Сол кезеде ат жақты, ашаң сары кимелей ешбір кезексіз тесікке ұмтылады. Елдің дабырасына қарамастан, әлгі адам горсоветтің мүшесі деген куәлікті көрсетіп, бес адамға билет алып қайқайып шығады. Жұрт жұмған аузын аша алмайды. Әңгімедегі кейіпкер өлдім-талдым дегенде үш-төрт сағат тұрып билет алады. Енді шешінуге шіретке тұру қажет. Киімді өткізгеннен кейін тағы шірет. «Бұл не шірет, не беріп жатыр?» десе, «шылапшынға тұрмыз» дейді. Оған да тұрады. Шылапшыны қолына тиген соң, су алайын деп шүмекке барса, су ақпай қалады. Сөйтіп, ақыры тұрғандар арасынан бір белсенділеуі «тәртіп сақтаңыздар, жиылыс жасалық. Бірер пысық баяндама жасасын» деген ұсыныс жасайды. Бәрі келісіп, баяндама жасау үшін горсоветтің мүшесін іздеп, ортаға шақырады. Моншадағы жиылысты көзге елестету, әрине, қиын. Ондай болуы мүмкін емес, бірақ автордың позициясы қалай да жиылысты моншада өткізуді тілейді. Әрине, күлкі, әжуа десек те, тұстағы қоғам өміріне көңіл қойса, өкіметті басқаруды көпшілікке, яғни, советтерге берсе, олардың қай мәселе болсын, жиналыссыз шешпейтін режимге айналдырғанын ұмыту қиын. Тіпті, соның жұрнақтары кеңес өкіметі орнынан кеткенге дейін сақталып келген жоқ па?! Адамдардың алтын уақытын алатын еш пайдасыз, көз бояу үшін жасалған, түкке тұрғысыз ұзақ баяндамалар, түрлі партиялық есеп беру трибуналарда сөйленді емес пе. Жазушының бұл тәртіпке жаны қас. Оны айтпай ирониялық тәсіл арқылы бір сыбап алады. Сол кезеңде жиналыстың болмайтын жері болса ше, цехта, залда, клубта, далада болсын, ал енді моншада жиналыс өткізу, тіпті, ебедейсіз-ақ. Сондықтан мұндай жиналыстар болмаса екен деп тілейді жазушы-сатирик. Сол тұстағы режим тек Ілиясты ғана толғандырмаса керек. Орыстың белді де белгілі ақыны Владимир Маяковский де өзінің «Прозаседавшиеся» атты сатиралық өлеңін осы текке тұрғысыз бос отырыс, көп сөз сөйлеу, нәтижесінде істің жылжымай ақсап тұрып қалатынына назаланып жазған. Айтушының дегені шындыққа жанасатындай болуы үшін, Ілияс жиналыстың барлық қажетті талаптарына сай әр бөлшектерін қағыс қалдырмайды. «Жиналыс, кәдімгі жарық дүниедегі жиналыстан кем болған жоқ», - дейді айтушы. «Алқа-қотан отырып, бас алқа, бастық, хатшы сайланып, киімді кісілердей-ақ кеңеске кірістік. Горсовет мүшесі ортада тұрып ұзақ баяндама жасады. Көзі сабыннан көрінбейді. Бірінші баяндама бітіп, ендің екінші мәселеге көше бергенде шүмектен сыр етіп су ағып қоя береді. Жалаңаш қауым жыбырлай шүмектен аққан су шіретіне тұрғанда жиылыс жабылмай қала береді», - деп, жиылыс барысын баяндаған айтушы, сөзін тәмамдайды. Автор енді моншаның жай-жапсарын айтуға көшеді. Сөз әлпетінен фельетонға ыңғайлас жолдар жиі ұшырасады. Әңгімедегі кейіпкер ойда-жоқта бір кездейсоқ жағдайға ұшыраса, бірде өмірде болатын фактілерге кездеседі. Жанды факті – фельетонға жақын компонент, ой-қиялға құрылғанымен, шындықтан алыс кете алмайтын сатираның кіші жанры. Міне, бұл әңгімеде автор жүз елу мың халқы бар қалаға сауысқан ұясындай кішкене моншаға Алматы адамдары қалай сыйсын деген үлкен проблема көтереді. Сонымен бірге моншадағы ыстық судың бірде келіп, бірде болмауы, шешінетін бөлменің суықтығы, қызыл асықтан су кешіп жүрулері, жарықтың жалп етіп сөне кетуі, ол жанғанша көп уақыт шыға алмай тоңып отыруы тілге тиек етіледі. Осылардың бәрін де кейіпкердің аузына салып, келістіріп айтуы, көпшіліктің көңіліне ой салары һақ. Моншадан шыққанда тосқан халықтың қойдай шулап, қозыдай маңырауы – жазушының ұшқыр қиялынан туған сәтті сюжет.Тосқан халықтың ішінде біреуінің әйелі, біреуінің шешесі, біреудің жолдасы, біреудің көршісі, дейді сатирик. Оларды күтіп отырғандарына өз жақындарының моншаға кетіп ұзақ уақыт кешігуі себеп болған екен. «Бармысың?», «біреу өлтіріп кетті ме...» [55, 67 б.] деп қояды біреулер. Көп елдің іздеп келіп, «қойдай шуласып», «қозыдай маңырасуы» көңілге қонбағанымен, еріксіз күлкі шақыруы үшін де, аптасына бір рет баратын моншаның қаншама адамды әуреге түсіргенін жазушы күліп те, ашынып та айтуына тура келеді. Ілияс әңгімеге Алматының сол кездегі көшелерін де арқау етеді. «Көше тас қараңғы, - дейді сатирик, жер тайғанақ. Қай жерімнен ұрар екен деп терек көрген сайын қорқа-қорқа арықтан аулақтап, үйлерден ұстанып келе жатсам, біреудің есігіне таяп қалған екенмін. Бір әйел есікті ашып жіберіп, бір горшокты басымнан асырып сілтеп қалды. Жаным шығып кетті. Жасқана бердім. Құдай қазадан қақты. Еңкейе бергенімде анау түнгі шөлмектің ішіндегі сұйық заты моншаға түсекндей қылар еді. Көшеден қорқа, арыққа жығыла екі квартал адасып, моншадан тазаланған басым көшеде былғанып таңға жуық үйге келдім», - деп, қаланың жайсыз халін юморға толы бейнелі тілмен оқырманына жеткізеді. «Көшелерде жарық болмаса, жер тайғақ, балшық болса, ол аздай бұзақылар көп болып, ел түнде қорқып жүрсе, горсовет қайда жүр, не қарап жүр?» - дегісі келеді сатирик. Жоғарыда горсоветтің мүшесі туралы айтқаны тегін болмаса керек. Олар жел сөзді желпілдетіп, жиі-жиі жиналыс өткізіп, халықтың басын қатырады. Ол аздай «біз халық үшін жүрген адамдармыз» деген сын оймен қызметін теріс пайдаланып, моншаға кезексіз бес адамның билетін алып кіріп кете барды. Ал істеп жатқан шаруалары, халыққа тигізіп жатқан пайдалары шамалы. Әділетсіздік, барып тұрған әділетсіздік! Соған жаны күйген сатирик көпшілікке бар болмысты, шындықты ашып бергісі келеді. Қарапайым халық білсін істің ақ-қарасын, басшы адамдардың бірі болмаса бірі оқып, құлық қойсын, көңіл тоқтатып, дұрыс шешім тапсын деген леп сезіледі бұл әңгімеден. Олай болса, отырмай Қазақстанның қала-даласын аралайық. Ой-қырын кезелік. Үлкен-кіші мекемені сүзейік дегенге келісіп, екеуі төрешілдікті іздейді. Біреуі «...бюрократтың, жастау болса, шашы бұйра болады, кәрілеу болса, қасқа басы болады, алтын тісі болады. Желімдеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған аяғы болады. Ол ерке қатынды базармен екі ортаға таситын мекеменің аты болады» - десе, екінші дау айтып, төрешілдікті оның ісі арқылы аңғаруға болады дейді де, бюрократтың ісіне тоқталады: «Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі ілініп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өзінің суреті ілінулі тұрады қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қара-күрең столы болады. Есігінің сыртында «докладсыз кірме» деп жазып қояды. Өзінен-өзі бөртіп кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қол астындағы жампаң жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қояды. Болмаса өзінен-өзі шала бүлініп, үстөлге артылып телефонға шатылып, шаңылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы болып кіргендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөйлеспекке бұл бір әдіс болады. Болмаса келушілерге керенау қарайды. Қабағын түйеді. Арыз алмайды. Сөйлеспейді. Айбармен, ызғармен адамды үркітеді».
Достарыңызбен бөлісу: |