Кальций жетіспеген жағдайда қанқаның дамуында елеулі бұзылыстар байқалады.
Сүйекте үнемі күрделі өзгерістер жүріп жатады. Сүйек ұлпасының морфофункционалдық қасиеті ағзадағы бұлшық ет қызметіне, қоректік заттарға, ішкі секреция бездерінен бөлінентін гормондарға, адам жасына байланысты өзгеріске ұшырап отырады. Сүйектің құрамында көп мөлшерде су мен липидтер болады. Сүйек ұлпасының жіктелуі.Сүйек ұлпасындағы аралық заттардың құрылыс ерекшеліктері мен физикалық қаситеттерін негізге алып, үш түрге ажыратады: 1. Ретикулофиброзды – ірі талшықты; 2. Пластинкалық – қабыршақты; 3. Дентинді.
Ретикулофиброзды немесе ірі талшықты сүйек ұлпасындағы жасуша аралық заттардың талшықтар ірі және әртүрлі бағытта ретсіз орналасқан. Мұндай ірі талшықты сүйек ұлпасы ұрықтарда және жаңадан туылған жануарларда кездеседі. Жануарлардың өсіп дамуы кезінде ірі талшықты сүйек жіңішке коллагенді фибрилдері параллелді орналасқан пластинкалық сүйекке айналады.
Пластинкалық немесе қабыршақтысүйек ұлпасының негізін коллагендік фибрилдердің тығыз шоғырынан тұратын сүйек пластинкалары құрайды. Пластинкалық сүйек ұлпасының құрылысы күрделі. Бір пластинкадағы барлық фибриллалар бір-біріне параллель орналасады. Көршілес екі пластинкадағы фибриллалар бір-біріне 90º бағытта, яғни перпендикулярлы орналасады. Кейбіреулері бір пластинкадан екіншісіне өтіп, олардың тығыз байланысын қамтамасыз етеді. Пластинкалардың ішінде сүйектің жасушалары да орналасады.
Пластинкаларының орналасуына қарай бұл сүйекті екі түрге бөледі: 1. Кеуекті пластинкалық сүйек; 2. Тығыз пластинкалық сүйек. Екі жағдайда да қан тамырлары мен жүйкелер тығыз байланысып, тұтас жүйе құрайтын пластинкалардан тұрады.
Кеуекті немесе трабекулалық сүйек трабекула деп аталатын, бір-бірімен байланысып жататын жіңішке сүйек элементтерінен тұратын тор. Трабекулалардың орналасуы сүйекке әсер ететін салмақтың бағытына сәйкес келеді. Кеуекті сүйек ұрықтар мен өсуші ағзаға тән, ал ересек ағзада жіліктердің эпифиздерінде сақталады. Эпифиздердің кеуекті заттарында пластинкалар бір-біріне бұрыштар жасап орналасады, арасындағы ұяшықтарда сүйектің қызыл кемігі орналасады.