Тапсырма. Берілген тақырыптардың біріне әңгіме құрастырыңдар. «Мен әжеме қалай көмектестім», «Әкем екеуміз шана тебуге бардық», «Мен бірінші сыныпқа барамын».
Көркем шығармаға, картинаға, суреттерге түсініктеме әңгіме жасау. Көркем шығармаға түсініктеме әңгіме туындыны оқыр алдында кіріспе сөзде беріледі. Оның мақсаты – тыңдаушылардың зейінін аудару, кітапқа қызықтыру, жазушының суреттеп отырған өмір жайымен таныстыру. Мұндай әңгіме жазушының аты-жөнін айту, педагог балаларға таныс бірнеше шығармаларын атап өтуден басталмақ. Тәрбиеші-педагог жазушы творчествосының кейбір ерекшеліктері жайлы (жақсы көретін тақырыптарын, таңдап алған жандары), оның жеке басының ерекше қасиеттері туралы айтып, балаларды өздері тыңдайтын шығарма тақырыбына бейімдейді.
Мысалы, Шерхан Мұртазаевтың «сол бір күз» әңгімесін оқу алдында мынадай етіп, қысқартып алуға болар еді.
«Қыс та жақындап келеді. Биыл да қылышын сүйретіп келер. Бұл – естен кетпейтін соғыс жылының қысы. Қиыншылық. Тамақ та, киім де майданға жіберіледі. Ноянның әкесі де, қазір өзі мініп жүрген торы тайының енесі де әскерге алынған. Торы енесін сағынып адамша күрсінеді». – Жылқыны әскерге ала ма? Тай қалай күрсінеді, ол адам емес қой дерсіңдер? – Ендеше Ш.Мұртазаевтың «Сол бір күз» атты әңгімесін тыңдайық, не дер екен?
Бірнеше сурет сериясына түсініктеме - әңгіме жүргізу де кәдімгі сюжетті әңгіме сияқты өтеді. Әр суретке толық қорытындыланған хабарлама беріледі. Әр сурет жүйелі түрде көрсетіліп әңгімеленеді. Мұндай әңгімеде дедуктивті әдісті, яғни жеке фактілер мен оқиғаны сұрыптап алып, жалпылама қорытындыға келуді қолдануға болады.
Балаларға біздің елдегі әйелдердің еңбегі жайлы, олардың қосқан үлесін кезекпе кезек сурет арқылы көрсетіп, аспазшының, дәрігердің, тігіншінің, суретшінің жұмысын сипаттайтын иллюстрацияға түсініктеме беру барысында: Мынау кім? Не істеп жатыр? Қандай еңбек құралын пайдаланады? – деген сұрақтар қою арқылы баяндалады. Тәрбиеші қорытынды сөзін мақалмен немесе өлең-тақпақпен бекітуге болады. Мысалы:
Ананың біз гүліміз,
Ана біздің күніміз.
Ұландарды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз.