кампанелланың утопияларының “шылбырын сүйретіп” жүргені ме? Тарихқа жүгінсек, авторлардың өздері мойындайтындай, Асан қайғы – ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасыр басында өмір кешкен нақтылы, ақиқат тұлға. Ал, Т. Мор 1478-1538 жылдары, Т. Кампанелла 1568-1639 жылдар аралығында тіршілік етіп, өз қиялдарын қағазға түсіріп үлгірсе, олар қалайша әлемдік әлеуметтік фантастикада утопиялық сарынның бас бұйдасын ұстауы тиіс? Демек, Қорқыт пен Асан қайғыға көсемдік орынды беру әділеттілік шығар.

Болашақ ӘФ поэзиясының қазақ әдебиетіндегі аңыз, мифтермен осылай әдемі өрілген іргетасы кейінгі төрт, бес ғасыр шамасында өзінің біз күткендей тиянақты жалғасын таппаған еді. Қорқыт ата хақындағы арман-қиялдар мен жұмақ жер іздеп, планета бетін кезген Асан қайғының “одиссеясынан” кейінгі ақын, жырауларымыздың фантастикасы “от басы, ошақ қасы” тақырыптарды күйттеумен шектелгенін байқаймыз.

Мысалы, шамамен ХҮ ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында туды деп саналатын Қазтуған жырау Сүйінішұлы өзінің ордасы қонған жердің жағдайын: “Жабағылы жас тайлақ// Жардай атан болған жер.// Жатып қалып бір тоқты// Жайылып мың қой болған жер,// Жарлысы мен байы тең,// Жабысы мен тайы тең,// Жары менен сайы тең,// Ботташығы бұзаудай,// Боз сазаны тоқтыдай,// Балығы тайдай тулаған,// Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,// Балығы көлге жылқы жаптырмас...// Қайран менің Еділім”, – деп құрғақ қиялмен ғана өз өңірін асқақтату ниетінде жырға қосумен шектелген еді.

ХҮ ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде дүниеге келген Доспанбет жырау: “Айналайын, Ақ Жайық,// Қара бұлан терісін// Етік қылар күн қайда,..// Күмбір-күмбір кісінетіп,// Күреңді мінер күн қайда.// Толғамалы айбалта// Толғап ұстар күн қайда,..// Орындықтай қара сабадан// Бозбаламен күліп, ойнап,// Қымыз ішер күн қайда!”- дегендей арманын айта келіп: “…Ту құйрығы бір тұтам// Тұлпар міндім – өкінбен,// Туған айдай нұрланып// Дулыға кидім – өкінбен…// Бүгін, соңды өкінбен,// Өкінбестей болғанмын”,– дегендей ауыл-аймақтан аспайтын “қиялының қырқасын” білдіреді.

“Қазақ жыраулар поэзиясының атасы” деп әдебиет зерттеушілері мойындаған Шалкиіз Тіленшіұлы: “Жебелей жебе жүгірген// Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма,// Жағаласса – жыртылмас,// Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма,// Дулығалы бас кескен// Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма!”, – деуден аспаған.

Жалғыз ғана творчествосы емес, жаугершілікте талай-талай ерлік көрсеткен, 1723 жылы ойраттардан жеңіліс тапқан қазақтар қиыншылық заматта өзінің ұйымдастырғыш қабілетімен де, жалынды жырларымен де елін жоңғарға қарсы топтастыра білген Ақтанберді жыраудың да артына қалдырған шығармашылық мұраларынан тақырыбымызға қатысты дүниелер қарастырып көргенбіз. Сонда жыраудың: “Көк шекпенін бөктеріп,// Ерлер жорытар мал үшін,// Тұтам емшек бие үшін,// Қатын-бала қамы үшін,// Әркім өзі талпынбақ,// Басына бітер бағы үшін”,- деп тіршілігінің шектеулілігін білдіреді. Өз заманының батыры да жырауының арманы: “Асқар бір тауды жайласам,// Желілеп бие байласам,// Күнде – жиын, күнде – той,// Қыз-бозбала ойнатсам…// Осындай берген дәулетті// Көтеріп тұра алар ма екеміз!”, – дегенiңе тіреледі.

Өз тұсында елінің саяси өміріне де араласқан, ауыз әдебиетіміздің өрелі бір тұлғасы – Бұқар Қалқаманұлы өзінің өткір жырларымен тарихымызда қалғаны белгілі. Творчестволық миссиясын: “Ел бастау қиын емес,// Қонатын жерден көл табылады.// Қол бастау қиын емес,// Шабатын жерден ел табылады.// Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ”, – деп өте-мөте дұрыс ұққан ауызекі поэзияның шебері тұрмыстың кез келген саласында туған ситуацияда мәселеге жыраулық көзбен қарауға тырысқанын байқаймыз. Ол тұман түскен заманындағы істің бәрінің күмәндығын айтады. Баспақ-тана бастарына пана болғанын, ат орнына тай жүгіртуге жеткендерін аллегория түрінде айта келіп, “арғымақ жалсыз, ер малсыз,// Алланың аманат қойған жаны// Қай күн алары болжалсыз!” екеніне түңілiс те білдіреді.

Алайда, осындай өз заманынан баз кеше отырып, бір тұстары “Абылай ханның қасында// Бұқарекең жырлайды” деген жырында: “Пұсырман болсаң кетіңіз,// Сырдарияның суынан// Көлденең кесіп өтіңіз.// Кісісі жүзге келмей өлмеген,// Қойлары екі қабат қоздаған,// Қатын-бала хақы үшін,// Солай таман жетіңіз”, – деп жұртшылықты, баяғы Қорқыт ата мекеніне жұмсайды.

Бұқар жырау шығармашылығында жоғарыдағыдай тәріздес аңыз жерлердің фрагменттерін тағы да бірсыпыра тұстардан байқауға болады. Бұлар – көбіне-көп нақтылы замандастарына арнап айтылған қиял. Алайда бізді елеңдетіп, әдемі пікір қалдырған бір жыр-миниатюрасы болды. “Әлемді түгел көрсе де,// Алтын үйге кірсе де,// Аспанда жұлдыз аралап,// Ай нұрын ұстап мінсе де –// Қызыққа тоймас адамзат!// Ілімді түгел білсе де,// Қызығын қолмен бөлсе де,// Қызықты күні қырындап,// Қисынсыз күйге түссе де –// Өмірге тоймас адамзат!// Жақындап ажал тұрса да,// Жанына қылыш ұрса да,// Қалжырап, көңіл қарайып,// Қарауытып көзі тұрса да –// Үмітін қоймас адамзат!”. Бас-аяғы он бес жолдан тұратын осы туынды қазақ ауыз әдебиетінің бір корифейі – Бұқар Қалқаманұлы адамзат қиялының мән-мағынасын, өзіндік даралығын, мүмкін, интуиция арқасында ма, әйтеуір, тап бүгінгі біздің діттегенімізді меңзей білген деп есептер едік.

Бұқар жыраудың алды-артындағы Жиенбет, Марқасқа, Тәтқара, Үмбетей, Көтеш, Шал, Жанақ, Абыл, Дулат, Түбек, Өске, Шернияз, Шөже, Арыстанбай, Орынбай, Мәтей, Шортанбай, Күдеріқожа, Алмажан Азамат қызы, Сүйінбай, Қашқынбай, Будабай, Ақмолла т.б. ақын-жыраулардың өздерінің көздері жұмылғаннан кейінгі көздері әр басылымдарда жарық көрген дүниелерімен танысып шыққан жайымыз бар. Алайда, барлығының шығармашылық қазыналарын біріктіргенде, күллі қазақ фольклорының жұлын тұтасын құрайтын, тұнған поэтикалық қаймақтарының арасынан фантастикалық туындыларға қоятын талаптар үдесінен толық шыға алмағандары байқалады.

Бұл пікір әлгі жоғарыда келтірілген ауыз әдебиеті марқасқаларының жырлары ертеңгі, арғы күнгі келешекті аңсаған армандардан жұрдай деген қорытынды жасатпаса керек. Үйткені, мысалы, Қобылан Бәрібайұлының: “Заманым барған сайын тарылады,// Тарылып, бір жалғанда жарылады.// Опасыз бұл жалғанның әлегіне// Неліктен адам байғұс салынады…// Бұл дүние ойланғанға арман екен,// Адамды әрекетке салған екен…” – дегендей, бүгінгі жағдайымыздың кейбір келеңсіз тұстарын көрегендікпен бейнелеген жыр жолдарын ұшырастырамыз. Аталмыш автор өзінің көз алдына елестетіп отырған әлем картинасына үрейлене қарап, жұртты одан аулақтатып баққысы келетіні көрініп отыр. Ал, Нұрым Шыршығұлұлының позициясы оған қарама-қарсы. “Ұсынсам, қолым жетер ме,// Қырдан асқан түлкідей,// Қырмызы қызыл заманға”,– деп жұртты келешекпен қызықтырады. Бұл – дарыны да әр алуан дәрежедегі, өмір сүрген замандарының арасында да жүз отыз жылдан аса айырмашылығы бар екі индивид-жыраудың алдағы болашаққа өздерінің жеке-жеке саяси-әлеуметтік фантастикалық көзқарастары екенін ашып көрсету.

ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі жүз жылдықтар бедерінде қазақ даласында өмір сүріп, сан алуан тақырыпта тамаша жырлар, толғаулар тағы да басқа халық кәдесіне әбден жараған дүниелер туғызған сүлейлердің арасында Махамбет Өтемісұлының орны бөлек. Оның творчествосы осыған дейін қарастырылған жыраулардағы көксеу-қиял, яғни Жиделібайсын, Жерұйықты армандау, мүлде беймәлім әлемді аңсау секілді болып келе бермейді. Махамбеттің қиял, арманы өзгеше. Қазақ энциклопедиясы парықтағандай, “нақылға, шешендікке құрылған жырлар, философиялық тебіреніс түріндегі толғаулар, үгіттеу, үндеу, шақыру, тілек ету мәніндегі арнаулар – ақын творчествосына тән сипат. Жігерлі оптимистік, қажырлы отаншылдық сарын басым жататын Махамбет шығармалары ішінде элегиялық өлеңдер де бар...” /Қазақ совет энциклопедиясы. 7т. – 531 б./.

Махамбет поэзиясындағы символ-қиялға қатысты туындылардан академик Қ. Жұмалиев романтиканың компоненттерін көргісі келген. “Махамбет өлеңдеріндегі романтизм мен романтикалық сарындар прогресшіл, жақсылықты болашақтан күткен, өзінің замандастарын да, келешектегі ұрпақтарын да халық үшін күреске шақырған оптимистік романтизм”,– деген академик.

Қорқыт ата қиялында аңыздың бас кейіпкері табиғаттың әділетсіздігіне – өлімге – қарсы тұратынын көреміз. Алайда, Қорқыт пен ажал арасындағы конфликте Ата үнемі “өз объектісінен” қашумен жүреді. Яғни оған басымдылық байқата алмайды. Сондай-ақ, Асан қайғы да тек қана Жиделібайсын, Жерұйықты іздеумен болады. Мұнда да, қазіргі тұрғыдан қарап отырсақ, Асанға дайын құтты, бүгінгі сөз сөйлеу мақамына салсақ, “экологиялық тұрғыдан” таза және “төрт құбыласы түгел” мекен керек. Асанда да арманындағы әлемді өз қолынан өзгертуге ұмтылыс сезілмейді. Тек қана дайын Жиделібайсын, Жерұйықтың үстінен түссе – сонда қоныстана қалу.

Махамбет поэзиясындағы қиял – жасампаз, жауынгер қимыл қиялы. Мұнда автор қиялы міндетті түрде әлеуметтік хал-жайды жырларының өне бойынан өзектеп өткізіп отырады. Мысалға “Ұлы арман” жырын алайық. Мұнда лирикалық қаһарманға “жау тоқтатар күн” үшін ала ту да, орама мылтық та, арғымақтан туған асыл да, жалаулы найза да арманына жету жолында қызмет қылуға тиісті. “Ерлердің ісі бітер ме?” жырында да қасарысқан жауына, елдің мүддесі үшін “бекініп садақ асынуға”, “қорамсаққа қол салуға”, “балдағы алтын құрыш болатты” қанға батырып қана “біртіндеп… жауды қашырып”, елінің арманын жүзеге асыра алатыны жырланған. “Жайықтың бойы көк шалғын” жырында осындай “күлісті сынды күреңді күдірейтіп бойлайын күні” ісі жөнге келетінін армандайды.

Махамбеттің саяси ӘФ-сының шыңы – “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны” тақырыпты ұзақ толғауының ХІ тараушасы. “Мен, мен едім, мен едім…” деп басталатын мұнда, керек десеңіз, автордың күллі жойымпаз да жасампаз қиялының концепциясы шоғырланған. Мұндағы бунтарь-кейіпкер өз тұсындағы әкімшіл-билікшіл ортаға бар болмысымен қарсы тұруға бар. Ол үшін еңсесі биік ақ ордаға емін-еркін ену, жан сырқаты – сары балды сұраусыз ішу, хан иығындағы кіреукені өзі кию... тағы-тағы “тілекті тәңір бермеген” арманы – құр, арзанқол қиял. Махамбеттің өз творчествосында осы тараушадағы мақтан тұта алар жолдары: “Еділдің бойы – ен тоғай,// Ел қондырсам деп едім.// Жағалай жатқан сол елге// Мал толтырсам деп едім”. Бұл үзінді – түптеп келгенде, өлеңмен өрнектелген ауыз әдебиетіндегі фантастиканың бір ұтысы.

Қорқыт ата, Асан қайғы есімдерімен байланысты өмірге келген арман, қиял жырлары хақындағы осы шартты түрде тарауша санауға боларлық топтама ой-пікірлерімізді өзіміз емес, сол тұстардағы енді бір творчестволық тұлғаның жыр жолдары қорытындылауға лайықты деп білеміз. “Орын таппай көп жүрген,// Бізден бұрын өтіпті.// Асан қайғы бабамыз.// Ғайыптың ісін болжаған…// Дүниенің төрт бұрышын// Қорқыт атаң шайқады.// Ажалға айла таба алмай,// Қайта айналып келді деп,// Бұрынғылар айтады.// Заманның болар тәрізін// Асан қайғы әулие// Көзі көрмей байқады”.

