25 болған,
салтқа мықтымын деп ойлайтын Гасфорт, бұл жолы қатты қажып, атқа
отыра алар халі болмаған соң, біраз жерде түйенің теңіне отырды.
Омбыға осылайша қалжырап жеткен ол, аман келуіне əзірленіп жатқан
тойдың күнін біраз шегеріп, сібірлік бөлек корпустың госпиталында біраз
күн демалып, емделуге ұйғарды. Семейден қайтқан Врангель оның
осындай халіне кезікті.
Врангельді ол көрмек түгіл естіген де жоқ еді. Оның секунт-адьютанты
Алмазов:
– Осындай чиновник келіп жатыр, өзіңізге ғана айтатын құпия істері бар
сияқты, – деп хабарлағанмен, Гасфорт қабылдауға асыққан жоқ,
Несіне асығады? Омбы оған қақпасыз қора сияқты.
Мына шетінен кіргендер, ана шетінен шығып жатады. Тынымсыз ағыл-
тегіл жүргінші. Кейбіреуін біледі, кейбірін білмей де қалады. Біреулері
қожаңдай, біреулері жалына келеді. Бəрін де көре-көре еті үйреніп кеткен.
Сондықтан, келген-кеткенін елемеуге де айналған. Кейбір салмақты
дегендеріне де ол құрақ ұша қоймай, толып жатқан сылтаумен, талдырып
барып қабылдайды. Өйтпей қайтсін: өзі білетін Россияда қирап, өртеніп
бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Тұтанған бірдемелер болса, патшашыл
тəртіп тез сөндіре қояды. Баяғыдан бері осылай келе жатқан Россия, əлі де
солай аяңдай береді де...
Гасфорттың қабылдауы кешеуілдеуіне Врангель онша мазасыздана
қойған жоқ. Сондағы алданышы – Шоқан.
Достоевский сыртынан өлердей мақтаған Шоқанға, ол Омбыда тез
жолықты да, алғашқы кеңесінен-ақ ұнатып, ашық пікірлесіп кетті.
Россияның жержүзілік саясатын кеңескенде, оған Шоқанның бір пікірі
ұнады да, оның айтуынша Россияның қазіргі бақасы – Англия болғанмен,
түпкі қаупі – Германия.
– Біздің ғасырдың ортасына дейін, – деді Шоқан, бұл пікірін қорыта кеп,
– бөлшек-бөлшек болып келген феодалдық Германияның басын Бисмарк
қосып, тұтасқан мемлекетке айналдыруға бет алды. Енді ол, бұған дейінгі
Европаның орта ғасырлардағы тарихына алма-кезек үстемдік жүргізіп
келген Италияны, Испанияны артына тастап, алдыңғы қатардағы Англия
мен Франциямен жағаласуға айналды. Бұларды да жеңу үшін, Германия
құрығын алысқа сілтеп, Қытайдың Тынық мұхит жағасындағы күнгей
қаласы – Кантонның меруерт өзені құятын сағасына, «Крупп – Стальдің»26
зеңбірегін орнатып отыр.
– Солай ма?!..
– Иə, иə!.. Жəне анау-мынау емес, алыстан ұратын шолақ тұмсық
гаубица. Ол тұмсықтың ұрар нысанасы – «теңіз арыстаны» аталатын
Англия флоты. Солайша көзін жыраққа тіккен қазіргі бургерлік Германия,
Орта жəне Орталық аталатын Азия өлкелерін шұқшия зерттеуде. Оның
куəсі – Сібірді терең зерттеген Гумбольт, Паллас, Фишер, Миллер, тағы
басқалар.
– Россиялық академияның қызметкерлері ғой олар...
– Бола берсін. Сонда да немістігін ұмытпайды. Қазір Азияның бұл
өлкелерін терең зерттеп жүрген ғалым, – қазіргі тірі – Риттер. Оның
географиялық еңбектерімен таныстығыңыз бар болар?
– Аздап, үстірт...
– Мен толық таныспын. Неміс тіліндегі барлық томдарын да оқыдым.
Соларды орысшаға аудару ісіне де қатынаспақпын. Бұлар өте байсалды
еңбектер. Орта жəне орталық Азияның жер-суын бұдан артық баяндайтын
шығармаларды мен білмеймін.
– Оларды да немістік көзқараспен жазылғанға санайсыз ба?
– Менімше, шын білімде ұлттық кескін жоқ. Онда адамдық кескін ғана
бар. Сондықтан да ғылымның жетістігі жалпы адамзатқа ортақ. Оны білімі
жоғары елдер ғана меңгереді. Германия сол биікке өрлеп келе жатқан
мемлекет.
– Ол рас...
– Тағы бір жаңалық: бисмарктық Германия, қазір дүниежүзілік барлау
(разведка) ісіне де қол сұғуда. Ол «Ост-Индия» деген атпен Батыс Индияда
Англия құрған шығысты барлау компаниясына, өзінің атақты агенті –
Адольф Шлагентвейтті жұмсап, Орталық Азияға өткен оның қайда екенін
қазір біле алмай сандалып жүр. Бір мəліметте, Қашқарияның ханы –
Уəлихан төре өлтіріпті-міс деседі. Ол анықталуды күтіп тұрған іс...
