2.2 Сүйектер туралы жалпы мағлұмат. Ересек адамның қаңқасы сүйектерден тұрады. Шеміршек иілгіштік және серпімділік қажет жерлерде ғана кездеседі. Мысалы, қабырға ұштарында, буын беттерінде және т,б. Адам скелеті 206 сүйектен тұрады. Олардың 85-і жұптасқан, ал 36-ы тақ сүйектер.
Сүйектің құрылысы. Сүйек – мүше, ол арнаулы қызмет атқарады және негізінен сүйек ұлпасынан түзіледі. Сүйектердің барлығы сүйек қабығымен қапталады. Сүйек қабығында арнаулы тесіктер арқылы қан тамырлары сүйекті қоректендіреді. Бұл тесіктерден көктамыр да шығады. Сүйек қабығы сыртқы және ішкі қабаттан құралады. Сыртқы талшықты қабатқа бұлшық ет пен сіңір берік жалғасады да ішкі қабаты сүйек түзетін остеобласт жасушаларынан тұрады. Сүйектердің маңызы тірек және қорғаныш қызметтерін атқарумен шектелмейді, сонымен бірге қозғалыс кезінде рычаг қызметінде атқарады. Сүйектер бетінде бұлшықеттер бекитін орындар да болады, ал сүйектің қызыл майы қызыл және ақ қан түйіршіктерімен тромбоциттерді түзетін қан жасаушы орган.
Сүйектің химиялық құрамы. Сүйектің 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі минералды заттардан тұрады. Кальций тұздары, фосфор қышқылы, магнезия, көмір қышқылы және хлорлы натрий минералды заттарды құрайды, ал сүйектің органикалық бөлігі негізінен оссеин деген заттан тұрады. Аталған заттардан басқа сүйектердің құрамында су болады. Ересек адамда орташа есеппен 22%, ал жаңа туған сәбиде 32% су болады. Заттардың химиялық құрамына байланысты сүйек берік әрі серпімді келеді.
Адам қартая бастағанда оның сүйегінің құрамындағы минералды заттардың қатынасы артып, сүйек серпімділік қасиетінен айырылады. Қарт адамның сүйегі мығым болғанмен, морт сынады және сынақтың бітуі ұзаққа созылады.
Сүйектерді жіктеу. Сүйектің пішіні мен көлеміне әрі атқаратын қызметіне қарай сүйек ұзын, қысқа, жалпақ және аралас сүйек болып бөлінеді (3-сурет).
1. Ұзын сүйек немесе жілік. Қол-аяқтың сүйектері ұзын сүйекке жатады. Екі ұшы жуантық келген, ортаңғы бөлігі жіңішке, іші қуыс сүйектер жілік деп аталады. Жіліктің тығыз заттан тұратын орта бөлігін диафиз деп атайды, ал кемік заттан құралған жуандау келетін жіліктің ұштары эпифиз деп аталады.
2. Жалпақ сүйектер. Бір жағы дөңес, екінші жағы ойыс болып, ішкі мүшелер орналасатын қуыс түзетін сүйектер жалпақ сүйектерге жатады. Кемікті болып келетін мұндай сүйектерге жамбас, сегізкөз, жауырын, ми сауыты және қабырғалар мысал бола алады.
3. Аралас сүйектер. Бұған ми сауытының негізі сына сүйек пен самай сүйектері жатады.
4. Қысқа сүйектерге қол қоспасының сүйектері және өкше сүйектері жатады.