«АСАУ МӘСТЕК»
Ойынға қатысушы жастар жиылып келіп, «Асау мәстек» құрады. Ол үшін 4-5 қадамдай қашықтықтан екі мықты қада қағады. Кейде бұған өсіп тұрған екі ағашты да пайдалануға болады. Жерден 50-70 см биіктікте екі қадамның арасына арқан байлайды да, оның үстіне ескі көрпеше салады. Ойын жүгізуші балаларды, ойынға тақпақ айтып шақырады:
Әй, ер екеніңді білейін
Ешкі сойып берейін
Тақия алсаң еңкейіп
Құламасаң теңкейіп
Ерлігіңе сенейін
Өзінің ептілігін сынағысы келген ойыншы:
Асау мәстек бұл болса
Үйретейін көріңіз
Маған таяқ беріңіз!-
деп, ортаға шығады. Ойын жүргізуші таяқты беріп тұрып санай бастайды:
Міне, саған таяқ
Үшке дейін санақ
Бір
Екі
Үш
Ойынға шыққан жас санақ біткенше, таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуы тиіс те, жерден еңкейіп таяқ алады. Жеңіп шықса ойын жүргізуші айыпты болады да, жығылса өзі айып тартады.
Айып өлең айту, ән салу немесе қораз болып шақыру, түйедей боздау, ешкі сияқты маңырау түрінде болады.
«ДОП ЖАРЫСТЫРУ»
Ойынның мазмұны.Ойнаушылар беттерін ортаға беріп,шеңберге тұрады. Бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі ойыншыға бір-бірден волейбол добы, немесе арасына кәкір-шүкір салынып толтырылған доп (әртүсті болғаны қолайлы) беріледі.
|Басшының сигналы бойынша балалар,бір доптың екінші допты қуып жетіп,басып озуына тырысып,допты оң жаққа (немесе сол жаққа) қарай қолдан қолға бере бастайды.
Ойынның ережесі.1.Допты арада бір немесе бірнеше ойыншыларды қалдырып беруге болмайды.Допты қолдан-қолға,қатар тұрған ойыншыға беру керек.
2.Доп жерге түскен кезде,ойын қайтадан басталады.
Әдістемелік нұсқаулар.Ойынға қатысушылардың саны көп болған кезде, ойынды екі шеңберде өткізуге болады;әрбір шеңберде ойын өзалдына жүргізіледі.
Типтік қимылдар:шеңбер бойынша допты оңға және солға
қолдан-қолға беру.
«ШАҚЫРУ»
Ойынның мазмұны.Ойын жүргізуші ретінде бөлінген бір кісіден басқа ойнаушылар үлкен шеңбер құрады да,жерге алдын ала сызылып қойылған кішкентай дөңгелекке тұрады.Басшы барлық балаларды бес-беске бөліп санайды да,олардың өз нөмірлерін ұмытпауын ескертеді.Ойын жүргізуші ойыншылар құрған үлкен шеңбердің ішіне тұрады.Сонан кейін басшы
кез-келген тәртіп бойынша нөмірлерді атап шақырады(біріншіден бастап беске дейін).Нөмірі аталған ойыншылар орындарын ауыстырып тұруға міндетті.Ойын жүргізуші босаған орынға тұруға тырысады,сонан кейін дөңгелек сызықтан жүгіріп шығып кеткен ойыншының нөмірін алады.Орынсыз қалған ойыншы ойын жүргізуші болады.Ойын кезінде
бірде-бір рет ойын жүргізуші болмаған (немесе басқаларға қарағанда,
өте-мөте аз ойын жүргізуші болған)балалар ұтып шығады.Ойынның нәтижесін есептеген кезде,ойынды бірінші болып жүргізушінің рөлі есепке алынбайды.
Ойынның ережесі.1.Орынды ауыстырған кезде,ойыншы басқа біреуден бұрын(тіпті бір аяғымен болса да)тұрып алса,онда дөңгелек сызық бос емес деп есептеледі.
2.Бос емес дөңгелек сызықтан ойыншыны итеріп шығаруға,жүгіріп жүрген кезде ойыншыларға кедергі жасауға болмайды.
Әдістемелік нұсқаулар.Бір мезгілде екі-екі нөмірден атап шақыруға болады,ал ойынның аяқ кезінде орын ауыстыруға ойыншылардың жартысы немесе барлығы («жұп!» «тақ!» «жұп!» және «тақ!»)атап шақырады.
Кішкене дөңгелек сызықта басқа бір шартты белгілермен ауыстыруға болады.
Типтік қимылдар:жылдам,жақын жерлерге жүгіріп өтулер.
«ЕКІ АЯЗ»
Ойынның мазмұны.Алаңның әрбір қысқа жағынан 3–4 қадам қашықтыққа және осы жақтарға паралеьлді етіп,бір––бір сызықтан созылады.Қоршалып қойылған жерлер «үйлер» болып саналады.
Ойын жүргізуші болып бөлінген екі ойыншыдан басқа барлық ойнаушылар сызықтың біреуінің арғы жағындағы «үйге» орналасады.Ойын жүргізушілер алаңның ортасына тұрады.Басшының нұсқауы бойынша ойын жүргізушілер қатты айқайлап былай дейді:
Ағайынды екі жаспыз,
Тым жарамды қос аябыз:
Біріншіміз–қызыл шұнақ,
Екіншіміз–көк тұмсықпыз!
Кім ереді табан тіреп
Сәтті сапар,жол шегуге?
Балалар хорға қосылып былай дейді:
Қауіптен де тайынбаймыз,
Аяздан да қорықпаймыз.
Мұнан кейін олар қарама-қарсы жатқан жағына жүгіріп өтеді.
Ойын жүргізуші «аяздар» қолдарын тигізу арқылы жүгіріп өтетіндерді қуып жетеді. «Аяздар» тиген ойыншылар бір орнында тоқтап қалады(«аяздан қатты зыян шегеді»).Басқа балалар сызықтың артқы жағына, «үйге» жиналады.Басшы «аяздар» ұстаған ойыншыларды белгілейді.
Сонан кейін алаңның бір жақ бетінен екінші жағына екінші рет және сонан кейін де жүгіріп өту ісі осы тәртіп бойынша өткізіледі,Бірақ енді жүгіріп өтіп бара жатқан ойыншылар «аяз» тиген жолдастарына қолдарын тигізу арқылы оларды құтқарып алып кетулеріне болады.Құтқарылған ойыншылар басқалармен бірге сызықтың арғы жағына қашып кетеді.
Бірнеше уақыттан кейін басқа екі ойын жүргізуші «аяздар» тағайындалады.Жүгіріп өтетін ойыншыларды көп тоқтата алған ойыншылар жақсы «аяздар» (ойын жүргізушілер) деп есептелінеді. «Аяздар» бірде-бір рет тимеген(немесе басқалармен салыстырғанда «аяз» аз тигендер) ойыншылар ұтып шығады.
Ойынның ережесі.1.Жүгіріп өту кезінде ойыншылардың бірін-бірі итеруге жарамайды.
2. «Үйден» жүгіріп шыққан ойыншылардың қайтадан кері қашуына болмайды.
3.Ойын жүргізуші «аяздардың» сызықтың арғы жағында тұрған ойыншыларға қолдарын тигізулеріне қақтары жоқ.
Әдістемелік нұсқаулар.Балалардың хормен айтатын сөздері ойын басталмастан бұрын, алдын ала үйретіледі,ал сонан кейін хормен берілетін жауапты (бұдан кейін жүгіріп өтпей-ақ) бірнеше рет қайталап шығады.
Типтік қимылдар:бұлтару арқылы жүгіріп өту.
«БҰҒНАЙ»
Ойын жүргізуші ойынға қатысушыларды айнала отырғызып, бірінші «бұғынай», үшінші «бұғынай» т.б. деп бас-басына реттік санмен атап шығады да, кез-келген бірін, мәселен, он жетінші «бұғынайды» тап шақырады. Аты аталған «бұғынай» орнынан ұшып тұрып, келесі біреуін шақыруы керек. Әдетте малдасын құрып не жүресінен отырған балалар бірден тез тұра алмай қалады, ал кейбір сасқалақ ойыншы аты аталмаса да орынынан ұшып тұрады. Мұндай ойыншылар айыпты саналып, көпшіліктің ұйғаруымен ортаға шығып, өнер көрсетеді.
«ДАУЫСТА,АТЫҢДЫАЙТАМ!»
Ойнаушылар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер жасайды. Көзі байлаулы бір ойыншы шеңбердің ортасында тұрады да, қолындағы таяғын шеңбер бойында тұрған ойыншылардың кез-келгеніне ұсынып-дауыста, атыңды айтам, - дейді. Таяқтың екінші ұшынан ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін әдейі даусын бұзып шығарады. Шеңбер бойындағы ойыншылар белгілі бір бағытпен үнемі қозғалыста болады. Көзі байланған ойыншы бірінші таяқ ұсынған ойыншының атын дұрыс тапса, сол ойыншымен орын ауыстырады. Таба алмаса, келесіге ұсынады,осылайша үш ойыншының атын анықтай алмаса, ойыннан шығып қалады.
Су ішінде ойналатын ойындар
Су ішінде ойналатын ойындар жүзу жаттығуларын тез меңгеруге көмегін тигізеді.
«ӨТКЕЛ» ОЙЫНЫ
Тереңдігі ойыншылардың белінен келетін өткелдегі су ішінде олар бір қатар болып арғы жағаға қарап тізіліп тұрады. Белгі берілісімен балалар екі қолымен кезек есу қимылын орындай отырып келесі жағаға тез жетуге әрекеттенеді.
Өткелден өту кезінде балалар хормен мынадай тақпақ айтып бара жатады:
Қолмен суды есемін, есемін,
Жағаға тез жетемін, жетемін.
«ШОРТАН» ОЙЫНЫ
Бір ойыншы шортан деп белгіленіп,ол су ішінде теріс қарап тұрады.Ал қалған ойншылар судың ішінде өз беттерімен балық болып жүзіп жүреді. Шортан «Шортан!» деп өзін атын атай дауыстап белгі бергенде балалар судан бастарын ғана шығарып отыра қалады. Кім отырып үлгірмесе, сол шортан болып, ойынды әрі қарай жалғастырады.
«ТУННЕЛЬ» ОЙЫНЫ
Екі бала су ішінде қол ұстасып туннель жасап тұрады.Басқалар туннельдің астымен бір-бірлеп сүңгіп өтіп шығуға тиіс.Ойыншылар түгел өтіп шыққан соң басқа екі бала туннель жасап, ойын әрі қарай жалғастырады.
Аз қимылдайтын ойындар мен көңілді жарыстар
Аз қимылдайтын ойындарды сабақ үстінде сергіту сәтін өткізгенде пайдаланады.
«ШАТАСПА» ОЙЫНЫ
Мұғалім алдымен оқушыларға бірнеше қарапайым әрі жеңіл ойын жаттығуларды көрсетіп шығады. Сонан соң балалар оларды мұғалімге алданбай дұрыс орындап шығулары керек.
Мұғалім ойын-жаттығулардың шартын айтып береді: «Қолды тізіге қой, кеуденің алдында шапалақта,оң қолымен мұрныңды ұста, сол қолымен оң құлағынды ұста, содан кейін қол шапалақтап,сол қолыңмен мұрныңды ұста, оң қолымен сол құлағынды ұста»
Жаттығуларды орындауды бірте –бірте тездетіп, бірнеше қайталау керек. Тек оқушылар шатаспай орындауға тиіс.
«МҰРЫН–ҚҰЛАҚ–МҰРЫН»ОЙЫНЫ
Мұғалім сұқ саусағын мұрынына тигізіп, қатарынан үш рет «мұрын» дейді. Балалар оның істегені мен айтқанын қайталап отыруға тиіс.
Келесі жолы мұғалім: «Мұрын –мұрын-мұрын-құлақ», -деп, сұқ саусағын иегіне тигізеді. Ал балалар мұғалімнің істегенін емес, айқанын ғана орындаулары керек.
«ҰСТАТПАЙТЫН ЖІП» ОЙЫНЫ
Ара қашықтығы 3-5 м жердегі екі орындықтың үстінде екі бала теріс қарап отырады. Екі орындықтың астымен өтіп ұзын жіп жатады.
Ойынды бастау белгісі берілгенде ойыншылар тұра салып, орындықтарын үш рет айналып келіп қайта отыра қалып, еденде жатқан жіпті өзіне қарай тартып ала қоюға тырысады. Жіпті кім бұрын өзіне қарай тартып ала қойса, сол жеңген болып есептеледі.
«ҮШТЕН ЕКЕУ» ОЙЫНЫ
Үш кеглиді қатар қойып, екі жағында екі бала теріс қарап тұрады. Олар жай тұрмай, қолды атқа немесе желкеге қойып билеу, бір орында тұрып жүгіру, секіру, жүрелеп отырып жүру, т.б. қимылдар жасап тұрады. «Тоқта!» деген дауыс естілгенде әр бала екі кеглиді алып үлгеруге тырысады. Кім бірінші болып екі кегли алып үлгерсе, сол жеңеді.
Үзіліс кезінде орындалатын қимыл-қозғалыстар
Үзіліс кезінде орындалатын қимыл –қозалыстарға қажетті ойындар мен арнаулы жаттығулар партада отыру және жазу кездерінде шаршайтын бұлшықеттерді сергітіп, тынықтырады.
Жылдың қай мезгілі болмасын, үзіліс кезінде таза ауада ойнап, жаттығулар орындаса, бұлшық еттің құрыс-тырысы жазылып, оқушының оқу қабілеті арта түседі.
Үзіліс кезінде қимыл-қозғалыстар жасау мен ойындар ойнауға тас, шыбық, таяқ, қар сияқты табиғатта кездесетін заттармен бірге арнайы әзірлеген асық, жонылған таяқшалар, доп, шығыршық, секіртпе сияқты спорт құралдары да пайдаланылады.
Мұндай ойындар мен жаттығуларға тақпақ айту мен ән салуды қатыстыра жүргізсе, бала сергіп қана қоймай, қимыл жасау қабілеті артып, ақыл-ойы молая түседі.
Үзіліс кезінде орындалатын қимыл-қозғалыстарға қажетті ойындар мен жаттығуларды іріктеп, таңдап алуда мына жағдайлар есте болуы керек:
1) үзілістің ұзақтығын ескеру;
2) өткен және келесі сабақтардың ерекшелігін білу;
3) сыныптағы оқушылардың қимыл-қозғалыс қабілеттері мен ұйымшылдығын ескеру.