Шоқан мен Врангельдің, арасындағы бұл кеңес əлденеше күнге
созылды. Гасфорттың госпитальда жатуымен пайдаланып, олар кейде салт
атпен орман аралап, кейде қайықпен Ертісті бойлап кетеді. Сонда Врангель
көбіне Шоқанды сөйлетіп, тұйықталған жерлерінен сұраулар арқылы
шығарып ап, оның Азия туралы пікіріне тереңдей береді. Сондағы Шоқан
туралы келген ойы: «Достоевскийдің мақтауына тұрарлық адам екен.
Россия патриоты дегені де рас екен. Тек солай ірі мəселеге, ез ұлтының
қамы деген сияқты ұсақтарды араластырады. Дегенмен, Орта жəне
Орталық Азияның біз білмейтін өлкелерін барлап қайтуға бұдан лайықты
кісі жоқ... Осы ойын Шоқанға білдіргенде:
– Егер ием жіберсе! – деп жауап берді Шоқан.
«Иесіне» жолығу, Врангельге оңай болған жоқ. Секунд-адъютанты
арқылы білдірсе: «Той өткен соң ғана» депті.
Оның тойы орыс жəне қазақ ғұрыптары араласқан түрде өткізілмек еді.
«Орыс» дейтіні: той болар күні соған араласар немесе маңайласар орыс
адамдары түгелімен орыстың ұлттық киімдерінде болулары керек ат-
тұрмандарын да мейрамдық түрде сəндеулері керек тағамдарын да орысша
даярлау керек əсіресе Сібірдің құймағы мен тұшпарасын (пельмен),
балықтың бəлішін... Ал, қазақтар ақ кигіз үйлер тіктіріп, іштерін
жасаулатып, оларға сұлу қыз-келіншектер, əсем жігіттер, шеберлер
жинатып, желілеп биелер салдырып, көгендеп қойлар тіздіріп, қазақы
тағамдар қойғызып, ат шабыс, балуан күрес сияқты ұлттық ойындар
көрсетіп... дегендей, сəн салтанат айта қалғандай болуы керек... Қалың
болады деп мөлшерлеген жиынның тəртібін сақтауға, Ертістің той өтетін
көгалды кең, алқабына, қаладағы əскер атаулы сапқа тұрады...
Бұл тəртіптердің бəрі ойдағыдай жүру үшін, алдын ала бірнеше рет
репетиция жасалып, Омбының чиновниктері дамыл-тиыштық көрген жоқ.
Қазақ жағын даярлау Шоқанға тапсырылған еді. Ол қызметті атқару ісін
Шоқанның; əуелі кімдер барын біліп алғысы келді. Сұрастырып байқаса,
«Омбы төңірегінде» деп саналатын: Баян, Қарқаралы, Ақмола, Көкшетау
дуандарынан «іске татиды» дейтіндер түгел жиналған. Келгісі келгендерге
түгел рұқсат етсе, Омбы маңына сыймас та еді, «аға» жəне «кіші» аталатын
сұлтандар, көңілдері ұнататындарға ғана хабар айтты да, былайғыларына
«арналып шақырылғандар болмаса ұлықсат жоқ, барса да қуып жібереді»
деген хабар таратты. Сонда да аз адам жиналған жоқ. Іштерінде
«Петербургқа барады»дегендер түгел, қастарында ас, той сияқты талай
жиындарды қолдарынан өткерген қу мүйіздер де бар.
Қазақтардың бұл науқанға қалап қатынасуы, тəртіпті қалай сақтауы
туралы міндеттер «қу мүйіздердің» мойнына жүктелді. Шоқан, тек сырттан
бақылаушы ғана болып жүретін болды.
Бұл тойға Шыңғыс та келген. Делбешісі – Жайнақ. Жылпос, сөзуар,
көрікті оны, Шыңғыс қасына қоңсы қонғалы атқосшы ғып алған.
Шоқанмен көріспеген екі-үш жылда, оның денесі де, кескіні де бірталай
өзгеріп, семізше, қырбық қара мұртты, ұсқынды жігіт болып алған. Ал,
мінез жағынан бұрынғы ойнақы қалпы.
Шоқан əкесін өзі пəтерде тұратын үйге түсірді. Үйіне жазған хатында ол
əкесінен шешесін ерте келуін өтінген еді, ондағы дəмесі – күтушілік
қызметін атқарады деп естіген Айжанды ерте келер деп дəмеленгендік еді.
Ол қулықты түсінбейтін қазақ па? Шоқанның хатын көрген, Айжанды оған
жолатқысы келмейтін Шыңғыс, əйелі Зейнептің жүpeгi ауруын сылтау ғып,
«жолға шыдамассың, аманшылық болса, Қанашты осы сапардан үйге ерте
қайтармын, сонда ұзақ кідіріп мауқыңды басарсың» деп қалдырып кетті.
Шынында да аса семіру салдарынан жүрегі əлсіреп, талмаусырай беретін
Зейнеп, еріне «ерге алмасаң, өзін, де келме!» деген шартпен босатты.
Шешесінің келмеу себебін айтпаса да жорамалдаған Шоқан, оспақтап
Жайнақтан білмек болып еді, хан-иесінің:
– Қарындасың жайында сұраса, «одан күдер үз. Атбасардан қайтқан
сапарында соқпай кеткен соң, сенен көңілі қалып болған, енді көрер түрі
жоқ» деп біржола бездір! – деген бұйрығын есіне қатты сақтаған Жайнақ,
Айжанның Шоқанға жан жүрегімен берілгенін біле тұра, тапсырманы
амалсыз орындады. Ол сөзіне сенер-сенбесін білмеген Шоқан, қыбын
тауып қайта сұрамақ болды.
Бұл тақырыпқа кейінірек ораламыз. Əзірше Гасфорттың тойына əзірлік
жайын əңгімелей тұрайық.
Той
даярлығы
жақсы
жүріп
жатты.
Қу
мүйіздер
де
орыс
чиновниктерінен қалысқан жоқ. Өткізетін сауық-сайранның бəрі де
тəртібімен ойдағыдай өтуіне сенім мол.
Көңілі бұл жақтан кеншіген, Орта Азияға жұмсау жəйлі ойын Врангель
Гасфортқа өткізеді деп сенген Шоқан, қазақтардан Петербургқа
баратындарға «бірге жүрсем жолшыбай да, Петербургта да құлақтарына
құямын» деген ойларын, Омбыда айтып қалмақ болды.
Ол үшін, бəрімен де жақындасып сырласуы керек қой. Өйтейін десе, хан
тұқымының бəрін де, олардың ішінде Шоқанды да «қожырадыға»
санайтын «қарадан хан болғандар», яғни қазақтан дуан басы болғандар,
шіреніп маңайлатқысы келмейді; өзі барып жанасуға төрелік тəкаббарлығы
ұстайды; жалғыз ғана жуықтар адамы, – нағашысы Шорманның Мұсасы;
сыр айтатын оған ақылдасып көрсе:
– Қайтесің, үлкен басыңды кішірейтіп; Омбыдағы ұлықтар алдында
құрдай жорғалайтын олар, Петерборда жұмған ауыздарын да аша алмайды.
Несіне арам тер боласың, – деді.
– Өзің ше? – деген сұрауға:
– «Жалғыз қаздың үні шықпайды» дегендей, көптен бөлініп мен не
бітірем? – деді ол.
Жалпы ау-жайларын байқап көрсе, Мұсаның айтқаны дұрыс сияқты.
«Ішкен мəз, жеген тоқ» деген сияқты, Гасфорттың елеуіне елірген «игі
жақсылар», «əкелері көрден тірілгендей» мəз-мейрам. Қара бастарының
қуанышына ылай судай көпіргендер толып болмай бəсеңдер түрлері жоқ.
Олардың да тойға деген əзірлігі тамаша...
Белгіленген жердегі той, тағайындалған кезінде басталатын болды. Ол
араға Гасфорт та, нөкерлері де жиналған жұртты тан, қалдырарлық түрде
бармақ.
Қаладан шығарда ол, салт көсемі бар, төрт-төрттен сегіз атты қатар
жектірді де, қасына тек əйелін ғана отырғызды; оның ізін шала шығатын
нөкерлерінің алдыңғы пəуескесі алтыдан, одан кейін төрттен, екіден...
дегендей аттарды парлатып жекті. Олар той жасалатын алқапқа жеткенше
екпіндей шауып отыруға тиісті. Екі жақта жанапайлай шабатын салттар.
Бұлар қаладан шығарда, шіркеу атаулының қоңыраулары қағылады,
бірер мешіттің мұнарасынан азан шақырылады.
Əдетте, бұндай қылықтар патшаға ғана қолданылады. Батылдығы
жететін біреу Гасфортқа соны ескерткенде:
– Мен кіммін, осы араның патшасы емей?! – деп ақырып тастады.
Тойдың, церемониялары27 түгелімен арнаулы комиссияның қолынан
жазылған, Госфорт бекіткен түрде өтті: алғашқы күні – орысша, келесі күні
қазақша. Екеуінде де олқылық болған жоқ. Сол думанның ішінде «қаздай
қалқып, үйректей жүзген» Гасфорт өз қасында болатын нөкерлердің
санатына Врангельді де алды.
Генерал-губернатордың халықты осынша сабылтып, өз құрметіне
осынша ұлан-асыр той жасауы Врангельге ұнаған жоқ. Бірақ, ол
дипломаттық қалпына бағып, ішкі пікірін жасырды да, қошеметшілдердің
қатарында думанға араласып кетті. Өз ойында: аты «наместник»28 екенмін
деп, мұншама еркінсуге болмайды. Бұл еркінсу емес, басыну; халықты
үкіметке жақындату емес, алыстату, ендеше, бұл өрескел қылықты,
халыққа жақындасу ниетіндегі жаңа патшаның, құлағына тигізу керек.
Гасфорт Врангельді аудиенцияға29 той қызығы басылғаннан кейін
шақырды.
Той күндері де мардымсыз əлденелерді мылжыңдап Врангельдің басын
қатырған Гасфорт, аудиенцияда да сол қалпын өзгерткен жоқ.
Мысалы, қазақ, арасында өнер-білім тарату туралы ойларын айта кеп,
бұл елдің тəртіпсіз шаруашылығын жөнге қою жайын айтып отырды да:
– Жылқы малы көп екен, менің қарамағымдағы елдерде, – деп қойды бір
мезетте, – мың жылқылы байлар жиі кездеседі. Он мыңға дейін жылқы
ұстайтындар да аз емес. Он бес-жиырма мың жылқы бағатындарды да
кездестірдім. Бірақ, солардың бəрі бойлары кішкене, салмақтары жеңіл
жылқылар. Білем дейтін біреулер бұл жылқыларды ауа райының қандайына
болса, да төзімді, мұздақ болмаған қыста, тебінмен оттап шығады, мініске
де шыдамды, еті де, қымызы да асыл» деп мақтайды. Олары рас та шығар.
