Екiншi бүкiлқазақ съезі бір ауыздан мынадай қаулы қабылдайды :
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Амудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2) қазақ-қырғыз автономиясы — «Алаш» деп аталсын…
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі -— суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын…
5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі.
6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын. Алаш ордасының мүшесі 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырдырылсын делінді.
Алаш орданың уақытша орны — Семей қаласы.
Қазақ-қырғыз автономиясын жариялау мерзімі туралы қызу пікірталас туып, Ә. Бөкейханов бастаған топ: «ортамызда тұрған басқа халықтармен ақылдасып және милиция құрғанша тоқтата тұрайық» — десе, Досмұхамедовтер бастаған топ «дереу жариялансын!» дейді. Артынан екі жақ ымыраға келіп, біраз шартпен автономияны жариялау Алаш Орда үкіметіне жүктеледі.
Қазақ зиялылары Алаш автономиясын аяғынан тік тұрғызу үшін және большевиктермен күресу мақсатында ұлттық әскер құру және кеңестерге қарсы әр түрлі саяси күштермен одақтасу ісіне үлкен мән берді. Съез бұл мәселені жан-жақты талқылап, қазақ милициясының әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға әскер ғылымын үйрету және қажетті заттармен (қару-жарақ, қаржы, көлік және т.б.) қамтамасыз ету тәртібін анықтап, «26 500 адам тіркелген халықтық милиция құрылуы қажет» деген қаулы қабылдады. Бұл идеяны Алашорда үкіметінің мүшесі заңгер Жүсіп Ақпаев ұсынды. Әскер құру ісіне қажетті қаражатты 6 облыстың қазақтары есебінен алатын болды. Алашорда үкіметі Ұлт кеңесіне мүшелер сайланған соң Алашорданың төрағасын сайлау мәселесі өткізілді. Оған Әлихан Бөкейханов Бақтыгерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев түсті. Сайлау қорытындысы бойынша 79 дауыстан 40 дауыс жинаған Ә.Бөкейхан Алашорданың төрағасы болып сайланды. Бұдан соң оқу комиссиясының құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сайланды. Бұл съезд ғасыр басынан бергі ұлт-азаттық қозғалысының ұлы қорытындысы болды. Ол өзінің тарихи маңызы жағынан ұлтымыздың сан ғасырлық өміріндеғі аса маңызды оқиғалардың қатарынан орын алады
Достарыңызбен бөлісу: |