үш таста «əлхамдұ-лиллясын», үшінші отыз үш таста «аллаһү-əкбəрін»
жүздің шоқысында – «салауатын» айтып талай уақыт отырды. Сондағы
дəмесі – «Қанашжан келіп қалар ма?!»
Қанашы келе қоймады. Оны ойлаған сайын, мана қатайып алған жүрегі
жіби берді. Енді оның көңіліне, əлгі бір қарғау сияқты айтқан сөздері
«құдайдың, құлағына шалынып қалды ма?» деген қауіп кіріп, «ə, құдай,
жанына жамандық бере көрме, құлыншағымның!» деп тіледі. Сол сəтте көз
Жастары тағы да сорғалап кетті...
Шіркін, бала, не деген тəтті едің!..
Қазақтың ұғымында жақын жерден аңдитын жаудың біреуі – ұйқы. Сол
жау жайнамаз үстінде мүлгіген Шыңғысты да құшағына алып, тəсбиғын
тырсылдата тартып отырған ол, қалай қалғығанын білмей де қалды. Ойдан
я жолдан жалыққан шақтарында, оның ұйқысы тастан қатты болушы еді.
Сонда ол, жатқан үйін басына көтере қорылдап, ұйқыдағылардың көбін
оятып жіберетін. Үйде батылы жететін біреулер болса, Шыңғысты оятатын.
Ондайлар болмаса, қасындағылардың ұйықтай алмай мазасы кететін. Тез
ұйықтағыштығының үстіне, ол өте сергек те дыбыс естілсе ояна қалатын
жəне не дыбыс екенін аңғарғанша қалғымайтын...
Шоқан барған Омбы тоғайынын, арасында да жидек пен бүлдірген көп
екен. Соларды терудің қызығына түскен ол, қораға іңірде оралып, үйге
кіруге батылы жетпей, терезе сыртынан қараса, көлемі титімдей ғана,
білтесінде тұтанған қызыл күрең отының үлкендігі тышқан тілінін,
жылтыңдаған үшіңдей ғана «үштік» аталатын кəрəсін шамның көмескі
жарығынан, төрде басын темен салбырата шөке түсіп қимылсыз отырған
əкесінің елесі көрінеді. Оның жайнамаз үстінде солайша қалғитынын
Шоқан білетін, кейбір қалғыған шақтарында, анау-мынау дыбысқа ояна да
қоймайтын. Əкесін «сондай жағдайда болар» деп ойлаған Шоқан үйді
айналып кеп, сыртқы есікті сықырлатпай ашып кірді де, коридорда
аяқтарын ұшымен басып, бөлмесіне жақындады. Оның жұқалау есігі
қажарлы еді, ашылу-жабылуы дыбыссыз. Соған таялып бөлме ішіне құлақ
тіксе, Шыңғыстың қорылдаған дыбысы естіледі.
«Қатты ұйқыда екен» деп жорыған Шоқан əкесін оятып алмау
мақсатымен сəкісіне кілем төселген бөлмеге еппен кірді де, жататын
орнына беттеді.
Сақ құлақ Шыңғыс, Шоқанның төсекке қисайған сыбдырын естіді.
Əйтсе де сыр бермей қорылдаған болып жайнамаз үстінде сəл отырды да,
Шоқанның мұрны пысылдаған дыбысынан «ұйықтады» деп ойлап, еппен
басып қасына келді. Шоқан өтірік ұйықтап жатыр еді, ойы – əкесінің не
істеуін бақылау. Баласының қасына келген Шыңғыс, бетін қабырғаға бере
бүк түсіп жатқан Шоқанды арқасынан құшады да, солқылдай жылап жата
кетеді. Əкесін аяп кеткен бала, мейірімдік көрсеткісі келгендей, бетін бұра
аунап түсті. Бірақ, бұнысын ұйқысырау сияқтандырып, дыбыс бермеді.
«Оятып алмайын» деген оймен, өксігін əрең тыйған əке, жанының
бөлшегіндей баласын, бауырына қыса түсті. Олар терең ұйқыға кетті...
Шіркін, осындай бір тəтті ұйқы-ай!..
Шыңғыс əдетте ерте оянатын еді де, дəретін алып, намазын өтеп, содан
кейін тағы да жатып, биенің бас сауынына дейін тұрмайтын еді. Үйінен
мына сапарға шыққаннан кейін де сол дағдысын тастамаған Шыңғыс,
Шоқанды бауырына баса ұйықтаудан таң біліне оянды. Құшағындағы
Шоқанға қараса, ұйқыға мас болып түк сезер емес. «Қимылдасам оятып
алармын» деген оймен, ол аз уақыт тым-тырыс жатты да, аздан кейін
Шоқанның басындағы қолын шымшымдап суырды. Шоқан оянбады. Басын
көтерген Шыңғыс, Шоқанның үстіне төрт тағандай төніп, жоғарғы жақ
шекесінен құшырлана иіскеді. Оянып кеткен сияқтанған Шоқан, екінші
жамбасына аунап түсті де, пысылына кірісті.
Үйден еппен шығып дəретін алып келген Шыңғыс еппен кіріп, намазын
да еппен оқып, еппен киініп, Малтабардың бөлмесіне кірді. Буынып-
түйінген ол, есеп-шоттарын қағып отыр екен. Қасында бір жамбастап
қисайған Варвара. Екеуі əзілдесіп отырған сияқты, езулерінде күлкі.
Əйелдерін қазақ ғұрпына бағындыратын Малтабар кеше Варвараға да:
«Ханның көзінше ыржақтаспа, ол келгенде тұрып кет, алдында əдеп сақта»
деп тапсырған. Содан кейін, өзге қонақтарына еркінсіп жүретін Варвара,
именіп, алдында қазақ əйелі сияқты иба тұтқан. Қазір де Шыңғысқа
кездескен шақтарында, ауылдың жеңгесіндей сөйтіп, Шыңғыс есіктен
көріне, күлімсіреген езуін жиды да, үстін сілкіне түрегеп, шығып кетті.
Шыңғыстың жеңге көретін кейбір əйелдермен қалжыңдасатыны да болушы
еді. Семіз денелі Варвара, ту қойдай жайқаңдап жөнеле бергенде, көзін тіге
қалған Шыңғыс, ол есіктен шыға:
– «Семіз қатын – құс төсек, арық қатын – жоққа есеп» деген еді,
Малтеке, əлгі бір жеңгейдің найқалуы-ай! – деп жымиды.
Варварамен арасындағы есекті Шыңғыс естімеген болар деп ойлайтын
Малтабар, оның мына əзілінен қысылып қап, «жеңгей» деген сезді маңына
жолатқысы келмегендей:
– Иə, күйлі қатын, – дей салды.
– Ажарлы да ұрғашы екен, – деді Шыңғыс. – Денесі етейгенмен, кескін-
кейпі келіншек қалпында екен.
«Осы сол қатынға қызығып отырмаса не қылсын?» деген ой кеп қалған
Малтабар, сырын тартып көргісі келгендей:
– Рас, тақсыр, құнына тұратын кісіге «кет, əрі» емес мінезі де бар, – деді
күліп.
Бұл қалжыңды əрі созуға Драгомиров бөгет болды. Омбыға Шыңғыстан
біраз күн бұрын жеткен ол, Шоқан жайын да, Шыңғыс жайын да тиісті
орындармен кеңесіп, тиянақтап қойған еді. Шоқан туралы тиянағы –
Старковтан жөні түзу жауап ала алмағаннан кейін, бүкіл корпустың
начальнигі, генерал-майор Федор Андреевич Шрамға жолығып, одан кейін,
Батыс Сібірдің генерал-губернаторы – Николай Семенович Сулимаға
жолығып, екеуінен де кадет корпусының оқу істерін басқаратын Ждан –
Пушкиннің атына, – «қабылдансын» деген записка алған. Енді Старков
тырп ете алмайды.
Бұл жағынан көңілі орныққан Драгомиров, Шыңғыстың өз жайын да
Сулимаға толық баяндады. Оның кеңсесінде Шыңғысты жамандаған
материалдар үйме-жүйме еді. Солардың көбін тексеріп келген Драгомиров,
Шыңғысқа болысу ниетімен:
– Көбі жала екен, шыны – көңіл бөлуге тұрмайтын ұсақ-түйектер хандық
заманы өткенін көріп отырған аталықты қазақтар, Шыңғысты «хан-
тұқымы» деп ұнатпайды екен, əйтпесе, сібірлік қазақтар үшін ашылған
округтердің сұлтандарының ішінде, орыс заңынан хабары бар осы Шыңғыс
қана қазақтардың бұған өшігетін бір себебі: Шыңғыс орыс заңын іске
асырмақ болады, қазақтар ата-бабасынан қалған əдет заңын қолданғысы
келеді, екі заң бір-біріне қайшы қазақтардың, «Россия патшасына
бағындық» деуі, көп жерде «ат» тілі ғана, көбі ішінен қарсы сұлтандардың
арасында Романовтардың таж-тахытын адал жүректен құрметтейтін
азшылығының біреуі осы – Шыңғыс деген.
Өзі дворяндар тұқымынан шыққан Сулима, қазақ хандарының да
тұқымын «ақсүйекке» жорып, оларға ерекше ілтипат жасайтын.
Драгомировтың сөздеріне құлақ асқан Сулима, оған: – Сізше не істеу
керек, сонда? Уəлихановтың қисайған абыройын қалай түзеу керек? – деген
сұрау қойды.
Ол сұрауға Драгомировтың жауабы əзір еді. Көкшетау дуанының аға
сұлтандығын Абылай тұқымынан тартып алған, «қарадан хан болды» деген
атаққа ілінген -Қаратоқаның Зілғарасы қиянатшыл болып, патшаның атына
үстінен арыздар жауған өкімет тарапынан тексеріс болғанда, арыздағы
оқиғалардың көбі расқа шыққан. Зілғараның үш əйелінен он төрт ұлы
болған екен, солардан Əлібек дегені ерекше қиянатшыл болып, Зілғара
соның қылығына күйген сонан, «əне ұсталады, міне ұсталады» деп
жүргенде Зілғара өлген, Əлібекті өкімет «итжеккенге» жер аударып
жіберген, ендігі аға сұлтан кім болары мəлімсіз шақта, Омбының генерал-
губернаторы, жұрттың «жуас адам» деп сұрауымен, уақытша Зілғараның
үлкен ұлы – Мұсаны тағайындаған, (қазіргі Солтүстік Қазақстан
облысының Ленин ауданында Явленно аталатын село бар, қазақтар оны
«Мүсін» дейді, ол – «Мұсаның қаласы» дегені, себебі, сол село келіп
түскен жерде, бұрын Мұсаның қыстауы болған), жуас Мұсаның қызметі де
сылбыр болып, Шыңғыс пен Шоқан Омбыға барған кезде, Сулима
Көкшетау дуанына аға сұлтан боларлық кандидат іздеп отыр екен, бұл сөзді
естіген Драгомиров Сулимаға Шыңғысты ұсынғанда, сөз қатпай көне кетті.
– Бірақ, – деді Сулима, – бұл ұсынысты ұлы мəртебелі патша ағзам
бекітпей жариялай алмаймыз. Қазір Валиханов қалаған жеріне қайта
берсін, артынан хабарлаймыз.
Драгомиров Сулимаға тағы бір ұсынысын айтты:
– «Құсмұрын» аталатын дуанның қазір қажеті жоқ, оны жою керек те,
бағынышты елін Көкшетау дуанына қосу керек.
– Бұл қиындау мəселе, – деді Сулима, – аға сұлтанды тағайындау менің
қарамағымдағы іс, егер ықласы түссе ұлы дəрежелі патшамыз, бұл жайда
мен жасаған ұсынысты бекіте салады, ал, округті жою үшін, əуелі патша
сарайының қасындағы сібірлік комитетке дəлелді ұсыныс беруім керек, ол
ішкі, сыртқы, жəне соғыстық министрліктердің пікірін сұрайды, олар
мақұлдаса, мəселе сенатта тексеріледі де, сол мақұлдаса ғана, патшаның
бекітуіне береді.
Бұл жайлардың, бəрін жақсы білетін Драгомиров, ұсынысын əдейі,
мəселе көтеру үшін айтқан еді. Сулима ол тілегін қабылдап, кешікпей
Петербургке хат жолдауға уəде етті.
Құсмұрын дуанындағы халықтың Шыңғысты аға сұлтандықтан түсіру,
орнына Есенейді қою туралы қаулысын Драгомиров Омбыға ала келген еді.
Бұл жайда Сулиманың айтқаны:
– Егер Валиханов қаласа, патшаның əмірі келгенше, бұрынғы қызметіне
қоя тұруға болады.
– Ол мүмкін емес, – деді Драгомиров, – егер Құсмұрынға қайтып барса,
күзеті қанша қатты болғанмен, қазақтар оны өлтіріп тастайды.
Құсмұрынды үкіметсіз қою мүмкін еместіктен, Сулима өзіне берілген
правоға сүйенді де, Есеней Естеместі уақытша аға сұлтан ғып бекітті. Бұл
бұйрықты іске асыру үшін Құсмұрынға баратын Василий Иванович
Добшинскийде Драгомиров Ыстаптың жатағы -Тілеміс Сапақовты тілмаш
қып беруді тапсырды.
Коробейникованың тоқырау қорасына түскен Шыңғысқа, Драгомиров
осындай даярлықпен барған еді.
Шоқанның ұйықтап жатқанын естіген Драгомиров, бірер аяқ қымыз
жұтты да, мəн-жайларды түгел баяндады. Бұл сөздерге қатты риза болған
Шыңғыс – «достық деген осындай болады да!» деп Драгомировті құшақтап
сүйді Драгомиров ертең қатынаспақ болып кетіп қалды.
Ендігі мəселе Шоқанда. Оның Омбыда оқуға қалар-қалмасы Шыңғысқа
мəлімсіз. Егер қалғысы келмесе қайтпек? Еріксіз қалдырғанда не болмақ?
Оған қала қойса жақсы. Егер қалмаса ше? Зорлап қалдырғанмен қашса ше?
(Шоқан оны істейтін бала), сонда, қаша қалса қайда барады? Туған үйіне,
əрине бармайды, мүмкін, Баян ауладағы нағашысы -Шорманның Мұсасына
барар, өйткені ол, Шоқанның есі кірген кезде Құсмұрынға келіп, нағашысы
мен жиенінің қатты үйлескені бар, Мұса аттанарда «Сізге барам» деп
Шоқанның жылағаны бар, Мұсаның «кейін əкеп тастармын» деп алып
кетпек болғаны бар, оған Зейнеп пен Шыңғыс көнгенде Шепе көнбей,
жанжалмен алып қалғаны бар. Содан біраз уақытқа дейін ашуланған
шақтарында, Шоқанның «нағашыма кетемін» дейтіні бар, сондықтан
Омбыдан қашса Баянға кетуі мүмкін, бірақ, кіммен? Өз бетімен кетем деп
қаңғырып өлсе қайтпек?..
Осы ойлардан басы дал болған Шыңғыс, мейманхананың өздері жатқан
бөлмесіне келсе, Шоқан төсекте əлі жатыр екен. Əкесі бөлмеге кіргенге
дейін оянып, тұрар-тұрмасын білмей жатқан ол, енді, əкесі кіре көзін
жұмып, мұрнын пысылдатып, ұйықтаған бола қойды. Мезгіл бұл шақта –
шалшық түс. Ауылдағы күндерінде Шоқанның бұдан да кеш тұратын
кездері бола беретін. Сонда, «ұйқысы қанып тұрсын» деген ойдағы Зейнеп,
орданың жабулы түндігін ашпай, «самал сойсын» деп, туырлықтардың
етегін түріп қоятын, ондай шақта «шыбын да ызыңдамасын» деген ниеттегі
Зейнеп, намазын оқып алған Шыңғыстың тамағын қонақ үйге апарып
беретін. Мал орданың маңында болса – болмаса да жоқ. Жат-жараның
кісілері бұл үйге аттарын алыстағы бағанға байлап жымында шұбырған
қояндардай біріне бірі ілесе келеді де, қонақ үйге кіреді. Əдетте
даңғазалана кеңесетін оларды, егер Шоқан ұйқтап жатса, Аба келіп
«ақырын» деп сақтандырады, содан кейін, «Шоқан тұрды» дегенше, олар
сыбырласып сөйлеседі, ондай шақта ас үйде ұйықтайтын өзге балаларын
тамақтандырғаннан кейін, Зейнеп «алысқа ойнаңдар» деп, не далаға, не
қараша ауылға қуады, бөгелектеген жылқы, шанышқақтаған сиыр шауып
келмесін деп, салт бір жігітін күзетке тұрғызады...
