VІ тарау. ЖАҢА ДӘУІР ФИЛОСОФИЯСЫ. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында алдыңғы қатарлы Батыc Еуропа елдерінде жаңа капиталистік өндіріс тәсілі пайда болып, феодалдық катынастардың ыдырауы қоғамның рухани өміріне түбегейлі өзгерістер алып келді. Дін ғылым мен философия дамуына тигізген үстемдік әсерін жоғалтты. Табиғат құбылыстарын зерттейтін ғылымдар мүддесін қорғайтын, жаңа дүниетанымдық көзқарас пайда болды. И. Ньютон классикалық механиканың негізгі заңдарын, бүкіләлемдік тартылыс заңын, У. Гарвей қан айналуы мен оның маңызын ашты. Механика, физика, математиканың дамуына философтар Р. Декарт, Г. Лейбниц маңызды үлес қосты.
Философтар мен жаратылыстанушылар адамның табиғатқа үстемдігінің ұлғаюы және адамның өзіндік шыңдалуы үдерістерінен өздерінің негізгі мақсатын көреді. Жаратылыстану, әсіресе механика, математика ғылымдарының даму қарқыны философия дамуына әсерін тигізеді. Ғылыми таным әдістемелерін негіздеп дәлелдеу, философия алдында бірінші кезекте тұрған міндеттердің бірі болады.
Жаңа дәуірдің философиялық көзқарастары. Ф. Бэкон (1566- 1626 ж.ж.) тарихи дәуір философиясы мен тәжірибелік ғылымы негізін алғашқы қалаушылардың бірі ретінде, саналы түрде табиғатты түсіну мен байқау негізінде ғылыми әдістемелерді жете зерттеуге кіріскен ағылшын философы. Ғылыми еңбектері ортасынан «Ғылымдардың қадірі және көбеюі туралы», «Жаңа Органон», «Жаңа Атлантиданы» атап айтуға болады.
Бэкон «Жаңа Органон» еңбегінде табиғатқа деген материалистік көзқарасты және индуктивтік таным тәсілінің таным үдерісіндегі алатын орнын байыпты, тыңғылықты дәлелдеді. Оның қияли «Жаңа Атлантида» еңбегі үлкен маңыздылықка ие болады. Бұл еңбегінде ол, бәрінен бұрын, ғылым мен техниканың өндірісті, материалдық молшылық пен қоғамды жан- жақты дамытудағы атқаратын маңызын көрсетті.
Танымның ең жоғарғы мақсаты - табиғатты игеру мен адам өмірін жетілдіру, шыңдау. «Білім күш», дегенмен ол табиғат құбылыстары зерттеулеріне сүйенсе және өзі табиғатқа «бой ұсынып, бағынса», оның заңдарын тануды нұсқау ретінде қолданса ғана «күш» бола алады. Оның әр алуан түрлерінің көрінісі болатын материя-философияның зерттеу объектісі.
Бекон табиғаттың танымдылығын табанды түрде қорғады және ол айтыспен емес, тәжірибемен шешіледі деп есептеді. «Табиғатты тануға болады, алайда таным жолында адамдардың санасын бүлдіретін, ластайтын көптеген кедергілер, адасушылықтар бар», деп осы адасудың төрт түрін – төрт түрлі «идолдарды» (жалған бейнелерді) немесе елестерді ажыратады. Бұлар: «тек идолы», «үңгір идолы», «базар идолы», «театр идолы».
«Тек идолы» әлем туралы жалған түсініктерге әкеледі және адам ақылының, сезім мүшелерінің шектеулі салдарынан туындайды. Заттар табиғатына өзінің жеке табиғи болмысын араластырған адам, әлемнің ақиқат көрінісін бұрмалайды. Сондықтан сезімнің көрсетуін әр уақытта заттармен, табиғат денелерімен салыстырып, олардың дұрыстығын тексеріп, танымға «тек елестері» тигізетін зиянды азайту керек.
«Үңгір идолы» - жеке адамға тән ақиқаттың, шындықтың жалған қабылдануы немесе адамның өзіндік адасуы. Әрбір адамның табиғат құбылыстарын, өз пікірін пайымдауын бұрмалайтын ішкі субъективтік әлемі (өзіндік үңгірі) болады. «Әрбір адам белгілі бір жерде, отбасында дүниеге келіп тәрбиеленеді, ересек адамға айналады... Біреу кедей, екінші ауқатты отбасында өседі, соған сәйкес білім алуға, өмірден орнын табуға мүмкіндіктер алады. Бұл адамның болашақ тағдырына зор ықпалын тигізеді. Ол өзі қалыптасқан «үңгірден» дүниеге қарайды, «табиғаттың сәулесін бұрмалайды».
