1 ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ
2 БИОСФЕРА. БИОСФЕРА ТҮСІНІГІ. БИОСФЕРА ҚҰРЫЛЫСЫ. БИОГЕОЦЕНОЗ
3 ЛАСТАНҒАН ГАЗДЫ АУАНЫ ТАЗАЛАУ ӘДІСТЕРІ МЕН ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ
4 ТАБИҒИ ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫ БАСҚАРУ
5 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ. В.Н.СУКАЧЕВ ІЛІМІ
6 ОЗОН ҚАБАТЫ. ПАРНИКТІК ЭФФЕКТ
7 ТАБИҒАТ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАЙЛЫҒЫ
8 ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЛАСТАНУЫ. РАДИАЦИЯЛЫҚ ЛАСТАНУ. РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАР. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА РАДИАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӨМУ ТӘРТІБІ
9 СУ АЙДЫНДАРЫНЫҢ ЛАСТАНУЫ. ЛАС СУЛАРДЫ ТАЗАРТУ ӘДІСТЕРІ
10 ЖЕР РЕСУРСТАРЫН ҚОРҒАУ
11 АВТОМОБИЛЬ ШУЫНЫҢ АДАМҒА ӘСЕРІ
12 ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ЛАСТАНУЫНА ТӨЛЕНЕТІН ТӨЛЕМАҚЫ. АНЫҚТАУ ӘДІСТЕРІ
13 ҚАЛАНЫ ҚОРШАҒАН ОРТА
14 ТАБИҒИ ОРТАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЛЕМДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ
15 СУ ҚОРҒАУ БЕЛДЕМІ
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ
1 ЭКОЛОГИЯ ПӘНІ, АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТЫ. ЭКОЛОГИЯ ТҮСІНІГІ. ЭКОЛОГИЯНЫҢ БАСҚА ҒЫЛЫМДАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Білімнің барлық салалары сияқты, экология үздіксіз дамып келді, бірақ ол бірде тез, бірде баяу болып отырды. Гиппократтың, Аристотельдің, басқа да көне грек философтарының еңбектерінде айқын экологиялық сипаттағы деректер бар. Сонымен бірге гректер «Экология» деген сөзді білмеген. Бұл салаға «биологиялық қайта өрлеудің» (ХVIII-XIX ғғ.) көптеген ұлы қайраткерлері де өз үлесін қосты. Мысалы, ХVIII ғ. басындағы алғашқы микроскоппен зерттеушілердің бірі ретінде көбірек танымал болған Антон ван Левенчук, сонымен қатар осы күнгі экологияның маңызды екі саласын-“коректік тізбектерді” және популяция санының динамикасын зерттеудің пионері болып табылады. Дербес ғылым ретінде экология шамамен 1900 ж. қалыптасты. “Экология” терминін 1866 ж. неміс биологы Эрнест Геккель ұсынған болатын. Демек, бұл біршама жас ғылым, сонымен қатар экология қазір қауырт өсу кезеңін басынан кешіріп отыр. Экология (грек тілінен оісоs-мекен, үй және lоgos-ғылым) сөзбе-сөз аударғанда-тіршілік мекені туралы ғылым. Экология ғылымына берілген көптеген анықтамалар бар, дегенмен, осы заманғы зерттеушілердің басым көпшілігі экология-организмдердің тіршілік ету жағдайын және организмдер мен олардың тіршілік ету ортасы арасындағы өзара байланыстарды зерттейтін ғылым деп есептейді. Экология түсінігі өте ауқымды, сондықтан қай қырына баса мән берілуіне қарай, оның анықтамаларының тұжырымдалуы да өзгеріп отырады. Мысалы, “ұзақ мерзімдік қолданыс” үшін ең қолайлысы “Экология-қоршаған ортаның биологиясы” деген анықтама болар еді. Отандық экологтардың бірі А.С.Данилевский: ”Экология-экологиялық жүйелердің құрылымы мен қызметі туралы және олардың гомеостазисін қамтамасыз етуші механизмдер туралы ғылым” деп анықтама берген. ХХ ғ. ақырғы онжылдықтары үшін Уэбстердің толық сөздігінде келтірілген: “Экология пәні-организмдер мен орта арасындағы байланыстардың жиынтығы немесе құрылымы” – деген анықтама экологияның мәніне көбірек сәйкес келеді. Авторлар неғұрлым дәл және қысқа тұжырымдама беруде бір-бірімен жарыса отырып, бұл ғылымға ең толық анықтаманы Эрнест Геккельдің өзі бергенін естерінен шығарып алады: “Экология деп, біз табиғат экономикасына қатысты барлық білімдерді – жануардың оны қоршаған органикалық және органикалық емес ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қатысатын жануарлармен және өсімдіктермен өзара ынтымақтастық немесе қастастық әрекеттерінің бар жиынтығын зерттеуді түсінеміз. Бір сөзбен айтқанда, экология – Дарвин тіршілік үшін күресті туындатушы жағдайлар деп атаған, барлық күрделі қарым-қатынастарды зерттеу болып табылады”. Кез келген ғылым саласы сияқты, экологияның екі аспектісі бар. Оның бірі- таным шеңберін кеңейту. Бұл бағытта бірінші орынға табиғат дамуының заңдылықтарын ашу және оларды түсіндіру қойылады. Екіншісі- жинақталған білімдерді қоршаған ортаға қатысты мәселелерді шешу үшін қолдану. Экология маңызының барған сайын артуын – практикалық маңызы бар бірде- бір ірі мәселе табиғаттың жанды және жансыз компоненттері арасындағы байланыстарды ескермей шешілмейтіндігімен түсіндіруге болады. Экологияның практикалық нәтижесі ең алдымен табиғатты пайдалану мәселелерін шешуден көрінеді. Тек экология ғана табиғи ресурстарды пайдаланудың ғылыми негіздерін құрай алады. Бұл ретте, табиғи процестердің негізінде жатқан заңдылықтарды ескермеу табиғат пен адам арасындағы елеулі қайшылықтарға әкеліп соқтырғанын айта кеткен жөн. Американың экологы Р.Риклефс: “Табиғатқа келтірілген нұқсанды түзетудің ешқандай көне-көрінеу жатқан әдістері жоқ екені айдан анық, сонымен қатар қоршаған ортаға деген келеңсіз көзқарасы үшін адамға тағылатын кінә да, өзендерге шайынды суларды төгу, егістіктерге пестицидтерді бүрку, аңшылардың найзасы мен мылтығы, автомашиналардан шығатын түтін, қала іргесінің шексіз кеңеюі сияқты белгілі фактілерден құралмауы тиіс. Адамға табиғат экономикасы негізінде жатқан заңдарға тиесілі дәрежеде көңіл бөлмегендігі үшін айып тағылуы тиіс”, - деп жазады. Өзіндік табиғи процестердің негізінде жатқан заңдар біздің басты назарымызда болуға тиіс. Дегенмен, оларды талдамас бұрын, экология мен табиғатты қорғаудың арақатынасына тоқталып өткен жөн. Батыс ғалымдары әдетте экология ғылымы мен қоршаған орта туралы ғылымдарды дербес салалар ретінде қарастырады. Табиғи орта ұғымы тірі және өлі табиғатта тіршілік ететін организм, популяция, табиғат бірлестігі барлық жағдайлар қамтылады. Табиғи орта олардың күйі мен қасиетіне тікелей немесе жанама әсер етеді. Организмнің, популяцияның, табиғат бірлестігінің күйі мен қасиетіне әсер ететін табиғи орта компоненттері экологиялық факторлары деп аталады. Экология организмге әсер ететін сыртқы орта факторларының үш тобын- абиотикалық, биотикалық және антропогендік факторларды зерттейді. Абиотикалық факторлар - өлі табиғаттың барлық компоненттері, олардың ішіндегі маңыздылары: жарық, температура, ылғалдылық және климаттың басқа да компоненттері, сондай-ақ су, ауа және топырақ ортасының құрамы; Биотикалық факторлар – популяциялардағы әртүрлі особьтар арасындағы, табиғат бірлестіктеріндегі популяциялар арасындағы өзара әсер; Антропогендік фактор – адамның барлық тірі организмдердің мекен ортасы ретіндегі табиғатты өзгертуіне әкеп соғатын немесе олардың тіршілігіне тікелей әсер ететін сан алуан әрекеттері. Әрбір особьқа температура, ылғалдылық, тамақ секілді әртүрлі экологиялық факторлар әсер етеді. Организмдерде табиғи сұрыпталу арқылы әртүрлі бейімделушілік қалыптасады. Тіршілік әрекетіне өте қолайлы факторлар қарқындылығы оптималды немесе оптимум факторлар деп аталады. Әр түр үшін белгілі бір факторлардың оптималды мәні түрліше болады. Қандай да бір факторлардың қатысына байланысты, түрлердің жылу және салқын (піл және ақ аю), ылғал мен құрғақшылық (жөке және сексеуіл) қалайтын, суда тұздың аз-көптігіне бейімделетін тағы басқа түрлер болады. Мемлекеттік, халықаралық және қоғамдық шаралар кешенін ескере отырып, табиғат қорғауды әдетте адамзат қоғамының игілігі үшін табиғатты оңжайлы пайдалануға, табиғи ресурстарды қалпына келтіруге, қорғауға және молайтуға бағытталған тәжірибенің бір саласы ретінде қарастырады. Бірақ табиғат қорғаудың әлеуметтік заттар алмасуын зерттеуші ғылым ретінде түсіндірілетін кездері де жиі ұшырасады. Қоғам мен табиғат арасындағы беталды (стихиялы) зат және энергия алмасуы интенсивтілігінің қазіргі кезде белең алғандығы соншалық, адамзаттың бұдан әрі тіршілік етуіне айтарлықтай қатер төніп отыр. Қоғам өзінің табиғатқа көрсетер ықпалының дәрежесі жағынан геологиялық күшке айналды. Кен өндіру және жер қазу жұмыстары нәтижесінде жыл сайын жер бетіне 5 км2 тау жыныстары шығарылатынын айтсақ та жеткілікті: бұл біздің планетамыздың барлық өзендері мұхитқа ағызып әкететін жыныстар көлемінен үш есе ғана кем. Соңғы 500 жыл ішінде жер астынан ең кем дегенде 50 млрд.т. көміртегі, 2 млрд.т. темір алынды. Соңғы жүз жыл ішінде өнеркәсіп атмосфераға жалпы көлемі 360 млрд. тоннаға жуық көмірқышқыл газын шығарды, бұл оның концентрациясын 13%-тей арттырды. Жер жырту барысында адамзат, дәл осындай уақыт аралығында жер қойнауынан жер бетіне шығарылатын жанартау жыныстарының көлемінен 3 есе артық топырақ массасын аударады. Адамның әрекеті қазірдің өзінде, бұрын кен орындарында шоғырланған кейбір элементтердің шашырауы салдарынан жекелеген аудандардың геохимиясының өзгеруіне әкеліп соғуда. Бұның түбінде үлкен қатер жатыр, өйткені күллі организмдер, соның ішінде адам да, эволюция барысында қоршаған ортадағы химиялық элементтердің белгілі бір арақатынасына бейімделген. Экология ғылымының зерттеу объектісі мен міндеттерін айқындау үшін оның биологияның өзге салаларымен арақатынасына сипаттама берейік. Бұны Ю.Одум өзінің «Экология негіздері» (1975) атты іргелі еңбегінде қолданған әдіспен көрсеткен қолайлы. Биология ғылымдарының құрылымын «қатпарлы самса» түрінде бейнелесек, оны екі түрлі әдіспен «бөлшектеуге» болар еді: біріншіден – көлденеңінен тілсек, морфология, физиология, генетика, эволюция теориясы, молекулалық биология, даму биологиясы т.б сияқты тіршіліктін негізгі қасиеттерін зерттейтін және организмдердің жекелеген топтарын зерттеумен шектелмейтін іргелі ғылымдар шығар еді. Бірақ «самсаны» тігінен тілуге болады. Онда тірі организмдердің табиғи топтарын зерттеумен шұғылданатын «таксономиялық» ғылымдар шығады. Бұл ғылымдардың ішінде ботаника, зоология және микробиология бар. Өз кезегінде бұлардың әрқайсысы тірі организмдердің өзіне тиесілі шағындау тобымен шұғылданатын ғылым салаларын біріктіреді, соған сәйкес біз зоологияны, протозоологияға, энтомологияға, ихтиологияға, орнитологияға т.