2019ж. «Этнопедагогика» пәні бойынша ОҚУ Әдістемелік кешені


Этнос теориясынан алынған



бет3/9
Дата25.03.2020
өлшемі0,65 Mb.
#60709
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
этнопедагогика
Mr

Этнос теориясынан алынған: этноним; этникалық сана; этникалық таптаурын; этноұлттық; дәстүр; этногенез; этникалық; тіл; этнос; халық; ұлыс; ұлт; субэтнос; ру; тайпа; эндогамиялық; этникалық ұқсастық.

Қазақ философиясынан алынған: этникалық дүниетаным; этникалық менталитет; наным; ырым; тыйым; кеңістік және уақыт туралы түсінік; әрақтарды құрметтеу; діни көзқарас; халықтық астрономия; халықтық күнтізбе; халықтық медицина; халықтық өлшем; халықтық ауа райы болжамы; айналаны қабылдау; айналаны түсіну.

Этнопсихологиядан алынған: ұлттық психология; психикалық тұрпат; ұлттық сезім; ұлттық мінез; ұлттық сана;ұлттық қызығушылық; әдет-ғұрып; дәстүр; салт; жора; рәсім.

Мәдениет теориясынан алынған: этнопедагогикалық мәдениет; этникалық мәдениет; ұлттық мәдениет, материалдық мәдениет; рухани мәдениет; әлеуметтік нормативтік мәдениет; халықтық мәдениет; дәстүрлі мәдениет; халықтық педагогикалық мәдениет; дәстүрлі көркем мәдениет; отбасындағы ара -қатынас мәдениеті.

Жалпы педагогикадын алынған: тәрбиелеу; қалыптастыру; дамыту; мұрагерлік; орнын басу; ортау; әлеуметтендіру; әдіснамалық білім.

4. Халықтық педагогика және этнопедагогика.

Педагогикалық практика тәжірибесінде және педагогикалық ғылымдар жүйесінде бұл ұғымдар синоним ретінде қолданылады. Осы екі сөз тіркесте де негізгі ортақ сөз адам тәрбиесі жайлы ғылым – педагогика. Осы тұрғыдан алып қарағанда этникалық педагогика мен халықтық педагогиканы да ғылым деп айтуға болады. Алайда бұл жерде әрқайсысының зерттеу пәні не деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер олар сәйкес келсе, онда ол екеуін толығымен синоним сөздер деп есептеуге болады. Ол үшін этнологиядағы «этнос» және «халық» сөздері синоним сөздер қатарына жататына көз жеткізгеніміз абзал. Алайда бұл ұғымдар этнологиялық ғылымда әртүрлі түсіндіріледі. Бұл ұғымдар туралы пікірлердің басты идеялары келесі анықтамадан көруге болады:



  • этнос – территориясы, мәдениеті мен тілдің бірлігі негізінде біріккен, тарихи қалыптасқан адамдар қауымдастығы;

  • халық – таптық және әлеуметтік қабат (еңбек бұқарасынан құралады), территориясы, тарихы, мәдениеті мен тілдің бірлігі арқылы біріккен адамдардың тарихи қалыптасқан қауымдастығы;

Яғни «халық» «этнос» құрылымын құраушы бір компоненті болып табылады. Соңғысына қарағанда ол қоғамды таптарға бөлу негізінде кешірек пайда болса, ал этнос – адамзат қауымдастығының алғашқы түрі. Мәселен, орыс этносының құрылымдық пайда болу компоненттері болып – ақсүйектер, көпестер, еңбекші тап, шаруалар болып табылады. Соңғылары «еңбекші бұхара» деген түсінік, яғни «халық» ұғымының негізі. Сондықтанда халықтық педагогика қарапайым қара халықтың мәдениетінің бір құрамдас бөлігі ретінде түсіндіріледі. Бұл жағдайда этнопедагогика - құрамына жоғары тап өкілдерінің этникалық педагогикасы да, қарапайым халық бұхарасының педагогикасы да кіретін этнос педагогикасы.

Сонымен, халық педагогикасы – тәрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, тәрбие жөніндегі халықтың білімі мен тәжірибесі, ал этнопедагогика – халықтық тәлім-тәрбиені, оның тәжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы.



5. Қазақ этнопедагогикасы: негіздері, қызметі, ұстанымдары, заңдылықтары.

Қазақ этнопедагогикасы қазақстан мемлекетінің негізін құрайтын қазақ этносының ұрпаққа тәрбие беретін, білімді дамытып, дүниетанымдық қабілеттерін қалыптастыратын ғылым(Ә. Табылды).

Қазақ этнопедагогикасы: халық педагогикасы (ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері) және этнопедагогикалық ойлар тарихы деген екі бөлімнен тұрады.



Қазақ этнопедагогикасы – қазақ халқының мәдени мұрасы, ұлттық тәрбие құралы.

Қазақ этнопедагогикасы – нысанды ақиқат заңдылықтарын бейнелейтін, дәделді теориялық жүйеде түзілген ілімдердің философиялық қисынды құрылымын көрсететін, яғни халық педагогикасы мен ұлттық педагогикалық ойлар тарихын зерлеп, дәлеледеп көрсететін ғылым.

Қазақ этнопедагогикасы - қазақ философиясы, этностар теориясы, этнопсихология және мәдениет теориясы ғылымдары салаларымен тоғысқан, аталмыш ғылыми пәндердің фундаменталдық ережелері мен методологиялық негіздеріне сүйенген, педагогика ғылымының ажырамас, біртұтас бөлігі.

Бүгінгі таңда қазақ этнопедагогикасының ғылыми-методологиялық және теориялық негіздеріне арналған зерттеу жұмыстары С.Қалиевтың, С.А.Ұзақбаеваның, К.Ж.Қожахметованың, Қ.Б.Бөлеевтің, А.Қ.Қалыбекованың және т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектерінде көрініс тапты. Мәселен, К.Қожахметова өзінің «Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика» (1998) деген еңбегінде сол кезеңге дейінгі қазақ этнопедагогикасы бойынша зерттелген еңбектер мен авторлық-мемлекеттік бағдарламалар мен әдістемелік оқулықтар және озық тәжірибелер жөнінде толық мағлұматтар келтіріліп, жете талдау жасаған.



Қазақ этнопедагогикасының мақсаттары мен міндеттері: педагогика ғылым жүйесіндегі қазақ этнопедагогикасының орнын айқындау мен қазақ этникалық тәрбиесінің ерекшелігін зерттейді, тәрбиеге этноұлттық тұрғыда келудің мәнін ашып, ұлттық мінез-құлық, ұлттық сананы қалыптастырудың ерекшелігін зерделейді.

Қазақ этнопедагогикасы категориялары:

  • этнопедагогика

  • ұлттық педагогика

  • қазақтың этнопедагогикасы

  • халықтық педагогика

  • этникалық тәрбие

  • ұлттық тәрбие

  • этноәдеп

  • этноғылым

  • этноәдіснама

  • этномәдени білім

Қазақ этнопедагогикасының ұғымдары:

  • тәрбиелік әдет-ғұрыптар

  • тәрбиелік дәстүрлер

  • тәрбиелік салттар

  • тәрбиелік жоралар

  • наным

  • ырым

  • этнопедагогикалық білім

  • этноәлеуметтік рөл

  • үйрету

  • этникалық өзіндік сана-сезім

  • этнизация

  • тыйым

  • бата

  • туыстық қатынас нормалары

  • ұлттық мектеп

  • мектептің ұлттық тәрбие жүйесі

Қазақ этнопедагогикасыныңқызметі:

  • қазақ халқының озық дәстүрінің мәнін ашу;

  • ата-бабаларымыздың тәрбиесінің мағынасын тану;

  • ұлттық дүниетанымды қалыптастыру;

  • ұлттық ділді қалыптастыру;

  • халықтың ұлттық мәдени құндылықтары негізінде тәрбиелеу;

  • отаншылдыққа, тілге, тарихқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу;

  • мектептің, отбасының озық тәжірибесін насихаттау;

  • үздіксіз білім беру жүйесінде этникалық тәрбие арқылы қазақ халқының өзіндік болмысын сақтау.

  • отбасындағы этникалық жағымды тәжірибелерді дәріптеу; қазақ халқының өзіне тән тұрмыстық дәстүрін сақтау

Қазақ этнопедагогикасының заңдылықтары:

  • жалпы педагогика заңдылықтары;

  • «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»;

  • «Шешесін көріп қызын ал»;

  • «Ыдысын көріп, асын іш»;

  • «Әкеңе не істесең алдыңа сол келер» және т.б.

