Фельетонның келесі жолдары Шымкент қаласында тұратын Бабас дегеннің үйіне әкеледі. Оның Қатша деген қарындасы бой етіп отыр. Қызға көзі түскен Әбдірахым деген біреу қазақ салтындағы құда түсіп алу немесе алып қашуды мансұқ етпейді, бірден саудаға кіріседі: « - Бабас осында тұра ма? Қай Бабас? Кәдімгі ағаш төресі Сәрсенов. Осында. Бабас шығады. Кәні, Бабас, қарындасыңа қанша сұрайсың? Әуелі көр, қолайыңа жақса... Көріп тұрмын. Құндақтың қолдан жасаған қуыршағындай бала екен. Тек саудасына келіссек. Мың жарым сом пұл бер де, ал. Жо, жолдас, ұстаған жерден ағаш та сынбайды. Өзің совет адамысың. Біледі деген қызметкер, оқыған адамның бірісің. Совет тұсындағы қыздың арзандағанын қалай білмейсің? Берсең, мың сом, артыққа ала алмаймын, - деп, екеуі бойжеткен қызды саудаға салады. Қызда үн жоқ, өйткені ол - өз еркі жоқ, үндемейтін қуыршақ. Сауда әрі қарай жалғасады. “Бір ат қос! Мейлі бопты», - деп жазушы Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының байырғы диалектісін қыстыра кетеді. Әңгіме қыздың Әбдірахымға сатылғанымен, ол үшін келісілген ақшаның уақтылы қолға тимеуі салдарынан қыз ЗАГС-ке ағасының үйретуімен келісімін бермейді де үйіне қайтады. Әбдірахым дал. Ақша да жоқ, қыз да жоқ. Маңдайы тасқа соғылып, мең-зең болады. Бабасқа адам жібереді. «Тіс қаққан» Бабас алғашқы құннан бір тиын да түсірмейді. Келген адам Бабасқа «қалған 300 сомды ал, қара айғыр да сенікі, қызды бер» дейді. «Мейлі, бопты», - деп Бабас қала береді. Пұлы берілген қыз ертеңіне Әбдірахыммен кетеді. Әңгіме соңында: «Әйелді қуыршақ етуші қулар құрысын!» [54, 79 б.]деп қорытады. Мұның бәрі де – қазіргі уақытқа дейін созылып жатқан қазақ ішіндегі адамдарды жирендірер жаман әдет-дәстүрлер, тартыстар мен конфликт. Осындай тақырыптарға сол кезеңде қазақтың маңдай алды ақын-жазушылары қалам тартқанымен, І.Жансүгіровтің осы сатиралық әңгімесіндей туындылар некен-саяқ. «Қуыршақ» әңгімесіндегі типтік кейіпкерлер өмірде болған нақты оқиға, нақты адам тағдыры. Осыны шағын ғана сюжет, іәрекет арқылы құрып, жазушы өзіндік тіл ойнақылығымен бейнелі, әрі оқушыға әсер етерлік, оның жүрегіне жол табарлық юмор, өткір мысқылмен көрсетіп береді. Бұл ретте Ілияс әрдайым тапқырлық танытып, ізденгіштігінің жемісін, шеберлік үлгісін көрсетіп отырады. Қазақ әдебиетіндегі әйелдер тақырыбына арналған шығармалар биігіне шыққан жазушы ретінде көп жазса да, аз жазса да, өнімді еңбек сіңіргендігіне Ілиястың жоғарыдағы шығармалары дәлел болса керек. Жазушы оларды әрқайсысы әр қырынан тың образдар арқылы жаңарта, жаңғырта жаза білді. Осы шығармалар арқылы қазақ әдебиетін әйелдер тақырыбын жасауда тосын бір биік, тақырыптық жағынан байытып, жазу мәнеріне өзгеше өрнек салғанын көреміз. Жалпы әйелдер тақырыбына Ілиястың бұдан кейінгі кездегі көркем, қысқа шығармаларында арнайы тоқталмағанымен, прозалық шығармалары ішінде «Жолдастар» романында әйелдер образдары бейнелі, шебер суреттелгендігі жиі ұшырайды. Романдағы әйелдер бейнесін жасау, олардың нанымды, көркем шығуына Ілиястың бұған дейінгі шығармалары дайындық есебінде болғандығын айқын аңғарамыз. Жазушы-сатирик адамтану проблемеларын бірінші қатарға қояды. Адамды тани отыра, оның бойындағы жаман әдет-қылықтарды, арамдықты жойғысы келеді. Ұсақ-тұйек, «жеп қою», «алдау», «қашып кету» мәселелері ол кезде де болған. Қазір де бар. Бірақ жазушы бұл жанрда бір жымиыстан гөрі, адам ішіндегі ала-бөтен ойларды қуып шығу үшін осы әдебиеттің басымырақ жанрын қалай пайдалану керектігі жөнінде басқа жазушыларға жөн-жоба меңзейтін. Ол үшін қол қусыра отыра бермей, алға ұмтылып, ақиқатқа жеткізу керек деген ойы әр шығарманың желісінен сезіледі. Осындай кезде сатирик Үмбетбай Уайдиннің мына бір сөзі еске оралады: «Сатира қорғанысқа, сатира қулыққа көшуі тиіс емес. Сатираның жаратылысы – шабуыл. Шабуыл болғанда оның «мақсаты» адам өлтіру емес, адамды ойландыру!» Адамды ойландыру үшін шығарманы неден бастау керек? Алдымен ақиқатқа жету қажет. Ақиқатты тіркей бермей, адамды ойландыру үшін көсілтіпжаза да білу керек. Қалай жазу керек? Бұл сұраққа Ілиястың «Жалаңаш жиылыс» сықақ әңгімесі жауап бере алады. Автор өмірдегі келіссіз құбылыстарды көрсету үшін үлкен өндіріс орнын, сауда, әкімшілік мекемесін емес, қарапайым ғана моншаны алады. Былайша моншаны объект ретінде алып, не айтуға болады десек те, осы бір тұрмыс қажетін өтейтін орында қоғамның талай ауруларына балта шабар мәселелерді қамтитын жазушының шексіз фантазиясы арқылы әңгіме желісінен айқын көруге болады. «Жалаңаш жиылыс» - мысқыл да, мазақ та, әжуа-күлкі де бір-бірімен үндесіп астасқан, керемет сатиралық әңгімеге айналған. Тағы бір ерекшелігі - әр туындыға тән басты, қосалқы кейіпкер мұнда жоқ. Әңгімеде автор өзі айтушы, өзі кейіпкер болып, оқиғаны ширатып, ой түйіндетеді. Автор оқиғаны моншада кезекке тұрған адамдаржың көрінісінен бастап баяндайды. «Кезекке тұрған» деген сөзді аудармастан «шірет» дей салады. Күлкі үшін болса да оның тағы да бір ыңғайлылығы ұзыннан-ұзақ «кезекке тұру» деп жатқанша «шірет» деп қысқа қайырғанды жөн көреді. Кейіпкер байқампаз, «тыз» етпе ашуланшақ, шыдамсыз, сонымен қатар тілі удай ащы, кекесінді, мысқылшыл болып келеді. Сол шіретте тұрғандардың қайсыбір кең пейіл дейсің, «арық қойдан тырысып, баз біреумен ұрсысып, баз біреумен жұлысып, теріміз тарылып, өзіміз жарылып кетердей тұрмыз» деген сөзді автор айтушының аузына салады. Жазушы бәрінің көздерін тарс бекітулі тұрған тесікке қадалтады. Ол тесікте моншаға кіретін билет сатылады. Тесік жылт етіп ашылса, шіреттегілер опыр-топыр қозғалып, сол тесікке ұмтылады. «Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық әдет онда жоқ, Алматыда жұлқыласпасаң ақың кетеді. Боқтаса, итерсе, жұлқыласа тесікке...тесікке таман. Бұрын еш шай деспек түгіл, түсін танымай жай кісілермен өң бұзысып, сөзге келісіп, сіресіп тұрмыз», - деп автор тесікке ұмтылған нөпірдің психологиялық жай-күйін шегіне жеткізе суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |