Гормон – жоғары биологиялық активті зат, эндокриндік бездер арқылы синтезделіп, ағзаның ішкі ортасына бөлінеді, заттар алмасуына реттеуші әсер беретін заттар.
Эндокриндік без – негізгі қызметі гормондарды ішке секреттеу болып табылатын, бөліп шығаратын түтікшесі болмайтын, анатомиялық құрылым. Оларға жатқызылады: - гипофиз, эпифиз, қалқанша безі, бүйрек үсті безі (милық, қыртыстық бөлігі), қалқанша маңы безі, жыныс бездері..
Ұйқы безі (асқазан асты безі) және жыныс бездері олар аралас секрет бөлуші бездер. Ішке секреция бездерінің қызметі әр түрлі гормондарды синтездей алатындығымен ерекшелінеді. Мысалы, қалқанша безі тироксин, тирокальцитонинді бөледі. Бұл гормондар бір безде синтезделсе де әртүрлі бағыттағы әсерлерді береді. Сонымен бірге қызметі бір бағыттағы, бірақ, әртүрлі эндокриндік бездерден синтезделетін гормондар да болады. Мысалы, жыныс гормондары жыныс бездері мен бүйрек үсті бездерінде де синтезделеді.
Эндокриндік емес мүшелелерде, мысалы, бүйрек, АІТ, жүрек биологиялық активті зат түзе алады. Олардың кейбіреулері өздерінің нысана-жасушаларына өте жақын синтезделеді, сондықтан олар диффузия арқылы жете алады, қан арқылы тасымалданбастан. Оларды жергілікті әсер етуші гормондар деп атайды және оларды бөлетін жасушаларды паракриндік жасушалар деп атайды.
Кейбір биологиялық активті заттар гормондық қызметтен басқа, медиатор ретінде қызмет атқара алады. Гормондық немесе медиаторлық қызметінің байқалуы олардың синтезделу орнына байланысты анықталады. Мысалы, егер олар бүйректің милы затында түзілсе олар – гормон, егер симпатикалық соңдарда синтезделсе олар – медиатор қызметін атқарады және солай аталады.
Реттеуші гипоталамус пептидтерінің кейбіреулері тек бас миының нейрондарында ғана емес, сонымен бірге басқа мүшелердің ерекше жасушаларында да (мысалы, ішекте) табылған. Бұл пептидтерді өндіретін жасушалар, қазіргі көзқарас бойынша, әртүрлі мүшелер мен ұлпалардың жасушаларына таратылған диффуздық нейроэндокриндік жүйені құрайды деп есептеледі.
Бұл жүйенің жасушалары құрамында аминдердің жоғары мөлшері болуымен сипатталады және олар аминдердің алғызатын ұстауға қабілеттілігімен және аминдердің декарбоксилазасы болуымен ерекшеленеді. Сондықтан олар ағылшын тілінен аудармасы бойынша Amine Precursors Uptake and Dekarboxylating System – APUD жүйесі – аминдердің алғызатын ұстап алушы және оларды декарбоксилдеуші жүйе деп аталады. Сондықтан, эндокриндік бездерді ғана емес, сонымен бірге, ішкі ортаға спецификалық реттеуші заттарды бөлетін, ағзаның ұлпалары, бездері мен жасушаларын біріктіретін эндокриндік жүйе туралы да айтуға болады.