Қазақ этнопедагогикасының ұстанымдары:

  • Қазақтың этникалық тәрбиесінің қағидалары;

  • Жас және жеке бас ерекшеліктерін ескеру;

  • Мәдени сәйкестілік;

  • Табиғи сәйкестілік;

  • Туысқандық қатынас басымдылығы;

  • Үлкенді құрметтеу қағидасы.

6. Қазақтың халықтық педагогикасының қайнар көздері.

Әр ұлттың өзіне тән кәсібі, тарихы мен мәдениеті бар. Ол мәдениет сөйлеу тілінен, ойлау жүйесінен айқын көрініс табады. Сондай-ақ, ұлттық мәдени ерекшелік сол халықтың өмір сүру тәсілінен, діни-наным сенімінен, әдет-ғұрпынан, салт – санасы мен дәстүрінен өзекті орын алады.



Халық педагогикасы - ежелден халықпен бірге жасасып келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Ғалымдар тұжырымына сүйенсек, халық педагогикасы ғылым емес, ол халықтың ғасырлар бойы жинақтаған, бірақ бір жүйеге келтірілмеген ұрпақ тәрбиесі жөніндегі эмпирикалық білімі мен тәжірибесінің жиынтығы, этнопедагогика ғылымының зерттеу объектісі, педагогика ғылымын тудырушы қайнар бұлақ.

Қазақ халқының халық педагогикасы - ғасырлар бойы қалыптасып, негізделген, ұлттық тәлім-тәрбиенің құнды құралы.

Қазақ халқының халық педагогикасының құрылымы: ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлер, ұлттық өнер, ұлттық тәлім болып табылады. Қазақ халқының көпжанрлы өте бай ауыз әдебиеті мен игі әдет-ғұрпы, әдебі, дәстүрлері, салты, салт-санасы оның этнопедагогикасының тірегі болып табылады. Қазақ халкының өзіне тән тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері оның салт-дәстүрлерінен айқын көрінеді. Мысалы, ұлттық қасиет - меймандостық ең әуелі жеке тұлғалардың игі әрекеті болса, ол қолданысты үлгі-өнеге ретінде басқалар да пайдаланып, әдет-ғұрыпқа айналдырған.

Негізгі әдебиеттер:1, 2, 3, 4, 6, 9, 10, 11,45,46,47

Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 3, 5, 14,

2 дәріс тақырыбы. Педагогтардың ғылыми еңбектеріндегі халықтық тәрбие.

Жоспар


  1. Я. А. Коменский «Ана» мектебі. К.Д. Ушинскийдің халықтық принциптерінің ғылыми түрде негізделуі

  2. Н.К. Крупская , А.С. Макаренконың педагогикалық ой-пікірлері

  3. В.А. Сухомлинский, Г.С. Виноградовтың педагогикалық көзқарасына талдау

  4. Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі халықтық тағылымдар

  5. Қорқыт тағылымдары

  6. Араб – шығыс мәдениетіндегі халықтық тағылымдар (10-15 ғасырлар)

  7. Қазақ жырауларының тәлімдік идеялары

  8. Ы.Алтынсарин, А Құнанбаев еңбектеріндегі тәрбие тағылымдары

  9. А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, X.Досмұхамедовтың еңбектеріндегі халықтық педагогика мәселелері

  10. Тәуелсіз Қазақстан Республикасында ұлттық тәлім-тәрбиенің қайта жандануы (1991 жылдан бастап).

1. Я. А. Коменский «Ана» мектебі. К.Д. Ушинскийдің халықтық принциптерінің ғылыми түрде негізделуі

Чехтың ұлы педагогы Я.А Коменский отбасы тәрбиесінің тәжірибесіне сүйене отырып өзінің «Ана мектебі» идеясының негізін қалады. Чехтың ұлы педагогы Я.А Коменский отбасы тәрбиесінің тәжірибесіне сүйене отырып өзінің «Ана мектебі» идеясының негізін қалады.

Ұлы швейцария педагогы Г Песталоции швейцария халық педагогикасының тәжірибесін топшылай отырып өзінің «Аналарға арналған кітап» деген еңбегін жазды. Ол отбасында басталған табиғилық тәрбие өзінің жалғасын мектепте табуы тиіс деді.

Ұлы орыс педагогы К. Д. Ушинский халықтық педагогиканың тәрбиелік потенциалын жоғары бағалады. «Халықтық бастауға және сол халықтың өзі жасаған тәрбиенің күші зор» деп жазады

Ол халықтық деп халықтың «менін» сақтауға және оны қоғамдық экономикалық өмірдің барлық салаларында дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысын түсінді. Халықсыз халық – заңды іріп-шіруі ғана қалған жансыз дене – К.Д. Ушинский. Осы принципті ұстана отырып, ол халықтық идеясының негізін қалады. Ол халықтық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптарды жақсы біле отырып, мынадай қорытындыға келді: «ата-баба даналығы – ұрпақтар айнасы». Халықтық педагогика егер тәрбие туралы халық түсінігін ескермесе, өзінің бүкіл сан ғасырлық тарихында жинақтаған педагогикалық тәжірибесін зерттемесе бұл міндетті шеше алмаған болар еді. Тәрбиенің халықтық принципі ерте балалық шақта, ана тілін меңгеру үрдісінде жүзеге асады.

2. Н.К. Крупская , А.С. Макаренконың педагогикалық ой-пікірлері

Н.К. Крупская отбасындағы бала сөйлеуінің дамуына ерекше көңіл бөлді, әсіресе бала мен ананың қарым-қатынас процесі кезінде ол мынаған көңіл бөлді: яғни, ананың тілі баланың көңіл күйін, ой-пікірін, ақыл-зердесін дамыту мен өзін айқындауының негізгі құралы».

А.С. Макаренко өзінің көпжылдық тәжірибесінде мынаны тұжырымдайды: «педагогика адамдардың шапшаң жұмыстарынан, шынайы ұжымның реакциясы мен еңбек әрекетінен туындайды. Яғни отбасындағы еңбекке баулу адамның болашақта дамуына үлкен әсерін тигізеді».

3. В.А. Сухомлинский, Г.С. Виноградовтың педагогикалық көзқарасына талдау

В.А. Сухомлинский де халық даналығының сарқылмас көздерінен нәр ала білуді уағыздады. Оның ойынша «руханилық тамырын» қалыптастырудың қайнар көздерінсіз, халықтық педагогиканың пәрменді құралдарынсыз жеткіншек ұрпақты толыққанды тәрбиелеу мүмкін емес. Ол халықтық педагогика бай тәжірибесіне қарамастан ол белгілі бір дәрежеде зерттелмеді, бұл мәселе бойынша терең зерттеу жұмысы жүргізілмеді деп топшылайды.

Кеңес заманында халық педагогикасы проблемасына алғашқы болып өз үлесін қосқандардың ішінде Г.С. Виноградовты атап өтуге болады. Ол халық педагогикасын халықтың педагогикалық мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оны «жүйе» дегеннен гөрі, «білім мен дағдылар жиынтығы» деген пікірді құптаған. Виноградовтың пікірі бойынша, халық педагогикасын педагогикалық теория емес, педагогикалық практика, халықтың бала тәрбиелеу тәжірибесі ретінде қарастыру қажет.

4. Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі халықтық тағылымдар

Көне мұралардың ішіндегі Орхон-Енисей бойынан табылған, тасқа қашап жазылған ҮІ-ҮІІІ ғ.ғ. түркі көсемі Білге қаған, Күлтегін батыр мен ақылгөй Тоныкөк құрметіне қойылған құлпытастарда ұлы Түркі қағанаты халықтарының тұрмысы мен салты, мәдениеті мен жауынгерлік жортуылдары айшықты да мәнерлі тілмен өсиет сөз үлгісінде баяндалады. Оларда қазіргі қазақтардың сөз саптау үлгісіне жақын шешендік өнердің дәстүрлі формалары айқын байқалады. Ортағасырлық түркі тілді әдебиеттің таңдаулы туындыларынан да ұшыраспайтын бұл жазуларда тәңірінің «Жарлығымен» болатын бектер мен қара халықтың қағанға адал берілгендігі, қағандардың қараларды билеп-төстеуі жайында сөз қозғалады. Мәселен, «Егер сен, түркі халқы, өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіннің отбасыңда болсаң, ешнәреден мұқтаждық көрмейсің...» деп, бек пен қара халықты бірлікке шақырады. Түркі халқына қамқорлық жасау мәселесі де тас жазулардың өзекті арқауы («Ер жүрек халық, күшті халық», «Бізге жеңіс әперген жер-суымыз (Отанымыз) деп білу керек», т.б.) болып табылады. Жазба ескерткіштердегі халықтың мүддесін қорғауға бағытталған әрбір тағылым ұлттық тәрбиенің өзегі болып табылады.



5. Қорқыт тағылымдары

ІХ-Х ғасырларда Сыр бойында өмір сүрген ұлы ойшыл, қобызшы және «кітаби Қорқыт эпопеясын» тудырған үлкен эпос айтушы Қорқыттың тағылымдары да ұлттық тәрбиенің негізін құрайды. Ол адамзат өмірінің соншалықты қысқалығына наразы болып, пенде атаулыны ажал құрығынан құтқармақ болды. Қорқыт өзінің жанын жегідей жеген ой-сезімдерін – қазалы жанның үрейін, өлімнен қашып құтылудың амалын қобыздың азалы күйімен, поэзиялық көркем тілмен баяндайды. Ол эпос үлгісіндегі поэзиялық мұра ретінде біздің дәуірлерімізге жетті. Онда Сыр бойын мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, діни наным – сенімдерін бейнелейтін мәліметтер көптеп кездеседі. Олар тәлімдік жағынан да аса қызықты дерек болып табылады. Мәселен, «Аналан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Менмен, тәкаппар адамды тағылым алмаған адамды тәңірі сүймейді....Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ.... Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық...Әйелдің төрт түрі болады: оның бірі ниеті қара әйел, екіншісі - нысапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі кесірлі әйел...» деп келетін Қорқыттың нақыл сөздері өз мәнін күні бүгінге дейін жоймай келеді.



6. Араб – шығыс мәдениетіндегі халықтық тағылымдар (10-15 ғасырлар)

IX-X ғасырларда Ұлы Түрік қағанаты бірнеше мемлекеттерге бөлініп, Араб Халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территорияларына үстемдік жүргізулеріне әкеліп соқты. Арабтар ислам дінін уағыздаумен бірге ғылым мен білім де әкеледі, нәтижесінде түркі халықтарының ұлы ғалымдары: Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Иасауи, Баласағұн және басқалары араб тілі мен мәдениетін меңгерді. Көптеген шаһарларда діни медреселер ашылды, ғылым мен білім, мәдениет деңгейі артады. Медреселер діни ілімдермен шектеліп қана қалмай, арифметика, медицина, жаһаннама(философия), дінтану, астрология сияқты әлемдік маңызы зор дәріснама беруді басты мақсат етті. Бұл жерде қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келген, Шығыстың екінші Аристотелі атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) еңбегіне ерекше тоқтала кетуге тура келеді. Оның сан-салалы трактаттарында («Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолында», «Риторика», «Қайырла қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» т. б.) педагогикалық, психологиялық, философиялық, дидактикалық және әдіснамалық ой-пікірлері баяндалған. Бұл еңбектерінде оқыту әдістерінің ұғынықты, дәйекті, жүйелі, көрнекі болуына, сондай-ақ дағды, әдет, қабілет, икем, мінез, бақыт, т.б. тәлім-тәрбиелік ұғымдарға түсінік береді. Көз жеткізу, иландыру, мойынұсындыру тәрізді әдіс-тәсілдерге талдау жасайды.



7. Қазақ жырауларының тәлімдік идеялары

Қазақ жырауларының толғау тебіреністері, қанатты сөздері өзінің тәлімдік шарапаты жағанан ғана емес, сонымен бірге рухани, эстетикалық, отаншылдық мәні жағынан да аса маңызды болды. Қазақ даласында өсіп-өнген ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды, ұлттық тәрбиенің негізгі тағылымдарын уағыздады. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көрiністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.

XV-XVII ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерінің тәлімдік идеяларымен Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау секілді дал философтары ерекше көзге түскен еді.



8. Ы.Алтынсарин, А Құнанбаев еңбектеріндегі тәрбие тағылымдары

Халқымыздың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин өз еңбектерiнде болашақ ұрпақты адамгершiлiк қасиеттерге тәрбиелеуге қатты көңiл бөлген. Бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына жұмсаған ол қазақ жастарын еңбексүйгiш әдiл, шыншыл, ар-ұятты, қарапайым да мейiрiмдi, сабырлы да сүйкiмдi, өнерлi де өнегелi, азамат болуға үндейдi.



9. А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, X.Досмұхамедовтың еңбектеріндегі халықтық педагогика мәселелері

XIX ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда этнопедагогикалық ой-пікірдің дамуына үлкен үлес қосқан қазақтың ағартушы-педагогтары А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, X.Досмұхамедовтың еңбектерінде қазақтың ұлттық мектебін жасау, оқушыларға ұлттық-тәрбие беру мәселелері нақты қойылып, оларды шешу жолдары көрсетілген.



Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл өмір жолындағы басты идеясы қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тұрмыс-жағдайын жақсарту, ол үшін халықты жаппай сауаттандыру, оқыту керек екенін айтып, өзінің ұлттық идеясын насихаттайды. Ол өзінің оқушыларға ұлттық тәрбие беру, оған болашақ мұғалімдерді дайындау туралы ой-пікірлерін «Қазақ» газетінде жариялаған мақалаларында, «Тіл туралы», «Әдебиет танытқыш», «Баяншы», «Тіл ашар», «Әліпби», «Сауат ашқыш», «Әліппе астар», «Оқу құрал» (хрестоматия) т.б. еңбектерінде жан-жақты айтып, өзі тікелей іске асырып отырды

Мағжан Жұмабаевтың ұлттық тәрбие беру туралы ой-пікірлері оның «Педагогика», «Бастауыш мектептегі ана тілі», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні», «Сауатты бол» атты еңбектері мен поэтикалық шығармаларында баяндалған. Мағжан Жұмабаевтың әдістемелік еңбектерінде ұлттық тәрбиені жүзеге асыру жолдары анықталған. Мысалы, оның қазақ мектептеріне оқу құралдарын қандай етіп жазу керектігі жайлы «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» атты мақаласында оқу құралдарының ұлттық ерекшеліктерді ескеріп қазақ тілінде жазылуы, онда қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті туралы мәселелер болуы шарт деп ұсыныс жасайды. Ал «Сауатты бол» атты еңбегінде ересек адамдарды ұлттық сипатта сауаттандыру жолдары қарастырылады. Жүсіпбек Аймауытовтың оқушыларға ұлттық тәрбие беру туралы ой-пікірлері оның әдебиет, психология, педагогика және әдістеме салалары бойынша мұра етіп қалдырған ондаған әдеби шығармалары мен оқу құралдарында, жүздеген мақалаларында кеңінен баяндалған. Жүсіпбек тәрбие жөніндегі халықтық мұраға, оның озық жағына сүйенеді. Қазақтың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген мақалдарын еске ала отырып, бала өміріндегі ата-ана тәрбиесінің, өнегенің орнын зор бағалайды. Тәрбие берудегі оқу орындарының маңызын атап көрсетеді. Адам өміріндегі тәрбиешінің рөлін ол дәрігермен ғана салыстырады. Соның өзінде дәрігерден жоғары қояды. «Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады. Ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны», - дейді.

Міржақып Дулатовтың оқушыларға ұлттық тәрбие беру туралы ой-пікірлері оның мынадай еңбектерінде баяндалған: «Есеп құралы», «Қирағат», «Оян, қазақ!», «Оқу құралы» және «Серке», «Қазақ», «Ақ жол», «Айқап», «Еңбекші қазақ» газет-журналдарындағы көптеген мақалалары. М.Дулатов халықтық тәрбиені кең насихаттап, оны мектептің оқу-тәрбие процесіне ендіру мақсатында ана тілін, оның тәрбиелік және білімділік мәнін ашуды, оқыту мен тәрбиенің ұлттық сипатта болуын, ұлттық мазмұнды оқу құралдарын шығару туралы еңбектерінің жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде алатын орны мен маңызы ерекше

Халел Досмұхамедұлының халықтық тәрбие туралы ой-пікірлері оның түрлі атқарған қоғамдық қызметтерінде, «Сана», «Шолпан» журналдарында шыққан мақалаларында, сондай-ақ «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде, жаратылыстану пәндерінен қазақ мектептері оқушылары мен мұғалімдеріне арнап жазған төл оқу құралдарында кең көрініс береді.

