Ұршықторшалы саркома – ұршық тәріздес, ұсақ не ірі, фибробласт типтес толшалардың өзара шырмалған будаларынан тұрады. Торша ядросы хроматинге бай, домалақ немесе сопақша келген. Ісік стромасы да, тамырлары да, жөнді дамымаған. Жылқы мен итте кездеседі.
Полиморфты–торшалы саркома – көлемі мен пішіні әрқилы торшалардан тұрады. Микроскоп арқылы қарағанда ұсақ, домалақ торшалар, ірі эпителиодты торшалар, көп ядролы алып торшалар көрінеді. Ісікте строма мен қан тамырлары аз. Иттің, ірі қара малдың, жылқының аналық безін, енін, паренхималық мүшелерін зақымдайды.
Фибросаркома – талшықты дәнекер өрмеден туындайтын, шала жетілген фибробластарға ұқсас торшалар мен коллаген талшықтарынан тұратын қатерлі ісік. Кейбір жерде ісік құрылымы жұмсақ фибромаға ұқсайды. Одан айырмашылығы – фибросаркомада митоз көп, айналасын кеулеп өседі. Әдетте баяу дамиды. Ісіктің көлемі әрқилы, пішіні түйінді, шекарасы айқын емес.
Липосаркома (липобласталық липома) – май өрмесінің қатерлі ісігі. Кәрі итте, жылқыда, қойда, мысықта, ірі қара малда жиірек кездеседі. Баяу өтетін, метастаздарды кеш беретін ісік. Тері астында, ішектің ылғалды қабығында, т.б. жерлерде орналасады. Сарғыш немесе қоңыр түсті, саны бірен-саран, кейде көп түйін түрінде пайда болады. Микроскоппен зерттегенде көптеген дөңгелек пішінді, цитоплазмасы ацидофильді боялған, ядросы дөңгелек не сопақша пішінді торшалар көрінеді.
Хондросаркома – құрылымы гиалин шеміршегіне ұқсас қатерлі ісік. Хондромадан айырмашылығы – хондробластар көп, олар полиморфты келеді, ядрода хроматин көп. Баяу дамиды, кілегейленуі, сүйектенуі мүмкін, әсіресе өкпеге тән, т.б. мүшелерге метастаздар береді.
Остеосаркома – сүйек өрмесінің қатерлі ісігі. Негізінен итте, сирегірек ірі қара малда кездеседі. Жамбас сүйектерін, қабыртқаларды, омыртқаларды, аяқ сүйектерін зақымдайды. Сүйекпен тығыз байланысқан, дөңгелек немесе сопақша келген, ақ-сары, сарғыш түсті. Тілік беті кеуекті болады. Микроскоп арқылы қарағанда остеоид немесе әктелген өрменің бөліктері, беларалар, оларды қоршаған остеобластар көрінеді. Бұл торшалар көп бұрышты немесе ұршық тәрізді, хроматинге бай, цитоплазмасы ацидофильді немесе базофильді боялады. Олардың арасында митозбен бөлінетіндер көп кездеседі. Шашыраңқы орналасқан көп ядролы алып торшаларды көруге болады. Ісік метастаздары көп және қан арқылы өкпеге беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |