Сонымен, Ілиястың жас кезінде, қай отырыста болмасын айналасын күлкіге толтырып, кез келген жайды ретіне қарай әзіл-қалжың, келемеж, мазаққа айналдыруы оның әдет-дағдысына айналғанын байқаймыз
Сонымен, Ілиястың жас кезінде, қай отырыста болмасын айналасын күлкіге толтырып, кез келген жайды ретіне қарай әзіл-қалжың, келемеж, мазаққа айналдыруы оның әдет-дағдысына айналғанын байқаймыз.
Ел арасында жай айтылған сөзден де күлкілі бір мән-мағына тауып алып, оны боямаламай-ақ қисынын келтіріп айтып, елді күлдіріп отыруы да – мінезіндегі қалыптасқан әдет. Мәселен, жанжалдасып қалған екі адамның біреуі ұл баласы жоқ біреуге «ә, қубас!» десе, екіншісі оның сөзіне шамданып «май бас екенсің ғой?!» деп дырау қамшымен май басын қан жалатып екі тартқан көрінеді. Мұны Ілияс жас кезінде жиі айтып күлдіріп отырады екен.
Ілиястың жас кезінде сатираға жақын болуын оның айтыспен байланыстылығынан да іздеу қажет. Олай деуіміздің себебі – Ілияс бозбала, жігіт шағында айтысқа талай рет түскен жампоз айтыс ақыны болғаны мәлім. Ауылда өтетін той-думандардан қалмай, өз жанынан өлең шығарып, айтысқа әуес талай жігіт, қыздармен сөз таластырады, мұны өзі кейінірек былай деп еске алады: «Хат білген соң өлең оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссасын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі мен болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті», - дейді.
Ілекең, сөз жоқ, талай ақындармен айтысқа түсті ғой, ал қолдағы бар деректерге сенсек, оның бұл өнерде өзіндік қолтаңбасы ерекше көңіл қоярлық екенін айтпасқа болмайды. Айтыс өнеріндегі қазіргі кезде көп мән берілмей жүрген олқылықтар, салқындық, жіңішкелеп әзіл қыстыру, қапысын тауып жер қақтырып мысын басу, қажетіне орай кекесін-мысқыл, сатиралық элементтерді шебер пайдалану қасиеттері Ілияста басым болғанын бірді-екілі көз көрген қариялардың естеліктері жоққа шығармайды.
Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы болған, өнер зерттеушісі Бүркеева Алтын өзінің «Көз көрген», «Ақынның үнін тыңдаған» деген зерттеу мақалаларында 84 жасқа келген Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында Ақсу ауданындағы Жайпақ деген жерде 23 жасар Ілияспен айтысқандығы құнды дерек келтіреді. Онда Ілекең «Шилы өзен қамыс-ай» деген халық әнінің әуенмен айтысқандығы, сөзі өткір, салған мақамы жүрекке тиіп, мейірімді көзқарасы жадында қалып қойғаны туралы айтылады.
Екінші «Ақынның үнін тыңдаған» деген мақалады Ілиясты көрген, тәлімін алған Ақсу ауданы, «Қаракемер» совхозында Қабдолдаев Жұман өз естелігінде 1938 жылдың қыс айында ақынның үйіне келегдігі туралы айтады. Аты шыққан ақынды ауыл құшақ жая қарсы алады. Сол түні және келесі күні Ілияс «Мұңлық-Зарлық», «Еңлік-Кебек жырларын ерекше ырғақпен әндетіп, түрлі әуенге салып жырлайды. Оның күмбірлеген үні, домбыра тартуы өте тартымды шығады. 10-15 шақырым жердегі ауылдардан адамдар тойға жиналады. Үйге ел сыймай кетеді. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – Тойымбала дейтін ұзын бойлы, бота көзді, сұлу келіншек «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз өлеңді тастап-тастап жібереді. Айтысудан тайынатын Ілияс па? Екеуі біраз сөз таластырады. Ілияс сол кезде асып-саспай, әр сөздің мән-мағынасы, ішкі құпиясы, түп-төркініне зер сала, ойлап-пішіп, оған дәл жауап қайтарып отырады. Ондағы айтыстың кілт тоқтап қалуының бір себебі – айтыста әзіл-қалжың айта отырып, енді қыз бен жігіт арасындағы бір-біріне тиісу, қағыту, сезімге барардан бұрын, өз-өздерін таныстыра келе, бір рудың елінен екендіктерін білген соң Ілияс «Тойымбала менің қарындасым болып шықты, енді мен айтыспаймын» деген сөзі итермеші болады. Тойымбала да «Ілияс өз ағайым екен, енді мен айтысты доғарамын» деп кейін сырғып отырады.
Құсайын Шөкенов өзінің «Біздің Ілияс» деген кітабында «Ілиястың өз аузынан естіген Борамбектің қызы Әлишамен айтысқандығы туралы бір дерек келтіреді. Онда Ілияс пен Әлиша арасындағы айтыс та қалжың-қағытпаға ұласып, Ілиястың өткір, ащы сөздеріне шыдамаған шешесі екеуінің араларына түсіп «сен жеңдің, жол сенікі» деп Ілиясты арқасынан қағып айтысты тоқтатады.
Бұл деректерді нақтылай көрсетіп отыруымыз – Ілиястың жас кезінде айтысқа түсіп, өзінің бұл жолда да ешкімнен кем түспегендігін, сонымен қатар, бұл өнері болашақта қаламгердің сатира саласындағы қызметіне мол септігін тигізгендігі айтылып отыр.
Айтыс өнеріндегі сатираға тән көптеген компоненттердің өлең жолдарында кездесетіндігі туралы айту қажет. Айтыста сатираны пайдалану дегеніміз - өнер жарысы, сөз сайысы, халықтық эстетика десек те, айтыс ақындары қарсыласының сағын сындыру мақсатымен бірін-бірі сынап, мысын басып, әжуы-келеке етіп, мазаққа айналдыру тәсілдерін көп пайдаланады. Сол арқылы мерейі өсіп, жеңіп шығатындар да аз емес. Бұған дәлел – Біржан мен Сара айтысы. Айтыс үстінде Сараның осал емес екендігін байқаған Арқаның серісі одан мін таппай, қосылар адамы Жиенқұлдың түр сипаты, мінез-құлықындағы «ақаулықты»қызға тели отырып, кекесін, мысқыл, мұқату арқылы Сараның мысын басады. Содан кейін-ақ тасқындаған сөз тартысы қайғы-мұң, налаға қарай көш түзейді. Біржан мұны түсіне қойып, Сараның қор болып бара жатқандығын жырға қосып, өнеріне бас иеді де, оны арашаламақ ниетін сездіреді.
Шөжемен айтысқан ақындар да оның ата-тегіне мін тағып, кемтар соқырлыған көрсетіп «ит соқырсың» деп жеңбек болғанда, дәл табылған қисынды сөз, мысқылға толы мір оғындай тілі арқылы беттерін қайтарғандығы мәлім. Ол өзінің заманында азулы алты қарыс Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тазбала сияқты ақындармен айтысқа түсіп, тілінің ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені әдебиеттен белгілі.
Махамбет Өтемісұлы айтыс ақыны болмаса да, оның өлеңдеріндегі образдылық, алмастай өткірлік, қызу қанды жігерлілік, айбарлы да найзағайдай сұстылық Ілиястың тек поэзиясы ғана емес, сонымен бірге шығармаларының сатиралық қарымтасына да өз әсерін тигізгені анық. Бұл жайында профессор Ханғали Сүйіншәлиев мынадай тамаша пікір айтады: «Махамбет қазақ поэзиясында қоғамдық күресшіл сананы нығайтып, сын-сықақ сарының қалыптастырды. Қазақ сатирасының қоғамдық, әлеуметтік мәнін күшейтті. Сатира жанрының өткір үлгілерін көрсетіп, кейінгі көп ақындарға көп ұстаздық етті» [47, 14 б.]. Бұл сөздері Ілиясқа да қатысты айтылған. Олай деуімізге негіз – Ілияс өзінің балалық шағында әкесі Жансүгірдің Махамбеттің, сонымен қатар Біржан – Сараның, Шөженің, Шернияз, Ақан, Базар, Сүйінбайлардың шығармалары мен жыр-дастандарын, өлеңдерін мұқият жинап, елге насихат етіп жүргендігінің куәсі болып қана қоймай, оларды оқып, кейін кеңес өкіметі тұсінда бірқатарларын жарыққа шағарған адамдардың бірі. Бала кезінде оқыған Махамбеттің өлеңдері әсер еткені сонша, кейін оның туған жеріне арнайы сапарға шығып, көтеріліске қатысты тарихи орындарда болып, ол жерден баға жетпес құнды материалдар жинап әкеледі. Соның негізінде «Исатай - Махамбет» пьесасы мен либретто жазады. Өкінішке орай, бұл туындысын 1937 жылдың дүрбелеңіне қатысты көзінің тірісінде сахнаға шығара алмады.