«Бір кемпірдің немере қызы болыпты» Бір кемпірдің немере қызы болыпты. Ол әлі кішкентай еді, ылғи ұйықтай беретін. Ал әжесі нан пісіретін, үй сыпыратын, ыдыс-аяқ жуатын, іс тігетін, жіп иіріп, немересіне тоқыма тоқитын еді. Кемпір әбден қартайған соң, пеш үстінде жатып алып, ұйықтай беретін болды. Енді немересі нан пісіреді, ыдыстарды жуады, іс тігеді, әжесіне тоқыма тоқып, жіп иіреді.
Сырттай қарағанда бұл туынды «мысықай» әңгімесінен қысқа да қарапайым, жеңіл сияқты. Бірақ ұлы жазушы осы кіп-кішкентай шығармасында адам жанының дарқандығын, екбекқорлығын, адамгершілік парыз, гуманистік қасиетін терең ашқан.
Бұл әңгімеде бейнелі сөздер де жоқ. Кейіпкерлердің тіршілік әрекетін қайталау арқылы автор шығармадағы негізгі ойды, яғни мейірім мен қамқорлықты құрғақ сөзбен емес іспен көрсету керек деген ой тастайды.
Осы бір шап-шағын әңгіменің бір ерекшелігі – автор әженің де, немересінің де атын атамайды. Алайда олар кескінсіз образ емес. Кейіпкердің мейірбандылығы тыңдаушылардың көз алдынан күнделікті өтіп жататын толып жатқан тіршілік күйбеңінен көрінетін сияқты беріледі.
Әңгіменің түрлері Балалар бақшасының тәжірибесінде әңгіменің бірнеше түрі пайдаланылады. Бір әңгімелердің алдына қоятын мақсаты баланың ой-өрісін кеңейту және бейнелі, көркем сөз арқылы адамгершілік эстетикалық тәрбие беруді көздейді. Оларға жататындар: көлемі шағын халық ертегілерін және классик жазушылардың әңгімелерін қаз-қалпында тәрбиешінің ауызекі айтып беруі, көлемді, мазмұны күрделілеу халық ертегісін, әңгімелерді стилін сақтай отырып, мазмұнын баяндап беру және өзі құрастырған творчестволық әңгімесін өткізу. Бұдан басқа балаларды әңгіме айтқызып үйретуді көздейтін тәрбиешінің үлгі-әңгімесі де бар.
Енді творчестволық әңгіменің ерекшелігіне тоқталайық.
Тәрбиешінің творчестволық әңгіме құруы Творчестволық әңгіме деп бөлек-бөлек фактілер мен оқиғаны құрастырып жинақтап, тым қарапайым болса да, аяқталған жайтты, картинаны баяндайтын әңгімені айтамыз. Мұнда өмірдегі сияқты маңызды мәселе шешілуге тиіс және баланың жас ерекшелігіне сай мазмұнда болуы міндет.
Әңгімені қалай құрастыру керек. Творчестволық әңгіме құрастырар алдында тәрбиеші-педагог оның тақырыбын, білімдік-тәрбиелік мақсатын анықтап алуы шарт. Содан кейін материал таңдап алып, өз өмір тәжірибесіне және ғылыми әдебиеттен, мерзімді баспасөзден (қоғамдық-саяси басылымдар), радио, теледидар, сахна өнерінен, көркем әдебиеттен алған біліміне сүйене отырып, бәрін ой елегінен өткізіп, құрылым-сюжеттік жоспарын жасайды. Осыдан кейін ғана әңгіме мәтінін құрастыруға кіріседі.
Творчестволық әңгімені әр адам әр түрлі құрастырады. Біреулер еске түскен ойларын қағазға түсірсе, енді біреулер ойша қорытып алып, сөйлемдерін содан кейін барып қағазға жазады. Алайда мәтінді қағазға түсіру (әсіресе жаңа бастап жүргендерге) міндетті шарт. Жазылған мәтін бойынша ой желісін, сюжетінің дамуын бақылау жеңіл және сөз қолдану тәсілі мен стильдік ой жүйесінің ең жақсы нұсқасын талғап алу оңай болады.
