Талап арызды қабылдау. Талап қою және соттың оны өз өндірісіне қабылдап алуы процессуалдық және материалдық –құқықтық салдарға әкеледі. Талап қоюдың негізгі процессуалдық салдары осы сәттен азаматтық іс жүргізудің пайда болуында. Талап-арызды сотқа беру талапкер мен сот арасында процессуалдық құқықтық қатынастардың пайда болуына бағытталған процессуалдық әрекеттер (заңды факт) сипатына ие болады. Істі қозғау мүдделі адамның да, судьяның да қалауымен анықталады. ҚР АІЖК 152-бабында талап-арызды қабылдай отырып, судья азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады делінген. Осы сәттен бастап нақты іс бойынша іс жүргізу басталады.
ҚР АІЖК-де талап-арызды қабылдаудан бас тарту негіздерінің тізбесі берілген. ҚР АІЖК-нің 153-бабына сәйкес судья талап-арызды қабылдаудан бас тарта алады, егер:
1) арыз азаматтық сот өндірісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол пән және сол негіздер бойынша шығарылған соттың заңды күшіне енген шешімі немесе талапкердің талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша сот ісін жүргізуді тоқтату туралы немесе тарптардың бітімгершілік келісімін бекіту туралы сот ұйғарымы болса.
Судья арызды қабылдаудан бас тарта отырып, бұл туралы дәлелді ұйғарым шығарады. Ұйғарым талапкермен шағымдалуға жатады.
Талап қою құқығының болмауына байланысты талап арызды қабылдаудан бас тарту сол іс бойынша қайталап сотқа жолдануға тиым салады.
ҚР АІЖК-нің 154-бабына сәйкес талап арызды беру талаптары сақталмаса судья арызды қайтару туралы ұйғарым шығара алады. Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Егер де талап арызды беру талаптары орындалса, онда талап арыз қабылданып, азаматтық іс қозғалуы тиіс.