ӘФ – прозада. Әдебиеттану саласында анық табиғатын, мәнiстемелiк қисындарын зерттеу үстінде кім-кім болмасын, бәрінен бұрын сол нысанаға алынған проблемалардың сонау ертедегі бастау тегін барлауға міндетті. ӘФ да сол жазылмаған қағидадан бас таратпақ емес. Бұндай ғылыми-зерттеу әдісі – біздің күн тәртібінде тұрған жанрдың, әдебиеттің басқа салаларына қарағанда, бүгінгі өзіндік ерекшеліктері мен ертеңгі шығар межесін болжалдауға мүмкіндік жасайтын методологиялық жол.
Демек, біз қазіргі, ертеңгі, арғы күнгі күллі планеталық ӘФ-ның прозадағы тірлігін сөз қылмас бұрын, оның осыған дейінгі дүниеге келу, даму, кемелдену тенденциясын қарастыруға мәжбүрміз. Мәселе осыған тірелді екен, онда ең бірінші ауызға аларымыз сол адамзат жүріп өткен жүздеген жылдардың бұлтартпас айғағы – әдебиет туындысы мәртебесінде шамамен 1214-1292 жылдар арасында өмір сүрген ағылшын философы және табиғат зерттеушісі Роджер Бэконның творчествосы. Бүгіндері фантастикатанушылардың өздері аузына ала бермейтін сол автор – прозалық ӘФ-ның бастауында тұр деп мәлімдегіміз келеді. “Үлкен еңбек”, “Екінші еңбек” және “Үшінші еңбек” атаулы философиялық үштаған-триптих қиялдың туындыгері. “Ғылымның мақсаты – табиғат сырларын меңгеруде” деп білген автордың еңбектеріндегі басты идея: “Ескекшілері жоқ жүзу құралын; үстінде жолаушысы толық, жалғыз кісінің өзі тез жүзгізе алатын өзен және теңіз кемелерін жасауға болады. Сондай-ақ, жылқы жегіліп тартатын арба істеуге болады. Қанаттарымен, бейне бір құстар тәрізді, ауаны ескілеп ұшатын, ішінде адамы бар аппараттар жасауға болады. Теңіз және өзен табандарымен қауып-қатерсіз жүре беретін көлiктер де құрастырыла алады. Мөлдір денелер қашықтағанда, сол алыстаған заттар жақындап келе жатқандай немесе, керісінше, өте аулақтағы тым ұсақ әріптерді оқып, құйттай заттарды ажырата алатын боламыз. Тағы да өз қалауымызша жұлдыздарды көретін, Ай мен Күнді Жерге жақындата алатын жағдайға жетеміз… Біз, кейінгі ұрпақтар, ергежейлілердің қолы жетпегенді жасауымыз тиіс…”.
Қазіргі күнгі замандас қиялгер-жазушыларымыздың шығармаларына мұрындық бола алатын осындай фантастикалық идеялардың планетамызда ең тұңғыш Роджер Бэконның кітаптарында көрінгені жөнінде мәлiметтердi автор әлі еш жарияланымдардан ұшырастырған емес. Оның есесіне көптеген маман оқымыстылар мен сыншылар дүние жүзілік ӘФ-ның атасы деп Роджер Бэконнан екі жүз жылдай кейін дүниеге келген Томас Морды (1477 немесе 1478-1535 жылдар арасында өмір сүрген) таниды. Оның 1516 жылғы желтоқсанда жарық көрген “Утопия” атты кітабы шын мәнінде әлем әдебиетінің аталмыш саласында ақиқат тұңғышы болғандай еді. “Утопияны” өз кезінде анағұрлым толық та баянды талдаған Э. Сурц оған сарындас дүниелерді ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы антика, орта ғасырлық және Ренессанс әдебиеттерінен іздестірген-ді. Антика классиктерінің арасынан “Утопия” авторының туындыларына көбірек ықпал еткендер, Сурцтың ұйғарымынша, Платон, Аристотель, Плутарх, Цицерон, Сенека, Диоген, Лукиан,Тацит, Гиппократ, Ксенофонт болған.
Кітап шынында да өмірде болған уақиғамен басталады: Англия мен Нидерланды арасындағы сауда қатынасын жөнге салу үшін іссапармен Морды жөнелтеді. Фландрия, Антверпенде болғанда Мор талай тарихты басынан өткізген, сұжұқпас саяхатшы португалиялық Рафаил Гитлодеймен (қазақшаға аударғандағы мағынасы – “суайт-айтқыш”) танысады. Адамзаттың мәдени тарихында, оның ішінде әлеуметтік фантастика тағдырында бастаушы ролін атқарып, өшпестей із қалдырған автор мен Гитлодей арасындағы емін-еркін әңгіме осылай өрбіген.
Туындыгердің өзі көп жағдайларда “Алтын кітапша” деп атауды ұнатқан кітаптың негізгі фантастикалық жұлын тұтасы төмендегідей. Утопияда өркен жайған ғылымдар сол мемлекеттің игілігіне жұмсалады. Утопиялықтар жаңбырдың жауатынын, желдің тұратынын алдын ала біліп отыратын. Олар астрономия, математика, диалектика, музыканы жақсы игерген. Білім беру жүйесі демократияланған. Утопияның барлық ұл-қыздары міндетті түрде мектепте білім алады. Ғылыми жұмыспен шұғылдануға хақысы бар. Утопияның кез келген азаматы ғылыммен түбегейлі айналысатындарды мемлекет күнделікті жұмыстан босатады. Барлық азаматтар арасындағы еңбек ету көлемі әділ бөлінгендіктен қоғамға күнделікті міндетті жұмыс уақытының ұзақтығы алты сағаттан аспаған. Материалдық байлықты пайдалануға өзіндік бақылау жоқ жерде, Мордың ойынша, шын бақытқа жету мүмкін емес. Адам мен күллі қоғамның жердегі иемденуі тиіс бақыт-рахаты – “Алтын кітапша” авторының әлеуметтік философиялық қиялының алтын қазығы. “Утопия”: “Адам – өз табиғатында мейімді субъект, – деп үйретеді. – Оның санасы тек өзі үшін емес, жақындарына да рахым жасауға ұмтылдырады”.
“Утопия” жазушысы техникалық прогреске оншама маңызды мән бере қоймайды. Ол суреттеген цивилизацияның техникалық деңгейі ХҮІ ғасыр басындағы Еуропамен шамалас. Мұнда ақша атымен жоқ: ол мүлде керек те емес. Барлығына бәрі тегін беріледі. Оның өтемі – қоғам игілігіне айналатын еңбек ету. Ал, алтыннан түнде балаларды тосатын горшок жасалады. Алтын – утопиялықтар үшін масқаралықпен пара-пар!
Адамдардың жұмыс жасау ұзақтығы – алты сағат. Қалған уақыттарын қайда жұмсайды? Ғылымға, демалысқа, өнерге, оқуға. Балалардың барлығы оқиды. Ересектерге көпшілік лекциялар ұйымдастырылады. Лекциялар – әрі сан түрлі тақырыптарда – ертеңгілік, жұмысқа дейін, кісі сергек, ширақ кезінде оқылады. Ал, қыдырыс, әңгіме-дүкен, “есті ойындармен” (утопиялықтар “құмар ойындарды” атымен білмейді!), ақыл-ойды, денені шынықтыратын ойындармен утопиялықтар кешке қарай айналысады.
Қазақ топырағындағы “Жиделібайсын”,“Жерұйық” мағынасын беретін жалғыз адамның қиялымен жасалған “Утопия” елі бұдан былай ӘФ-да ерекше бір салаға бастау болып, соның негізін салды. Сонымен қатар әдебиеттану әлеміне, қазіргі кең етек жайып келе жатқан “утопия” терминін сыйлады. Осы соңғы ұғым турасында филология ғылымдарының докторы, профессор Мүсілім Базарбаевтың теориялық анықтамасы бар. “Утопия – қиялдан туған, қол жетпес арманды бейнелейтін әдеби шығарма. Ең алғаш “Утопия” деген атпен шығарма жазған –Томас Мор (1516). Кейін Томмазо Кампанелла – “Күн қаласы” (1602), Френсис Бэкон “Жаңа Атлантида” (1627) деген шығармалар жазған… Әдебиетке байланысты айтқанда, утопия сол идея, жобаларды шындық өмірде орнатқан қоғам адамдарының тұрмысын суреттеген туындылар ретінде ұғылады… Қазақ әдебиетіндегі “Жерұйық”, “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман” туралы ұғым-түсініктер – көркем қиялдан туған утопияның көрінісі. Утопиялық шығармалар кейін фантастикаға ұласқан. Бұл ретте қиялға ерік беріліп, тек әлеуметтік жай ғана емес, “ғылми-техникалық прогресс қайда апарар еді, адамзатқа қандай жеңілдік келтірер еді?” деген де ауқымды жайларды қозғайды” /Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – 343 б./.
“Ерекше бір салаға бастау болып, соның негізін салды” деген бірінші тұжырымымызға келсек, “Утопия” жарық көргеннен кейін, арасында үш жүз жылдан аса уақыт салып, аталмыш әдеби ағымды ӘФ прозасында тиянақтап, оның қоғамдық мәдениетте зор роль атқаратынын дәлелдеген Герберг Уэллстың творчествосы болды.
Утопиялық сарын қазақ поэзиясында Махамбеттен басталса, кейінірек аталмыш сапқа қосылған Мағжан Жұмабаев, Абдолла Жұмағалиев, Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев тағы басқалар да оның даму,кемелдеуіне творчестволық атсалысты. Қазақ прозасындағы утопия алғашында Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллиндердің шағын этюдтерімен көріне бастаса, қазірде, бір жағынан, ӘФ-ға ұласып кететін дүниелерді көптеген замандас қиялгер-жазушыларымыздың шығармаларынан таба алар едік.
Томас Мордың “Утопиясы” жарық көрген сәтте, оның ізін суытпай, ӘФ алаңына Томмазо Кампанелланың (1568-1639) “Күн қаласы” шықты. Алдыңғы туындының ықпалымен бұның дүниеге келгені талас тудырмайды. Автор мұнда да “Утопиядағыдай” екі адамның диалогы әдісін таңдаған: қиялдағы жеті белдеу не шеңберге бөлінетін қала тау басына орналасқан. Олардың әрқайсысында тіршілік етуге, жұмыс істеуге, демалуға қолайлы үйлер жетерлік. Қорғаныс құрылыстары – дуалдар,бекіністер – салынған. Қала тұрғындары арасындағы негізгі басқарушы – қасиетті Күн. Тұрмыстық және дін мәселелерін шешетін сол. Оның үш көмекші басқармалары –Құдірет, Даналық және Махаббат – бар. Біріншісі – бейбітшілік және соғыс ісімен, екіншісі – өнер, құрылыс шаруашылығы, ғылымдар және соларға сабақтас мекемелер және оқу орындарымен шұғылданады. Ұрпақтың өсуі мен жаңа туған нәрестелердің хал-жағдайын Махаббат қадағалайды. Медицина, дәріхана, ауыл шаруашылық мәселелері де соңғысының мойнында. Солармен бірге, үшінші көмекші, тамақ және киім-кешекпен айналысатын адамдарға басшылық етеді.
Ай жаңа туғанда және толысқанда Ұлы кеңес бас қосады. Жасы жиырмадан асқандар қоғамдық мәселелерді шешуде дауыс бере алады. Олар бастықтардың жағымсыз қылықтарын сынап, тәуір істерін мақтауға құқылы. Үкімет, яғни Күн, Құдірет, Даналық және Махаббат, әрбір сегіз тәулікте мәжіліс құрады. Төменгі сатыдағы басқа әкімдерді осы төртеу тағайындайды. Арамдығы сезілген бастықтар халықтың талабымен орындарынан тайдырылады. Тек жоғарыдағы төртеуге ондай үкім жүрмейді. Олар, қажет деп тапса, өзара ақылдасу арқылы, өздері биліктен бас тарта алады. Онда да өздерінен даналау, өздерінен лайықтырақ үміткерлер табылғанда ғана.
Күн қаласында жеке меншік жоқ. Адамдарды теңестіретін қауым. Олар бай да, кедей де. Бай болатындары – оларда бәрі бар, кедей болатыны – олардың өзіндік жеке меншігі жоқ. Күн мемлекетінде қоғамдық жеке меншік оның азаматтарының еңбегіне негізделген. Кампанелла мемлекетінде еркектер мен әйелдердің теңдіктері орнаған. “Нәзік жыныстылар” тіпті, соғыс бола қалса, мемлекетін қорғауға шығу үшін әскери дайындықтан өтеді. Жұмыс күнінің ұзақтығы – төрт сағат. Күн қаласы астрологияға мойынсұнады. Дін өркен жайған. Жанның мәңгілік екеніне сенеді. Балаларының денсаулығы мықты, рухани жетілген болуы үшін тәжірибелі дәрігер ғылым мәліметтеріне сүйене отырып, табиғи қасиеттеріне қарап, нағыз жетілген ұрпақты дүниеге әкелетін әке, шешені таңдап, біріне бірін қосады. Қысқасы, Күн мемлекеті – дүние-мүлік бұғауын білмейтін, жарқын жүзді адамдар одағы. Қара жұмыс пен ой жұмысын қисынды үйлестіре білген адамдар одағы.
1568 жылдың 5 қыркүйегінде Италияның оңтүстігіндегі Стило қалашығында етікші Джеронимоның қызы – Катаринелланың дүниеге әкелген ұлына Джован Доменико деген есім берілген-ді. Кейін, ол монахтықты қабылдағанда, аквиндік қасиетті Фоманың құрметіне оған Фома-Томмазо аты қойылған. Ал, қаршадай кезінен-ақ, атасы мен әкесі секілді, оның лақап аты – Кампанелла еді. Оның қазақша баламасы – Қоңырау. Осы лақап есіміне сай, оның “Күн қаласы” туындысы әлемдік әлеуметтік фантастиканың алғашқы бір сәтті қоңырауы бола алды дер едік.
Томмазо Кампанелла жөнінде сыншы, публицист әрі прозашы Сергей Львовтың жазған “Күн қаласының азаматы” деген тәп-тәуір деректі повесінің бір тұсында мынадай тұжырымдама ой бар: “Ол өз жолын таңдағанда,есіне басына қиындық үйірілген Гераклды елестеткен-ді. Қазірде Прометейді еске алады. Бұл екі бейне өзара байланысты: Прометейді Геракл құтқарған. Ал бұған дейін Прометей ұзақ уақыт бойы Кавказ тауының шыңына кісенделіп қойылған-ды. Бүркіт күн құрғатпай оны азапқа салатын. Құдайлардың ұйғарымы – сондай, Прометейдің адамдарға жақсылық жасағысы келгені: оларға оттың жылуы мен жарығын пайдалануды үйреткені, кәсіп пен ғылым көзін ашқаны, желкенді қайықпен теңізге жүзу тәсілін көрсеткені, жылқыға бас білдіру айласымен таныстырғаны, оларға дәрі-дәрмек бергені, ауыр тұрмыстарын жеңілдетіп, жақсарта түскені үшін Прометейді Кампанелладан артық сол кім түсіне алар? Ол өзін Прометеймен салыстырып көрді…” /Гражданин города Солнца. 2 издание. – М.: Политиздат, 1981. – 392 б./.
Прометей – Роджер Бэкон – Томас Мор – Томмазо Кампанелла. Саналы адамзат қиялы эволюциясының елең-алаңындағы осы тұлғалар әлемдік әдебиеттегі әлеуметтік фантастика прозасының ұйтқысына айналғанын айту керек. Аталмыш қиялгерлердің санатына жататын тағы бір автор – Фрэнсис Бэкон.
Ағылшынның аса көрнекті философы және мемлекет қайраткері Фрэнсис Бэкон (1561-1626) әлемдік әдебиеттегі әлеуметтік фантастика саласында “Жаңа Атлантида” атты утопиялық кітабымен жетекші орындардың бірінде тұр. Қолжазба иесі – Ф. Бэкон бұ фәниден бақилық боп кеткесін, келесі жылы жарық көрген шығармасында туындыгер өз тұсындағы халықтың тұрмыстық та, әлеуметтік те жай-күйін жетілдіру, жақсарту тиіс дегендей,әлі де ешкім үрен-сүренін білмейтін, дүниеде жасалған ғылыми-техникалық жаңалықтарды суреттейді. Философ қиялынан туған Жаңа Атлантидада ерекше бөлмелер бар: олар денсаулығы нашар, дімкәс азаматтарын емдеуге қолайлы жағдайлар туғызатын өзіндік емханалар. Ф. Бэконның қиялы, техника саласында, осы Жаңа Атлантида суларын сүңгуір қайықтармен жасақтайды. Атлантидалықтардың акустикалық өнертабыс аясында ғылыми-техникалық табыстарының озық кеткені сондай, көз жетпес қашыққа кәдімгі қоңыр дауысты естірте алады. Мал-жануарлардың жаңа тұқымдарын өз қалағандарынша сұрыптап шығара береді. Бұлардан басқа да сан алуан жаңалықтар Жаңа Атлантида-қиял мекенінде тек қана ондағы тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешуге бағышталған.
Философия ғылымдарының докторы, ғылым методологиясын зерттеуші-маман, Ф. Бэкон шығармаларының екі томдығының редакторы әрі сол басылымның алғы сөзінің авторы А.Л. Субботин “Жаңа Атлантидаға” қатысты: “Томас Мордың өзіне жақсы таныс “Алтын кітабынан” кейін, жүз жыл өткесін, Фрэнсис Бэкон ағылшын әдебиетінде утопиялық шығармалар жанрын қайта туғызды… Аталмыш жанрдың тақырыбын кеңейте отырып, Бэкон, кейінірек әдебиет дамуына сай өткірлене, түрлері байи түскен жағдайда қиялгер-қаламгерлер өздерінше пайдалансын деген ниетпен, оған басқаша қисындар енгізді” /Фрэнсис Бэкон. – М.: Мысль, 1974. –149 б./, – деп атап көрсетеді.
Ғылым шежірешісі Майкл Х. Харт адамзат тарихындағы кейбір ең маңызды уақиғалар мен тұлғаларды біздің эрамызға дейінгі 3500-ші жылдардан бастап жіктеп бөлгенде, 1600-ші жылдың алғашқы ширегіндегі планетаның цивилизациясына уникумдар Эдуард де Вер (Уильям Шекспир), Кеплер, Галилеймен қоса Фрэнсис Бэкон ықпал жасаған деп есептеген. Аталмыш автор өзінің “Жүз ұлы адамдар” атты салихалы еңбегінде сол таңдамалардың санатына қосып, Ф. Бэконның “Жаңа Атлантидасы” туралы: “Бұл сэр Томас Мордың “Утопиясын” еске салғанымен, жалпы Бэконның кітабында өзгешелік бар. Бэкон шығармасында армандағы бостандықтың көркеюі мен баюы ғылыми зерттеулердің шоғырлануының тікелей жемісі боп табылады. Баяндауының астарында, әрине, автор өз оқырмандарына ғылыми зерттеулерді ақылмен пайдаланса, фантастикалық арал тұрғындары тәріздес, Еуропа халықтарын төрт құбыласы түгел, бақытты қылар еді дегенге меңзейді… Бэкон ғылымды уағыздағанмен, өзі ғалым емес еді. Ол Неперді (таяуда логарифмдерді ойлап тапқан), Кеплерді және тіпті өзінің досы, ағылшын Уильям Гарвейді менсінбеді… Астрономияда Коперниктің идеяларын мойындамады… Ғылымның қоғамға пайда әкеле алатынын бірінші түсінген ол емес еді. Алайда бір де бір кісі одан дейін сол идеяларды кеңінен және соншама ынтамен уағыздаған жоқ. Бір жағынан, жазушылық дарыны,бір жағынан, жетекші саясаткер деген даңқы ғылымға үлкен ықпал жасады” /Сто великих людей. – м.: Вече, 1998. – 360 б./, – деген.