Мұрат Мөңкеұлының осы жыр жолдары тараушамыздың қорытынды дәйектемеленуі деп қабылдағанымыз абзал. Мөңкенің өз творчествосы турасында филология ғылымының кандидаты С.Байменше “Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?” деген зерттеу мақаласында: “Ел арасынан жинастыру арқылы қолға түскен, бірақ негізінен ауыз әдебиетінің ауқымында жатқан бұл дүниелерге дуалы ауыз шешеннің сөз қадірін өз қадірі деп білген парасаты сезіледі, замана ауанын аңғарған дананың алғырлығы байқалады, кешегі мен бүгінді байыптаған әділ төрешінің көсемдігі танылады, сәуегей қарттың келешекті көздеген көрегендігі көрінеді… Мөңке баба соңына қалдырған сөздерінде келер күндерге “кер заман”, “ақырзаман” деп ен таққанымен, мұның бәрінің арты қайыр болып, түбі жақсылыққа ұшырасатынын да болжаған тәрізді. Оның: “Күндердің күнінде айтарлықтай заман туады,// Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады.// Түрлі-түрлі халық болады,// Күндіз-түні жарық болады”,– деген ойларын өз басымыз бүгінгі қазақ баласының тарихи отанында кешіп жатқан тәуелсіз күндеріне жоримыз /Егемен Қазақстан. – 2000. – 29 қараша/.

“Аңдыған жауы жоқ”, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” армандағы Жиделібайсын, Жерұйық тақырыбы жоғарыдағы қарастырған дүниелерімізбен тежеліңкіреп қалған емес. Керісінше, алып Жамбылдың тегеурінді творчествосының арқасында аталмыш фантастикалық идея бұрынғысынан да жоғары биікке көтеріліп, әдеби ажарлана түсті деп есептеуге болады. Ол – “Өтеген батыр” дастаны.

Белгілі фольклорист, ғылым докторы, профессор Сұлтанғали Садырбайұлының: “Таңғажайып ертектердің сюжетінде адам иланбайтын, көңіл сенбейтін сан түрлі қызық-қызық оқиғалар болатыны рас, бірақ, бұған қарап, халықтың ертедегі творчестволық күштерінде бей-берекет, жалған көріністер басым болды деп ойлауға болмайды… Сол себепті қиял-ғажайып ертектердің сюжеттерінде өте алыс заман айғақтары да, бертіндегі жаңалықтар да араласа келеді” /Фольклор және Жамбыл. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 47 б./, – деген дәйектемесінің дәлелдемесін, ертек болмағанмен, “Өтеген батыр” эпосынан да тура таба аламыз.

Бұл батырлар жырының бір кесек туындысы болғандықтан, мұнда ауыз әдебиетіндегі сол салаға тән сан алуан атрибуттарды ұшырастырамыз. Өзімен бетпе-бет келген жауларымен алыса жүріп, басқа да қиял-ғажайып әлеміне еніп кететіндей жағдай-ситуациялар Өтеген батырдың да басынан кешіріледі. Өзінің творчестволық лабораториясы – шығармашылық көрігінде сомдап шығарған бас қаһарманы – Өтегеннің әсіреленген, гиперболалық кесек қимылдары дастанда ұтымды да ұтырлы әшекейленгенін айту керек.

Алайда біздің назарымызды бәрінен бұрын өзіне аударған тұс – туынды қаһарманының о бастан алдына қойған мақсаты – бұ дүниеде жоқ елді іздеу. Ол “географиялық орын” – кейінірек әдебиеттерде, ғылыми қолданыста пайдаланып жүрген “утопия” термині.

Грек тілінен төркіндетіп әкелгенде, “жоқ жер” мағынасын беретін осы “утопия” келе-келе әлеуметтік фантастика саласының алғашқы көш бас тақырыбы міндетін атқарды. Яғни әдебиетте жаңа саланың негізін салды. Қандай да бір ұлы құбылыс тәріздес “утопия” ұғымы дүниеге қарапайым, елеусіз-ақ келген-ді.

…1516 жылдың аяғына таман Бельгияның Лувень қаласында тақырыбы – “Пайдалы да қызықты, нағыз жетілген мемлекет жөніндегі және жаңа Утопия аралы турасындағы алтын кітап” деп қойылған қолжазба кітап жарық көрген. Жаңа аралдың сипаттамасы: “Утопиялықтар аралы орта шені екі жүз мильге дейін көсіліп, сосын бірсыпыра жерге дейін едәуір кеміп, жағаларына жақындаған сайын жіңішкере түседі. Егер осы жағалауларды циркульмен қоршаса, бес жүз мильдік шеңбер пайда болар еді. Олар аралға жаңа туып келе жатқан айдың келбетін береді. Оның жиектерін ұзындығы он бір миль шығанақ шайып жатыр…”.

Міне, өзінен жарты мың жылдай бұрын осындай кейпі қағазға түсірілген, бірақ оның идеясын Томас Мордан да екі жүз жыл бұрын аңызға айналдырған “Асан қайғы елін” енді Жамбылдың Өтеген батыры іздеуге шығады. Өз қиялындағы ондай қоныстың қандай болуы керектігін бас қаһарман өз ойында бейнелеп те қояды.

“Мен табамын, табамын// Бұлақ аққан жерлерді,// Көгі көктеп, гүл жарып,// Құрақ атқан жерлерді.// Төрт түлікке ыңғайлы,// Толқын көлі тоғайлы,// Көгінен – нәубет, жерінен – нұр// Құлап жатқан жерлерді.// Жұт болғызбай, құт қонған,// Сүйікті қазақ халқына// Ұнап жатқан жерлерді”, – дейді Өтегеннің “монологы”. Жамбылдың қиялынан жасалған бұл Жиделібайсын – Жерұйық – “Утопия елінің моделі” – тек қана әлеуметтік фантастиканың жеке меншігі деу әнтектік қылар. Рас, “тек қана біздің жанрдың басыбайлы объектісі” деп мойындалса, оған біз тарапынан мақтаныштан басқа ештеңе болмас еді. Алайда, осы елдің тууына мұрындық болған фантастика жанрының одан бетер мақтанышқа бөленер иіні бар. Ол – фантастиканың аталмыш туындысы салихалы зерттеулердің нысанасына ілігіп, белгілі-белгілі оқымыстылардың талдауларына түрткі болуда.

Ғылыми деректерге сүйеніп қана пікір білдіретін, өз зерттеуі саласында әлемнің бірсыпыра елдеріне аты мәлім ағылшын тарихшысы А. Мортон өзінің “Халық утопиясы” деген мақаласында осы Жерұйық-Жиделібайсын елі тәріздес идеяны қолдайды. “Халық утопиясының атауы көп. Ол әр түрлі бейнеде көрінеді,– деп, біздің абыройлы Жерұйығымызбен таныс болсын-болмасын, бірақ, осындай қиялға қолданыс білдіреді. – Олар – ағылшынның Кокейн, француздың Кокань елдері. Олар – Помона мен Таулы Бразилия, Венера Тауы мен Жастық Елі. Олар – Люберанд пен Шларафенланд, Жарлылар Жұмағы мен Мұз Кәмпит Тауы” /Знание – сила. – 1989. №9. – 6-10бб./.

“Өтеген батырға” қайта оралсақ, біз ерте кездердегі аңыздар қаһарманы – Асан қайғының бейнесіне көптеген тұстарда ұқсағанмен, кейбір сәттерде оның қылықтарын қайталайтындай сарындар ұшырасқанмен, мұнда өзіне тән ерекшеліктер де жетіп жатыр. Олардың ең бастысы – қазақ халқына қолайлы деген қонысты Өтеген тауып алып, мұратына жетеді. Екіншісі – сол Жерұйыққа барар жолда батыр бойындағы туындыгер дарытқан фантастикалық жойқын күштерін көрсете білу шеберлігі.

Дастанның тағы бір ұтымды қасиеті – Жамбыл “өз Утопия елінің” кескіндемесін берудегі тапқырлығы. “Ақ мақтасы күмістей,// Жері кілем бүлістей,// Өтеген, анық көрдің бе?// Мұнан басқа тағы да// Бар ма артық іздерің?// Ту тушадай қояны,// Қырандай ірі торғайы,// Көресің бе, кәнеки!// Жайбарақат малдары,// Жайлауда жусап жандары,// Рахатта жүргенін?// Ешкілері жылқыдай,// Ылағы бағылан тоқтыдай,// Ертегі болған Домбай да,// Осы жерді сүйіп ыңғайға,// Қоныстануға меңзеген.// Меруерттей суын да,// Қаз бен қу жоқ жүзбеген.// Туған шақта жаздары,// Көздеген жерден кез келген// Қазақ халқы белгілі// Осы жерден бақыт ілгелі// Тұрғандай-ақ сездірген…”.

Қаншама ақын-жыраулардың “творчестволық тіліне” тиек болған арманды қонысты тапқан ауыз әдебиетіміздегі тұңғыш қаһарман – Өтеген батыр – өз жеңісіне тояттануы қажет-ақ еді. Жоқ, олай болмай шығады. Сол жерде Өтеген: “Жылқыға онша жайлы емес екен”,– деп налиды. Осы бір детальдің өзі адамды елеңдетіп, ой тастауға тиіс. Бұл тұста Өтеген қомағайлық көрсетіп тұрған жоқ. Бұл – қаһарманның ақиқат кісілігін білдіретін айқындауыш. Бұл – қиял, ӘФ-ның ажырамас символы. Өйкені, фантастика, қиял өзі жеткен бір биіктікті місе тұтып, сонымен қанағаттанған болса, ол несіне қиял, фантастика? Міне, жыршы-автор “жылт” еткен осы бір кішкентай детальмен күллі қиял дүниелеріне жүктелетін міндет – үнемі алға, келешек-болашаққа ұмтылыс девизін қуаттаған.

Осы тұста “Әдебиет утопиясының кеңдігі” деген мақаласында философия ғылымының докторы, профессор В. Чаликованың: “Утопияның мұндай түрін ертегімен салыстыру – табиғи нәрсе,– деген дәйектемесі ойға оралады. – Және де ӘФ – жұртшылыққа кеңінен тараған кәдімгі технократиялық ертегі ғой. Соның нәтижесінде “утопия – әдеби шеңбердің квадратурасы” хақындағы математикалық трактаттан бастап, ойдағыдай жетілген қала жобасына дейінгі әдеби өрісі кеңіген ұғым” /Сонда. – 69 б./, – деп, орынды айтқанына қосыламыз.

ӘФ-ны, қаншама ұшқыр деген қиял, арман болғанымен, қоғамдағы нақтылы әлеуметтік жағдай туғызады. Бұл қағиданы тарихтың өзі айғақтап, дәлелдеп отыр. Жоғарыда қарастырғанымыздай, біздің заманымызға дейінгі толайым бес ғасыр жүріп өткен өмір жолымызда бірыңғай формация болғанын ескерсек, оның көрінісінің айна қатесіз бейнесін ауыз әдебиетіміздегі арман, қиялдан байқай алар едік. Яғни соншама елеулі уақыт аралығында қоғамда түбегейлі өзгеріс жасайтындай жойқын төңкеріс болмаған-ды. Соған сәйкес қазақ ӘФ-сында да “космостық жарылыс”, яғни арман, қиял әлемінде ересен, оқшау тақырыптар “жарып шыққан” жоқ. ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың бас шеніне дейінгі арада қазақ фантастикалық фольклорында, негізінен, екі идея – мәңгілік өмір және Жұмақ Жер (Утопия аралы) – билік құрды.

Өткен ғасырдың бас кезі өзінің күллі планеталық өзгеріс-құбылыс-төңкерістерімен ерекшеленеді. Соған сәйкес ӘФ да жаңа “қиял өрісіне” ауысты. Яғни басқаша түр-өң алумен бірге, жаңа тақырыптардың, идеялардың “тиегі ағытылып”, тарау-тарау бағыттарға саралана бастады. Мазмұны да жаңаша түледі.

Енді бұрынғыдай, І. Жансүгіров: “Ашылар ма көз,// Іс болар ма сөз,// Көп көксеген күн туып?// Дауыл жел айдап,// Жауын, сел, қайнап,// Өз еркінше жүр қуып.// Алу үшін теңдікті// Сағынамыз кеңдікті…// Мақсат алыс,// Адым қарыс,// Уайым қалың, үміт көп.// Қысты күн жазды,// Қардан көк сазды// Уайым қылам күнде аз деп” деген заман келмеске кетті. Жұрттың бәрі өйсітіп күңіренумен болды ма екен?

Осы сұраққа жауап іздерде әдебиет тарихынан Н.Г. Чернышевскийге байланысты бір әңгіме еске түседі. Орыс әдебиетінде Гоголь дәуірінде қалам тартқан тәуір-тәуір жазушыларды жүзеге шығарарда ұлы сыншы: “Қорымларды ашып қарау керек, шынымен-ақ оларда өліктер жатыр ма екен”,– дегендей сөз жазыпты. Сондай-ақ, қазақ ақындарының туындыларын ақтарып қарап отырсақ, талай қызықты дүниелерге душарластық. Жазушы жалпы тумасында арманшыл, қиялшыл болуы тиіс қой. Сондықтан да олардың әрқайсысы келешек жөнінде бір ауыз өлең ұйқастырмай қалмаған көрінеді.

Мысалды Ахмет Байтұрсыновтан бастап қарастырсақ, осы бір ғұлама лингвист: “Қудым бақты, іздедім.// “Табамын ғой, тез” дедім,// Азап шекті жан-тәнім.//Қарап жақын-жырақты,// Жақтым түрлі шырақты.// Таптырмады қуғаным.// Үміт сүрер жыраққа,// “Жетесің,– деп, – мұратқа”,// Толқысам да ізденіп.// Қашан көңіл жасарар,// Арқа-басың босанар,// Рахатты жаз келіп?”, – дегенде, іздеген бағы бәрімізге белгілі болса керек. Ол – бақ сол баяғы Қорқыт ата, Асан қайғы заманынан бастау алып келе жатқан арман, қиял. Аталмыш өлең турасында ҚР ҒА корреспондент-мүшесі Шәмшиябану Сәтбаеваның: “… Ақын түңілген емес, ізденуден, үміттенуден, ұмтылудан жалықпайды… Бұл – алда жанар шам-шырақты армандап күту, аңсау әрі сену сарыны” /Байтұрсынов А. шығармалары. – 45 б./,– дегені бар.

Міржақып Дулатов болса, жоғарыдағы тәрізді арманына арнаған өлең жолдарына тақырыпты тура “Қиял” деп қойған. Онда: “Кейде – ащы, кейде тәтті қиял билеп,// Кететін бар емес пе бір мінезің?..// Қасыңда жүйрік қиял сонда серік,// Басында, әсіресе, болмаса ерік.// Қаулаған қалың үміт көзге елестеп,// Біресе ауыр қайғы қаптар келіп”,– десе, “Арманым” атты өлеңінен: “Зор арманым – жаһанды жүрмін кезе алмай,// Не бар, не жоқ – дүние халін сезе алмай,// Зейінім – ауыр, қолым – қысқа, жолым – тар,// Іздеген мұрат қолға тиіп, тез алмай…// Азуды қайрап, бармақты шайнап өтті күн,// Ғылымды іздер, алысты көздер жетті күн”, – деп оптимизмі де, пессимизмі де қатар-аралас поэтикалық ойын айтады. “Сенімсіз басым, пайдасыз жасым арманда,// Жетермісің тілегіңе жалғанда”,– деген “Мұң” өлеңінен алынған жолдар да жоғарыдағы пікірімізді растай түссе керек.

“Табаныңмен жер бассаң, көзіңмен көкті шол”,– деген латынның девизі бар. Осы үндеу қазақ жазушыларына айтылған сияқты. “...Ұшқанда қиял жүрді әлдеқайда: //Қайтер ек барсақ ұшып алтын Айға? //Гуілдеп көктен асып барып түссек, //Жұмақтай кемшілік жоқ көркем жай ма? //Арнады саған өлең құшқан ақын, //Жан қосып сеніменен ұшқан ақын. //Аспанның дариясында қалқығанда, //Қасыңда кім бар еді менен жақын?”. Бұл – С. Сейфуллиннің “Жел қайықта” деген өлеңінің соңғы шумақтары. Ақын мұны Қазақстанның Жалпыкеңестік жиналысында ең бірінші республикаға келген аэропланмен ұшқанда жазады. Аэропланға отырысымен, әлгіндегі латын девизіне де місе тұтпай, ғарышты аралап кеткісі келеді. Табиғатында арманшыл халықтың ақын ұлы әлем кеңістігінде сапар шегу үшін кез келген кішкентай да мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады.

Осы пікірімізге құптауды басқа жазушыларымыздың да туындыларынан табамыз. Мысалы: Х. Ерғалиев “Химия хикаясы” туралы сыр шерте отырып, Жер планетасын өзіне тар көреді. Ақын қиялы аспанды шарлап кетеді. “Керек емес кенді санау, //Жердің біздік жынысы!.. //Бүл ұрпақтың енді сонау //Жұлдызда бар жұмысы!.. //Ата-бабаң айтқан зар қып //Арманнан бұл кем іс пе? //Ақынды өмір өрден арғы //Алып шықты кеңіске!..”,– деп көсілді адуын ақын.

Бұл тұста лирикалық қаһарман ғарышқа қол созғанда, мұны Жерден жерінгендіктен жасап отырған жоқ. Ол – Галактикадан өзінің кіндік кескен планетасы тәріздес саналы тіршілік ие бар аспан денесін іздестіріп, көксегендігі. Т. Айбергеновше айтқанда, “сан жүйрік армандардың тұлпарын қамшылайтын” туған Жер тәріздес адамзаттың құтты мекенін іздегені. “Планета аралық өркениет проблемасы арнаулы мәжілістерде өте байсалды талқыланады, – деп жазды “Космостың қам-қарекеті” деген проблемалық мақаласында академик В. Фесенков. – Басқа цивилизацияларды тауып, солармен байланыс жасау мүмкіндігінің жолдары қарастырылуда. Ұқыпты байқаулар әлі күнге дейін нәтиже бере қоймағанымен, әлем кеңістігінен ғана өзгеше объекті ашса, астрономдар бәрінен бұрын оны “қолдан жасалған болса керек“ деп ойлайды... “Жерден тыс аймақтан да саналы тіршілік иесін кездестірсем, космоста саналы тұрғындар барына көзім жетсе” дегендей құштарлық әлі күнге дейін адамның көкейінде” /Литературная газета. – 1969. – 17 қазан/. Біздің ақын-жазушыларымыздың да позициясы осындай.

Азамат-ақын Тайыр Жароков: "Алға қарай серпеміз", – дейді. "Біз серпеміз құлашты //Тауқырандай серпеміз, //Біз серпісек құлашты //Айға қарап серпеміз, //Біз серпісек құлашты //Таңғы ұрандай серпеміз, //Біз серпісек құлашты, //Алға қарай серпеміз". Қасым Аманжолов бір өлеңінде орындалған арманын жырға қосады: "Сен кеше жалбыр тонды жетім едің, //Сонда сен тіршілікке не тіледің? //Атаң мен әкең сенің жете алмаған //Арманға бұл кезде сен жетіп едің". Басқа да көптеген ақындардың шығармалары кешегі арман, қиялды жырлай отырып, сол мезетте-ақ алдағы болашаққа жеп-жеңіл ауысып кете беретінін жіті көз оқушы аңғара алады. Мысалға Ә. Тәжібаевтың мына өлең жолдарын еске түсірейік: "Пайғамбарсып болжампаз мақтанбаймын,// Қатер күтіп ертеңнен сақтанбаймын.// Күдік мені кідіртіп көрген емес,//Тоқталмаймын деген соң, тоқталмаймын.// Алданбаймын тойғанға, терлегенге,// Малданбаймын "ардақты сен" дегенге.// Мен ғашықпын, құмармын болашаққа,// Көңіл сезіп, көз әлі көрмегенге". Х. Ерғалиевке салсаңыз, ақын ойы: "Ойласам бір сәт оңаша,// Көп жылдың жырын толғаппыз,// Арманға біздер жаңаша// Көңілдің күйін жалғаппыз…// Космосқа қарай зымырап// Жолаушы барған жолымдай,// Енді ғұмыр-ғұмыр-ақ// Шолпаннан жарық ол ыңғай".

Міне, осы тәріздес үзінділерді көптеп тоғытып келтіре беруге болар. Солардың бірі есебінде өмірден қыршын кеткен дарын иесі Абдолла Жұмағалиевті айтар едік. Ақын елдің кез келгеніне әйгілі Асан қайғы жөнінде қалам тартады. Ол турасындағы өзінің позициясын ақын Әбу Сәрсенбаевқа былай деп айқан: "Немене, Асан бізге жат па екен? Мәселе Асанда емес, оны дұрыс көрсете білуде... Бұл жөнінде талайлардың кеңесін тыңдап, қазір қайтадан қолға алдым. Мен енді Гетенің "Доктор Фаусты" сияқты Асан бабаны өмірге оралтпақпын. Кейбіреулер Асан атын тек жалаңаш қайғыға таңады да, ол туралы жазуды күйректік санайды. Арманшыл жанның философиясын түсінбейді олар. Асан "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" рахат заманды аңсады… Асан бейнесі – ел арманынан туған қасиетті аңыз!.." /Өтпеген жолын. Шығармалар жинағы. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1962. – 112 б./.

Амал не, Асанқайғы жөнінде асқақ ой, ақиқат пікір ұстаған ақын "Асан туралы аңызды" қайталап өңдеп, жақсартып жазу үстінде, жұмысын тоқтатып, Отан соғысына кетуге мәжбүр болды. Сүйтіп, шығарма оқушылар қолына тимей қалды. Оның есесіне фантастика саласындағы А. Жұмағалиевтің аяқ алысын аңғартатын тағы бір дүниесі бар. Ол – автор қайтыс болғаннан кейін оның бір томдығына енген, шығарушылар алқасының шартты түрде атын "Арман мекені" деп қойған, аяқталмаған дастанның фрагменттері.

Сонымен: "Арман мекені" /Сонда. – 204-206 бб./. Шығарманың қаһарманы колхоз даласында жүреді. Күн көзі көкжиектен сығалаған таң кезі. Қаһарман ойы қиялдап кетеді. Осы өлкенің ертеңін ойласа, мына алдындағы көк теңіздің түбінен сарқылмайтын алтын сүзіліп алынатынына сенеді. Ал кешегісін ойласа, көңіліне қорқыныш үйіріледі. "Ал, кенет ерік беріп қиялыма, //Түс көрдім, үн келеді құлағыма. //Бұл не зар, тау қойнынан талып жеткен, //Әлдекім егіле ме, жылады ма?"

Лирикалық қаһарман дауыстың иесін іздеп, шарқ ұрады. Тауып алады. Бұл үңгірде отырған кемпір екен."Бейбақпын мен ұлым мен қызым өлігін азалаған", – дейді кәрі ана. Өздері бір ұлы сапарға зор мақсатпен шыққан көрінеді. Жолда қансырап қызы мен ұлы өледі. Сонда бұлардың жол шеккен ұлы сапары не? Зор мақсаты қандай? Оған ананың өзі жауап береді: "Қуды заман заңы қатаң,// Жер жұмағын іздеп Асан,// Қайда жұмақ келем шарлап,// Жетем қашан, жетем қашан?// Іздегенім өмір-жұмақ,// Жолым шалғай, кеттім ұзап,// Бар ма, жоқ па жер жүзінде// Қайда кеттің, тәңір шұнақ?!// Бітті дәрмен анашыңда…// Біле алмадым шамасын да.// Мүмкін, көкте? Ұшар едім,// Құс бермейді-ау қанатын да.// Сонда дейді ақыл-арың,// Жетуге тез асығамын:// Білем сонда жетсем сөнген// Шамшырағым ашыларын…"

Ана осыны айтып бола бергенде, кенет тас үңгірден аузынан жалын атып, аждаһа шыға келеді. Екеуінің де зәресі қалмайды. Дәл осы сәтте дауыл тұрып, найзағай ойнап, аждаһамен ана алыса кетеді. Ұзамай, дауыл басылып, күн ашылғанда, күлімсіреп тұрған ана көрінеді. Аждаһаның өлімтігі оның табан астында жатыр екен..

Фрагменттер болғандықтан ба, уақиғалар бірімен-бірі оншама жымдасып жатпайды, бөлек-салақ боп жүрген сиқты. Мысалы, дастан былай аяқталады: "Қасиетті дауыл, аса мықты, //Жарылқадың аш-арықты. //Жер жұмағын сенен тауып, //Анам қайта жасарыпты… //Кешір мені, жырдың досы, //Алтын айдар ерке тоты. //"Көкіп кетті, – деме – нені?" //Түсім де – осы, өңім де – осы!"

Бұл жерде ақынның дауылын – Арман Дауылы деп ұғу керек. Қазақ халқының “утопия елі” – “жер жұмағы” туралы аңыздың негізінде туған осы бір жыр жолдары былай аяқталады: "Азат ел бүгін еркін мекендеген. //Жерұйық салтанаттың көші өрлеген. //Ананың арман еткен қонысы – осы, //"Болса да жер түбіне жетем!" деген".

Бүгінгі күннің реализмі адуын дарынына тар келгендіктен болар, Саттар Ерубаев "Менің құрдастарым" романын жазып отырғанда, өн бойында қара сөзбен жазылған дүниенің, туындыгер айтқандай, "увертюрасында" кенет поэзиямен фантастикаға ауысып түсіп кетеді.

"Мәңгілік өмір туралы жыр" деген тарауында романның басты төрт қаһарманы Төленгіт жыршыға әңгіме айтқызады. Ол "аққудай саңқылдап, теңіз тыныштығын бұзып, шағалаларды шулатады". Жыршы: "Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім",– деп күңіреніп бастайды. Өмірге, тірлікке көңілі толмайды. Алдынан тек қазылған ор мен қалың шырмау көрінеді. "Ебелектей ербең етіп жер бетінен кетемін-ау",– деп ойлайды: "Өмірдің де, уақыттың да сарындарын мен көрдім. //Мола болған ғасырлардың қабырларын мен көрдім. //…Мола болған соңғы ғасыр – сол қабырдың түбінен //Үн шығарып сөз сөйлейді бір қарт кісі менімен" /Менің құрдастарым. Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1979. – 43-45 бб./, – дейді. Бақса, бұдан жарты ғасырдай бұрын өлген бабасы екен. Ұсақ-түйек күнкөріс қамымен сексен жасаған. Ал сол жерде малымен, халыққа жасаған зорлық-зомбылығымен аты әйгілі датқа бар болған. Соны сабағаны үшін ел оны батыр деп кетеді. Сонда да оның көңілі тоғаймайды. Сөз соңында қабір түбіндегі қарт кісі өзінің көкірегінде жауабын таба алмай кеткен сұрағын береді: "Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім, //Өмірімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім. //Бәсе, кәне, мәңгі жасау, өлмеушілік қайда екен? //Өте ұмытшақ уақытта көнбеушілік қайда екен? // Содан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды, //Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды…"

Осымен енді тараудың екінші бөліміне көшеді. Бұл – дәуірдің бас кезі, 20-шы жыл. Жыршы жолда келе жатып, бір жаралы жас жігітке тап болады. Оның шынтағына дейін шабылған оң қолы кітап толы жәшікті басып жатыр екен. Жыршы мұның сырын жігіттің өз аузынан естеді: "Ауылыма өлмеушілік мен әкеле жатыр ем, //Анау әне жәшіктегі кітаптарды оқып па ең? //…Ол еңбектер – мәңгі жасау, өлмеушілік өрнегі". Жыршы өз ойын: "Міне, мәңгі өмір, өлмеушілік идеясының шешімінің табылу жолы – осы; адамзаттың, халықтың баяғы ескі заманнан бергі пәк тілегі, асыл арманы, асқақ қиялы осылай табылған",–дегендей түрде қорытады.

С. Ерубаевтың бұл жырын “утопиялық ел” – “арман елін” аңсаудан туған бір алуан шығармалардың соңынан беріп отырғандағы мақсат – бұл жыр идеясының маңызы өте зор екендігін тағы баса айта түсу. Себебі: бір ақын келешек тамаша өмірді Таңнан күтсе (С. Сейфуллин), екіншілері – Желден (С. Мұқанов), үшіншілері – Дауылдан (А. Жұмағалиев) күтеді. Жаңа заманды осылар әкеледі деседі. Әрине, бұлар да алып отырған объектісін дұрыс аша түсу үшін табылған сәтті шешім болып саналады. Ал С. Ерубаев осылардың бәрі арманшыл, асқақ қиялдың арқасында жүзеге асқанын тура айта алды. Сондықтан да жоғарыда келтірген фантастикалық-романтикалық пафосқа толы шығармалар үшін осы "Мәңгілік өмір туралы жыр" шағын түйіндеу іспетті деп білдік.

