1 фантастика жанрыныњ типологиясы



бет6/30
Дата22.12.2021
өлшемі5,08 Mb.
#17
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
Фантастиканың ғылымилығы. Фантатсиканың басқа әдебиет түрлерінен айырма-жігін қарастырғанда, көбіне-көп “қосмекенді жанр”, “симбиоз жанр”, “шөре-шөре жанр” тағы сондай сөз тізбектерін ұшырастырамыз. Бұл аталымдар да, бір жағынан, иінге келетін шығар. Әйтеуір, олардың әрқайсысы өз тұстарынан жанрдың “сегіз қырлы” тамаша қасиетіне “голографиялық кескіндеме” жасауға ұмтылыстары. Мұндай метафоралық теңеулерді тек құптау керек болар.

Осыған дейінгі және бүгіндері де жанрымыздың тыныс-тірлігіне дем беріп, жалпы планеталық фантастикалық әдебиеттің ғылыми-көркемдік планкасын жоғары биіктіктерге көтерумен келе жатқан ағылшын тілді туындылар екенінде дау жоқ. Солар барлық ғылыми-зерттеу және әдеби-сын мақалаларында тек қана “ғылыми фантастика” [ҒФ] деп жалпылама ала береді. Ал, бүгіндері біздің жұмысымызда типологияланып отырғандай, “әлеуметтік” және “ғылыми” деудің орнына, өздерінің де, дүние жүзінің де осы саладағы туындыларын “жұмсақ” және “қатты” деп әдебиеттану қолданысына енгізген. Сонда басты қозғар мәселеміз – алдағы фантастиканың әлеуметтігін қарастырғандай, негізінде, енді оның ғылымилығын пайымдау.

ҒФ-ның жанр дәрежесіндегі ерекшелігі мен міндеттерін саралау проблемалары турасында көрнекті фантастикантанушы, филология ғылымының докторы А. Бритиков көркем сөз әдебиет аталғалы бері оның “иелігіндегі” жанр-жанрдың арасында төрден орын алған, қиялдың өркениеттегі туын желбіретумен келген фантастика әлі күнге дейін тұғырлы ғылыми-зерттеу еңбектерге зар екендігіне іреніш білдіреді. Француз академиясы кезінде “жастарға арналған роман үшін” Жюль Верн атындағы әдеби сыйлық дайындаған. Бірақ, сол ұлы қиялгердің өзін әлгі Академия мүшелікке енгізбегенін атай кетеді. Фантастикатану аясында оның тарихын да, теориясын да жеке-дара зерттеген метағылымның бірыңғай негізі әлі толықтай қаланбағанына қапаланады. Планета бойынша озық фантастикалық туындылары әлемге әйгілі орыс тілді фантастикатанудың жағдайы, профессор айтқандай, осыншама мақтау көтермейді екен. Демек, қазақ әдебиет зерттеу сферасында да халықаралық фантастикатану стандартына жететін дүниелерді енді алдағы уақыттарда күтуімізге тура келер.

Мұндай жағдайға басты себеп, А. Бритиков айтқандай, “оның ерекшелігі көптеген қасиеттерімен искусствоның өрісінен тыс шарықтап шығып кетіп жататынында” шығар. “Оның өзіндік ерекшелігі көптеген параметрлері (егер осындай техницизмді қолдансақ) бойынша искусствоның шегінен шығып кетеді, – дейді А. Бритиков. – Солай бола тұра, оқшау түрі есепті көркем әдебиет екенінде күмән жоқ… Ғылыми фантастика ғылым мен техниканың қиял мәнерімен қызғылықты жазылған түрі секілді қабылданатындықтан өз бағасын ала алмай келеді. Ғылыми фантастика өзінің бастауында да, өмір тарихының кейбір кезеңдерінде де солай болған; бүгін де сондай күйде қалуда. Алайда, ол мұнымен сарқылып қалмақ емес” /Русский советский научно-фантастический роман. – М.=Л.: Советский писатель, 1970. – 4 б./. Автор аталмыш жанр саласына өз тарапынан бірсыпыра анықтамалар береді. Айталық: “Көркем қиялдың ғылымға қатыстылығы ғылыми гипотезаның кәдімгі “сілтемесі” дегенге симайды: ғылыми-фантастикалық идея көркем шарттылық та болып есептеледі”; “Ғылыми фантастика – күрделі де көбіне қарама-қайшылықтар құймасы. Онда ғылыми шындық басымдылық көрсете бермейді”; “Болжалды ойлап тапқан ғылыми-фантастикалық әдебиет емес: ол тек, кез келген ғылымға тән элементтерін оқшаулап, дамытты, көркем қиялмен олардың басын біріктірді”; “Көркем фантастикалық болжада интуиция молынан қолданылады”.

А. Бритиковтың монографиялық “Орыс кеңес ғылыми-фантастикалық романы” атты салмақты, зерделі еңбегін қорытындылай келе, ондағы әдебиеттану тұжырымдары мен принциптері басқа да ғылымдар үшін бағалы боп табылады деп білеміз. “Мысалы, ғылыми болжам методтарын көркем фантастикадағы қиял принциптерімен салыстырудан екі жақ та ұтар еді. Ғылыми фантастикадағы болжам ассоциациялығының экстраполяция қисынымен астасып жатуы принципті түрде тек әдебиет үшін ғана емес, ғылымға да маңызды” /Сонда. – 362 б./, – дегені көңілге қонады.

Көркем сөз бен нақтылы ғылымның фантастика жанрында басқосуы секілді күрделі проблема көптеген оқымыстылар өкілдерінің ойына түрткі салғаны мәлім. Өткен ғасырдың бас жағында әмбебап-эрудит В. Брюсов қиял құбылыстарын бейнелеуде қаламгердің үш түрлі әдіс қолдана алатынын нұсқаған. Олар – біз тіршілік жасап жатқан емес, бөтен әлемді суреттеу; біздің тұрмысымызға басқа дүние тіршілік илерін енгізу; өз өмір-тұрмысымызды өзгерту /Литературное наследство. Т. 85. – М.: Наука, 1976. – 70 б./ Бір қараған көзге қарапайым ғана жасала салған баптар секілді көрінетін осы ойшылдық идеялары, тіпті, кешегі де емес, бүгінгі ғылыми фантастикамыздың өрісін белгілеп берген секілді.

