80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауаптылықта болуға;
2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар бар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру мен оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз организмінің жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау бойынша сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медициналық персоналды айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де ауруларының өздерінде бар екендігі туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.
71-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық 1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық ынтымақтастық мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен халықаралық интеграциялық бірлестіктердің ресми өкілдерімен денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды, халықаралық сипаттағы іс-шараларға қатысуды, халықаралық шарттар әзірлеуді қамтиды.
3. Денсаулық сақтауды басқару органдарының, денсаулық сақтау субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің денсаулық сақтауды басқару органдарымен, шетелдік кәсіпорындармен, мекемелермен және ұйымдармен тікелей байланыстар орнатуға құқығы бар.
4. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жасалатын, оның ішінде денсаулық сақтауды басқару органдары, денсаулық сақтау субъектілері жасасатын келісімдер, шарттар адамның және Қазақстан Республикасы азаматтарының халықтың денсаулығын сақтау саласындағы құқықтары мен бостандықтарын шектемеуге тиіс.
72-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары:
1) денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау;
2) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
3) мемлекетаралық деңгейде денсаулық сақтау саласында инвестициялар тарту және техникалық көмек көрсету;
4) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету;
5) халықаралық инновациялық технологияларды ендіру және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту арқылы медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру;
6) әлемдік медицина және фармацевтика ғылымына интеграциялану;
7) еңбекші көшіп-қонушыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
8) денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі, ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимыл;
9) төтенше ахуалдар туындаған кезде денсаулық сақтау саласында халықаралық көмек көрсету және алу;
10) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласында ақпарат, технологиялар алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды үндестіру;
11) халықаралық медициналық-санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес шекараны санитариялық қорғау, әкелінетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.