б бөлуге қақымыз бар. Экология биологияның фундаменталды іргелі ғылым бөліктері қатарына жатады және әрбір таксономиялық бөлімшенің құрамдас бөлігі болып табылады. Біз өсімдіктер экологиясы, жануарлар экологиясы, микроорганизмдер экологиясы туралы айта аламыз, ал осы бөлімдердің нақтылы элементтерін қарастырсақ, құстар, балықтар, буылтық денелілер экологиясы туралы да сөз қозғаймыз. Экология өз кезегінде биологиялық ұйымдастырылу деңгейлеріне сәйкес, дара организмнен (индивидуумнан) бастап, популяция және қоғамдастық арқылы экожүйеге дейінгі аралықта тағы төртқабатқа (горизонтқа) жіктеледі. Экологияның пәні мен міндеттерін бұдан да айқындай түсу үшін (экологиялық) қабатты вертикаль бағытта систематикалық таксондар принципі бойынша емес, одан гөрі жалпылама-форма, функция, даму, реттелу жән бейімделу сияқты биологиялық ұйымдастырылу принципі бойынша бөлуге болады. Егер қоғамдастыққа сәйкес келетін қабаттың барлық секцияларын қарап өтсек, онда біз түрлердің саны мен молдығын анықтайтын форма секцияларын табар едік; жыртқыш пен жемтік популяциялары арасындағы өзара қарым-қатынасты және бәсекелес түрлердің екі жақты әсерлесуін анықтайтын функция секциясын; түрлердің ауысуын (мысалы, жалақашталған топырақтан орманға қарай ауысқанда) зерттейтін даму секциясын; қоғамдастықтың өзіне тән орнықтылықты сақтау қабілетін зерттейтін реттелу секциясын және бейімделулер эволюциясын зерттейтін адаптация секциясын табар едік. Егер қандай да бір «секциялар бөлігін», айталық, функцияға сәйкес келетінін таңдап алсақ, онда экожүйе деңгейінде энергия ағындары мен заттар айналымы қаралады; қоғамдастық деңгейінде – жыртқыш-жемтік қарым-қатынасы (гетеротиптік реакциялар) және түр аралық бәсекелестік; популяциялар деңгейінде-өсімталдық, өлім-жітім мөлшері, иммиграция мен эмиграция; организмдер деңгейінде – дара организмнің физиологиясы мен мінез-құлқы қаралар еді. Экологияның қамту саласын дәлірек анықтау үшін тірі материяның ұйымдастырылу деңгейлерінің спектрін қарастырып өтейік: Молекулалық → Жасушалық → Ұлпалар мен органдар деңгейі → Организмдік → Популяциялық – түрлік → Экожүйелер деңгейі → Биосфера. Экология компетенттігінің негізі аймағы экожүйелер деңгейі, сонымен қатар ол келесі деңгейді де, ілгері тұрған екі деңгейді де қамтиды. Экология назарына ең алдымен жекелеген особьтердің және олардың популяцияларының бір-бірімен және бейорганикалық ортаның жағдайларымен қарым-қатынастары мен байланыстары ілігеді. Экология организмнің ортамен қарым-қатынастарының ішінде негізінен особьтердің дамуын, көбеюін, тірі қалуын, популяциялар мен қауымдастықтардың құрылымы мен сан динамикасын және олардың биоценоздарда өтетін процестердегі рөлін анықтаушы жақтарымен айналысады. Мысалы, физиолог организмде өтетін процестердің температураға тәуелділігін зерттейді; эколог болса, температураның өзгеруі көбею интенсивтілігі мен организмнің көбею қабілетіне, онтогенезінің ұзақтығына, көректік байланыстарының сипатына, экологиялық жүйелердегі заттар айналымына қатысушы биологиялық процестердің жылдамдығы мен бағытына қандай әсер ететінін анықтайды.
Екеуі де бір ғана тірі организмді зерттейтін физиолог пен экологтың өз пәндерін түсінудегі айырмашылығын 1930 ж. Плантефоль жақсы анықтап берді: физиолог жасанды ортаға әкеліп орналастырылған организмдерді зерттейді де, алынған жеке-жеке деректерді синтездейді; эколог болса, организмді үнемі өзгеріп тұратын күштер әсер ететін табиғи ортада зерттейді. Зертханалық жағдайда және табиғатта жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бір-біріне сәйкес келмейтініне көптеген жайттерді мысалға келтіруге болады. Айталық, теңіз жұлдызы (Echinaster sp) мен бұқпа-шаянның (Eupagurus sp) табиғи тіршілік ортасында таралуы олардың стеногалиндігіне, яғни су тұздылығының жоғары болуын талап ететіндігіне байланысты, бірақ зертханалық жағдайда олардың судың күрт, тіпті тез тұзшылануына да төзімді екені анықталды. Қандай да бір түрге жататын дара организмнің немесе организмдер тобының қоршаған орта жағдайларымен қарым-қатынасын зерттеу жалпы экологияның негізгі бөлімдерінің бірі- аутэкологияның үлесіне тиеді. Әдетте, аутэкологиялық зерттеулер осы күнгі ботаникалық, зоологиялық, салыстырмалы- физиологиялық және басқа да еңбектердің маңызды бөлігін құрайды. Эколог үшін зерттеліп отырған түрдің экожүйедегі орны мен маңызын анықтауға мүмкіндік беретін нәтижелері маңызды. Экожүйелерде айталықтай роль атқаратын түрлердің экологиясын мұқият зерттеудің мәні айрықша зор. Соның ішінде зерттелетін түр тіршілігінің экожүйе құрамына кіретін өзге түрлермен байланыстарын айқындайтын қырларын білу өте маңызды. Популяциялық экологияны (демэкологияны) жекелеген түрлер популяцияларының құрылымы мен динамикасын зерттеумен айналысатын аутэкологияның арнайы бөлімі ретінде қарастыруға болады. Организмдер санының реттелу механизмдері, пайдаланылатын түрлер популяцияларының оптималды тығыздығы, мысалы олар өндірістік негізде ауланатын болса, аулаудың шекті нормасы; зиянкестермен күресте олардың популяцияларын тоздырып жіберу немесе біржола жою т.с.с проблемалардың шешілуі популяциялық экология жетістіктерімен тікелей байланысты. Теориялық мәселелер ғана емес, бірқатар маңызды практикалық міндеттер де шешілетіндіктен, бұл бағыттың болашағы мейлінше зор. Аутэкология мен этоэкология (жануарлардың мінез-құлқы туралы ғылым) тығыз байланысты. Экологияның айрықша міндеті- тірі табиғатты экологиялық жүйелер деңгейінде зерттеу. Осыған сәйкес, экологияның негізгі және басты бөлігі болып синэкология (биоценология), яғни бір- бірімен және органикалық емес тіршілік ортасымен тығыз қарым- қатынастағы өсімдіктердің, жануарлардың және микроорганизмдердің қауымдастықтары туралы ілім танылуы тиіс. Биоценология дами келе қазіргі кезде экожүйелер туралы ғылымға айналды, оны құрлық биоценоздарына қатысты әдетте биогеоценология деп атайды. Биоценоз компоненттері мен олардың абиотикалық қоршауының тығыз қауышып кеткені соншалық, олар біртұтас бірлестік құрайды, бұл бірлестікті 1935 ж. А.Г.Тенсли “Экожүйе” терминімен белгілеуді ұсынған; экологияның сәйкес бөлімі қазіргі кезде экожүйелер туралы ілім деп аталады. Отандық және неміс тіліндегі әдебиеттерде В.Н.Сукачев енгізген биогеоценоз ұғымы көбірек таралған. Биогеоценоз- жер бетінің белгілі бір танабына қатысты қарастырылатын биоценоз бен биотоптың біртұтастығы, ал экожүйе болса одан біршама ауқымдырақ ұғым. Экологияның тематикасы көбінесе биологияның өзге – физиология, генетика, биофизика, эволюция теориясы сияқты салаларымен тоғысып жатады. Бұл экологиялық физиология, цитоэкология, өнімділік – энергетикалық экология, эволюциялық экология және т.б пән аралық және синтетикалық банттардың қалыптасуына әкеп соғады. Популяция ішіндегі және түр аралық қатынастардың формаларын анықтау сияқты экология айналысатын кейбір мәселелердің эволюция механизмдерін түсіну үшін және селекция үшін маңызы зор. Сұрыпталу да экологиялық құбылыс, өйткені ол түрдің бірте-бірте өзгеріске ұшырау процесін көрсетеді. Экология мен физиологияның шектес аймақтарында жүргізілетін зерттеулер сыртқы ортаның әртүрлі шарттарына бейімделу механизмдерін анықтау, соның ішінде – суық, құрғақшылық, гравитацияның әлсіреуі және т.с.с төтенше жағдайларға бейімделу сияқты өзекті мәселелерді шешу үшін қажет. Геология мен палеонтология түйіскен аралықта, қазба формалардың құрылысы және олардың көмілу жағдайлары негізінде өткен дәуірлерде жоғалып кеткен түрлердің экологиялық байланыстарын анықтайтын палеоэкология пайда болды. Экологиялық көзқарастың ландшафттану принциптерімен жалғасуы нәтижесінде табиғи ресурстарды ұғымды пайдалану, жаңғырту және қорғау проблемаларымен тығыз байланысты бағыт – ландшафт экологиясы пайда болды. Экология термодинамика принциптерін енгізу энергия ағынының көректік тізбектерде шашырау заңдылықтарын зерттейтін өнімдік – энергетикалық экологияны дүниеге келтірді. Өсімдіктер мен жануарлар организмдерінің жердің мүжілу қабатына әсері жайлы мағлуматтарды пайдалану В.В.Докучаевтың осы заманғы топырақтанудың негізін құруына әкеліп соқты. Америка ғалымы Ю.Одумның Докучаевты “экологияның негізін салушылардың бірі” – деп атауы тегін емес. Топырақтану негізінде, өзге ғылымдармен біріге отырып, топырақ микробиологиясы, топырақ экологиясы және т.б экологиялық пәндер дүниеге келді. Ақырында, экология космонавтикамен де тығыз байланысты, өйткені ұзақ мерзімдік космостың ұшу жағдайында тіршілікті қамтамасыз ету нағыз экологиялық проблема.
