Абдыхалыкова жазира есенкелдиевна ақШ-тың жоғары білім беру жүйесіндегі студенттерге академиялық қолдау көрсетудің ерекшеліктері


ҚР және АҚШ жоғары оқу орындарындағы академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына салыстырмалы талдау



бет6/13
Дата05.11.2016
өлшемі3,76 Mb.
#948
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

2.2 ҚР және АҚШ жоғары оқу орындарындағы академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына салыстырмалы талдау

Ұлттық жоғары білім беру жүйесін реформалауда, әлемдік жоғары білім беру кеңістігіне интеграциялану жағдайында шетелдік педагогика тәжірибелерін жете түсіну, ондағы басымдықтар мен кемшіліктерді анықтау маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Қоғамның әртүрлі саласындағы халықаралық ынтымақтастық шет елдердің білім беру үрдісінің жағдайы мен заңдылықтарын зерттеу, оны еліміздегі өзгерістермен салыстыру ұлтаралық татуластықтың, әлеуметтік, мәдени-прогрестің негізгі құралы. Әлемдік білім беру үрдісіндегі көшбасшы елдердің оқу-тәрбие үдерісінің әртүрлі аспектілерін тереңдетіп зерттеу, оқыту жүйесін жетілдірумен қоса, отандық білім беру моделін болжауға, оқыту, тәрбие беру, мәдени кеңістіктікте адамгершілік идеяларының кең таралуына мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандардың бәрі, АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінде студенттерге академиялық қолдау көрсету тәжірибесін Қазақстанның болашақ мамандарының жеке оқу траекториясын құруға жағдай жасау, өмір бойы білім алу дағдыларын қалыптастыру мақсатымен зерттеуге негіз болды. Біздің алдымызда тұрған негізгі әдіснамалық-салыстырмалы сұрақтардың бірі, белгіленген аспектіде бұл елдің жетістігін қандай формада, өлшеуіште аса пайдалылықпен қолдануға мүмкін болады? Осы жағдайда, біз салыстырмалы- педагогика саласындағы ғалымдардың көзқарастарын ескеруді ұйғардық:

А) шетелдік білім беру үрдісіндегі әлеуметтік, педагогикалық үдерістердің позитивті және тиімсіз жақтарын анықтау, ғылыми пікірталас туындатуға себеп болатын тәжірибелік пайдалы білімдерді меңгеруде, отандық педагогиканың теориясы мен тәжірибесін дамытуда ерекше орын алады [149].

Б) шетел тәжірибесінің басым бағыттарына сүйене отырып, жоғары білім беру жүйесінде студенттердің оқу үдерісін жетілдіру, әлемдік білім беру кеңістігіне тең құқылы енуіне мүмкіндік береді [65,49 б.].

В) зерттеу жұмысы ғылыми негізделген, ал оның нәтижелері жүзеге асуы жеткілікті деңгейде болу үшін, шетел мемлекеттерінің әр алуан педагогикалық тәжірибесін қарастыруда диалектикалық әдістің қағидаларына сүйеніп, салыстыра талдау жасауы қажет [66, 46 б.].

Г) шетелдік педагогикалық тәжірибені зерттеудегі жүйелі әдіс, оқыту үдерісінің инварианты-интегративті жақтарын қарастырумен қатар, мемлекеттердің білім беру жүйесінің ерекшеліктерін толық зерттеуді талап етеді [150].

Д) ҚР жоғары оқу орындарының оқыту – білім беру үдерісін жетілдіру үшін әлемдік жетістіктерді жүйелі талдау өзекті тақырыптардың бірі болуы қажет [151].

Әлемдік академиялық ортада, АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінің мол тәжірибесінің құндылығы мен жетістіктері туралы пікірлер жеткілікті. Мысалы, Б.Г. Кинелев өзінің «Шынайы қажеттілік» кітабында «Біз үшін, АҚШ-тың жоғары мектебінің ұзақ мерзімді дамуы, нарықтық экономиканың дамуы, технологиялардың жаңаруы, кең көлемді халықаралық ынтымақтастық, студенттердің білім алуына жағдай жасауды жетілдіру төңірегіндегі тәжірибесінің кейбір салалары қызығушылық танытады» деп атап көрсетті [152]. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінің басымдықтары туралы Германияның ғалымдары да өз пікірлерін қосты. Мысалы, ФРГ-нің ғылыми кеңесі «Жоғары білім беру жүйесін бәсекелестігіне нұсқаулық беру» құжатында мемлекеттік сектордың үстемдігін сақтауды қалдыра отырып, американдық білім беру жүйесіндегі студентке бағытталған оқыту бағдарламарының элементтерін тасымалдау қажет деп жазды.

Дегенмен, әлемдік білім беру теориясы мен практикасында қалыптасқан жағымды тәжірибені жай ғана баяндап қана қоймай, оның ерекшеліктерін, оқыту үдерісіне деген негізгі идеяларын, меңгеріп, қолдануға болатын жақтарын айқындау болашақтағы білім беру саласындағы өзгерістерді болжауға мүмкіндік береді.

АҚШ тың жоғары білім беру жүйесінде студенттерге академиялық қолдау көрсету қызметтері, бағдарламалары оның келесі басты ерекшеліктерінің саласында дамыған: білім беру үдерісін елдің экономикасының дамуының қайнар көзі ретінде қарастыру, көпұлттылық жоғары білім беру; жылдан жылға шетел студенттерінің санының артуы; университеттер арасында ашық бәсекелестік орнату. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінің көпұлттануы қазіргі қоғамның жаһандану, әлеуметтік, экономикалық өмірдің интеграциялануы, ұлттық оқшаулану үдерісінің бірте-бірте жойылуының көрінісі. Жаһандану үдерісі еңбек нарығында университеттердің қызметін бәсекеге қабілетті, интегративті жағдайға көшуін талап етеді. А.Н. Джуринский бойынша, жоғары білім берудің көпұлттануының факторы мен мақсаттарын 4 негізгі топқа бөлуге болады: экономикалық, саяси, мәдени және педагогикалық. Біріншісі, шетелден келген студенттердің оқу ақысына төлеген қаржылық төлемдерімен, екіншісі, жоғары мектепті бітірушілердің білімі мен кәсіби біліктілігінің сапасының артуы экономиканың дамуымен, саяси факторлар әрбір елдің геосаяси қызығушылықтарымен, мәдени фактор басқа мемлекеттердің ұлттық ерекшеліктерін, мәдениетін, тілін, ділін, ұстанымын зерттеу мүмкіндіктерімен, ал педагогикалық факторлар жоғары білім беру жүйесін үнемі жаңарту, шетелден келген студенттердің академиялық, әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыруымен тікелей байланысты [153]. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінің көпұлттануының (интернационализация) басты бағыттары педагогикалық күш салу мен ресурстарды біріктіру, студенттің жеке басын сыйлау, оның оқу мотивациясы мен жетістігін арттыру идеяларын жария ету, шетел тәжірибесі негізінде білім беруді үнемі жетілдіру, халықаралық еңбек нарығын жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету, жоғары мектеп бітірушілерінде басқа елде еңбек етуге мүмкіндік беретін білімдер мен біліктерді қалыптастыруға бағытталған. АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесі, көпұлттану (интернационализация) үдерісін басым бағыттардың бірі деп санайды.

АҚШ-тың сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, шетел студенттерінің оқу ақысы, басқа да әлеуметтік төлемдерді өтеу арқылы, жыл сайын Америка экономикасының қарқындауына 21миллиард доллар пайда әкеледі екен. АҚШ-тың мемлекеттік секретары Х. Клинтон «Халықаралық білім беру» күнінде жасаған баяндамасында 2011-2012 оқу жылында шетелден келген студенттердің саны әлем бойынша рекордтық деңгейге жеткенін, білім алушылар өздерінің жаңа идеялары, көзқарастары, мәдени ерекшеліктерімен елді мекендердің, мемлекеттің өркендеуіне, әлемді терең түсіну мүмкіндік беретінін баса көрсетті [154].

Қазіргі таңда АҚШ-та жаһандану, технологизация, көпұлттану (интернационализация) құбылыстарының, нарықтық қарым-қатынас әсерімен, сонымен қатар жоғары мектеп институттарының үнемі бәсекеге қабілетті болу стратегиясының әсері, жекеменшік, мемлекеттік университеттердің өндіріс пен ғылыммен тығыз байланыстылығы, оларды қаржылық жағдайы мен бәсекелестігіне жауапты болатын экономикалық корпорацияларға түрленуіне әкелді. Бұдан былай, АҚШ университеттерінің білім беру құрылымдары бәсекеге қабілеттілік және табыстылық деңгейі бойынша қайта құрылып, студентті университет қабырғасында сақтап қалу, студенттің қажеттілігі мен мүмкіндіктерін қанағаттандыру, студентке қойылатын талаптарды төмендетпей, студентке бағытталған оқыту қағидасына сай қажетті академиялық қолдау көрсету қызметтерінің рөлін арттыруда.

АҚШ педагогикасында, «академиялық қолдау көрсету» ұғымының мәнін ашу мақсатында, «институционалдық тұрғыдан студенттің білім алуын жеңілдету», «арнайы ұйымдастырылған кешен арқылы академиялық кедергілерді жою», «университетке бейімдеу», «академиялық ортаға бейімдеу» деген сияқты бірнеше синонимдас анықтамалар қолданылады.

Әрбір университет өзінің мүмкіндіктері мен студенттердің қажеттіліктерін анықтау арқылы, академиялық қолдау көрсету кешенін белгілеп, ұйымдастырады. Қалыптасқан академиялық қолдау көрсету кешеніне, академиялық эдвайзер, әрбір оқу курстары бойынша тьютормен қамтамасыз ету, ментор, инструктор қызметтерінен, сын тұрғыдан ойлау мен жазу, дамытушы, бағыт-бағдар беруші курстары жатады. Ал, студентке академиялық қолдау көрсету қызметіне- студентке екі немесе одан да көп студенттің білім алуына жеңілдетуге бағытталған әртүрлі салалар бойынша бөлінген, университтік орталықтар кешені жатады [155].

Әдетте АҚШ университеттерінде, академиялық қолдау көрсету кешені «студенттердің академиялық жетістігін арттыру» (Student Academic Enhancement Center) ұранымен (идеясымен) арнайы орталықтар арқылы ұйымдастырып, ал оның элементтерін бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс атқаруын талап етеді.

Академиялық қолдау көрсету қызметтерінің қарқынды өсуі, АҚШ–тың жоғары білім беру жүйесінің дамуымен, университетте студенттермен жұмыс атқаратын арнайы кәсіби қызметтердің қалыптасуы, әрине елдің экономикасы мен саясатының өзгерістеріне тәуелді болғанын алдыңғы тарауларда анықтадық.

АҚШ педагогикасының нәтижелілік (прагматикалық) бағыты педагогикалық теориялары мен заңдарының қоғам ағымына сай дер кезінде өзгеріп, жаңарып отыруымен байланысты. Дегенмен білім берудің нәтижелілік бағыты абитуриент арасындағы қатал бәсекелестік, мүгедек, әлеуметтік аз қамтылған студенттердің шеттеп қалуы, немесе нақты, жаратылыстану ғылымдарының дәрежесін арттыруда байқалмайды. Керісінше, АҚШ–тың оқыту –тәрбие беру үдерісі, әрбір жекетұлғаға деген сыйластық, оны жан-жақты дамытуға жағдай жасау білім беру заңының негізі болып келеді.

АҚШ университеттерінде білім алушылардың жеке оқу траекториясын қалыптастыру, студентке бағытталған ыңғайлы оқыту ортасын жүзеге асыру мақсатымен институционалдық деңгейде ұйымдастырылған академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына, қызметтеріне талдау жасау, еліміздің университеттеріне жаңашыл өзгерістермен келген, академиялық феномендердің іс-әрекетін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Дегенмен, бөлімде қазақстандық академиялық қызметтерді, Американың моделімен сәйкестендіріп, өзгертуді мақсат етпейтінімізді айтып кеткен жөн.

ҚР-да 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, білім берудің қазақстандық жүйесі, жаһандық бәселекестіктен көріну үшін білім беру мазмұны және технологиясы саласында озық халықаралық тәжірибелерді қолдануды, жаңашыл біріктірілген ғылыми – білім беру құрылымдарды жасауды, білім беру қызметтерінде халықаралық ынтымақтастықты арттыруды мақсат етуіміз керек деп білімдегі басымдықтарды анықтады [156]. Халықаралық білім кеңістігіне бетбұрыс жасаудың басты мақсаты- әлемдік стандарттармен сәйкес болатын қазақстандық білім сапасын қалыптастыру, нарық қоғамында оның бәсекелестігі мен тартымдылығын арттыру.

ҚР «Білім беру Заңында» (2007), Кредиттік оқыту технологиясы заман талаптарына сәйкес болашақ маманның жеке оқу траекториясын, жекетұлғалық және кәсіби дамуының бағытын құруға, өздігінен білім алу, оқу іс-әрекетінің дағдыларын дамытуға жағдай жасайтын жаңа оқу технологиясы деп айқындалған [157].

Кредиттік оқыту технологиясын пайдалану арқылы оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі міндеттеріне: білім көлемін біріздендіру; оқытуды барынша дараландыру үшін жағдай туғызу; білім алушылардың өзіндік жұмыстарының рөлі мен тиімділігін күшейту; білім алушының оқудағы шынайы жетістіктерін оларды тиімді бақылау рәсімдері негізінде анықтау мәселелері жатады.

Маңызды басымдықтарды шешу үшін, білім алушыларды кредиттік оқыту технологиясының ерекшеліктеріне бейімдеу, олардың ақпараттық хабардарлығы мен академиялық сауаттылығын арттыру, жеке оқу траекториясын саналы түрде қалыптастыруды қажет етеді. Осы мәселелерді қанағаттандыру үшін, соңғы жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындарына офис-регистратор,эдвайзер-оқытушы, тьютор-оқытушы деген жаңа академиялық қызметтер енгізілуде.

Әлемдік озық тәжірибелерді зерттеуден, студенттердің білім алу іс-әрекетін басқаруға, жетілдіруге арналған университетішілік қызметтерді, «студенттерге академиялық қолдау көрсету саласы» деп анықталатынын айқындадық. Ендігі кезекте, мәселеге қатысты Қазақстан және АҚШ университеттерінде тәжірибеде орын алған, эдвайзер, тьютор сияқты студенттерге академиялық қолдау көрсету бағдарламаларына салыстырмалы талдау жасауды мақсат етеміз.

Қазақстандық білім беру жүйесінде «академиялық эдвайзер (Аdvisor) - тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгерінің қызметін атқаратын, оқу траекториясын таңдауына (жеке оқу жоспарының қалыптасуына) және оқу кезеңінде білім беру бағдарламаларын игеруіне ықпал ететін оқытушы» деп анықталады [158]. Эдвайзер, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің реформалауымен келген «жаңа феномен» деп те айта аламыз. Ағылшын тілінен аударғанда, «adviser», «кеңесші», «референт», «белгілі бір сала бойынша кеңес беруші тұлға» деген мағынаны білдіреді.

Егер, ҚР контексінде, эдвайзер студенттің жеке оқу жоспарын қалыптасуына әсер ететін «оқытушы- тәлімгер» болса, онда ол «нені оқыту керек?», «оқыту мазмұны неден тұруы қажет?», «эдвайзердің негізгі және қосымша функциясына не жатады?» деген бірнеше өзекті сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарға жауапты әлемдік озық тәжірибеден іздестіріп, оны терең талдау негізіне, икемдеп қолдану немесе ғылыми негізделген ұсыныстар жасау, университет эдвайзерлерінің қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік берер еді деп болжам жасай отырып, АҚШ-тың тәжірибесін қарастырдық. АҚШ тәжірибесін таңдау, бірнеше себептермен түсіндіріледі: біріншіден, академиялық эдвайзерлер, 19 ғасырда әлемдік білім беру кеңістігінде алғашқы рет АҚШ-тың Гарвард университетінің президенті Чарльз Элиоттің (Charles Eliot) бастамашылығымен жүргізген элективті жүйе реформасының негізінде тәжірибеге жаппай ендірілген қызмет; екіншіден, эдвайзер, АҚШ–та студенттерге академиялық қолдау көрсетудің негізгі компоненті, оның басқа элементтерімен байланыстырушы құралы болып табылады; үшіншіден, Қазақстан университеттері кредиттік оқыту технологиясының американдық моделінің негізінде оқу- тәрбие үдерісін ұйымдастыруда.

Америка педагогикасының гуманистік, студенттің жекетұлғасына бағытталған қағида тұрғысынан оқыту үрдісін құруы, әрбір студент оқуға қабілетті, тек оның қажеттіліктері мен тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдірілген академиялық қолдау технологияларын қолдану қажет деген ұстаныммен байланысты. Эдвайзер, ментор, тьютор, дамытушы курстар және т.б. сияқты академиялық қолдау көрсетудің компоненттері студентті жаңа жүйеге тез арада бейімдеп, барынша білім алуына, университеттің тәжірибесін жеңілдетуге ықпал ететінін анықтадық [159].

Сонымен қатар, ҚР университеттерінде, эдвайзерлердің мақсаты, міндеттері, іс-әрекет мазмұны, шын мәнінде, оның студенттің жеке оқу траекториясын құру іс-әрекеті қалай жүзеге асу керектігі бойынша арнайы тұжырымдамалық зерттеу жұмыстарының болмауы, эдвайзерлердің жұмысына бағыт-бағдар беретін оқу-әдістемелік құралдардың жетіспеуі, әлемнің озық университеттерінде ғасырдан астам тәжірибесі бар, бұл қызметтің басымды жақтарын еліміздің жоғары оқу орындарында толыққанды пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Соның нәтижесінде, кейбір қазақстандық университеттер эдвайзердің функциясын, сызықтық жүйедегі топ кураторымен шатасып, алмасып кетіп отыр. Оған, еліміздің жоғары оқу орында куратор-эдвайзер сияқты біріккен қызметтердің енгізілуі дәлел бола алады. Мысалы, ондай біріккен бағдарламалар, үздік университеттерінің бірі, Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Тұран-Астана т.б. сияқты жекеменшік университеттерде орын алған.