Үзіліс кезінде қимыл-қозғалыстар орындауға мына төмендегі ойындарды пайдаланған дұрыс.
«АСЫҚ ИІРУ»ОЙЫНЫ
Екі бала қарама-қарсы немесе бірнеше бала шеңбер жасап отырады. Әр ойыншы өз кезегі келгенде асығын ортаға иіріп тастайды. Кімнің асығы алшы түссе, сол бір ұпай алады. Ойын келісім бойынша жалғаса береді. Кім көп ұпай жинаса, сол жеңген болып есептеледі.
«ШЕРІТПЕК» ОЙЫНЫ
Ойыншылардың бар асығын қосып жерге шашып тастайды да, кезекпен бүк (немесе шік, алшы, тәйке) жатқан асықты сондай бүк жатқан асыққа шертіп тигізеді. Тигізсе, сол асықты өзі алады. Ал егер тигізе алмаса немесе басқаша жатқан асыққа тисе, шерту кезегі келесі ойыншыға беріледі.
Ойын асықтар таусылғанға дейін жалғасады.
«КІМ ТЕЗ?» ОЙЫНЫ
Ұзындығы 2-3 метр, дәл ортасына белгі салынған лентаның екі ұшын екі таяқшаға бекітеді. Сонан соң екі бала қарама-қарсы тұрып, саусақтарымен
Таяқшаны тез-тез айналдырып лентаны орай бастайды. Лентаның ортасындағы белгіге кім бұрын жетсе, сол жеңген болып есептеледі.
«ШАПАЛАҚТАУ» ОЙЫНЫ
Екі бала бір –біріне қарама-қарсы тұрып, қолдарын мынадай ретпен шаплақтайды:
1) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;
2) екеуі алақандарын бір-біріне шапалақтау;
3) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;
4) екеуі оң алқандарын бір-біріне шапалақтау;
5) өзінің екі алқанын бір-біріне шапалақтау;
6) екеуі сол алақандарын бір-біріне шапалақтау;
7) өзінің екі алақанын бір-біріне шапалақтау;
8) екеуі алқандарын бір-біріне шапалақтау;
Ойынды 4-6 рет қайталап ойнаған жөн.
«ШОРТАН» ОЙЫНЫ
Бір ойыншы «Шортан» деген ат алып, шеңбердің ортасында қозғалмай тұрады. Қалған ойыншылар екі-екіден қол ұстасып, шеңберді бойлай тақпақ айтып билеп жүреді:
-Ортамызда Шортан бар,
Қол тигізіп алмаңдар.
Жанап кетіп шортанға,
Ойынан шығып қалмаңдар!
Шеңберді айналып жүрген әрбір жұптағы ойыншылар бір-бірінің қолын не басқа денесін Шортанға тигізіп жіберуге тырысады. Егер кімде-кімнің қолы не басқа денесі Шортанға тиіп кетсе, сол ойыншы ойыннан шығады. «Шортан» ойыны 3-4 ойыншы қалғанша жалғаса береді.
«БЕР ДЕ ОТЫР» ОЙЫНЫ
Ойыншылар 5-6 баладан бөлініп, бірнеше тізбек болып қатар сап түзеп тұрады. Әр тізбектің алдында 5-6 м жерде қолына доп ұстаған сол тізбектің капитаны тұрады.
Белгі берілісімен капитан допты тізбектегі бірінші балаға лақтырып береді. Ал ол қағып алған бетте допты бірден капитанға лақтырады да, өзі жүрелеп отыра қалады. Осыдан кейін капитан допты екінші ойыншыға, содан соң үшінші ойыншыға, сөйтіп соңғы ойыншыға допты қайырып отыра қалғанға дейін лақтырады.
Капитан допты соңғы ойыншыдан алған бетте оны жоғары көтереді. Ойыншылар орындарынан тұрып, сапты түзейді. Қай команданың капитаны допты бірінші болып допты жоғары көтерсе, сол команда жеңімпаз атанады.
Ойынды бірнеше рет қайталап ойнауға болады.
«ЕКІ ШЕҢБЕР» ОЙЫНЫ
Ойыншылар сыртқы және ішкі деп аталатын екі шеңбер жасап тұрады. Ойын басталысымен екі шеңбер бойындағылар қарама-қарсы бағытта қол ұстапсып жүгіре бастайды. Тоқтауға белгі берген кезде сыртқы шеңбердің ойыншылары ішкі шеңбердегілер жүрелеп отырып үлгергенше оларға қол тигізулері керек. Ішкі шеңбердің қол тиген ойыншылары қашан таусылғанша сыртқы шеңберге келіп қосыла береді.
Ойынды бірнеше рет қайталап ойнауға болады.
«ҚҰЙЫН» ОЙЫНЫ
Ойыншылар 6-7 баладан бөлініп, бірнеше тізбек болып сап түзеп тұрады. Ойынды бастауға белгі берілген бетте тізбектегі бірінші тұрған бала тез артқа бұрылады. Ал екінші бала екі қолымен оны белінен қапсыра құшақтап бір айналған соң оларға үшінші бала қосылады. Онан соң төртінші бала, сөйтіп командадағы балалардың бәрі қосылып бір айналғанда ойын бітеді. Ойынды қай команда бірінші аяқтаса, сол жеңіске жетеді.
Ойынды қайталап ойнауға да болады.
«ЖҮЙРІК ПОЙЫЗ» ОЙЫНЫ
Ойыншылар 6-7 баладан бөлініп, бірнеше тізбек құрап сап түзеп тұрады. Олардың алдында 6-7 м жерге бір-бір жалауша шаншылады. «Марш» деген бұйрық белгісімен тізбектегі бірінші тұрған ойыншы қолымен паровоздың дөңгелегінің қимылын жасай тез жүріп (жүгіруге болмайды) жалаушаны айналып келгенде, оған екінші ойыншы ілеседі. Екеуі қайтып келгенде, оған екінші ойыншы, сөйтіп командадағы ойыншылар біткенше жүріс жалғаса береді. Әрбір ілескен ойыншы өзінің алдындағы ойыншының шынтағынан ұстап «тіркеледі».
Пойыздың толық құрамы бастапқы орнына қайтып оралғанда ұзақ «гудок» береді. Ойынды бірінші болып аяқтаған команда жеңіске жетіп, «жүйрік пойыз» атанады.
«ҚАҚПАН» ОЙЫНЫ
4 немесе 6 ойыншы шеңбер жасай қол ұстасып «қақпан» құрып тұрады. Басқа ойыншылар ойынды бастауға белгі берілісімен шеңбердің кез келген жерінен шығып жүре береді. Екінші белгі бергенде (ысқырық естілгенде) қақпан құрып тұрғандар тез жүрелей отырып, іштегілерді ұстап қалады, яғни олар қақпанға түскен болып есептеледі. «Қақпанға түскен» ойыншылар ойыннан шығарыла береді.
«СЫНЫПТАР» ОЙЫНЫ
Жерге үлкен төрт бұрыш сызып, оны бірнеше шаршыға (сыныпқа) бөледі. Соңғы сыныптан кейін жарты шеңбер тәрізді етіп «от» сызылады.
Бірінші кезектегі ойыншы жайпақ тасты бірінші сыныпқа бір аяғымен секіріп кіріп, тасты алады да, қалған сыныптарды бір аяғымен секіріп аралап шығады. Осыдан кейін тасты екінші сыныпқа, одан соң үшінші сыныпқа тастау арқылы ойынды жалғастыра береді.
Егер тас тиісті сыныпқа дәл түспесе немесе ойыншы сызықты басып кетсе, ойын кезегі келесі балаға беріледі. Ал егер тас «отқа» түссе, бұл ойыншының алдағы ойыны күйіп кеткен болып есептеліп, ойнауды бірінші сыныптан қайта бастайды.
«ДОПТЫ ЖІБЕРМЕ» ОЙЫНЫ
Ойыншылар қолдарын иықтарына қойып шеңбер жасап тұрады да, ойын жүргізуші футбол добын ұстап ортада тұрады. Берілген белгі бойынша ойын жүргізуші допты ойыншылардың аяқтарының арасынан теуіп сыртқа шығаруға тырысады. Ал ойыншылар қолдарын иықтан түсірместен, аяқтарымен допты сыртқа шығармауға әрекет етеді. Ойын бастауыш допты сыртқа теуіп шығарса, жаңадан ойын бастауыш сайланып, ол ойынды әрі қарай жалғастырады.
«ПОШТА БАРЛЫҚ ҚАЛАҒА БАРАДЫ» ОЙЫНЫ
Санамақ арқылы «пошташы» сайлап алынады. Ойыншылар шеңбер жасап тұрып, әрқайсы өз орынын айналдыра сызып белгілеп қояды. Ал пошташы шеңбердің ортасына орналасады. Әрбір ойыншыға бір-бір қаланың аты беріледі.
Мұғалім: «Біздің жүрдек пошта пойызы Алматыдан Астанаға келе жатыр», -дегенде бұл қалалардың атындағы ойыншылар орындарын тез ауыстыра қоюлар керек. Және осы кезде ортада тұрған пошташы сол екі орынын біреуіне тез тұра қоюға әрекеттенеді. Орынсыз қалған ойыншы пошташы болып, ойынды әрі қарай жалғастырады.
Егер пошташы көпке дейін орынға ие бола алмаса, онда мұғалім: «Пошта барлық қалаға бет алады»,-дейді. Осы кезде ойыншылар жапай орын ауыстырулары керек. Мұндай сәтте пошташының орын табуы жеңілдейді.
«КЕЗДЕСУ» ОЙЫНЫ
Ойыншылар екі баладан жұп құрап, қолдарына шар не доп ұстап 6-8 м жерде бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Мұғалім ойнауға белгі берілісімен әр жұп доптарын (шарларын) бір-біріне қарай домлатып тигізуге тырысады. Доптары тиген ойыншылар ұпай алады. Ойынның соңында қай жұптың ұпайы көп болса, сол жұп жеңіске жетеді.
«ДОП ҚУАЛАУ» ОЙЫНЫ
Шеңбер жасап тұрған ойыншылар «бірінші» «екінші» дейтін санау тәсілімен екі командаға бөлінеді. Әр командаға капитан сайланады және оларға бір-бірден доп беріледі. Мұғалім ойнауға белгі берісімен капитандар өз командасының әрбір ойыншысына допты тездете лақтырып беріп, қайта алып ойнайды. Қай команда ойынды бұрын аяқтаса, сол жеңіске жетеді.
Ойынды келісу бойынша бірнеше рет қайталап ойнауға болады.
«КӨҢІЛДІ ЖАРЫС» ОЙЫНЫ
Әрбір команда 5 м қашықтықты тез секіріп өтуі керек. Қай команда бірінші болып секіріп өтсе, сол команда жеңіске жетеді.
«ДЖУНГЛИ» ОЙЫНЫ
Бұл ойынды Индия, Азия елдерінің балалары қызығып ойнайды. Мұнда ойыншы пластмассадан жасалған кішкентай тәрелкені үшкір таяқшаның ұшымен неғұрым көбірек түсірмей айналдырып тұруға тұруға тиіс. Тәрелкені айналдыруды жақсы үйреніп алғанан кейін қосымша қимылдар (таяқшаны қолдан-қолға ауыстыру, отыру, жату, тұру) енгізіп, топ-топ болып жарыс ұйымдастырып ойнауға болады.
«АЯҚТЫ ЖЕРГЕ ТИГІЗБЕ» ОЙЫНЫ
Алдымен бір ұстаушы сайлап алынады. Қалған ойыншылар ағаштардың арасында немесе көгалда еркін ойнап жүреді. Мұғалімнің «Ұстаушыдан қаш!» деп дауыстағанан кейін «бір, екі, үш» деп асықпай сары жерге (топыраққа) тимейтіндей биікке шығып ала қояды.Біреуі ағашқа асылып алса, екіншісі ағаштың кесілген түбіріне, үшіншісі жатқан тастың үстіне шығып алады. Жерде тұрып қалғандар ұсталған болып есептеліп, ойынан шығады.
Ойын 3-4 рет қайталап ойнаған соң басқа ұстаушы сайланады.
«СОҚПА ДОП» ОЙЫНЫ
Ойыншылар екі командаға бөлінеді. Бірінші команданың ойыншылары алаңның шетіндегі сөре сызығында қатар тізіліп тұрады да, екінші команданың ойыншылары алаңда еркінше шашырап жүреді. Ойын басталған сәтте бірініші команданың капитаны кішкене допты қолында қақпа таяғы бар бір жақ қапталда тұрған екінші команданың капитанына лақтырып береді. Ал ол допты қақпа таяқпен алаңдағы өз ойыншыларына қарай бағыттап ұрады.Осы кезде сөре сызығында тұрған бірінші команданың ойыншылары қарсы беттегі мәре сызығына қарай жүгіреді. Бұл сәтте екінші команданың ойыншылары ұшып келе жатқан допты қағып алып, оны жүгіріп бара жатқан бірінші команның ойыншыларына тигізуге тырысып лақтырады. Доп бір ойыншыға тисе, командалар орындарын ауыстырып ойнайды.
«ҚОЛ ҰСТАУШЫ»ОЙЫНЫ
Санамақ арқылы ойнаушылар арасынан екі баланы ойын бастаушы етіп белгілейді.Мұғалімнің берген белгісі бойынша қол ұстасқан қос ұстаушы балаларды қуып жүріп ұстай бастайды.Қашып жүрген ойыншылар белгіленген алаңнан шығып кетсе,ұсталған болып саналады.Ұстаушылар екі баланы ұстағаннан кейін,олар да ұстаушы болып,қалғандарды ұстауға кіріседі.Ойын ұсталмаған екі бала қалғанша жалғасады.Сол екі бала жеңіске жеткен болып есептеледі де,келесі ойынды солар бастайды.
«ӘТЕШТЕР САЙЫСЫ»ОЙЫНЫ
Бұл ойынды балалар екі командыға бөлініп немесе екі бала ғана ойнай береді.Ортаға екі бала шығады да,бір аяқтарын бүгіп,қолымен ұстап,екінші аяқтарымен тұрады.Берілген белгі бойынша екеуі секектеп жүріп иықтарымен қағысады.Қайсысы тепе−теңдігін сақтай алмай,көтерген аяғын жерге тигізіп қойса,сол жеңілген болып есептеледі.
«Әтештер сайысы» ойыны бір аяқпен секіріп жүруге,тепе−теңдікті сақтай білуге үйретеді.Ол ептілікті,шапшаңдықты жетілдіреді.
«ЖҮГІРУ МЕН СЕКІРУ»ОЙЫНЫ
Жіптің бір ұшын қазыққа байлайды.Екінші ұшын бір бала керіп ұстап,қазықты айнала жүгіреді.Ал өзге балалар жіптен секіреді.Секіре алмай қалған бала ойыннан шығады.
Жазғы демалыс лагеріндегі көңілді ойындар
Жаз уақытында ата-аналар ең ұзақ демалыс (каникул) кезінде балаларының тоғыз ай мектептегі уақыттары секілді дене тәрбиесі, спорт жаттығуларымен үзбей, жүйелі, тұрақты айналысуын ұйымдастыра ала ма? Ұйымдастыру қиынға соғады. Оның себебі ата-ананың уақыты да, мүмкіншілігі де жетпей жатады. Ата-ана үшін ең бір тиімді жолы бар. Ол жол көптеген жылдар бойы ұйымдастырылып жүрген балалардың демалыс-сауықтыру лагерлеріне балаңызды жіберу.Балалардың жазғы тынығу лагерлері әр түрлі болғанмен олардың мақсаты мен міндеттері бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу. Осы мақсат, міндеттерді орындау үшін түрлі жұмыстарды ұйымдастырады. Ол жұмыстардың негізі болып әрқашан түрлі ойындар қала береді.Сондықтан төменде ойындарды жіктеп, балаларды қызықтырады-ау деген тақырыптарда бірнеше түрлерін беріп отырмын. Ойындардың негізгі мақсаты қысқаша беріліп отыр. Бұл ойындарды бұрыннан танымал ойындармен бірге пайдалана отырып, баланының ойы мен тәрбиесін жеке тұлға ретінде заманауи талаптарға сай ұштауға, одан әрі дамытуға қадам басамыз деп ойлаймын. Ойындарды жас ерекшелігіне қарай өзгертіп, икемдеуге оңай, әрі балалардың өздеріде өздігінше жүргізе алатындай жеңіл.
Тақырыбы: Айдаһардың құйрығы
Мақсаты: Балалардың дене қимылдарын жетілдіре отырып бірлесе қимылдауға, ауызбіршілікке жетелеу.
Ойынға қатысушылар бірінің артынан бірі тізбектеле белдерінен ұстап тұрады. Ең бірінші тұрған адам –«айдаһардың басы». Ең соңғысы - «құйрығы» болады.
Ойын кезінде көңілді музыка қойылады. «Айдаһардың басы» ең күрделі жолдармен жүре отырып өз «құйрығын» ұстап алуға тырысады. Оның мақсаты – ұстап алу, «құйрықтың» мақсаты – ұстатпау, қайткенде де қашып құтылу. Егер «құйрық» ұсталып қалса, ол - «бас» болады. Ойын өз жалғасын табады.
Тақырыбы: Қызыл табан
Мақсаты: Балаларды ұжыммен жұмыс жасауға, ұйымшылдыққа, шыдамдылыққа, әдептілікке үйрету.
Ойынның шарты түсіндіріледі. Осы лагердегі бір адамның табанына «қызыл табан» белгісі жапсырылған. Ол белгі кез-келген адамда болуы мүмкін. Қай топ сол адамды бірінші тауып, әуелі әдепті сөздер көмегімен табанын көрсетуін сұрап, дәл тапса, солар ұтады.
Тақырыбы: Көңілді маймылдар
Мақсаты: Еркіндік бере отырып тыңдауға, тәртіптілікке шақыру арқылы шыдамдылыққа, ұжыммен бірге қимылдауға үйрету.
Жүргізуші- «Маймылдарың апасы»:
Біз – көңілді маймылдар,
Өте қатты шулаймыз,
Алақанды соғамыз,
Еденді де таптаймыз.
Ұртымызды үрлеп,
Әндетеміз гулеп.
Төбеге де секірдік,
Маңдайға саусақ келтірдік.
Құлағымыз – қалқан,
Құйрығымыз – салпаң.
Бірақ тәртіп – қатаң,
«Үш» дегенде апаң-
Бәрің тілді алыңдар,
Қозғалмай, қатып қалыңдар!
Ойынға қатысушылар тақпақты жүргізушімен бірге қайталап, әр түрлі қимылдар жасап, әбден еркінсиді. Бірақ «үш» деген сөзден кейін қозғалмай бір орында қатып қалады. Бірінші қозғалып қойғандар ең соңғы ойыншы қалғанша шетінен ойыннан шыға береді.