Сонымен экологияның жетістіктері қазіргі заманның бірқатар өзекті міндеттерін шешуге негіз болып отыр. Экология – келешектің ең маңызды ғылымдарының бірі деген ойды әлем ғалымдарының көпшілігі барған сайын мойындай түсуде. Экологиялық принциптердің ғылым мен өндірістің ауқымды проблемаларын шешуге араласуы бірте-бірте кеңейіп келеді. Атап айтқанда, толық автоматтандырылған ірі өнеркәсіп бірлестіктерін басқару немесе көп адам жұмыс істейтін мекемелерде тіршілікті қамтамасыз етудің кондиционерленген қуатты жүйелерін құру тәрізді проблемаларды шешуде экология жинақтаған мағлұматтарды ескеру қажет. Бұл ретте, табиғатта қызмет атқарушы көптеген принциптер мен механизмдер, мысалы, кері байланыс және доминанттық принциптері, сенімділікті көпсалалы қамтамасыз ету және лабилдік (өзгергіштік) пен стабилдік арақатынасы принциптері және т.с.с қолданыс табуы мүмкін. Соңғы кездері биологиядан ауылы алыс сәулет және құрылыс сияқты мамандықтар өкілдерінің экологияға назар аударуы да кездейсоқ нәрсе емес. Қазірдің өзінде жаңа ғылыми бағыттар – инженерлік экология, қала құрылысының экологиясы пайда болды. Синтетикалық жаңа бағыттардың қалыптасуы – осы күнгі қоғам дамуының бірқатар проблемаларын шешуде экологияның рөлі артуына байланысты туындаған объективтік процесс. Осыған байланысты “экология” ұғымы барған сайын тұрлаусыз болып барады, өйткені оны адам қызметінің сан алуан салаларына таңа беретін болды. Экологияны синтетикалық ғылым ретінде түсіндіру де жиі кездесіп жүр. Сонымен қатар А.Ф.Алимов (1989) жазғанындай “синтетикалық материалдарға қарағанда, синтетикалық ғылым туралы сөз етудің жөні келмейтін сияқты, сондай-ақ пән аралық ғылымды да көз алдымызға елестету қиын нәрсе”. Біздің ойымызша, аталмыш автордың ұсынғанындай, адам қоғамның табиғи экожүйелермен әсерлесуін сандық тұрғыдан бағалаумен шұғылданатын экологияның арнайы бөлімін - әлеуметтік экологияны (әлеуметтік салаға ұқсастығы бойынша) бөліп шығарған жөн сияқты. Сонда экологияның организм деңгейінен жоғары тұрған жүйелердің құрылымы мен қызметін табиғи және өзгертілген сыртқы орта жағдайларында зерттейтін таза биологиялық ғылым ретіндегі мәні сақталар еді. Әрине, бұл әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты жекелеген синтетикалық бағыттардың қалыптасуын жоққа шығармайды.
Экологияның анықтамалары
Организмдер, олардың түрі бір тобы (популяция) және бірге түрлі тобы (сообщеество) белгілі бір жерді қоныстанып өмір сүреді,сол ортада табиғатпен және өзара байланыстар жасайды. Қоршаған табиғи ортаға адамдар, жануарлар, өсімдіктер,басқа да тірі жәндіктер өмір сүретін мекен жай, ондағы жер-су,ауа мен жел, жылы мен суық, ас пен қорек, олардың достары мен жаулары кіреді. Қоршаған орта тірі және өлі табиғаттан құралған, өзара тығыз байланыстары бар біртұтас жүйе.Табиғатта болатын барлық құқбылыстар мен өзгерістер осында өтеді. Табиғат байлықтарын есепсіз, бақылаусыз жұмсауға болмайтынын, қоршаған орта бүлініп, істен шығуы оңай екенін адамдар 20-шы ғасырдың алғашқы жылдарынан түсіне бастады. Сол кезден бастап қоршаған ортаны қорғау деген ұғым пайда болды. Бұл ұғым, әуелі жануарлар мен өсімдіктердің жойылып кетуден, табиғаттың қымбат ескерткіштерін қыйраудан қорғауды білдіретін. Отызыншы жылдары қазбалы кен қорлары таусылу, ормандар мен су көздері жойылу қаупі төнген кезде бұл ұғым табиғат байлықтарымен қорғаумен толықты, 50-60 жылдары қоршаған ортаны қорғау ұғымына жоғарыда айтылғандарға қосымша ауаны, су көздерін, топырақты зиянды өндірістік және радиоактивті қалдықтардан, уытты химиялық заттардан қорғау кіретін болды. Сонымен, қоршаған ортаны қорғау жануарлар мен өсімдіктер дүниесін азып- тозудан, жойылып кетуден, қазбалы кендер қорларын таусылудан, талан-тараж болудан, ауаны, топырақты, өзендерді, көлдерді, теңіздер мен мухиттарды ластанудан, ысырап болудан сақтау болып табылады. Табиғатты қорғау проблемалары әр елде әр түрлі. Тіпті кейде басқа елдің іс- әрекетіненде зиян көріп жатады. Ауаның, өзен, теңіз суларының ластануы мемлекеттік шекараға тоқтамай желмен, ағын сулармен өтіп, біреудің зиянды қалдықтарын мыңдаған километр қашықтықта жатқан жазықсыз екінші елдің ауасын, суын, топырағын, орманын ластап, оны тазалауға көп қаржы мен күш жұмсауға мәжбүр етеді. Табиғат қорғау арзанға түспейді. Көп қаражат жұмсалатын күрделі проблемаларды шешу бір елдің қолынан келмейді. Сондықтан бірнеше мемлекеттер қосылып, өзара шарт жасасып, тез уақытта және арзан бағамен сондай жұмыстарды орындауға мүмкіндік алады. Сөйтіп қоршаған ортаны қорғау бір аймақтың немесе бір елдің проблемасынан көп елге қатысы бар халықаралық проблемаға айналады. Соңғы жылдары көптеген мемлекеттер халықаралық келісімдерге конвенцияларға, шарттарға қатынасып, табиғатты бірлесіп қорғауға келісті.
Онда өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жойылып кету қаупі төнген түрін қорғау, теңізден балық пен басқа жануарларды аулау мөлшері мен мерзімі туралы келісімдерге қол жетті. Табиғат жағдайын үнемі бақылап отыратын халықаралық ұйымдар мен одақтар құрылды. Олпрға мүше болған мемелекеттер халықаралық ұйым жарғыларын мойындап, міндетті түрде орындауға келіседі. Жарғы талаптарын орындамаса немесе бұзса жауапқа тартылады. Табиғат байлықтарын қорғау, пайдалану және қалпына келтіріп отыру жөнінде әр мемлекет өзінің заңдарын қабылдап, мемлекеттік орындар мен азаматтардың оны толығынан орындауын қатаң қадағалап отырады. Министрліктер, мемлекеттік комитеттер, жергілікті әкімдер заңның орындалуын ұйымдастырушы және бақылаушы ролін атқарады. Туған табиғатты қорғау мәселелеріне экономикалық мекемелер, құқық қорғау орындары және қоғамдық ұйымдарда қатысады. Сондықтан, табиғат жұмыстары тек мемлекеттің ғана міндеті болып қоймай, оған бүкіл жұртшылық, барлық азаматтар қатысуы қажет. Сонымен, қоршаған ортаны қорғау деген ұғымға табиғат байлықтарын сақтау, ұтымды пайдалану, қалпына келтіріп отыру туралы, ортаның