6.Кәсіпорын төлейтін салықтардың сипаттамасы.
Мемлекеттің экономикаға ықпал ететін экономикалық тетіктердің бірі салықтар болып табылады. Салықтар арқылы мемлекет кәсіпорындардың табыстары мен пайдасының қалыптасу процесіне ықпал етеді, инвестициялық қызметті ынталандырады, сыртқы экономикалық сфераны реттейді. Салық салу – бұл заңды немесе жеке тұлғалар мен мемлекет арасындағы табыстардың бөліну жүйесі. Салықтар – мемлекетпен (өкілетті орган тұлғасында) бір жақты тәртіпте және тиісті құқықтық формада орнатылған, салық төлеушімен белгілі бір тәртіпте және мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз, эквивалентсіз және тұрақты сипатта болатын, оларды төлеу мемлекеттік мәжбүрлеу шараларымен қамтамасыз етілетін міндетті төлем.
Әрбір салық бойынша оның төлеушісі, салық салу нысаны, мөлшерлемелері, төлеу тәртібі мен жеңілдіктер анықталады.
Сурет 1. Салық салу тәртібі
-
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады. Кәсіпорындарға салық салу ҚР Салық кодексімен реттеледі.
Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі деп танылады, оған орай салық төлеуші салық органында тіркелу есебіне тұруға, салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындауға, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, сондай-ақ олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді есептеуге және төлеуге, салықтық нысандарды жасауға, салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды салық органына белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті.
Мемлекеттің салық органы арқылы салық төлеушіден (салық агентінен) оның салық міндеттемесін толық көлемінде орындауын талап етуге, ал салық міндеттемесі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда осы Кодексте көзделген тәртіппен оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.
Мүлік пен іс-әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) олардың негізінде салық төлеушінің салық міндеттемесі туындайды.
Салық базасы салық салу объектісінің құн, физикалық немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасы айқындалады.
Салық мөлшерлемесі салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемді есептеу жөніндегі салық міндеттемесінің шамасын білдіреді.
Салық мөлшерлемесі салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне пайызбен немесе абсолютті сомамен белгіленеді.
Салық кезеңі деп салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлеріне қатысты белгіленген уақыт кезеңі түсініледі, ол аяқталған соң салық салу объектісі, салық базасы айқындалады, салықтың және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдердің сомасы есептеледі.
Қазақстан Республикасындағы салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері:
Салықтар
корпоративтік табыс салығы;
жеке табыс салығы;
қосылған құн салығы;
акциздер;
экспортқа рента салығы;
жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
әлеуметтік салық;
көлік құралы салығы;
жер салығы;
мүлік салығы;
ойын бизнесі салығы;
тіркелген салық;
бірыңғай жер салығы;
2) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер:
мемлекеттік баж;
алымдар;
тіркеу алымдары;
автокөлік құралының Қазақстан Республикасы аумағымен жүргені үшін алым;
аукционнан алынатын алым;
жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;
телевизия және радио тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беру үшін алым;
азаматтық авиация саласындағы сертификаттау үшін алым;
мыналар:
жер учаскесін пайдаланғаны үшін;
үстіңгі көздерден су ресурсын пайдаланғаны үшін;
қоршаған ортаға эмиссия үшін;
жануарлар әлемін пайдаланғаны үшін;
орманды пайдаланғаны үшін;
ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін;
радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін;
қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты бергені үшін;
кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны үшін;
сыртқы (көрінетін) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақылар қолданылады.
Халықаралық шарттарды қолдану мақсаттары үшін қосылған құн салығы, акциздер - жанама салықтар деп танылады.
Салықтың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және республикалық бюджет туралы заңда айқындалған тәртіппен тиісті бюджеттердің кірістеріне түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |