3. ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОЛЫН СОЗҒАНДАР
Болса да, болмаса да қонақжайлы халық екенімізді бәрі біледі ғой. Сол ғұрыпымыз фантастикамыздың творчесвосына да әсерін тигізіпті. (Бұл оншама жаман нәрсе болмаса керек). Әр автор өзін толғандыратын идеяның бірсыпырасын оқшаудан келгендердің іс-қимылымен байланыстырып беруге талпынады. Солардың бір дәлелін Рысбек Баймахановтың «Сүмбіледен келген бала» повесінен байқай алсақ керек.
...Сүмбіле жұлдызының Керан мен Нира атты екі планетасы бар. Біріншісінде өмір сүретін озық ойлы адамдардың қолынан жасалған роботтар, екіншісінде – Нира планетасына көшіп, сонда мемлекет құрады. Керандағылар ғарыштың тіршілік иелері мекендейтін Жер планетасын табады. Солармен қарым-қатынас жасамақ ой болады. Ол үшін байланысқа, жергілікті оқымыстылардың ұйғарымдарымен, балалар Алма, Нұра, Серттер шығады. Олар сәуле арқылы бейнелерін Жерге түсіріп, төртінші класс оқушылары Мұрат, Сәуле, Болаттармен танысады. Таяу арада ұшып келуге мүмкіндіктері жетіп қалатынын айтады. Алайда Нирадағы керандықтарға айғақ бір құпия – ой толқынының сырын ашуын талап етеді. «...Біз Күн планетасына жеткенбіз. Бізге негізгі қорек – адам миы, оның басындағы ақыл-ойы екендігін жақсы білесіңдер... Нирада тұтқында жатқан сан мың керандықтардың өздеріне қайтарамыз», – деп алдаусыратады. Тұтқындардың баяғыда қырылып қалғандарын білген құдіретті күші бар құпияда ұсталатын ой толқынын таратудың тәсілдерін үйретіп, Жер планетасын қатерге қимағандар – керандықтар – келісімге келмейді. Ұзамай Керанның тартылыс күші белгісіз себептермен өзгеріп, онда өмір сүруге болмайтынына көздері жетіп, ғарыштағы бір мекенге көше бастағандары жөнінде олар Жерге хабарлайды. «Ғарыштағы мекен елу-алпыс жылға төтеп бере алады. Сендердің уақыттарың бойынша жүз елу жылдай, сендер келіп құтқарасыңдар...» – деген болдың олардың соңғы сөздері. Бұл Жерге үміт артқандары...
Қазір Мұрат Сыздықовты баспасөзден жиірек көреміз. Оның «Күміс тозаң» («Білім және еңбек» журналы, 1982 ж., № 4) әңгімесінде Гродберг бастаған бір топ ғарышкерлердің Вероника бұрымы шоғырына сапары сөз болады. Командир жас космонавтарға мәлімдемей, сол шоғырдың бір планетасынан робот жіберіп, кемеге алдырған затын Еркінге ағынан жарылып айтады. «Ашығын айтсам, ана әумесерлерге жұмысшы роботтардың планетадан жарты тонна кристалл әкелгенін айтушы болма... Біздің алып келе жатқан кристалымыз алтыннан да қымбат. Бұл кристалдарда атомнан да, нейроннан да асқан ғаламат күш бар. Тек күн қараңғылағанда жарық шашатын тас сәулесі төңірегіне өлім уын себеді» . Өз еліне недей қауіпті жүк әкеле жатқанына кеш көзі жеткен Еркін енді командирін соққыға жығып, басқару пультін иеленіп, қалған сапарластарын құтқару кемесіне жөнелтеді. Өзі қатерлі кристалл тиелген кемені кері бұрады. «Сәлден соң бейтаныс планетаның бетінде күшті қопарылыс болды. Сол күні астрономдар Вероника бұрымының шоғырынан буалдырлана қалықтаған күміс тозаң байқайды». Өстіп, Жер планесының тағы бір өкілі ел-жұртын кырып-жоюға бағытталған бір айла үшін өзін құрбандыққа шалды. Кісілік үшін, гуманизм үшін жанын пида етті.
Космос қонақтары жөнінде жазуға үйірсектердің бірі – Раушанбек Бектібаев. Оның бір кейіпкері – Жер Квазаров ЭС – 400 квазарынан ұшып осында келеді. Алайда біздермен тіл табыса алмай, кері қайтып кетеді. Кетер алдында академик Есеновке жазған хатында: «Біз уақыттан озған жандармыз. Мүмкін, бір замандарда қайта айналып соғармыз», – дейді. Мұнысымен автор не айтпақ екенін түсіне алмадық... («Білім және еңбек» журналы, 1978ж., № 8).
Соңғы кездері фантастика саласында белсенділік білдіріп жүрген осы автордың кейіпкерлер галереясында Космонит планетасынан келген («Космонит» әңгімесі), бойына ешбір радиоактивті сәуле дарымайтын, ауасыз кеңестікте де тіршілік ете алатын өкілді қастандықтан аман алып қалатын капитан Абеков бар; бұдан ондаған миллион жыл бұрын Әлемдегі екі галактиканың жанасуынан пайда болған зиянды сәулені Жер планетасына жеткізбей, күшті лазер шоғымен ыдыраттыратын академик Алматов («Ғарыштан келген ұйқы» әңгімесі) бар...
Жат жұрттықтан келушілермен кездесудің әдісін «Цигара планетасының макеті» әңгімесінде («Пионер» журналы, 1981 ж., № 5) Қарлығаш Мыңжасарова өзінше тауыпты. Геолог әкесінің қобдишасындағы жасыл тас әлгі беймәлім планетаның макеті көрінеді. Ол жөнінде келімсек қыз Алифорта: «Сендер қобдишаны ашқан кезде, жасыл тас біздің қолымыздағы екінші жасыл тасты өзіне тартқан да, космолеттің еркі қолымыздан шығып кетті», – деп түсіндіреді. Цингарадағы роботтардың бас көтеруінен қашқан Алифорта туыстары басқа планетаға сапар шегеді. Жас автордың өз туындысы былай аяқтауына қосымша ештеңе айта алмаймыз: «Оның (жолдас қызы – А.-Х.М.) көздері жасаурап тұрды. Менің де көздерім жасаурап кетті. Цингара планетасын, Алифортаны екеуіміз де аяп келе жатыр екенбіз ғой...» Әдемі!
«...Ғаламдағы планеталардың барлығы да қос-қостан жаратылған. Олардың бірі дүниенің бір түкпірінде де, екіншісі Сатурнда кішігірім күйінде сақталады. Сатурнда планеталардың сыңары ұдайы сақталынады. Ол құпияны біріншілері білмейді әрине... Планеталар музейін бөгде жандар көріп қоймауы үшін Сатурнның сыртына ақ тұманнан сақина салып қойған». Міне, Анаргүл Қашағанованың «Қиялшыл баланың ақ боз аты, күміс күймесі» әңгімесіндегі («Пионер» журналы, 1982 ж., № 12) басты идея – осы. Мұнда да келімсектермен ілесіп бас кейіпкер Сатурнға кетеді. Шығармада біршама сәттерді балаларға тән қиял есебінде (авторы да 10 класс оқушысы) қабылдауға тиістіміз. Мысалы, космостан күміс күймені сүйреткен ақ боз аттың келуі; жұлдыз жолымен барып Сатурннан шықпақ ниеттері. Әрине, аталмыш планета біздің күн системамызда болғандықтан, әлгіндей бұрылыс траекторияға түсудің қисынға келмейтін белгілі. Алайда автордың басқа планетадан келгендерге жат көзбен қарамай, бауыр баспақ ниеті, осы позициясы ұнайды.
...Екі бала «Жартасты» деген биік шыңға өрмелейді. Кенет, жолда адам ұсқынындағы бір топ жан иелері тік жартасың құлама бетін үңгіп жатқанын көреді. Бір сары құтыдағы дүниелерін әлгі үнгірге тыққыштаумен жүрген олар да көлденең көзді байқайды. Олар қаладан келген Арман мен осы ауылдық баладан секем қалады. Арман аудармашы аппаратпен келімсектердің пікірлерін аударады. Сонда олар балалар қасына ұшып жетеді. Өздері Галактиканың арғы түкпірдегі Ақ және Қара деген қос планета тұрғындары екенін, ол мекендерінде кейбіреулердің шығарған соғыс жанжалы салдарынан космос тасқыны басталып, өздері бас сауғалап, тұс-тұсқа қашқандарын, таудағы үңгірге тасып жатқаны – өздеріне қажетті «өмір шырыны» екенін айтады. «Қос планетадан келген сары құты» («Пионер» журналы,. 1982 ж., № 12) әңгімесіндегі жерлік басты кейіпкер Арман төнген қос планетағыларға көмекке ұшып кетеді. 7 класс оқушысы Ғалия Құлжанованың әлі ұштала қоймаған қаламынан туған дүниеде адамдарының өздерінің әлсіз саналы тіршілік иелеріне деген уыз махаббатын, шынайы гуманизмін сеземіз.
Үйге берілген тапсырма сабақтарды орындаумен қатар, мектеп қабырғасында жүре қолына қалам алып, фантастикада өз қабілеттерін сынамақ болған осы үш балғын жастың тұңғыш туындыларында өзара ұқсастықтары байқалатынын жасырудың ешқайсымыз да ұтпаймыз. Олар әсіресе Жер планетасына түскен қонақтармен жерлестеріміздің кездесуі тәріздес ситуацияларда белгілі дәрежеде қайталаныстардан көрінеді. Дегенмен, әр әңгімедегі концовкалардың бөлекше келетіні балалардан алда әжептеуір дүниелерді күтуге итермелейді.
Т. Сүлейменов болса, ауыз әдебиетінің тәсілін пайдалануға тырысқан. Автор ертегінің ері Төстікті фантастикалық хикаяның арасында Шолпанға апартын («Пионер» журналы, 1983 ж., № 1). Ондағы Солтүстіктің патша қызы Лажаның тапсырмасын орындаса ғана Кенжекеймен таныспақ. Ер Төстік өзі жасамақ қарадүрсін сынақтарын тізіп жату артық. Ал ақыр-соңында қаншама «шаруа» тыңдырып қайтқан ер Төстік зайыбын сұм ажал алып кеткенін патша қызы Лажаннан есітеді. Өзі де о дүниеге аттана салады. «Ер Төстік Шолпанда» әңгімесінің соңғы сөйлемдері былай бітіде екен: «өлі молекулаларды жандандырып, адамды тірілтетін тәсілді Лажан патшаның қыздары тапқанша Ер Төстікпен қоштаса тұруға тура келеді».
Хош...Ертегінің ерлерін фантастиканың пайдасына жаратам деушілерге тыйымшылық жоқ. «Чапек утопиясындағы фантастиканың ертегінің көріністері көзге ұрып тұрады. Ғылым романтикасы мен асқақ арман романтикасы – оның фантастикасының егіз қозыдай егіз полюсі», – деген фантаст Карел Чапек жөнінде оның зерттеушісі О. Малевич. Біз авторымыз турасында олай дей алмас едік. Себебі ме?
Бірншіден: «өлі молекулалар» деген болмаса кеек.
Екіншіден: ең бастысы – Төстіктің тентіретіп жерден апарып, Шолпанға апарып құл қылғандағы мақсаты не? Шолпандағы мықты деген ғалымдар (ол планетада саналы тіршілік иелері жоқ екенін баяғыда дәлелдеген еді) тірілтіп алады деу ме? Мұндай идеялардың балалардың алдына кесе-көлденең тартудың иіні келмес деп білеміз. Оның үстіне еріміз Шолпанға ауыз тұшытымды батырлық жасағанын көрмейміз.
Қазіргі фантастикаға (әсіресе осы салада) «жүрегі дауалап» барып жүрген қызымыз да – Нәрбинь Кенжеғұлова бар. Бел шешіп кірісіп кетсе, бір кісідей шаруа бітіріп тастайтынын Нәрбиннің тырнақалды туындыларынан байқадық. Кез келген фантастқа тән болуға тиіс компоненттерді түгелдей қамтумен қатар, тіл ұшына алып отырған жас жазушы өзінің ұнатқан кейіпкерлеріне ерекше, аналық мейірін төге біледі екен. Сол тірі жанға ізгілік, жақсылықтан басқаны ойламайтынын да, мойындамайтынын да автор ана жүрегінің лүпілін «Мәңгілікке бір қадам» («Жалын» альманағы, 1982 ж., №3) әңгімесінен көруге болады. «Адамзаттың жүрегі кіршіксіз таза, ниеті адал болуы шарт. Сонда олар өзінің ұлылығын сезінбек, ал ұлылығын сезінген жан бойындағы бар жаманшылығынан арылады». Автор осы позицияны сәтті ұстап алған. Сондықтан да өз қаһарманы Мұратты бөтен өлшемдегі Дазия планетасынан сары шармен келген жасы өзімен қатарлас баламен фантастикалық сапарға жетелейді. Жерге басқа елдік қонақ баланың аузына: «Адамдар, соның бірі өзіңсің, көп нәрсені өзгерте алады. Өйткені: телекинез, телепатия қабілеті бар. Сендер сол ойдың сырт бейнелеріңді өзгерте аласыңдар...» – деп Мұраттың қабілетін анықтап береді. Сол қабілеттің арқасында екеуі АҚШ-тың Невада штатындағы Пентагонның ең ірі ядролық қару сақтайтын қоймасының көзін жояды. Дүние жүзілік бейбітшілік үшін Жер планетасының тыныштығы үшін. Шығарма соңында: «Адамдар – ұлылық иесі, ал ұлылар әділдік, адалдық жағында», – дегенді ту ғып көтерген Мұратты танимыз. Оны әманда қолдаймыз.
Н. Кенжеғұлованың «Ізгілік аспан астындағы үш күн» әңгімесіндегі («От-тас» жинағы) беймәлім түкпірдің қонағы Арен көгілдір планетаға түседі. Бұған дейінгі оның өмірлік девизі – «Сен берген сертіңе адал болуың керек. Бар мақсатың – сол үшін жаңа жерлер, тың байлық көзін табу. Оған жеткізетін жалғыз сенімді досың – қаны қарайған қастық, қырып-жою. Ал қазір дұшпаның – аяушылық... Бүкіл әлемде бізден күшті, айлалы әрі қатыгез ешкім жоқ. Біз – Әлем әміршісіміз!»
Осындай сеніммен Көгілдір планетаның топырағын басқан Арен мұнда Жер өкілдерінің игілікті істер жасап жатқаның куәгері болады. Осыған дейін аяушылық, ізгілік атаулыны хас жауы тұтатын қонақ өз еліне әдемі атаулының қандай екенін, саналы тіршілік иелеріне тек жақсылық ойлау керек деген ниетті жеткізуге асығады. Міне, сөйтіп, гуманизмнің тағы бір хабаршысы ғарыш көгіне аттанады...
Осыған дейін әдемі сезімді өлеңдермен, зерделі сыни мақалалармен оқырман назарына жиі ілініп жүрген Тұрсын Жұртбаев фантастикаға басқа бүйірінен келіпті. Әзірше біздер үшін бейтаныстау прозамен фантастикалық поэма жазған: «Көгілдір әлем». Мұнда да кіндікті ой – гуманизм. Автордың басты кредосы бір кейіпкерінің мынадай сөздерінен табылады: «Адамның ұлылығы жеткен жерге залымдығы да бойлауды екен-ау. Сүт иісі аңқыған балғын тәннен қанның шып-шып шығарын ойлаған пенде бар ма? Пәк жанды қыршындар қандай қасиет жолында қырқысып. Талан-таражға салынуда, қандай... – деді түтігіп». («Бесқарағай», 1982ж., 85-бет). Поэмада Көгілдір әлемге жолаушылап кеткен жеті жастың бірі (үнділік бала) американдық таным белгісі бар ғажайыптан келген кемеге мініп, атом өрісін таратып, өз жолдастарына қастандық жасайды. Соның кесірінен Сұңқар туған Жеріне қайта алмай қалады. Ал аман-сау оралғандары – үнділік Капур мен американдық Ричард – өз еліндегі әділетсіздікке жаны қас боп кетеді.
Міне, өсіп, Әлемнің бір түкпірінде болуы мүмкін иттіктен Т. Жұртбаевтың ақын жаны жылан сақтандырса, ақын інісі Байбота Серікбаев оны қостап:
«Қара Жер көп ұлынан қатер ұқты,
көп ұлы Жерге БАҚЫТ әперіпті!
Дариға-ай,
Қандай бақыт адам үшін
ЕКІНШІ ҚАЙТАЛАМУ ҚАТЕЛІКТІ!..» –
деп толықтыра түседі. Жас ақынның осы үзінді келтіріп отырған «Жер шақырады» атты фантастикалық поэмасында да сол баяғы гуманизм жырланады. (Б. Серікбаев, «жұлдызым жоғары». 1981 ж., 78-бет). «Мен қазір жұлдыздарда жүрсем-дағы, мақтан қып айта аламын сол халықты!» деген жолдары тұтас шығармасының лейтмотиві іспетті.
Достарыңызбен бөлісу: |