зиянды қалдықтарымен, уытты және басқа да тіршілік үшін қауіпті заттармен ластанбауын қамтамасыз ету жөнінде қабылданған мемлекеттік заңдар, қаулылар, экономикалық мекемелер, құқық қорғау және ұйымдардың ережелері мен нұсқаулары, халықаралық және мемлекеттер аралық келісімдер, конвенциялар, шарттар кіреді. Мемлекеттің заңдары мен халықаралық шарттарда көзделген табиғатты сақтау жөніндегі шаралар жинағын қоршаған ортаны қорғау деп атайды. Қоршаған ортаның күрделі проблемаларын зерттейтін, ғылыми тұрғыдан ұсыныстар жасайтын ғылым саласы соңғы жылдары экология деп аталып жүр. Ол гректің «оikos» - үй, мекен, тұрғын жер, және «logos»- білім, ғылым, зерттеу деген екі сөзінен құралған. Экология барлық тірі организмдерді, олардың тұратын «үйін», «мекен-жайын» және сол «үйді» тұруға қолайлы ету үшін атқаратын міндетті зерттейді. Экология - белгілі бір ортада тұратын организмдерді зерттейтін,олардың басқа организмдермен және қоршаған ортамен арақатынастарын анықтап, жиынтық қорытынды жасайтын ғылым. Сондықтан экология қоршаған ортаны сақтаудың ғылыми негізі болып саналады. Ең алғаш экология деген сөзді пайдаланған Генрих Девид Тюро. Ол 1858 жылы қаңтар айының бірінші жұлдызында бір досына «Гоар мырза әлі Конкордта, ботаника және экология мен айналысуда» деп жазған болатын.
Экологияны ғылымға бірінші болып енгізген белгілі табиғат зерттеушісі, дәрігер, аса дарынды неміс ғалымы Э.Геккель. Ол ғылымға көптеген жаңа сөздер, ұғымдар қосты, соның бәрі экология. 1869 жылы Э.Геккель экологияға мынадай анықтама берді: Экология табиғаттың экономикасын білу, сонымен қатар тірі организмдердің осы ортадағы басқа органикалық және органикалық емес заттардың арақатынасын, өсімдіктер мен жануарлардың, олардың достары мен жауларының бір-бірімен байланысын зерттеу. Қысқартып айтқанда, экология Ч.Дарвин «өмір сүру үшін күрес жағдайлары» деген табиғаттағы қиын байланыстар мен арақатынастарды зерттейтін ғылым. Э.Геккель экологияны табиғаттану ғылымдарына жатқызады. Бірақ, ол тірі организмдерді түр-тусін белгілеп топқа бөлу үшін зерттемейді, олардың өмір сүру жағдайын, қоғамның өсіп-өнуінде табиғаттың алатын орнын білу үшін зерттейді. Оның үстіне табиғаттың экономикасын білудіде мақсат етеді. Сондықтан экологияны тек табиғаттану ғылымдары қатарына жатқызу дұрыс емес. Табиғат экономикасын, адамдармен табиғаттың арақатынасын, қоғамның экономикалық жағдайын зерттейтін ғылым қоғамдық ғылымдар қатарына да қосылуға тиіс. Э.Геккельден кейінгі көптеген ғалымдар экологияның анықтамаларын беріп, оның басқа ғылымдардан айырмашылығын көрсетуге тырысты. 1920 жылы Ф.Клементс (АҚШ) экологияны бірге өмір сүретін түрлі өсімдіктер мен жануарлар туралы ғылым; 1937 жылы Ч.Элтон (Ұлыбритания) экологияны жануарлардың жаратылу тарихын, олардың әлеуметтік және экономикалық орнын зерттейтін ғылым; 1959 жылы Х.Б.Одум (АҚШ) экология табиғаттың құрылысы мен атқаратын міндетін білу туралы ғылым; 1972 жылы С.С.Шварц (бұрынғы Советтер Одағы) экология өсімдіктер мен жануарлардың табиғи ортада өмір сүру заңдарын зерттейтін ғылым; 1975 жылы Р.Дажо (Франция) экология тірі организмдердің өмір сүру жағдайларын, организм мен ортаның өзара байланыстарын зерттейтін ғылым деп көрсеткен болатын. Экологиялық мәселелерді зерттеуге Қазақстан ғалымдары да көптеген зерттеулер жариялап, оқу құралдарын шығарып, өз үлестерін қосып келеді. Бұл салада қазақ тілінде басылып шығарылған кітаптар аз емес. Дегенменде бұл зерттеуі бітпейтін, анықтауы таусылмайтын, күнбе-күн жаңадан талап қоятын тақырып. Қазіргі кезде көптеген ғалымдар келіскен анықтама мынау:
Достарыңызбен бөлісу: |