Жанрдың ғылымилығы сөз бола қалса, есімізге бірінші И. Ефремов түсуге тиісті. Өйткені: соңғы елу-алпыс жылғы тек бұрынғы Кеңес Одағы емес, планета аймағында ҒФ-ның дамып, көркеюіне үлкен үлес оның творчествосы тарапынан қосылғаны талассыз. Аталмыш салаға қатысты классик-қиялгердің қалтқысыз көзқарасы, әсіресе, өзінің қолжазбаларының редакторы болған, көрнекті фантастикатанушы В. Дмитриевскиймен жазысқан хаттарынан айқын аңғарылады.

ХХ ғасырдың 60-жылдарының басындағы бір хатында: “Өмірді сиқырлы жолмен, тез өзгерте алатын жалғыз қуатты да ақиқат күшті адам ғылым мен оның тармақтары – техникадан, медицинадан көре білді. Сондықтан да құдай, әулиелердің, ертегілердің басқа да кейіпкерлері – батырлар, сиқыршылар, періштелердің кереметтей қуаты енді ғылым мен оның өкілдеріне өтуде. Ертегі, керемет сиқырлық аңыз жасауда ғылымның мүмкіндіктері бір мысқал да кем емес, қайта “шыншылырақ” екенін түсінетін адам үшін ғылыми – ХХ ғасырдың жаңа ертегісі тууда” /Собрание в трех томах. Т. 1. – 17 б./, – деп жазған. Сонда, біздің кандидаттық диссертациямызда “Қазіргі фантастикалық әдебиет – өткендегі ауыз әдебиетінің заңды жалғасы” дегендей пайымдауымызбен ұлы қиялгердің пікірі үндестік тауып отыр деп білеміз.

Биология ғылымының докторы, палеонтологияның жаңа саласы – тафономияның негізін салушы И. Ефремов әдебиеттегі алғашқы адымдарын: “Ол жазушылық ойда жоқ кезде маған, ғалымға танымның барлық кереметтей күшін, оқымыстының еңбегімен ашылған әлемді көре білуге шексіз қызығушылықты көрсету маңызды саналған. Олардың бәрі бүгінде дәлелдеуді тілемейді” [48, 6 б.], – деп баяндаған.

Әулие қиялгер-жазушының машинкасынан шыққан “Ғылым және ғылыми фантастика” аталатын ақырғы мақаласын өсиеті есебінде қабылдаған жөн. Сондағы: “Қоғам мен адам дамуының, ғылыми прогрестің сипатталуының мінез-құлықтағы, сезімдегі, адам тұрмысындағы әлемтану мен табиғатты игерудегі ғылымның ықпалын көрсету – ғылыми-фантастиканың басты мазмұны, мағынасы мен мақсаты – осы” /Мир между двух. – 14 б./, – дегені – жанрдың ғылымилық сипатын ашып берген дер едік.

Бұл жерде ҒФ-ның классигі осы саладағы өзінің басынан кешкен творчестволық ізденісінің тоқетерін, өзінің туындыгер есебінде көрген-білгендерін теориялық пайымдау түрінде келтіріп отыр. Ал, негізінде, ғылыми фантастиканың поэтикасын ашуда алғы шептен әдебиетші-сыншылар, әсіресе, оқымысты-фантастикатанушылар табылуы тиіс екені даусыз.

Әдебиеттану әлемі күткен ондай зерттеушілер де табылып, ауыз толтырып айтарлықтай шаруа тындырып жүргендері де баршылық. Солардың ішінде майталман сыншы, ресейлік И.А. Ефремов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Г. Гуревичтің “Қиял елдерінің картасы” деген монографиялық еңбегін алғашқылардың қатарында атаған абзал. “Жалпы фантастика “тұрғындары” көп ұлтты мемлекетке ұқсайды… Фантастиканың еркін дамуы үшін нағыз тиянақты анықтама қажет: фантастика – бұл ерекше, дүниеде жоқ беймәлімділік, тек ойдан шығарылған нәрселерге қатысты ғана шешуші роль атқаруға тиісті әдебиет” деп білетін ол жанрды типологиялағанда, оның ең әуелі қандай функциялар атқаруы тиістігіне тоқталады. Автордың пайымдауынша, олар мыналар: бірінші – ғылыми, екінші – нанымды, үшінші – танымды, төртінші – қызғылықты, тартымды, бесінші – дәл болжалдағыш, алтыншы – романтикалы, жетінші – творчестволық процесті бейнелегіш, сегізінші – адамтанушы, тоғызыншы – арманшыл, оныншы – жауынгер, он бірінші – мархабатты, он екінші – келешек қоғам мен жан жақты жетілген адамды сомдаушы /Карта страны фантазии. – М.: Искусство, 1967. – 4-9 бб./.

Белгілі фантастиканушының осынау “санамағына” күдік келтірудің иіні келгендей. Олардың ішінен іріктеп, екшеп, ең бірінші және ең соңғы “баптарын” мойындауға болады. Талас жоқ, нысанамыздағы жанр – бәрінен бұрын осы айтылған, яғни ғылыми және қоғам мен адам келешегін өзінің қамтитын тақырыптарының эпицентрі. Ал, зерттеу авторының фантастикадан нанымдылық, танымдылық, тартымдылық, дәл болжағыштық, романтика, творчестволық процесті бейнелегіштік (?), адамтанушылық, арманшылдық, жауынгерлік, мархабаттылықты талап ету – ерсілік. Өйткені: бұл тізімдегі көрсетілуге тиісті “жүктемелер” – кез келген жазушы қаламынан туған дүниелерден күтетін атрибуттарымыз болса керек.

Осындай теориялық проблемалардың табиғатын айқындауға ұмтылған енді бір әдеби сыншы В. Бугров те “Шынында да – неге?” деп аталатын мақаласында жоғарыдағы сөз болған Г. Гуревичтің талдау тәсілін қолданған. Есімін атамай, бір авторлардың атынан сөйлейді. Сонда, оның ойынша, “келісті ғылыми-фантастикалық шығарма – әдебиетпен әшекейленген қызғылықты ғылыми ой (гипотеза, теория)”; “фантастиканың нағыз көңілге қонымды гипотезалары техника емес, руханият ауылында жатыр”; “фантастика қаһармандары – адамзат сымбаттылығының гипотезалары”; “келешек хақындағы ұғымды көркем бейнелермен әспеттеу, уақыт шымылдығы көлегейлеп тұрған оның қаситетерін айқындау – ғылыми фантастиканың қызметі – осы”; “ғылыми-фантастикалық туындының мақсаты – космос емес немесе микрокосмосты зерттеу емес (ол үшін ғылым бар ғой), қазіргі таңдағы жаңаша көзқараспен барлау жағын іздестіру”; “фантастика – осы заман турасында әдеби мақамда жазылған ертегі”; “ғылыми фантастика – жүйелі ойлау, ғылыми творчество мен арман әдебиеті” /В мире фантастики. – 164 б./.

Проблемалық жұмыс мәртебесін иеленуге дәмелі аталмыш мақаладағы, әлгі Г. Гуревичтің “санамағынан” саны жағынан екі есе кем “ұсыныс-міндеттер” де біздің көңілімізден шықпады. Біріншіден, мәлімделіп отырған қағидаларында қатал, айқын ғылыми стильдің канондары сақталмаған. Екіншіден, әр қайсысы жанрдың бір позициясын нақтылап айқындауға тиісті “баптар” бүгінгі таңдағы ҒФ-дан талап етілетін мақсат-мүдде деңгейіне жетпейді. Үшіншіден, осы аталған “баптардың” бірде бір “шартына” сәйкес келмейтін ҒФ-ның классикалық үлгілерін білеміз…

Әлгіндей талап қойып отырған фантастикатанушы мақаласының сол бетінде: “Фантастика бүгіндері таза көркемдік міндеттерді ойдағыдай атқарып жүр. Оның үстіне, басқа әдебиеттерге қарағанда, әсерлірек жасауда. Себебі: фантастика персонаждары дәстүрлі түрде белсенді мінезімен, ерекше, ерен қылықтарымен дараланып тұрады”, – деген баға береді. Сонда, жоғарыда өзі ұсынған тізімдегі қай “бапты” қандай шығарма ұстанғанын мысалмен келтірмейді. Демек, жанр тақырыптарын теория жүзінде ажыратуға өзі ұсынған идеялардың практика жүзінде сәйкес келмейтінін мойындағаны болар.

Жанр бағыттарын саралап қарастыруда фантастикатанушы-библиограф А. Осиповтың бірсыпыра дәйектемелері көңіл аударып, ой тоқтатуға тұрарлық. Оның “Алақандағы әлем” монографиясын жазуға қамшы салған себеп: ҒФ-ны зерттеу үстінде оның туындыларының теориялық ерекшеліктерін айқындау, қаншама дәуірлер бойғы эволюциясын талдау үшін типологиялау қажеттілігі заңды түрде туғаны. Онымен танысуды ерте ежелден бергі тарихы бар утопиядан бастауды қол көреді. Осы заман фантастикасында келешекке барар жолдағы прогресс пен оның бекзаттық күшке сенбеушіліктен туған оның антитезасы – антиутопия қара көрсетуде. Антиутопиямен ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген роман-сақтандыруды алжастырып алмаған жөн. Жанрдың сатиралық фантастикасының өз жолы бар. Осы заман фантастикасының нақтылы, жаратылыстану ғылымынынан әлеуметтік, моральдық-этикалық проблемаларға ойыса бастау қазірде өзінен-өзі лирикалық-психологиялық фантастиканы жүзеге шығарды. Бұл бағыт едәуір дәрежеде қиялды лирикалық мазмұнмен толықтыра түсті. Өткендегі де, бүгінгі де ҒФ-дағы жиі ұшырасатын атыс-шабыс, ұрлық-қарлық, соңғы кездері белең алып бара жатқан нашақорлық төңірегіндегі криминалдар шытырман уақиғалы фантастиканың өрісін кеңейте түсті. Осыған кіндіктес детективтік фантастиканың да қазірде бағы жанып тұр”. Шындықтан ауылы едәуір аулақ жаңа өң алған фантастикалық ертегінің де жолын кесуге болмас. Жанрдың ұтымды бір көрінісі – юморлық фантастика немесе фантастикалық юмордың да әдебиетте өз орны болуға тиіс /Мир на ладонях. – 11-16 бб./.

Сонда, библиограф-фантастиканушының өз нысанын саралауда Г. Гуревич пен В. Бугров тәріздес шиырланған ізге түспей, шын мәнінде сан қырлы жанрға ерекше көзқарас білдіргені. Алайда, мәселеге сын көзімен қарасақ, автордың аңғарған тоғыз түрлі бағыттары фантастика үшін аздық, жетімсіздік қылады деп есептейміз. Бұл – библиографтың жіктеуіне орай біздің байламымыз.

Ал, автордың жалпы тақырыпқа қатысты: “шынайы ғылыми фантастика (тек қана: ғылыми) ғылымның мақсаты мен міндетінің ығына жығылып кетпегенмен, кейбір тұстарда ғылыми ізденіске туыстасып кетеді. Мұндағы ізденіс стратегиясы өзгеше, дегенмен, бұл жанр өлкесіндегі жұмыстың ерекшелігін қарадүрсіндетпейді”, – деген пайымдауы көңілге қонады.

Жоғарыда жанр бағытын бағдарлауда өздерінше дәйектеулер жасаған үш авторлардың да әдебиетші-сыншы екендіктері белгілі. Сондықтан осындай пікірлер білдіруді күткеніміз де кездейсоқ емес. Дегенмен, объектінің теориялық жаратылысын ашуда сол жанрдың барлық шығармашылық “азабын” басынан кешіп жүрген қиялгер-жазушылардың көзқарастары олардан да қызықтырақ шығуы ғажап емес.

Бұл орайда саралауды орыс фантастикасына ұзақ уақыт бойы, мол үлес қосқан ақмолалық А. Казанцевтің тұжырымынан бастаған иінді шығар. Жанр жанкүйерлері алдында қызықты да тосын фантастикалық дүниелерімен жақсы таныс, қиял әлемінде атақты Тұңғыз метеорантін планетамызға тақалғанда опат болған ғарыш кемесі деген идеяны тұңғыш ұсынған жазушы: “Фантастика – үлкен әдебиетке ашылатын оқырман қақпасы… Біздің заманымызда ғылым мен техника жасаушылардың мерейі өсуде. Демек, әдебиет оны жазбай қоймақ емес… Фантастикадағы базбір “жаңашыл” және “прогрессивтілеу” бағыт дегенді қолдаушылар оны бірде – “философиялық фантастика”, бірде – “интеллектілі фантастика” атап, қиял шығармаларында техниканы көрсетуге қарсы өре түрегелуде. Олар техникалық өнертабыстарды жек көрінішті кейіпте “техникалық әлем-жәлем әшекей” атайды” /Фантастика –79. –М.: Молодая гвардия, 1979. – 361 б./, – дегендей наразылығын білдіреді. Сондағы қарт қиялгердің көкейіндегісі – ҒФ-ның бас тақырыптарының бірі – келешек техникасын болжалдау. Біз аталмыш пікірге қосыламыз. Шындығына жүгінсек, қашанда да тосыннан ойлап, жағымды мағынадағы оғаш сөйлеудің хас шебері, абыройлы әдебиет зерттеушісі В. Шкловский жазғандай, “техника – адамзат протезі” қиялдың объектісі боп қала бермек. Себебі: алдағы келешегімізді жүзеге асырудың негізгі тетігі – “тілалғыш”, тамаша техника мен озық технология. Ғылыми-техникалық қиял идеяларын өмірге, тірлікке енгізе алатын амал – тек солар.

Қиялдау ісінде мәселенің бір ұшы осы техника жетістігіне тірелуі тиіс екендігін бір ғасырдай бұрын “космонавтика атасы” К. Циолковский көріп-білгендей. “Мен, міне, 78 жастамын, бірақ, реактивті машинаға қатысты есептер жасап, заттар құрастыруды жалғастырудамын. Менің миыма қаншама ой кіріп-шықпады десеңші! Енді олар қиял емес, табиғат заңдарына негізделген дәлшіл білім еді. Жаңа өнертабыстар мен жаңа шығармалар дайындалуда. Алайда, қиял баяғы қалпынша мені тартады да тұрады” /Комсомольская правда. – 1935. – 23 маусым/, – деп 1935 жылдың өзінде сол техниканың болашағына мезгеген емес пе. Жалғыз ғарыштану емес, әдебиеттегі ғылыми-фантастикалық публицистиканың негізін салушы есебінде де К. Циолковскийдің пікірлері әрқашан кәперде жүргені абзал. Ол ойымызды “жұлдызгер”, қиялгер-жазушының нақтылы ғылым негіздерімен өзектелген “Айда”, “Жер мен аспан турасындағы армандар”, “Вестада”, “Жерден тыс”, “Эфир аралы” ғылыми-фантастикалық повестері мен “Жұлдыз жорықтарының мақсаттары”, “Жердегі салыстырмалы тартылыстың өзгеруі”, “Космостағы тіршілік”, “Ергежейлілер мен алыптар биологиясы”, “Жер атмосферасынан да арыда” тәрізді ғылыми-фантастикалық очерктері ақтай түсері хақ.

“Ғылыми” деген анықтауыш тұрақты түрде фантастика жанрының құр-тегін сөз тіркесі емес екендігін аталмыш объектіге түк қатысы жоқтар да мойындауға тиіс. Тіпті, творчестволық мұрасының басым көпшілігі жанрдағы әлеуметтілік саласынан табылатынына қарамастан, классик-қиялгер А. Беляев те фантастиканың ғылымилығы хақында жанашыр, жылы лебізін білдіргені бар. “Біздің ғылыми фантастика, бәрінен бұрын, ғылым мен техниканың насихат құралы есебінде оқырмандардың, әсіресе, жасөспірімдердің ғылыми біліктілігін байытып, ғылым мен техника мәселелеріне қызықтыратын әсер тудыруы тиіс” /Литературный Ленинград. – 1934. – 14 тамыз/, – деп есептеген. Сол дәуалы ауыздың айтқандары бүгіндері жүзеге асу үстінде екеніне куәгер болудамыз.

Әлемдік саясаттың басқа бағыт алуына байланысты, бұрынғы Кеңес Одағындағы республикалар өз беттерінше егемендік алып, межелене бастағаны белгілі. Алайда тамыры тереңге сіңіп кеткен мәдени, әдеби байланысты бір-жар онжылдықта шорт кесіп тастау – қисынға келмес, ойға симас талпыныс. Бірінші жағынан, бұндай “асығыстыққа” тарих көшінің жылдамдығы бара бермейді. Екінші жағынан, фантастикалық әдебиеттің мысалында ондай “жекеменшіктену” – осыған дейінгі жанрдың жай-күйіне қиянат жасаушылық. Өйткені: қаншама өзімізді сүйгіш ұлтжандылық танытқанмен, орыс әдебиетіндегі қуатты жанрдың тікелей де кереметтей ықпалын мойындамау – күпіршілік. Сондықтан да қазақ фантастикасын әлеметтік және ғылыми салалап, типологиялағанда, теориялық талдауларымызды сол тілдегі фантастикатанушылар мен әдебиет сыншыларының ой-пікірлерін сарапқа салғанымыз байқалар. Бұл – жанрдың теориялық тірлігі тек соған тіреліп қалды деген сөз емес. Осының алдындағы әлеуметтілік сарындарды қарастырғанда да, басқа қашық және таяудағы шет елдің тәжірибелеріне сүйенгеніміз белгілі. Енді осы тараушада сол ғылыми-зерттеу тәсілінен бөтен тілді фантастикатану жұмыстарын нысанаға алуды дұрыс көрдік.

Оның үстіне, жанр жөнінде сөз қозғасақ, мейлі, оның көркем шығармалары болсын, мейлі, ғылыми-зерттеу еңбектері болсын, алдымен ағылшын тілді қазыналарды қозғауға мәжбүрміз. Олардың тамаша ғылыми-фантастикалық классикасы жанрқұмарларға кеңінен таныс екенін белгілі. Ал, А. Азимовтың “Өзгеріс!”, “Келешек күндер: 19-шы ғасырдан 2000-жылға көзқарас”, “Азимов ғылыми фантастика хақында”, “Ертеңгі күн шекарасы”, “Азимов галактикасы: ғылыми фантастикаға көзқарас”, Дж. Блиштің “Қолымда барлары”, “Тағы да қолымда барлары хақында”, “Құдайға мезгейтін тарих”; М. Брейердің “Осы заманғы ғылыми-фантастика, оның маңызы мен оның болашағы”, “Ғылыми фантастика: бүгін және ертең”, “Ғылыми фантастика кәсібі”; Р. Брэдберидің “Жазушылық негізі”, “Дзен және жазушылық өнері”; Дж. Ганның “Келешек жаңалығы: ғылыми фантастиканың даму жолдары”, “Айзек Азимов: ғылыми фантастика тұғыры”, “Балама әлемдер: иллюстрацияланған ҒФ тарихы”, “Ғылыми фантастиканың жаңа энциклопедиясы” (редакторы және құрастырушысы); Г. Гаррисонның “Тозақ картографтары”, “Үлкен отты жұмыртқалар: ғылыми-фантастикалық иллюстрациядағы секс тарихы”, “Механизм: ғылыми-фантастикалық техника бойынша иллюстрацияланған нұсқау”, “Жұлдызұшақ фантастика мен өмірде” (М. Эдбарспен қосылып); А. Кларктың “2019 ж. 20 шілде. 21-ші ғасырдағы өмір”, “1984: Көктем, келешекті таңдау”; У. Ле Гуиннің “Түнгі тіл қату: фэнтэзи мен ғылыми фантастика турасындағы эсселер”, “Әлем кенересіндегі би: сөз, әйел, қоныстанған жер турасындағы ойлар”, Ст. Лемнің “Фантастика және футурология” тағы басқа ондаған және ондаған ғылыми-зерттеу кітаптары әлі де қазақ оқырманына жетпегені рас.

Сондықтан шет ел авторларының біздің аудиторияда азды-көпті таныстарының бірсыпыра ойларын іріктеп, тезге салудың иіні келіп отыр. Бұл жердегі негізгі мақсат – қазіргі, жалғыз қазақ әдебиетіндегі емес, күллі планеталық ҒФ жанрының басты проблемаларына кім қалай қарайтып аңысын аңду. Ол авторлардың кәперге аларлық қисындары, көкейге қонатын дәйектері, міндетті түрде есептесуге тиісті зерделі тұжырымдары ұшрасатыны сөзсіз.

Біздің бүгінгі таңда, Е. Брандис пен В. Дмитриевский айтпақшы, “жаратылыстанудағы революция ҒФ-да да, оны жаңа идеялармен байытып, төңкеріс жасады; жұлдыз аралық сапарларды фантастикалық тұрпатта негіздеу Эйнштейннің салыстырмалық теориясының мойындалғанынан кейінгі кезеңде мүмкіндік алды; Жюль Верн дәуірінде ойға симаған ұғымдар бүгінгі ғылым туғызған батыл гипотезалар мен теорияларды “пайдалануға” тырысқан барлық қиялгер-жазушылардың идеялық тұғырына айналды” /Зеркало тревог и сомнений. – 3 б./.

Осы құнарлы жағдай, ядролық қазандықтағы тізбекті әрекет тудыруға түрткі болатын құдды бір қуатты нейрондар тәрізді, санап жатуға келмейтін, шешуші ықпал жасағаны ақиқат. Соның пайдалы салдарынан, керек десеңіз, кейбір сәттерде, жалпы жанрдың жай-күйін сол фантастикалық ғылыми идеялардың деңгейімен өлшеп, пішетін де сәттеріміз болады. Сондықтан да өз дарындарымен планеталық ауқымды қамтитын қаламгерлер осы қиялшыл ғылым факторын тиісінше жоғары деңгейде бағалай білген.

ҒФ, сөз жоқ, бастауын ұлы француз-қиялгерден алады. “Ғылым туралы роман” деп айдар тағып, басылып шыққан кітаптар сериясы шын мәнінде жанрдың ерекше жаңа саласының негізін қалады. Ол жөнінде ізбасар классик-жазушы Г. Уэллстің көзқарасы шындыққа дәл келер. “Оның шығармаларында әңгіме толығымен дерлік жүзеге асатын өнертабыстар турасында қозғалады. Және кейбір кездерде ол ақиқатта кереметтей асып түсіп жатады. Оның романдары практика жүзінде қызықтыру танытты: өзінің сипаттап жазғандары жасалатынына ол сенген-ді. Келешек өнертабысқа оқырманның бойын үйретіп, оның қорытындысы қандай болатынын түсіндірді” /Собр, соч. в пятнадцати томах. Т. 14. – М.: Правда, 1964. – 349 б./, – деп, жаңа саланың алғашқы аяқ алысын түсіндіреді.

Ал, ұлы ағылшын-британ өз заманы ұстазының кезінен жоғары сатыда тұрғанын сезді. “Біздің ғасыр – әулиелердің жұмағы, – дейді “Уақыт машинасы” мен “Әлемдер айқасы” ғылыми-фантастикалық романдарының автор “Кейбір мүмкін болатын жаңалықтар жөнінде” тақырыпты проблемалық ойларында. – Су асты қайықтары мен ұшқыш аппараттарды сәтті жасаған соң, өнертабысы мен Солтүсік полюс ашылған соң, жаңалықтар лық толған ардаға жайғасып, бақытты сәуегейге: “Мен айттым ғой!” – деп, бар дауысымен ұрандаудан басқа ештеңе қалған жоқ, – деген кекесіннен кейін: – Әзірше, техникаға қатысты таяуда қарапайым кісіге ешқандай дерлік сенсация жасамас деп ойлағым келеді. Техникамен жабдықталған тұрмыс, кереметтей жетілдіру заманы қарқындап енуде” /Сонда. –406 б./, – деген ұстанымын өзінің тамаша ғылыми қиялымен дәлелдеп шықты.

“Материалдық мәдениет саласында нағыз утопиялық армандар жүзеге асып, жедел түрде қолданыла бастайды. Біздің балаларымыздың ақыл-ойын билеп алатын ғылыми табыстар мүлде өзгеше болмақ. Әр дәуірдің прогресі әр түрлі кейіпте келеді. Әр салалар арасында қарым-қатынас үнемі күрделене түседі. Қажетті деңгейде қарапайымдалған нәтижелері мен тұжырымдары дайын басқасы қол ұшын бергенше, қайсыбір ғылым бір орнында тоқырап қалмақ… Нақтылы жазушының мәнеріндегі елеусіз өзгерісі, мінезі мен рухани жинақылығы өз еңбегінің саны мен сапасының едәуір айырмашылығын айқындайды”, – деп аталмыш публицистикасымен-ақ көрегендік танытқан.

Француз Жюль Верн… Ағылшын Герберт Уэллс…

“Тарихты Тұлғалар жасайды”, – деген жазылмаған қағида осы жерде ҒФ-ның эволюциясында өзін растап шыққан жайы бар. Араға Жюль Верннен кейін – 92, Герберт Уэллстен соң – 54 жыл салып, дүниеге келген Айзек Азимов – соның дәлелі. “Ғылымды ҒФ әлеміне енгізгені үшін” “Хьюго”-63, “Барлық уақыттарда да ҒФ сериясы үшін” “Хьюго”-65 сыйлықтарының иегері аталмыш жанрда алғаш қалам тартқанда, өзінің айтуынша, робот та, компьютер де, тіпті Айға сапар да, тек қана ҒФ-да қара көрсеткен.

Атағы әлемге әйгіленген кезде ой тоқтатып, жинақтаған творчестволық тәжірибесіне сүйеніп, электр машинкасынан шығарған терең философиялық пайымдауларға бай “Биіктен барлау” кітабында жоғары оқу орнының шәкірті ғылыми-фантастикалық әдебиет өзіне баурап алғанын мойындайды. Сол жылдары-ақ қойған мақсаты да міндеті: шын мәнінде жақсы ғылыми-фантастикалық кітаптар жазу үшін, ең құрығанда жылыұшырай қарау дәрежесіне жететіндей, неғұрлым көп ғылымдармен танысу қажетілігін, сосын ғылыми білімдерді жинақтауға аянбай күш салғанына өкінбейтінін мәлімдейді.

“Ғылымға қатысы бар өзін қадір тұтатын кез келген оқымысты немесе қарапайым пенде онда өзінің айқын ізін қалдырғысы келеді. Әрине, жағымды мағынада, – деп, өмірдегі шығармашылықтағы басты ұстанымын танытады. Сосын: – Жүрегім сездіргендей, “Азимов заңы” ешқашан физика оқулығының бетіне жазылмайды, “Азимов реакциясы” химия оқулығына ешқашан енбейді. “Азимов теориясын” жасау, тіпті, қарапайым “Азимов гипотезасын” жариялау мүмкіндігінен айырылып, түксіз қалдым” /Конец вечности. Научная фантастика. –Алматы: Ғылым, 1985. – 231 б./, – деуі қияңқылығы емес. Бұл – қаршадайында-ақ алдына осындай ұлы мақсат пен міндет қойғанының айғағы. Және бүгінгі таңда сол арман-үмітін өзі іске асырғанының айғағы. Ал, жанр үшін өзінің классик-авторларының бірі шығармасының елең-алаңында-ақ ҒФ-ны көркейтіп, кемелдендіру үшін, оған неғұрлым көп санды нақтылы ғылымдардың толғақты гипотезалық идеяларын енгізу қолынан келгенінің айғағы.

Ғылым үшін ешқандай не ұлт, не мемлекет шекарасы деген шарттылықтың жоқ екенін бүгінгі өркениет заманы дәлелдеп отыр. Бұрындары қай салада болмасын, планеталық, тіпті, космостық проблемаларды қозғаушыларды Құрама Штаттар, Кеңес Одағы, Ұлы Британия, Жапония тағы да озық ойлы деп мойындалып жүрген елдер оқымыстыларының аузына қарайтынбыз. Бүгіндері жұмыр жердің кез келген нүктесінен дүниенің дүр сілкіндіру мүмкін жаңалықтар “бұрқ” ете қалуы ғажап емес. Бұл – әрине, жоғарыда айтқан, ғылымның феномендігін көрсетеді.

Оның үстіне, атом қазаншығындағы тездеткіш нейтрондар секілді, сол ғылым жер-жерде ғылыми фантастиканы “қоздатты”. Бір мысалы – багладештік Әли Әмид Госвами. АҚШ-тың Орегон университетінің профессоры. Ядролық физика тақырыбында көптеген ғылыми-танымдық кітаптар жазған. “Ғарыштың биші құдайлары: ғылыми фантастиканың физикасы” зерттеу кітабының туындыгері. “Ғылыми фантастика – ғылыми және қоғамдық өмірде жүріп жатқан өзгерістерді бейнелейтін әдебиет түрі… Ғылыми фантастиканың мүддесі – ғылыми көзқарастар жүйесінің өзгеруі, тіршілік болмысына дәлірек сәйкестенуі үшін үнемі парадигма ұсыну”, – деген жолдарды осы монографиядан оқисыз.

Бангладештік оқымысты сосын проблемалық “Ақиқатты зерттеушілер” мақаласында: “Бүгінгі парадигма, көзқарастар жүйесі – өткеннің тындырған ісі, олар жаңа міндеттерге жауап бере алмайды… Қиялсыз, әрине, сюжет құра алмайсың, бұл жерде көркем сөз заңдары күшіне мінеді. Алайда, ғылыми-фантастиканың ерекшелігі – кейде физика заңдарымен де бетпе-бет келіп қалады… Түптеп келгенде, бізді қоршаған ортаны ұғып-білуде ғылым мен ғылыми фантастиканы қиял бауырластырады… Ғылым да, ғылыми фантастика да – уақыт, кеңістік, өмір, Әлем зерттеушілері… Ал, қиял – әрбір оқу аудиториясына енуі тиісті аса маңызды сапа болғандықтан, мен педагогтарды жоғары және орта оқу орындарының бағдарламаларына фантастикатану курсын кіргізу жөнінде ойлануға қатты үндер едім. Ғылыми фантастиканың мазмұны мен өмірге деген оған тән сергек зерделілік өз жемісін берері сөзсіз” /Курьер ЮНЕСКО. Окно, открытое в мир. – М.: Прогресс., 1990. – 4-7 бб./, – деп, жалпы планеталық жанрдың теориялық проблемасын да қозғайды, практикалық міндеттеріне де жұртшылық назарын аударуға күш салған. Белгілі зерттеуші-ғалымның жоғарыда аталып кеткен екі мәселені қойысы біздің де көңілімізге ұялайды. Бұл – жанрға жаны ашыған, оны “жіліктеп” тани білетінін аңғартқан маманның салихалы түйіндемесі деп қабылдар едік.

Аталмыш автордың мақаласы жарияланған “Курьер ЮНЕСКО” журналының осы санында “Ариадна жібі” тақырыпты публицистика жарық көрген. Иесі – кубалық жазушы һәм журналист Мануэль Перейра: “Ғылымның соңғы жүз жылдағы гүлденуі “ғылыми фантастика – бүгінгі таңдағы нағыз алдағы әдеби жанр” деген пікірге біздің бойымызды үйретті. Ол турасында ауыз аша бастасаң-ақ, есіңе Жюль Верн, Герберт Уэллс немесе Рэй Брэдбери “сап” ете қалады… – деп біледі. – Ғылым мен поэзия қол ұстасып, Искардың көкке ұшуынан Филеас Фоггтың жер шарын айналып шығуы мен Жерден Айға жөнелтілген зеңбірекке дейін және Тассилин – Аджердегі шың-тасқа ойылып салынған бейнелер, жалмауыз кемпірдің аса таяғы мен сыпыртқышы, Леонардо да Винчидің қатырғы қанаттарынан бастап, қазіргі ғарыш кемелерінің самғауына дейін кісіні өзіне баурап алатын сапарлар жасады” /Сонда. –17-19 бб./. Жарияланымның тартымдылығы әлі күнге дейін жазушыларымыздың қиялын қамшылаумен жүрген планетадағы құпия атаулыларды тағы бір рет еске түсіріп, бүгінгі ғылымдар жаңалықтарымен ұқыпты ұштастыра біліп, жаңа туындылар жасауға шақырғандай әсер қалдырғаны.

“Ғылыми фантастиканы мектеп бағдарламасына қосып, соның арқасында жас ойшылдарға аталмыш әдеби жанрдың мақтан тұтарлық дүниелерімен неге үнемі таныстырып отырмасқа? – деп әлгіндегі бангладештік оқымысты әрі жазушы Госвамидің ұсынысын іліп алып кетеді болгар қаламгері Христо Буцев. – Қажетті түрде оны техникалық оқу орындарына да енгізуге болар. Өйткені: бүгінгі заманда ғылыми-фантастикалық жобалар мен нақтылы техникалық жетістіктердің ара қашықтықтары күннен-күнге қысқаруда екені бәрімізге аян” /Сонда. – 24 б./ санайды. Осы уақыттағы техника дамуының ересен жетістіктері көптеген жағдайларда ғылыми-фантастикалық сипат алатынын; сонымен қатар келешек хақындағы әдебиетті бүгінгі шындыққа тақай түсетінін; демек, қиялгер-жазушылар қазіргі аян ғылыми және техникалық деректер аясынан тыс жатқан тақырыптарды тап басып табу мәселесінің оңайға түсе бермейтінін ескерткен автор. Қорытындысында, мақала, біріншіден, ғылыми-фантастикалық идеялар мен олардың практика жүзінде соны жаңалықтар мәртебесінде өмірде шешімін табу мәселесін көтерген; екіншіден, неғұрлым тұрмыста өнертабыс күйінде жасалып шығуды жеделдету үшін фантастикалық идеялар ұсынушылардың өрісін кеңейтудің бір әдісі – мектеп пен жоғары оқу орындарында қиялқұмарларды сол әлемге енгізетін зор әдебиет – ғылыми фантастикалық дәріс беру ісін жолға қою. Жанр проблемаларына терең ене қоймаған ресми де жеке тұлғаларға аталмыш әдебиет феноменімен зерделі жастарды ерте таныстыру бүгінгі күннің шаруасы боп көрінбеуі мүмкін. Солай бола қойғанның өзінде ертең, арғы күні ол қажеттілік туары сөзсіз. Оған АҚШ-тың кейбір жоғары оқу орындарында, тіпті, Әзірбайжанның орта білім беретін мектептерінде “Фантастикатану” пәнінің әлдеқашаннан бері жүргізіліп жатқан куә.

Қарап отырсақ, ҒФ-ның “тілегін тілейтін”, ол аздай-ақ “келешекті қандай болғанда құлпырта тұсер?” деген ниетпен пікір-ұсыныстарын білдірушілер планетамыздың барлық құрылықтарынан табылатынына көз жеткізе алар едік. Мәселе олардың барлығын бірдей жұмысымызда тізіп шығуда емес. Бар гәп олардың жалпы жанрға, оның сүйекті саласы – фантастиканың ғылымилығының проблемаларына бағыштаған ұтырлы пайымдауларында. Алайда, мәселе тек қана сонда болмаса керек. Бұл жердегі бар мүдде-мақсат – қазіргі, жалғыз қазақ әдебиетіндегімен оқшаулану емес, күллі планеталық ҒФ-ның бет-бағдарын анықтау, бағдарлау жолындағы сүйекті-сүйекті мәселелерге кімнің қалай қарайтын аңысын аңдау. Сол ниетте жұмысымызға жетерліктей мысалдар келтірдік деп есептейміз. Жоғарыдағы авторлардың кәперге аларлық қисындары, көкейге қонатын дәйектері, елең еткізер оқшау тұжырымдары барына көзіміз жетті.

«Жанр жіктеуі» тарауын қортындылай келгенде, аталмыш тақырыпты бүге-шігелі зерттеуші оқымыстылар мен осы әдебиетті жасаушы қиялгер-жазушылардың, басқа да ғылым салаларының көрнекті өкілдерінің пікірлері жанрдың екі салаға дараланып, даму үстінде екенін айғақтағандарына көзіміз жетеді. Жалғыз қазақ әдебиеті емес, күллі планетада жанрдың бастауында әлеуметтік сарын тұрғаны талас тудырмас пайымдау болуы тиіс. Ол тек, бүгінгі, бейнелі баламамен айтсақ, жанрға «бірінші космостық жылдамдық» беріп қойған жоқ, әлі де сол «ұлы арман көшінің» «бұйдасын ұстауда». Яғни жанрды қазіргі «қан майдан әдебиеттің» төрінен көретініміз анық.

Осы пікірдің бір дәлелін әлемдік фантастиканың классигі А. Беляевтің мәңгілік туындыларының қазіргі тағдырынан таба алар едік. Ұлы қиялгердің шығармаларын құнттап зерттеуші, бұрынғы Одақ кезіндегі маңдайалды фантастикатанушылардың бірі Б. Ляпуновтың: «Ондаған жылдар өтті, алайда, қиял қаруымен жазушының күн тәртібіне енгізген әлеуметтік проблемаларының өткірлігі күні бүгінге дейін қуатын бәсендеткен емес. Мейлі, олар өзгеше формаға айналған шығар, мейлі, әлемде көптеген нәрселер өзгерген болар, бірақ, Беляев қаһармандарының тағдырлары қазіргі оқырманды әлі де толғандыруда. Бір күндік кітаптар ұмытылды, жаңа, қасиеті басқаша фантастика дүниеге келді. Дей тұрғанмен, арман әдебиетімен тұңғыш танысқандар үшін Беляев бұрынғы сүйікті қалпында қалған» деген тұжырым-ақиқат шындық. Әлеуметтік фантастиканың өміршеңдігін айғақтау осындай-ақ болар.

Дүниежүзілік фантастикатану әлемінде кейбір не сыншы-зерттеуші, не қиялгер-қаламгер тарапынан жанрды екіге бөліп қарастыру хақында еміс-еміс ұсыныстыр таралып жүргені рас. Біз тәріздес, олар да обьектімізді «ӘФ» және «ҒФ» тұрғысын көргісі келеді.

Мысалы, профессор Ю. Кагарлицкий: «Фантастика» сөзімен егіз-қатар жүретін «ғылыми» анықтауыш сөзі тек өмірге деген көзқарас емес, сонымен қатар әдеби ұғымға да ие. Осы заман фантастикасының ғылымилығы оның салихалы әлеуметтік анализге апарып тірейді, пікір білдіру әдісіне ықпал жасайды» – деп, орнықты ой айтқан. Осы пайымдауын біздің жұмысымызға қатысты: «Кейбір сәттерде ғылыми фантастика тіпті өз бетінше жеке-дара деуге болады» – деген дәйекпен нықтайды. Ағылшын тілді фантастикалық әдебиеттен филолгия ғыымының докторы ғылыми дәрежесін қорғаған осы фантастикатанушының теориялық түйіндеуі біздің негізгі принципімізді қолдайды деп білеміз.

Демек, ҒФ-ның да тек өзіне тән спецификалық өрісі бар болғаны. Айт-айтпаса да, біздің жанрымыздың ең басты ерекшелігі, оқшаулығы: қос-егіз екі міндетті – әлеумет және ғылым проблемаларын – әрқайсысын жеке немесе екеуін қос-қабат, жарыстыра атқаруы мүмкін. Яғни, бейнелеп келтірсек, су мен жер де өмір сүре алатын «қосмекенді» немесе басы – адам, кеудесі жылқы тәріздес «кентавр» жанр. Мұндай «творчестволық ситуация» оған тағы бір «шығармашылық басымдық» бере алса керек. Ол басымдық – ҒФ өз туындыларында басты кейіпкер есебінде адам емес, таза ғылым образын жасай алу қабілеті. Ондай фантастикалық ғылымның кескін-келбеті сәтті де үстем сомдалған шығармаларда жанды кейіпкерді жоқтау бола қоймас деп білеміз. Өйткені: басты кейіпкер – фантастика идеяларының астарында адамзаттың ақыл-ойы тұрғанын зерек оқырман жазбай тани алары сөзсіз.

Жанр өмір тарихының елең-алаңында «қиял-ғылым» проблемасы оншама өткір қойылмаған-ды. Әлем әдебиетінің фантастикалық алғашқы қарлығаштары – Жюль Верннің дүниелері жәй-әшейін «ғылым туралы роман» деген айдар тағылып, басып шыға берді. Келе-келе ғана авторлар ӘФ немесе ҒФ деген тәрізді ерекшелендіретін тақырыпшалар қоса бастады. Қазірде сол екеуінің өз беттерінше талап-тілектері, теориялық пайымдаулары белгілене бастаған жайы бар. Мұндай құбылыс –жалпы әдебиеттің даму процесіндегі қалыпты жайт. Бұл жанрдың жан-жақтылығын байыта түспек. Бұл зерттеу процесінің неғұрлым күрделіленіп, тереңдеп бара жатқанын айғақтайлды. Фантастикадағы әлеуметтік пен ғылымилық бағыттарды тұрақтандыратын құптарлық ізденістер. Осындай серпіліс қазақ фантастикасында да із қалдырған. С. Ерубаев, М. Әуезов шымылдығын ашқан ӘФ өткен ғасырдың екінші жартысында ҒФ-мен өзінің творчестволық жалғасын тапты.

Тарауда жанрдың атқаруға тиісті, Г. Гуревичтің он екі және В. Бугровтың алты «бабын» келтіргенсін. Оған библиограф А. Осипов тағы да утопия, антиутопия, роман-сақтандыру, сатира, детектив, ертегі өлкелеріне енетін міндеттерді қосқаны жазылған. Біз бұларға қарсылық жасағымыз келмейді. Қайта, керісінше, жылы қабылдасақ керек. Өйткені: жоғарыда тізіп шыққан, әр қайсысы өз бастарына жеке-дара жанрлар саналып жүрген салалардың қызметі енді жалғыз фантастика жанрының «ауызына қарап қалса», бұл – қиял-болжал әдебиеті мерейінің үстем болғандығы. Бүгінгі күннің идеологиялық та ғылыми талап-тілектерінің мұқтаждық қылғандығы.

Тоқетеріне келгенде, фантастика жанры эволюцияның қай-қай тұсында да өмірмен, заманмен сабақтастық, үндестік табатыны сөзсіз. Яғни, мейлі, ол өткенді қиял көзімен шолса да, мейлі, сонау алыстағы келешегімізді болжалдаса да, ғарыш әлемі мен планета бетінде, мұхит акваториялары мен Жер кіндігіне дейінгі түпкір-түпкірде сан қилы уақиғаларды бастан кешірсе де, әр нәрсеге кісілік, бекзаттық қағидаларының тұрғысынан келгеніне көз жеткізуге болады.

Осы сәтте орыс тілді қазақстандық қиялгер-жазушы С. Ахметовтың пікіріне құлақ түрген жөн. «Қазіргі фантастика біркелкі емес. Ол, кемпірқосақ тәріздес әр алуан бояуға бай және сол кемпірқосақтай, реализмнен беріге құрық салдырмас адуын «қиял ойынына» дейін түр-түсін құбылта береді... Кез келген оқырман бүкіл спектрді түгелдей көре алар немесе шағын диапазонды місе тұрар. Олардың бірінің көкейіне – арман, қиял самғауы («фэнтэзи»), үшінші және төртіншілеріне – ертегі әлде «космос операсы» ұнар. Әлемдік фантастикалық әдебиет таңдаған қалауыңды қанағаттандыруға дайын» /Калейдоскоп. Научно-фантастические повести и рассказы. – Алматы: Жалын, 1990. – 3 б./, дегені декөңілге қонады. Себебі: негізінде С. Ахметов біздің әдеби-теориялық ұстанымдарымызды қолдап отыр деп білеміз


ӘФ: ӘЛЕУМЕТТІК ФАНТАСТИКА

Қазақ әдебиетінің бастау бұлағында ең әуелі әлеуметтік фантастика [ӘФ] тұрғаны белгілі. Ол фольклорда батырлар жырларында, аңыз-мифтерде, қиял-ғажайып ертегілер түрінде көрінетін-ді. Әуелі ауыздан-ауызға таралып айтылып, келе-келе белгісіз де, кейбір есімі айғақталған авторлардың да қағазға түсірілген туындыларында қоғамдық-әлеуметтік арман сарындары басты мән-мағынасын құраған. Сол ауызекі әдебиетті тұрмыстық арман-тілекті аңсаған поэзия, проза жылдар, ғасырлар өткен сайын әр заман кездерінде жыр, әңгіме тақырыптарын кеңейтіп, уақыт талабына сай пішімін де құлпырта берді.


Сол творчестволық эволюцияның нәтижесі есепті басында тек қана поэзия тілімен жырланған фантастика даму және күрделену процесінде прозалық көркем сөзбен бейнелеу әдісіне көше бастады. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінде толыққанды ӘФ қалыптасты деп мәлімдеуге болады және олар поэзияда және прозада өзіндік бағалы творчестволық жемісін беріп келеді.



Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет