2.4 Сүйектер байланысы туралы ілім. Адам организмінің сүйек жүйесінің барлық сүйектері бір-бірімен тығыз жалғасқан. Сүйектер жалғасуының екі түрі болады. Бірінші, үздіксіз байланыс (синартроз), екінші үзілісті байланыс немесе буын (диартроз).
Синартроздардың түрін ажыратады: синдесмоздар, синхондроздар, синостоздар.
Синдесмоздар дегеніміз, дәнекер ұлпасы арқылы қамтамасыз етілетін үздіксіз байланыстың түрі.
Синхондроздар шеміршекті байланыс. Шеміршекті байланыстың ерекшелігі иілгіштігі мен мықтылығы дәнекер ұлпалық байланысқа қарағанда жоғары. Синхондроздың екі түрін ажыратады: гиалинді шеміршек байланыс және талшықты шеміршек байланысы.
Үздіксіз байланыстың ерекше түрі жік. Жіктер бас қаңқасының жеке сүйектерінің байланысу әдісі; жіктесіп қосылатын сүйектер арасында талшықты дәнекер ұлпасының жұқа қабаты болады. Жіктер өздерінің мықтылығымен қимылсыздылығымен ерекшеленеді. Жіктің бірнеше түрі ажыратылады: тісті жік, қабыршақты және жалпақ жіктер.
Синастоздар деп сүйектердің сүйек ұлпасы арқылы қосылысын айтады. Синастоз арқылы жамбас сүйектері сегізкөзбен байланысады. Бұл әдіс қосылысқа ерекше беріктілік береді, сонымен бірге бұл байланыста қимыл мүлдем болмайды. Сүйекпен жалғасу синхондроздардың бірте-бірте сүйектену нәтижесінде пайда болады; синхондроздардың сүйектенуі кәрі адамдарда жиі кезедеседі.
Буындар және олардың классификациясы
Буындардың пайда болуы жарты буынның прогрессивті дамуының нәтижесінде деп қарастырады. Буындар су жануарларының құрғаққа шығып тіршілік етуі кезінде қарқынды дамыған. Оған онтогенездің мәліметтері дәлел. Буындар іштегі нәрестенің алғашқы қимыл бастағанға дейін скелет дамуының шеміршектік кезеңінде қалыптаса бастайды. Буын дәнекер ұлпалық қабықпен қапталған. Буын капсуласының қабырғасы буындасатын сүйектерге жабыса бітіскен. Капсула екі қабаттан тұрады. Сыртқы тығыз фиброзалық қабат пен ішкі синовиалық қабаттан. Синовиялық қабаттың бетінде синовия деп аталатын ерекше сұйықты бөлетін бүршіктер болады. Буынның мықтылығын арттыру үшін капсуланың сыртында өте мықты жіп тәрізді байланыстырушы сіңір қалыптасқан. Буын шеміршегінде қан тамырлары мен шеміршек қабықшасы болмайды. Буынның құрамында 75-80% су және 20-25% құрғақ зат болады. Үйкелісті кемітуде буын қабығының ішкі қабаты бөлетін синовиалық сұйықтың маңызы зор.
Қозғалыс біліктерінің санына қарай буындар 3 тобын – бір білікті, екі білікті және көп білікті буындар деп ажыратады.
Бір білікті буындар буындардың ең жабайы түрі. Бұл топқа блок және цилиндр тәрізді буындар жатады. Блок тәрізді буында айналу бірлігі айналушы сүйектің ұзындығына перпендикуляр жатады. Мысал ретінде тоқпан жілік пен шынтақ сүйектің арасындағы буында атауға болады. Цилиндр тәрізді буында айналдыру бірлігі айналушы сүйектің бойымен өтеді. Буынның бұл түріне білек сүйектерінің арасындағы буын жатады.
Екі білікті буында бір-біріне перпендикуляр білікті айнала екі жазықтықта қозғалумен сипатталады. Олар: эллипс, ер тәрізді, айдаршықты буындар болып ажыратылады. Эллипс тәрізді буындардың буын беттерінің пішіні жұмыртқа тәрізді болады; қозғалыс өзара үлкен және кіші біліктерді айналу арқылы жүреді. Бұл буын бүгу мен жазуды және әкелу мен әкетуді қамтамасыз етеді. Бұған жататындаркәрі жілік – қоспа буыны, шүйде сүйек пен бірінші мойын омыртқасы арасындағы буындар жатады. Ер тәрізді буын буындасушы сүйектердің буын беттері бірінің үстіне бірі көлденең орналасқан екі ер тәрізді келеді. Бас бармақтың қоспа – алақан буыны ер тәрізді болып келеді. Айдаршықты буын эллипс тәрізді буын мен блок тәрізді буынға ұқсас, оның буын басы айдаршықтың үстінде орналасқан. Буынның бұл түріне тізе буыны мен атлант шүйде буыны жатады.
Көп білікті буын қозғалыстың барлық түрін қамтамасыз ететін буындар. Ол шар тәрізді және жалпақ буындар болып бөлінеді. Шар тәрізді буындардың пішіні шар тәрізді, сонымен бірге буындар ішінде ең қозғалғышы. Мысалғы, иық буыны. Жалпақ буын беттерінің жалпақтығымен ерекшеленеді. Буынның бұл түрінде қозғалыс кез-келген жазықтықта жүреді, бірақ қозғалысм көлемі шектеулі. Жалпақ буындарға қоспа аралық буындар мен тілерсек, табан буындары жатады. Балалық шақтың алғашқы кезеңінде буындар тез дамиды. Буынның бар элементтерінің толықтай қалыптасуы 13-16 жаста аяқталады.