Бірақ, мемлекетке де пайда одан? Еті базарлы мал емес, көшпелілерден
басқа ешкім жемейді, мемлекетте олар аз; дертке, əсіресе екпе ауруына дəрі
дегенмен, қымызын да солардан басқа тататындар көп емес, мен өзім
ұнатқан жоқпын...
– Сонда, сізше не істеу керек? – деп қойды, көп сөзді Гасфорт бұл
кеңесін де созып кетер деп ойлаған Врангель.
– Менімше, мемлекетке пайдасыз жылқылардың санын азайту керек те,
Кавказ үлгісімен арғымақ жылқыларды көбейту керек.
Гасфорт одан əрі Кавказда əкесі жəне өзі өсірген арғымақтарды мақтай
жөнеліп еді, ол сөзді де қысқартқысы келген Врангель:
– Оның бəрі дұрыс қой, бірақ қалай есіру керек қазақ даласында
арғымақтарды? – деді.
– Əрине, жылқы заводтарын ұйымдастырып.
– Қора қайдан табылады оларға?..
– Жасатамыз. Сібірдің босқа ыбырсып, босқа шіріп жатқан шетсіз-
шексіз қалың орманы қанша қора салдырсақ да молынан жетіп жатыр!..
– Ол рас, – деді Врангель, Гасфорттың бос қиялын, ішінен мазақтай
отыра, онысын сыртынан сездірмеуге тырысып.– «Сол ағашты кесетін
кімдер!» дегенім ғой.
Гасфорт байқаусызда агат сөз айтып қалды:
– Крепостнойлық правоны жою жабдығында емес пе Ұлы патша ағзам?..
– Сондай ойы бар.
– «Жерсіз босатады» деседі ғой.
– Солай деседі...
– Сонда қайда қоямыз сол жерсіз босанған шаруаларды?
– Сізше қалай?
– Сібір сияқты, қазақ даласы сияқты бос жатқан жерлерге көшіру керек.
Қалай дейсіз?
– Салмақты пікір...
– Сібірге келгендері ағаш кеспегенде не бітіреді?
– Ойланатын іс екен, – деді Врангель бұл пікіріне мəн беріп, – Сол
кесілген ағаштарды жырақтағы Сібірден тасыту жұмысы қиын болып
жүрмесе?
– Неге?
– «Көлік қайдан табылады» дегенім ғой.
– Қазақта түйе көп, соларды пайдаланамыз; асау жылқыларды
үйреттіреміз...
– Қазақ даласында жолдар жоғын айтқан едіңіз...
– Жасатамыз?...
– Қалай?
– Негізгі трассаларға ағаш төсетеміз...
Врангель күліп жіберді.
– Неге күлесіз?
– Қызық идеал екен де! – деді Врангель, болмайтын сандырақты
айтуына күле тұра.
– Іске аспайтын нəрсе деп ойлайсыз ба? – деді ол ойын түсінген
сияқтанған Гасфорт.
– Сіз басқарсаңыз, əрине асады.
– Осыны істетуім хақ!..
– Тілектеспін!..
Алғашқы аудиенцияда, Гасфорттың осы сияқты былшылдарын жалыға
тыңдаған Врангель, келген жол жайын екінші кездескенде ғана айтты. Өз
ойында жүрген қиялдың іске асуы елестей қалған Гасфорт қуанып кетті.
Оның ойынша Орта Азияны басып алу, онша қиын жұмыс емес. Оған бір
дəлелі, осы ғасырдың бас кезінде Сырдарияның саға жағына шабуыл
жасаған граф Перовскийдің найзасын «Ақмешіт» аталатын қоқан қаласына
əкеліп бір-ақ тіреуі, осы бетінде елеулі қарсылықты аз ұшыратуы; екінші
дəлелі, – өткен 1854 жылы полковник Хаментовский Жетісу жағына жасап
қайтқан жорық ол да найзасын Іле сыртындағы Тянь-Шанның орта тұсына
апарып тіреді де, тоқыраған тұсына патшалық Россияның «Верный»30
аталатын бекінісін (форпост) орнатып қайтты; оған да көрсетілген
қарсылық болымсыз...
– Ендігі міндет, – деді ол, Врангельге серпе сөйлеп, кабинетінің
қабырғасында ілулі тұрған Орта Азияның топографиялық картасын
таяқтың ұшымен шолып, сол кезде «Перовский» аталатын Ақмешіттің
тұсын бір, Верный тұсын екінші рет түрте көрсетіп осы арада ашылып
тұрған қышқашымыздың екі ернін біріктіре қоямыз.
– Кешіріңіз! – деді Врангель, дипломаттық жұмсақтығын қолданып, – сіз
оңайлатқанмен, бұл шаралар жеңілге де түспейді. Оған сіз мысалға алып
отырған Перовский мен Верный қалаларын оларда болған қырғын куə. Мен
білетін мəліметтерге қарағанда, ол айқастарға орыс армиясының шығыны
да аз болмаған.
Өзі де білетін бұл шындыққа Гасфорт іштей мойындап:
– Сізше не істеу керек? – деген сұрау берді.