Осындай түбегейлі өзгеріс тудыру үшін, қазір тарих айқындап отырғандай, ықпалы дүние жүзін шарпып кеткен аласат идеологиялық күш-монстр – Қазан революциясы жасалды. Ол турасында 1925 жылдары көптеген адамдар кесірі келешекке көбірек тиетін бұл құбылысқа оншама саяси теріс пікір туғызатындай мән бере қоймаған. Сәбит Мұқановтың “Жиырма жыл” деген өлеңінде: “Қыртысын қара жердің қанға бояп,// Кімде күш болса – солар алды тоят.// Ұлы күрес жолында қанды кешіп,// Ғасырға жиырмасыншы бастық аяқ”, – деген шумақ бар. Аталмыш “қыртысын қара жердің қанға бояған” әлемдік тарихи уақиға өз кезегінде әлеуметтік жай-күй, көзқарастың бір тармағы – фантастикалық әдебиетке де жаңаша ізденіс жасаттыра бастады.

Ертеректегі Жүсіпбек Аймауытовтың бір қисындамасы көңілге қонады. “Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болуы керек. Өйткені: ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжалдайды… Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады” /Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 402 б./, – деген пікірін ең алдымен М. Жұмабаев поэзиясы дәлелдеп отыр. Ж. Аймауытовтың осы ойын ақтағандай, қазақ жазба әдебиетінің алғашқы өр толқын өкілдері үдере бой көрсетті. Шынында да жаңа, жойқын, қарбалас идеологиялық майданға ақындарымыз өз көкейіндегі арман-қиялдарының құсын салып көрді.

Енді қазақ ақындары кез келген ерен жаңалықтың, құбылыстың астарынан болашақтың қандай да болса фантастикалық нышандарын көргісі, жорамалдағысы, болжалдағысы келді. Мысалы, С. Мұқанов “Күресшіл ұрпаққа” арнауында: “Сол кезді жырла, тілім, өзгені қой…// Бірақ та ол күн әлі жатыр алыс,// Бар әлі жолымызда талай жарыс.// “Алыс”, деп, шаршап неге торығайық,// Тұрғанда кеудемізде ыстық намыс.// Талайлар өлмек, талайлар туа бермек,// Бақытты адам әділдік күнді көрмек”, – десе, “Ұшқыш кемеде”: “Күнге бар, оған “енді батпа!” дейін…// Айға бар, “енді, жаным, ұйықта” дейін,// “Түн жамылып сен енді шықпа” дейін…// “Жұлдызға бар, ұялма Күннен” дейін…// “Марсқа бар, жақында Жерге” дейін…// Көкке мен өрмелеймін бұдан әрмен…”,– деп ұшақ ішінде Марсқа дейін “аралап кетеді”.

Ақын С. Мұқановтың “Жер айналған жолаушы” атты Қазан төңкерісінің жиырма жылдығына орайластырған жырының басым бөлігі фантастика-қиялға бағышталған. “Желігетін еді ақын қиялы да,// “Көкті көрмей,– деп, – Жерге мен сиям ба?// Көк лентасын көлбей ұшып,// Жер шарын орап түсем,// Не бар екен жиһанда”.// “Ақын-қиял серігім ғой, шіркін”, деп,// Қиял – Антей, Жері – адам, Адамы// Ұшпай қиял ұмтылса да, іркілмек.// Қиялым ұшып, мен Жерде қап ере алмай,// Менсіз қиял өз күшіне сене алмай,// Жүруші еді арманда боп, Жер шарын// Лента бойлап, ұшып көзбен көре алмай…// Сөзсіз: ертең құмға бақша егуі,// Сөзсіз: ертең мұз теңіздің еруі,// Сөзсіз: ертең жасарған Жер – // Мол сүтіне баласының бөгуі…” – дегенде, ақынның “ендігі игіліктің мұрындығы қиял, фантастика болуы тиіс” деген позициясын білдіруі. Тап осы жағдайда туындыгерден нақтылы фантастикалық идеялар талап ете алмас едік. “Мұнда күллі жырдың өзі – фантастикалық пафоспен қанығып тұр”, – деп есептер едік.

“Қазан революциясы” атты, жақсы-жаман болсын, әйтеуір адамзат санасына ұлы төңкеріс жасаған құбылыс қазақ жыр өнерінен де бас айналып өткен жоқ. “Революция”, “жаңашыл” дегендей кісі арбайтын сөздер ақын, жазушыларымыздың бойына “поэтикалық адреналин” дарытқандай еді. Енді алдыңғы саптағы қаламгерлеріміз келешекке көз тастап, қиял құсын ұшыруға жаппай дерлік бет алды. Олар көптеп-көмектеп, сонау “Марс тұрғындары” сауатты боп оқи қалғанда, көз алдарына айқын елестете алатындай бір кесек, келісті жиынтық образды поэзия гранитінен сомдап қашап берді деп батыл айтуға болады.

Ол монументтің тұғырын, іргетасын С. Сейфуллин төседі. Ақынның “Жеткіншегім, тартынба!” деген өлеңін сол тұғырдың алғашқы қаланған кірпіші деп ұққан жөн. “Надандық меңіреу тұманның //Ауыры қалды артында. //Ентелей бас ілгері, //Жеткіншегім, тартынба! //Аспанға ұшар көк құрыш – //Аэроплан – қанатың. //Автомобиль, машина – //Күшті көлік бар атың. //Бұрынғыдай бөгеттер, //Қиын емес жолыңда. //Аспан да, жер де сенікі, //Бар дүние қолыңда”, – деген ақын.

Осы монумент тұғырының жоғарырақ жағына І. Жансүгіров өзіне тиесілі “кірпішін” өреді. С. Сейфуллин қиялынан туған жеткіншегіне: “Аспан да, жер де, тіпті бар дүние әлемі де өз қолыңда”,– десе, І. Жансүгіров арманы оны еселетіп әкеліп: “Күн боламыз”,– дегізеді: “Туғанбыз күн нұрынан, күн боламыз, //Нұр шашып қараңғыны жарық етіп. //Ту ұстап, тұлпар мініп толғанамыз, //Көк-жерді көміп нұрға, қарқ етіп. //Қар, мұзды жерді қысқан нөсер дүрілдетіп, //Жаудырып көктен нөсер гүрілдетіп, //Бұлтты айдап, тұман түріп желдетеміз, //Есілте ескекті әннің күйін шертіп. //Жадырар жанның бәрі нұр бөленген, //Нұр шашып қараңғыны жарық етіп. //Ту ұстап, тұлпар мініп толғанамыз, //Көк-жерді көміп нұрға қарқ етіп”. Бұл қаһармандар жалпылық ролін атқарып отыр. Олар қараңғының нұрын шашып, жарық қылмақ. Олар жердің тынысын тарылтып тұрған қар, мұзды ерітіп, селге айналдырмақ. Бұлтты бір орнынан қуып, қалаған жеріне апарып, көктен нөсер жаудырмақ. Олар жаңармаған, түлемеген жер қалдырмақ емес.

Ақынның “Жорық” поэмасының лейтмотиві: “Не жүйрік?” – Қиял жүйрік пендедегі,// Оқ жүйрік, оған жетпес жел жеделі.// Көз көріп, қол ұстаған өмірден тыс// Сергітеді қиялды сермегені,,,// Кім айтады: “Жырлама, – көрмегенді”,// Жұрт көріп жырлаушы ма еді жеңген ерді?// Бәрі бір көрмегенді алдауым хақ,// Көргеннің дейтіні рас “көрмеп еді”.// Сөйтсем де көрмеуімді арман қылам,// Тек қана қиялымды қармандырам…// Ал, қиял, қозғал, ақын-қиял,// Айқайла ақындарды шақыр, қиял.// Салғанда ерлер дүбір жер мен көкке,// Серпілмей, сендер де, ақын, жатуға ұял!”. Осынысымен автор көргеннен де көрмеген, беймәлім нәрселерден қаймықпауға шақырады.

…1929 жылдың өзінде Мұхтар Әуезовтің: “…Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін… Мағжан – культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымына ертерек шыққандай… Заманнан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады… бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” /Жұмабаев М. Шығармалары. – 11 б./, – деген-ді.

Ұлы Әуезов тегін айтпаған екен. Сол киелі кісінің болжағанындай болды да шықты. Сұм саясаттың темір торынан өліп босаған Мағжан Жұмабаевтың шырқау шығармашылығы өз оқырмандарының ыстық, жырқұмар жүрегінен бірден-ақ жәй тауып, ұялай қалды. М. Жұмабаев қазақ әдебиеті классиктерінің алқалы ортасынан өзіне тиесілі орнын алды.

Қазір аңдап отырсақ, Әуезов “келешекке бой ұрып” дегендей, ақынның қазақ қиялы, қазақ фантастикасына да жасаған қайырымды ықпалы сайрап жатырғанын байқар едік. Жұмабаевтың фантастикасы біздің қазіргі оқырманның көзіне үйреншікті мазмұндағы, “еті өліп кеткен” пішіндегі фантастика, қиял емес. Өзгеше. Ол – Мағжанның қиялы, Жұмабаевтың фантастикасы. “Жалынмын мен жанамын, //Онда туған баламын... //Қызарып Күн шыққанда, // Күн отынан туғанмын... //Жарқырап от боп туғанмын... //Мен пайғамбар – Күн ұлы. //Көкте Күнмін, көкте нұрым шашамын!..” – деп біледі. Романтикалық фантастика... Мұндай сала – күллі әлемдік әдебиет процесінде жиі кездесетін құбылыс. Оның айқын мысалын қазіргі классик қиялгерлердің бірі – америкалық Рэй Брэдберидің бүтіндей дерлік творчествосынан көре алар едік.

Брэдберидің романтикалық әлемі - ерекше дүние. Онда рухани үндеу Марс құмдары мен жер жайлауларын шарпып өтеді. Қиялгер тілге көнгіш жуас та, сонымен қатар қайсар, қатты. Оның туындыларында поэзия салтанат құрған, табиғатқа жан біткен. Бүгіндері америкалық қиялгерлердің көбісінің ұқсас мінездеріне қарай, топ-топқа жіктеуге әбден болар. Олардың бірінің шығармаларының төбесіне екіншілерінің атын қойса, оқырман аса көп аңғармауы да ғажап емес. Ал, Брэдбери ондай емес. Ол ешкімге ұқсамайды, ешкім ол тәрізді көріне алмайды. Оның романтикалық фантастикасы сондай.

Ақынның осы қырын филология ғылымының докторы Бақытжан Майтанов: “Қазақ әдебиетіндегі романтизм туралы сөз шықса, ең алдымен тілге оралатын есімдердің бірегейі – Мағжан Жұмабаев. Мағжанның ақындық, дара стиліне тән қасиеттердің нәрлі жиынтығы да осы құбылыспен тікелей тамырлас… Бұл сипат басқа да қаламгерлердің творчествосында әредік не шоғыр-шоғыр күйде ұшырасқанымен, тұтас дүниетаным мен көркемдік-эстетикалық жүйе құрайтындай дәйекті, күрделі дәрежеге жеткен жоқ. Ал, Мағжан Жұмабаевтың басқа қаламдастарынан ерекшелігі – ақындық, азаматтық болмысындағы қиялшыл… жаратылыс-бітімінде… Ғылыми-болжамдық негізі бар топшылауға табан тірейтін Мағжан арманы кетік ауыз тұрпайы тіршіліктің балағынан тістеген күйкілігін менсінбей, зеңгір көкте сұңқардай қалықтап самғауға құмар” /Майтанов Б. Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 18 б./, – деп айқын, сәтті ашып көрсеткен.

Шынында да ақын Айды да, Күнді де, жұлдыздарды да қол жетпес үлкен материя санамайды. Ол ақын мінезіне лайықты әлгі аспан денелерімен өзі қоян-қолтық араласып жүре береді. Мысалы, “Жүлдыздарға”: “Көктің сансыз көздері, //Алдамаңдар ойнақтап. //Шақырғанмен, бара алман, //Бұлт, тез шық та, бетің жап!” – деп, космос төсіндегі, біз күні бүгінге дейін табиғатын, химиялық-физикалық-биологиялық-оптикалық-метеорологиялық... тағы басқа да параметрлерін біліп-танып жарытпаған галактика объектілеріне азаматтық, ақындық тәкаппарлықпен қарайды. Сүйте тұра, тап осы сәтте өзінің қолының қысқа екенін, кейбір техникалық мүмкіндік дәрежесінің кемдігін, өрісінің тарлығын ақ көңіл ақын мойындап та қояды: “Қара Жерден кете алмас //Мен бір сорлы байлаулы: //Жердің жауыз желімен //Ерсілі-қарсылы айдаулы”, – дегенге дейін барады.

Автор бұл тұста “ерсілі-қарсылы айдаулы жауыз желді” өз планетасының гравитациясын жеңіп, космосқа шыға алмай, “сорлап” отырғанын жасырмайды. Шынында да оны несіне құпияламақ? Сонау жылдарда өмір кешкен Мағжан түгіл, техникасы, космостық асай-мүсейі жетілген, ғарыш көлігіне лайықты – қатты ма, газ не сұйық па, әйтеуір, әр алуан – отындарды сұрыптап шығарып жатқан осы заманымыздың өзінде де Байқоңырдан ұшқан зымырандардың екісінің бірі, бауырын жазып, белгіленген орбитасына шыға алмай, Жезқазған, Қарағанды төбесінде жарылып жатқан жоқ па?!. 1998 жылғы наурызда Американың 12 ғылыми лаборатория-серіктері тиелген ресейлік “Протон” зымыран-жеткізгіштің Алтай өңірінің төбесінде шашырап “себілгені” де ұмыт болмаған шығар…

Сондықтан да Мағжан кейіпкерлерінің: “Амал не, көнбей? Сонда да //Бір өкпем бар Аллама: //Сезгіш жүрек, ұшқыр жан //Неге бердің пендеңе?! //Жаратқан соң Жерден сен, //Берсеңші Жердей тыныш жан. //Болар іс – болды. Сұраймын: //Не дейді, білдір, бұл аспан!” – деп, сан соққанын да түсіне аламыз. Сүйте тұрып, Мағжан қаһарманының салы суға кетіп, дүниеден түңілмейді. “Не дейді, білдір, бұл аспан!” деген сұрағынан жаңылмайды. Бұл дегеніңіз – ақын кейіпкері түптің түбінде “космосқа қол салатынының” нышаны болса керек... Осы жерде қазіргі заманымыздың маңдайалды қиялгерлерінің бірі – Станислав Лемнің: “Мен өзімнің ең маңызды санайтын кітаптарымда көбіне-көп космосқа қашамын”, – дегенін еске алу артықшылық қылмас.

