Шығарма талдаудағы уақыт пен кеңістік мәселесі. Көркемдік уақыт пен кеңістік - əдебиеттану ғылымындағы мəні терең өзекті мəселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нəрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мəселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс əдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі - М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы əлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дəуір əдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Əдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дəрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» - деп анықтама береді. Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары əдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік. Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мəселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дəдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков, А.Темірболат еңбектерінде сөз болады. Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған əр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мəселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы. Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы əлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, шығарманың композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын айқындауға мүмкіндік береді. Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін.
Сұрақтар: Көркем әдебиеттегі мекеншақ ұғымы дегеніміз не?
Көркем шығарманың кеңістіктік-уақыттық композияцисы қалай ұйымдастырылады?