Мезензхималық қатерлі ісіктер. Мезенхималық қатерлі ісіктер "саркома" деп аталады (грек. sarcos-ет). Бұл атау ісіктің тілік беті балық етіне ұқсауына байланысты пайда болған. Саркома өте тез, инфильтративті жолмен өсетін ісік. Әдетте оның метастаздары торшалардың қанмен таралуы арқылы пайда болады. Саркомаға торшалық атипизм тән. Ісік торшаларының өсіп-жетілуі өте төмен сатыда тоқтауы мүмкін. Мұндайда гистологиялық жолмен ісіктің тегін анықтау оңайға түспейді. Бұл мақсатта гистохимиялық, иммунологиялық, электрондық микроскоптық зерттеулер жүргізіледі, өрмені өсіру тәсілі қолданады. Саркома паренхимасын құрайтын торшалар морфологиясы жағынан санқилы: олар домалақ, ұршық тәрізді, полиморфты, ұсақ және ірі болуы мүмкін. Көп ядролы алып торшалар да кездеседі. Ядролары әдетте ірі, хроматинге бай. Митоздар жиі кездеседі. Дәнекер өрмелі стромада орналасқан қан тамырлары нәзік қабырғалы, кең қуысты болып келеді.
Саркома мезенхима тектес өрмелердің бәрінен де пайда болады. Олар көбінесе теріде, тері шелінде, сүйек қабығында, бұлшық етте, бауырда, өкпеде, лимфалық түйіндерде, т.б. жерлерде орналасады. Саркома түйін, бұдыр-түйін тәрізденіп немесе жайылмалы инфильтрат ретінде өседі, тілік беті ақшыл, тегіс, онда өліге ұшыраған, қанталаған жерлер көрінеді, салмағы бірнеше граммнан бірнеше килограмға дейін (сур. 80, 81). Микроскоптық құрылымы жағынан саркоманың бірнеше түрі бар.
80-сур. Алыпторшалы саркома (Ит).
|
81-сур.Ит терісінің саркомасы.
|
82-сур. Домалақ торшалық саркома (Ит, қынап)
|
Домалақторшалы саркома – ұсақ немесе ірі, домалақ пішінді, цитоплазмасы аз, ядросы хроматинге бай торшалардан тұрады. Ісікте строма жоқтың қасы. Борпылдақ дәнекер өрме тек қан тамырларының айналасында ғана болады (сур.82). Саркоманың бұл түрі – қауіпті, айналасындағы өрмені бүлдіріп, ерте метастаздар береді.
Достарыңызбен бөлісу: |