Тақырыбы: Айна
Мақсаты: Баланың зейіні мен байқампаздығын әрі әр түрлі дене қимылдарын жетілдіру.
Әр бала – «айна» болады. Жүргізуші әр айнаға бір барып, сол «айнаға» қарап, түрлі қимылдар жасайды. «Айна – бала» сол қимылдарды үлгіріп, әрі дәл қайталауы керек. Ең дұрыс «айна-бала» - жүргізуші болады. Ойын осылай қайталана береді.
Тақырыбы: Балық, құс, аң
Мақсаты:Жүргізуші ойыншылардың жанына барып жаймен ғана «балық, құс, аң»- деп айтып-айтып келеді де, бір ойыншының жанына барған кезде дауысын қаттырақ шығарып:
-Балық!(немесе аң, құс) –деп айтып қалады. Сол мезетте ол ойыншы бірден өзі білетін кез-келген балықтың атын айтып үлгеруі керек. Айта алмай қалса ол ойыннан шығады. Ойын ең соңғы ойыншы қалғанша жалғаса береді.
Тақырыбы: Тапқыштар
Мақсаты: Әр түрлі тақырыптағы астарлы сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың логикалық ойлауын дамыту.
Тапқырларға арналған әзіл викторина
Елекпен су тасуға болады ма? (болады, мұз күйінде)
Аңшы көлде жүзіп жүрген үйректерді бір оқпен атса, көлде неше үйрек қалады? (қалмайды, бәрі үркіп ұшып кетеді)
Есік пен терезенің арасында не тұр? («пен» тұр)
Орыс күнтізбесінде ең қысқа ай қай ай? (Май- үш әріптен тұрады)
Қай өзен ең қорқынышты ? (Тигр өзені)
Страус өзін құспын деп айта алады ма? (Жоқ, ол сөйлей алмайды)
Нені дайындауға болады, бірақ жеуге болмайды? (сабақты)
Жасыл доп Сары теңізге құласа не болады? (су болады)
Қай қолмен шәйді араластырған дұрыс? (шәйді қасықпен араластырған дұрыс)
Қандай сұраққа «иә» деп жауап бере алмаймыз? (ұйықтап жатырсыз ба?)
Жаңа жылда адамдарды жаппай құлататын табиғат құбылысы ? (мұзтайғақ)
Он жұмыртқа салынған себетті екі рет түсіріп алсаң нешеуі қалады? (бәрі жарылып қалады)
Тақырыбы: Жақсы сөз - жарым ырыс
Мақсаты: Баланың білетін бар жақсы сөздерін достарына айтқыздыра отырып, өзара сыйластыққа, достыққа жетелеу, әрі сөздік қорын молайту. Өзін-өзі тануға, өзінің тіл байлығын бағалауға үйрету. Баланың бойындағы ізгілікті ояту, түрткі болу.
Қатысушыларды шеңбер бойына отырғызамыз. Жүргізуші «жақсы сөздерді» айта отырып, қолындағы допты кез-келген балаға лақтыра салады. Допты алған бала дереу бір «жақсы сөзді» айтады да келесі балаға допты лақтырады. Жақсы сөздер тізбегі осылай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша айтылған сөздер қайталанбауы керек. Сөз таппай қалған, немесе қайталанған сөз айтқан қатысушы ойыннан шығады. Ойынның тағы бір ізгі шарты бар: ойыннан шығып қалған баланы досы «жақсы сөз» сыйлап қайта кіргізе алады. Бірақ бір рет қана бұл мүмкіндікті пайдалана алады.
Тақырыбы: Мамандықтар таңдау
Мақсаты: Баланың мамандықтар туралы білімін кеңейте отырып, еңбек ету арқылы өз мақсатына жетуге болатындығын ұғындыру.
Ортаға әр түрлі мамандықтар аты жазылған қағаздар тасталынады. Әр бала бір-біреуден алады. Әркім өзіне тиесілі мамандық бойынша: шағын көрініс, тақпақ, қысқаша монолог, сипаттама т.б. жасап, мамандықты барынша дәріптейді, презентация жасайды. Ойын соңында «Ең жақсы презентация» марапатталады. Барлық қатысушыларды қамту мақсатында әр түрлі марапаттар ұйымдастыруға болады.
Тақырыбы: Мен кіммін?
Мақсаты: Баланың өз бойындағы қасиеттері мен қылықтарын таразылауға үйрету. Әрі ол арды жақсы, жаман деп жіктей білуге, ажыратуға үйрету. Әділ болуға, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Әр бала параққа екі бейне салады. Біреуі: күліп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл бейненің жан-жағына тек қана өз бойындағы жақсы қасиеттерін жазады. Екінші сурет: қабағын түйіп, түнеріп тұрған бала-күннің бейнесі. Бұл суретке керісінше өз бойындағы өзіне ұнамайтын қылықтарын жазады. Ең соңында әр бала өз жұмысына өзі баға береді. «Шыншыл бала» атағы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |