Дәріс № 11-12. Жүрек қан тамырлар жүйесі. Ангиология. Қан және тамырлар жүйесінің маңызы Жоспары:
11.1 Тамырлар жүйесі мен қан, оның қызметі
11.2 Қантамырлар және олардың құрылысы
11.3 Қан айналым жолдары
11.4 Жүрек. Жүректің өткізгіш жүйесі
11.5 Құрсақтағы нәрестенің қан айналысы
11.1 Тамырлар жүйесі мен қан, оның қызметі. Тамыр жүйелеріне қан мен сарысу (лимфа) тамырлары және қан жасайтын мүшелер жатады. Тамырлар жүйелелері бір-бірімен ұласқан іші қуыс, тұйық түтіктерге ұқсайды. Қан мен сарысу сұйықтықтары тамырлар жүйесінің ішімен бір бағытта ағады. Қан мен сарысу сұйықтықтары ағзаның ішкі сұйық ортасына жатады.
Қан ашқылтым келген тұтқыр, сұйық, сарғылт заттан (плазмадан) және қан жасушаларынан тұрады. Қан жасушалары қызыл түйіршіктер (эритроциттер), ақ түйіршіктер (лейкоциттер), қан тақташаларынан (тромбоциттер) құралады.
Қанның қызыл түйіршіктер – ядросы жоқ, екі жағынан ортасы ойыстау келген жасушалар. Олар ақ түсті денеден (стромасы) және қабықшадан құралады. Дене құрамында ішкі тынысқа қатысатын бояушы (пигмент) – гемоглобині болады. Гемоглобиндер оттегі және көмірқышқыл газымен өте оңай қосылып, айырыласады. Қанның 1 мл еркектерде – 5-5,5 млн, әйелдерде 4,5-5 млн шамасында қызыл түйіршіктер болады. Қанның қызыл түйіршіктері ағзада шамамен 120 күн тіршілік етеді.
Қанның ақ түйікшіктері – ядросы бар және түссіз цитоплазмадан тұратын жасушалар. Олар түйірлі және түйірсіз деп екі топқа бөлінеді. Түйірлі ақ түйіршіктер тобына эозинофильдер, базофильдер, нейтрофильдер жатады. Түйірсіз ақ түйіршіктер тобына кіші, орта және үлкен лимфоциттер және моноциттер жатады. Ақ түйіршіктер – қызыл түйіршіктерге қарағанда өте аз өмір сүретін қан жасушалары. Олар 7-14 күн ғана тіршілік етеді. Ақ түйіршіктердің Т және В деген түрлері бар. Олардың Т ақ түйіршіктері ағзадан барлық қорғаныстық жебірлік және ағзаға жат, зиянды болған ұлпа мен ақуызды, өзгерген мутанттарды жою қызметінде белсене қатысатыны анықталды (15-бейне). Ақ түйіршіктер ағзада фагоцитоздық, қорғаныштық және ақуыздың алмасуы кезінде бөлінген улы заттарды зиянсыздандырып, ыдырату, қабынуды басу сияқты қызмет атқарады.
Қан тақташалары – ядросыз, белгілі пішіні жоқ, өте кішкене, оңай жабысатын, қанның ұюына қатысатын жасушалар. 1 мм^3 қанда 150-300 мыңға жуық қан тақташалары болады.
Қанның ұюы өте күрделі жағдай. Оны қысқаша айтсақ – плазмадағы еріген ақуызды фибриногеннің ерімейтін фибрин ақуызды жіпшелерге айналуынан қан ұйиды.