Жоғарыдағы әлемнің түкпір-түкпірінде жарық көрген осындай фантастикалық “Утопия” аралдары “Жерұйық”, “Жиделібайсын” кейпінде де үндестік тауып жатқаны байқалады. Оларды, әдебиет зерттеушілер көбіне-көп әфсана, аңыз, ертегілер деп келді. Сол қазақ фольклорындағы аңыздардың басқаларынан шоқтығы биіктеліп, мерейі үстем, әудем жерден көзге шалынатын мекендері – әлгі “Жерұйық”, “Жиделібайсын” болса, қаһармандары – Қорқыт ата мен Асан қайғы. “Қорқыт жұрттан асқан ақылды, алдағыны болжалдағыш адам екен”, деп басталатын “Қорқыт туралы аңыздың” мазмұнын қысқартып, естеріңізге түсіруді артық көрмедік.
…Бір күні түсінде Қорқыт жапан даланы кезіп келе жатса, көр қазып жатқан бір топ адамға кездесіп, олардан: “Мұны кімге қазып жатырсыңдар?” деп сұрайды. Көр қазушылар: “Қорқыт әулиені қоюға қазып жатырмыз”, – дейді. Осыдан сескенеді де, Қорқыт келер күні бұ жерден басқа, дүниенің екінші шетіне сапар шегеді. Бетпақтың шөлін де, Сарыарқаны да түгел кезеді. Қайда жүрсе де, қайда барса да, ұйықтаса да болғаны – түсіне өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Қайда барса да жанына тыныштық таба алмаған соң жер ортасын іздейді. Жер ортасы Сырдарияның жағасы екен. “Жерұйық” осы деп, қазіргі Қорқыт моласы тұрған Сырдария жағасына келіп тұрақтайды. “Елімнің қайғысына мың да бір дауа осы болар”, деп, Сырдың суына кілем төсеп, қобызын тартып отырады.
Сонда Тәңірі аян беріп, Қорқытқа айтыпты: “Сен өлімді аузыңа алмасаң, саған ешуақытта өлім жоқ”. Бұдан кейін бірталай заман өтеді, Қорқыт өлімді аузына алмай, қобызын тартып, ел аралап жүре беріпті. Күндердің бір күндерінде байлаулы өгіз босанып кеткенде, соны қуып жүріп: “Мұны өлсем де ұстамай қоймаспын”, – дейді. Осы сөзді айтуын айтқанмен, артынан қатты өкініпті. Ол жерден кетуге бел байлайды. Астына Желмая мініп, желдіртіп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Күнбатысқа да, Күншығысқа да, Құбылаға да барады.
Барған жердің бәрінде де өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Өлім құрығынан құтыла алмасын білген соң, Қорқыт өзінің сүйікті мекені – Сырдарияға қайтып келеді. Құрғақ жерде тұрса да бір күні ажал жетіп келер деген қауіппен, бір қырмызы масаты кілемді алып, Сырдарияның суына төсеп, сонда қобызын тартып тұра беріпті. Қорқыт дүние кезген арманын да, өлімнен қашқан қайғысын да, өзі көрген жақсылық-жамандық жайларын да ғажап сұлу күйлермен жеткізіп баяндайды. Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды.
Сарыарқаның аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп, Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтатыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін болыпты. Қорқыттың күңіренген күйлеріне елтіген ажал да жақындай алмапты. Қорқыт күндіз-түні қобыз тартып өліммен алысыпты. Көп замандардан кейін қалжыраған Қорқыт қалғып кеткенде, оны аңдумен жүрген ажал қайрақ жылан күйінде жорғалап келіп, шағып өлтіріпті.
Бұл аңызбен халық екі нәрсе айтқысы келген. Оның бірі –творчество туындысының мәңгілігі. Қорқыт тартқан күйге адам түгіл, жан-жануарлар ұйып қалады. Қобыздың екі ішегі сарнағанда, аспанда қанатын жазып құс та ұша алмайды, жерде бауырын жазып аң да жорта алмайды. Ол – ол ма, құлағы бар аңдар мен құстар былай тұрсын, өлі табиғаттың өзі елітіп тыңдайды. Тіпті қоймалжың Сыр ағысын тоқтатып, ылайлы суын көздің жасындай мөп-мөлдір ғып тамшылатып қояды. Аңыздың осы астарына көбірек көңіл аударған адам өнердің, творчествоның кереметтей сиқырлы күшін паш еткен оданы оқиды.
Аңыздың екінші айтары – Қорқыттың революционерлігі. Революционер – біздің тап қазіргі сәттегі ұғымымызда әділетсіздікке қарсы күрескер. Ал өлім мен өмірдің күресі әділетсіздік күрес. Ақыр-түбінде міндетті түрде өлімнің жеңісімен аяқталатын күрес. Қорқыт революционер ретінде соған қарсы шықты. Ол турасында академик Х. Жұмалиевтің тұжырымы дұрыс. Ғалым ілгеріректе былай деген: “Қорқыт аңызының мәні терең. Мұнда өлімнің сөзсіз екенін, адам үйде болсын, түзде болсын, қай күні болсын өлуі хақ нәрсе екендігін, тек шындығын ғана ашып қоймайды, соған қарсы шара іздейді. Адам баласы өзінің даму жолында өлімге де қарсы шаралар қарастырып, одан құтылу әрекетін жасаса, өлімді қашырса, адамға ажал кәрі жоламайтын болса деген тілекті аңсаудан келіп “Қорқыт” деген аңыз туды… Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың бірнеше уақыттар ажалды жолатпауы жай айтыла салған нәрсе емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық” /Қазақ әдебиеті. Оқулық. – 48 б./.
Халықтың осы арманын жүзеге асыру жолында қазірде медицина ғылымы жан-жақты, жемісті зерттеу жұмыстарын жүргізуде. “Адам ұзақ өмір сүруі мүмкін бе? Менің байламым: иә, мүмкін. Тіпті міндетті. Ал мәңгі өлмеуі мүмкін бе? Былай қарағанда, дәйексіз сұрақ сияқты. Бірақ соншама дәйексіз бе?” /Литературная газета. – 1968. – 7 желтоқсан/ дегендей сұрақ қояды Белоруссия Ғылым академиясының академигі В. Купревич. Ғалымның өзі осылай деп жатқаны – шамасы, Қорқыттың “көтерген мәселесінің” пәлендей негізсіз болмағаны.
Қорқыттың “медициналық ізденіс-эксперименті” хақында академик Ә. Марғұлан: “Жас Қорқыттың фәлсафалық ойы – бір ғана ажалға ем іздеу, оған бас имей, құтылуды үміт ету. Ол адамға өлмейтін өмір іздейді, бақытты тұрмысты, адам өмірінің ұзақ болуын тілейді… Қорқыттың бұл фәлсафасы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі болып суреттеледі… Қорқыт фәлсафасы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді”,– деп аңыздарымыздың ата қаһарманы – Қорқыттың алға қойған фантастикалық міндет-жүктемесін айқындап, саралай түскен” /Ежелгі жыр, аңыздар. – 204 б./.
Бұл идеяға А.Н. Белозерский атындағы Ресей физикалық-химиялық биология ғылыми-зерттеу институтының директоры, РFА академигі Владимир Скулачев қостау білдіреді. “Қазірде биологияның қауырт даму қарқыны сонша, егер мәңгілік өмір болмағанмен, оны бірнеше есе ұзарту мүмкіндігі шынында да тууы мүмкін” /Труд –7. – 2002. – 14 ақпан/,– дейді. Демек, бұл да Қорқыт аңсаған “проблемаға” нақтылы ғылым потенциалының жақындағаны, яғни айтқанда, қазақ о бастан-ақ өлімсіз тірлікті құр-босқа қиялдамағанын дәлелдесе керек. Оны жоғарыдағы дәйектеме келтірілген сұхбаттың “Мәңгілік өмір құпиясы бүгін кешкісін ашылады”, – деп берілген тақырыбы да әсірелей түсетіні хақ.
Осы саладағы медициналық шаралардың алғашқы нәтижесі есепті геронтология ғылымы өсіп келеді. Геронтология – адам жасын ұзарту шараларымен айналысатын ғылым. Бүгін ғалымдар адамның өмір жасын ұзарту үшін құрғақ теориядан тура тәжірибе жасауға көшіп отыр екен. Енді күні ертең ғалымдар Қорқыттың жолын қумас па? Бұл екеулерінің арасындағы айырмашылық тек қана қолданар амалында болуы мүмкін: Қорқыт ажалмен айқасса, өнерді ту ғып көтеріп кіреді, ал қазіргі ғалымдар қолда бар нақты ғылым жаңалықтарын пайдаланады.
Аңызға айналған, өмірде болған тағы бір тұлғаны білеміз. Ол – Асан қайғы. Ол өзінің жырларымен әлеуметтік қиялды жасаса, оның халық арасына кең тараған образын ӘФ сомдаған. “Асан қайғының Жерұйықты іздегені” деген аңызда Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, “Жерұйық” дейтін ну орманды, көкорай шалғынды, сулы жер, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” қоныс іздейді. “Елді сол жерге қоныстандырсам”, – деп арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да баға беріп отырады.
Асан қайғының бізге ұнайтыны да – осындай жерді іздеуі. Ол жер – баяғыда өмірден өтіп кеткен Асан ата түгіл, қазіргі біз үшін де қымбат жер. “Ежелгі ел қонысымен байланысты ғажайып қияли аңыздардың бірі – “Өтукен”, “Ергене-көң” туралы аңыздарда аталатын шүйгін қоныс, жау келсе – кіре алмайтын берік тау ішіндегі қамалдар, – дейді филология ғылымының докторы Х. Сүйіншалиев. – “Жиделі-Байсын” мен “Жерұйық” туралы ертегі, жыр-аңыздар да сол асыл арманан туған. Асан қайғы туралы сан алуан аңыздардың да көбі осы халықтың абзал арман, асыл тілегімен ұштасып жатады” /Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. – 253 б./. Халық творчествосы Асан қайғы бейнесімен бізге бір кездегі қара сөз өнерімен кестеленген әлеуметтік фантастиканың үлгісін жеткізіп беріп отыр.
Асан қайғының іздеп жүрген жері шалқалап жатып алып, аузыңды ашсаң – тамақ түсе беретін “жұмақ” елі емес. Ал, оны іздеуші еңбекке қыры жоқ, жалқау кісі емес. Оның жаһан кезуі – бунт. Жеке бас адамның “құдай салды – мен көндім” деп, Хақ-тағаланың тілеуін тілеп, мойнына қамытты сүйретіп жүре бермей, тағдыр-тауқыметке қарсы бас көтеруі. Табиғаттың жасырын құпиясын тінткілеп іздеуі.
Қазіргі қазақ прозасындағы ӘФ хақында сөз қозғамақ бола отырып, ауыз әдебиетіне жеке тоқтағандағы мақсат не? Оны немен ақтауға болады? Оның дәлелі жалғыз-ақ сөз: бүгінгі фантастикалық әдебиетіміз – кешегі фольклордың жалғасы. Қазірде біз ертедегі космогонияны, роботтар тірлігін, өлімсіз өмір… тағы-тағылар туралы фантастикалық шығармалар жазып жатсақ, қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жанрдың негізін салдық деп ойламайық.
“Бүгініміз бен ертеңіміз турасында сөз қозғасақ, кешегімізді ұмытпайық” дегенді баяғыдан бері талай ғұламалар айтқан. Бұл –өсетін елдің әдемі дәстүріне айналған нәрсе. Біз ол ғұламалардың айтқанын тізе бермей, тек қана фантастикаға қатысы бар бірді-екілі тарихи тұлғалардың пікірін келтіру қажеттілік қылады деп білеміз. Мысалы: уникум оқымысты Әлкей Марғұлан осы кешегі қазынамыздың ертеңі турасында мынадай бұлжымас, постулатқа бергісіз дәйектеме айтып кеткен. Академик “қазақ халқына көп ғасырдан бергі мұра боп келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны ертегіге айналған терең мифтерді, жан күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын, фәлсәфалық қария сөздерін тереңнен алып қарасақ, онда бүкіл дүние мәдениетіне қосылатын бір үлкен сәуелетті сыр бар екені көрінеді. Бұл жойқын шығармалардың ту баста келіп шығуының өзі – бір жарқын дүние. Оны ең алғаш келістіре шығарған елдер ерлік дәуірін басынан кешірген” /Ежелгі жыр, аңыздар. – 5 б./ феномендер екенін баса баяндайды.
Аталмыш дәйектеме осыдан жарты ғасырға жуық ертеде айтылса, жақын арада “Мешеу атқыш, немесе Провинциалдың қанаты”, “Бес “емес” жалғаулы адам, немесе Ақжүрек кісінің өсиеті” атты қызықты ертегі-повестердің авторы – ақын Вадим Шефнер: “Мен “фантастика” деген сөзді ҒФ емес, тура “фантазия” деген қиял-ғажайып, тамаша нәрселер тудыра алу мүмкіндігі, кейде тіпті қарапайым кейіпкерлерді ерекше жағдайға түсіру ұғымы деп білемін”,– деп тұжырымдайды.
Әдеби ой-пікірдің алыбы А.В. Луначарский: “Тамаша утопиялық романдар біздің елімізде жазылатын болады және оның таяу уақытта жасалатынына басымды кесіп беруге дейін бәстесе аламын. Оның үстіне біз сол утопияның жүзеге асуы үшін күш саламыз”,– деген-ді. Бұл – сыншының, философтың 1929 жылғы сөзі. Ал бұдан көш бұрын қазақ топырағында роман болмағанмен де, прозаның онан кішірек этюд, эссе, новелла түрлері туа бастады. Мұны ерекшелеп айтып отырғанымыз: бұған дейін қазақ әдебиеті арман, қиялын, әлеуметтік, философиялық фантастикасын поэзия тілімен ғана айтып беріп жүрген болатын.
ӘФ, яғни қиялдағыдай бақытты қоғам құру турасындағы прозалық шығармалар жасауға алғаш қалам тартқандардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Оның 1917 жылы жазылған “Жұбату” деген шағын дүниесі бар. Өз кезінде оның сырт түріне қарап, нендей шығарма екеніне автордың көңіл аудармауы да мүмкін. Немесе ол тұста қазіргідей ӘФ жан-жақты бағытта және тереңдей өркендемегендіктен де болар. Ал, қазір біз оны “фантастикалық этюд” деп айта аламыз. Себебі: ол ӘФ этюд түрінде қойылатын талап-тілекті толық өтеп шыға алады.
“Май айы. Таң алды…”– деп басталады “Жұбату”. Шығарма қаһарманы далада жүріп келе жатады. Келе жатып, жол үстінде бір жылаған дауыс есітеді. Қасына барып байқаса: жылап отырған қыз екен.
Әрине, мұндай баяндау – әдетте қарапайым прозаның әдісі. Дегенмен, қазіргі фантастиканың өзінде де уақиға өрбуіне осылай бару жолы жоққа шығарылмайды. Ал, біздің жұрттың басты назарын аударғымыз келетін жері мынау: “Қарындасым, шерлі қарындасым, Мүсілимажан! Жылама, тый көзіңнің жасын. Өтер қайғылы қара түн! Міне, рауандаған таң белгісі. Ашылар бақытың. Зұлмат қара түнді қуып, жарқырап таң атар! Дүниеге алтын нұрын шашып, жер-көкті шаттандырып қарсы алдыңнан күн шығар! Міне, ақырындап ескен, беттен сүйген майда жел. Бұл – таң хабаршысы! Бұл – бақыт хабаршысы. Міне, жарқырап атып келе атқан ерік таңы… Міне, бұл – бақыт таңы, қара алдыңа, күтіп ал бақытыңды”. Автор: “Өтер қайғылы қара түн! Міне, рауандаған таң белгісі. Ашылар бақытың”,– дейді. Бұл – романтика емес, символикамен берілген фантастика, утопия елін болжалдаған қиял.
Сәбит Мұқановтың “Түсіме” атты әңгімесі де осы сарындас. Автордың айтуынша, шығарманың ішінде баспасөзде тұңғыш көрінген әңгімесі болса керек. Ол былай басталады: “Кешкі ұйқыға жаттым да, әлдене ойлардың шырмауында ұйықтап кеттім… Түс көрдім: қыстың қарауытқан кезі екен деймін. Біздің арамызға әлдеқайдан ақсақал келіпті. Жұрт оны “кітап көтеріп, ғайыпты болжайды деп жүрісті”. Әңгіме айтушы оған барып: “Маған кітап ашып, болашақ тағдырымды болжап беріңізші!” – дейді. Сонда ақсақал:
“Тез арада жаз болады (ол уақытта жаз біздің жерде болмайды екен деймін), ағаштың арасында күннің көзі түспейтін көлеңкеде қар қалды, егер күн көзіне шығарып ерітпесеңдер, ызғары өкпелеріңді қабындырады,– деді. …Аз күн өткеннен кейін батыстан жылы самал соқты да, қар бұрқан-тарқан еріді…” Арада біраз жыл өткеннен кейін көрші ауылға біреу келіп, мынандай ән салады: “Айырылып қыс ызғардан, қанды селден,// Халықсың өліп-талып жазға келген.// Азғырып әлі дағы кей әзәзіл,// Сендерді ада қылмақ жазғы күннен”.
Бұл әлгідегі ақсақалдың шәкірті екен. “Ғайыпты болжағыш” ақсақалдың шәкірті шыққан жаздың баянды болатынын айтады. Мұңдағы маңызды нәрсе – “қаншама жүздеген жылдардан бері аңсап келіп, ақырында қол жеткен утопия-қоғамның келешегі қандай болар екен?” деген сұраққа жауап қарастыру.
Ольга Берггольц “Күндізгі жұлдыздар” атты кітабында мынандай бір әңгіме келтіреді. Кеңес Одағын жаппай электрлендіру жөніндегі ГОЭЛРО жоспарына жазылған алғы сөзінің сол жағына келешек ұрпақ туралы пікірінің үстіне Глеб Максимилианович Кржижановский: “Болашақ адамын жақсы көріп, оған қызыққаннан: “Сол келешекке көзімнің қиығын бір салып өтсем”, деген сөз жазып жылап жіберген көрінеді”, деп жазған. Осы мысал С. Сейфуллин мен С. Мұқановтың әлгі әңгімелерімен кіндіктес жатыр, солардың идеяларын ілгері жылжытып, ұластырып жатыр.
Жиделібайсынды аңсаған елдің арман, қиялын қағаздың бетіне түсіре білген қазақ жазушыларының туындыларындағы ӘФ сарындарын бір жүйеге түсіріп, пікір айту үстінде тағы бір туындыдан үзінді келтірмек ойдамыз. Ол С. Мұқановтың “Сырдария” романынан алынды. Романның “Шындық қиял” аталатын сегізінші тарауында мынандай диалог бар: “– Сіздің Сыр бойының барлық адамы да маған романтик көрінеді,– деді Байжан жимиып, – кіммен сөйлесе кетсең де, бұл өлкенің болашағы туралы тұнып тұрған қиял. – Қиял дейсің бе? Шындыққа негізделген қиял емес пе бұл?… Бұл романтика емес, болашаққа берік сенім!..”.
Бұл – бүгінгі күнді місе тұтпай, тек қана әр адымын келешекпен өлшеуге бейімделген қазақ халқы үшін символ болатын сөз. Болашақ өткен тарихтың қорытындысы іспетті. Ал тарихтағы үлкен бір тарау – халық арманы – турасындағы ойларымыздың ақырында біздің жарқын келешегіміз тек қуанышқа толы болуға тиіс екендігіне сенгің келеді.
Фантастикаға жұрт ерігіп, “қарап отырғанымша, бос уақытымда ермек қыла отырайын” деп келмейді. Фантастика ондайлардың қол жаулығы бола алмайды. Оның үстіне ӘФ-да бүгінгі шындық өміріміздің, тап қазіргі заманның, көмескі болса да, ен таңбасын ұшырастырады. Осы ғұрыптас пікірді фантастикалық әдебиет теориясын зерттеуші Ю. Кагарлицкий де берік ұстайды. “ Мұнда,– деп жазады ол, – бүгінгі шындықтан қашушылар келмейді. Мұнда сол шындықты түсінуге ұмтылушылар келеді”. Фантастика әдебиетін зерттеуші оқымыстының осы дәйекті пікіріне біздің І. Жансүгіров сонау 30-шы жылдарда-ақ келген сияқты. Жазушының “Социализм болғанда ауыл қандай болады” деген қиял әңгімесі соған дәлел бола алады. Шығарманы 30-шы жылдардағы Қазақстанның жағдайына қанық адамның жазғаны көрініп тұр. Суреткер осы тұстағы өмір-тұрмысының кескін-келбетін ойып алып, ӘФ-ның призмасына салып қараған. Соның арқасында аталмыш жанр санатына ойдағыдай бір туынды келіп қосылды. Әңгімеде үш позицияны қолдайтын үш кейіпкер бар. Олардың алғашқы екеуінің қиялы түс түрінде беріледі. Ал үшіншісінің арманы нақтылы мүмкіндіктерден өрбіп жатады, тиянақты есепке сүйенеді.
Бірінші кейіпкер – ұлтшыл Оңшылбаев. Оның түсіне социализм кезіндегі қазақ енеді. Қазақ елін кейіпкер түйеге артылған көш есебінде көрінеді. “Әр түйенің үстіне – радиомачта. Өгіздерге теңделген почта. Әр түйенің басына ақ қаңылтырдан шляпа кигізген. Ол шляпалардың маңдайына: “Кооперация – социализм көпірі” деп жазылған… Бұл колхоздың көшпелі кооперативі екен… Колхоз жігіттері сабаны күрп-күрп піседі. Тегештерге термелеп жазған үгіттер, ұрандар. Әне, бесбармақты бітірген колхоз ақсақалдары кекірісті, қарындарын сипасты. Сақалдарды сипап, қарқ-қарқ күлісті. “Шақшаны шығарыңдар, жолдастар!” деді жуантық колхоз бастығы. Біреу шақша шығарды; шақшаның алдын маған ұсынды: “Асыл тұқымды колхоз серкесі еді, алыңыз!” – дейді. Шақшаны алып үңіле қарадым. Меруерттей жылт-жылт еткен қара мүйіз, алтынмен жиектеп, күміспен қақпақталып тасталыпты. Колхоз ауылының суретін салып: “Жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер!", деп жазып қойыпты…" Міне, бұл – “социализм” деген жетпіс жыл қастерлеп келген ұғымымызға сол кезде-ақ үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кереғар позициядағы адамның көрген түсі.
Шовинист, оппортунист Солшылбаевтың түсі бұған қайшы түсіп жатады: "Осы Қазақстан. Даланы темір жолдар шырмап алыпты. Әр жерден қалың қала түсіпті. Әрине, қалада қазақ көрінбейді. Қаланың бәрі европалықтар; қаладан шыққан соң-ақ қазақты даладан көрем. Әр жерде шашылып отырған шаруа ауылдар. Мектеп, кооператив, соншасы – бәрі де көшпелі. Парталарды түйеге шығарып қойып, балалар соның үстінде оқып отыр… Құмның, тастың - бәрі де 100 процент колхоздасқан екен. Мекеменің бәрі де көпшелі, жималы. Жиылыстар көш жөнекей өте береді. Докладшылар түйенің үстінде сөйлей береді… Баяндама екі тілде болады. Перевод істеліп тұрады… Қазақстан ықыласы тәуір: қатынас қағазды ауылға орысша жазып жібереді, қазақ газетінен көрі орыс газетін оқиды; қазақша жазуды, оқуды тіпті намыс көретін де жоқ емес екен деймін…"
Шовинист Солшылбаев социализмді осылай, өз тұрғысынан көргісі келеді. Шынында осы тәріздес пікірлер Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында бой көрсетіп қалып жүргені рас. Ал сондай бұралқы теориясы сымақтарға соққы беру үшін І.Жансүгіров өз әңгімесінде үшінші кейіпкерді – қиялшыл Большевиктеровты қарсы қояды. Мұның болжаған келешегі – қазақ жерінің нақтылы байлығын, экономикалық потенциалын, халық санасының, білім алғыштық қабілеті бар кейіпкерінің ойы емес, бұл – автордың қиялы. "Қазақ даласы. – Даланың бет-аузын темір жолдың торы шырмаған, – дейді үшінші кейіпкер. – Күні-түні ақырып келіп, кетіп жатқан поездар. Қазақстан көлдерін керіп кеткен кемелер. Өзендерден цементтеп бұрып кеткен тоғандар, арықтар. Балқаш – егін жайы. Қала, колхоз, совхоз… Көкті қапқан завод, фабрик мұржалары. Бұларда қайнаған қазақ жұмысшылары, инженерлері, техниктері. Ойды-қырды көмген электр. Далада күн батпайды, қыр жап-жарық… Мал тұқымы асылданған, сапасы дұрысталған. Сүті де, жүні де, еті де өнімді. Малдың жемі дәмді, сықпа жем, қоспа, сүр шөп. Сиырлар – ағып тұрған сүт бұлағы. Колхоз, совхоздар сиырды сауады… Биелерді электрдің тогы күрпілдетіп бітеу көнектерге сауып тұр. Бірнеше минутта мың бие сауады, сауылған сүт кранмен бұлақша атқып, қымызын сауытқа құйып жатыр… Әне – кеңмайдан. Спорт майданы: жүздеген колхоз жастары сонда. Алаңда керулі экранда жүріп жатқан жанды сурет. Италия операларын Балқаш жағасынан тыңдайсыз… Міне, болашақтағы "колхоз ауыл" деп, осы сияқтыны айтамыз. Күндердің күнінде ауыл осылай болады". Большевиктеровтың сөздерінен үзіндіні біздің көбірек алуымызда себеп бар. Сонау 1932 жылы жазылған шығармадағы идеяларымен жазушы ӘФ-ға барады…
Осы тәріздес І. Жансүгіровтың даналық көрегендігі арқасында ӘФ ұзамай жүзеге асатын ғылыми фантастикаға ұласып кеткен. Сол Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ әдебиетінде дүниеге келген шығармалардың ішінде осыншама ғылыми дәлдікпен жазылғаны жоқ деуге болар. Бұл – қазақ ӘФ-сы үшін мақтанаралық факт. Ұлы ақынның алғаш жол салып бергені – мақтанаралық ақиқат.
Қазан төңкерісі дүние жүзілік тұңғыш социалистік мемлекет орнатты дегеннен кейін қазақ: "Міне, енді талай ғасырдан бері Асан қайғы, Қорқыт аңсаған армандар жүзеге асты. Енді болдық-толдық", – деп, қол қусырып қарап отырған жоқ. Айналасында сарқылдап қайнап жатқан жаңа өмірді сын көзімен қарап, барлады. Қарап қана қоймады. Сол заманға сай қимыл, өмір енгізген өзгеріс, жаңалықтар негізінде онан да әріні армандауға бет қойды. Біз талдап отырған дәуірдегі сол арман, қиял батылдығына, ұшқырлығына, тапқырлығына, оптимистігіне таңданасыз. Таңғажайып қаласыз.
Халық болғандықтан, адам болғандықтан, әрине, олардың ішінде күйкі, мещандық тірлікті аңсайтындар да табылады. Алайда ондайларды арманшыл халықтың жазушылары өткір қаламдарымен өкпесінен түйреп, жауырынынан асырып лақтырып бір-ақ тастап отырады. Соның бір мысалына "Бақ әдісі" деген І. Жансүгіровтың әңгімесін алайық.
Ондағы бір кейіпкердің "асқақ" арманы мынау: "Біреуі – Ревком, біреуі – Волком, біреуі – комиссия болып, мен қатарлының бәрі де іске ілініп кетті. Менде түк бақ жоқ. Бірақ, ой көп. Ертеңнен кешке дейін ойлаймын. Қолыма бір мылтық тисе, шашымның жартысын ғана қырықтырып, күжілдетіп, лау мініп кетсем бе екен деймін. "Нарсуд" болып алып, есігімнің алдын кісіге қара құрым топыр қылсам ба екен деймін. Кейде ел ішінен гөрі қалаға барып үлкен бұйрықтарға "Төлембаев" деп қол қойып, фамилиямды жан-жаққа білгізгім келіп қояды. Кей уақыттарды "апыр-ау, осы Райсоюзға кіріп алсам, ауқаттанып, расход айырар ма едім" деймін. Ой көп… Бірақ, түк сәті болмайды…".
Рас, осы “Т” – “Бақ әдісі” – сатираның еншісіндегі шығарма. Дегенмен, бұл әңгіме әлеуметтік-фантастикалық әдебиеттің жоғын жоқтап, жыртысын жыртып тұр ғой. "Социалистік реализмнің фантастикасында мұндай күйкі тірлік болмауы тиіс" деген пікір тіпті жоқ. Оған дәлел – қазақ жазба әдебиетіндегі ӘФ-ның алғашқы дәуірінде туған дүниелер.
Адам – қоғамның атомы. Қоғам – адаммен қоғам. Ал, әрбір қоғамның өзінің талпынатын биік шыңы, қиялдайтын межесі, армандайтын “бақыт орбитасы” болса керек. Сол арманына басқа адамдардың арқасында ғана қолы жетуі мүмкін. "Өйтпеген кезде" деп күдіктеніп отырған сөзіміздің жаны бар.
Қазірдің өзінде бірсыпыра мемлекеттерде кісіні өлі табиғаттан жоғары қоюдың өзіне де сезіктенушілер жиі үн қатуда. Мысалы: неміс дәрігері, социолог И. Бодамер мынандай ой білдіреді: "Техника жасаумен бірге адам өзі үшін екінші, қолдан қоғам жасады. Тек өздерінің заңын ғана мойындайтын ол қоғамға адам қалаған кезінде бұйрығын мойындатуға күші келе бермейді" /Литературная газета. – 1969. – 7 наурыз/. Францияның публицисі Пьеретта Сартен мұны бас шұлғып құптай түседі: "…Ол (адам. – А.-Х. М.) роботқа айналуға тиіс. Ол енді өзі жасаған өнертабысына қарсы тұріп, қол көтере алмайды, себебі: өзінің қаруынан айырылып қалады" /Литературная газета. – 1968. – 1 қаңтар/. "Төңірегіміздегі табиғатқа билігімізді неғұрлым көбірек жүргізген сайын адамның қасиеті өздігінен одан әрі байи түспейді. Керісінше, дүниенің көптеген жерлерінде индустрияландырудың шапшаң жүргізілуі нәтижесінде әлеуметтік жабайылықтың түр-түрі пайда болуда" /Литературная газета. – 1968. – 10 қазан/, – деп америкалық социолог Эрик Хоффердің зәре-құты қалмайды.
Осы тәріздес келешектен үрейленушілік, сары уайымға салынушылық әне жер, міне жерден жиілеп көрініп келе жатқандықтан болар, орыс фантастикасының көзі тірісінде-ақ ұлы қиялгер-жазушысы саналған И. Ефремов өзінің "Алмастың жүзі" романының бір бас қаһарманының аузына мынандай сөз салады: "Адамның жақсы қасиеттеріне тіксіне қараудың ақыры оның өз қабілеті мен күшіне күдіктенуге апарып соқтырады, ал, осы қауіп өркениеттің алапат қарқынына шыдай алмай, адам шыңырауға құлап түседі деген үрейге, күйректікке тірейді". Ал, қиялгердің өзінің басқа да шығармаларында жағымды кейіпкерлер түгелдей рухани ірі тұлға болып келеді. А.Р. Палейдің "Планета кеңістігінде" атты романына жазған алғы сөзінде И. Ефремов әлгі пікіріне беріктігін тағы былай деп көрсетеді: "Ақыр-соңында кез келген планета болуы мүмкін, бірақ ең маңыздысы – онда тіршілік ететін болашақ адамдары".
Бұл пікірлер фантастикаға, қала берді нақтылы ғылымға тура қатысы бар адамның әдебиетке деген өзінің принципті, творчестволық позициясын білдірген ойларынан келтіріліп отыр. Мұның сыртында: "Мен үшін адам – мейлі, ол ауыр жарақаттанып немесе өлім аузында жатсын – әрқашан да жеңімпаз", – деген М. Горький бар. Мұның сыртында: "Адам тек қана бас сауғалап аман қалмайды, оның жеңіп шығатынына мен сенемін", – деген америкалық классик прозашы У. Фолкнер бар. "Адамның қабылеті қандай екенін, оның қолынан не келетінін білу – мен үшін әр уақытта да ғанибет. Ол Айға бара алады, одан да алысқа бара алады", – деп 1969 жылдың 11 сәуірінде ғана "Литературная газетада" италиялық ұлы ертегіші Джанни Родари жазып еді, 20 шілдеде америкалық астронавтар Нейл Армстронг пен Эдвин Олдрин Айға қонып та үлгірді.
Демек, қандай бір қоғам болмасын, ең әуелі адамын қадірлесін, адамын қастерлесін. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиоманы қазақ әдебиетінде өткен ғасырымыздың елең-алаңында еңбек еткен саңлақтардан қазіргі күнгі түбіт иек жастарға дейін жақсы түсінген сияқты. Жалпы әлеуметтік қоғамның ақиқат та бекзаттық бейнесін жасау – "адамтану" боп табылатын әдебиеттің бағзы-баяғыдан осы күнге дейін айналып келіп соға беретін түп қазығы. Себебі: шындап келгенде, "адамның шынайы тарихын жазатын тарихшы емес, художник" екенін талай айтқан М. Горький. Өнер қайраткері боп саналатын не қылқалам шебері, не құлақ құрышын қандыратын сазгері, не көркем сөз зергері – жазушы болсын, олардың шығармашылық өрісі, бәрінен бұрын, әр уақытта Адамды өзінің басты нысанасында ұстауы тиіс екені – ежелден келе жатқан, мүрі таймаған қағида. Сондықтан да, “Әдебиетіміздің ең үлкен саласы” тақырыпты мақаласында академик С. Қирабаев айтпақшы, "өткен дәуірдегі таңдаулы ақыл иелерінің бәрі жан-жақты үйлесімді дамыған адам жайлы, мұрат-мақсаты мен өмірлік тәжірибесі біртұтас, дүниеге көзқарасы мен дүние сезінуі біте қайнасқан кейіпкер жайлы арман етті" /Социалистік Қазақстан. – 1969. – 30 наурыз/. Осы заманғы біздің әдебиетіміз де сол мақсатты көздейді.
Академик М. Қаратаев ол мақсатты былай пайымдаған-ды: "…Біздің әдебиетіміздегі гуманизм адамның бойындағы даралық өресі биік моральдық небір таза, нағыз адамгершілік қасиеттерге сүйіспеншілікпен қарауды, сонымен қабат адамды бұзатын, көріксіз ететін залалды нәрселердің барлығына төзбеуді талап етеді. Әдебиеттегі гуманизмнің пафосы – барлық шынайы көркем, тамаша нәрсені көріп, баянды ете, мадақтай білуде…” /Шеберлік шыңына. – Алматы: Жазушы, 1996. – 126 б./.
ӘФ-ны сол ұшан-теңіз шалқыған әдебиеттің бір шаңырағы деп білсек, осы міндет мұның да мойнына артылады. Оның да бұрыс деп тапса – даттайтыны, көзіне шұқып айтатыны – адам. Қиялгер-жазушы Келешек Адамын суреттегенде, ол, Келешек Адамы, жағымды болуы да, жағымсыз болуы да мүмкін. Демек, осы жерде ӘФ кәдімгі әдебиетке тән әдістердің “бес қаруын” түгел асынып алады.
Алайда бір есекеретін нәрсе бар. Біз болашаққа не үшін талпынамыз? Біздің күнделікті тым жақсы игілігімізге жарайтын дүниелеріміздің өзіне місе тұтпайтынымыз не? Бұған басты себеп – келешекте мұнан да артық құндылықтардың туатынына сеніміміздің беріктігі. Адамзат өз алдындағы ертеңгі күнді армандамаса, онда игілікті істер күтіп тұрғанына сенбесе, келешекке, прогреске ұмтылмаған болар еді.
“Өмір-бақи еш нәрсеге көрген жоқпыз біз қанып, // Мен байысам, ол байыса, көрген жоқсыз Сіз қалып.//Бірімізді Құдай қылып,// Адам қылса Құдайды,// Ал бәріміз сол адамға қарар едік қызғанып!” – деген Қадір Мырза Әлидің өлең жолдары бар. Мұнда ақын тапқан-таянған тиын-тебенін көк жамбасқа басып жатып алатындай байлықты айтып отырған жоқ. Бұл – адамның табиғатына біткен әдемі қасиет – қолы жеткен нәрсесімен тоқмейілсіп қалмауды қастерлеушілік. Байқайсыз ба, тіпті Құдай болып алса да, адам онысын місе тұтпайды ғой! Міне, осы Адамның жақсы қасиетінің ең бір толық көрініс табатын жері әлеуметтік-фантастикалық әдебиет – қиял әдебиеті.
Бұл мақсат – өте қиын мақсат. Адамдықтың, кісіліктің идеалын бір қаһарманның мойнына сиғызу өте ауыр, батпан жүк екендігін бізге дейін өмір сүрген мықты деген әрбір қаламгер мойындап кеткен. Тіпті адам психологиясын бүге-шігесіне дейін жақсы білетін, оның үстіне зор суреткерлік шеберлігін танытқан Ф.М.Достоевскийдің өзі: "Мінсіз тамаша адамды бейнелеуден асқан дүние жүзінде ең қиямет нәрсе жоқ" /Письма. – М. – Л.:Советский писатель, 1957. – 71 б./, – деген.
Өмір – қыруар бүкпе сұрақтардан тұратын емтихан. Оның сауалдары кейде еленіп ойға келе бермейтіндей жеңіл, оңай болуы мүмкін. Кейде өте күрделі жауап беруді талап ететін ауыр, қиын болуы ғажап емес. Ал Келешек Адамы, Армандағы Қаһарман солардың бәріне де мүдірмей жауап беруі тиіс. Оның, Келешек Адамының, тілінен де, қолынан да іс келетін болсын. Сонда ғана оқырман оны мойындап, үлгі тұтары хақ. Заманымыздың ойлы жазушыларының бірі – Александр Фадеев бір хатында адам концепциясының екі түрін салыстырады. "Ескі гуманизм: "Сенің немен шұғылданып жүргенің – маған бәрі бір, маған керегі сенің адам болғаның", деген. Ал қазіргі гуманизм: Егер сен ештеңені кәсіп етпей, түк тындырмай жүрсең, мың жерден ақылды, адал бола бер, сені адам деп білмеймін, дейді” /За 30 лет. – М.: Советский писатель, 1969. – 220 б./. А.Фадеевтің осы дәйектемесін әлеуметтік-фантастикалық әдебиет те өзінің бағдарламасындай ұғынады. Сондықтан да қазақы әлеуметтік қиял шығармаларының жағымды кейіпкерлері бір жағынан оқыған-тоқығаны көп боп келсе, екінші жағынан сол білімін адамзат бекзаттығының игілігі үшін сарп етуге дайын тұрады.
Әрқашан да творчествосы сарказмсыз болмайтын қазіргі бір ұлы қиялгер-жазушы Станислав Лем осы Адам турасында “Шпигель” журналының тілшісі Ганс-Иоахим Ноак қойған сұраққа берген жауабында қызықты, ел елең етерлік пікір білдіреді. “Егер қажет болса, адам – барлық алты саны да дәл табылған лотореяның ұтысы”,– деп бір қояды. “Өз қылықтарымен адамдар табиғат күштері жасаған кесірліктен де көп апатқа ұрындырды”, – деп біледі. Тағы бір тұста: "Адам – бар болғаны ерекше есі бар маймыл",– деп салады. Бұл – шығармаларын күллі планета мойындаған қиялгердің кезекті бір қиғылығы емес. Бұл – әр түрлі ситуацияда Адамның әр алуан қылық көрсететінін мойындауы. Әлгі А. Фадеев айтқандай, Жер планетасындағы гомо сапиенстің мінезінің күрделілігін айғақтауы.
Адам рухы міндетті түрде “әлеуметтік ұлы мүддеге, ұжымдық рухани проблемаларға осы заман ғылымының озық ойларына, техника жетістіктеріне көз тігеді, ол келешекті барламай отыра алмайды”,– деген чех қиялгер-жазушысы Карел Чапек. Демек, сол барлаудың нәтижесінде түрлі-түрлі жанр үшін қыруар міндеттер қоздап туып жатады.
Солардың бірі турасында орыстың белгілі фантастикатанушысы А.Ф. Бритиков: “Фантастиканың қаншама ерекшелігі болғанымен, оның басты мақсаты – адам. Дәріптей де сынай отырып, үміттендіре де сақтандыра отырып, біздің фантастика қазіргі тарихтың бұралаң кезеңдерінде абай болуға үйрететін Бәймәлімдік жөніндегі әлеуметтік ұстаздық дастанының маңызды тарауын жазу үстінде” /Русский советский научно-фантастический роман. – 354 б./, – дейді.
“Беймәлімдік” дегенді бұл жерде А.Ф. Бритиков шартты түрде алып отыр. Аспаннан екі аяғы салбырап түскен немесе жеті қат жердің астын жарып шыққан Бәймәлімдік жоқ. Ешқандай негізсіз Бәймәлімдік жоқ, болмақ та емес. Ол бүгінгі күнгі шындығымыздан алынған. Шындығымыз болғанда да, оның ең игі жақсысы, тек қана әдемісі қалқып алынған. Сол Бәймәлімдікте тіршілік ететін адамның негізгі қасиеттері қазір қалыптасуы тиіс. Сондықтан да осы заман адамының нағыз асыл қасиеттерін қырлап, сомдап, шыңдай түсу, екінші жағынан Келешек Адамының “негізін қалаудың” басты шарты болып саналады. Егер қазіргі заманымыздың бойынан жылт еткен жағымды қылықты көрсек, оны күш салып жетілдіре түссек, онда Келешек Адамының тағы бір жақсы қасиетін қырландырып, ұштай алдық деп есептеуімізге болады. Ондай ізгілікті істі әлеуметтік қисынды қиял қаруымен жасай аламыз.
Қазіргі адамның Келешек Адамына айналуы турасында белгілі оқымысты Корнелий Зелинскийдің бір айтқаны көңілге қонады. Ол “Әдебиет және келешек адамы” атты мақаласында былай деген-ді: “Келешек адамы жөнінде сөз қозғай отырып, мен шегелей айтқым келетін басты нәрсе – алдағы уақытта оның психологиясы және тіпті физилогиясының өзгеретіні. Қазірде келешек адамына бет бұрған жазушылардың көбі адамды өзгермейтін тұрақтылық, бұлжымайтын мәлімет деп біледі. “Кибернетиканың атасы” Н. Винердің бірде: “прогресс” деген ұғымда шаршағандық элементі бар” деп әзіл айтқан-ды. Біз болашаққа немесе тынығу тілеген үмітімізді, немесе, керісінше, бүгінгі күн талап етіп отырған барлық мағынасындағы ерлік қимылды шегіне жеткізе дамытуды көздеген үмітімізді апарамыз" /В изменяющемся мире. – М.: Советский писатель, 1969. –366 б./.
Осы жерде орыстың оқырман жұртшылыққа кеңінен белгілі қаламгері Даниил Граниннің Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік сыйлыққа ие болған "Найзағайға шабуыл" романынан бір эпизод еске түседі. Романның кейіпкері: "…Мен музыка тыңдамай-ақ ғалым, парасатты адам бола аламын", – дейді. Сонда романның басты қаһарманы – кейбіреулер "келешектен келген адам" деп есептейтін дана оқымысты Данкевич оған былай жауап береді: "Сіз болсаңыз – боларсыз, бірақ қоғам бола алмайды. Сіздіңше, адамның аңнан айырмашылығы неде? Атом энергиясында ма? Телефонда ма? Ал, меніңше, жанында, қиялында, арман-мұратында. Сіз бен біз жердің электр өрісін анықтағанымыздан адам жақсара қоймайды". Міне, адам – сондай. Біз басқадай адамды білмейміз. Мойындамаймыз. Бұл біздің планетамыздың тұрғындары үшін бұлжымайтын аксиома болуы тиіс. Ол уақыттарда бізге солай көрінген-ді…
Алайда қазіргідей қолайсыз жағдайлар туатынын сол кездерде-ақ сезген жіті көз ойшылдар бар екен. Солардың бірі – француз философы Мишель Фуко. Оның қазір өз әріптестерінің арасында жиірек ауызға алынып, сәнге айналып жүрген "Сөздер және заттар" деген кітабы бар. "Гуманитария ғылымдарының археологиясы" деген тақырыпшамен жарық көрген ол шығармадан мынадай сөйлемдерді оқуға болады: "Адам жөнінде, адам билігі мен еркіндігі жөнінде әлі де сөз қозғағысы келгендердің бәріне философиялық күлкімен жауап беруге болады… Теңіз толқындары жағажайдағы өрнектерді қалай шайып жіберсе, адамның да солай құрып кететіне бәс тігуге болады" /Литературная газета. – 1969. – 16 мамыр/. Фуконың кітабы осылай аяқталады.
Бір нәрсеге күмәндану деген – жақсы, қажетті-ақ қасиет. Бірақ, мынадай күдіктену; осыншама түңілу, бүкіл бір планета жаралғаннан бері қарай дамып келген өркениеттің ең маңызды жемісін бекерге шығару ешбір қисынға сыймас. Өзі туып-өскен Жер тұрмақ, Күн жүйесіндегі басқа планеталардың құпиясын ашуға бел байлаған, тек қана бас әріппен жазылуға тиісті Адамның келешегі турасында мұндай кесіп-пішіп, түңілетіндей тұжырым айту – нағыз өмірден баз кешкен жанның қылығы. Мұндай пікірді қолдаушылар жалғыз-жарым болмауы да мүмкін. Көп шығар. Әйтпесе, Фуконың кітабы бестселлерге айналмас еді ғой.
Осы жерде адамгершілікті ту ғып көтерген әдебиетке үлкен жүк артуға керек. Өйткені: академик М. Қаратаев айтқандай, “әдебиеттегі басты нәрсе – жаңа адамның, ертеңгі жарқын қоғам адамының кісілік мұратын орнықтыру екенін есте сақтау керек”. Аталмыш міндет әлеуметтік қиял әдебиетінің де мойнында тұр. Бұдан “фантастикалық әдебиетте адамды жөн-жосықсыз мақтай беру керек” дегендей ой тумасын. Фантастика өзінің жағымсыз кейіпкерін суреттеп, одан оқырманды жеріндіруіне, сабақ алдыруына болады. Ондай шығармалар жалғыз біздің әдебиетіміз емес, шетелдің ӘФ-сында да көптеп кездеседі.
1957 жылдан кейінгі, яғни Мұхтар Әуезовтің фантастикалық “Дос – Бедел дос” пьесасы дүниеге келгеннен бері қарайғы уақыттарда біздің ӘФ-дағы бір қуанатын құбылыс – басты кейіпкеріміздің барлығы бірдей мақтаулы, жағымды болып келе бермейді. Олар сан түрлі. Іштерінде кісі сүйер қылығы жоқ ала аяқтар да, қолынан жауыздықтан басқа ештеңе келмейтін жексұрындар да... бар. Сондай жағымсыз кейіпкерлермен таныса отырып, Н.Г. Чернышевский айтпақшы, “барлық пасық, жаман нәрселерден жиіркенуге, барлық жақсы да асыл заттың әсемдігін түсінуге, ізгілікке, адамгершілікке жататынның бәрін іш тартып, тәуір көруге үйретеміз. Оларды оқи отырып, біздің өзіміз де бұрынғыдан жақсы, мейірбанды, мархабатты боламыз” /Избранные философские сочинения. – Л.: Госполитиздат, 1950. – 463 б./.
Жағымды қаһарман – қашан болса да мақтан тұтылмақ объект. Ол – әр кезде де прогресс, алға ұмтылудың көрсеткіші, айқындағышы, ертеңгі барар дүниемізде өмір сүруге тиісті адамның эталоны, үлгісі. Сондай, қазіргі күнде сыйлауға тұрарлық қаһармандардың бірін бізге Мұхтар Әуезов берді. Ол – “Дос – Бедел дос” пьесасындағы тарих ғылымының докторы, профессор Бедел Бегенович Бегенов.
Бедел Бегеновичтің бейнесін беру үшін классик-жазушы неге драматургияға, оның ішінде драматургиялық қиялға барды? Оның да себебі бар. Мықты қиялгер-жазушы А. Стругацкий айтпақшы: “Кез келген әдебиеттің басты тақырыбы – адам мен қоғам, адам мен әлем. Әрбір адам – тұтас бір дүние және ол заманмен шым-шытырық күрмеліп байланысып жатады. Ғылым өмірге дендеп ене бастағанда, әлгі байланысты шешуге тек фантастиканың ғана әлі келетіндей боп қалды” /Юный техник. – 1997. – № 57 – 14 б./.
“Азиялық орта ғасырдан бүгінгі жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін елу-ақ жыл өмір ішінде өтіп кеткен” Бегеновтың бейнесін бедерлеп беру ниетін тек қана қиял әдісімен жүзеге асыруға болатын еді. Бас қаһарманның әр қоғамдық формацияда қандай күйде болатынын болжалдау үшін тек әлеуметтік-тарихи фантастикалық пьеса керек еді. 3 акт, 5 сурет, прологті бұл туындыны толық мәтіні тұңғыш жарияланған “Қазақ әдебиеті” газетінің редакциясы тарапынан жазылған аннотация былай сипаттайды: “Бұл шығарма – жай шығармалардың бірі емес. Бұл – жарым ғасырда үш формацияны бастан кешкен бір халықтың ақыл-сана тарихы, ар-ұят шежіресі... Үлкен романдардан кейін туған бұл пьеса жай драмалардың бірі емес. Бұл – жарты қарыс томдарға сияр-сыймас замандар, тарихтар шындығын, адамдар тұлғаларын нығыз суреттеп, айнытпай сом жасаған драма, эпопея-драма. Қазақ сахнасына бүгінге дейін үйреншікті ізбен, дағдылы машықпен, ежелгі драматургиялық ережемен, жаттанды үлгімен жазылмаған, тың жүйемен, соны тапқырлықпен, жаңа өнегемен жазылған пьеса” /Қазақ әдебиеті. – 1958. –11 маусым/, – делінген шығарма тұңғыш “Қазақ әдебиетіне” жазылған аннотацияда.
Осы оқшау туынды хақында М. Әуезов шығармашылығының “жілігінің майын шаққан” зерттеуші Р. Нұрғалиевтың тұжырымдамасы дәйекті қисын деп білеміз. Ол мынандай: “...Дос – Бедел дос” пьесасында Әуезов таланты бұрын жұртқа мүлде белгісіз, өзгеше бір күйде, жаңа салада бой көрсетуде. Фантастика бар мұнда. Драматургия тарихында қолданылған әйгілі әдіс. Шекспир Гамлеттің әкесінің аруағын сөйлетеді. “Король Лирде” өріп жүрген албастылар бар; “Дауылдағы” ғаламаттар. Гете лақса болған Фаусты жап-жас жігіт етіп жасартып жібереді. Теңіздей терең идеялар, мұхиттай мол ойлар айту қажет болған шақта қиялда шек жоқ. Драматургияда әлгіндей фантастикалық күйлер пәлендей таңырқатпайды, осы искусствода бола беретін, тіпті қажет шарттылық деп ұғынамыз... Қазақ драматургиясында фантастика әуені ең мол араласқан шығарма “Дос – Бедел дос” дейміз...” /Арқау. 1т. – Алматы: Жазушы, 1991. – 547 б./.
Драматург пьесаның бірінші актісінде Бегеновке Жемали хазрет медресесін бітірткізеді. Екінші актісінде Бедел Учительская семинарияны тауысып, Сарыадыр болысына орысша-қазақша школға учитель болып тағайындалады. Үшінші актіде ол Москва университетін түгеседі. Сондағы автордың мақсаты не?
“Рас, болған тағдыр емес. Өзге бір қоғамдық шартты басқа түсерлік тағдырлар көреді дейік. Бірақ сонда да ондайлық оқшау, шалғай күйлерді неге алдық? Соншалық жат, бөтен, жау жеміт хазірет, болыс, жалаң қылыш пристав неге қажет? Солардың сорлы, күйкі күнә, сұмдығы кімге дәрі?” Беделдің осы сұрағына Тарих: “Оларды біз әдейі алдық. Адамзатты ұжымдық тәрбиемен түзетудің құдіреті қандайлық зор екенін аңдау үшін алдық”, - дегенмен, драматургтың ниеті басқа. Автордың ойы – өз заманынан да биік тұрған оқымыстыны әлеуметтің күйкі тірлігін күйттейтін фантастиканың күшімен әр түрлі ортаға салып, ол қаһарманның характерін сынау. Бас бейненің өмірге көзқарасына, идеалына қарсы тұратын адамдармен күреске салып, оның қаншалықты мықтылығын байқау. Бұл – Ал. Толстой айтқандай, “адам болу үшін емтихан тапсыру”.
Ал характер қақтығысы – бұл шығармадағы күрделі қақтығыс. Беделдің өзімен бірге қоса-ере әр заманда Жаппас жүреді. Осы екеуінің идеологиялық күресі, тартысынан Беделдің сымбаты сомдалып шығады. Әр заманның өзіндік күресі бар, жақсы мен жаманның, прогрессивтік жетік ой мен регрессивтік мешеу ойдың күресі бар. Герберт Уэллстің “Уақыт машинасы” тәріздес, сахнадағы Тарих беті қаншама аударылып түсіп, лезде басқа қайсы бір заманға апарса да, Бедел озық идеяның туын ұстаушы боп шыға береді...
1 актіде “саяси салдақы” Жаппас оны дәрхал хазретке айтам деп қорқытады. “Сені бар махалла халқы алдында масқара етіп беру менің ұжданым талап етер арманым болсын!” дейді. Өз азаматтық, бекзаттық дініне берік Бедел бұдан тайсалмайды. ІІ актіде әлгі Жаппас “Сарыадырға болыс болып барам” деп, қоқан-лоқы көрсетеді. Тағы да үрікпейді Бедел. “Уақыт машинасы” Тарихтың беті үшінші рет аударылып түскенде, осы ғасыр басындағы бір идеялық зұлым тартысқа еніп кетеміз. Оның мағынасын өз заманының сұрқылтайы Жаппастың мына сөзі ашып береді:
“Айтсам, қазақтай түк қасиетті тарихы болмаған елдің тарихын жазам деп әлдеқандай қоқсығы-бықсығын бұлдайтын боласың. Қазақтай халықтың тарихында мақтауға, мадақтауға тұрарлық түк те жоқ. Біз тарихымыз Октябрьден кейін, коммунистік сананың, партиялық жолдың бойында ғана жасалады. Сол болады! Өткеннің бізге түкке керегі жоқ. Біздің революцияның қолдауына тұрарлық адамдар қазақ сияқты азиялық, патриархалдық надан елде болған емес. Қарасы өшкір хандықты мақтайсың ба? Әлде өнерсіз, білімсіз оқымаған көрбала, не бір домбырашыны, өлеңшіні әй пәлі-ай деп өзеурейсің бе? Ондайды мадақтаймын деп жүріп, барып тұрған ұлтшылдық идеализацияға жетесің. Партияға, советке залалды дәріптеушілікке жетесің”.
Дегенмен, аңдатпай жүріп бақайдан шалудан, сырттан келіп пышақ ұрудан аса алмайтын, ашық, жекпе-жек күреске жоқ Жаппас тәріздес бірқыдыру адамсымақтар ұзаққа бармайды. Солармен алыса-жұлыса жүріп, үш қоғамдық формацияны бір басынан өткізген қайсар ғалым-адам өз халқының бірден-бір дұрыс тарихын жазып шығады.
Міне, М. Әуезов өзінің ӘФ мақамында жазылған пьесасында осындай қаһарманның бейнесін жасады. Кейінірек, драматургтың әлгі пьесаның жалғасы, екеуін қосып, дилогия қылмақ ойдағы дүниесінің екінші – “Елу жылдан соң” атты фантастикалық пьесасында барлық саладағы планета табысын паш ететін дүние жүзілік кітаптың Қазақстан хақындағы бөлімін осы қаһарман жазатын болады.
Мұхтар Әуезов ӘФ-ға жол-жөнекей соға кеткен, кездейсоқ келген драматург емес екен. М. Әуезов “Дос – Бедел дос” пьесасында сахнадағы “Уақыт машинасы” іспетті, Тарих бетін парақтап, кейінгі заманға саяхат жасаса, жаңа пьесаның жоспарында сол “Уақыт машинасы” көрерменді алдағы жарты ғасыр келешекке жетелейді.
Ол турасында ҚР ҒА академигi Р. Нұрғалиевке сөз берейік. “Жазушы жоспарына қарағанда, “Дос – Бедел дос” дилогиясының – бірінші, ал мына пьесаның екінші бөлімі “Жарым ғасыр”, “Елу жылдан соң”, “Жарым ғасыр соңында”, “Жарым ғасыр өткен соң”, “2010 жылда” атты варианттары жарыса қатар тұр. Қаһарманға келсек, бәрі де – “Дос – Бедел достағылар” – сол есім, сол адамдар... “Дос – Бедел дос” пьесасында әдейі шарттылыққа барып, бір адам басынан үш бірдей қоғамдық формация кешкендегі тағдыр-талайды суреттеген драматургтің қиялы енді болашақты көрсетуге ұмтылуы – заңды. Әуезов ол үшін фантастикаға қол созған”, – дейді /Сонда. – 549 б./.
Жалпы фантастикалық туындыларға тән ғылым мен техниканың болашақ жетістіктері мұнда да бар. Мысалы: Делдал, Сана, Биби үшеуі адам ойын алыстан оқи алатын аппарат жасап шығарады; Иван Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романындағы геликоптерді осыдан да көруге болады. Алайда бұлардың бәрі – М. Әуезов үшін екінші дәрежелі нәрсе, адам игілігіне жұмсалатын көмекші құрал-сайман ғана. Ал бірінші планда, пьесаның маңдай алдында Адам, Адам психологиясы тұр. Бүл шығармадағы әр кейіпкерді жеке-жеке талдауға мүмкіндік жоқ. Себебі: М. Әуезов оны жазып үлгірмеген. Тек қана жоспарын жасап кеткен...
Пьеса-дилогияның осы жоспар күйінде қалған соңғысына көбірек көңіл бөлгіміз келеді. Ол турасында М. Әуезовтың жиырма томдық шығармалар жинағындағы түсініктемеде: “Автор “Дос – Бедел досқа” жалғастыра дилогия ретінде жазбақ болған екінші пьесаны “Елу жылдан соң” деп атамақ болыпты да, көлемді жоспар жасапты. Пьеса мен жоспарда мол фантазияға өріс беріледі, қазақ өмірінің... келешегі туралы түрлі топшылаулар жасалады; алуан адамдардың мінезі, ісі, пиғылы заманына, жағдайына қарай түрлі-түрлі болатыны туралы, заманның ізгі ниетті адамдарына жала жаба, жармаса жүретін, арам ойдан арылмайтын жандар жайында келелі ойға мезгеулер бар”, – деп пьеса-дилогияның бірінші сыңары жөнінде жазған шығарушылар.
Ал, екінші жартысы хақында мынадай анықтаманы оқимыз: “Дилогияның 1958 жылы “Дос – Бедел дос” деген атпен жарияланған бірінші пьесаның уақиғасы өткен өмірді көрсетуден басталса, екіншісі болашақты баяндауға арналады. Дилогияның соңғысына жазушы “Елу жылдан соң”, “Жарым ғасыр соңында”, “Жарым ғасыр өткен соң”, “Екі мың оныншы жылы” деген аттардың бірін қоймақ болыпты. Бірақ бұл пьесаны жазушы жазып үлгірмеген. Алайда жоспарда айтылмақ уақиға желісіне қарағанда, талай жайға мегзеу бар. Елеулі табысқа жеткен ел өрлеу үстінде екені көрсетілмек... Жаңалық ашқан, ғажайып аппараттар жасаған, өнерімен таңдандырған қауымды қуанышқа бөлеген ғалымдар жайлы сөз болмақ... Аспанда талмай ұзақ үшу, қалаған жерге жаңбыр жауғызу, “күн шуақ жіберудің” тетігі табылады...”.
М. Әуезовтің топшылауынша, пьесада қимыл көрсететін негізгі қаһармандардың ұзын саны – 15. Автор өз жоспарында олардың аттарын тізіп, сайлап қойған. “Дос – Бедел доста” күллі уақиғаны, яғни өткен-кеткен, ел басынан кешкен өмір-тіршілікті шолып өтуде ситуация делбесі толайым Тарихтың уысында болғанын білесіздер. Сахна шымылдығын Тарих беттерінде парақтап, “Уақыт машинасы” рөлін атқарып, шығарма кейіпкерлерін өзінің “патша көңілі” қалаған дәуірден бір-ақ шығарғанының куәгері болғанбыз.
Ал бұл жолы жоспардың прологында автор жағдайды басқа бағытқа бұрып жібереді. Сюжетті тек қана келешекке бағыштап құрады. Бұл тұста Тарих “Уақыт машинасы” қызметін атқарудан қалады. Оның да заңды себебі бар. Өйткені: ол – не дегенмен, Тарих. Өткеннің, артта қалғанның Шежіресі. Енді алғы сапқа Болашақ, Келешек шығуы тиіс. Енді оның жүгін Беделдің өзі көтермек. Бедел “Уақыт машинасы” болмақ.
Ол турасында жоспардың прологынан мынандай жолдарды оқимыз: “Енді Бедел шақырады тағы бір саяхатқа. Тарих таңырқайды. Қандай саяхатқа, бұл білмес қандай заман бар, қандай соны болуы мүмкін? Әсіресе, Тарих білмей, адам білетін қандай сырлы сала тарих бар? Бедел сенімді...” “...Мен сізді өзіңіз кешірген шақтарға шақырамын. Мен болашаққа шақырамын”, дейді... “Бүгін ғана емес – болашаққа басқан адамды, заманды бір сапар бірге шегіп көріп қайтуға шақырар ем”.
...Он бір суреттен тұруға тиіс аталмыш пьесаның тіні (канвасы) елеулі дәрежеде айқын салынған деуге келеді. Бар мәселе прологтағы: “Тарих. Мен болашақты болжаймын. Б. Мен болжайын. Тарих. Болжап көріңіз. Б. Ендеше жүріңіз, алға бастық”, – дегенмен басталып кетеді. Туындыгердің ойынша, алғашқы актідегі күллі қимыл-тірлік Тарих пен Бедел арасындағы: “Көп заман өтті ме? Біз қай болашаққа кеп кезіктік?” деген біріншісінің сұрағына екіншісінің: “Біз елу жылды, жарым ғасырды аттап түстік”, – деген жауабы төңірегіне шоғырланған.
Әрине, фантастикалық дүние болғандықтан онда Жер мен Көктің, яғни біздің планета мен космостың ара қашықтығы оншама ажыратыла бермей, жігі біліне қоймай, көбіне-көп аралас-құралас жүретінін білеміз. Осыдан келіп кейбіреулердің жеңіл-желпі, ұшқары ұғымынша, фантастикалық әдебиеттің екінші баламасы – космос тақырыбына жазылған шығармалар деуі. Рас, космос – фантастиканың ашқан “тыңы”, екінші “қимыл алаңы”. Адам Жер бетіндегі қолға алған шаруасын ойдағыдай атқарып шығуға үлгіре алмай жүргеннің өзінде де космос, ғарыш жөнінде армандаған.
Халық ертегісі Тазша бала құлынын Темірқазықтың ар жағына, Шолпан жұлдызының бер жағына (Жерді місе тұтпай) жайып жіберген жоқ па?.. Ертегілерде осы тәріздес қылықтар жиі бой көрсететіні мәлім. Енді, сонда бұлардың астарында не жатыр? Осындай сарындармен адамдар “ғарыш тыңын” игеруді қиялдаған. Ауыз әдебиетінің сол дәстүрін жазба әдебиетінің жалғастыруы заңды процесс болса керек. Сондықтан да пьесаның алдына қойылып отырған көптеген ғылыми-техникалық проблемаларды шешу үшін автор кезінде өз кейіпкерлерін “қиял қоныс тепкізген” ғарышқа ұшыру ойда болған. Ғарышкері – Гүлжан. Жерде Гүлжанның ұнататын жігіті – Делдалдың жасап шығарған фантастикалық аспабын қыз ғарышта сыннан өткізбек...
“...Жоғары ғылым советінде Гүлжандар, Делдал табысы ақталды, сынаған Гүлжан. “Ырзалығым, алғысым ретінде осы жиын ортасында сүйемін Делдалды” дейді. “Мен де сені космосқа шыққаннан бастап: “Жұлдызым, бақ жұлдызым болдың” дегенмін дейді”. Бұл – толық бола алмай қалған пьесадағы бір тақырып саласы – “махаббат үш бұршы” тақырыбына қатысты жоспар бөлігі.
Осымен қатар автор тікелей ел шаруашылығына, адамзат проблемасына қатысты әңгімелерді қозғауды, көтеруді көздегенін байқаймыз. Мысалы, бесінші суретте: “Ұлы ғылым советі – Хажен, Жекен, Шәріп. Орталықтан хабар алған, асықтырады. Жаңбыр, жер, күншуақ беріп жатады бар құм-шөлге... Есеп – егіс қоры биыл жүз миллиард болмақ, анықтамақ”, – деп жазса, жетінші суретте: “Жаппас, есеп айтады, 1957 жыл урожайный есептеген – аз... Аспан, жер, су қолында емес, ал өздері план жасайды. Және де алам дегенін алады” дейді. “1956 жыл алды, 1957 жыл және алды дейді. Бегенге алған жоқ дейді. Дәлелдеуге дәрмен жоқ”, – дегенді оқимыз. Ал тоғызыншы суреттің нобайында мынандай жолдар бар: “Асан, Жаппастар тек асығыс, бір ғана талап үшін алысуда. Бұрынғының ең зор табысын бүгінгімен салыстыру керек. Сол себепті биылғы, 2010 жыл егісі, табысы қажет... Жаңбыр жіберуді бір мол учаскеге Қызылқұм сұрайды. Соған жаңбыр жібертеді. Арада – талас. Жаппас 1957 жыл есебін теріс шығарған. Және соны құптайды. Астық шыққан, бірақ потеря бәрін жоқ қылған” дейді... Бұл да дау... Талас, достар тартысы...”.
...Осыншама ақиқатында ғарыштық серпін алуға тиіс дүниенің жоспар күйіндегі аяқталуының өзінде кереметтей символ бар. Қайтадан оқып қарайықшы: “Елу жыл бұрын спутниктер болған. Қатынас ретінде Ұланбелде түйе, жылқы көлік еді. Бүгін сол Ұланбел қызы ракетамен Айды айналып ұшып қайтты. Алдынан шыққандар геликоптермен ұшып барысты... Қазір қыз атағы қанат қыз; жарға жоғары мегзер жұлдыз жар болды...”
Әрине, бұл соңғы абзацтан көкейдегі нәрсе кәдімгі оқырманға қапелімде ап-айқын түсінікті бола қоймас. Ол да – заңи нәрсе. Үзінді жалпы жасалған жоспардан алынып отыр ғой. Егер бұлар “ет жамалып, тері жамылса”, қандай дүние туарын білсек қой!..
Келешек Заман – Болашақ Адам – Бүгінгі Әлеуметтік Фантастика Әдебиеті... Осы қиылысуы, жымдасуы сұмдық қиямет-қайым проблеманы қаламының ұшына алу үшін Алып Дарын, Алғыр Даналық, Өлшеусіз Зерде талап етілсе керек. Сол табылған-ды. Амал не, содан “План № 1” ғана қалды ғой!.. Бірақ қандай Жоспар дерсіз!..
Не дегенмен, Даналық – қашан да сиқырлы құбылыс қой. Оның тек қана “тиіп кеткен” жерінің орнына еш мүрі таймайтын із қалары хақ. Кейінгілердің ішіндегі ең есті дегендері ғана сол із, белгі, мегзеуді мұралдата білер...
Демек, бүгінгі Адамды, Ғылым Адамын тағы бір бүйірінен көрсету үшін “Абай жолының” туындыгері қисынды қиялды қалап алған еді. Осы фантастика саласында жасаған адымы сәтті шықты деп сеніммен айта аламыз: оның Бедел Бегеновы – шаршы топта ауыз толтырып айтуға болатын әлеуметтік қиял қаһарманы.
Ұлы Әуезов үлгісін салып беріп кеткен қазақ ғалымының бейнесі басқа туындыларда қалай шықты екен? “Ғылым адам өмірін, - дейді қазірде аты әлемге әйгілі, ұлы кісілер хақында ғұмырнама жазудың хас шебері Андре Моруа,– жақсы жаққа да, жаман жаққа да күрт бұрып әкете алатын біздің заманымызда ғалымның тірлігі, ойының желісі, зерттеуінің маңыздылығы, жұртты қызықтыра алатындығы – әбден табиғи нәрсе” /Неделя. – 1957. – №25. – 9 б./.
Қазақ ӘФ-сының кейінгі даму дәуірінде туған әңгіме, роман, повестердегі басты, шығармадағы шешуші роль атқаратын кейіпкерлер түгелдей ғалымдар болып келетіні сондықтан шығар. Жалпы ғылым жаңалығы, зерттеу нәтижесі жұртшылықты қызықтыруы бар да, жаңалықтардың иелеріне қызығушылық та бар болса керек. Міне, осы екі жақты қызығушылық тоғысқан нүктесінде “әдебиет өнімі” жарық дүниеге келеді. Бірақ та осы қарастырып отырған объектімізді “ӘФ” дегендіктен, оның басты нысанасы – бәрінен бұрын, идея туғызғыш “реакторы” – Адам екені қиялгер жадынан ешқашан шықпауы тиіс.
Осындай сәт турасында “кибернетиканың атасы” Норберт Винер, бақыл боларынан сәл бұрындау, соңғы санаулы күндерінің бірінде “Адам-абсолют” мақаласында: “Біз бұдан былай қарай адамды тындырып жатқан шаруасына қарап бағаламаймыз. Біз оның Кісілігіне баға беруге міндеттіміз” /Зарубежная радиотехника. – 1964. – №17. – 9-10 бб./, – деген-ді.
Екі озық ойлы, ғылым мен мәдениет әлемінде аты қалған қайраткерлердің аталы пікірлері қазақ қиялгерлерінің творчествосынан қолдау табады. Соның бірі – қазақ әлеуметтік қиялындағы барлық күнгейлі және көлеңкелі жағымен әп дегенде көзге ұрып тұратын образдардың бірі – Шоқан Әлімбаевтың “Данышпандық альфасы” повесіндегі Мүсілім Қарағұлов. Медицина профессоры Мүсілім Қарағұловтың інісінен туған бала – Қайсардың бойына қаршадайынан дарын бітеді. Сол баланы профессор Қарағұлов Алматыға алдырады. Дарын иесі-вундеркинд келгеннен кейін ғалымның темпераменті өз еркінен тыс бір оғаш қиянат жасауға итермелейді. Ол – ғылымдағы тырнақтай да болса шындық үшін өзін де, әйелін де, қолындағы бар жиған-терген қазынасын сарп етуге дайын фанатик-ғалым еді. Міне, сол кісі түнде ұйықтап жатқан Қайсардың миынан мидағы болатын табиғи он қышқылдың біріне де ұқсамайтын сұрғылтым бір сұйықты құтыға құйып алады. Артынан зерттеп қараса, балаға дарын бітіріп жүрген сол сұйық екен. Қарағұлов ашқан жаңалығын бір жүйеге келтіріп, теориялық қорытындылар жасап, баспасөзде жариялайды. Талай ғасырлар бойы құпиясын қызғыштай қорып сақтап келген, маңызы салыстырмалық теориясы немесе атом бомбасының жасалуынан кем түспейтін бір жаңалық – “Вампир қышқылы” табылған соң, профессорға талай үлкенді-кіші құрмет көрсетіледі, дағарадай атақтар берілді. Ал Қайсар енді сурет салу қабылетінен айырылып, оның үстіне белгісіз ауруға шалдығады. Ұзамай өледі. Оқығандар “соншама дарынға организм шыдамаған” десті, оқымағандар “тіл тиді” деп білді. Ал Қарағұловтың өз баласы – Дастан – бәленің бәрі әкесінен келгенін біледі. Әкесі мойындайды және у ішіп өледі.
Мұндағы Мүсілім Қарағұловты әдеби кейіпкер есебінде қалай талдауға болады? Ол үшін профессорға екі қырынан келу керек. Бірі – ғалым, екіншісі – кісілігі бар адам.
Оқымысты Қарағұлов баланың сурет салғыштық бар құпиясы миында екенін біледі. Мида ерекше қышқыл барын сезеді. Оны “Қарағұлов қышқылы” немесе “барлық даналық мәйегі” деп атамақ болады. Осы сәтте ғалымның шабыты ешқандай ойлануға мұрса бермей, ықты-жөнге қаратпай, кішкентай Қайсарды, тамаша өнер иесін өлімге қиюға дейін барады. Мұны Қарағұлов саналы түрде жасайды. Ғылым үшін нәрестені құрбандыққа шалудан тайынбайды. Бұл жерде біз ғылымға бойындағы барлық күш-жігерін аямағаны былай тұрсын, онан да басқа ең қымбатты нәрсе – адам өмірін де қиып жүре беретін рыцарьды, ғылым рыцарын көреміз.
Алайда Қарағұловтың бойында тағы бір қасиет бар. Ол – адамгершілік, гуманизм. Баланың миындағы мәйекті сорып алғаннан кейінгі ситуацияны жазушы былай суреттейді: “Міне, оның идеясының жексұрын қорытындысы. Адам қабылеті материалдық негізінен айырылса, онан кейін қабылеттің өзінен де ада болады. Бұнымен де шектеліп қалмайды. Рухани негіздің сарқылуы организмнің тіршілік қалпын бұзады. Қайсар қаза табады! Оны аман алып қалу жоқ... Мүсілім Махметұлын осы бір ой бір сәтте шарпып өтті. Ол аппақ қудай боп кетті, бұрылып, үн-түнсіз шығып жүре берді”. “Мынадай сирек кездесетін баланы ол өлімге қалай қиды екен? Ол дана адамдарды жанындай жақсы көріп, пір тұтпайтын ба еді? Енді сол пірінің түбіне өзі жеткені ме? Нағыз үлкен жаңалықтар жасар кезде өзінен безіп, ес-түсін білмей зерттеуге итеретін қандай күш?” – деп Қарағұлов өзінен өзі сұрайтынды да шығарады.
Алайда ойындағысын тындырып алғаннан кейін, жасар қателікті жасаған соң, “енді аянар не бет қалды” деп, кінәсін қымтап көміп, беті безеріп отырып алатын адам емес еді Қарағұлов. Бойындағы кісілік сезімін ғалымның қызуқандылығы жеңіп кеткенін ол білмеген-ді. Ерте ме, кеш пе, оны өз мойнымен көтеруге дайын болатын. Оған шығармадағы профессордың психологиясы, қолынан атқарған істері күмән келтіртпейді. Сондықтан да автор: “Оған жалған нәрсе қажет емес еді. Нағыз соңғы сәтке дейін ол шындықтың тура бетіне қарайды, мейлі сол шындық оны көрге апарып тықса да”,– деген сөзіне сенесіз. Мұндағы қасірет адам сезімін ғылым романтикасының жеңіп кетуінде деп қана ұғыну керек.
Бұндай жағдайлар әлеуметтік қиял шығармаларында кездесе береді. Өз ісіне шын беріліп, қоғам үшін басқа да қажетті нәрселерді екінші қатарға ысырып тастаушылықты жоққа шығаруға болмайды. Бұл – ғылымдағы фанатиктердің ісі. Ол: “Адам табиғатының кісілік мәнін түсіну үшін ғылым көп нәрсе берсе, табиғаттың адамдық мәнін түсінуге адамның құпиясын зерттеу онан да көп пайда бере алады” /Литературная газета. – 1969. – 1 қаңтар/, – деген тәріздес қағиданы философия ғылымының докторы Г.Волков “Адам және табиғат: проблема” деген мақаласында берік ұстайды. Ғылым үшін мұндай жан-тәнімен берілгендер де қоғам үшін, әсіресе прогресс игілігі үшін қажет болуы мүмкін. Дегенмен...
Дегенмен, олардың кейбір қылықтары кісілікке қайшы келіп жатады. Мысалы: Төлеу Шахановтың “Тірі көз” әңгімесін алайық. Водолей шоғырының 8-ші Эпсилон жұлдызынан негізінен он екінші толқынмен Жерге дабылдар келіп жатады. Оны қалай қабылдаудың ретін іздестіріп жүріп, екі ғалым сол белгісіз толқындарды нейтрино қабылдағышқа жинап, миға әсер етеді. Сонда адамның алдына 8-ші Эпсилон жұлдызының бір планетасы келеді. Шығарма қаһарманы екінші реті 8-ші Эпсилоннан хабар қабылдағанда, жайсыз жағдайды есітеді. “Уала! (олар Жерді солай атайтын көрінеді. –А.-Х.М.) Біз саған үш лай (15 жыл) бойы хабар беріп тұрмыз. Уақыт тым аз. Осы қысқа мерзім ішінде Алиаммада (өз планеталарының аты. – А.-Х.М.) болған уақиға жайлы айтуым керек. Уала! Біз апатқа ұшырадық. Бұл өзіміздің кінәмізден болды. Планета ауадан айырылып барады. Енді 20 лайдан соң бізде өмір бітеді, тек құлазыған шөлді ғана көретін боласыңдар. Уала! Сенен көмек сұрау үшін біз “Тірі көз” жасадық. Ол алыстағы жұлдыздарға нейтрино толқындарын жарық шапшаңдығынан екі есе тез жібереді...”
Міне, бұл да – ғалымның, ғылымның трагедиясы. Басқа планетадағы уақиға болғанымен, шын мәнінде Қарағұлов трагедиясымен сабақтасып жатыр. Автор ол нендей апат екенін ашып айтпайды. Дегенмен, бұл фанатик-ғалымның (немесе ғалымдардың) қолынан туған нәрсе екені даусыз. “Бұл өзіміздің кінәмізден болды” дейді ғой. Оның үстіне нейтрино игеріп алған планетада ғылым мешеу дамыды десек, тіпті ойға қонбас. Сонда бір ғылыми жаңалық ашып алып, соның ақырында бүкіл планетаны құрту қаупін тудырып отырғаны.
Ш. Әлімбаевтың әлгінде пікір білдірген “Данышпандық альфасы” повесіндегі профессор Қарағұлов ғылымның мүддесі үшін өзі және Қайсар екеуінің түбіне жетсе, мына Т. Шахановтың “Тірі көз” туындысындағы 8-ші Эпсилон планетасының қасірет-қайғысы, төніп тұрған қаупі одан әлдеқайда асып түседі.
Жалпы, қасіретті үлкен-кіші деп бөлудің өзі – шартты нәрсе. Әйтпесе, саналы тіршілік иесіне (жаңағы келтірілген мысалдарымызда бала Қайсар мен 8-ші Эпсилон планетасындағы жалынып көмек сұраған тұрғындар) жасалған кез келген қиянаттың бәрі – үлкен трагедия.
Ал ғылым аршындай дамыған, ол ғылымның ақыры неге апарып соқтыратыны көбіне-көп белгісіз боп келетін біздің заманымызда ғалымдар өте сақ болуы тиіс. Сондықтан да олардың ғалымдық темпераменттерінен кісілік, азаматтық сезімі кем түсіп жатпауын көбірек тілейміз. Мұндай мәселемен бетпе-бет келгенде, әлемдік ӘФ-ның озық үлгілерінен ұқсастық іздегің келеді. Мысалы: осы жағдайда біздің есімізде Герберт Уэллстің “Бұғауы ағытылған дүние” атты фантастикалық романының кейіпкері Холстенге атом ядросын ыдырату сәті түседі. Бұл жаңалықтың ақыр-түбі неге апарып соғарын ол көмескі болса да сезетін сияқты. Сондықтан жаңалық иесі өз күнделігіне: “Басы басталды. Мұның неге апарып тірейтінін мен білмеймін, оның қамын жеу менің міндетім де емес. Мен тұтас нәрсенің өзі емеспін, тек бөлшекпін; мен – Қүбылыс құрамының кішкентай бұрандасымын. Егер мен мына есеп-қисабымды өртеп жіберсем, бәрі бір араға он жыл салмай-ақ менің жаңалығымды басқа біреу жаңғыртады”, – деп жазады. Бүл – оқымысты өзінің қауіпті жаңалығын ашқаны үшін ақталғансуы, жауапкершіліктен қашқансуы. Бірақ бұл сылтау емес. Атом ядросын ыдыратудың аяғы неге әкеп соғып отырғанын қазір көзіміз жетіп отыр.
Қиялгер-жазушы С. Исақовтың “Қызыл сәуле” повесінде де біршама қызығатындай идеялар бар. Бәрімізге аяны – планетамызда термоядролық пәлекетті ойлап тауып, одан мемлекет-мемлекет болып, жеке өз беттерінше жапа-тармағай жойқын қарулар жасадық. Міне, кейбір есті елдердің басшылары олардан қалай құтыларын білмей, әуре-сарсаңға түсуде. Ал, ондайға барғысы келмейтін, “қасарыспа” әскербасылары билеген мемлекеттер ше?
Ондайларға мына автордың әлеуметтік-фантастикалық естияр ұсынысы бар. Оның қиялындағы “элементтердің тағы бір басты ерекшеліктері мынадай: біріншіден, элемент сәулесі түссіз; екіншіден, тіршілік атаулыға ешқандай зияны жоқ; үшіншіден, ешқандай қопарылыс туғызбайды; төртіншіден, қандай бекем заттардан да із қалдырмай өте береді; бесіншіден, элементтің сәулесі жарық жылдамдығынан кемінде елу есе шапшаң (?) таралады”. Осы қасиеттердің соңғысы, яғни ең шапшаң деген жарықтан да елу есе өседі деуі – сөлекет. Алайда, қалған төрт қасиетінің өзі де автордың көкейіндегі мақсаттан шығып жатса да қанағат...
Автор болса, әлгі ғылыми болжамын онан сайын жетілдіре түсуге талпынады. Сондықтан да аталмыш “Қызыл сәулені” жасауға “мұрындық болған” профессор Лучкиннің аузына мынадай сөздер салады: “...Элементтердің жеке қасиетін зерттеп аштық: біріншіден, ешқандай ортаға зияны жоқ. Екіншіден, элемент жер асты қоймаларындағы бетон, темір және басқа тосқауылдардан із-түссіз өтіп, мыңдаған метр жерде сақтаулы тұрған атом, сутегі, нейтрон бомбаларын зарядсыздайды. Үшіншіден, элемент өз межесіне жеткенде, онда қопарылыс туғызбайды...”.
Повестің бір тұсында француз физигі Остар Ларктың: “Элемент алынғаннан кейін арнаулы сәуле атқылағыш ғарыш кемесі көмегімен Жердегі барлық белгілі атом нүктелеріне сәуле атқылаймыз. Сонда Жердегі соғыс үшін сақтаулы элементтер түгел зарядсыздалады”, – дегені көрегендік боп шығады. Шығарма соңында “Жүлдызды соғыс” комплексті аппараты істен шыққасын, оның иесі – генерал атылып өледі...
Қиялгер-жазушы Р. Бектібаевтың “Жұмбақ жігіт” әңгімесінің де идеясы әлгіге кіндіктес болып келеді. Бірақ мұндағы өзгешелік – уранның кеселді қасиетін жоюға, басқа планетадан, метагалактика ғылыми орталығынан, кісі жөнелтіледі. “Бүкіл денесін ең майда нейтрон бөлшегіне жіктеп, жарық сәулесімен бірге белгіленген бейнесіне енеді де, одан айнаға шағылысқан жарықтай қайта қайтады”, – дейді автор жолаушының келіп-кету әдісін.
Бұған да айтар сыни пікір бар. Басқа әлемнен келген “жұмбақ жігіт” біздің көзімізше ештеңе бітірген жоқ. “Табан астында ғайып болды”. Келген мақсаты белгілі, атқармақ ісі айқын. Бірақ милиция бөлімшесінің қызметкерлері тексермек болғанда, қашқаны несі? Түсіне қоймадық. Қиялгер-жазушының қонақүй бөлмесінде тек қана видеофон тұрғанына қарамастан кезекші қызға: “Таныс қыздарыңа телефон соғып отырмысың?” деп сұратқаны қисынға келе бермейді...
Жерде қолдан келер небір “бәлемізді” жасап алып, “енді осы “қызыл көзден” кім құтқарар екен?” деп адамдар қарап отырмаса керек. Гомо сапиенстің қолынан қыруар шаруалар тындыру келеді. Керек десеңіз, басына қатер төнген бөгде планетаның тіршілік иелеріне де көмектесе алады. Оның мысалын А. Нұрмановтың “Тіршілік жалғаса береді” әңгімесінен көреміз. Автор өз кейіпкері Сапарға космошаңсорғыш жасаттырады. “Аппараттың қызметі – кәдімгі ағаш жапырағы, өсімдік секілді оттегі бөліп шығару. Тек жапырақтардың орнын химиялық белоктар атқарады”. Осы құралымен ыласталған Жер атмосферасын тазартады. Ақыр-соңында атмосферасында оттегі азайып, көмір қышқыл газы көбейген сүмбілеліктерге де (сұрай келгенде) екі сондай космошаңсорғыш жөнелттіреді. Қаламы әлі ұштала қоймаған мектеп қабырғасындағы жастың ӘФ тілімен космос гуманизмін жыр етпек ойы бізге ұнайды.
Қысқасы, біздің заманда ғалымның азаматтық ар-ожданы бәрінен де биік боп тұруы керек қой. Әрбір ғалым бұдан ширек ғасырдан аса бұрын “Неге мен ғылымды талақ қылдым?” мақаласында француздың ұлы физигі Поль Ланжевеннің: “Егер мен ғылыми-зерттеу жұмысымды тоқтатсам, ерте ме, кеш пе, әйтеуір біреу ілгері алып кетері хақ, ал егер фашизммен күресуден бас тартсам, ғылым мүлде болмауы мүмкін”, – дегенін бойтұмардай тұту керек сияқты.
Осы мәселеге шұқшиыңқырап отырғанымызда мәніс бар. Соңғы кездегі дүние жүзілік фантастикада “атом бомбасы және келешек қоғам” дегендей проблеманы қозғайтын шығармалар көптеп тууда. Қазақ әдебиеті де олардан тыс қалған жоқ. Атом бомбасын қозғайтын біздің туындылардың елеулілерінің бірі – Сейілбек Қышқашевтің “Джонның өлімі” деген новелласы. Негізгі мамандығы – өнертапқыш, инженер туындыгердің басты қаһарманы – ғалым Молдақасым Бақытұлының атом бомбасын жарғызбайтын лазарийін Американың дарынды физигі Джон Файн өз зертханасында жасап шығарады. Соны сынау үшін өз төбесіне ұшақпен атом бомбасын тастатады. Оның ақыры гуманизмды қызғыштай қорғаған адамның өлуімен тынады.
Бұдан да басқа, істеген қылығы өз басы емес, басқа жұртқа да кесірін тигізуі мүмкін ғалым-фанатиктер жөніндегі әлеуметтік-фантастикалық шығармаларды жиі ұшырастыра аламыз. Ондай фанатиктердің тағы бір түрі бар. Олар “ғылым картасына” өз бастарын тігеді. Мұның жақсы үлгісін орыс әдебиетінде А. және Б. Стругацкийлер “Алты бас шырпы” новелласымен көрсетіп берген-ді.
Ал қазақ әдебиетінде де сол тәріздес туындылар кездеседі. Олардың бірі өткен ғасырдың 60-шы жылдарында аталмыш жанрда жиі көрінген қиялгер-жазушы Талап Сұлтанбековтың “Мидағы жазу” әңгімесі. Оқымысты Хасен Сапаров бір ғылым құпиясының куәгері болады. Оған салса, мидың ескерімділігі магнитофон таспасына түсірілген жазу сияқты. “Егер ми магнитофон сияқты болатын болса, адамның дарындылығы оның миына түскен іздердің беріктігіне, сол ізді тудыратын әсердің нәтижесіздігіне, кедергісіз дамитындығына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды: барлық адамның миы, кейбір тұқым қуалаушылықты еске алмағанда, айна-қатесі жоқ бірдей”.
Аталмыш принципті ұстанған ғалым тәжірибе жасап, қолға үйренген маймылды сөйлетеді. Бірақ мұның қисынды дәлелдеуі табылмайды. Профессор Сапаровтың өзімен бірге бұл мәселеге аспирант Бекбосын Қамалиев те қоян-қолтық араласып кетеді. Оның ғылымға деген фанатизмі соншама, ақыры қауіпті тәжірибені өз басына жасап, опат болуымен тынады.
“Ғылым құрбандықсыз болмайды” деген қағиданы аспиранттың өзімен бірге біз де ұстансақ, оның қылығын ақтап шығуға мүмкін болар. Дегенмен, ғалымның бірінші міндеті – өз нысанасына алған проблеманы шешудің ең тиімді, қолайлы жолын қарастыру болса керек. Алайда ғылыми-зерттеу ісінің романтикасына толайым кіріп кеткен адам өзінің әр адымын аңдап баса бермейтінін де түсінуіміз қажет болар.
Мысалы, осы автордың қаламынан туған кейіпкер – Лұхман Хакім. Ол “алтын шуағын төгіп тұрған күннен, жазғытұрым көк майсадай құлпырған жерден, айдаһардың тісіндей үшкір шыңдарын аспан төсіне қадап, көкті тіреп тұрған таудан, сылқ-сылқ аққан бұлақтан түңіліп”, неге Жер астындағы тас үңгірге түсіп кетеді? Бұған да сол баяғы бір жауап – ғалым жанкештілігі. Неге? Ондай жолға түскені жөнінде, өмірдегі мақсаты жөнінде оның өзінің мынадай монологы бар:
“Баяғы бір заманда мұсылман жұртында Лұхман Хакім деген дәрігер-ғалым болыпты. Ол бүтін адамзат баласына төнген ауру атаулыға қарсы тұрған екен. Ел кезіп, жер кезіп, жұрт ішінен жазылмас дерт іздеп, оны жазуды өзіне мақсат етіп қойған. Лұхман Хакімнің мұндай өнеріне бүкіл адамзат баласы риза болған екен. Бірақ ол бақытсыз болыпты. Ол ауруды жеңгенмен, ажалды жеңе алмапты. Қайда барса да алдынан әзірейіл-жаналғыш шығып, оның қасиетті ісіне кесел жасай беріпті. Ажалы жеткен халық өле беріпті. Күндерде бір күн сол ажалдан Лұхман Хакімнің жалғыз баласы дүние салыпты. Бұдан кейін Лұхман өзінің барлық өмірін ажалды жеңуге жұмсамақ болған. Бүкіл дүниені шарлап, өлмес өмір дәрісін іздеп шығыпты ол... Содан соң ғұлама ғалым елден безіп, ғайып болыпты. Кейбір аңыздарда ол ажалмен айқасып дүние салған екен дейді. Бірақ, бұл бекер. Лұхман Хакім сол кеткенде халыққа қызмет ету үшін, өлмес өмір дәрісін іздеп табу үшін, ұзақ жылдық сапарға аттанған еді. Егер де дәрі табылса, ол өзінің адамзатына қайтып оралмақ”.
Бұл жерде Лұхман Хакім ғалым есебінде де, азамат есебінде де дұрыс жасап отырған сияқты. Өзінің алға қойған мақсаты үшін, қолына алған проблеманы шешу үшін бойындағы барын сарп еткен фанатиктің жарқын бейнесі оқушының жан дүниесін жылытады. Оның үңгір аузынан тауып алған балаға: “Ажалды мүлде жеңетін дәріні тапқанда ғана саған жер үстіне шығуға болады. Одан беріде сен жер бетіне шығуды аңсама. Егер де сен адамзатқа әйтеуір бір пайдалы нәрсе жасағың келсе, өзіңді осы бір үлкен мақсатқа арнауың қажет”, – деп үгіттеуіне де түсінеміз. Ғылымға, адамзатқа игілікті іс жасау мақсатына берілген адамның аузынан тек қана осы тәріздес сөздер шығуы мүмкін.
Бұндай “жанын шүберекке түйген”, өлермен фанатизм жұрттың көбіне ұнамды, жақсы көрінетіні рас. Алайда оның ішінде кейде бір қараған көзге іліне бермейтін зұлымдығы да боп қалады. Сондай болуы мүмкін-ау деген пікірдің мысалын алғашқы қиялгер-қаламгерлердің бірі – Медеу Сәрсекеевтің “Түнгі қонақ” фантастикалық әңгімесінен көре аламыз .
Жасы сексеннің алтысына келген оқымысты-тарихшыға біреу келеді. Өзінің жаңа, оғаш аспап жасағанын айтады. Сонда бір миға тітіркеніс жасаса, ондағы (мидағы) бұрын-соңды жиған-терген естелік түтік арқылы жалғасқан екінші миға ауысады. Осы жаңалықтың бір келешегі көпті көрген, қыруар дүние білетін, бірақ ағзасы тозған адамдардың миындағы жиған-терген мәліметтерді жас жігітке ауыстыруға болады. Керемет перспектива емес пе! Бұның нәтижесінде жастар оны жыл бойы мектеп, сосын бес-алты жыл жоғары оқу орнында жүріп, уақыт өткізбейді. Бірден бала-вундеркинд болып шыға келеді. Профессор Хайдаровтың өмір бойы тірнектеп жинаған білімін бір операция столы үстінде жас бала игеріп ала қояды!
Тарихшыға келген түнгі беймәлім қонақ өзінің ашқан жаңалығының тек осы жағын көреді. Алайда осы жаңалықтың астарында сұмдық жәйт жатыр. Оны тарихшының өзі айтсын:
“Жарайды, достым, дегенің болсын. Қидым өмірімді. Ғылым үшін көнейін. Бірақ сіз маған өмірімді қабылдайтын жасты тауып әкеліңіз. Бір тәуліктің ішінде жасөспірімнен сексен алтыдағы шалға айналғысы келетін жанды өз көзіммен көрейін. Сөйлесейін... Бұған ешкім де көнбейді. Қиындықсыз, күрессіз жеңіске жетем деп ес-ақылы дұрыс адам айта қоймас. Өзіңіз айтыңызшы, күрессіз бақыт бар ма? Жоқ. Мен қайта туар болсам, тағы да бұрынғыша өмір сүре берер едім. Оқыр едім, үйренер едім. Бәлкім, бұл жолы қиындыққа ұрынармын, жаңылыс басармын да. Бірақ ғылым шыңына апарар жолдың өзі осы емес пе? Жә, ендігі айтарым: менің өмірімді алуға келісетін жасты іздеңіз. Әзірмін...”
Өз идеясының ғылыми жағына ғана баса назар аударып, адам жаны үшін нендей рухани пайдасы барлығына ой жүгіртпеген түнгі қонақтың есі кірген болуы керек. Онан кейін профессорға жоламай кетеді. Біз бұл жерде жаны адал, тек ғылымның ығына жығылып кетіп, бірақ, өз қатесін дер кезінде ұғынған адамның бейнесін көреміз. Қазақ ӘФ-сындағы бұл тәріздес образдар оқырманның жан дүниесін байыта түседі. Қаншама ғұлама болғаныңмен, адамға кісілікпен қарау керектігін тағы да еске түсіреді.
Марқұм Ш. Әлімбаевтың “Данышпандық субстанциясы” әңгімесінің бас кейіпкері Альфа Эркандус та осы ғұрыптас образдар галереясын толықтыра түседі. Ол – еріктің творчествоға әсері және қатысы туралы, әлеуметтік, тарихи психофизика жөнінде “Мәңгі тұрақтылық” деген кітап шығарған, университеттің теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, психофизика ғылымының докторы. “Гениак” атты аспап жасаушы. Осы өнертабысының арқасында ол адамдарды ауыр ой азабынан арылтуды көздейді. Адам миына жеңілдік жасағысы келеді. Бір жағынан алып қарағанда, бұл ми азабын жоятын ізгі ниет тәрізді. Алайда бұл жаңалықтың астарында адамның төбе құйқасы шымырлап, шашы тік тұратын сұмдық бар. Ол турасында әңгіменің екінші кейіпкері – психиатр Альтрус Генни былай дейді:
“Сіз адам дамуының ескіден келе жатқан заңын жойғыңыз келеді. Сіз адамға көмектескіңіз келе тұра бүкіл адамзат табиғатын бұзбақсыз. Нағыз мықты негіз – мәңгі-бақи қанағатсыздық, жетіле беруге ұмтылушылықты жоймақсыз. Ақиқат апат екенін ескермей, көптеген адамдар мына зұлым қорабыңызды қуана-қуана алуы мүмкін...”
Алайда олай болмай шықты. Өз жаңалығының, мылтықтың дүмі тәріздес, өзін тебетініне Эркандустың көзі жетеді. Адамзаттың арқалаған жүгін жеңілдетеді деп білген жаңалығында сұрқия арамзалықтың тасаланып жатқанына көзі жетеді. Ол өзінің өнертабысын қиратып тастайды.
Бізге белгілі тағы бір алуан ғалымдар бар. Олардың ашатын жаңалықтары да осал емес. Дүниежүзілік маңызы бар құпиялардың сырын айқындап жатады. Бірақ, олардың ғалымдық фанатизмін, ғылым жолындағы берілгендігін өмірдегі күйкі тірліктің құлқыны жеңіп кете береді. “Бұл қалай? Өзі зор ғалым бола тұрып, сондай нәрсеге қалай барады?” деп ойлап қалушылар да табылар. Рас, шынында да жоғары интелектінің иесі, адамзат ұғымын байыта түсіп, әдемі түзету енгізуші бола тұрып, ондайлар жаманшылық, қиянат жасауға батылы баратынына таңдануға да болар. Дегенмен, олардың да пенде екенін естен шығармау керек...
Ал, адам табиғатында жақсылық жасауға көбірек бейім болғанымен, бұдан “ешқандай жамандық жасалмақ емес” деген кесіп-пішпелі ұғым тумасын. Оның үстіне ғалымдар саны да молайған. Бір есептеулерге қарағанда, біздің тұсымызда жер бетінде дүниеге келген ғалымдардың 90 пайзы өмір сүреді екен. Бұл сан – ғалым мамандығы – біздің ғасыр мамандығы деген сөз. Қазір планетада шамамен 6 миллиондай оқымыстылар мен инженер-зерттеушілер болса, олар, статистика көрсетіп отырғандай, әр 20 жыл сайын еселеп өсуде. Егер өсу қарқынының жылдамдығы бәсеңдеп қалды дейік, соның өзінде де бұдан былай қарай планетадағы оқымыстылар мен инженерлер саны 25 миллионға жетпек көрінеді. Демек, осыншама жанның ішінен, “бір биеден ала да туады, құла да туады” дегендей, қилы-қилы маман шығуы мүмкін ғой.
Қазақ қиялгер-жазушылары осыны біледі. Сондықтан да олар еш мінсіз, жаны пәк таза оқымыстылармен қатар адамдықты аяққа таптаған, өз басының жеке құлқыны үшін немесе өзі өмір сүрген бейбақ қоғамның итермелеуімен адамзат мұратын құрбандыққа шалған ездердің де бейнесін көрсетуге күш салады. Игі жақсылардың келбеттерін салыстыра отырып, мұндайлардан оқырман жерінуі тиіс. Мұндайлар жеңіліс тапқан кезде қарақан қу басының құлы болғандарды “өзіңе сол керек!” деп іштей табалап отырады. Ал, уақытша тағдыр тәлкегіне айналғандарға аяныш білдіреді.
Аяуға тұрарлық кейіпкерлердің бірі – Т. Сұлтанбековтың “Қара музыка” памфлетінің бас кейіпкері Мицио Танида. Тегі Нагасакиден шыққан ол ата-анадан, аға-қарындастан жұрдай боп, тұлдыр жетім қалады. Өзін өгей шешедей мейірімсіз қарсы алған Токиода электрондық аспаптар жасайтын заводқа жұмысқа орналасады. Сонда жүріп физика курсын бітіреді. Сосын адамның бұрын-соңды танып-білмеген нәрселерін ультраәуен дыбыс арқылы жойып жіберетін аспап жасайды. “Оның аппараты үрейлі атом бомбасынан да күшті ғой. Бұл адамды қырмайды, өлтірмейді, тек оның миындағы жазуды, түсінігін өзгертеді, қабылетінен айырады. Білгенін ұмыттырады”. Осы өнертабысының нендей кәдеге жарайтынын, оның келешегі қандай екенін Мицио әйелі Эмикоға өзі кесіп-пішіп айтады. “Мен бұл аппаратпен дүние жүзін дүр сілкіндіремін. Талайды жорғалатам алдымда. Ха-ха-ха! Біз байимыз. Есіттің бе, Эмико! Байимыз!”, – дейді.
Алайда, Мицио Таниданың бұл пиғылы кәдеге аспай қалады. Дүниеде өзінен де өткен ақшаға құнығушылар, жұрт үстінен күн көрушілікке үйреніп қалғандар, тіпті жер бетіндегі озық ойлы адамдарға өшігушілер бар екен. Солардың бірі – Чарльз Рестон – жапон өнертапқышын Америкаға, тура Пентагонға апарады. Өзінің күнкөрісі үшін пайдаланбақ аспабын өшіккен еліне қарсы шпиондық мақсатқа қолданбақшы болған Пентагон генералдарының арам ниетіне көзі жеткен Мицио аппаратын қиратып тастайды. Өзі де сол аппараттың құрбаны болады...
Қазақ әдебиетінің ӘФ саласында бұлардан басқа да адам ойын сергітіп отыратын, өз қылықтарымен оқырманды өздеріне қарсы қоятын басқа да үлкенді-кішілі бейнелер бар. Алайда олар әлгінде жасаған топтамамыздан жыраққа шығып кете алмайды. Демек, сол дәйектемеміздің дұрыстығын дәлелдей түседі.
Әдебиет, әсіресе әлеуметтік қиял әдебиеті, өз назарын көбіне-көп әдемілікке, жақсылыққа аударуы негізгі бір міндеті екенін осыдан бұрын келтірілген мысалдарымыздан байқай алсақ керек. Сол жақсыны көптің арасынан бөліп-жарып алып, жұрт үлгі тұтарлықтай жарқыратып, көрнекті ғып бере білгендерінің де бірсыпырасын жоғарыдағы талдауымыздан көруге мүмкіндік алдыңыздар деп білеміз. Маңдайалды қиял кейіпкерлері қай уақытта да халық зердесінде жүрмегі хақ. Тіпті фольклорымыздағы ауыздан-ауызға таралып жырланып жүрген фантастикалық батырлардың атын жұрт әлі күнге жадынан шығармақ емес. Өз ұрпақтары солардай болсын деген игі тілекпен нәрестелеріне Алпамыс, Қобыланды, Тарғын тағы да сондай ерлердің есімін қояды. Қазақ халқы әдебиетінің дамуындағы сонау елең-алаңда туған тамаша қаһармандарының қазіргі заманымызға дейін естен шығарылып, ұмытылмақ түгіл, қайта жаңғырып жасай беруінің сыры неде? Ол “сыйқыры” жағымды қаһарманның “адам жанын зерттейтін” әлеуметтік фантастика көрігінде сомдалып, шыңдалып тууында.
Қазіргі қазақы әлеуметтік қиялда оларға тетелес, олармен үзеңгі қағысып жүре алатындай қаһарман бар деп айта алмаймыз. Алайда өзінің бір тамаша істерімен оқырман көзіне жарқ етіп түсіп қалатын, жып-жылы боп жүрегіне ұялай қалатын жайсаң жандар табылады. Әдебиеттің мақсаты дүниедегі барлық жақсылықты, бүкіл игілікті прогресті, жалпы өркениетті, адамзаттың мерейін үстем қылатын ғылым мен техниканың жаңалықтарын бір, жалғыз адам жасады деп айту бұл заманда болмаса керек. Әдебиет мақсаты әртүрлі образ, характер туғызу деп білеміз. Олар көбіне-көп бір қырынан ғана көрініп жүреді. Халық зердесінде өшпейтіндей таңба қалдырған әлгі Алпамыс, Қобланды, Тарғын бейнелері де бізге бір қырымен, яғни батырлығымен, ел намысын қорғау жолында көрсеткен ерлігімен таныс. Бұлардың жұрт көзіне жылы ұшырайтыны да сол өз бойларындағы күшті дамыған қасиет – батырлықты халық игілігіне жұмсағандығынан.
Осындай талаптар қазақ ӘФ-сына да қойылып отыр. Дүние жүзіне аты әйгілі америкалық қиялгер-жазушы Айзек Азимов бұл мәселеге мынадай анықтама береді: “Фантастиканы сүю, сірә, адамзаттың келешегі жөнінде қам жеу болса керек; бұл белгілі дәрежеде барлық адамды сүйіп, өзіміз өмірден кеткеннен кейінгі уақытта оларға бақыт тілеу де болар. Алғаш жазумен айналысқанда мен мұны түсінбегенмін, ал фантастикадағы қырық жыл менің көзімді соған жеткізді. Кезінде көп ойланбай, осы жолды таңдағаныма қазір өзімді бақыттымын деп санаймын” /Иностранная литература. – 1967. – №1. – 250 б./. Міне, байқайсыз ба, адамзаттың жақсы істеріне жаны ашып, жаман қылықтарына қынжыла білген саңлақ қиялгер-қаламгер “адамзаттың келешегі жөнінде қам жеу”, “барлық адамды сүйіп.., оларға бақыт тілеу” ниетінде екендігін айтады. Бұл жалғыз А. Азимов емес, бүкіл адал, бекзат ойлы қиялгер-туындыгерлердің шығармаларына қойылатын талап болса керек.
Рас, адам – ұлы құбылыс. Бұл дәйектемені адамның өзі дүниеге келгеннен бері күрделі даму тарихының барлық сәттерінде де дәлелдеп шыға алды. Сондықтан да оның арманы – келешек адамының мүмкіншілігін онан да әрі молайта түсіп, жанды, жансыз табиғатқа өз көкейіндегі дегенін жасаттыру.
Осы ретте бір шығарма ойға оралады. Ол – Ғарыш Ілімінің атасы К.Э. Циолковскийдің “Жерден тыс” атты ҒФ повесі. Ашық космосқа шыққан оның бір қаһарманы ғарыш сауытына орнатылған бір тетіктің тұтқасын бұрап, өз жүрісінің бағытын реттеп отырады. Бірақ, ол кейіпкерге салса, аспан күмбезі, өзінің бүкіл әшекей-әлемішімен, тіпті жаңа ғана кейіпкердің өзі шыққан зымыранымен, өзін шыркөбелек айналып жүрген сияқты. Ол Күн мен басқа жұлдыздары бар бүкіл аспан әлемін, керек болса, тез немесе жай айналдыра алатындай сезінеді. Ол тұтқаны олай-былай бұраумен бірге, Әлемді өзінің төңірегінде айналдырып тұрмын деп біледі. Өзі бір орнынан қозғалмайды. Ол – дүние әлемінің кіндігі. Космос оны төңіректеп жүреді. Ол қажетінше космосты жылдам не баяу, оңға не солға бұра алады. Бұл – символ. Адамның мықтылығының символы. Барлық қиялгер-жазушылар Ғарыш ілімінің негізін қалаушы адамның қаламынан туған хикаяттың осы символ-эпилогына қарай түзелуі керек деп білеміз. Қазақ қиялгер-қаламгерлері сырттай, рухтасып, осыған қарап түзелетін сияқты. Қазақ фантастикасының қаһармандары құр ғарышсауыт тұтқасын бұраумен космосты билеймін демейді. Олардың нақты қимыл өрісі бар. Өз саласында тындырып тастаған немесе алда істемек жұмыстары күтіп тұр деп есептеуге болар.
Солардың ішінде алғаш ауызға Шыңғыс Досжановты алғанымыз дұрыс шығар. Біріншіден, ол – қазақ әлеуметтік фантастика шығармаларының ішіндегі көлемдісі – М. Сәрсекеевтің “Жетінші толқын” повесінің бас кейіпкері. Екіншіден және бастысы – оның жасаған істері кесек-кесек. Үшіншіден, техникамен оншама үйір емес қазақ ауылынан шықса да, бойына біткен дарынымен тамаша жаңалық жасауға қолы жеткен өнертапқыш сол өз өнерін моральдық-этикалық өлшемге қайшы келетін фашизмге қарсы қоятыны.
Соғыстың алдыңғы жылдарында ауылда ұсақ-түйек ұсташылықпен әуестеніп жүреді дағы, Шынтас политехника институтына оқуға түседі. Оның ойына сымсыз ток алу – энерготолқын алу – идеясы сонда келеді. Тәжірибе жасамақ болып, көшедегі бағаналар үстімен токты лабораторияға тартады. Ток лабораторияны өртеп жібереді. Студент Шынтас бір жыл өндіріске ауыстырылып, одан майданға сұранып кетеді. Бірақ ойында сол баяғы жетінші толқынмен ток тарату идеясы жүреді.
Соғыста тұтқынға алынады. Әлгі қастерлі ойын жүзеге асыру сәті сонда түседі. Жасырын заводта тұтқын есебінде жұмыс істеп жүріп, тағдырлас бір топ адаммен өзі жасаған аспаптың арқасында қапастан құтылып шығады. Еркіндікке ие болысымен-ақ: “Естеріңізде болсын. Еліме жетер, ел құлағына жетер деп айтамын мұны, – дейді Шынтас. – Сіздер жұмыс істеген жер асты жай ғана завод емес-ті. Атом ядросын ыдыратып, күшін пайдалану жайлы естіген боларсыз. Иә, бұл туралы соғысқа дейінгі техникалық әдебиеттерде жазылған еді ғой. Міне, соны фашистер іс жүзінде дәлелдеуге бет алған болатын, дәп осынау жер астында соның тәжірибе жұмыстары жүргізілген-ді, атап айтқанда, дейтерий әзірлеген-ді. Тап қазір бас сауғалап қашып кету – бүкіл адамзатты өлімге ұстап берумен бірдей ғой. Бұлай етуге қақым бар ма менің? Жоқ. Ендеше, мен осында қалуға тиіспін. Жер астында өзім қалдырған аппаратқа бұйрық жеткізіп, қауіпті заводтың өмірін өшіруге тиіспін”.
Міне, сүйтіп, қазақтың қарапайым өнертапқышы өзінің техникалық жаңалығын жалпы адамгершілік дегенге шәлкем-шалыс келетін фашизмге қарсы жұмсайды. Бұл жерде ғалым жетістігі әлеуметтік дұрыс шешімін тауып кеткен. Екінші жағынан осы факт шындыққа ұштасып жатыр: соғыс кезінде гитлершіл фашистерден қауіптенген Роберт Оппенгеймер, Альберт Эйнштейн бастаған аты әлемге әйгілі бір топ оқымысты АҚШ президентінен атом бомбасын жасауға кірісуін сұрап хат жазған-ды... Демек, ғылымның нендей де қымбат жаңалығынан адамзат гуманизмін, моральдық-этикалық қағидаларын биік қою сәттері ӘФ шығармаларында да бой көрсетіп отырған екен. Сонда гуманизм, бекзаттық принципіне берік, ҒФ идеяның авторы – повестің бас қаһарманы – Шынтас Досжановтың бейнесі біздің әдебиетімізге табыс боп енді деп, ауыз толтырып айта алсақ керек.
Т. Шахановтың “Көгілдір мұнаралар” атты фантастикалық повесі негізінде Мысыр перғауындарының бір ашылмаған сырына арналған. Барлық сыр, автордың айтуынша, мұнара сарайларында тіршілік ететін ерекше вирустарда. Ол вирустар адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Вирус жұққан адам көз алдына әлдене елестеп, есеңгіреп, жындануға дейін барады. Повестің бір кейіпкері – Луис Григ – сол вируске душар болады. Алайда оны досы профессор Жан Клод ауруынан жазып алады. Дегенмен, дәрігердің басты назары вируске ауады. Тірі организмді құртуға қабылеті жететін вирус ашылып, ол соғысқұмарлардың қолына түссе қайтеді? Соғыстың аты – соғыс қой. Ол қолында қандай бір қару болмасын, шімірікпестен пайдалана береді.
“Бәрі кеше болды. Кеше емес-ау, бүгін. Ол ертең де, арғы күні де бола бермек. Дүниеде соғыс құрымай, жаралы жандар жарасын жазбай, бұл жан түршігерлік елестер жойылмақ емес. Табиғаттың бүгінге дейін Египет мұнараларының ішіне жасырып келген ғажайып сырына үңілгенде, мен осыны сезіндім. Вирустердің жаңа түрін ашуыма себеп болған Луистің ауыр кеселі адам баласы үшін апатқа айналып, жер жүзін жалмап алуға дайын екенін енді байқадым. Бір сәт өзім ашқан вирустердің жауынмен бірге қала мен селолар үстінен төгіп өткені елестеді. Міне, олар өрбіп адамдарға қарсы шабуылға шықты. Оба кезіндегідей Жер шарының тең жарымы қаңырап бос қалды. Емханалар мен жедел көмек көрсету пункттері нерв жүйелері бұзылып, шалықтамаға ұшыраған ауруларға лық толды. Мен шошып кеттім. Сонда өлім қаруларынан да асып түсетін сұрапыл күшті тапқан кісінің қатыгез жендеттен несі кем?” – деп жазады Жан Клод өзінің күнделігінде.
Бұл – ерекше жаңалық тапқан кейіпкердің азаматтық бейнесі. Осыдан кейін ол өз жаңалығының тек ғылыми жағына қарайласа, сегіз ғасыр бойы құпия күйдегі Египет пирамидаларының оқымыстылар сарғайып күту үстіндегі жасырын сырларының барлық ақиқатын ашып, күллі жаһанға жар салар еді. Жан Клод олай қылмайды. Бүл жаңалықтың бір қалтарысында қыруар адамды апатқа ұшырататын зұлымдық жатқанын сезіп қалады. Осы жерде ғалым өз ісіне әлеуметтік, моральдік-этикалық тұрғыдан қарады. Сондықтан да жаңалығын, өзі түрме камерасында өлсе де, артына құпия түрде қалдырады. Ол күнделігінің соңын мынадай сөздермен аяқтайды:
“Тап қазір мен отырған камераның терезесінен тап-таза, мөп-мөлдір көк айдыны көрінеді. Болашақ ұрпақтың да үлкен жүрегі осындай кіршіксіз таза болсын. Менің бұл жолдарды жазып отырғандағы айтар тілегім де – осы. Ашылған құпияны адам баласына сездіру әлі ерте екен. Біз бүгінгі дәрежеден әлдеқайда биіктеп есеюге тиістіміз. Тек Күн сөнбесін...”
Осы жолдардың иесін, яғни Жан Клодты біз қазақ әлеуметтік қиялындағы бір жағымды кейіпкер дей алсақ керек. Оның ішінде де аталмыш кейіпкердің ғалымдығынан да гөрі, күрескерлігі, жұртшылыққа жанашыр кісілігі басым жатқанына жұрттың назарын аударғымыз келеді. Демек, осы жерде бекзаттық позицияны берік ұстаушы қазақ ӘФ-сының жағымды кейіпкерлер галереясында тағы бір қаһарманның пайда болғанын айғақтауға хақылымыз.
...Біз профессор Бөпеғалиевтың да образына назар аударған жөн дер едік. Ол – Ш. Әлімбаевтың “Сауыттағы данышпан” атты әңгімесінің бас кейіпкері. Автор негізгі идеясын профессор және онымен аспирантурада бірге оқыған жолдасы Сараев арасындағы диалогпен береді. Сараевтың қолдан ұрықтандырып, құтыда тұқым өсіру тәжірибесін жасап жүргенін Бөпеғалиев бұрыннан біледі. Енді Баянауылдан бір шаруамен жолы түсіп Алматыға келгенде, ескі досына соғып, хал-жайын білмек болады. Бөпеғалиевтің зертханасында плексигластан жасалған үлкен инкубаторда қолдан өсірілген ұрық жатыр. Басы ерекше үлкен, көлденең сызықтармен тілім-тілімденген кішкентай бетінен сызаттанып көз сығыраяды, қол-аяғы қысқа, жуан кіндігі инкубатормен жалғасып жатыр... Бірақ жасанды жатырдағы нәресте өліп қалған. Профессор өзі бұдан ары қарай оның дамуын тоқтатқан.
Профессор зерттеу жұмысын неге тыйып тастайды? Ғылым ше? Ғылымның мүддесін аяққа таптағаны ма? Дүние жүзінің оқымыстылары осы тәжірибенің ақырын тағатсыз күтіп отырған жоқ па еді? Осы ұрыққа жан беру үшін қыруар күш жұмсалып еді ғой. Енді міне, ойдағы мақсатқа қол созымдай қалғанда, барлық жұмысты шорт кесіп тастау... Әсіресе, жатырдағы үш айлық қорғансыз нәрестені өлтіру... Ғалымдарға: “Инкубаторда қызыл қан түйіршіктері болмады”, деп түсіндіруге болар еді. Ал профессордың өзінің көңіл таразысы ше?..
Осы сияқты сұрақтар кісіні бір-ақ жолға итермелейді. Ол жол “оқымысты өзінің қолға алған тәжірибесін аяғына дейін жасауы тиіс” деген ұйғарымға әкеліп тірейді. Бұл тәжірибенің нәтижесінде құпиясы қатпар-қатпар тереңде жатқан табиғаттың бір сыры – адам ұрығының жатырда даму процесінің әр минутын бейнетаспаға түсіріп алып, көзбен көріп отыруға мүмкіндік туады. Бүл тәжірибенің нәтижесінде тұқым қуалайтын кеселді ауруды жатырда жатқанда-ақ жоюға мүмкіндік туады. Тіпті ұл не қыз жасауды қолдан реттеуге болады. Кереметтей келешек бар емес пе! Осыншама тамаша жеміс беретін жаңалықтан кім-кім де болса бас тарта қояр ма екен?
Алайда бас тартты. Профессор Бөпеғалиевтың өзі бас тартты. Өзінің осы жаңалығының моральдық-этикалық қағидаға қайшы келетін бір нүктесі барын оқымысты аңғарып қалады. Қане, профессордың өзінің сөзін тыңдайықшы:
“Ал ертең ержетіп, ересек боп ол: “Ата-аналарым кім, қайда?” деп менен сұраса, не деп жауап берер едім? “Әкең мен шешең – мына пробиркалар мен колбалар немесе форсункалар мен инкубаторлар еді”, дейін бе? Оған осылай деп жауап беруім керек пе?” Жоқ, ешқашан олай дей алмас едім... Үш ай бойы күн-түн демей осы ой мені жегідей жеді де жүрді. Кеше ғана осы ойдың түбіне жеттім... Байғұс баланың түбіне жеттім...”
Шығармадағы Бөпеғалиев бейнесінің бізге ұнайтындығы да осы екі жақты қасиеті. Ол – бір жағынан тамаша ғалым, шебер экспериментатор, ғылымға зор үлес қосып отырған адам. Екінші жағынан – асқақ жоғары саналы моральдық-этикалық норманың иесі екенін оқырманға танытып берген кісі. Рас, оның тәжірибені жарты жолда тоқтатып тастағанына біздің бәріміз де “қап!” деп, санымызды соғып, бір сәт өкінерміз. Алайда, ол – бір-ақ сәт. Ал, егер сол инкубатордан өнген бала маңдайынан иіскер туған әке-шеше не екенін білмесе, одан асқан қиянат, өкініш болмас еді! Онда адам ғылымның қолжаулығы болған болар еді.
Міне, Бөпеғалиевтың осындай іс-қимылының дұрыс-бұрысына куә бола отырып, қазақтың ӘФ әдебиетіне өзінің күшті қасиеттері мол, бірақ әлсіздігі де ара-тұра сезіліп қалатын шынайы, нанымды қаһарман енді деп білеміз.
Ғылым жаңалығын адамзат игілігіне пайдалануға талпыныс жасаушылардың бірі – “Жастық элексирі” әңгімесі. Шығарма авторы Т. Сүлейменов біздің ұғымыздағы этиканың мағынасын жете түсінбеген сияқты. Сондықтан да туындының адал ниетті бас кейіпкері ыңғайсыз қылық жасап, оқырман алдында ұятқа қалады.
Пікіріміз түсінікті болу үшін әңгіменің мазмұнын жол-жөнекей таныстыра өтейік. Биохимик Ықылас Бектұрғанов тірі организмді жасартатын “Микроадам” атты аспап ойлап шығарады. Оны алғаш сынау үшін оқымысты жаңалығын орманға апарады. Кездейсоқ екі студент қыз өнертапқыш өзінің мүлкін іске қосып, тоғайдағы бір ағашты өздерінің көз алдында жаңғыртқанының куәсі болады. Кейін олар ғалымды іздеп келіп, лабораториядан табады. “Микроадам” кісіні де жасарта алатынын біледі.
Қыздар тоқсан жастағы өздерінің әжесін жасартуын өтінеді. Олардың бірі: “О, менің әжем тоқсанда!.. Қызыққа тоймай жүрген біздерді көріп: “Ой, қайран жиырма бес, маған қайта келер ме едің”, деп отырады. Экспериментті менің әжемнен бастаңыз”, дейді. Оған фантастикалық “Микроадам” аспабының иесі: “Тәуекел, эксперимент жүргізіп көрейін... Шешей, қазір сіз жиырма бестер шамасына қайта келесіз...” – деп ұмар-жұмар келісе кетеді... Ал, жалпы шығарма мынадай сөйлеммен бітеді: “Қайран жиырма бес, маған шынымен қайта орала ма?!” - деді қыбыр еткен еріндері Қалампырдың үнін ішке бүгіп...”
Осыған ой тоқтатайықшы. Сонау “тоқсаннан” мына “жиырма беске” дейінгі мұндай “жас алмасудың” кейінгі салдарын ешқандай ойлау жоқ қой! Мұның арты не болмақ? Енді немерелерімен жастас болып шыққан қаусаған кемпір, Бикен, Айгүлмен жарысып “бой түзеп” жатса!..
Міне, ғылыми жаңалықты адам игілігіне жұмсау керек деп келте түсінудің ақыры апарып этикаға жатпайтын нәрселер жасауға соқтырған. Өзін қоршаған ортамен, қоғаммен қатар бір ғасырға жуық өмір сүріп келіп, қаншама немере сүйіп отырып, кенет немерелерімен жасты болып шыға келуді, басқа дүниені білмейміз, тап мына біздің қоғамда есі түзу ешкім тілей қоймас. Бұл – біздің ұғымызға жат тілек. Демек, ғылымда бір жаңалық таптым деп, соны алды-артына қаратпай, өмірде қолдана беруге болмайтынының осы тағы бір дәлелі болса керек. Сонымен қатар, айтылмыш мысал қандай да озық ғылым жаңалығы да әлеуметтік, моральдық-этикалық талаптарымен берік бірлікте болуы тиіс екенін растап отыр.
Қандай да бір әдебиет болмасын, ол прогресшіл, кісілікті қызғыштай қорғауға тырысатын әдебиет болғысы келсе, өзінің ең басты нысанасы – адамның кісілік қасиетін қырландыра, күшейте түсуге тиісті деп білеміз. Қай қоғамдық күйде өмір сүрсе де, ол өзінің адам екендігін ұмытпауы керек, айналадағы жұртқа адамгершілік жасауды да әр уақытта оң жақ бүйіріне сақтап жүруі қажет. ӘФ әдебиетінің де міндеті – сол.
Бірақ, басқа салаларға қарағанда, фантастиканың бір артықшылығы бар: онда тек адам ғана емес, одан да басқа жанды, жансыз кейіпкерлер ұшыраса берер. Адаммен қатар жүріп, адамға қалтқысыз қызмет ете жүріп, адамгершіліктің, жақсылық жасаудың үлгісін көрсетуі мүмкін. Ол робот па, кибернетикалық басқару жүйесі бар ғарыш кемесі ме... қысқасы, фантастикада бой көрсетіп жүрген кейіпкерлер бола береді.
Осы жерде бір айта кететін жәйт бар. Қазір кейбір елдер фантастикасында жақсылық, адамгершілік, гуманистік қылықтарды адамның өзінен гөрі, оның қолынан шыққан автоматқа жасату жиілеп барады. Ондай тенденция, әсіресе, Роберт Шекли, Айзек Азимов, Генри Каттнер тағы басқалардың туындыларынан айқын көрінеді. Өз қоғамының құрылысына, өзін қоршаған ортаға наразылық білдірген қиялгер-жазушы адамға, адамның жақсылық жасай алу мүмкіншілігіне бірте-бірте күдік, күмән келтіреді. Соның ақыры барып, адам мен машина арасында проблема тудырып, адамды – машинаға, машинаны – адамға қарсы қояды.
Ал, біздің ӘФ-ның уағыздауы басқаша. Ол әлгіндей позицияға мүлде қарсы тұрады. Оның бір мысалы ретінде Т. Шахановтың “Люциос” атты шығармасын алуға болады. Ондағы идея – адамның қолынан туған нәрсе нендей бір игілікті іс жасамасын, солардың қай-қайсысында да адамға еліктеп, адамның жақсы қылықтарынан үлгі алып жасайды [121, 34-43 бб.].
Өнертапқыш Бек өзінше ойлап, өзінше шешім қабылдай алатын қабылеті бар Люциос атты робот жасап шығарады. Роботтың алдағы міндеті – жұлдызаралық ғарыш станциясын басқару. Соған дейін Бек оны талай сындардан өткізбек. Өнертапқыш, әсіресе, оның түйсіну, сезім қабылетін байқауға көбірек назар аударады. Сондықтан да тұрмысты сан қырынан көрсетуге тырысып, оны ел аралатып, көп қыдыртады. Бір күні қайыққа мініп, екеуі өзенде жүзеді. Бұл бір салдың үстінде ағып бара жатқан баланы көреді. Оның алдында – құлама. Бала одан өтіп кете алмауы хақ. Сөйткенше болмай, сал екіге бөлінеді. Бек өз қайығымен соңынан қуады. Жете алмайды. Суға сүңгиді. Робот та сүңгіп, баланы сол құтқарып алады. Робот пен оны жасаушы қол ұстасып, адам мен кісілік, достық пен әділеттілік, өмір мен ақиқат жөнінде әңгімелесіп, ауылға қайтады. Бұл – символ. “Адам мен машина арасындағы бітіспес қайшылық болады” деушілерге қарсы қоюға болатын символ. Адамзаттың үлгі тұта алатын символы. Бұл – гимн. Адамзатқа басқа жанды не жансыз материяның арнаған гимні. Адамның құдыреттілігін, мархаббаттылығын паш ететін гимн. Ғылымның құпияларын ашып, оларды адамзаттың кісілік талап-тілегіне, әлеуметтік, моральдық, этикалық нормаларға сай ұтырлы пайдаланатын адамға айтылар гимн.
Қазақ ӘФ прозасындағы бұлардан басқа да кейіпкерлер баршылық. Алайда оларды толыққанды әдеби қаһарман деп айтуға ертерек деп білеміз. Себебі: олар зертханаларда ма, халық шаруашылығының бір салаларында ма – әйтеуір, бір жаңалықтар ашып жатады, бір өнертабыстар жасап жатады. Алайда олардан әдеттегі адамдарға тән өзіне баурап алатын кісілік, мархабатты, жарқын мінездер көзге оттай басылып, көріне бермейді. Олардың басым көпшілігі тек бағдарламамен жұмыс істеп жатқан электронды машиналар сияқты. Ал, характер ашылмаған жерде әдеби бейне жоғы – әркімге де аян нәрсе.
Аталмыш тараудың “ӘФ – поэзияда” тараушасын қарастыруды Қорқыт атадан бастағанымызды қисынды деп білдік. Бұл тақырыпқа арналған осыған дейінгі фольклорда ауыздан-ауызға тараған жырлар – өзінше бір төбе. Жетіп жатыр. Ал, қазіргі замандас ақындарымызда ежелгі тарихқа үдере қалам тарту тенденциясы аңғарылады. Мұндай құбылысқа түрткі болған не нәрсе? Оның басты себебі Қорқыттың өлімнен зәре-құты қалмай қашатын пацефистігі болмаса керек. Оның басты себебі – Қорқыттың өмірге, мәңгілік тірлікке деген ұмтылыс-құлшынысы. Міне, осы проблема, мәңгілік болмаса да, қазіргі геронтология ғылымы айналысып жүрген шаруа – өмірді мүмкіндігінше ұзарту мәселесінің күн тәртібіне қойылып отырғаны деп білеміз. Аталмыш проблемаға алғаш мұрындық болған, яғни мәңгілік өмір фантастикалық идеясының катализаторы – Қорқыт ата.
“Күн-Желкен, немесе Қорқыт ата дастаны” деген күрделі кітаптың туындыгері С. Мұхтарұлының: “Қорқыттың арпалысы ажалменен// айналған күллі түркі мақтанына”, “Қорқыт ата – бабамыз бәріміздің.// Соның ойы, ілімі әлі біздің//қанымызда;// қан қайнар жүрегіңде// қуат күші тәрізді тәніңіздің”, “Қорқыт бабам ата жұрт мүддесі үшін// ғасыр бойы күрескен өлімменен…”, – деп жырлаған.
Тараушада халық аузындағы аңызға айналған тағы бір тұлға – Асан қайғы турасындағы фольклор мен солардан туындаған жазба әдебиеттің шығармалары қарастырылды. Өмірде болған Асан қайғының көкейіндегісі Қорқыттан басқарақ. Ол – “арман қоныстанған мекен” – Жиделібайсын, Жерұйықты іздеп, табу. Сол арманды Асаннан кейінгі Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, әсіресе Бұқар секілді бірсыпыра авторлар да өз творчестволарына тиек қылған. Жерұйық, Жиделібайсын немесе Утопия елін жырлауда Жамбылдың “Өтеген батыр” дастанының орны бөлек.
Келе-келе поэзия фантастикасының тақырыбы да басқаша өң ала берді. Енді ақын, жыраулар назары тұрмыстық-қоғамдық, әлеуметтік проблемаларға ауды. Бұл салада Махамбеттің өткір, уытты поэзиясы бастаған әлеуметтік құрылысты жаңарту мәселесін С. Мұқанов, С. Сейфуллин, М. Дулатов, І. Жансүгіров тағы басқа ақындардың туындылары қоштады. С. Ерубаев, М. Жұмабаевтар аталмыш проблемаға өзгешелеу қарап, лирикалық сарын қосты. Енді олар Жердегі арманды аспанға, Айға, тіпті жұлдыздарға “алып кетті”. Ал, Жердегі фантастиканың ендігі үлгісі С. Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасындағы “Болашақтағы Көкшетау” тарауы, Ә. Сәрсенбаевтың “Директордың ойлары” боп табылады.
Осылардай оптимистік арманмен қатар, қазақ ӘФ-сында пессимистік те қиял бой көрсететінін айтқан жөн. Мысалы, С. Дөнентаев: “Қиялым, лаға бермей, айнал бері,// Құлдарша өнімсізге етіп қортаң” немесе: “Батыр да, бай да болмақ ойы жалған”, десе, С. Торайғыров: “Бұл қалыпта “ғылымды пайдалы” деп,// Алғыс айтып тұрған жоқ жұрттың бәрі”, деп налитын жерлері бар.
Алайда С. Торайғыровтың “Адасқан өмір” поэмасын сонымен қатар, ғылымға, болашақ ғылымына жасаған щолу есебінде қабылдаған абзал. Бұл енді ХҮ ғасырдан бергі ақындарымыз жырлаған құрғақ арман, қиял емес. Мұнда нақтылы, ХІХ ғасыр басындағы іргелі, “дәлшіл” ғылымға деген арман бар.
Сонымен қатар қазақ ӘФ поэзиясының бастапқы тақырыбы – мәңгілік өмірді аңсау болса, кейініректе “қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын” заман мен жұмақ жер іздеу идеясы бел алды. Одан бері де ойдағыдай әділетті қоғам орнату тақырыбы жырланды. Кейінірек С. Сейфуллин, Ә. Сәрсенбаев, Т. Жароков творчестволарына көкейдегі арманды өмірдегі тұрмыс-тірлікке енгізілу мәселесі арқау болды. Қазіргі тұстағы поэтикалық ӘФ көбіне-көп Жерден тыс, “ғарыш асып кетіп жатқаны” байқалады. Оның алғашқы қарлығашы заңды түрде Т. Айбергеновтің “Космонавт монологы” лирикалық-фантастикалық поэмасы болып табылады.
Ал, “ӘФ – прозада” деген тараушасын тұжырымдай келгенде, бәрінен бұрын айтарымыз: ол, күллі қазақ әдебиетіндегі прозамен қатар ұлтымыздың әр заманға сай тыныс-тірлігін, бет-бейнесін көрсетеді. Адам қиялынан жасалған, қазақ топырағында “Жиделібайсын”, “Жерұйық” мағынасын беретін “Утопия” елі бұдан былай ӘФ прозасында ерекше бір салаға бастау алып, соның негізін салды. Сонымен қоса әдебиеттану әлеміне, қазіргі кең етек жайып келе жатқан “утопия” терминін сыйлады.
Енді Қорқыт ата мен Асан қайғының әдеби-көркем, романтикалық тұлғалары прозада да туып, сомдала бастады. Әлеуметтік фантастиканың армандық сипаттағы тұңғыш туындысы – “Қорқыт туралы аңыз” – прозада дүниеге келді.
Қазақ ӘФ-сы фольклордағы иесі беймәлім арманшыл аңыз, әфсаналар идеяларын нақтылы жазушылардың “творчестволық диірменіне салып”, жазба әдебиет жасау кезеңіне көшті. Бұл – ӘФ-ның күрделіленіп, жанр эволюциясының келесі, бұрынғыдан да байсалды, жоғары сатыға көшкенінің нышаны. Осындай жаңаша даму нәтижесінде топырағымыздың тағы бір аңызға айналған тұлғасы – Әкім Лұқман хақында Т. Сұлтанбековтың “Лұхман Хакім” новелласы дүниеге келді.
Бертіндері ӘФ, яғни қиялдағыдай бақытты қоғам құру турасындағы прозалық шығармалар жасауға алғаш С. Сейфуллин қалам тартты. Оның “Жұбату” новелласынан кейін С. Мұқанов (“Түсімде”), І. Жансүгіров (“Социализм болғанда ауыл қандай болады”) тағы да басқа авторлар осы бағытта жанрдың байи түсуіне елеулі қолғабыс берді.
М. Әуезовтің “Дос – Бедел дос. Хиял” драмасы ӘФ-дағы келісті бір жетістік боп саналады. Мұнда классик-жазушы өзінен жарты ғасыр бұрын Г. Уэллс ойлап тапқан Уақыт машинасының принципін қазақ фантастикалық драматургия арқылы сахнаға тұңғыш Тарих беті ретінде енгізген. Сол “Дос – Бедел достан” кейінгі жоспар күйінде қалған екінші бөлігі – “Елу жылдан соң”, “Жарым ғасыр соңында”, “Екі мың оныншы жылы” деген аттардың бірін қоймақ болған “План № 1” деген қолжазбасында да келешектің әлеуметтік шараларын қозғаған еді.
Ш. Әлімбаевтың “Данышпандық альфасы”, “Данышпандық субстанциясы” повесі және романындағы трагедиялық бейне – Мүсілім Қарағұлов – ӘФ-мыздың жаңа тұрпатты тұңғыш көрінісі. Бұл – ғылыми қоғам заңдылықтарына сиыспайтын қылықтары. Жанрдың активіне осы тектес С. Исақовтың профессор Лучкині мен Оскар Ларкі, Т. Сұлтанбековтың оқымысты Хасан Сапаровы мен Мицио Танидасы, М. Сәрсекеевтің Түнгі қонағы мен Шыңғыс Досжановы, Т. Шахановтың Луис Григ пен Жан Клоды… қосылды.
Сонымен, “ӘФ – прозада” тараушасында талданған дүниелерден мынандай түйіндеулер жасауға болады. Жанрдың аталмыш саласы мәңгі өлмес өмір турасындағы “Қорқыт ата проблемасы” мен жұмақ, экологиялық тұрғыдан таза мекен іздеуші “Асан қайғы проблемасынан” бастау алған. Келесі кезеңде ауыз әдебиетінің аңыз, әфсаналарын нақтылы авторлар өз творчествосына пайдаланып, жанр туындыларына қойылатын қазіргі талап деңгейіне дейін көтеріле алған шығармалар жасаған. Сонан соң қоғамдық-саяси шаралар тақырыбына қалам тартқан М. Әуезовтің фантастикасы ғалымдар арасындағы бітіспес конфликт проблемасына бастау болды. Ақыр-соңында ӘФ-да өздері тапқан ғылыми жаңалықтарын қоғамға қарсы, өз мүддесіне жұмсаушы қаскүнем ғалымдар да, ел игілігіне, жақсылыққа қолдануға ниеттенетін бекзат оқымыстылар біздің кейіпкерлер галереясына қосылды деп есептейміз.
Жалпы “ӘФ – әлеуметтік фантастика” тақырыбын тұжырымдау барысында А. Байтұрсынов айтпақшы, ғасырлар бойғы творчестволық дәстүрден таймаған ақындар, ғалымдар сияқты, болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды… Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жарып, өз ұйғарымынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды” /Шығармалары. – 224 б./. Оның айғақтығына әлеуметтік фантастикадағы поэзиядан көз жеткізуге болады.
ӘФ-ның поэзиясына қазақ әдебиетінің атақты ақындарының үлкен үлес қосқандарына көз жеткізсек, прозаны, негізінде, жас талапкерлердің бастағанын байқаймыз. Рас, өткен ғасыр басында фольклор мәнерімен повесть жазған Т. Жомартбаев, ғасыр ортасында памфлет түріндегі С. Ерубаевтың новелласы мен М. Әуезовтің драма-дилогиясынан басқа жанр қорындағы дүниелердің бәрі де – замандас авторлар. Бұлардың бір ерекшелігі – іргелі ғылым мамандарының аталмыш салада қалам тартуы. Соның арқасында ол қиялгерлер әлеуметтік тақырыпқа әр қырларынан келіп, бұл бағытта алғашқы онжылдықтардың өзінде әлемдік стандартқа талпынатын фантастика жасап үлгірді деп бағалар едік.
Достарыңызбен бөлісу: |