– Бұл жайда мен, сіздің есіңізге, өзімнің емес, Ұлы государьдың
тапсырмасын ғана салам. Биік даражалы ол кісінің ойы, əдіс-айласыз
қойып кетіп, орасан шығынға тағы да батпау үшін, ең алдымен, Орта
Азияның қазіргі күндерде қандай қарсылық көрсетер мүмкіндігі барын
барлап алу қажет, отарлау ісіне содан кейін кірісеміз.
Бұл пікірді «патшанікі» демей, «өзімдікі» десе, Гасфорт біраз таласып,
жеңілсе ғана көнер еді; «патшанікі» деген соң аузына құм құйылды да:
– Сонда, қалай бастау керек барлауды? – деген сұрау қойды.
– Кісі жіберіп те.
– Қайдан?
– Əрине, Омбыдан.
– Егер табылса! – деді, əдіске емес, күшке сенетін, Омбыда əдісшіл адам
жоқ деп ойлайтын Гасфорт.
– Бар, ондай адам.
– Мəселен?
– Шоқан Уəлиханов!
Гасфорттың көздері едірейе қалды. Шоқанды жақсы көргенмен, білімді
жасқа санағанмен, мемлекеттің мұндай ауыртпалығын көтеретін күші бар
деп ойламайтын. Сол сырының белгісін бетіне шығара қойған Гасфортқа:
– Неге таңдандыңыз? – деді Врангель. – Менімше, Омбыда бұл
тапсырманы одан басқа атқара алатын кісі жоқ сияқты.
Мына сез Гасфорттың намысына тиді. «Жоқтардың ішінде менің де
болғаным ба?! деп ойлаған ол, қызараңдап қалды. Сол қалпын көре тұра
сезбеген боп:
– Менің тоқтағаным – Уəлиханов. Егер сіз ризалассаңыз, Ұлы
государьға осы кандидатураны айта барам, – деді Врангель.
Əуелі намыс, артынан ақыл билеген Гасфорт, Врангелдің:
– Қалай дейсіз? – деген сұрауына, амалсыздан:
– Мақұлдаймын! Өзім тəрбиялаған адамым, егер ол мемлекетке пайдалы
істі атқара алады деп сенсеңіз, мен оған қуаныштан басқа не айтам?! – деді.
Екеуі осыған келісті.
Азалық жиналысқа Батыс Сібірден қатынасатын депутацияның
Петербургқа жүруіне де аз қалған еді. Оны Гасфорт басқаратынын білеміз.
Шоқанның еру, ермеуі сөз болғанда, өз пікірін сұрап еді, ол жұмсалатын
жөніне даярлық жасауды сылтауратып, қалып қойғысы келетін ойын
білдірді. Врангельге ол сөзі дəлелді көрінді, ал Шоқанның халқын сүю
санасымен сырқаттанып жүруінен хабары бар, сол сырқатын Петербургта
да сездіріп aп, бұлдіріп жүре ме деген қауіптегі Гасфорт, оның ермеуіне
өкінген жоқ, қуанды.
Ə
РҚИЛЫ АРМАНДА
Шоқанның Петербург сапарына бармауына қатты қайғырған адам
Шыңғыс қана болды.
Замана жайынан сезімі бар оның байқауынша, баяғыда Драгомиров
айтқандай, хандық дəуірі адыра қалуы былай тұрсын, хан тұқымына
«сұлтандық» аталатын даражаның өзі жылдан жылға сұйылып барады.
Дуан құрылған алғашқы кезде, «аға» аталатын сұлтандардың бəрі, «кіші»
аталатын
сұлтандардың
басым
көпшілігі
төрелерден,
яғни
хан
тұқымдарынан еді. Кейінгі кезде ол даража сиыр-құйымшақтанып барады.
Соңғы жылдарда алты аға сұлтанның төртеуі қара қазақтан болып, хан
тұқымынан екеуі ғана, яғни Көкшетаудағы өзімен, Қарқаралыдағы Тəукенің
Құсбегі ғана қалған еді; жуық арада, қиянаттарын айтып, көп жылдар бойы
ел-жұрты
үстінен
жаудыратын
шағымдар
тексерілгенде,
жоғарғы
ұлықтардан Құсбекті аға сұлтандықтан босату туралы қағаз келген. Ел
оның орнына Өскембайдың Құнанбайын 31 атапты деген хабар бар. Ол да
қара қазақ. Сонымен, өрттен қалған жалғыз түп көдедей, хан
тұқымдарынан аға сұлтандыққа əзірге қалып тұрған жалғыз Шыңғыс. Кіші
сұлтандардың да төреден қалғаны некен-саяқ. Кенеуі кеткен дүние осы
қалпымен ыдырай береді де, көп кешікпей түгел сетінейді.
Хан тұқымының, олардың ішінде өзінің халін, дауылды күнгі теңіз
бетінде қалтылдаған қайықта отырғандай көретін Шыңғыстың жан сақтар
үміті тек Шоқанда ғана еді. Кадет кезінде де, одан бері де сан рет
ренжіткенмен «өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді, кісінікі кісендесек де
тұрмайды» деген мақалға қатты сенетін Шыңғыс, «жас қой, албырт қой,
барып-барып бір оралар» деген ойды қанағат көретін.
Шоқанның Гасфортқа адьютант болуына Шыңғыс қатты қуанған. Оның
түсінігінде «адъютант» кішігірім шен емес, ол патшаларға генералдар
адъютант
болғанынан
хабардар.
Оның
ұйғаруында:
«Адъютант»
начальнигіне «атқосшы» ғана емес, жан серік те.
Шоқанның Гасфорт алдында қандай қызмет атқарып жатуына құлағын
түрік ұстаған Шыңғыс, «еркесі дейді» дегенге масаттанып, «ə, құдай бере
гөр!» деп, өсе беруін үздіксіз тілейтін де.
«Петербургтағы азаға баратын топты Шоқан бастайды-мыс» деген хабар
дүңк ете қалды бір сəтте. Оған Шыңғыс шегінен шыға қуанды. Сондағы
ойы – Кеудесінде көптен арман болып жүрген бір нəрсені осы сапарда,
немесе күзге қарай, жаңа патшаның таққа отыру тойына барғанда
(«Шыңғыс пен Шоқан ол депутатцияның ішінде бар» деген анық хабар
естіледі), замана тілін біледі дейтін, ірі ұлықтарға, кəтте патшаның өзіне
жолығуға өресі жетеді дейтін Шоқанды өз мақсаттарына пайдалану.
Шыңғыс Омбыға осы дəмемен келді. Үмітіне қарай Шоқан да бұл жолы
жарқын жүзбен қарсы алды. Өйтуіне бірнеше себептер болды:
Б і р і н ш і д е н, аты «аға сұлтан» дегені болмаса, беделі басқарған
елінің алдында жылдан-жыл төмендеп, жылдан-жыл жазған шағым-
арыздар көбейіп барады, оларды тексере бастаса, бұның да Құсбектің ізін
құшар, яғни, аға сұлтандықтан қуылар түрі бар; сөйте қалса, не болмақ?
Сене қоярлық дəулеті шағын, жұрттың жұқанасын жонып жеумен күн көріп
келе жатқан кісі; бағынан айрылса, одан да айрылады; сондағы өзінің жəне
үй ішінің тіршілігі не болмақ?
Осы жайларды ойлай келе, ондай қылық арына ауыр болғанмен, əкесінің
үстінен жиналған материалдарды Шоқанның басып тастайтын да əдеті бар.
Е к і н ш і д е н, Алты дуандағы «аға» жəне «кіші» сұлтандардан,
бағынышты еліне аз да болса, үстірт те болса орыс заңын қолданатын осы
ғана. Бұдан басқалары қазақтың, «киіз кітаптары» не айтса, сонымен келе
жатыр. Елді билеп-төстеп қалғандардың өзге сұлтандардан гөрі, бұған
көбірек өшігуі де, үстінен арызды көбірек жаудыруы да содан. Əкесінің бұл
қылығы Шоқанға жағады, сондықтан бұл мəселеде де оған іші жыли
қарайды.
Үшіншіден, сұлтандардың ішінде, бағынышты елінің арасына аз да
болса өнер-білім сəулетін таратуға бұдан басқа тырысып жүрген біреуі де
жоқ. Мысалы, соңғы төрт бес жылда оның ынта жұмсауымен мал жəне
адам фельдшерлерін даярлайтын қаладағы училищелерге Көкшетау
дуанынан қазақтың он шақты баласын жіберген жəне бəрі кілең панасыз
жетім балалар. Əке-шешесі барлардан «баламызды шоқындырады» деп
ешкім ризаласпаған, ақыры, сөзі өтетіндерге жалбарынып, олар
жетімдердің жақындарына ақша беріп, жылаған балаларды оқуға байлап
жөнелткен. Солар білім алып қайтса, қазақтар үлгі алады деп сенеді.
Төртіншіден, елдің ауыз əдебиетін жинауды Шыңғыс Шоқанның бала
кезінен бастаған. Сол игілікті ісін əлі де ілгерілетіп, түскендерін Шоқанға
жолдауда.
Бесіншіден, əңгімелескен шақта Шоқанның шамалауынша, ажырасудан
бұрын да «түрікше» аталатын кітаптарды қарастырып жүретін əкесі, одан
бері тіпті көп қараған сияқты. Ертеде оның қарайтындары: софы Аллаяр,
Хожахмед Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, «Қиссасөл – Əнбия» сияқты
діншіл кітаптар болса, соңғы кезде «хандар», «түрікмендер» шежіресі –
«Жəмғу – аттауарих», «Тюзика- əт-Тимур», «Бауыр нама» тағы сондай
тарихи кітаптарды қарастырып, көп білім алған түрі бар; соларды оқып
қана қоймай, үлгі ала отыра, қазақ шежіресін жасау ниетіне кірісіпті. Осы
жайларын естіген Шоқан, оған Алексей Левшиннің «Қырғыз – Қайсақ
ордасының тарихы» атты үш томын жіберген еді, енді байқаса, оларды да
қарап шығып, бірталай өнеге алған, біраз жеріне сыны да бар екен.
Əкесінің қолына мұншама кітап қайдан түсуін сұрастырып көрсе, Талас
ұлы Науан хазіреттен қалған мүлік екен. Оның жайын сұрастырса, ана
жылы «Итжеккенге» айдалып кеткеннен хабар-ошар жоқ екен, өлі-тірісі
мəлімсіз.
Айдалу себебін сұрастырса, бір жағы Ғалиакбар молданың үздіксіз
жасырын көрсетулері болса, екіншіден ол патша миссионерлерінің қазақ
даласына христиан дінін таратуға ашық қарсы болып, əлде не поптың
ауылдарға таратпақ болған алтын мұқабалы «Инжилдерін» (Евангелие)
отқа жақтырған екен. Ең үлкен айыбы сол болса керек.
– Əйелі бар ма? – ден сұрады Шоқан.
– Санадан сарғайған бейбақ, жуықта ғана Көкшетау қаласының
көшесінде аштан өлді деп естідім.
Шоқан ауыр күрсінді. Лақап аты «Көкеш», азандық аты «Гүлшаһра»
болған бұл əйел туралы, Сырымбет саласында жолғасқан сəтте, Айжан
Шоқанға сан алуан сезімтал сөздер айтып, жүрегіне жылылық түсірген еді.
Сондықтан, Атбасар сапарынан Омбыға оралған ол, Көкшетау қаласына
жолшыбай əдейі соғып, көріспек сөйлеспек болған еді, «ерінің соңынан
кетті» деген хабар естіді де, кездеспеуіне қатты кейіді.
Көкеш сол кеткеннен ұзақ жоғалып, ерін таба алмай, қалжырап қайтқан
да, Көкшетауға келе төсек тартып жатып алған, қарасар жаны болмаған;
ақырында тіленшілік тұрмысқа түсіп, жүдеп барып өлген.
Не деген өкініш!.. Бұны естісе Айжан не халде екен?!
Бірақ, əкесінің ұнатпайтынын біліп, Айжан жөнінен Шоқан оған «лəм-
мим» деп тіл қатпады...
Баспасөз – Омбыда қазақ дуандарының басқармасынан жұмасына бір
шығатын екі бетінің бір жағы орысша, бір жағы татарша ресми листок;
Шыңғыс оны мұсылманша хат білетіндерден жиырма шақты адамға
зорлағандай жазды. Əкесінің мұнысына риза болған Шоқан, орысшаны
түсінуге де шамасы келетінін еске алып, өткен жылдың басынан
Петербургта шығатын «Орыс сөзі» газетін өз ақшасымен жаздырып
жіберттірді.
Əкесінің игілікті істері Шоқанға қатты ұнады.
Əйтпегенде ше? От та, ерт те ұшқыннан тұтанады. Əкесінің қазақ
арасын өнер-білім тарату жайлы əзірге атқарып келген қызметі ұшқындай
ғана. Содан от я ерт тұтанып кетпесіне кім кепіл бопты? Бала жігіт
кезіндегі Шоқан ойға алғанының бəрін бұрқырата тез бітіріп тастағысы
келіп лепіретін еді, кейін замана талқысына түскен соң, əсіресе,
Банзаровпен жолыққан соң біраз бəсеңдеп, енді ектеу орнына ептеу
санасына келген. Оның бас мақсаты патриархалдық өмір сүріп отырған
қазақты шаруа жағынан да,мəдениет жағынан да, азаматтық ой-сана
жағынан да жылдам өркендетіп, европалық елдердің қатарына қоса қою
еді. Осы мəселе жайында Банзаров екеуі пікірлесіп көрсе, бұндай сатыға
көтерілу үшін, отар елдер былай тұрсын, Россиядағы ең көп, ең алдағы
дейтін ұлт орыстың «төменгі» аталатын басым көпшілігіне де əлі талай
уақыт керек сияқты. Қарулы күшінің аржағы Степан Разин мен Емельян
Пугачевтан, ақыл күшінің аржағы Николай Новиков пен Александр
Радищевтен таратылатын орыстың халық азаттығы жолындағы күресі,
тоқтау орнына күшейе түскенмен, əлі де түк тиянаққа келген жоқ.
Басқарушылар жағы жұмсару орнына жылдан жыл қатайып барады.
– Ендеше, – деп қорытқан бұл пікірлерін Шоқан мен Банзаров – отар
елдерден бұрын құлдықтан орыстың төменгі жағы, яғни бейнетқорлары
азат болу керек.
Орыстың өзі ондай күнге қашан жетуіне, біздің пікірлесушілердің ой
еріс.і жетпейді.
Олардың өресі жететін ой – «ағартушылар» атағы тағылған əлгі Новиков
пен Радищев жəне олардың жолын тұтушылар. Олар келген қорытынды, –
қоғам өрісі қайда барарын өркендегіш тарихтың есесіне қалдырып, қазіргі
күндер үшін «төменгі» аталатын адамдардың азаттық санасын оятып,
өркендету; оған апаратын жол – мектеп, баспасөз.
Орыс арасында туған бұл идея жылдан жыл кеңіп келе жатқанмен,
нəтижесі айта қаларлықтай емес, мектептік я баспасөздік білім жағынан,
Россия əлі де европалық елдердің артында. Ал, Россиядағы отар елдермен
салыстырғанда, орыстар əлдеқайда озық. Банзаров пен Шоқанның ойынша,
отар ұлттар шаруа жəне мəдениет жағынан, ең алдымен, алдыңғы
қатардағы орысқа жету керек. Аржағында өмір көрсете жатар.
Шығыс Сібірден қайта Шоқан бұл тілегіне жетудің жолын іздеп көрсе,
ондай жолдың өзі түгіл сүрлеуі де көрінбейді. Қалай көрінеді ол сүрлеу?
Қазақтың болмашы азшылығының əзірге білетін сауаты – мұсылманша;
оны да өз тілінде емес, татар я түркі аталатын қазаққа түсінігі аз тілдерде
ашқан; ал орысша сауат бірен-саран сұлтандарда ғана болмаса, өзгелерінде
атымен жоқ.
Қалай жету керек бұл сауатқа?
Ойлап-ойлап, оған Шоқанның ақылы жетпей жүргенде «шоқпарлы
Николай» өліп, «ағартушылық идеясына бейім» деп есітетінін екінші
Александр таққа мінді де, Шоқан ойының қараңғы аспанында болмашы бір
сəуле жылтыраған сияқтанды.
Бірақ, «бой қалай жетеді оған?!» деген арманда жүргенді, бірінші
Николайдың Петербургтағы азалы жиналысына барудың сəті келе қалған
сияқты болды. Аза үстінде айтылатын арман-тілек болмауға тиісті, ондай
тілек тек той үстінде ғана айтылатын болар... Аза артынан жаңа патшаның
таққа отырған тойы да алыс емес, азаға баратындардың тойға да барулары
қазірден-ақ белгілі. Ал, Шоқан оған бара ала ма, жоқ па?
Оған барғысы келеді-ақ Шоқанның: сонда өз өресі жетпеген жерлерге,
басы, əкесі – Шыңғыс қып, тілін алатындардың бəрін де жұмсап көрмек.
Ол əрекетінен не шығарына көзі жетпейді. Бұл жолы, бұл жайда əкесіне де
тіл қатпайды, «несі болса да кезінде көрерміз», – деп ойлайды.
Əкесінің соңғы кездегі қылықтарына қатты риза Шоқан, бұл жолы оның
көңілін аулайтын ғана мінез-қылықтар көрсетіп, білгенінше, шамасы
жеткенінше күту мақсатында, сөйтіп, болашақта атқартқысы келген
істерінің көлеңкесін, осы бастан көңіліне түсіре бермекші...
Қылықтарына, сөзіне қарап, Шоқанды «икемге келген екен» деп
түсінген Шыңғыс. өзінің ойындағы мақсатын іске асыру ниетіне кірісті.
Жəйдары бір кеңестің үстінде ол:
– Қанашжан! – деді Шоқанға, еркелеткен дауыспен.
– Əу, əке, – деді Шоқан да сондай кескінмен.
– Шешеміз орыс оқуына зорлап түсіргенмен, біз кезінде қадырын білдік
пе орыс сөздерінің.
– Түсінуге де, түсіндіруге де шамаңыз келеді ғой, əке.
– Шалағай білгеннің не сəні бар, балам. Көп сөздерін, кейде аса қажет
сөздерін білмей, қорланып жүреміз.
Аз жыл болса да орысша оқыған Шыңғыс, орысша жазуға да, сөйлеуге
де шорқақ еді. Бұл тілдің көп сөзін ол бұрмалап, қазақ тілінің заңына
сүйрелеп, бұзып отыратын. Ал, титулдарды «прапорщиктен» бастап,
фельдмаршалға дейін орыстың сауатты адамдарындай дəл түсіреді. Мына
жолы да солай!.. Бұл сөздерді бұзбай айтуға тырысатындығы ғой ол!
– Неге күлесің? – деген əкесіне:
– Сіздің көп білетіндігіңізге қайран қалып, – деді Шоқан, кескінін
томсартып.
– «Өзім ғана білем» деп ойлап па едің балам? – деді
Шыңғыс масаттанғандай, – біз де бірдемелерді ұғамыз!.. Сонымен,
дворянин, граф дегендердің тура мағынасы не боп шықты?..
– Қызметтерімен ерекше жаққандарға, патша тарапынан тағылған атақ...
– Өзім де солай жорыған едім, Қанаш...
– Неге?
– Тобылдың Үйге құятын сағасында Əбілқайыр ханның тұқымы, ұрпағы
Ахмет Жантурин сол маңайға сұлтан-правитель болып тұрғанын білесің...
– Білем. Болдық та ғой үйінде?
– Ұмытпаған екенсің. Сол Ахмет айтушы еді: «Бір Əбілхайырдан:
Нұралы, Ералы, Айшуақ, Бөкей болып төртке тараймыз; солардың ішінен
дворяндық даражаға жеткені – Бөкей тұқымы ғана, Бөкей ордасының
қазіргі ханы – дворян» деп.
– Онысы рас көрінеді. Николай патшаның, сіздер баратын азалы
жиналысында ол да болатын хабары бар, аманшылық болса, сонда
көрісесіз...
– Əмин!.. Ал, «князь» деген сөзі не мағынада, орыстың?
– Ол тіпті ірі сөз, – деді, əкесінің сатылап қайда шыққысы келіп
жүргенін айқынырақ
болжаған Шоқан.
– Ол да біздің хан тұқымы сияқты болды ғой. Қаны хандыққа
жататындардан ғана болмаса, басқа қанды еркек ешуақытта хан бола алған
емес. Мысалы Ақсақ Темір Күреген. Жер жиһанның қаншасын билегенмен,
ол, тек «əмір» ғана болып, «хан» атағын ала алмады ғой.
– Оны кімнен естідіңіз, əке?
– Оқып көрдім: «Зафарнамадан» Достарыңызбен бөлісу: |