35.Арнайы даму орны жоқ эпителий iсiктерi, қатерсiз, қатерлi. Рак, және оның түрлерi. Ж: Бұл ісіктер кез келген жалпақ не безді эпителиден дамиды. Олар қатерсіз жəне қатерлі болып екі топқа бөлінеді.
Қатерсіз ісіктер. Эпителиден пайда болатын, арнайы даму орны жоқ, қатерсіз ісіктерге папиллома мен аденома жатады.
Папиллома (латынша papilla – бүртік) жалпақ жəне өтпелі эпителиден өсіп шығатын ісік. Ол теріде, ауыз, мұрын қуысында, көмейде, бүйрек астауында, қуықта, сүт бездерінің өзектерінде, ми қарыншаларының ішінде өседі. Папиллома көлденеңі 1 сантиметрге дейін болған түйінше түрінде кейде сабақшаға ілінген полип тəрізді терінің не шырышты қабықтарының үстінде жайғасатын ісік, оның сырты бүртіктеніп тұрады. Микроскопта қарағанда осы бүртіктерді көп қабатты эпителий қаптап жатқаны, эпителий қабатының қалыңдығы əр түрлі екендігі, оның беткей бөлігінде гиперкератоз, дискератоз кұбылыстары көрінеді.
Аденома – безді ағзалар эпителиінен, олардың өзектерінен өсетін ісік. Ол айналасындағы тіндерден жақсы шекараланған, үлкендігі бірнеше миллиметрден, ондаған сантиметрге жететін, жұмсақ ісік. Аденомалар өсіп шыққан жеріндегі тіндерге ұқсас құрылымдар түзеді. Оның түрлері: 1) белдеулі (трабекулалы) аденома ісік жасушаларының бір-біріне жақын жатқан таяқша тəрізді құрылымдар түзуімен сипатталады; 2) түтікті (тубулярлы) аденомада эпителий жасушалары бір-бірімен бірігіп түтікшелер түзеді; 3) альвеолалы (немесе ацинарлы) аденома қуыстары біраз кең безді құрылымдардан тұрады; 4) бүртікті аденомалар кең қуыстарда эпителидің бүртіктер түзіп өсіп кетуімен жəне бұл қуыстарда көп мөлшерде сұйықтық жиналып қалуымен сипатталады. Жасушалардың ядролары базалды бөлігінде жайғасқан, ұзынша, гиперхромды боялған. Аденоманың бұл түрі көп ретте қатерлі ісікке айналып кетеді.
Егер аденома құрамында эпителиден көрі дəнекер тін өсуі басым болса, бұл ісікті фиброаденома деп атайды.
Қатерлі ісіктер. Эпителиден туындайтын қатерлі ісікті карцинома деп атайды. Карцинома адамдағы қатерлі ісіктің түрі, ол түйін түрінде, не жайыла өскен, ақшыл реңдегі ісік, қатты, кейде жұмсақ болады. Əрбір ағзаның карциномасы өзіне тəн морфологиялық көріністерге ие. Рагты жіктегенде оның микроскоптық өзгерістері есепке алынады. Осы принцип бойынша карциноманың мына түрлерін ажыратады: 1) «эпителиішілік карцинома»; 2) жалпақ жасушалы; 3) безді; 4) шырышты; 5) солидті; 6) майда жасушалы; 7) фиброзды; 8) медуллярлы карцинома.
«Эпителиішілік карцинома» немесе «Carcinoma in situ» эпителий қабатының ішінде өсетін карцинома, көпке дейін айналасындағы тіндерге бойлап кірмейді. Микроскоппен қарағанда жасуша атипизмін, көптеген митоздарды көреміз.
Жалпақ жасушалы (эпидермалдық) карцинома терінің, шырышты қабаттардың жалпақ не өтпелі эпителийінен өсіп шығады. Бұл карцинома безді ағзалар эпителийінен, мысалы, бронхтарда, асқазанда метаплазия жолымен де өсіп шығуы мүмкін. Екі түрін ажыратады: түлеуші жəне түлемеуші карцинома. Егер ісік жасушалары түлеу қасиетін сақтаған болса, олар ісік арасында інжуге ұқсас, қабат-қабат жайғасқан құрылымдар түзеді, оларға «карцинома інжулері» деп ат берілген .. Жалпақжасушалы карциноманың түлемейтін түрі ірі, ядролары үлкен көп пішінді жасушалардан түзілген, олардың арасында митоздар көп. Орын толтыру және бейiмделу процесстерi, мәнi, биологиялық және медициналық маңызы.
Безді карцинома (аденокарцинома) ең жетілген карцинома қатарына жатады. Ол безді ағзалардық шырышты қабықтарының призмалық немесе текше тəрізді эпителиінен өсіп шығады. Ісік жасушалары көппішінді атипиялық безді құрылымдар түзіп айналасындағы тіндерге бойлай өседі. Ісік жасушаларының ядролары үзынша, базалды жайғасқан оларда митоздар көп, бездерінің негізгі мембранасының бүтіндігі бұзылған. Ісік жасушалары ацинустық, сорғыштық, тубулярлық құрылымдар да түзе алады
Шырышты (коллоидты) карцинома ісік жасушаларының көп мөлшерде шырышты сұйықтық бөліп шығарумен сипатталады. Ісік ұстап көргенде іркілдеп тұрады, микроскоппен қарағанда шырышпен не коллоидпен толған қуыстар ішінде карцинома жасушалары көрінеді. Жасуша ішіндегі сұйықтық олардың ядросын шетке ығыстырып ісік жасушалары жүзікке ұқсап қалады (жүзік тəрізді жасушалар). Шырышты карцинома жетілмеген карциноманар қатарына жатады.
Солидті карцинома (латынша solidum – қатты) аса тез өсетін ісіктер қатарына жатып, микроскоппен қарағанда бір-біріне тұтаса жатқан, аралары дəнекер тінмен бөлінген эпителий жасушаларынан түзілген. Ісік жасушаларының арасында митоздар көп. Ісік жасушалары коллаген затын түзе алу қабілетіне ие, сол үшін ісік қатты.
Майдажасушалы карцинома жетілмеген карциноманар қатарына жатып, көбінесе өкпеде кездеседі. Ісік жасушалары майда, ядролары гиперхромды боялған лимфоцит тəрізді домалақ немесе арпа дəніндей сопақша, ядрошықтары көрінбейді, ешқандай құрылымдар түзбейді.
Фиброзды карцинома (скирр) сүт бездерінде, асқазанда көбірек кездеседі, өте қатерлі, ерте метастаз беретін карцинома. Ісік жасушаларымен бір қатарда дəнекер тін көп өсіп кеткен, сондықтан ұстап көргенде қатты.
Медулярлы (аденогенді) карцинома ми тəрізді ақшыл жəне жұмсақ ісік. Микроскоппен қарағанда ісікте стромаға қарағанда, паренхима (жасушалар) басым болады. Жасуша атипизмі өте күшті болғандықтан, ісік тез өсіп, некрозға ұшырайды.