Ақынның бұдан басқа да “Жатыр...” өлеңі: “Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, //Кілтін де өнер-білім ашып жатыр, //Бірі – ай, бірі – жұлдыз, бірі Күн боп. //Жалтылдап Көктен нұрын шашып жатыр...”; “Қарағым” жыры: “Кідірме, аялдама, алға ұмтыл, //Алам деп Көктен Жұлдыз қолың серме”; “Зар” жыры: “Күркіреп қара бұлт аспан-көкте, //Жасаған кең рахметтің кілтін ашар”; “Дін үйреткенге” өлеңі: “Міне, Күн! Сәулесі алтын Жерді құшты, //Жарыққа қуанысып құстар ұшты. //Ізгі оймен ерік тілеп, жарық тілеп, //Ұшамыз біз де жиып есті, күшті!”; “Айға” жыры: “Мейірімді Ай, мені дағы жаныңа алшы, //Болайық екі мұңдық біздер бірге. //Ант етіп айырылмасқа бірігейік, //Ас-сусыз мың бейнетпен жол шегейік”; “Мен кім?” жыры: “Көкте – Күнмін, Көпке нұрым шашамын, //Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын” , – дейді...

Поэзияның сан саласына қалам тартқан Мағжанның оң бүйірінде қиял, фантазия жатқанына кім-кімнің де таласы болмайтын шығар деп білеміз. Сондықтан да мәңгілік өмірге құмарлық, жұртты да сол нысанаға қызықтыру ұлы қиялгер ақынды “Қорқыт” тақырыпты дастан жазуға итермелегені де кісіні таңдандырмас. Демек: “Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем”, – дегенін ақиық ақынның мәңгі-бақи творчестволық кредосы есебінде қабылдаған жөн. Сондықтан да “қайраты мол қандыбалақ қыранның”, “көздегені – аспан” болатын жастарға сенетін ақын талантынан туған бірсыпыра шыншыл поэтикалық толғаныстарымен қатар, романтикалық фантастикасын тереңдей қарастыру, жеке-дара шұқшия зерттеу мәселелері келесі күннің міндеті болмақ...

Мағжан творчествосына ұтырлас бір пікір осы жерде еске түседі. Оны айтқан қазіргі планетамыздың озық қиялгерлерінің бірі – Борис Стругацкий. “Әлемдік әдебиетте қыруар тәсілдер шашырап кеткен,– дейді қиялгер-жазушы. – Шығармада ерекше, мүмкін емес нәрселердің элементтері ұшырасса, ол фантастикалық дүние болып саналады. Кафка да – қиялгер. Оның өзі олай деп ойламаса да. Мифтер де – фантастика ғой. Гомер заманында фантастика емес туынды болмаған. Фантастикалық емес шығармалар фантастикадан өрбіген. Керісінше емес... Түптеп келгенде, фантастика неғұрлым ақиқатқа ұқсай түссе, соғұрлым әдемі болғаны!..” /Московский комсомолец. – 1999. – 18 ақпан/. Осы қасиеттерді Мағжан творчествосының бойынан таба алар едік...

Тағы да Мағжан тағдырына орай, ұлы ақын қиянаттан көз жұмғаннан соң жарық дүние көрген тұңғыш таңдамалысына жазған алғысөзінде Ә. Тәжібаев: “Біз бүгін ертеңгі күнімізге қарап, жарық болашағымызды көрсек, кешегі күнімізге қарап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауырлықтарын да көреміз... Біз халқымызға Мағжан жырларын қайта ұсынамыз”,– деген өзінің де “Ертең” атты жырының ойы Жүмабаевтың жалпы концепциясына ұласып жатыр. Ол да ертең ғажайып жанның келетініне сенеді. Оған өз ортасынан ойып орын қарастырады. Әлемде тағы бір жұлдыздың жарқ етіп шығатынына көзі жетеді. Тағы бір үміт отының лаулайтынына көзі жетеді.. “Келеді ертең жарқырап күндей жаңа адам, //Келеді бізге қуаныш-шаттық көтеріп. //Тұрыңдар, достар, берейік орын арадан, //Ғажайып жанға қошамет, құрмет етелік... //Бүгінді сүйем, жүрегім бірақ ертеңде, //Ертеңім мені тағы да күтіп алады. //Тағы бір жұлдыз туады жанып әлемге, //Тағы бір үміт жалтылдап тұрып жанады”.

Алайда осы жалпыламадан енді нақтылыққа, даралыққа көшу керек еді. Біздің ақындар соны да жасады. Әбу Сәрсенбаев жалпы қиялға бай арманшыл қаһарманнан нақтылы бір колхоз директорына тоқталады. Ақын “Директордың ойлары” деген өлеңінде ол болжамын былай келтіреді: “Ойлар, ойлар еркін қанат сермеген, //Орындалар өрен көшпен, терменен... //Электрге безелген, кең клубтың //Төбесінде шалқиды ту желменен... //Есіл тентек, толқын шулай көшеді, //Ескі паром, керуен қалай өтеді? //“Арман” атты инженердің қолымен //Көпірге де болат рельс төседі!.. //Жол, темір жол, болса да өзі тар табан, //Алтын тиеп ұшты поезд Арқадан... //Тынық енді, ұйықта, арманшыл директор, //Жалғыз отыр, жазып отыр директор. //Бүгінгінің, келешектің арманы //Жыр жолындай тізіледі кезек бір!”.

Бұл – кеше, Отанымыз халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірінде туған арман, қиял. Ол кездің әдебиеті осы тәріздес бейнені талап еткен болатын. Бұндай кейіпкерлер өз тұсында халық шаруашылығының маңызды салаларының жетекшілік ролінде жүрген адамдардың қиялын шыңдай түсті.

Осындай ситуация турасында: “Егер адам армандау мүмкіндігінен айрылып қалса... егер ол анда-санда алға озып кетіп, өз қиялымен біртұтас қалыптасқан бейнеден жаңа ғана қол астында көрініп қалған жаңалық нышанын байқамаса, онда адамды өнер, ғылым және күнделікті тұрмыс саласында көлемі ауыр жұмыстарды бастап, ақырына дейін жеткізуге мәжбүр қылған қандай себеп екенін мен мүлде білмеймін” /Собр. соч. В четырех томах. Т.4. – М.: Художественная литература, 1956. – 148 б./, – деген орыстың ойы озық сыншысы Д.И. Писарев.

Сондай-ақ, І.Жансүгіров те қиялсыз дүниеде нендей жақсылықтың тууы мүмкіндігін көз алдына елестете алмайды. Оның үстіне жаны жаратылысынан ақын кісі ғой. Ал ақындарды, В. Маяковский “Қанатты пролетарий” атты поэмасының кіріспесінде жазғандай, “екі жүз, жүз жылдан кейін болатын нәрселер де қызықтыруы тиіс”. Демек, ақындар қаншама жыл алдағыны қиялдаса да, оның сөкеттігі жоқ, қайта, керісінше, құшақ жайып қарсы алғанымыз абзал.

Осы позицияны ұстансақ, І. Жансүгіров Мәскеудегі “Серп-молот” заводына барғанда көрген нәрселерінен туған “Заводта” деген өлеңін де мақтарлық деп табамыз. Сол 1926 жыл деңгейі үшін техниканың шыңы болып саналатын аспаптарды қарай жүріп, ақын еріксіз қиялға кетеді: “Осыны көрген қазақтың //Ойына мына ой оралды: //“Бәріне де жан-жақтың //Осындай оттар толады. //Тегістік деген ұлы үйге //Осылар шеге соғады. //Күндердің сондай күнінде //Біздің де ел сондай болады”.

І. Жансүгіров бұл жерде техникамен бүкіл елін қамтамасыз етуді аңсап отырса, С. Сейфуллин нақтылы бір объектіні алып, соның төңірегінде өзінің фантастикалық идеяларын өрбітіп жатады. Біздің айтып отырғанымыз – С. Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасындағы соңғы, “Болашақтағы Көкшетау” тарауы. Тарау адам арманының дамылсыздығын, оның бір ойы кәдеге асып жатса, екінші бір арманын күн тәртібіне тірей қоятын жақсы қасиетін айтудан басталады. “Адамзат аласұрып жем іздейді. //Жем тапса: “Енді керек семіз!” дейді. //Тұрмысын жеңілдеуге дамыл көрмей, //Түрліше қиындыққа ем іздейді. //Жеңуге әр қиынды құрал жасап, //Тістесіп, қиындықтың тауын қашап...” – дегенде, ақын адамның қомағайлығы, ашқарақтығы деп отырған жоқ. Мұнда ол сонау Адам ата мен Хауа ана заманынан бері қарай тынымсыз прогреске мұрындық болған адамның кісілігін танытып тұрған армандай білгіш қасиетін сипаттап отыр. Бұдан былай қарай да, эстафета таяқшасы тәріздес, “мұрасын бұрынғының кейінгілер сұрыптап тоқи бермек, үзбей өрмек”. “Ол дәуір, – Көкшетауы тегістіктің, //Дүние бітпей кезі тегістіктің. //Серт қылып, мойнына артқан еңбек табы, //Мойнына түсер жері тегіс жүктің. //Болашақ Көкшетауы күмбез-заңғар. //Көлденең орта жолда талай дөңдер. //Әлемді еңбек табы бастап соған, //Жеткізіп, заңғар тауға тұрмысты өңдер... //Заңғар тау көз алдымнан кетпес елес,– //Қағады қол сермесем, кес-кес белес. //Көңілсіз сұлу сәулет ғашық қылды, //Ұмтылып тез жетпесек, – өзі келмес!”.

Осы үзінді тәріздес поэма тарауының өне бойынан ғылыми-фантастикалық идеялар іздеу әнтектік болар. Рас, мұнда жер астын қазу, электрлендіру, күніне мың шақырым жол алатын машина, сортаңға, құм мен тақырға бау-бақша отырғызу идеялары бар. Алайда, бұл ғылыми фантастика емес. Бұл – фантастикалық келешекке бүгінгі тұрғыдан ақынның поэтикалық көзқарасы.

Ақын Тайыр Жароковтың “Алдағы өмірде” деген өлеңін оқығанда, шынымен де өзімізді болашақ өмірдің бел ортасында жүргендей сезінеміз. Өлең 1935 жылы жазылғанмен, 1962 жылдың өзінде жазылған сияқты. Мұның жанры – өлеңмен жазылған ғылыми-фантастикалық репортаж. Ол: “Бүгін жыл мың да тоғыз жүз алпыс екі, //Қиырсыз алда жатыр өмір шеті. //Келеді бірден бірге қолға ұсталып, //Тас сараң табиғаттың болат кілті”, – деп басталады дағы, колхоз, совхоз даласындағы трактор, комбайндардан бері қарай қала көлігіне дейінгі қол жеткен табыстар суреттеледі. Халық тұрмысында 27 жылдан кейін кәдеге асатын нәрселердің көбі сол қазіргідей қаз қалпында көз алдымыздан тізіліп өтеді. Ақын қиялының бүгінгі шындықтан тіпті асып кеткен жайлары бар. Ол өлеңнің соңғы шумағында: “Москвадан Марсқа ұшып жөнелгенде, //Тыңдалды Күннен хабар Кремльде. //Одақтан ақын өлең оқығанда, //Соққызды алтын Айдың жүрегін де”.

Қиялгер-жазушы И. Ефремовтың бір қаһарманы: “Қоғамға дұрыс тәрбиеленген балаларды таяуда бере аламыз ба?.. Ақыр-соңында тәрбие – нағыз маңызды іс екенін, бұл жерде ешқандай мүмкіндікті қалт жібермеу керек екенін қашан осы түсінетін боламыз?” – деп сұрайды. Осыған бiз: “Келешекті болжай білуге үйрету – басты жол”, деуiмiз керек сияқты. Себебі: ертең немесе арғы күні келетін өмірді әдемілеп, жан-жақты суреттеп берсе, соған осы кезден дайындау керектігіне балалардың көзін үйретсе, жемісті тәрбиелік жұмыс жасау болар еді. Осы тәрбиенің жүгін ақындар ертерек арқалаған сияқты. Олар өздері армандай отырып, өздерінің іздеріне бүгінгі бала, ертеңгі күннің азаматын сол әдемі арманына елітіп әкеткісі келеді... Сондықтан да олар Х. Ерғалиевше жырласа: “Марстан гүл әпергелі //Белді бекем бу, ұлым!” – дер еді.

Қазақтың жазба ӘФ поэзиясының алғашқы онжылдықтарында “адам және қоғам” деген мәңгілік тақырып төңірегінде жазушыларымыз бен ақындарымыз, міне, осындай шығармалар берді.

ХХ ғасырдың екінші онжылдығынан басталған тарихи-әлеуметтік оқиғалар, қазір шындықтың бетіне тура қарап отырсақ, осыған дейін біздің миымызға маркстік идеология сіңіріп келген “ХІХ ғасырдың сыншыл реализмі” мен “ХХ ғасырдың социалистік реализмі” деген ұғым-постулаттар ақиқатқа жанаса бермейді екен. Осы жоғарыда аталған онжылдықтар, бәрінен бұрын Кеңес Одағы әдебиетiнде утопия, романтика, фантастиканың көбірек өріс алған тұстары дер едік. Өйткені: ол кездерде ойы алғыр қаламгерлер өзі тіршілік етіп жатқан күндерінен гөрі, өздерінің дарын қарымына қарай, айналасындағы бей-берекет хаосқа толы ақиқатынан мүмкіндігінше бойларын аулақ салуға тырысқаны байқалады.

Осы тұстардағы жағдайға қарап отырсақ, енді-енді қанат жайып келе жатқан қазақ ақындарының көрнекті алғы легі түгелдей дерлік бүгінгісінен гөрі келешегін жырлауға “лап берді” десе де болар. Және де ол заман туындыгерлері үшін “табу тақырып” – не “буыны бекіп, бұғанасы қатпаған” үкімет, билік иелері тарапынан тыйым болмады, не әдебиет сүюші оқырмандар тарапынан жоғары дәрежелі таңдау байқалмады. Сондықтан да лириктер мен эпиктердің жазу объектілерінің диапазоны кең еді. Олар көз алдарына оншама анық келе бермейтін, буалдыр утопиядан бастап, өр романтика, бой бермес адуын фантастикаға дейін қалам тарта бастады. Мұндай жағдайдан “әдебиет эксперименті” ұтты.

Филология ғылымының докторы, профессор М. Базарбаев: “Утопия – қиялдан туған, қол жетпес арманды бейнелейтін әдеби шығарма… Утопия сол идея, жобаларды шындық өмірде орнатқан қоғам адамдарының тұрмысын суреттеген туындылар ретінде ұғылады. “Адамдардың қиялдағы, ойдағы мақсат-тілегі іске асқан қоғам, қауым қандай жағдайда болар еді?” деген арманды мегзейді. Утопиялық шығармалар кейін фантастикаға ұласқан” /Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Екінші басылуы. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 342-343 бб./, – дегенде, сол жылдардағы ситуацияны дәйектеп отырғаны.

Ал, аталмыш заман кезінде жиі-жиі бой көреткен романтизм туындылары да қазақ әдебиетінің жан-жақты байи түсуіне септігін тигізгені хақ. Өйткені, академик З. Ахметовтың әдебиеттанушылар үшін көңілге қонарлық пайымдауынша, “романтизм – әдебиеттегі, көркем өнердегі өмірдің жарқын, жағымды жақтарын көбірек алып, көтере суреттейтін көркемдік әдіс. Сондай-ақ, осындай әдісті қолданған, қалыптастырған “әдеби бағыт” деген мағынада да айтылады. Осы соңғы мағынасында романтизм белгілі бір дәуірмен, сол кездегі әдеби процесспен, нақтылы ақын-жазушылардың творчествосымен байланысты алып қаралады да, нақтылы сипат алады” /Сонда. – 288-289 бб./.

Өткен ғасырдың басқы онжылдықтарында жоғарыда айтылған бағыт не ағымдармен қатар әлеуметтік сипаттағы фантастика тақырыбы да айтарлықтай орын алды. Бұл тақырыптың теориялық анықтамасын А. Байтұрсынов туған әдебиетіміз үшін мәңгілік теориялық оқулық есебінде қалуы тиіс “Әдебиет танытқыш” атты еңбегінде біздің осы жұмысымызға тиек қып отырған жанрымыз хақында дәйекті тоқтам айтқан. Ғалым сөз өнерін адам санасының үш негізіне тіреген. Олар – ақыл, қиял, көңіл. Солардың ішіндегі “қиял ісі – меңзеу, яғни ондағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау” екенін қадағалап айтады. Сонымен қатар, “бір нәрсе турасындағы … қиялымызды сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі қиялды… қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады”… “Қияли жол әліптемесі деген әліптеменің бір түрі бар. Ондай әліптемелер… қиял кезуінің сөзі болады. Жазушы… қиял көзімен көргенін сөйлейді. Ондай жол әңгімесі ғылым мағлұматын беру мақсатпен жазылады” /Шығармалары. – 141-147 бб./, – деп дәйектейді.

Осы "қиял ісінің" ақыры фантастикаға апарып тіресе керек. Ендеше, сол қазақ жазба әдебиетіндегі фантастика жанрының елең-алаңындағы басқа халықтар фантастикасынан оқшауланып, ерекшеленіп, әп дегенде көзге ұрып тұратын қасиеті – азаматтық һәм ғылыми позицияның мығымдығы. Иісі қазақ жалпы поэзияға, жыр өлкесіне бір табан жақын тұрса, өз көкірегінде арман, қиялын айтуға келгенде, өлең сөзге тіпті үйір болып кетеді. Поэзия мен фантастиканың арасында туыстық қатыстылық барын белгілі ақын өзі қиялгер-жазушы Вадим Шефнер де айтады. "Фантастика мені өзіне қалай баурап алғанын дәл басып айта алмаймын, бірақ, менің ойымша, оның поэзияға ет жақындығы бар сияқты. Фантастика мен үшін – Клаузевицтің сөзінің өңін айналдырып айтқанда – поэзияны ұластырудың басқа бір әдісі” /Вопросы литературы. – 1967. – №4. – 73 б./, –дейді.

Аталмыш түйіндеуге В. Шефнерден практика жүзінде анағұрлым ерте келген қазақтың өзгеше ақындарының бірі Сәбит Дөнентаев. Мысалы, “Қиялым” аталатын шағын өлеңінде өзінің басқа биологиялық түрге енгенде, нендей жай-күйді басынан кешетінін көз алдына келтіреді. Мәселен, құс болса, онда көкейіндегі мұң-зарын жұртқа сайрауға мүмкіндік алатынын армандайды. Жүзері – көл, қонары – орман, самғап ұшары – дала боп, байлық, патшалық, сұлтандықтан баз кешер еді. Алайда, сондай қиялдаған күйге түссе, төбесінде – қаршыға, төңірегінде – тұзақшы аңдыры хақ. “Ойлаймын: “Кім қызықпас мені ұстауға,// Іліксем, қаршыға жер үзіп қолқам”,- дейді. Сонда жапырақтай жанын қоярға жер таппайды. Ақыр-соңында лирикалық кейіпкер: “Қиялым, лаға бермей, айнал бері,// Құлдарша өнімсізге етіп қортаң”,- деп, өзінің баянсыз арманын өзі сынайды.

Бұдан нендей қорытынды жасауға болар? Біз талдау жасап отырған өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарында біздің ӘФ бірден ойдағыдай жоғары деңгейден көріне қоймағанын аталмыш туындыдан байқар едік. Автор қиялының бар жетіп болған арман апогейі – “таза жүн, түсі әдемі бір құс болу” – ӘФ-ға қойылатын биік талап мүддесінен шығып тұр деп есептеу қиын. Жалпы ол тұстары бірсыпыра ақындар қиялдауды, армандауды әдемі ниеттенгенмен, творчестволық шешім жасауға келгенде, ойдағыдай шығармашылық табысқа жете қоймағандарын көреміз. С. Дөнентаевтың “Қиялым” атты 1913 жылы жазылған тұңғыш өлеңі – соның бір дәлелі.

Заманның аласапыран кезінде өзінің фантастика саласында бет-бағытын нақтылап айқындай қоймағанын ақын кейінірек жазылған “Үміт” өлеңінде тұспалдап білдіреді. “Не қиынға салған”, “қайда болса да тіл алып, барған”, “жардан сүйреп шығарған”, “бүгінде ол уағдадан танған”, “әр табанның астында қалған”, “қарамай шамасына, таудай істі өзінің міндетіне алған”, “ақырында “әлін білмес әлек” болып, арыған, қалжыраған, талған”, “батыр да, бай да болмақ ойы жалған” болған үмітін жырлайды. Бұл С. Дөнентаевтың өмірден, арман-қиялдан баз кешкені емес. “Үміт” – алдағы сан салалы асыл арманға деген антитеза. Мұндай әдісті ақын қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі ретінде қолданғанын атап айтқан абзал.

С. Дөнентаевтың қазіргі оқырманның ойын елеңдетер тағы бір туындысы – “Құсайынның арманы” атты ұзақтау өлеңі. Баллада секілді мақамда жазылған аталмыш жырда негізгі кейіпкер – Құсайынның тірліктегі алғашқы көкейіндегі болған арман-тілегі – “отырады тершіп қана шайын ішіп”, “мал-жанның керегі жоқ бір ет жесең”, “мал табад, тілмаш болса, ел билейді, дұшпанды ерегіскен нанша илейді”, “ұстамақ досқа қасқа сыртын бірдей”, “дұшпаннан кек алатын қаруың – бақ, елсіз бақ ұстау қиын, бақсыз елді”. Өмірдегі ұйқы-күлкісіз қол жеткізбес мұраты оның бұлар ғана емес.

Автордың бүгінде көз жеткізіп отырғанындай, С. Дөнентаевтың өзінің саналы көрегендігі ме, интуиция арқасында сезгені ме, әйтеуір, басты қиялы, қазірде кез келген оқырманның көзі жетіп отырған ақиқаты өлеңнің соңғы шумақтарынан айқындалады. Ол шумақтар: “Ендігі Құсайынның бар арманы,// (Сақтаулы жүрегінде ірі арманы):// Қолына коммунист боп, билет алса,// Жалғанда болмас еді, сірә, арманы”, – деп басталады да, онда мерейі үстемелеп, жағымсыз біреу бетіне келсе, жойып жіберердей күш-қуатқа иеленер еді. Аталмыш поэзияның қызғылықты туындысы: “Мал мен бақ орнар еді елге түгел,// (Өзіне мүрит болған жерге түгел.)// Үш жылда бұл мақсаттың болуы хақ,// Нанбасаң, партбилетті бір беріп көр!” – деген төрт жолмен аяқталады. Бүгінгі заман тарихы айғақтап отырғандай, “партбилетті коммунистердің” ел-жұртты нендей тығырыққа тірегендерінің куәгері боп отырған жоқ па жамағат? Мерзімдік баспасөзде жарық көріп, кітаптарына енген осы бір дүниенің ӘФ үшін қандай маңыз алатынына әдебиет зерттеушілері де мән бере қоймаған. Алайда, сол Құсайынның арманы Компартия “гүрілдеп” тұрған кезде жазбай келген-ді. Соны ақын С. Дөнентаев көре білгенін бүгін мойындасақ та кеш емес.

Қазақ жазба әдебиетіндегі ӘФ-ның елең-алаңында поэзия саласында басқалардан шоқтығы биік тұрған творчестволық тұлға – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ресми түрде әтібірлі білім алмаса да, өз бетімен шұғылданып, өз заманына ылайықты эрудицияға ие болған талант-уникум қазақ ӘФ һәм ҒФ жанрының жаңа, қазіргі биік талап деңгейінен де көріне білетін дәрежедегі творчестволық табысқа жетті дер едік. Бұл дәйектемемізді дарын иелерін, олардың ішінде, әсіресе, көз жұмғандарына бағышталатын мақтау сөздерге оншама мырза емес, керісінше, сараң сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарының өзінде Қазақ совет энциклопедиясы тілге тиек етіп отырған ұлы ақынымыз хақында: “Ақын қоғамдық-әлеуметтік өмір саласында ең түйінді мәселелерді сөз ғып, еңбекші бұқараның үміт-арманын жыр етеді. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін әлеметтік ой-пікірі жағынан жаңа, жоғары сатыға көтерді. Оның озық шығармалары әдебиет дамуының желісін, кезеңін көрсетіп қоймайды, сонымен бірге қазақ халқының сол замандағы қоғамдық ой-пікірінің зор белесі болып табылады” /Қазақ совет энциклопедиясы. 11т. – 108 б./,– деп жазды.

Алғашқы туындыларының бірі – “Балалық күн” өлеңінің өзінде: “Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма?”- деп, өзіне өзі риторикалық сұрақ берген С. Торайғыров келе-келе сол қиял әлеміне бойлай еніп кететінін өз басы алдын ала сезген секілді. Осыдан екі жыл өтпей-ақ “Арманым” атты өлеңінде: “Әлемдегі ғаламат// Игіліккке арналса…// Ел жетіліп көркеймек,// Өнер қанат жайғасын.// Әлемдегі терең сыр// Ғылыммен ғана ашылмақ…// Біз көрерміз, үміт бар// Тией бер осы халыққа…”– деп, творчествосының ұзаққа созылуға тиіс бағдарламасының сұлбасын жасағандай.

Фантастика жанрының көп амалының бірі – ол міндетті түрде “келешектің өзінде тұрып-ақ”, соны суреттеу емес, ертеңгі болашақ заманда қарасы көрінбеуі тиіс, бүгінгі бой көрсетіп отырған жағымсыз ситуация, картиналарды әшкерелеу. Сол арқылы ойлы оқырманның өзі әлгі сұрқия тірліктен жиіркену арқылы, алдағы әлем бейнесін елестете алуы әбден мүмкін. С. Торайғыровтың “Жұртыма” деп тақырыпша қойған “Жарлау” атты өлеңі бізді әлгіндей ойға итермелейді. “Құрметті қазақ байдың баласына, кіші іні, жасы үлкен ағасына”, “тағы да қазақ байдың жастарына, әулекі, ішпей болған мастарына”, “тағы да қазақ байдың шалдарына, алпыста қыз алатын салдарына” арналған бұл өлеңінде ғылым, өнер, хұқықтан жұрдай болған, ғаламға еркіндік нұр тасқанында, одан жалғыз тамшы тимеген жастарына келешек жолын мезгеуге тырысады. “Өзіне от, жел, суды жалшы қылып,// Алланың сайрап өтер аспанында” басқалардың жастарын “білім, өнер табуды керек қылмай”, ырғақ-жырғақ басқанына мәз болған өз жастарына үлгі ғып тартады. “Миллеттің түзелуі сіздерменен,// Бұзып шық, солмай жылап, қалың торды”,– дейді. “Ғалымдар бізден дағы шығып жатыр// Шалдардың түсірмейтін қармауына”,– дейді. “Көз ашып, сөз қосатын уақыт жетті.// Бұл күнде бастаушылар шықты бізден.// Солардың айырылмайық салған ізден”, – деп, нақтылы болашақ жолын сілтеді деп қабылдаған абзал.

Қазіргі зерттеу нысанамыздағы ӘФ да, алда қарастыратын ҒФ салаларында да жиі көрініп қалып отыратын тәсіл бар. Ол – қиялгер-ақын не қиялгер-прозашы фантастикалық идеяларын, уақиғаларын оқырман жұртшылыққа жеткізуде түс көру процесін пайдаланады. Қаншама қиял-ғажайып дүниелерді баяндап, бейнелеп, суреттеп келе, ақыр-соңында: “Бұл түсімде болған нәрсе еді” немесе “Ояна келсем, түсім екен…” тағы сондай сөйлемдермен түйіндеп шыға келетіндері ұшырасады.

С. Торайғыров та бір сәт сол әдісті пайдаланған. Ақын “Түсімде” деген өлеңінде келешекте бізде орын алмауы тиіс қоғамды, яғни антиутопия елін суреттеген. “Басында жаназаның қызғыш көрдім,// Сырты – қой, іші – қасқыр, бұзғыш көрдім”,– деп, автор бірден сұрқия дүниені суреттеп кетеді. Ол түсінде қиялменен жер-көкті кезеді, алдымен “бір тайпа аңды” көреді, “бірі – сойып, бірі – тартып, әуліккен ынтымақсыз жанды” көреді, “мас болған, дау-жанжалмен әлгі аңдарға ұсынған әр тараптан оқты” көреді, сол тобыр “қарсақ көрсе, қорқады “жолбарыс” деп, білмейді қалай қарай басарын да”, “және де түсінбейді айтқан сөзге, өзінше бұлардың да пікірі өзге” екенін көреді. Өлеңнің “әрнешік ғаріптердің ісі мүшкіл, я, рахман, өзің бір жөн табасың да”,– деп аяқталысы көңілге онша қона бермейді. Алдында соншама поэзия тілімен өсиеттеп суреттеп әкелген антиутопиялық ортаның кескін-күйінің қорытындылау тұсы солғын шыққанын айту керек. Осыншама сұрықсыз дүниенің келешек тағдырын “рахманға” ысыра салғаны туындының әлеуметтік-фантастикалық өткірлігін әлсірететіндей әсер қалдырады.

Оның есесіне ақынның творчестволық зор табысы болып саналатын “Адасқан өмір” поэмасының едәуір тұстарындағы жаңа-жаңа тұрмысқа еніп келе жатқан ғылым жетістіктерінің болашақ тағдырын армандаған тұстарымен танысқан ӘФ сүйер қауымның мерейі үстем болары хақ. “Сыр тапсам дүниеден ашылмаған,// Әлі адамға білініп, шашылмаған” деп, басталатын жолдардан былай автордың нағыз арманның аясына еніп кететін жайы бар. Поэмадағы лирикалық кейіпкер қиялындағы тапқан сырын адам өмірін көркейтуге жұмсаса, өзіне кім-кімнің де басын иетінін біледі. Ол кісінің тұлай бойы – денесі ауру көрмей, қартаймай, керек десеңіз, өлмейтіндей дауа табуды армандайды. Жер-анадан көңілі діттеген нәрсесін бейнет көрмей, оңай алатын жолын ойша “қарастырады”. Бірден-ір тіршілік көзі – малын қырып салатын түрлі індеттің Ұлтының құпиясын ашып, зиянның алдын алуды аңсайды. Олардан да басқа ашылмаған табиғаттың құпия сырларын тауып, поэма жазылған тұстарда да өз жаңалықтары планетаға жайылып, аттары жер жарған дыбыс жазатын электр аппаратын, фонограф пен қыздырғыш лампасын дүниеге әкелген ұлы өнертапқыш-инженер Томас Алва Эдисон (1847-1931) және микробиология және иммунологияның негізін салушы Луи Пастердің (1822-1895) даңқтарымен теңдес болғанды қалайды.

Осы жерден былай қарай автордың ӘФ-сы басталады. “Бірақ бүгін ғылымның тапқандары,// Пайдасын көрсеткен жоқ кедейге әлі”,- дейді қасіретті кейіпкер. Елге, адамзатқа, тек қана зиянын тигізетін өнертабыстар дүниеге келіп, солардың арқасында кісі қаны бұрын көл болса, енді теңізге айнала бастайды. Бұл қалпында ондай ғылымды пайдалы санайтын адам табылмаса керек. “Бұл қалыпта “ғылымды пайдалы” деп,// Алғыс айтып тұрған жоқ жұрттың бәрі”. Демек, “бұл қалыпта бере алмас ғылым пайда,// Бере алмаса қарғыс бар, алғыс қайда?”

Қасіретті қаһарман келесіде терең оқып, нашарға пайда ету үшін дәрігерлік мамандықты иеленеді. Алайда бұл игі ойы да жүзеге аспайды. Себебі: кедей науқастардың “орын, тамақ, киімі жақсы болмай”, оларға ем қонбайтыны, оларды құр дәрімен жазу бос әуре екенін жырлайды.

Ал, “пайда етуге агроном болсаң тағы, бұл ісің кедейге – сор, байдың бағы”. Мұндай жағдай ғылыммен түзеле қоймайтынын автор кейіпкерінің аузына салады. “Ғылым жоқтан дүниені бұлар жайлап,// Отыр ма адамзаттың соры қайнап?...// Не жерден тамақ тауып алатындай,// Ғылым жоқтық отыр ма бақты байлап?”- деп, өзіне өзі сұрақ қойып, жауабын өзі қайырады. Жұмыр жерде жанға керектің бәрі барын айтады. Оны сайлап алатын ғылым да табылатынын айтады. Адамды бақсыздыққа айдап тұрған нәрсе – жақындық, әділдіктің жоқтығы екенін нақтылай түседі.

Осыншама сұрықсыз болмыс-тіршілігін суреттей отырып, бір жағынан пессимист кейіпкер, екінші жағынан қажырлы оптимистік көрсетіп: “Сондықтан адам біткен ертең әлі// Бас иіп, әділдікке келер бәрі…// Әділдік қызметкері болғандарға,// Алғысты сол күнде айтар баршалары”,– деген пафосқа барады.

Енді қаһарман осы сарында болашақтағы көңіл күйін одан әрі жарқынырақ кескіндеуге тырысады. “Сол уақытты тездетуге қылмақ қызмет,// Бақ іздеген адамға парыз-міндет” екенін жақсы біледі. Ол өмірде бір де бір алдау, арды ақшаға жалдау, бірін бірі қарғау, өмірде арлау, әр индивид бойындағы пайдалы қуат, тапқырлық қасиет, туа бітті талант, гүл шашып, жеміс бермей қалмау, кім көрінгеннің қандай іске алғырлығы, бейімділігін аңғартса, соған өмірін, күшін салмау болмайды деп болжалдайды поэма кейіпrері. Жаратылыстан керегін әрбір адам еңбегімен ғана алып, еңбексіздер басқаны жалмайтын, аштан өлу не байға құлшылық ететін, не кәрілік, не бір апат келген күні, көшеде қайыршылық жасап сарнамалайтын заман келеді деп сендіреді. “Таудай үміт һәм талап орындалар,// Еш еңбек бұл күнгідей жанбау болмас.// Жұмысқа кем көзбенен қарау болмас,// “Жұмыс қылу - қорлық” деп санау болмас…// Еңбекшінің еккенін талау болмас” принципі өмір өзегіне айналады деп қиялдайды.

Ақынның жүйрік, озық ойынан туған басқа да ғылым жаңалықтары, ерен өнертабыстар айналып-үйіріліп келгенде, адамзат игілігіне, халық бағына жұмсалуға тиіс екендігіне барлық идеяларын икемдеп әкелетініне бүгінгі фантастика сүюші жұртшылықтың да, аталмыш жанрды зерттеушінің де көзі жетіп отыр. Бұл пікірдің дәлелін С. Торайғыровтың басқа да туындыларында жиі ұшырасатын: “Өнерлі ел бар мұқтажын жерден ембек,// Өнермен техникалы жұмсам еңбек.// “А, құдай, өзің берден” түк шықпайды,// Талаптанып, талпынсаң – сонда бермек” (“Оқу”); “Өнер тұқымын егуге,// Жарыққа қарай келуге” (“Оқуда мақсат не?”); “Мен – балаң жарық Күннен сәуле қуған,// Алуға Күнді барып белді буған.// Жұлдыз болыпр көрмеймін елдің бетін,// Болмасам толған Айдай балқып туған”(“Шығамын тірі болсам адам болып”); “Қиялменен жер-көкті сезгіш көрдім” (“Түсімде”); “Тұрмысты үмітім көп жеңем деген”,// Жігермен жеңуіме сенем деген” (“Ендігі беталыс”); “Ден сау болса, тағдырдың// Көкке ұшырам күлдерін,// Түрлентемін гүлдерін…// Серпіп тастап түптерін,// Туғызамын күндерін!” (“Тұрмысқа”); “А, дүние, берсе қанат тәңірі маған!// Ерік алып, ұшып кетсем көкке таман.// Жер, Күннің аймағынан үстін шығып,// Әлемге көз жіберсем сол арадан” (“А, дүние”); “Жасамаймын: “Еңбектің// жемісін көзбен көрем”, деп// Жасаймын: “Бір қолғабыс// Кейінгіге берем”, деп” (“Неге жасаймын?”); “Барлық адам теңеліп, бірдей болмай,// Дүниені басқамен болмас түзеп” (“Кезек қашан келеді?”); “Болашаққа сенемін, көріп тұрмын,// Демеңдер: “Бұл – сандырақ, келмей кетер!” (“Дауылдағы әбігер”); “Жаңа өспірім – жас шілік// Жер тұлғасы болады.// Бақытты тұрмыс-тіршілік// Бір кезде соған қонады” (“Қарағай да қайғырып…”); “Арманым – сол өмір бойы тілеген – осы тілек,// Сарғайтып-сағындырмай келсең екен” (“Ағайынның аздығы”) дегендей жеке жыр жолдары мен кейбір тұтастай шумақтардан да халқының, ел-жұртының алдағы болуға тиісті тамаша келешегін асыға күткен адуын арманы, қисынды қиялы қазақ әдебиетіндегі ӘФ-ны байыта түссе керек.

ӘФ-ға қатысты С. Торайғыровтың поэзиядағы шығармашылық ерекшеліктерін саралай отырсақ, ойымызға өткен ғасырдың озық қаламгерлерінің бірі – Уильям Фолкнердің мынандай пікірі оралады. “Ата-бабаларымыз өзінен кейінгі мұрагерлеріне арман, үмітін өсиеттеп кеткен жоқ, қайта, біздерді, өздерінің кейінгі ұрпақтарын арман мен үмітке өсиетке қалдырған. Бізде тіпті арманды қабылдау не одан бас тарту мүмкіндігі болмады. Себебі: арман бізді дүниеге келген бетімізде-ақ иемденіп, билеп-төстеп алған-ды. Ол біздің мұрамыз емес еді. Өйткені: біз оның мұрасы едік. Қаншама ұрпақ бойы біздің өзіміз арман идеясының өзінің мұратына айналғанбыз. Біздің өзіміз – жүзеге асырылған Арманбыз” /Американская мечта: что с ней произошло? – М.: Прогресс, 1974. – 301 б./, – дегені өткен ғасырдың алғашқы жартысында жыр тілімен қиял әлемін шарлаған ұлы ақынымыздың творчествосын бағалауға анықтауыш бола алар деп есептейміз.

Қиял, арман заманына сәйкес жаңаша өріс алып, өзгеше тақырыптар “таңдайтынын” әлемдік ӘФ-ның да, қазақ әдебиетіндегі ӘФ-ның да даму, кемелдену дәуірлері дәлелдеп отыр. Оны, біздің жоғарыда зерттеу нысанымызға алған Қорқыт ата, Асан қайғыдан бастап бері қарай, мына С. Торайғыров, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, І. Жансүгіров, М. Жұмабаев тағы басқа саңылақ ақындардың қиялшыл, арманшыл творчествосындағы тақырыптар, шығармалар объектілерінің эволюциясын саралау, талдаудан көруге болады.

Енді соңғы жарты ғасырымызда поэтикалық ӘФ-мыздың “күн тәртібінде” жырмен кестеленген көсемсөз-публицистика бірінші орынға шыққанын байқаймыз. 1957 жылдың 4 қазанында Жердің тартылыс күшін жеңіп, планета төңірегіндегі орбитаға ұшып жеткен 86 килограмдық тұңғыш жасанды серік осыған дейінгі қазақ ақын, жырауларының өз шығармашылықтарында Күн, Ай, жалпы Аспанға “қол созғандары” ақиқатқа айналу “табалдырығынан аттады”. Күллі жұмыр Жер болып, бұдан былай, фантастика жанрында шын мәніндегі “ғарыштану” тарихын жасай бастады.

Бұл жағдай турасында америкалық әйгілі қиялгер-жазушы Фредерик Пол: “Американың “Апполон” ғарыш бағдарламасы, космосты игеру саласындағы Кеңестер жоспары тәріздес, тарихи даму жолын дайындады”, деп алаңсыз айтар едім. Оның санатында фантастика да бар. Тұңғыш рет, мен қателеспесем, басқа-бөтен әлем есебінде Ай жөнінде Гомер жырлаған. Өзінің бір жырында ол Одиссейді ешқандай үрей-қорқынышсыз Айға апарып тастайды… Бейнелеп айтқанда, бұл әдебиеттегі ең алғашқы ғарыштық эксперимент болатын. Екінші “ғарыш жобасы” Самостан шыққан Лукианға тиесілі. Бұл енді – “таза” ғылыми фантастика… Одан кейін ғарышқа көптеген адамдар “ұшты”. Сирано де Бержерак, Томас Годвин, ақыр-соңында, біздің ортақ ұстаздарымыз – Жюль Верн мен Герберт Уэллс. Солардың көрегендік үндеуі болмаса, біз қазіргі Айға қонар ма едік? Жасөспірім Циолковскийдің сүйікті кітабы – “Зеңбіректен – Айға” романы ше?..” /Литературная газета. – 1987. – 22 сәуір/ – дейді.

Бұл келтірілген пікір адамзаттың ғарышты атам заманнан бері “көз қырына”, “қалам ұшына” алғанын айғақтаса керек. Бұрынғы ата-бабалардан рухани да, ғылыми-танымдық та, фантастикалық та мұра боп қалған сол “творчестволық эстафета қиял-таяқшасын”, символды түрде, қазақтың дарынды ақыны Төлеген Айбергенов қолына алуға “тәуекел” жасаған. Ол “тәуекелі” – толық мәнді лирикалық-фантастикалық “Космонавт монологы” поэмасы.

Поэма “Ұшарда”, “Көтерілу”, “Көк төсінде”, “Қиырда”, “Оралу” атты тараулардан тұрады. Поэмада қазіргі әдебиетте кеңірек орын алып кеткен космос экзотикасы жоқ. Оқырман бір кезде баспасөзде жарық көрген ақын Мыңбай Рәшевтің “Қанатты қиял” фантастикалық поэмасының үзіндісін оқыған. Космос экзотикасын өзінше түсінген ақын М. Рәшев марстықтардың кескін-келбетін былай бейнелейді: “Жүздері көкшіл, жасыл ұзын шашты, //Қазанбас, түгі қалың, орақ басты. //Шаштарын иыққа сап жүр сүйретіп, //Тістері елестетіп қызыл тасты”. Олардың қонақ күтіп, сый көрсеткендегі әдет-ғұрыптарына қараңыз: “Сан түрлі кең столға тамақ келді, //Көгілдір сұйқылтым бір шарап келді. //“Сакц!” – деп көңілдене мезантрист //Алдымен өзі ішіп қарап көрді. //Қүйып ап стаканға ортасынан //– “Сакц!” – деп жата кетті шалқасынан. //Кеспе де жеткен еді осы сәтте //Жасалған белгісіз аң сорпасынан”.

Жалпы поэзияға қойылатын биік талапты елемегеннің өзінде, мұнда фантастикалық әдебиетті сыйлау деген атымен жоқ. Әйтпесе, бұл тәріздес фантасмогорияны оқушы қауымға ұсынбас еді ғой. “Марстықтардың бұл қылығы кейінірек керек болатын деталь” деп авторды ақтап алайын десек, поэманың өн бойында оның қажеттік қылатын сәттері білінбейді. Демек, бұл жерде біз фантастиканы желеу қып, ғарыштың тұрпайы экзотикасын пайдалану тұстарына куәгер болып отырмыз.

Бір жағынан: “Бұл кезінде дүркіндік баспасөзде сыналған, автор кейін жеке кітапша болған басылымында бұл шумақтар енгізілмей қалған нәрсесі ғой. Оны несіне айтады?” – деген де дау тууы мүмкін. Автор кейін бұл нәрсесінен бас тартса, кезінде баспасөзде айтқан сынымыздың көмектескеніне қуаныштымыз. Ал бұны мысал ретінде келтіруіміздің басты себебі, бұндай сәтсіз нәрселер де біздің фантастикалық әдебиетіміздің дамуы жолының сәтті, сәтсіз тұстарын айғақтайды. Біздің әлеуметтік ой-өрісімізді айқындай, шыңдай түсетін поэиядағы қиял-арманымыз даңғыл жолдың арғы басынан түсіп, салып ұрып қазіргідей өркен жайған бір белеңіне көзді ашып-жұмғанша жетіп келді демесін. Біздің де осындай “тайғанаңқырап” кеткен жерлеріміздің болғанын білсін. Сол үшін де қайталап айтамыз.

Т. Айбергеновтың “Космонавт монологы” ондай шығармашылық ұшқарылықтан аулақ. Поэманың әр тарауының өзі-ақ айқайлап айтып тұрғандай лирикалық кейіпкер-ғарышкер ұшар алдында Жер планетасымен қоштасады. “Алысқа ұзап кете алмаспын мен, ақпасам табанымды Жерге тіреп”, дейді. Ғарыш айлағынан көтерілердегі қоштасу монологы мынандай екі ауыз өлеңмен аяқталады: “Мен саған оралармын ізгілікпен, //Мен саған оралармын қыз қылықпен. //Адамзат, арманыңа ұшып шықтым, //Қиялды тұңғиыққа жүздіріп мен. //Мен сенің ертеңіңе ара тұрып, //Өтермін көк күмбезін дара тіліп. //Қара Жер, қасиетті, толассыз Жер, //Тұратын жоқтан бар боп жаратылып”.

“Космонавт монологын” жазғандағы автордың мақсаты лирикалық кейіпкерінің қай жерде ғарыш кемесін қандай ғарыштық жылдамдыққа салғаны емес. Автордың мақсаты лирикалық кейіпкерінің Күн жүйесінің немесе Галактиканың қай планетасына барғаны емес...

Жердің тартылыс күшін жеңіп алғаннан кейін адам қандай күйге түседі екен? Нендей сезімге беріледі екен? Автордың көкейіндегі сұрағы, міне – осыған жауап беру. Бүл – қиял болғанда да, сезім қиялы. Бұл сондықтан да лирикалық-фантастикалық поэма болып саналады.

Америкалық қиялгер-жазушы Теадор Томастың “Сынған сызғыш” әңгімесінде Биік Ғарышқа тамаша дайындалған астронавты сапарды дайындаушылар ұшуға тиым салып, жібермей қалады. Ондағы басты себеп – астронавтың жұлдыз сапарына ойша берілгендігі сонша, Жермен жұмысы болмай, онымен “ат құйрығын шарт кесісіп”, құдды бір туған планетасын талақ қылғандай, өз “шаңырағынан” барлық байланысын үзеді.

Иван Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романында да сондай бір деталь бар. Бірақ, мұнда әлгіге қарсы тұратын мысалды ұшырастырамыз. Ефремов эпопеясындағы “Парус” жұлдыз кемесі Жерге берген хабарында былай дейді: “Мен Паруспын, мен Паруспын, Вегадан шыққаныма жиырма алты жыл болды... Біздің Жерден тамаша ештеңе жоқ... Қайта оралып жету қандай бақыт десеңізші!” Міне, Т. Айбергеновтың кейіпкері де осындай. Ақын оны ғарышкер ғып ұшырып жібергенде, адам Жер планетасының қадірін біле түссін деген ойда болады. Ол ой із-түзсіз кетпейді. Көк төсінде жүріп: “Мен адал перзенті едім көп тілектің, //Көп тілек құлпырсын деп көп гүл ектім. //Елеуреп сан ояндым шырт ұйқымнан, //Қара Жер күңіренгенде оқтын-оқтын”, – деп, әлі де талай келеңсіз істерді көзі көрген, сапардағы ғарышкер өте қапаланып, қатты қынжылады.

“Космонавт монологының” лирикалық кейіпкерін осы тарауға кіргізіп отыру себебіміз не? Рас, ол ғалым емес. Оның ашқан ешқандай жаңалығы жоқ. Ақынның мына баяндауына қарағанда, екінші және үшінші ғарыштық жылдамдықтың мөлшерін, “парсек” деген ұғымды білетіні де кәдік. Рас. Рас.

Поэма кейіпкері – күрескер, қайраткер. Ол – Жер планетасында әділдік үшін күресуші. “Көк төсінде” тарауындағы монологын қараңызшы: “Адам” деген аттың өзіне кір келтіретін, кісілік нормаға кереғар келетін Жердегі әр түрлі жиіркенішті, сұмдық істер ашына жырланады. Алабама, Хиросима, Вьетнам, Алжир, Семей, Чернобыль, қазіргі Қапияр (бүгінгі айтылуы – Капустин Яр), Азғыр... тәріздес тек географиялық атауды айтқанның өзінде кісінің көз алдына жексұрын уақиғалар елестемей ме?..

Ол – Жер планетасының қайраткері. Тіпті, керек десеңіз, басқа планеталарға жіберген біздің төтенше және толық өкілетті елшіміз. Мысалға “Көтерілу” тарауын алайықшы. “Мен де бір Прометей “от ұрлаған”, //Зулаймын жұлдыздарға жыпырлаған. //Келемін киелі Жер шұғыласын ап, //Дүние, томағаңды сыпыр маған. //Мен сенің нұрларыңмен таласамын, //Мың жұлдыз артқа тастап әрі асамын. //Кемемде келе жатыр кемеңгер Жер, //Жетектеп қызыл тулы болашағын. //Құямын қуатыммен сарқырап бар, //Кеудемнен күмбірлеген толқын ап қал. //Мен – мәңгі сөнбес Күнмін. //Ең болмаса, //Бір рет шағылысып жарқырап қал. //Құямын қуатыммен бұрқылдап бар, //Дауысымды, ең болмаса, бір тыңдап қал. //Шөл болсаң, көктемеген бұлтымды ап қал, //Сыр болсаң, ашылмаған кілтімді ап қал”.

Бұл космонавт дарасөзі ғарыштық өлшеммен белгілене алатын азаматтықты ту ғып көтеріп, бар дауысымен Жер планетасы атынан сөйлеп тұрғандай сезілсе керек. Мұнда ол: “Келемін киелі Жер шұғыласын ап,// Дүние, томағаңды сыпыр маған”, дейді. Ол жұлдыздарға шындық, әлеми кісілік идеясын таратпақ ниетте. Ол өз бойындағы барлық ізгі қасиетті бекзат саналы тіршіілк иелеріне дарытуға дайын тұрады.

Ал “Қиырда” тарауында өз планетасымен біте қайнасқан адамның бейнесі шыңдала түседі. Осы тараудың “Мен – Жермін...” деп басталатын бес шумағында адамзаттың қолы жеткен жақсы табысына деген ода бар, адамзат қолы жасаған жаманшылыққа деген элегия бар. Ақын жанды лирикалық кейіпкер жақсыны айтқанда, алқымы кеуіп кетіп, бар дауысымен шырқайды. Жаманды айтқанда, ұяттан өзі “жер боп” қалады.

“Ақын жанды” деп тегін айтып отырған жоқпыз. Ол сезім монологтың өне бойынан сезіліп отырады. “Мемлекетті ақындарға басқартса, ешқандай жаманшылық болмас еді”, деп бір есті адам айтқан болатын-ды. Сондай-ақ, Жер планетасының билігін тап осы Т.Айбергеновтың “Космонавт монологы” атты лирикалық-фантастикалық поэмасының кейіпкері тәріздес адамдарға сөзсіз сеніп тапыруға болар еді. Сондықтан да оның: “Мен сені ертеңіңе алып барам,// Самсаған жұлдыздардың арасымен”, дегеніне шәк келтірмейсіз. Жалпы, Т. Айбергеновтың “Космонавт монологын-дағы” лирикалық қаһарман біздің әдебиетіміздегі ұнамды кейіпкерлер галереясын өзіндік ерекшелігімен әрлендіріп, байыта түседі деп білеміз. Оның негізгі құндылығы – прогресшіл адамзат ұғымындағы гуманизмді, моральдық-этикалық нормаларды өзінің шамшырағы, Темірқазығы қылып алғанында.

Ақын Тұрсын Жұртбаевтың “Көгілдір әлем” фантастикалық поэмасын да осы жанрымыздың ұтысына енген елеулі дүние деп қабылдағанымыз абзал. Қара сөзбен жазылған дастан қазақ әлеуеттік фантастикасының ашылмай жатқан, бірақ міндетті түрде ашылуы тиісті мүмкіндіктерінің мейлінше мол екендігін аңғартса керек.

Фантастикалық аталмыш поэманың желісі былайша қарадүрсін оқырман үшін қарабайыр секілді боп көрінер. Ғұлама биолог Замананың құпия көгілдір кеңістігіне Жұмыр Жерден жеті ұлан аттандырылады. Дүние жұртшылығы ғылымның бұл бастамасынан бейхабар. Жеті жеткіншек – дала түлегі Сұңқар, америкалық бозбала Ричард, қасиетті Фудзияманың аруы Айко, үнділік қара бала… Тағы да үш ғарышкер өздеріне беймәлім көгілдір әлемде кездейсоқ уақиғаларға душар бола береді.

Күні кеше достарының арасында жүрген бозбала америкалық Ричард бір түнде қартайып шыға келеді. Себебі: жат планета орманында адасып кеткен ол, басқа бір параллель әлемнің ортасына түседі. Содан қартайып қайта оралған ол: “Біз ешкімге қажет емеспіз. Мен көгілдір әлемдегі екінші топқа ұшырастым. Олар – мүлдем басқа ниеттегі жандар. Тіс қағып, кексе тартқандар. Түстері мүлдем суық. Олардың ойын түсіну үшін есесюге мәжбүр болдым. Сонда ғана зұлымдықтарын аңғардым… Залымдар… Мынау көгілдір әлемді талан-таражға салып, шекараға бөлмекші. Қоршаудан әзер құтылдым…”– деп, көрген-білгенін мәлімдейді.

Осы тұста ақын-автор монологы: “Пендешілік пен тіршілік-ай! Сатқындық пен күңшілдік-ай! Зұлымдықты өткізу үшін қолданылған саясат-ай! Балалардың еркін өмірін, бейқам арманын құрбандық етіп, жауластырып жібердің-ау! Не жазығы бар еді олардың?! Жеті көгершін ұшып еді аспанға. Қайсысы қанатына оқ пен зұлымдықты ілестірді екен. Кім кінәлі, кім?”– деп, риторикалық сұрақ қояды. Оған автор Т.Жұртбаевтың өзі де жауап таба алмай, творчестволық қиналысқа ұшырайды.

Кенет көгілдір әлемнің көгілдір теңізінің жағасынан қазбауырлаған ақ кеме көрінеді. “Баяу қалқиды. Өңі тартымды, түсі суық”. Индияның соғыс кемесі. Кәдімгі қопарылғыш электр өрісін тарататын соғыс кемесі. Кемені әлдебір шеңберлі күңгірт толқындар қоршаған. Ол шеңберлердің көлемі үлкейіп, аспанды торлап алып кеткен. Кеме эмблемасын жазбай таныған Ричард оған тура жүгіреді. Ол батыл да қатерлі шешімге бел байлаған. Мұнан арғысы поэмада былай суреттеледі: “Кеменің таратқан қара-көк шеңберіне тақағанда, ауада діріл пайда болды. Қара-көк шеңберге Ричардтың оң аяғы ілінісімен, аспан күңіреніп, әлем бұрынды-соңды шалынбаған қопарылысқа ұшырады. Жирен шашты ұлан көтерілген бойы ауада қалықтады да, қол-аяғы, басы бөлек-бөлек жұлынып, быт-шыты шықты. Кемені қышқыл түтін басып, теңізді буып әкетті. Әуеде біраз уақытқа дейін Ричардтың дене мүшелері қалықтап ұшты да, көзден бұлбұл ұшты. Түтіні бұрқыраған ауада қалықтап тұрып, еріп кетті…” Көгілдір әлемде жасалған бір сынақтың нәтижесі…

Көгілдір әлемге сапар шегуші ғұлама геронтолог Замананың ұлы – Сұңқардың да тағдыры қасырет-трагедияға душар болады. Ол Жер планетасындағы кісілік қалпына қайтадан келе алмайтындай биологиялық жағдайға ұшырайды. Осындай күйді көзі көрген әкесі Замана: “Ұлым! Жаным!.. Ол жерге оралса… бәрібір… қасірет шегеді. Осында… көгілдір әлемде… бас…қару… орталығында қа…л…сын. Кеш-ш… ме-ме-ні, Ай…па…ра” – деумен тынады. Бұл ұлы Ғұламаның соңғы сөзі, өсиеті болатын.

Фантастикалық поэманың соң жағындағы “Кешір мені, Жер-Анам! Өзегіңнен қаншама рет өксіте бір жаныштасам да, маңдайымнан қақпадың. Бүгін сені қаламымның ұшымен мазалап, тыныштығыңды алғаныма ренжіме”,– деген жүрекжарды автор сөзі күллі шығарманың идеялық өзегі іспетті.


Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет