Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,


ҚАЗАҚ СОВЕТ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ



бет32/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37





  1. ҚАЗАҚ СОВЕТ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ


Америка театры
1751 жылы Нью-Йоркте ағылшын Л.Халлемнің жетекшілігімен АҚШ-тағы алғашқы профессионалдық театр труппасы ұйымдастырылды. Американдықтардың Англиядан тәуелсіздік алу үшін жүргізген соғысына (1775-83) дейін Солтүстік Американың театр өнері ағылшындардың ықпалында болды. 1785 жылы Л.Халлемнің (кішісі) басшылығымен Нью-Йорк қаласында тұңғыш профессионалдық театр ашылды. Американың алғашқы драматургтары 18 ғасырда У.Данлап, М.О.Уоррен, Р.Тайлер, Р.Берд, Д.Стоун болды. 19 ғасырдың басында АҚШ-тың көптеген қалаларында тұрақты театрлар ұйымдастырылды. 19 ғасырдағы ірі актерлері: Э.Форрест, А.Олдридж, Дж. Джефферсон, Э.Бутс, 1896 жылы Нью-Йоркте «Театр синдикаты» ұйымдасты. Бұл Бродвей көшесіндегі коммерциялық театрлар деп аталатын театрлардың бастамасы болды. Олардың репертуары көбінесе музыкалық ревю мен шолулардан тұрады. 20 ғасырдың басында режиссер Д.Беласконың бастауымен туған театр қозғалысы Бродвей театрларының жай ғана көңіл көтеруге арналған спектальдеріне қарсы шықты. «Кішкене» немесе «репертуарлық» театрлар Беласконың инициативасын ілгері дамытты. Олардың ішінде «Гилд» театры (1919 жылы құрылған), Е.Ле Гальенн басқарған «Азаматтық репертуарлы театр» (1926-33) т.б. болды. Москва Көркем театрының 1923-24 жылдардағы гастролі актерлік өнердегі реалистік тенденцияның қалыптасуына, репертуарларына А.П.Чехов пьесаларының енуіне әсер етті. Бұл кездің ірі актерлері Дж. Бенами, Л.Хоуард, Е.Ле Гальени, Барримор әулеті болатын. 30 жылдарда реалистік тенденция одан әрі дами түсті. Станиславский жүйесін қолдаған режиссер Г.Клермен бастаған «Групп» театрының (1931-40) үлкен маңызы болды. Оның репертуарына К.Одетс, Э.Райс, Дж.Х.Лоусон т.б. пьесалары кірді. 1932 жылы «Юнион» театры ұйымдасып, озат драматургиялық шығармаларды кең тарата бастады. 30-40 жылдардың көрнекті актерлері К.Корнелл, П.Муни, Л.Адлер, Б.Мередит еді.

АҚШ-та негр театрлары айрықша орын алады. Олардың ішінде «Лафайетт» және «Достасушылық» театрлары 20-30 жылдарда атаққа ілікті. 1950 жылы «Юнити» негр театры ұйымдастырылды. Негрлер тұрмысы жайында П.Питерс пен Дж.Скляр, Дж.Гоу мен А.Д'Юссо, Г.Тэнк пен У.Дюбуа бірнеше пьеса жазды.

