Лейомиома(leiоmyoma) - бірыңғай салалы ет өрмесінің қатерсіз ісігі. Ісік паренхимасы ұршық тәріздес ет торшаларының будаланрынан тұрады. Бұл будалар ешқандай ретсіз әрқилы бағытта орналасқан. Талшықты дәнекер өрме, ондағы қан тамырлары ісіктің стромасы болып есептеледі. Строма шамадан тыс көлемді болса, бұндай ісік фибромиома деп аталады.
Лейомиома шекарасы айқын, кең немесе тар табанды түйін сияқты болып жаралады. Қалыпты өрмемен ол жіңішке сабақ арқылы байланысуы да мүмкін. Кейде ісік дәнекер өрмемен қапталған ісіктің көлемі де, салмағы да әрқилы. Салмағы бірнеше-ақ грамм, тіпті ондаған килограмм лейомиомалар кездеседі. Сиырдың жатырында 100 кг, жылқының қуығында 9 кг тартатын лейомиома табылған (К.Г. Боль). Жұмсақ не қатты, сұрғылт - қызыл, ақшыл - қызыл түсті ісіктер болады, тілік бетінің суреті талшықты келеді.
Лейомиома жылқыда, итте, ірі қара малда, шошқада жиірек кездеседі, көбінесе жатырды, ішек-қарын, тері, аналық без, сүт безін жайлайды.
Рабдомиома (rhabdamyoma) – көлденең жолақты ет өрмесінен жаралған, жылқыда кездесетін қатерсіз ісік. Ісік паренхимасы эмбрионның ет талшықтары мен миобластарына ұқсайды.
Хондрома(chondroma) – көбінесе гиалин шеміршегінен туындайтын қатерсіз ісік. Жылқының, иттің, қара малдың қабырғасын, жауырынын, омыртқасын, төс сүйегін, т.б. мүшелерін зақымдайды. Ісік шекарасы айқын, пішіні шарға ұқсас немесе түйінді-бұдырлы, өте қатты болып келеді. Ені бірер см-ден 10-15 см-ге жетуі мүмкін, түсі ақшыл. Микроскоп арқылы қарағанда базофильді боялған негізгі затта ешқандай ретсіз, тығыз не шашыраңқы орналасқан, үлкенді-кішілі шеміршек торшалары көрінеді.
Остеома(osteoma) - құрылымы сүйек өрмесіне ұқсас қатерсіз ісік. Ісік сүйек өрмесінен туындайды және метаплазия жолымен сүт безінде, жүректе, ылғалды қабықта, енде, т.б. жерлерде пайда болуы мүмкін. Құрылымына қарай остеома нағыз және кеуекті болып бөлінеді. Қалыпты сүйек өрмесінен айырмашылығы - сүйек қабаттары ретсіз орналасқан, сүйек денешіктерінің, Гаверс түтікшелерінің қуысы тар болады. Остеоманың пішіні мен көлемі әрқилы, шекарасы айқын, ол қатты болады.