Гликогеннің синтезделуі Клеткадағы көмірсулар тотығу және энергия бөлу үшін ең тиімді субстрат. Бірақ клетка энергетикалық материал ретінде глюкозаны қор үшін жинай алмайды. Әсіресе қаңқа бұлшық еттерінде және бауырда қор үшін жиналатын тиімді көмірсу - гликоген. Қандағы глюкозаның айтарлықтай бөлігі осы ұлпаларда жиналады да, гликогенге айналады. Бұл процесс гликогенез (гликоген түзілу) деп аталады. Гликогенез шағын мөлшерде жануарлардың барлық ұлпаларда дерлік кездеседі.
Гликоген мөлшері шикі бауыр массасының 10% шамасындай, ірі қара бауырында 5% аспайды. Бұлшық еттегі гликоген мөлшері аз, 0,5% жуық. Жануарларды көмірсулармен тойғанша азықтандырғанда бұлшық еттегі оның мөлшері 2% дейін жетеді. Гликоген бауырдың беткі жағында түйіршік ретінде жиналады, бірақ бауыр жұмысын бұзбайды.
Жануарлар аш болғанда бауырдағы гликоген тез шығын бола бастайды да, 24 сағат ішінде мүлде таусылады. Ал көмірсуларға бай азықтармен, әсіресе глюкозамен қоректендірген кезде гликоген қалпына келеді. Қалыпты жағдайда бауырда және бұлшық еттерде гликоген синтезі және оның ыдырауы үнемі болып жатады. Жануарлар ашыққан кезде бұлшық ет ұлпасында гликоген бауырдағыдай тез таусылмайды.
Бұлшық еттегі және бауырдағы гликогенез процесі бірдей жолмен, глюкозо-6-фосфат және УДФ-глюкоза арқылы жүреді деп топшылайды. Өйткені, бұл екі ұлпада да бірдей ферменттер табылған. Дегенмен, бауыр ферменттері мен бұлшық ет ферменттері құрылымында және олардың активтілігін реттеу механизмінде айырмашылық бар. Мұндай ферменттік ерекшеліктерге тереңдемей, бұлшық еттерде және бауырда гликогеннің түзілуін қысқаша қарастырамыз.