«Базар идолы» - бұл көп жағдайда ауызекі тілде кең тараған қолайсыз сөздерді қолданудың салдары болатын жалған түсініктер. Бір сөзге адам жиі-жиі әр түрлі түсініктер, мазмұн береді, бұл нәтижесіз, бос айтыстарға әкеледі және дүние танымын қиындатады.
«Театр идолы» - әр түрлі философиялық көзқарастар мен құрылымдарды сын көзбен қарамай қабылдау негізінде пайда болатын, әлемнің ойдан шығарылған көрінісін бейнелейтін жалған түсінік. «Идолдар» сынында Бэкон адам санасын схоластика қалдықтарынан құтқаруға, табиғатты ғылыми зерттеу объектісіне айналдыруға талпынды.
Бэкон философия мен ғылымның дамуына тигізетін жаратылыстанудың маңызына ерекше көңіл аударды. Жаратылыстану - барлық ғылымдардың анасы. Алайда, ол теориялық «ақиқаттың екіжақтылығы» көзқарасында тұрды. Дін іліміне объект болатын - Құдай, ғылым объектісі табиғат. Осы екі ғылыми білім міндеттерінің өрісін нақты және қатаң шек қойып ажырату керек. Бэкон тек сенім объектісі болуы керек Құдайды табиғат пен адамды жаратушы деп мойындайды. Білім сенімге тәуелсіз болғандықтан философия парасат пен тәжірибені негізге алады. «Ақиқаттың екіжақтылығы» теориясы өз уақыты үшін алдыңғы қатарлы және схоластикалық философияны жеңудің бірден-бір тәсілі деп қарастырылады..
Сезімдік тәжірибені адам білімінің бастауы деп түсіндірген Бэкон адам парасатының жүретін сенімді жолы түйсіктен (түйсік сезімінен) басталуы керек деп санады. Ол эксперименттік тәсілге сүйенген жеке құбылыстар және қарапайым пікір қорытындыларынан жалпы ой желісіне өтуге болатын, тәжірибе арқылы зерттеу жүргізудің маңыздылығын жария етеді. Сондықтан оның пікірінше, білімнің прогрессивтік дамуының алғышарты болатын ұғым, түсініктерді қалыптастыратын талдап қорыту тәсілдерін жетілдіру маңызды.
Талдап қорыту дегеніміз - индукция, яғни тексерудің жалқыдан жалпыға қарай дамуы әдісі. Индукция түйсіктен, жеке фактілерден басталып, аяқ басқан сайын жетіліп, секіріссіз нағыз жалпы ой желісі, ережеге жетеді. Жаңа таным тәсілін жасаумен айналысқан, сондықтан Бэконның өмірге енгізген таным тәсілінің мәні: 1) фактілерді зерттеу; 2) оларды жүйелеу және топтастыру; 3) керексіз фактілерді шығарып тастау; 4) құбылыстарды құрамдас бөліктерге ажырату; 5) фактілерді тәжірибе жүзінде тексеру; 6) қорытындылаудан тұрады. Зерттеуші бақылау үдерісінде фактілер жинайды, оларды эксперимент арқылы тексереді, содан кейін қорытындылар жасайды
Бэкон түсінігіндегі таным өз жағынан эксперименттік дәлелдеуді, тексеруді қажетсінетін сезімдік мәліметтерден басталатын болғандықтан табиғат құбылыстары туралы пікір айтудың тек тәжірибе арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін. Дегенмен «Табиғаттың нәзік сырлары көп тұжырымдардан анағұрлым терең», - дейді Ф. Бэкон.
Бэкон эмпиристік тәсілмен қатар адам танымы (ес, елестету, ақыл) қабілеттерінің айырмашылығына негізделген ғылымдарды топтастырып, жүйеге келтірді. Ес жаратылыстық және азаматтық тарихтың негізінде жатса, елестету поэзия негізінде, ал ақылға математика, жаратылыстану ғылымдары мен философия сүйенеді. Танымның басты мақсаты - заттардың себептерін ашу. Себептер әрекетті, яғни мақсатты болады. Физика әрекеттегі себепті зерттейді, ал метафизика мақсатты немесе соңғы себепті карастырады Жаратылыстанудың басты мақсаты - әрекеттегі себепті оқып зерттеу. Танымның бұл саласында физика ғылымы орталық орын алады деген, Бэкон одан жаратылыс танудың мәнін табады. Механиканы әрекеттегі себеп туралы білімнің қолданылуы десе, ол математиканы жеке өзіндік мақсаты жоқ, жаратылыстанудың көмекші құралы есебінде қарастырады.
Қорыта айтқанда, Бэкон философиясы табиғат заңдары мен себептерін тиімді танудың тәсілін жасауға деген үлкен талпыныс болды.