Дәрумендер
Дәрумендерге биологиялық белсенділігі жоғары, химиялық құрамы әр түрлі болған заттар жатады. Олар ағза үшін таптырмас зат болып, өте аз мөлшерде өмір сүру процесінде маңызды рөл атқарады. Ферменттермен қоса ағзаның барлық өмірлік қызметтерінің биологиялық катализаторы болып келеді. Дәрумендер ағзаның қорғаныс қызметін күшейтеді, жұмыс істеу қабілетін және мықты денсаулықты сақтайды. Дәрумендер суда еритін (С, В тобы, РР) және майда еритін (А, Д, Е, К) болып екі топқа бөлінеді.
Минералды заттар
Ағзаның өмірлік процестерін реттеуде маңызды рөл атқарады. Олар макроэлемент және микроэлемент болып бөлінеді. Макроэлементтер – бұл денеде жоғары концентрацияда кездесетін минерал заттар (натрий, калий, кальций, магний, фосфор, хлор, күкірт). Микроэлементтер – бұл денеде өте аз мөлшерде кездесетін микроэлементтер: темір, марганец, кобальт, йод, фтор.
Макроэлементтер ұлпалардың түзілуінде, ағзаның қышқылды-сілтілі жағдайын, су-тұз алмасуын, осмотикалық қысымды реттеуге қатысады.
Микроэлементтер ферменттер, гормондар, дәрумендер құрамына кіреді немесе олардың әсерін белсендетеді, сонымен зат алмасу процестерінде, қан түзу процесінде, сүйек түзуге қатысады.
Кальций - сүйек ұлпасын қалыптастырады, жүйке ұлпасының қозуына, және бұлшық еттердің жиырылуына әсер етеді, қан ұюына қатысады, тамыр қабырғаларының өткізгіштігін төмендетеді. Кальций көзі - сүт өнімдері.
Калий - су-тұз алмасуын, осмотикалық қысым, қышқылды-сілтілі жағдайды реттеуде үлкен рөл атқарады. Калий бұлшық еттердің, сонымен қатар миокардтың қалыпты қызметі үшін қажет. Ағзадан су және натрийдің бөлінуіне ықпал етеді. Калийге теңіз орамжапырағы, картоп, бұршақтар, шабдалы бай болып келеді.
Магний - көптеген ферментерді белсендетеді, жүйке жүйесінің қозғыштығын төмендетеді; ішектердің қимыл-әрекет қызметін және өт бөлінуді күшейтеді; антиспастикалық әсерге ие, ішектен холестериннің бөлінуіне ықпал жасайды. Магний бұршақтарда, сұлы, тары, кептірілген жеміс-жидектерде көп мөлшерде кездеседі.
Фосфор - сүйек ұлпасының түзілуіне қатысады, ағзаның өмірлік процестерінде, әсіресе жүйке, бұлшық ет ұлпаларында, бауыр, бүйректе зат алмасу процестерінде үлкен рөл атқарады. Фосфор көзі - ірімшік, сыр, жұмыртқа, ет, балық, уылдырық.
Натрий және хлор - ағзаға ас тұзымен түседі. Натрий жасушаішілік және ұлпааралық алмасуда маңызды рөл атқарады, су алмасуына қатысады, қышқылды-сілтілі жағдайды реттейді. Хлор асқазан сөліндегі тұз қышқылының түзілуіне қатысады.
Темір - қан түзуді және ағзада ұлпа тынысын қамтамасыз етеді, эритроциттер гемоглобинінің, бұлшық ет миоглобинінің, маңызды ферменттердің құрамына кіреді. Темірдің ең жақсы көзі - ет өнімдері (олардың 20-25% темір сіңіріледі), бұршақтар, нан, жұмыртқа. Аз мөлшерде жеміс-жидектерде кездеседі.
Йод - қалқанша без гормонының түзілуіне қатысады. Әсіресе теңіз балықтары мен өнімдері: теңіз орамжапырағы, креветкалар йодқа бай.
Фтор - сүйектердің, әсіресе тістердің түзілуі үшін өте қажет. Теңіз балықтары мен өнімдерінде көп мөлшерде кездеседі.
Су
Су ересек адам денесі салмағының 2/3 бөлігін құрайды. Әсіресе судың мөлшері жас ағзада көп болады. Дененің қартаюы барысында ағза мен тіндерде судың мөлшері азаяды. Су адам денесінде маңызды рөль атқарады. Су зат алмасу процестерімен байланысты барлық биохимиялық және биофизикалық реакциялар жүретін орта болып келеді. Сонымен қатар ол қоректік заттарды тасымалдау қызметін атқарады. Су көмегімен зат алмасу кезінде пайда болатын керексіз заттар ағзадан сыртқа шығарылады, температуралық тепе-теңдік сақталады.
Су секрет және экскреттердің пайда болуы үшін қажет. Адамның суға қажеттілігі жоғалтқан судың мөлшеріне сәйкес келеді. Қалыпты жағдайда ересек адам 1 тәулік ішінде орташа 2300-2800 мл сұйықтық (зәрмен орташа 1500 мл, терлеу, булану арқылы 400-700 мл, тыныс алғанда 300-400 мл, нәжіспен 70-200 мл) жоғалтады. Сондықтан ересек адамның суға тапшылығы орташа есеппен 1кг дене салмағына 35-45 мл құрайды.
Ауыр физикалық жұмыста, сыртқы орта температурасы жоғарылағанда су жоғалту күшейеді, сондықтан суға қажеттілікті толық қанағаттандыру үшін қосымша 1200-1500 мл су (сүт, шырындар, сорпа т.б) қабылдау қажет.
Су ащы ішекте сіңіріледі, қанға шамамен 20 минуттан соң өтеді. Натрий тұздары, шектен тыс тамақтану, көмірсу және ақуыздарға бай тағамдар денеде судың жиналуына алып келеді. Ал калий және кальций тұздары денеден судың тез бөлінуіне әкеледі.
Сұйықтықты шектен тыс қабылдау жүрек-қан тамыр жүйесі және бүйрек қызметіне әсер етеді, ақуыздардың ыдырауына, денеден минерал тұздардың жуып шығарылуына алып келеді. Сұйықтықты қабылдаудың шектелуі қан көлемінің азаюына, қоюлануына алып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |