Жылқы мен түйе трипаносомоздар буынаяқтылар тасымалдайтын протозоид ауруы. Зақымдалған малдың дене қызуы көтеріліп, денесінің әр жерінен ісіктер пайда болып, сөл бездері ісінеді, қатты арықтайды. Су-аурудың жіті және созылмалы түрлері болады.
5а-сурет Түйе қанындағы Trypanosoma evansі
T.evansі –морфологиялық белгілері жағынан басқа трипанозомаларға ұқсас. Дене тұрқы 2,8-32 х 1,4-28 мкм. Мекені- қан плазмасы. Ауру малдан сау малға қоздырғышты қансорғыш жәндіктер-соналар тасымалдайды.
1.4 Кірпіктілер
Балантидиоз- жіті немесе созылмалы түрде өтетін Balantіdіumcolі деп аталатын кірпікті қарапайымдылар қоздыратын, колит немесе гастроэнтерит түрінде байқалатын жас торайлардың ауруы.
Ауру қоздырғышы тоқ ішектің кілегей қабығын мекендейді. Балантидиялар сопақ не жұмыртқа тәрізді, ұзындығы 47-120 мкм, ені 27-85 мкм. Денесінің сыртында кірпікшелері бар. Олардың көмегімен балантидиялар қозғалып, тіпті ішектің қырына да еніп кетеді. Паразиттің цитоплазмасында үлкен (макронуклеус) және кіші ядросы (микронуклеус) бар. Балантидиоз шошқадан адамға және атжалмандарға жұғуы мүмкін. Ал атжалмандар ауру қоздырғышын ұзақ уақыт сақтап қалады.
Шошқа ішегіндегі балантидиялар дәл ортасынан көлденеңінен екіге бөлініп көбейеді. Сонан соң жыныссыз көбею коньюгациямен, яғни көбеюдің жынысты түрімен ауысады.
6-сурет. Balantіdіum colі.
1, 2-микро – және макронуклеус; 5 - ас қорыту көпіршігі;
3, 4 – жиырылмалы көпіршік; 6 - ауыз қуысы.
Шошқа нәжісімен сыртқа шыққан балантидиялар сыртына қабықша (циста) түзіп, денесі дөңгеленеді. Дене тұрқы мұндайда 58-88 мкм-ге дейін кішірейеді. Циста ішіндегі паразиттер қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына өте төзімді. Олар бір жылға дейін тіршілігін сақтай алады. Балантидиялар ішектегі микроағзалар және крахмалмен қоректенеді.
1.5 Анаплазма
Анаплазмоз-Anaplasma туысына жататын рикетсия тобындағы ұсақ қан паразиттері қоздыратын, анемиямен сипатталатын созылмалы ауру.
Anaplasma margіnale және A.rossіcum, мүйізді ұсақ малда A.ovіs. Бұл қан паразиттерін ірі қарадан ең алғаш 1893 ж. Т.Смит және Ф.Э.Килборн (АҚШ) тапқан. Қазіргі кезде бұл ауру Қазақстанның Оңтүстік аудандарында кездеседі.
Малдың әр түлігінде анаплазмоз ауруын қоздыратын анаплазма түрлері өздерінің құрылымы жағынан бір-біріне өте ұқсас. Олар ауру мал қаны қызыл түйіршіктерінің ішінде өмір сүреді. Романовский-Гимза әдісімен боялған қан жұғындысында анаплазмалар эритроцит ішіне орналасқан дөңгелек пішінді немесе нүкте тәріздес өте ұсақ микроағзалар. Олар қарақошқыл немесе қызыл түске боялады, дене тұрқы 0,2-1,2 мкм. Көпшілігінің пішіні нүкте тәрізді болады, ал кейде құйрықтылары да кездеседі. Бір эритроцит ішінде 1-8 данасы болуы мүмкін. (қараңыз: V, XІX суреттер).
Өсіп-өнуі. Эритроцит ішіне орналасқан анаплазмалар жыныссыз түрмен көбейіп екіге бөлінеді. Сондай-ақ, кейбір жағдайларда бүршіктеніп те көбейеді. Алғашқыда өсіп-өну баяу басталып, кейінірек бұл құбылыс жылдамдайды да паразитемия 80 % -ке, тіпті одан да жоғары көтеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |