10-тақырып. ФОСФОР ТЫҢАЙТҚЫШТАРЫ
Дәрістің мақсаты - келесі сұрақтарды зерттеу:
1. Фосфор тыңайтқыштарын жіктеу.
2. Фосфор тыңайтқыштарының қасиеттері, топырақпен әрекеттесуі, сіңірілу түрлері, өсімдіктер үшін сіңімділігі және оны анықтайтын факторлар.
3. Солтүстік Қазақстан топырақтарында фосфор тыңайтқыштарының тиімділігі (ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі мен сапасына әсері), оларды қолдану ерекшеліктері (ауыспалы егістегі енгізу орны, мерзімі, әдістері және технологиясы).
4. Солтүстік Қазақстан үшін келешегі бар фосфор тыңайтқыштары.
5. Дақылдардың фосфор тыңайтқыштарына қажеттілігін анықтау әдістемесі.
Фосфор тыңайтқыштары ерігіштігіне және өсімдікке сіңімділігіне қарай үш топқа жіктеледі:
1. Суда еритін фосфор тыңайтқыштары - жай суперфосфат, қос суперфосфат, байытылған суперфосфат, суперфос (бұл тыңайтқыштардағы фосфор өсімдікке жақсы сіңімді).
2. Әлсіз қышқылда еритін фосфор тыңайтқыштары – преципитат, фторсызданған фосфат, томасшлак, мартенді фосфатшлак, балқытылған магний фосфаты, термофосфаттар (бұл тыңайтқыштардағы фосфор өсімдікке сіңімді).
3. Күшті қышқылда еритін фосфор тыңайтқыштары - фосфорит ұны, сүйек ұны, вивианит (бұл тыңайтқыштардағы фосфор көптеген өсімдіктерге қиын сіңімді).
Жай суперфосфат – Ca(H2PO4)2*H2O+2CaSO4*2H2O, екі түрі шығарылады: ұнтақталған (құрамында 14-19,5 % сіңімді P2O5) және түйіршіктілген (19,5-22 % P2O5). Жай суперфосфат құрамында 5,5 %-ға дейін бос фосфор қышқылы, 40 % гипс (CaSO4) болады. Күңгірт-сұр немесе ашық-сұр түсті, суда еритін тыңайтқыш.
Байытылған суперфосфат – құрамында 23,5-24,5 % сіңімді P2O5 бар.
Қос суперфосфат – Ca(H2PO4)2*H2O, универсалды фосфор тыңайтқышы, құрамында 42-49 % сіңімді P2O5 бар. Құрамында 2,5 %-ға дейін бос фосфор қышқылы болады. Күңгірт-сұр немесе ашық-сұр түсті, суда еритін түйіршікті тыңайтқыш, жақсы шашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |