12 ТАҚЫРЫП. АЗАМАТТЫҚ ІСТІ СОТТА ҚОЗҒАУ Талап қою. Талап арыз. Талап арызды қабылдау. Азаматтық істі қозғаудың құқықтық салдары.
Дәріс Талап қою. Азаматтық істі қозғау - бұл жалпы іс жүргізудің бірінші және өте маңызды бөлімі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 13-бабына сәйкес, әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы. Әрбір процессуалдық қорғау тәртібі әртүрлі процессуалдық құралдармен қозғалады. Субъективті азаматтық құқықтық қорғау бойынша сот қызметін қозғалудың негізгі құралы талап қою болып табылады.
Сот субъективтік азаматтық құқықты және жеке мүддені талап қою формасы арқылы қорғайды. Азаматтық іс жүргізу құқығындағы талап дегеніміз бірінші сатыдағы сотқа даулы азаматтық субъективтік құқық немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау туралы талап қоюды айтады. Талап қою құқық қорғаудың құралы екені барлық заңгер-ғалымдармен мойындалады. Бірақ, оның мазмұны әртүрлі қабылданады. Бір топ ғалымдар осы институттың процессуалдық жағын бөліп қарастырады, ал екіншілері материалдық жағына үлкен көңіл бөледі. Талап объективті құқықты қорғау құралы ретінде – бірегей түсінік және күрделі құқықтық құбылысты құрайды, оның табиғаты материалдық және процессуалдық жақтарына талдау жүргізу арқылы ашылуы мүмкін. Ең алдымен, талап - бұл жауапкерге оған тиесілі міндеттерді орындау немесе құқықтық қатынастың бар-жоғы туралы талапкердің қоятын материалдық-құқықтық талабы. Талап процессуалдық жағынан бұзылған субъективтік құқықты қорғау туралы сотқа қойылатын талап ретінде түсіндіріледі. Талап ету талап сипатына ие болуы үшін келесілер қажет:
мүдделі адамның сотқа жолдануы;
белгілі бір материалдық-құқықтық талаптармен борышкерге қатысты шағымдану.
Заңмен белгіленген шарттар негізінде талап қою құқығын жүзеге асыру және азаматтық іс қозғалуы мүмкін жағдайлар талап қою тәртібі деп аталады.
Мұндай шарттар болып келесілер табылады:
істің қай сотта қаралуы (соттылық);
талапкердің әрекет қабілеттілігі;
істі жүргізу үшін өкілдің өкілеттігі тиісінше рәсімделген болуы қажет;
арыз нысанының және мазмұнының заң талабына сәйкестілігі, арыздың көшірмесі, ал қажет жағдайда оған қоса басқа да құжаттар тіркеледі.
Талап арыз. Талап қою сотқа талап-арыз беру жолымен жүзеге асады, ол талап қоюдың сыртқы нысаны болып табылады. Талап қою құқығын жүзеге асыру тәртібі заңмен қатаң реттелген.
ҚР АІЖК талап –арызды сотқа жазбаша нысанда беруді талап етеді. Арызда қажетті мәліметтерді көрсетуі керек.
Арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) талап қоюшының атауы, оның тұрғылықты жері немесе егер талап қоюшы ұйым болса, оның тұрған жері мен банктік реквизиттері, сондай-ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы мен мекен-жайы;
3) жауапкердің атауы, оның тұрғылықты жері немесе егер жауапкер ұйым болса, егер талап қоюшыға белегілі болса, оның тұрған жері мен реквизиттері;
4) талап қоюшының құқықтарын, бостандыөтарын немесе заңды мүдделерін және оның талап қою талаптарын бұзудың немес бұзу қаупінің мәні;
5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы;
7) арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуі тиіс.