X.Досмұхамедов өзінің ұйымдастырушылық және ғылыми-педагогикалық жұмыстарында қазақ ұлттық мектептерінің жаңа жүйесін құруға, қазақ тілінде ғылыми терминология жасау ісіне белсене араласты, әсіресе ұлттық қазақ мектептері үшін төлтума оқу құралдарын жазып шығарады.



10. Тәуелсіз Қазақстан Республикасында ұлттық тәлім-тәрбиенің қайта жандануы (1991 жылдан бастап).

Қазақ этнопедагогикасының кең өріс алуы 1991 жылы Қазақстан Республикасының егеменді ел болуымен, мемлекеттік Конституция қабылданып, ана тіліне мемелкеттік мәртебе берілуімен байланысты, ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің өркендеуіне толық мүмкіндік тапты.

Іргелі педагогикалық зерттеулерде авторлар (С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, Ж.Наурызбай, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, К.Қожахметова, Ш.Құлманова, т.б.) өз көзқарастарын дәлелді негіздеуге талпынады, қарастырылып отырған проблеманы теориялық-әдіснамалық тұрғыда көлемді негіздейді.

Негізгі әдебиеттер: 9, 10, 11,13,15,18,25

Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 3, 5, 14.
3 дәріс тақырыбы. Этнос түсінігі және оның пайда болу ерекшеліктері

Жоспар


  1. Этнос туралы теориялар

  2. Этнос, ұлт және халық.

      1. Этнос туралы теориялар.

Зерттеуі этнолог ғалымдардың пікірінше бүгінде Жер шарында 183 астам түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері мекендейді.

Әлеуметтану сөздігінде этносқа мынадай анықтама береді: этнос (гректің «еthnos» – «тайпа», «халық» деген сөзінен шыққан) – ортақ белгілері мен тұрақты тілі, мәдени және психологиялық ерекшеліктері, ортақ салт-дәстүрлері бар белгілі территорияда тарихи қалыптасқан адамдар тобы. Этностың пайда болуына территория мен шаруашылық бірлігі әсер етеді. Даму барысында территория ортақтығы жеке белгі ретінде жойылуы да мүмкін. Этнос – белгілі бір мәдени тұтастық.

Саясаттану сөздігінде этнос (грек.) – тілінде, мәдениетінде, мінез-құлқында ортақ ерекшеліктері бар, белгілі бір аумақта (территорияда) тарихи қалыптасқан, өз қауымдастығының бірлігін сезінетін адамдар жиынтығы.

Қазіргі ғылымда «этнос» сөзі, оның мәні, табиғаты мен құрылымы туралы пікірлер әртүрлі. «Этнос» терминін қарастырғанда көпшілік авторлар Ю.В.Бромлейдің анықтамасын негізге алады. Оның айтуынша «этнос – бұл белгілі территорияда тарихи қалыптасқан, салыстырмалы түрде тұрақты тіл, мәдениет және психикалық ерекшеліктерге, сол сияқты өзіндік атауында көрінетін өзінің бірлігі мен өзгелерден ерекшелігін (өзіндік сана) түйсінетін адамдардың тұрақты жиынтығы». Этносты тар мағынасында автор «этникос» атауымен байланыстырады.

Этномәдени білім беру мәселесін зерттеу барысында Ж.Ж.Наурызбай «этнос» ұғымын тайпадан жоғары қауым, ұлт (национальность) және нация ұғымдарын жалпылаушы термин ретінде қолданады.

Этнос кеңістігін тану барысында ұлт, халық, ұлыс, ру, тайпа сияқты ұғымдар кездестіріледі. «Этнос» гректің ру, тайпа, халық деген сөзінен шыққан, «тайпа», «ұлыс», «ұлт», «халық» деген синоним сөздер қатарының мәні- тарихи түрде қалыптасқан адамдар бірлестігі. «Этнос» осы ұғымдардың барлығын қамтитын термин. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос» термині орынды қолданылады. Кез келген ересек адам белгілі бір этникосқа жатады. Осы адамның күш-жігері этникостың жиынтығын құрайды.


1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет