4.«Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» трактаты
Әл-Фарабидің дүниеге көзқарасы – социология, этика, эстетика проблемаларын бірге қамтитын іргелі жүйе. «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактатында әл-Фараби өз заманында сирек кездесетін соңы пікірлер айтады, тіршілік пен ой-пікірдің тарихи негіздерін қайта құру тұрғысынан алғанда аса маңызды қағидалар ұсынады; мұнда адам қоғамының тегі туралы, мемлекеттік құрылыс туралы, қоғамдық тіршіліктің түрлі формалары, адамның этикалық және басқа мінез-құлық ережелері туралы баяндалады.
Адам бойында туа біткен білім болмайды деуге гносеологиялық принципті дәйектілікпен қолдана отырып, әл-Фараби этикалық қасиеттер туа бітеді деген пікірді де бекерге шығарады. Бұл қасиеттер дағды мен тәрбие күші арқасында ғана осылай көрінеді. Адам парасатты күйінде тумайды, онда тек парасаттылық қабілеті ғана болады, дәл сол сияқты ол әуелден жауыз немесе бұзақы, хатшы немесе тоқымашы болып та тумайды. Жалпылама баяндауына қарамастан, әл-Фараби көрсеткен, мемлекет қайраткеріне тән ақиқатты жарату, ізгілік, байсалды мінез, адамгершілік сипаттар қазіргі кезде де маңызы мен мағынасын жоғалтқан жоқ. Ол соғыс жағдайын сорақы нәрсе деп біледі, шамадан тыс аскетизмді айыптайды.
Әл-Фарабидің этикалық ой-пікірлеріндегі негізгі мәселе, – бұл адамның сұлулық пен бақытқа жету мәселесі, әлемдік бүтінмен бірге үйлесімділікте өмір сүре білу.
Достарыңызбен бөлісу: |