Әңгіменің ең маңызды шарты – идеясы. Сюжеті де, кейіпкерлер образының жүйесі де, әңгіменің құрылымы да, сөз қолданысы, бәрі-бәрі бір ғана мақсатқа – оның идеялық мазмұнын ашуға бағынады. Негізгі ой, әңгіме идеясының өзегін құрайтын кейіпкерлер, оның ішінде басты кейіпкерлер болмақ. Кейіпкер образы оның сыртқы портретін, тұрмыс күйін, іс-әрекетін, оған басқалардың қарым-қатынасын суреттеу арқылы жасалады. Алайда образ жасаудың негізгі құралы кейіпкердің іс-әрекеті мен сөзі болмақ. Бұл өте-мөте балдырғандарға арналып жазылған әңгімелерге тән. Кейіпкердің сыртқы пішіні өте қысқа суреттеледі, олардың басты белгілері ғана сипатталады.
Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде көштен адасып қалған бай баласы – Асан өмірге бейімсіз, қорқақ болып сипатталса, кедей баласы – Үсенді жазушы тапқыр, пысық етіп көрсетеді. Олар Үсеннің пысықтығының арқасында көшкен ауылдарын тауып алады. Туынды идеясын сюжет ашады. Сюжетте кейіпкерлердің мінез-құлқын ашатын өмір тартыстары бой көрсетеді. Мысалы, М.Төрежановтың «Үш дос» әңгімесінде болған оқиға қысқа, тұжырымды ғана берілген. Қорада ойыншықтарымен ойнап жүрген үш баланың бірі қызғаншақ, ойыншығын басқаға бергісі келмейді. Самат дейтін бала көпшіл, жолдастарынан ойыншығын аямайды. Әдемі өрт сөндіргіш машинасымен ойнауға өзін алдында бөліп тастаған баланы да шақырып ұялтады. Кейін достасып кетеді.
Шығарманың идеясын айқындайтын тағы бір тәсіл – ол шығарманың құрылымы – композициясы. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әңгіме композициясы жеңіл болуға тиіс. Оқиға бірінен соң бірі өрбіп, біртіндеп шиеленісіп барып, шарықтау шегіне жетеді.
Үш-төрт жастағы балаларға арналған әңгіме міндетті түрде аяқталуға тиіс, бірақ оқиғасы үнемі сәтті бітуі шарт емес. Мысалға Л.Н.Толстойдың «Көктем шықты, айналадан су ақты. Балалар тақтайдан қайықша жасады да, суға жүздіріп қоя берді. Қайықша жүзіп кетті. Балалар артынан қуа жөнелді, шуласып аяқ астарындағы ештеңені байқамай шалшыққа күмп берді» - деген шағын әңгімесін алуға болар еді.
Тәрбиеші естиярлар, ересектер топтарына жүргізген әңгімесін балаларға арнайы сұрақ қоюмен аяқтауына болады. Әңгіменің бұлай аяқталуы балалардың ойын, сезімін жандандырады, сөйтіп оларды ойлануға талпындырып, сондай құбылыстарға өздерінің қалай қарайтынын анықтайды.
Образ жасаудың, оқиғаны суреттеудің негізгі тәсілі – сөз. Әңгіме оқиғасы мен кейіпкерін сипаттайтын дәл, айшықты, бейнелі сөздерді талғай білу керек. Сонымен қатар балалардың жас ерекшелігі ескеріліп отырады. Баланың сөйленген сөзді ұғу қабілетін асыра бағаламау керек. Сондай-ақ баланың сөздігінде актив болып кеткен сөз бен сөз тіркесін де ылғи қайталай беруге болмайды. К.И.Чуковский жас ақындарға: ...«Тек балаға ғана бейімделіп қоймай, оларды да өздеріңе, өздеріңнің ағалық сезімдеріңмен ойларыңнан хабардар етіп жақын тартыңдар.
... Біз поэтикалық форманы аз-аздан... біртіндеп қана күрделендіріп, балдырғандарды ұлы ақындарды түсінуге жетектеуге міндеттіміз», - деген-ді.
Әңгіменің айтылу сарыны (көңілді, шат, мұңды, т.с.с) идеясына, түпкі ойына байланысты болып сөз арқылы өрнектелмек.
Сөздің алуан түрлі естілуі музыкалық әуез, сөз әуенін түзеді. Бұл – жеке сөз құрылымына байланысты емес, сонымен қатар сөздердің, сөз тізбектерінің, азат жолдардың орын тәртібімен байланысты келеді. Әуен сөйленген сөздің мәнін ашады, мәнерлі етіп естіртеді, сондықтан көкейге қонымды болады. Осыларды ескере отырып, балаларға әңгіме құрастырғанда сөйлемін, сөз тіркесін бірнеше оқып алып, одан кейін мәтінді түгел қайталап оқып шығу керек.
Тәрбиеші балаларға ауызша қандай тақырыпқа әңгіме құрса да, әңгіме айтушының іс-оқиғаға, кейіпкерлерге қарым-қатынасын айқын білдіріп отыруы тиіс. Ол кейіпкерлерді талғап алудан да, оларды салыстырып көрсетуден де, баяндау сарынынан да (салтанатты немесе көңілді, күлдіргі, мұңды, аяушылық, сөз талғауынан да, сөйлем құрауынан да) қызғылықты, ойнақы дауыс сазының нақышынан сезіледі.
Балаларға әңгіме айтып беру Тәрбиеші әңгіме құрастырып болып, қағазға түсіріп алған соң, оны балаларға айтуға не оқып беруге өз дайндығын тексеруі керек. Өзіне сенімін, дайындығын педагог алдын ала дайындық жүргізу арқылы тиянақтауы тиіс.
Әңгіме айту алдында балалардың зейінін аудару қажет. Оның бірнеше тәсілі бар. Ең алдымен, балалардың өздерінің көргендеріне көңіл аударту (тәрбиешінің айтайын деп тұрған әңгімесіне ұқсас оқиғаны естеріне салу) жөн. Бұдан соң балалардың біліміне қарай (тәрбиешінің әңгімесінде айтылатын оқиғаға байланысты қысқаша әңгіме жүргізу) сурет немесе кітаптың ашық бояулы мұқабасын көрсету, әңгіме тақырыбын хабарлау сияқтыларды жүргізуге болады.
Әңгіме айтып тұрған кезінде тәрбиеші-педагог әлсін-әлсін әр балаға бір көз қиығын тастап отыруы керек. Сонда тәрбиеші-педагогтың олармен тікелей қарым-қатынас жасап отырғаны сезіледі. Алайда, балалардың назарын аударып, оны аяғына дейін сақтау үшін, ең әсерлі құрал әңгімешінің шеберлігі болмақ. Бұған лайықты тақырып таңдап алу, тартымды образдар жасау, қызықты сюжет құру, хабараламаны қорытындылау, тілінің жатық, бейнелі болып келуі жатады.
Қай әңгіме болмасын, бір ғана мақсатты көздеуге тиіс. Ол жеткіншектерге – тәрбие беру, балалардың ой-қиялын ояту, мейірімділік, адамгершілік сезімін, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Творчестволық әңгіменің түрлері. Тәрбиеші балаларға әңгіме айтудың бірнеше түрін қолданады. Оларға өмірден көргендерінен (есте қалғанын, бақылағанын) айтып беру, көркем шығарманы түсіндіріп әңгімелеу, сурет бойынша әңгіме жүргізу, ұлы адамдардың өмірбаяндарымен таныстыру, көркем шығарма мәтіні бойынша, баяндау барысында оны қысқартып әңгімелеу, бөгде біреудің атынан айтып беру, көпшілікке арналған ғылыми мақала негізінде құраған хабарлама әңгімеге сюжет құрып айтып беру сияқтылар жатады. Осылардың барлығы – творчестволық әңгіме.
Өмірден көргендерін (есте қалғанын, алған әсерін) әңгімелеу. Әңгіменің бұл түрі оңайлау, өйткені бұған тікелей сезіну, көру фактілері арқау болады.
Тәрбиеші әңгіменің бұл түрінің ең қызықтысын, балалардың жас ерекшелігіне сай келетінін, тәрбиелік мәні маңыздысын ғана таңдайды.