2.9. Сөйлеу қалпының әуені (мелодикасы)
Дауыс ырғағының бір бөлігі ретінде сөйлеу қалпының әуені де мәнерлеп оқу кезінде қойылатын талаптардың бірі ретінде қарастырылады.
Сөйлеу қалпының әуені (Мелодика) деп дауыс ырғағының не көтеріліп, бәсеңдеуін, не бәсеңдеп барып көтерілуін айтамыз. Дауыстың түрлі биіктігі мен дауыстың жылысуы – сөйлеу әуені түзеді. Әр тілдің өз табиғатына тән сөйлеу әуені болады. Сөздің негізгі бір сапалық қасиеті – икемділігі, әуезділігі. Ол көркем сөз орындаушыға тән орташа дауыс биіктігігінің қаншалықты төмендеуі немесе көтерілуіне байланысты болады.
Сөйлеу аппараты арқылы пайда болатын дыбыста (үнде) тек негізгі тон ғана емес, сонымен бірге толып жатқан әр түрлі биіктіктегі қосымша обертондар да болады (ән әуезіне жаңа өң беретін қосымша дауыс құбылысы).
Сөз дыбыстары өзінің табиғи үніне тек «резонаторлардың системасы арқасында ғана жетеді». Резонаторлар – көмей мен ауыз қуысы. Егер бұларды сөз сөйлегенде, ән айтқанда рентген сәулесі арқылы бақыласақ, резонатордың көлемі мен формасының ғажайып өзгеретінін көруге болады. Біресе ол жиырылып, жіңішке түтікше тәрізденіп, қуыс жасайды, біресе өте кеңейіп, шұқырша болып, дыбыстауды жан-жаққа таратуға ыңғайлайды.
Ауыз бен көмей резонаторларының көлемі мен формасының өзгеруі салдарынан олардың акустикалық икемі (күйі) өзгереді де, түрлі дауысты, дауыссыз дабыстар шығарады. Мұрын қуысы да резонация жасайды. Ол өзінің көлемі мен формасын өзгертпейді, бірақ дауыс нақышына әсер етеді, тіпті дауысты, дауыссыз дыбыстардың (жұмсақ таңдай арқылы) жасалуына да қатысады. Сөйлеуді зерттеушілер кеуде қуысына да үлкен мән береді, оны дауысқа ерекше күш беретін резонаторлаушы «жәшік» деп атайды.
Сөйтіп, сөз сөйлегенде де, ән салғанда да шығатын дауыстың күрделі жүйесі түптеп келгенде, ми қабының қызметі арқылы реттелетінін байқауға болады.
Еске сала кететін бір нәрсе: дауыстың бір мезгілде көтеріліп, төмендеуімен бірге дауыс күші өзгереді.
Дауыс күшін жоғарылату, төмендету – есту мен бұлшық ет, бұлшық еттің сезінуі арқылы бақыланады. Адам сөздің (сөйлеудің) дыбыстарын тек құлақпен естіп қана қоймай, оны белсенді түрде есіне түсіреді, бірақ естілгеннен есте қалғанының мөлшері аздау болады. Сөздің (сөйлеудің) дыбыстарын айыруға тек есту мүшесі құлақ қана емес, сонымен бірге сөз бұлшық еттерінің де қатысы болады. Сондықтан да, көптеген дыбыстар айтылуда естілмей сусып түсіп қалады, бірақ ол естілмесе де, ойымызда сақталады.
Әр адамның сөзінде дыбыстық құрылымының өзіндік ерекшелігі болады, кейде нормативті қалпынан ауытқулар да кездеседі. Тәрбиеші-педагог байыппен сөйлеп, бұндай ауытқулардан сақ болуға тиіс, өйткені мектеп жасына дейінгі бала тәрбиеші-педагогтың тіліне еліктей отырып, егер оның тілінде кейбір тіл дыбыстарын дұрыс айтпайтын кемістіктер болса, тез үйреніп алады.
Балалар сөзді тыңдай отырып, сөзді, сөз тіркестерін, сөйлемді іштей ұғынумен бірге сөздің интонациясының барлық компонентін, соның ішінде әуенін де оп-оңай меңгеріп алады. Бала сөз әуенін айнытпай салып есінде сақтайды.
Сөйлеу қалпының әуені мәтіннің, сөйлемдердің мазмұн-мағынасына қарай бірде жоғарылып, бірде төмендеп, бірде орташа қалыпқа түсіп отырады. Бір сыдырғы төмен әуенмен, керісінше үнемі тек жоғары әуенмен, болмаса ылғи орташа әуенмен оқылатын сөйлемдер болуы мүмкін емес. Сөйлеу әуеніне қарай сөздегі буын құрайтын дауысты дыбыстар көбірек белсенді қызмет атқарады Мысалы:
Айналайын, дейді анасы күнде үйден шығарда. – Байқап жүр. Үсті-басыңды ластама. Жарай ма?
Бірінші сөйлемдегі – айналайын, - деген ананың сөзі сәл көтеріңкі дауыспен оқылып, автордың сөзі бірқалыпты әуенмен аяқталады.
-Байқап жүр. Үсті-басыңды ластама, - деген сөйлемдер де бірқалыпты әуенмен оқылып келеді де «ластама» деген сөздің соңғы буыны созылыңқырап оқылып аяқталады. Ал, «жарай ма?» деген соңғы сөйлем алғашқы сөйлемдерден әлдеқайда ерекшелеу, шұғыл оқылады. Өйткені бұл сұраулы сөйлемде балаға алдыңғы айтылған сөйлемдердегі ойды мақұлдату жағы басым.
Кез келген мәтінді оқу мен әңгімелеуде сөйлеу әуелі тыңдаушыға жағымды үнмен әсерлі жетуі үшін әрбір тақырып талданып, домбырашының құлақ күйін келтіріп алып, әнді сүйемелдегені сияқты мәтін әуенін де солай қойып оқиды. Әйтпесе «домбырам бір жақта, мен бір жақтаның» кері келіп, дауыс әуені мазмұн-мағынасына келмей жатуы ықтимал.
Достарыңызбен бөлісу: |