Асау әйеліне берген уәдесінде тұра алмай, көп кешіккен Шөкең, өтірікті судай сыпырып ақтала бастайды: «...Жиналыста ұсталып қалдым, халық басып кетті, қырдан да көп қазақтар келіпті. Отчетный докладым болып, правлениенің алты айлық есебін бердім. Мүшелер де активно қатысты. Сауалдан сауал, сұраудан сұрау, қане жіберсінші! Қайтесің, қараңғы жұрт ұғындырғаныңды тәуір көреді. Масса шығып сөйледі. Правление жақсы істеген, алған саясаты дұрыс деп, баяндамамды удовлетворительно деп таныды... деп, ана баяндамасынан әлдеқайда ұзын бір қырын әйгілейді. Қызметтегі жүрдім-бардым, өз ісіндегі шалағайлық қаперіне шығар емес, оның бәрін жиып, әйелінің алдында кеудемсоқтық жасап, шылғи өтірікті лепірте сөйлейді. Әйелі Күлжанға оның қасиеті бесенеден белгілі. Оның сөзін тыңдап тұрған Күлжан жоқ, тіпті құлақ салып тұрған ол жоқ, оның бар ойы – шоқша сақал күйеуін арбаға отырғызып, тезірек базарға жету. Тек кооперативтің базарына емес, оны құмартып тұрған жеке меншік базар. Елге көрсету үшін бар жақсысын киіп, көзін қылмыңдатып қыр көрсету, өзіне дерек дүниесін базардан алып қайту. Екеуінің арбаға жайғасып, Шөкеңнің түс-тұрпатының, Күлжанның бет-бейнесінің ойнақылықпен суреттелуі – кейіпкерлердің ішкі ойларымен, іс-әрекетімен объективті жайларға, әдет-дағдыға бағындырылғаны, еріксіз күлкі шақыратын детальдар екенін жазбай танисың. Арба демекші, Шөкеңнің арбасы да өзіне лайық. Берекесіздік тек қызмет пен үйде ғана емес, сонымен бірге көшеге шығар көлігінен де көрініп тұр: «Дөңгелегі қатқан, қажыған арба. Ыңыршақ арық ала ат. Құты қашқан көшір көшеде арба айдап келеді» - деп, болар-болмас детальдар арқылы образды аша түсуге күш салады. « - Қане, қайда барамыз? – деді әйелі, өтірік болса да сыпайылық сақтап. Алдымен біздің кооперативке кірелік, - дейді Шөкең батылсыздау. Кооперативке? Сен жыннан саумысың? Ақшаны көшеге шашқың келе ме? – деп Күлжан ашу шақыра бастайды. Есігіне келіп қалдық қой, Күліш, кіре кетелік. Соңғы уақытта келген таза нәрселер бар. Бір тамса да...», - дейді жалынышты үнмен, бағанағы жиналыста «үлгі болайық» деген сөзі есіне түсіп. Ей, әттеген-ай! – деп қиналады, байғұс Шөкең, түсінсеңші, Күлішжан! Кооператив, оны күшейту керек. Қуаттау керек. Кооперацияны социализмге өтетін көпір деген, Ленин жолдас. Өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек. Сонымен, А...? қайда жүр дейсің? – деп аңғартыла аңқаусыған Шөкең. Тарт былай! Не Қашқарлыққа, не Ташкендікке! – деп Күлжан бұйрық соғады. Жиналыста, үйде, жолда аузына тастамаған «Кооперативті» осылай құмға сіңген судай жоқ болды”[50, 36 б.]. Міне, іске икемі жоқ, баянды ойы жоқ, жігерсіз көкмылжыңның көркем жазылған бір күнгі уақиғасы, тартысты, конфликт түрінде осылай тамамдалды. Сатиралық әңгімедегі кейіпкер Шойынқұлақ, әлбетте, өмірде кездесіп жүргендердің жиынтық бейнесі екенін әңгіме желісімен аңғаруға болады. Жазушы бұл персонажды қоғамның ортақ ісінің өркендеуіне нұқсан келтіріп жүрген төре сымақтың бейнесін жасауға ниеттенгенін көресміз. Адам мінезіндегі, қылығындағы әлі арылып болмаған ұсқынсыздықты, сұрқиялықты әшкерелеу қашанда болмасын ақын-жазушылардың талай ғасыр жазып келе жатқан тақырыбы екені баршаға аян болса, оны қоғамдағы тартыс, конфликт арқылы көрсеткен. Ал, жаңа қоғамда, әсіресе, кеңес өкіметінің алғашқы құрылған жылдарында оның ұстап отырған саясатын әшкерелеуге, мысқылдауға көп жағдайға творчестволық орта беттей қоймайтын. Бұл, әсіресе, 1920-30 жылдардың тұсында айқын аңғарылатын. Кеңес өкіметі құрылып, ел-жұрт келешек жаңа дүниенің болашағы, бүгінгісі мен ертеңгі күнін әлі де болса бажай алмай тұрған тұс. Билеуші топты түбірімен құртып, олардың орынына қолына қызыл ту ұстаған, жалынды ұран тастаған езілуші таптың өкілдері келуді. Қарапайым жұрт жаңа өкіметті дүрмекке ілестіріп, қошеметтеп қарсы алса да, әзірге олардан үміт артарлық жақсылық көріп отырған жоқ. Қайсібір жиналыс, митингілерде үлкен мінбеге шығып алған шешендер жаңа өкіметтің ішкі, сыртқы саясатын қанша мадақтап, насихаттап, үгіттесе де, көп жағдайда сөз бен істің алшақтығы талай мәселеде халық арасында күмән тудыратын. Жазушы жаңа заман лебінің осы бір жайсыз процесін үнсіз қабылдай алмайды. Шындықтың бетін ашу мақсатында «Совет өкіметінің қырын қабағына ұшырармыз» деген қауіптен тайынбастан, сатираның қарымды қаламы арқылы «Мен қателескем екен» деген иронияға толы әңгімесін жазады. Әр туындының шығар бастамасы, тарихы бар. Ілияс бұл фельетонын жайдан-жай жаза салған жоқ. Нақты фактіге, тартысқа, конфликтіге негізі болған бір оқиғаның желісіне қарап жазады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов: «Ілиястың «Мен қателескем екем» деген фельетонының қалай жазылғандығы бізге таныс. Қожағалиевтің аударған кітабында идеялық қатерлер көп болып, сынға ұшырап, оқудан қалып қойды. Әлбетте, аудармашы да бір сынға ілінеді. Міне, Ілияс сынға алған Қожағалиевтың мүшкіл халін дәл «Шенеуніктің ажалы» атты әңгімесінде Щербаковтың аянышты халіне жеткізе шебер суреттеуі – бәрімізді де қызықтырған-ды», - дейді. Бұл жолы жазушы кеңес мекемесінде істейтін жаңа саясатты уағыздаушы қызметкерлерді нысанаға алады. Әңгімедегі персонаж – орталықтан түскен қаулы-қарарды үтір, нүктесіне дейін қарап шығып, оны қалың бұқараға дәл жеткізе білу, жаңа өкіметке адал қызмет ету, жиналыста көпшіліктің ұйғаруымен орындау болып табылады. Осы талаптардан шықпаса қоғамнан шеттелу қаупі тұр. Сатирадаға кейіпкер қалың көпшіліктің қолындағы «бойында жаны бар» - басын қайда бұрса, сонда жүретін мал тәріздес адам бейнесінде көрінеді. «... Менің Бухариннің кейбір оппортуншылдық, махистік қисынына сүйеніп жазып жіберген сөздерімнің қатесін жұрт қорқытып ақтара бастады. Жазғандарым өзіме де иістеніп қалған көрінеді...», - деп бастайды әңгімесін бейшара күйге түскен кейіпкер. «Партияның сүйіктісі» саналған Бухарин «көсемге» жақпай қалған екен, енді оның көзін құрту науқаны өрши жөнелді. өз уақытында ел қолдаған сөздері мен жазғандары саясатқа қырын келен тұста, кейіпкерді көпшілік еш кінәсі болмаса да жиналысқа салып, сілікпесін шығармақшы. Жүрегі суылдаған персонаж солқылдақты танытып, өз пікірі мен көзқарасына сенімсіздеу қарап, оны «иістеніп қалғанға» қияды.
Достарыңызбен бөлісу: |