Сызықтық оқыту жүйесінде, куратор қызметі, жалпы кәсіби маманды қалыптастырудағы өзінің өміршеңдігін, өзектілігін көрсетті. Дегенмен, бұл қызметтердің түпкі көздеген мақсаттарының әртүрлі екенін айтып кеткен жөн. Кредиттік оқыту технологиясында академиялық эдвайзерлер, әрбір студенттің жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып, жеке оқу траекториясын қалыптастыруды, білім беру үдерісін максималды жекедараландыруды мақсат етсе, кураторлар, белгілі бір топ студенттеріне ұжымдық әсер етуді көздейді. Кураторлар, көбіне студенттің оқу үлгерімін қадағалап, студент ұжымымен кураторлық сағаттарын, мәдени–көпшілік іс-шараларын жасауға атсалысады.

ҚР университеттерінде, эдвайзер тұлғасы ерекше статусқа ие. Қазақстандық бірнеше университеттеріндегі, эдвайзерлердің функционалдық міндеттерін талдаудан, оларға келесі мәселелер жататынын анықтадық:

- эдвайзер, білім алушылардың академиялық қызығушылықтарына жауап беріп, оқу үдерісін ұйымдастыруға қажетті барлық ақпараттық материалдарды дайындауға қатысады;

- білім алушыларды қажетті ақпараттарпен қамтамасыз етіп, олардың жеке оқу жоспарын құрастыруға, түзетуге әсер етеді.

- пәндерді тіркелу кезінде әдістемелік-кеңес беру жұмыстарын жүргізеді;

- каталогтағы оқу пәндерін, сонымен қатар оқытушыларды таңдауға көмектеседі;

- студенттің оқу үдерісін қадағалайды;

- студенттің бітіруші жобаларының тақырыбын, кәсіби іс-тәжірибелер базасын анықтауға кеңес береді;

- болашақ мамандығына қатысты карьералық кеңес беру жұмыстарын жүргізеді;

- алдына жасалған жұмыс жоспарына сай, студенттермен жеке дара, топтық кездесулер жүргізеді;

- факультеттің офис-регистраторларымен бірлесе жұмыс атқарып, студенттердің оқу үлгерімін қадағалайды;

- әрбір білім алушыға паспорт әзірлейді;

- элективті пәндер саласында ғылыми дүниетанымы болуы қажет;

- кәсіби этика ережелеріне сай профессор-оқытушы құрамымен, білім алушылармен қарым-қатынаста болуы қажет;

- білім алушының бекітілген жеке оқу жоспарының орындалуына жауапты болады;

- тәртіп, академиялық үлгерім, сабаққа қатысу, қоғамдық іс шараларға тарту жөнінде тәрбие жұмыстарын жүргізеді.

- жыл сайын кафедра отырысында қорытынды есеп береді;

Құжаттарға сай, эдвайзерлердің кеңес беру іс-әрекетіне келесі мәселелер жатады:

- білім алушыларды оқу үдерісінің ұйымдастыру ережелерімен таныстырады;

- студенттердің басым жақтарын, қабілеттерін, мүмкіндіктерін анықтайды;

- кредиттік оқыту технологиясының негізгі ұғымдары мен түсініктерін, ерекшеліктерімен таныстырады;

- типтік, жұмыс оқу жоспарымен, элективті пәндер каталогымен таныстырады.

Эдвайзерлердің функционалдық қызметтеріне талдау жасаудан, бұл академиялық қолдау көрсету бағдарламасының, сапалы білім алу үшін жағдай жасау мақсатымен, оқытушылар мен білім алушылар арасындағы қарым-қатынас орнату қажеттілігімен енгізілгенін айқындаймыз. Сонымен қатар, студент пен эдвайзердің әрекеттестігі, білім алушының жеке оқу траекториясын құрастыруда үздіксіз басшылық ету принциптеріне сай болуы қажет. Эдвайзерлер, кредиттік оқыту технологиясының басты міндеттерінің бірі, білім алушының білім бағдарламасын құрастыруға, студенттің максималды жеке даралануы жағдай жасау қажет екенін анықтаймыз.

Алдыңғы бөлімдерден, АҚШ –та эдвайзерлер, жоғары ұйымдастырылған, белгілі бір теориялық-тәжірибелерге сүйенетін, жоғары мамандандырылған студенттерге академиялық қолдау көрсету кешенінің маңызды компоненті болатынын анықтадық. Сонымен қатар, эдвайзерлік, яғни академиялық мәселелер бойынша кеңес беру, оқытушы-профессор құрамынан емес, дербес факультеттік немесе академиялық қолдау көрсету орталықтарының кәсіби мамандары қатарынан жүзеге асады. АҚШ университеттеріндегі эдвайзерлердің функционалдық міндеттеріне, әрбір студенттің қажеттіліктерін ескере отырып, студенттердің өмірлік, карьералық мақсаттарын анықтау арқылы, жеке оқу траекторисын студенттке ыңғайлы етіп құрастыру жатады. 1972 жылы АҚШ ғалымы, Т.O’Banion енгізген «дамытушы» эдвайзер моделіне сәйкес, АҚШ университеттерінің академиялық кеңесшілері, студенттердің жеке тұлғасын дамытушы, кәсіби мамандар қатарына жататынын анықтаймыз.

Кредиттік оқыту технологиясының ережелеріне сай, белгілі бір академиялық бағыты бойынша бірнеше жыл бойы, бір топта білім алатын студенттер тобы орын алмауы тиіс. Дегенмен, ҚР жоғары оқу орындарында, әсіресе бакалавриат деңгейінде, сызықтық жүйенің негізімен студенттер белгілі бір академиялық топта, ұжымдық оқу траекториясын қалыптастыруда. Соған байланысты, эдвайзерлер, студенттермен жеке-дара емес, ұжымдық қарым-қатынаста жұмыс атқаруда. Бұл мәселелер, эдвайзер қызметінің негізгі мақсатының орындауына кері әсерін тигізетіні белгілі.

Қазақстандық эдвайзерлердің, функционалдық міндеттерін талдаудан, сызықтық оқыту жүйесіндегі кураторлардың қызметімен ұқсастығының басым екенін айқын көреміз.

Егер АҚШ-та эдвайзер қызметі әрбір студентпен жеке–дара жұмыс жасауға, студент тұлғасын дамытуға бағытталса, еліміздің жоғары оқу орындарында орын алған авторитарлы-бюрократиялық басқару жүйесіне байланысты, университеттің әкімшілігіне қажетті әртүрлі ақпараттық материалдарды құрастырумен, формалды түрде студенттің жеке басы туралы анықтамаларды беруден тұрады.

ҚР кредиттік оқыту технологиясының талаптарына сай келесі мәселелер оқу үдерісінде орын алуы тиіс еді: пәндерді таңдау жүйесі; оқытушыларды таңдау жүйесі; мамандануды таңдау жүйесі; жазғы семестр жүйесі .

Дегенмен, жалпы жоғары білім беру жүйесінің кредиттік оқыту технологиясына толыққанды көшудегі әртүрлі ұйымдастырушылық, әдістемелік, басқару мәселелеріне байланысты, эдвайзерлердің осы міндеттерді түбегейлі орындауына кедергі келтіріп отыр.

ҚР эдвайзер-оқытушылардың функциясына: студенттің білім алуына өзіндік әсерін тигізу; жеке оқу жоспарын жобалаушы; жеке оқу траекториясын бағыттаушы; студенттің өзіндік білім алуына, рефлексия жасауына бағдар-беруші жатады.

Халықаралық тәжірибелерді зерттеуден студенттерге академиялық кеңес беру үдерісінің факультеттік (Faculty only Model), қосымша (Supplementary Model), бөлшектенуші (Split Model), дуалдық (Dual Model), барлық студенттерді қамту (Total Intake Model), қосымша элементтерді қажет етпеу (Self-Contained Model) моделдерінің бар екені анықтадық. АҚШ университеттері, автономдық принципке сай, студент контингенттерінің санына қарай, белгілі бір моделді таңдайды. Дегенмен, ҚР университеттерінде, тек қана кафедра оқытушыларынан ғана жүзеге асатын, өзіндік «кафедралық» моделінің орын алғанын байқаймыз. Әрине, осындай студенттің кәсіби қалыптасуына үлкен әсері бар академиялық қолдау көрсету қызметтерін, оқытушылар тарапына жүктеу, олардың академиялық кеңес беру іс-әрекетінің сапалы орындауына мүмкіндік бермейді.

Зерттеу мәселесіне байланысты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бакалавриат студенттерімен сұхбат (интервью) жүргізу барысында, бірнеше маңызды мәселелер анықталды. Білім алушылар, эдвайзерлердің кредиттік оқыту технологиясының ерекшеліктері, оқу үлгерімін бағалау, таңдаған пәндердің, тіпті мамандықтың мүмкіндіктері туралы концептуалды негізделген ақпараттар туралы кеңес бермейтінін, көбіне эдвайзерлер тәртіп, сабаққа қатысу, оқу үлгерімі, т.б. мәселелерді қадағалап, студенттерден «талап етуші» позициясын ұстанатынын айқындады. Көптеген студенттердің пікірінше, эдвайзерлер тек қана пәндерді таңдау бойынша ғана академиялық кеңес беретін оқытушылар ретінде қабылданады.

Ал, осы университеттің эдвайзер-оқытушыларымен жүргізген сұхбаттан, оқу жүктемесін, әртүрлі кафедраның қоғамдық жұмыстарын орындаудан, өзіне бекітілген студенттермен жеке-дара кеңес өткізу, ұжымдық кездесулер өткізуге уақыттың тапшылығын, соған байланысты академиялық топтардың старосталары арқылы әрекеттесетінін, эдвайзердің кеңес беру іс-әрекетін жете түсінуге мүмкіндік беретін тәжірибелік оқу-әдістемелік құралдардың жоқтығы сияқты мәселелер айқындалды. Кейбір оқытушылар үшін, эдвайзер қызметі, ерікті түрде қабылданған кафедрадағы қоғамдық іс-шара ретінде қабылданады. Ал басқалары үшін, шетел тілінен алған «эдвайзер» сөзін айтудың өзі қиындыққа соғады, соған байланысты бұл терминді қазақшалап «академиялық кеңесші» деп те қолдануға болады деп ұсыныс жасаймыз.

Сонымен қатар, студентердің элективті оқу пәндерін таңдауда, эдвайзерлер, пән оқытушысы, оқу пәні туралы қажетті кәсіби этика талаптарына сай ақпараттар бермейтіні белгілі жайт. Эдвайзерлер, кафедра оқытушылары құрамынан болғандықтан, студенттерді оқу пәндерін таңдауда мәжбүрлеу, кафедра саясатына ыңғайлы оқу пәндерін таңдау құбылыстары да кездеседі. Осы мәселелер, кредиттік оқыту технологиясының басты міндеті, студенттің жеке оқу траекториясын саналы құруға, оқу үдерісінің субъектісі позициясын ұстануға кері әсерін тигізеді.

Академиялық эдвайзерлер бағдарламаларын талдаудан, әлемдік тәжірибеде студенттерге академиялық кеңес берудің бұйрық беруші (prescriptive) және дамытушы (developmental) түрлері қалыптасқанын анықтадық. ҚР эдвайзерлердің студенттермен әрекеттестігі, әртүрлі академиялық кезеңдердің талаптары бойынша сұрақ –жауап формасында жүзеге асады. Көп жағдайларда, білім алушылар эдвайзердің талаптары мен нұсқауларын механикалық түрде орындаушы, пассивті тұлға ретінде қабылданады.

Болон декларациясының негізгі міндеттерінің біріне, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру да жатады. Осыған байланысты, эдвайзерлер білім алушыларды белгілі бір академиялық кезеңге немесе оқу жылына өзге жоғары оқу орындарында (ел ішінде немесе шетелде) білім бағдарламаларын меңгеруіне әсер етуі тиіс. Осы себептен, эдвайзерлер, студенттердің академиялық мобильділік саласын жетілдіруге де өзіндік үлесін қосу қажет. Әрине, бұл мәселелер сапалы жүзеге асу үшін, үшін, ҚР университет эдвайзерлері білім беру бағдарламалары мен оның логикалық құрылымы, тұтынушылардың қажеттіліктері мен ғылым, еңбек нарығындағы өзгерістер, студенттің мансаптық өсуі, жұмыс оқу жоспары туралы білімдерін жаңартып, жетілдіріп отыруды қажет етеді.

Кентукки университетінің «Білім беру» колледжінің эдвайзерлерімен сұхбаттасу барысында, факультет бойынша эдвайзерлердің біліктілігін арттыру бойынша дәріс-семинарлардың жоспарлы өткізіліп тұратынын анықтадық. Эдвайзерлер, арнайы «Эдвайзер пакеті» атты оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіліп, студенттердің жеке оқу траекториясын қалыптастыру іс –әрекетін шыңдауға, студенттің шешім қабылдауына жауапты болатынын басып айтты. Сонымен қатар, эдвайзерлер, электрондық пошта, форумдар, онлайн-конференциялар арқылы, студенттерге қажетті қосымша жұмыс табу орындары, бос уақытын ұйымдастыру, кампустағы спорт секциялары, әртүрлі өткізілетін семинарлар, дәрістер, студенттерге арналған жеңілдіктер, жарыстар т.б. ақпараттарды тарататыны айқындалды. Яғни, эдвайзерлер тек қана, студенттің кәсіби қалыптасуына ғана емес, жекетұлғалық дамуына, әлеуметтенуіне да өзіндік үлесін қосады. АҚШ студенттері, эдвайзерлерді, тек қана пәнді таңдауға ғана емес маман, тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін маңызды «дамытушы» маман ретінде қарайды.

Бұдан, АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінде, студенттің жеке тұлғасын «дамытушы» эдвайзерлердің қалыптасқанын, ал еліміздің университеттерінде «бұйрық беруші», «ақпарат жинаушы» эдвайзерлердің орын алғанын айқындаймыз. АҚШ эдвайзерлері, тәрбиеші, тәлімгер, психолог т.б. сияқты көпқырлы позицияларда болып, тек қана білім бағдарламасын меңгеруге ғана емес, жалпы студенттің дүниетанымын, өмірлік, карьералық мақсаттарын, адамгершілік құндылықтарын, сапалы фундаменталды білімдерді меңгеруіне атсалысады.

Қорыта келе, Қазақстан университеттерінде эдвайзер төмен мамандандырылған, көбіне кафедра оқытушыларынан тағайындалатын қызмет деп тұжырым жасауға болады. Дегенмен, университеттер эдвайзерлердің біліктілігін арттыру, студенттерге академиялық кеңес беру бойынша пікірталастар жүргізу, тәжірибемен бөлісу мақсатында, әртүрлі іс-шаралар өткізуде. Атап айтқанда, эдвайзерлерге арналған алғашқы форум 2012 жылдың қазан айында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің негізінде өткен болатын. Сонымен қатар, эдвайзер қызметін жүзеге асыруда жаңа бағыттарда қалыптаса бастаған. Мысалы, Әль-Фараби атындағы ҚазМУ-де эдвайзер, академиялық ақпараттарды жеткізу мақсатында, оқу үлгерімі жоғары білім алушылар қатарынанда болуы мүмкін. Әрине, бұл жағдайлар студент- студент арасындағы коллегиалдық ынтымақтастықты арттыратын жағымды жағдайлар.

Академиялық эдвайзер бағдарламасына қатысты, қазақстандық, американдық тәжірибелерге салыстырмалы талдау жасаудан, екі жүйенің басым ерекше тұстарымен мен ортақ белгілерін айқындадық (кесте 8).


Кесте 8 - Қазақстан, АҚШ университеттеріндегі академиялық кеңес беру үдерісінің ерекшеліктері


Қазақстан университеттеріндегі академиялық кеңесшілердің (эдвайзер) ерекшеліктері

АҚШ университеттеріндегі академиялық кеңесшілердің (эдвайзер) ерекшеліктері

1

2

Кафедра оқытушылары тарапынан жүзеге асырылатын төмен мамандандырылған қызмет

Профессор-оқытушылар құрамынан тыс, кәсіби мамандармен жүргізілетін жоғары мамандандырылған қызмет

Студенттер ұжымына бағытталған

Жеке-дара студентке бағытталған

Академиялық кеңес берудің «бұйырушы» (perspective) моделі

Академиялық кеңес берудің «дамытушы» (developmental) моделі

Студенттер ұжымымен кездесу жүргізу жоспары

Әрбір жеке студентпен кездесу жоспары ( электронды пошта)

Іс-әрекет мазмұны: элективті пәндерді таңдау, студенттің жеке оқу жоспарын құру, оқу үлгерімін қадағалау.

Іс-әрекет мазмұны: студенттің өмірдегі, мамандықтағы мақсаттарын анықтау; негізгі және қосалқы мамандануын іріктеу; оқу пәндерін жоспарлау; сабақ кестесін құру

  1. – кестенің жалғасы



1

2

Академиялық қолдау көрсету құралдары: студенттер ұжымымен жиналыс жүргізу, телефон

Академиялық қолдау көрсету құралдары: әрбір студентпен жеке кездесулер, электрондық пошта, форум, онлайн-конференциялар, телефон

Академиялық қолдау көрсету формалары: ұжымдық, шағын топта кеңес беру, тәртіп, оқу үлгерімі бойынша жиналыстар

Академиялық қолдау көрсету формалары: жеке-дара кеңес беру, модерация, студенттер тобымен тренинг, коучинг, дамытушы практикалық сабақтар,

Ортақ белгілері




Элективті пәндерді таңдауға атсалысады

Студенттің жеке оқу жоспарын құруға әсер етеді

Студенттің оқу үлгерімін қадағалайды

Жоғары білім беру жүйесінің реформалауымен келген, студенттің маман ретінде қалыптасуына әсер ететін эдвайзерлердің академиялық кеңес беру үдерісін жандандыру, сапасын арттыру үшін, АҚШ тәжірибесімен салыстырмалы талдау жасаудан, келесі ұсыныстар жасауға болады:

- жоғары педагогикалық білімді, студенттің жеке оқу траекториясын қалыптастыруға әсер ететін «эдвайзер мамандарын» дайындау;

- эдвайзерлердің тек қана бекітілген студенттермен жұмыс жасауына жағдай жасау;

- эдвайзерлердің біліктілігін үнемі арттырып отыру;

- эдвайзердің іс-әрекетін кеңейту мақсатымен, сапалы, озық тәжірибелерге бағытталған оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету;

- эдвайзерлердің бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейіндегі білім алушылардың жеке оқу траекториясын қалыптастыруына академиялық қолдау көрсету әдістемесін жасау;

- қазақстандық эдвайзерлер ассоциациясын немесе белгілі бір кәсіби ұйымын құру.

Тьютор, оқушылар немесе студенттердің білім алу үдерісін жекедараландыруға бағытталған көптеген шетел мемлекеттерінің педагогика тәжірибесінде тарихи қалыптасқан, академиялық қолдау көрсету бағдарламасы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы № 152 бұйрығымен бекітілген «Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесінде», тьютор – студенттің нақты пәнді игеруі бойынша академиялық кеңесші рөлін атқаратын оқытушы, ретінде анықталады [158, 4 б.].

Тьюторлық қызмет, студенттердің өзіндік білім алу, білім алу маршрутын таңдау жауаптылығын арттырады, жекетұлғалық, кәсіби салада өзін-өзі анықтауына, тануына мүмкіндік береді. Жекедаралану принципі, тьюторлық қолдау көрсету іс-әрекетінің негізінде жатыр.

Қазіргі ҚР жоғары білім беру жүйесінде, тьютор - студенттің әртүрлі білім бағдарламаларын меңгеруге ықпал ететін, жекедараланған білім алу қағидасын жүзеге асыру мақсатымен енгізілген жаңа педагогикалық қызмет, кәсіби бағыт. Тьютор- жаңашыл, дәстүрлі емес, қазақстандық педагогика үшін әлі жете меңгерілмеген ұғым деп те айта аламыз. Соған байланысты, қазақстандық жоғары білім беру жүйесінде тьюторлық іс-әрекеттің тәжірибесі шектеулі қолдануда. Кредиттік оқыту технологиясында, білім алушылар жеке оқу траекториясын қалыптастыру мақсатында элективті пәндермен қоса, оқытушы-тьюторларды да таңдау құқығы бар. Соған байланысты да, профессор-оқытушылар құрамына, педагогтың имиджі, жекетұлғалық, кәсіби өсуіне, біліктілігін арттыру бойынша үнемі жұмыс істеуін талап етеді, заман талаптарына сай бәселекестіктен көрінуі де қажет. Қазіргі педагог-тьюторлардың бәсекелестіктен көріну белгілеріне, шет тілдерін білуі, шет тілінде дәрістер оқи білуі, мамандық бойынша өндірістік тәжірибесі болуы, ақпараттық технологияларды қолдана білуі, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы жатады. Сонымен қатар, тьюторлар, өзі жұмыс атқаратын ЖОО-ның саясатын ұстанып, оның қоғамдық өміріне де белсене атсалысады. Элективті курстардың қарқынды ендірілуі, еңбек нарығына сай, қажетті курстарды жасауды талап етеді. Кредиттік оқыту технологиясында оқыту үдерісі интерактивті оқыту әдістеріне, сапалы әдістемелік, дидактикалық материалдарға, пән тьюторының жекетұлғалық, кәсіби өсуіне, оқу курсы, академиялық этика саясатына негізделетінін айқындадық.

Соған байланысты, ҚР университеттеріндегі, тьюторлардың басты мақсаты, студенттердің білім алу, кәсіби, ғылыми қызығушылықтарын айқындауға көмектесу, жеке оқу траекториясын қалыптастыруға қолдау көрсету.

ҚР университеттерінде тьютор жүйесі, білім алу үдерісі жеке-дара құбылыс, сондықтан әрбір білім алушы өзіндік оқу іс әрекетіне жауапты болуы қажет деген жаңа кредиттік оқыту технологиясының позициясымен келді. Осы тұрғыдан қарастырудан, студентті, жеке оқу траекториясын «басқарушы» ретінде қабылдап, оны қалыптастыруға қажетті оқу дағдылары мен техникаларын меңгертуге бағытталған. Дегенмен, қазақстандық ғылыми әдебиеттерде «студенттің жеке оқу траекториясы» ұғымы толық анықталмаған, концептуалды –теориялық тұрғыдан қарастырылмаған.

Тьютор-оқытушылар, студенттің кәсіби біліктілік деңгейін, пәнаралық түсініктерді, мәселелерді шешудің әмбебап әдістерін, әртүрлі ақпарат көздерін қолдануға бағытталған, оқу жоспарын элективті оқу пәндерімен толықтыруда.

ҚР Білім беру министрлігінің отырыстарында, әртүрлі академиялық іс-шараларда, университеттерде, жеке-дара тьюторлар институтын құру туралы пікірталастар жүргізілуде. Бірнеше мамандар, университеттерде, тьюторлар институтын құруды қажет етпейді деген пікірді ұстанады. Бұған, кеңестік жоғары білім беру жүйесінде қалыптасқан стереотиптермен дәстүрлердің орын алуы, сонымен қатар, университеттерде тьютор қызметін, пән оқытушылары мен ғылыми жетекшілердің, кейбір жағдайларда топ кураторларының орындауы да әсер етеді. Шын мәнінде, тьютор, лектордың әзірлеген пән силлабусы негізінде, артта қалушы студенттермен де, жеке-дара жұмыс жасауы қажет. Дегенмен, оқу жүктемесінің көлеміне, әртүрлі кафедралық, университеттік қоғамдық жұмыстарды орындауына байланысты, ҚР тьютор-оқытушылары, әрбір жеке студентпен жұмыс жүргізуіне мүмкіндігі жоқ.

Тьюторлардың спецификалық функцияларын анықтау мақсатымен оқытушы мен тьютордың атқаратын міндеттерін талдауды қажет етеді.

Оқытушы: аудиториялық сабақтарда ғана қолжетімді, оқу пәнінің мазмұнын, оқу әдістемелік кешенін жасаушы, оқу пәнінің мазмұнын жеткізуші, білім алушылармен «білім алушы- білуді қажет етуші» иерархиясындағы қарым- қатынасты ұстанады, білімді бағалайды Тьютор: оқу пәнінің меңгерілуін әдістемелік басқарады, білім алушыларға әруақытта қолжетімді, артта қалған студенттермен жеке-дара, немесе шағын топта дамытушы сабақтар өткізеді, олармен серіктестік қарым-қатынас ұстанады, бірақ білімді бағаламайды.

ҚР университеттеріндегі тьюторлық жүйесіне талдау жасаудан, оқу курсының профессор-оқытушылары, кейбір жағдайда топ кураторларымен, эдвайзерлермен жүзеге асатын, қосымша кәсіби компетенция немесе студенттермен жүргізілетін жеке-дара іс-әрекетінен тұратынын анықтаймыз.

ҚР жоғары білім беру үдерісін жаңалауда тьюторлық қолдау көрсету бағдарламасын ендіруге бағытталған алғашқы қадамдардың жасалғанын анықтаймыз. Дегенмен, олардың студенттің жеке оқу траекториясын қалыптастыру, академиялық қолдау көрсету мақсаттарын жүзеге асыру үшін, кең көлемде осы маңызды позициядағы кәсіби маманның іс әрекетін концептуалды түсіну үшін, ағартушылық, оқу-әдістемелік жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Егерде, ҚР университеттеріндегі тьютор бағдарламасының жүзеге асқанына ондаған ғана жылдар өтсе, АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінде, бірнеше ғасырлық тарихы бар. АҚШ университеттерінде, тьютор жүйесі- студенттерді пән бойынша оқытушы-профессор құрамынан басқа, белгілі бір кеңесшілерге бекітудің университеттік жүйесі; шағын топта кеңесші- оқытушымен жүргізілетін интенсивті жеке дара сабақтар, ал орта білім беруде белгілі пән бойынша репититор деген мағынаны білдіреді. Тьютор бағдарламасының мақсаты - белгілі бір пән бойынша студентің оқу тәжірибесін арттыру, академиялық кемшіліктерінің орнын толтыру, студентті университет қабырғасында «сақтап қалуға» мүмкін болатын барлық жағдайды жасау, жеке оқу траекториясын орындауға әсер ету. АҚШ университеттеріндегі білім алушылармен жүзеге асырылатын тьютор- бағдарламасын зерттеу, оның негізгі формаларын айқындауға мүмкіндік берді:

- дәріс, немесе семинар сабақтарының мазмұнын қайталауға немесе емтихандарға дайындалуға бағытталған репититор немесе тьютор сабақтары;

- студенттерді университеттік оқу дағдыларын меңгертуге бағытталған тьютор сабақтары;

- дәріс, семинар сабақтарымен байланысты емес «еркін» тьютор сабақтары.

Осындай формадағы институционалдық тұрғыда ұйымдасқан қосымша оқыту формалары арқылы, білім алушылар арасында серіктестік, жолдастық қарым - қатынасын орнайды, белгілі бір ғылым бойынша академиялық дағдылары мен жетістіктері, дербес оқу іс - әрекеті дамиды.

АҚШ-тың жоғары білім беру жүйесінде, тьютор бағдарламасына талдау жасаудан, академиялық қолдау көрсетудің дәстүрлі бағдарламаларымен бірігіп, студенттің академиялық жетістігіне жауапты әкімшілік, профессор, оқытушылардың жұмысының нәтижелілігін арттыруға, жеңілдетуге бағытталған деп тұжырым жасаймыз.

Отандық университеттерге жоғары білім беру жүйесінің реформалауымен келген, студенттің маман ретінде қалыптасуына әсер ететін тьюторлардың іс-әрекетін жетілдіру үшін, АҚШ тәжірибесін салыстырмалы талдау негізінде келесі ұсыныстар жасауға болады:

- кафедралар, тьютор қызметіне волонтерлық түрде, оқу үлгерімімен ерекшеленген, жоғары курс студенттерін, магистранттары мен докторанттарын тарту қажет;

- студент-студент қарым-қатынасында коллегиалдық «пэр-тьютор» бағдарламасын енгізу қажет;

- студент-студент қарым-қатынасында коллегиалдық «пэр-тьютор» бағдарламасын инстутиционалдық тұрғыда ұйымдастыру қажет.

- тьюторларды арнайы оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету қажет.

Студент-студент қарым-қатынасында коллегиалдық «пэр-тьютор» бағдарламасын енгізу, университеттік білім сапасын арттырады; студенттердің оқудағы жетістігіне жағымды әсер етеді; оның жеке оқу траекториясын жүзеге асыруға өзіндік ықпалын тигізеді; оқытушы- тьюторлардың жұмысын жеңілдетеді деп тұжырымдама жасаймыз.

Қорыта келе, ҚР университеттерінде студенттің нақты пәнді игеруіне, білім алушының жеке оқу траекториясын қалыптастыру бойынша студентке академиялық, педагогикалық қолдау көрсету, тек қана кафедраның профессор-оқытушыларының міндеттеріне жүктелгенін анықтаймыз. Әрине, бұл мәселер профессор-оқытушы құрамының оқу жүктемесін орындауы мен әртүрлі кафедралық қоғамдық іс-шараларға қатысу себептерінен, академиялық қолдау көрсету қызметтерінің түбегейлі мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр.

Кредиттік оқыту технологиясының, студентке, академиялық қолдау көрсету қызметкерлеріне қойған міндеттерін, талаптарын, сапалы жүзеге асыру үшін, бұл салада мол теориялық-педагогикалық дайындығы бар, АҚШ-тың тәжірибесін қолдану негізінде қазақстандық моделін теориялық тұрғыда негіздеу, отандық университеттерде студентке бағытталған оқыту ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді деген қорытындыға келеміз.


Каталог: docs
docs -> Рефераты қызылорда, 2013 ж
docs -> Ұлы пайғамбар ( с. ғ. с.) ұлықталған ғибратты кеш Наурыздың 11-і, қасиетті жұма күні Елордамыздағы Конгресс-Холл сарайында «Нұр Астана»
docs -> "Псюхе" ұғымы келесі мағынаны білдіреді
docs -> C мінез-құлық d санадан тыс
docs -> Бердіқожа назгүЛ бердіқожақызы зейнолла Шүкіров өлеңдерінің жанрлық, көркемдік ерекшеліктері
docs -> Анықтама басылымдар 070(574) Қ 17 Қазақ телевизиясы
docs -> Мадиева жансая қойшыбайқызы абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларындағы педагогикалық идеяларының сабақтастығы
docs -> Сабақ Мұхтар Әуезов «Біржан сал Абай ауылында»
docs -> Мұражай-қорық коллекцияларына жаңадан алынған бұйымдар (ақын Төлеу Көбдіковтің 140 жылдығына орай) «Әдебиетті дарынды тұлғалар жасайды. Ал тұлғаны жарататын халық»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет