Байланысты: Презентация на тему ОҚЫТУДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРЫ
ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ОҚЫТУ ҚҰРАЛДАРЫН ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕ ПАЙДАЛАНУ МҮМКІНДІГІ ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Осыған орай, әр бір оқытушының алдына қоятын мақсаты бұл ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы студенттерге заман талабына сай білім беру.
Сондықтан біз ақпараттық технологиялардың, ғылыми-техникалық прогрестің, жетістіктеріне қарай жаңа ақпараттық қоғам туралы, сонымен бірге жаңа өркениетке, яғни ақпараттық өркениетке өту туралы айтамыз. Мұндай пікірлердің негізі техникалық, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың интеграциясының нәтижесі болатын ақпараттық қоғам дамуының, ақпараттық өркениеттің алғы шарттары болады. Мұның нәтижесінде жеке тұлғаның дүниеге көзқарасы түбірлі өзгеріске ұшырап, дүние туралы, адамның өзі, оның дүниедегі орны, өмірінің мән-мағынасы мен құндылықтар жүйесі туралы мүлде жаңа ойлар туғызып, бүкіл адамзаттың болашағы, тағдыры туралы жаңа идеяларға әкеледі.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемедегі ұжымның, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Оқу үдерісі барысында көптеген оқыту құралы қолданылады. Байқағанымыздай, олардың кейбіреулері әр түрлі материалдық объектілерде көрініс тауып, өте тамаша деңгейде қолданылса; көрнекі құралдары секілді басқа материалдық құралдар да оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға едәуір үлес қосады.
Кез келген технологиялық оқыту құралы технологияны құра алмайды. Технологиялық оқыту құралдарының басым көпшілігі оқытудың тек кейбір кезеңдерінде ғана технологиялық бола алады. Мысалы, бейнефильм оқу материалын баяу әрі көрнекі түрде жеткізгенімен, оқу материалын игеру сапасын тексеруге көмектесе алмайды.
Сондықтан, біз практикада көбіне бір емес, бірнеше технологиялық оқыту құралының технологияны құрып жататынын байқаймыз. Мұндай жағдайда біз технологиялық оқыту құралдарының жүйесімен жұмыс істейміз. Жүйеде технологиялық оқыту құралдарының әрқайсысы өзіне тән белгілі бір кезеңде (білім беруде, қабілеттерді шыңдауда, меңгеру сапасын тексеруде) жетекші немесе техноқұрушы болып табылады.
Бүгінгі күні біз іс жүзінде технологиялық оқыту құралдарының техно-құрушы жүйелерінің үш түрін кездестіреміз. Бәлкім, техниканың одан әрі дамуы нәтижесінде техноқұрушы жүйелердің түрлерінің саны өсетін шығар.
Қағаз тасушыға сүйенетін жүйелер бірінші түрге жатады. Бұл жүйені тағы қағаз түріндегі оқыту құралдары жүйесі деп атауға болады. Мұндай жүйеде барлық оқыту кезеңдерінде қағаз тасушыдағы әр түрлі оқыту құралдары (оқулықтар, есептер жинағы, әдістемелік ұсыныстар, нұсқаулар және т.б.) технологиялық құрал болады.
Мұндай оқыту түрінде нақ осы құралдар жүйесі қолданылады, себебі оқытудың үш кезеңінің әрқайсысында әр түрлі оқыту құралдары негізгі немесе технологиялық болып табылады. Бірінші кезеңде, яғни жаңа білімдерді беруде оқулық, оқу құралы, оқулық емес кітап немесе оқулық емес кітаптар жинағы технологиялық құрал рөлін атқарады. Бұл кезеңде оқушы берілген мәліметті меңгереді. Екінші кезеңде, яғни оқу қабілеттері мен дағдыларын шыңдауда оқулық, есептер жинағы, басылып шыққан жұмыс дәптері және тағы басқа дидактикалық материалдар технологиялық құрал рөлін атқарады. Бұл кезеңде оқушы қабілеттері мен дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алады. Үшінші кезеңде, яғни білім деңгейін тексеруде оқулық, қағазға басылып шыққан бақылау жұмыстары, арнайы дидактикалық материалдар және тест тапсырмалары сияқты оқыту құралдары бақылау тапсырмалары мен сұрақтары ретінде технологиялық құрал рөлін атқарады.
Біз үшін оқытудың технологиялық үдерісін құруға негіз болатын оқыту құралдары елеулі қызығушылық тудырады. Демек, осы оқыту құралдарының қандай екенін және оларды технологиялық және технологиялық емес деп қандай қасиеті бойынша жіктелетінін анықтауға тырысып көрелік.
Оқыту қызметтерінің басым бөлігін адамның басшылығымен оқыту құралы орындайтын оқытудың белгілі бір тәсілі технологиялық оқыту деп аталады. Ендеше, технологияда оқыту құралына жетекші рөл бөлінеді. Оқытушы технологияда оқушыларды оқытпайды, ол оқыту құралын басқару қызметі мен оқушылардың іс-әрекеттерін үйлестіру және ынталандыру қызметтерін атқарады. Оқытушының дәстүрлі оқытудағы рөлі мен оқыту құралдарына қатысты технологиядағы рөлінің бір-бірінен айырмашылығы әдістемеде оқыту құралдарын таңдаудың едәуір дәрежеде педагогтың жеке тұлғасының ерешеліктерімен анықталатындығына негізделеді.
Яғни, сол мұғалімнің өзі оқу материалын баяндауда оқыту құралдарын жеткізіп, кеңінен түрлендіре алады. Ал, оқу үдерісіне әр түрлі оқытушылар қатысатын болса, онда бір тақырыпты баяндауда оқыту құралдарының ауқымы мен аясы бірден ұлғаяды. Сонымен қатар, дәстүрлі оқытуда құралдар педагогтың басшылығымен қолданылады. Ал, технологияда, керісінше, құрал өзіне оқытушыны бағындырады. Себебі, мұнда оқытушының рөлі компьютерлік бағдарламаны іске қосумен, оның дұрыс жұмыс істеуін қадағалаумен және оқушының жұмысын тексерумен шектеледі. Оқыту қызметін оқыту құралының өзі жүзеге асырады.
«Технология» ұғымы жайлы бұл көзқарас технологиялық оқыту құралдарының тобына оқыту қызметтерін өз бетінше орындай алатын (яғни, технологиялық үдерісті жүзеге асыруға қабілетті) құралдарды жатқызуға мүмкіндік береді. Егер оқыту құралын мұғалімнің қатысуынсыз оқушыға жаңа материалды ұсыну, оның білімін ұштау, қабілеттерін шыңдау, материалды игеру сапасын бақылау секілді қызметтердің ең болмағанда біреуін орындай алатындай етіп, пайдаланатын болсақ, онда мұндай құралды технологиялық деп атауға болады. Ал, егер бұл қызметтердің бірде-бірі адамның қатысуынсыз оқыту құралымен орындалмайтын болса, онда мұндай оқыту құралы технологиялық болып саналмайды. Олай болса, оқытушы қызметтерін орындаудағы дербестілігі оқыту құралы технологиялығының өлшемі ретінде қабылданады.
Қазіргі таңда педагогикалық үдерісте қолданылып жатқан оқыту құралдарының қайсысын технологиялық құралдарға жатқызуға болады?
Осы заманғы білім беру жүйесінде компьютерлер, жергілікті және ғаламдық ақпараттық желілер негізінде қолданылатын ақпараттық технологияларды толық мөлшерде технологиялық деп атауға болады. Бүгінгі күні оқытуда көбіне материалмен танысу және нығайту үшін тек қана жеке оқыту бағдарламалары қолданылады, алайда олардың тиімділігі бұл топтағы оқыту құралдарының мүмкіндіктері едәуір жоғары екенін және әлі толық іске аспағанын көрсетеді.
Одан әрі технологиялық оқыту құралдарына оқушыларға оқу материалын қарапайым, анық және оңай баяндайтын, материалды бекітуге және оқушылардың қабілеттерін жетілдіруге бағытталған тапсырмалар мен жаттығуларды беретін кейбір оқыту құралдарын жатқызуға болады. Егер, оқыту құралы оқушыға материалды меңгеруге және бекітуге, өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, онда мұндай құралды технологиялық деп санауға болады. Сондай-ақ, оқытуға арналған бейнефильмдерді, бейнетаспаларды, аудио және бейне материалдарды жазатын құрылғыларды, лингафондық құрал-жабдықтарды, тестілеуге арналған механикалық және электрондық құралдарды да технологиялық оқыту құралдарының санатына енгізуге болады.
Сонымен, сабақта компьютер технологиялық емес бағдарламамен (мысалы, көрнекі құралмен) қолданылса, онда ол технологиялық оқыту құралы болып табылмайды. Оқыту қызметтерінің бірде-бірін (материалды ұсынуды, бекітуді немесе тексеруді) педагогсыз жүзеге асыра алмайтын оқыту құралдарының едәуір бөлігі, атап айтқанда, кітаптар, қаламдар, дәптерлер, зертханалық жабдықтар, суреттер, жиһаздар, т.с.с. технологиялық емес оқыту құралдарына жатады.
Кез келген технологиялық емес сабақты жүргізуде педагог әдетте бірнеше оқыту құралын пайдаланады. Кейде ол технологиялық және технологиялық емес оқыту құралдарын бірге қолданады. Мысалы, орыс тілі сабағында бір оқыту құралы технологиялық (жаттығулары бар оқулық) және бірнешеуі технологиялық емес (суреттер, плакаттар, хрестоматиядан жеке өлеңдер) болуы мүмкін.
Сабақта технологиялық оқыту құралдарын қолданғанда күрделірек жағдай орын алуы мүмкін. Мысалы, мұғалім жаңа материалды ұсыну үшін оқытуға арналған бейнефильмді, қабілеттерді шыңдау үшін оқу құралынан алынған жаттығуларды, ал меңгерілген материалды тексеру үшін компьютерлік тестілеуді, осылайша жалпы үш түрлі оқыту құралын пайдаланады. Егер осындай сабақта оқыту құралдары мұғалімнің материалды жеткізуге, бекітуге және тексеруге қатысуын қажет етпесе, онда бұл оқыту құралдары технологиялық, ал оқыту құралдарының кешені оқыту құралдарының технологиялық кешені деп аталады. Мұндай жағдайда сабақта кешендік технология немесе оқыту құралдарының технологиялық кешені қолданылды деп айтуға болады.
Көбіне сабақтың әр түрлі кезеңдерінде әр түрлі құралдарды қолданатын оқыту құралдарының кешені таңдалып алынады. Материалды түсіндіру үшін оқытуға арналған киноларды және бейнефильмдерді пайдалану ыңғайлы, бұрын осы мақсатта телехабарлар кеңінен қолданылатын. Материалды бекіту және практикалық қабілетті шыңдау үшін жаттығулар мен тапсырмалар жинағы жақсы құрал болып табылады. Компьютерлік тестілеу көмегімен білім деңгейін тексеруге болады. Құралдар кешені көбіне оқыту құралдарының мынадай үш түрінен таңдап алынады:
- материалды ұсыну құралдары;
- материалды бекіту құралдары;
- тексеру құралдары;
Технологиялық оқыту құралдары кешенін пайдалану технологиялық оқыту құралдарының біреуін пайдалану сияқты технологияны құру үшін әрдайым жеткілікті шарт бола бермейді.
Технологиялық оқыту құралдарының бірнеше топтарға жіктелуі мынадай бірқатар маңызды сұрақтарды туғызады: сабақта немесе кез-келген басқа оқыту түрінде технологиялық оқыту құралдарын қолдану осы сабақтың немесе оқыту түрінің технологиялық екенін білдіре ме? Немесе технологиялық оқыту құралдарын қолданғанда оқу үдерісін ұйымдастыру түрі технологиялық болып табылмайтын және әдістеме негізінде жүргізілетін жағдайлар болуы мүмкін бе? Бұл сұрақтар өте маңызды. Егер технологиялық оқыту құралдарын пайдалану оқыту үдерісін технология жазықтығына автоматты түрде ауыстырмаса, онда технологияны құру үшін жеткілікті болатын тағы да басқа қосымша шарттар болуы керек.
Ендеше, технологиялық оқыту құралдарын қолдану – технология құру үшін өте қажетті шарт. Сондықтан, оқыту құралдары оқытудың негізгі қызметтерін орындау кезінде мұғалімнің орнын басатын болса ғана технология деп есептеледі.
Алайда, педагог технологиялық оқыту құралдарын пән сабағының қандай да бір кішкене бөлімінде ғана қолдануы, ал оның қалған бөлімін технологиялық оқыту құралдарының қандай да бір бөлігін қолдана отырып немесе мүлдем қолданбай жүргізе алады. Егер сабақтың негізгі бөлігі әдістеме бойынша жүргізілетін болса, онда бұл сабақты оқыту үдерісін толық технологиялық деп атауға болмайды. Демек, технологиялық оқыту құралдары қолданылатын сабақтың барлығы дерлік технологиялық болып санала бермейді.
Технологиялық оқыту құралдарын қолдану оқыту үдерісінің технологиялық екендігіне толық кепіл бола алмайды. Технологиялық оқыту құралы мен оқыту үдерісі арасында тікелей байланыс жоқ. Неге десеңіз, технологиялық оқыту құралдары жарым-жартылай қолданудан бөлек, мақсатқа сай қолданылмауы да мүмкін. Мысалы, компьютер сияқты ең күшті технологиялық құрал математикалық формулалар мен физикалық есептерді шығару кезінде калькулятордың немесе бір парақ қағаз бен қаламның рөлін атқаруы мүмкін.
Оқыту құралы оқыту үдерісінің барлық кезеңдерінде (жаңа материалды ұсыну, бекіту және тексеру кезінде) оқытудың негізгі рөлін орындағанда ғана бұл үдеріс толық технологиялық деп есептеледі. Сабақ барысында оқушының оқу құралы бойынша жаңа материалды өз бетінше меңгеруі, сонан соң берілген жаттығуларды орындап, білімін бекітуі және қажетті қабілеттерін шыңдап, бақылау тапсырмалары мен берілген тақырып бойынша тестілеуді компьютерде сәтті орындауы осыған мысал бола алады. Оқушы материалды игермеген жағдайда, оқытушының көмегінсіз қажетті білім деңгейіне қол жеткізу үшін қосымша материалды игеруге бағытталады. Осылайша, оқушы оқу үдерісінде педагогтың қатысуынсыз пән сабағын өз бетінше меңгеруге тырысты және жеткіліксіз меңгерген жағдайда қосымша жұмыс жасады. Сондықтан, оқыту үдерісінің барлық негізгі кезеңдерінде бір немесе бірнеше технологиялық оқыту құралын пайдалану мен оқушының игермеген материалын қосымша үйрену мүмкіндігі технологияны құрудың тағы бір шарты болып табылады.
Сонымен, технологиялық оқыту құралдары немесе технологиялық оқыту құралдарының кешені бірқатар шарттарды қатаң сақтағанда ғана оқыту түрінің технологиялылығын қамтамасыз ете алады. Оқыту үдерісін технологиялық деп атау үшін келесі шарттардың толық сақталуы қажет:
1) оқытуда қолданылатын оқыту құралы (немесе оқыту құралдарының кешені) технологиялық болып табылады;
2) технологиялық оқыту құралын (немесе құралдар кешенін) қолдану оқытудың барлық кезеңдерінде жүзеге асырылады;
3) оқыту құралы (немесе құралдар кешені) оқытудың жетекші қызметтерін (жаңа білімді баяндау, жаңа білім мен қабілеттерді шыңдау, нәтижелерді тексеру және бағалау) толық орындайды және мұғалімнің орнын басады.
Осы шарттардың бәрін орындау оқыту үдерісінің технологиялылығын қамтамасыз етеді.