Ауылдағы күндерінде, ұйқысы қанып тұратын Шоқанның оянуы да
ерекше еді. Неге екенін кім білсін, ол ояна сала бақырып жылайды, сонда
айтар жалғыз сөзі «апа!», онысы -Зейнеп. Ұзақ жерге бармайтын, уақытын
орданың төңірегінде өткізетін Зейнеп, Шоқанның даусы шыға жетіп келеді.
Оның, «немене, Қанашжан?» дейтін дағдылы сөзіне Шоқан жауап бермей,
даусын үдете еңірей береді. Оның жақсы көрер тамақтары: піскен қаймақ,
күйіксіз қаспақ, жаңа ғана іріткен ақ ірімшік, қайнатқан қаймақтың түбі,
тұщылау торта, шалалау ашыған саумал, еттен жақсы көрері бүйрек пен
жүрек, ашқылтымды жалаған кезде сүйсінері ашымаған сүр мен
қышқылтымдау ащы құрт, кейде кеше ғана езілген құрттың малтасы...
Бақыруын доғару орнына үдете түсетін Шоқанның алдына, Күнтай мен
Зейнеп жаңағы тамақтардың бірінен соң бірін тосады, Шоқан жемейді
оларды, егер Зейнеп қыстайын десе, тамағы мен ыдысын бет алған жағына
лақтырып, тиген жерлерін бүлдіреді... Ояна сала осындай бүлік жасайтын
Шоқанның жалғыз ғана алданары – Жайнақ. Ол келсе, ұйқысы да
ашылады, тамақты да жейді, содан кейін ойынға кетеді...
Шыңғыс жолға шыға, Шоқанды «үйдегі дағдысына бағар ма» деп
қорыққан еді, өйтпеді Шоқан. Ауылынан мезгілімен ұйқтап, мезгілімен
тұрады, жанжал шығармайды, тамақ таңдамайды, бергенді ішеді жəне
тойып ішеді...
Үйінен
шыққалы,
Шоқанның
бірінші
рет
кеп
ұйықтауы
–
Коробейникованың үйінде. ұйқысы мейлінше қанған ол тұрып кетуге ерініп
жатыр. Осы қазір оның кез алдынан кейінде қалған туған аулы, апасы,
Күнтай, Жайнақ, балалар – бəрі-бəрі тізбектеле өтті. Сағыныш өзегін өртеп,
Шоқан ал, жыла кеп, ал, жыла!.. Сол өксігін баса алсыншы, көрейін!..
Шоқан сол қалпымен ұзақ жылар ма еді қайтер еді егер есік жақтан
тықыр естілмесе. «Кім?» деп көз қиығын түсірсе – əкесі!
Ол тағы да ұйықтаған болып сұлық жата қойды. Бірақ, оның ояу екенін,
əдейі ұйықтаған бола қоюын Шыңғыстың қырағы көзі есікті аша бере
шалып қалды. Сонда да білмеген болып, баласынан алшағырақ отырды да,
оған айтқысы келген сөздерін, өз бетімен сөйленген боп, арасына уһлеуін
араластыра, ыңыранған үнмен соға берді, сондағы ойы -сөздерінің бəрін
Шоқанның көңілін оқуда қалуға аудару.
Неше түрлі жылы лептерден құралған бұл сездерді «аяқтадым - ау»
деген шақта, тыңдай беруге жалыққан Шоқан оянып кеткен боп ыңырсиын
деп еді, Шыңғыс еңбектей ұмтылып:
– Немене, Қанашжан, – деп құшақтай алды.
– Ап-па! – деді Шоқан, қайда жатқанын біле тұра, Шыңғысты
үрейлендіргісі келген қулықпен.
– Қанашжан, біз үйде емеспіз ғой, – деді Шыңғыс, сасқалақтап.
– Қаймақ!
«Оянған шақта осы сөзді айтып қала ма» деген қауіппен Шыңғыс мана
Малтабарға қаймақты да, қаспақты да даярлатып қойған еді.
– Қазір əкелем, – деп орнынан тұра жүгірген Шыңғыс, шыны кесеге
салған қаймақты алып кеп:
– Міне, Қанашжан! – деп ұсынып еді, басын көтеріп кесеге үңілген
Шоқанның қиқарлығы ұстай қап:
– «Қаспақ» дедім ғой, – деп кесені лақтырып жібере жаздады, Шыңғыс
əрең ұстап қалды. Ол:
– Қаспақ та бар, қазір əкелем, – деп қайта жүгірді.
Шоқан əкесін аяп кетті, ол өмірінде біреуге ыдыс əперген кісі ме?
Мынасы - бірінші əперуі болу керек. «Неліктен?» деген сұраудың жауабын
Шоқан кідірмей тапты, бірінші жақтан – жапан-түзде жалғыз ғана жақыны
болғандықтан, əрі əкелік ықыласы түсіп кеткендіктен, екінші жақтан –
«оқуда қалар ма екен» деген үмітпен, көңілін тапқысы келуден.
Сондықтан, əкесі алып келген қаспақты, Шоқан жылы, қышқылтым
қалашты батыра жеп, құп - соғып алды. «Тағы да шатақ шығармаса не
қылсын!» деген қорқыныш ойдағы Шыңғыс, «мынасы бір игісін болды-ау»
дегендей, баласының қаспақты түгел жеуіне іштей қуанып отырды. Шоқан
тамаққа шепік бала еді. Кейін тамақ түрлерінің көптігінен бе, олардың
дəмділігінен бе, – алдына келген тағамдарының əрқайсысынан құстай
шоқып, əр ішімдіктен бірер ғана жеңіл ұрттап, «болдым» деп шегіне
қоятын, сонысына қарап астың, түрін де, мөлшерін де азайтайын десе,
«анау қайда? Мынау қайда?» деп əлек салады, кейде татпай қояды,
сонысына қарап, «сұрайды-ау» деген асын шешесі Шоқанның алдындағы
дастарқанға түгел үйеді. Соны білетін Шыңғыс, Шоқанның недəуір
қаспақты түгел жеп алуына қайран қалды.
Астан кейін Шоқан тысқа шығып кетті. «Тағы бір жаққа жыта ма?» деп
қауіптенген Шыңғыс, оны көрінбей сырттан бақылады. Қорадағы
жүктердің арасынан жылысып өткен Шоқан шарбақтың үстінен сыртқа
қарай қарғығанда, Шыңғыс жүгіріп барып тақтайлардың жігінен сығалады.
– Қанаш!! – деген бала даусы естілді қақпа жақтан. Шоқан да, Шыңғыс
та қарай қалса, – Григорий!
Кешеден бері жалғызсырап қалуынан ба, сапарлас досын сағынып
қалудан ба, Шоқан:
– Керей!.. Күргерей!.. – деп тұра жүгірді де, бассалды. Екеуі бір-бірін
арқаға қаға, құшақтаса кетті. Шыңғыстың көзінен жас ыршып кетті.
Григорий бұл үйге кеше түн ортасы жақындаған шақта бір келіп,
Малтабардан Шоқанның оралғанын, əкесі мен екеуі жатып қалды деген
хабарын естігеннен кейін, «мазаламайын» деп қайтып кеткен.
Шоқанмен құшақтасып мауқын басқаннан кейін, Григорий кеше
Старковқа жолыққанын, оның Шоқанды оқуға алуға ризаласқанын
сыпылдаған сөздермен баяндап берді.
– Жақсы болған екен, – деді Шыңғыс, Драгомировпен бұл жайда
сөйлескенін бүге тұрғысы кеп.
Шоқан үндемеді.
– Қанаш, Шоқан! – деді Григорий казак-орыс акцентіндегі қазақ тілімен,
жыпылдата сөйлеп, – көрейік, кадет корпусы үйін!.. Тамаша үй!.. Қайда!..
Біздің Капитан, Кукала, Болатнай, түгел сыяды оған!.. Артық қалады!..
Жүр, көрейік!
Ол Шоқанды жетектегісі келгендей, қолынан ұстап, қақпаға қарай
тартты. Ішінен əлі түгел кене қоймағанмен, əкесінің, басқалардың
айтуынан жəне болашағын ойлағандықтан, Шоқанның оқуға түсуге көңілі
аздап ауытқи бастаған еді. Сондықтан, кеше сыртынан ғана көрген кадет
корпусының үйін, енді іші-сыртын аралап көргісі кеп, Григорий
жетектегенде жетекшіл тайдай соңына ере жөнелді.
Олар солай бара тұрсын. Біз оқырман кепке, кадет корпусын
таныстырайық. Оның алдында, айтыла кетуі қажет төмендегідей сөздер
бар.
Шоқан Уəлихановтың 1904 жылы орыс тілінде басылған шығармалар
жинағын, сол жинақтағы портреттерін, менің алғаш 1913 жылы, Шоқанның
ата - бабасының мекені -Сырымбет тауының етегінде, туған інісі -
Нұрмұхаммедтің (Қоқыш) үйінде көруім, «Өмір мектебінің,» бірінші
кітабында, одан кейін, 1921 жылы сол Қоқыштың үйінде Шоқанның
сүгірет салған альбомын көруім «Өмір мектебінің» екінші кітабында
баяндалуы, оқырмандарға мəлім. Сол кезден бастап Шоқанның өміріне,
қызметіне көңіл аударуым да, 1928 жылы СССР Ғылым Академиясының
Ленинградтағы қолжазбалар архивінен Шоқанның «23 фонда» аталатын
толып жатқан материалдарын, Шоқанды зерттеушілерден бірінші болып
кездестіруім де белгілі.
Осыларды жəне басқа материалдарды зерттеу негізінде, мен əуелі
қырқыншы жылдардың алғашқы жартысында «Ариаднаның арқауы» деген
пьеса, елуінші жылдардың екінші жартысында «Шоқан Уəлиханов» деген
пьеса жаздым. Екі пьеса да баспасөзде жарияланды.
Бұл пьесалармен Шоқан Уəлихановтың бай өмірі жəне аса зор қоғамдық
қызметі түгел қамтылмайтын болған соң, ұлы адам туралы роман жазу
ойына келдім. Сол мақсатпен, тағы да материалдар іздеп, 1952 жылдың
күзінде Омбы қаласына бардым. Сонда, бұрынғы кадет корпусының
үйінде, Омбының Михаил Васильевич Фрунзе атындағы Қызыл тулы жаяу
əскерлер училищесі мекендейді екен, начальнигі генерал-майор Леленьков
(өкініштісі сол аты есімде қалмапты) жолдас екен. Осы жолдас Омбыдағы
кадет корпусының тарихын түсінуге, маған өлшеусіз зор жəрдем көрсетті.
Кадет корпусының архивін, жасы сол кезде сексеннен асқан Шиторля
есімді арихвариус басқарады екен. Атасы неміс демесе, езі орыс арасында
туып, орыс арасында өсіп, кадет корпусы «соғыстық гимназия» аталған
кезде, (1863—74-жылдары) соны бітірген Шиторля, аяғының ақауы
барлықтан, құрылыстық қызметке шықпай, архивте отырып қалған. Сонда
50 жылдай қызмет атқарған ол, қай қағаздың қайда тұрғанын көзін жұмған
қалпында тауып бере алады. Өзі барып тұрған монархист. Сондықтан
патшаларға немесе корпусты басқарған генералдарға байланысты
материалдарды полкадан суырғанда, əуелі оларға ізет көрсеткен бейнеде
шоқынып алады да, шаңын сүртіп, қолына «ешбір қағазына қалам,
қарындаш тигізбейсіз, бүктемейсіз, тұрған қалпында ғана қарайсыз, жырту
деген тіпті мүмкін емес. Қайтып алғанда түгел ақтарып көрем, айтқан
шарттар сақталмаса, өте реніш болады, одан кейін кім айтса да ешбір
материалды ала алмайсың», - деп береді.
Достарыңызбен бөлісу: |