30-40 жылдарда Ю.О'Нейл, Т.Уильямс, М.Андерсон, У.Сароян т.б. драматургтардың даңқы шықты, бірақ бұлардың творчествосына идеялық қайшылықтар мен күйреу, торығу тенденциясы тән болатын. Л.Хелманның буржуазиялық қоғамды сынау тұрғысынан бейнелеген шығармалары осы кезеңде жазылды. 40 жылдардың аяғында драматруг А.Миллер көзге түсті; ол өз пьесаларында гуманизмді, «кішкентай» адамның правосын қорғау тақырыбын көтерді. 50 жылдарда У.Инджаның психологиялық драмалары шықты. Американың көрнекті режиссерлері Э.Казан, М.Уэбстер, Х.Клермен репертуарлы театрда жұмыс істеді. Америка театр өмірінің орталығы – Нью-Йорк; онда Бродвей коммерциялы театрлары мен «кіші» театрлардың дәстүрін сақтап келе жатқан «Off Broadwav» театр тобы жұмыс істейді. Мұнда Инджа, Миллердің пьесалары, Батыс Европа драматругтарының (Б.Брехт т.б.) шығармалары қойылады. Бұл театрлардың актерлері ішінде Д.Робертс, Р.Харрис, Д.Уинард, Р.Престон бар. Соңғы кездерде Бродвейден тысқарғы деп аталатын театрлардың беделі күшейді. Бұлар АҚШ-тағы саяси және әлеуметтік құбылыс пен тәртіпке қызу қарсылық білдірудің орталығына айналды. Мұнда қойылған «Макберд» пьесасы (1967) қатты талас туғызды. Пьеса авторы «Жаңа солшылдар» саяси ағымына жақын жүретін 25 жасар қыз Б.Гарсон «Макбетке» пародия түрінде жазған осы туындысында Дж.Кеннедидің өліміне байланысты Джонсонның қылықтарын ажуалады. Бродвейден тысқары театрдың тағы бір спектаклі «Ура, Америка» - механикаланған американ цивилизациясының қаталдығын сынайды. М.Теридің «Вьет Рок» пьесасы Вьетнам соғысына қарсы жазылған.

АҚШ-тың барлық театрлары жеке меншікте. Репертуарлы театрлардың бірсыпырасы абономенттік жарна қаржысына сүйеніп, өмір сүреді. Кейбір театрлар финанс жағынан таршылыққа ұшыраса, енді біреулері жаңадан ашылып жатады. АҚШ университеттерінің де театрлары бар. Олар көбінесе классикалық пьесаларды қояды.



1972.

Ахмед Яссауи
Ахмед Яссауи (т.ж.белгісіз, қазіргі Шымкент облысы, Сайрам маңы, - 1166) – 12 ғасырда өмір сүрген ақын. Қазақ халқының көне мәдениеті тарихында айрықша орны бар. Әкесі Ибраһим сөз қадірін түсінетін білікті адам болған. Шешесінің аты – Қарашаш. Жастайынан жетім қалып, жоқшылдық тақсіретін шеккен А.Яссауи туыстарының қолында тәрбиеленеді, бала кезінен Яссы шаһарын мекен етеді. Кейіннен осы қаланың атымен Яссауи атанады. А.Яссауи Бұхар қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін Түркістанға келіп, сол кезде Орта Азияда кең тараған софылық, діни-мистикалық идеялардың насихатшысына айналады.

А.Яссауидың бүгінгі ұрпаққа жеткен шығармасы «Диуани Хикмат» («Даналық жайындағы кітап»). Ол Стамбул, Қазан, Ташкент-қалаларында 19 ғасырда бірнеше рет кітап болып басылып шыққан (алғаш басылуы 1878 ж.), қазақтарға арнап оны 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлы жариялатады. Төрт тармақты өлеңмен (рубаят) жазылған осы шығармасында А.Яссауи бала күнінен бастап 63 жасқа дейінгі өмірін баян етеді. Тірлікте көрген азабын, шеккен қайғысын тізеді, бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандарды, бектерді, қазыларды сынайды, фанидің жалғандығын айтады. Бұл дүниенің өкініштілігін көрсетіп, аскетизмге, тағдырға сенуге уағыздайды, тәрки дүниеге (дүние қызығынан безу) салынады. О дүниенің мәңгілігін жырлайды. Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахсани т.б. А.Яссауидың жолын қуып, софизмнің жаршысы болады. Ел аузында А.Яссауи туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. «Диуани Хикматтан» қазақ халқының ежелгі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы фактілер табуға болады.



Түркістан қаласына жерленген А.Яссауидың басына 14 ғасырдың аяғында Ақсақ Темір күмбез орнаттырады (қ. Ахмед Яссауи ескерткіші).

Әдеб.: Қазақ ССР тарихы, 1-т., А., 1957; Сүйіншәлиев Х., Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері, А., 1967.

1972.

Әдебиеттегі характер
Әдебиеттегі характер – белгілі әлеуметтік-тарихи орта, қоғамдық жағдайлардың әсерінен туып, қалыптасқан адам мінезінің әдебиеттегі қалпы. Болмысты эстетикалық тұрғыдан тануда әдеби характердің маңызы зор. Өйткені көркем шығармада адамдар арасындағы сан алуан, қат-қабат, шытырман, күрделі қатынастар, тұлға мен табиғат орайындағы сала-сала байланыстар жан-жақты бейнеленеді. Өмірдегі характер әдебиетке көшкенде, жазушылық қиялдың күшімен суреткер мұратына, шығарма мақсатына байланысты өзгеріске ұшырайды, нақтыланып жинақтылық мәнге ие болады. Ғылым салалары философия, этнография, психология характерді даралап қарастырады. Әдебиеттегі характер жанды, тірі күйінде көрініп, жүрекке ұялап, сезімді қозғайды, эстетикалық әсер береді. Дүние жүзілік әдебиетте характерлердің сан алуан галереясы жасалған: Ер Тарғын, Манас, Тартюф, Гамлет, Болконский, Абай, Павел Корчагин т.б. Суреткер характер жасау арқылы әлеуметтік ортаны, қоғамдағы тартыстарды ашып көрсетеді. Жазушының биік мұраты жағымды образдар характерін жасаумен сабақтасып жатады. Кейіпкер, персонаж, қаһарман, тип деген ұғымдар әр дәрежеде көрінген әдеби характерді білдіреді.
1973.
Башқұрт әдебиеті
Башқұрт жазба әдебиеті. Октябрь революциясынан кейін қалыптасты. Одан бұрынғысы – негізгінен халық поэзиясы, фольклор. Ауыз әдебиетінде форма жағынан ерекше жетілген жанр – қобайыр. Ол қазақ поэзиясындағы толғауға жақын. Қобайырдың өзегі әлеуметтік сарын яғни Орал тауын, Ақ Еділді, туған жерді, халқын мадақтау. Ал «Ақбозат», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Күсәк бей» секілді эпикалық поэмалар – башқұрт тарихының түрлі кезеңдерін бейнелеген кесек туындылар. 18-19 ғасырда әуезді, сырлы, шерлі, әнмен айтылатын «Салауат», «Азамат», «Орал» сияқты тарихи жырлар, «Зұлхиза», «Шаура» секілді аңыздар туды. Революцияға дейін Башқұрт поэзиясының кейбір нұсқалары қолжазба түрінде тараған. Башқұрт әдебиетінің тарихында Салауат Юлаевтың есімі әйгілі. Жауыгер ақынның ел аузында қалған, кезінде орыс тіліне аударылған жырларына тән сипат – ереуіл рухы, әлеуметтік идея, азаматтық пафос. Діни уағызға арнап шығарма жазған. Т.Ялсыгул (1787-1838), Ә.Қарғалы (1784-1825), Г.Салихов (1794-1867), Ш.Заки (1825-1865), Ғ.Сокрый (1826-1889) секілді ақындар мистика, софизм шырмауында қалып қойды. 19 ғасырдың 2-жартысында башқұрт әдебиетінде ағартушылық бағыт өрлей бастады. Бұл кездің көрнекті өкілі көп қырлы талантты ақын, тілші, фольклорист, этнограф, тарихшы, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері М.Үмітбаев (1841-1907) болды. Оның 1897 ж. шыққан «Жәдігер» жинағында ғылыми еңбектері, өлеңдері топталған. Қазақ, татар поэзиясында елеулі із қалдырған Ақмолла ақын – башқұрт демократтық әдебиеттегі ірі тұлға. Башқұрт совет әдебиетінің ірге тасын қалауда Мәжит Ғафуридің «Қызыл ту», «Ант», «Еңбекші», «Татар жігітіне», Д.Юлтыйдың «Октябрь», «Аттан, жігіт», «Майсара», Ш.Бабичтің «Халыққа арнау», С.Құдаштың «Қазал әскер», «Айтшы» секілді революция жырлары ас а зор роль атқарды. 30 жылдарда халық өмірінің әр түрлі кезеңін бейнелейтін реолистік проза туды. Олар – С.Құдаштың «Қос қайың», САгиштың «Жағдайға орай» повестері, Д.Юлтыйдың «Қан», А.Тагировтың «Солдаттар», «Қызыл гвардияшылар», «Қызыл әскерлер», И.Насыридың «Кедей» романдары, Х.Ибрагимовтың «Башмақшы», К.Даянның «Таңшолпан», Н.Кариптің «Алма» пьесалары, С.Құрыштың «Бақыт заңы» (1935), «Республика жырлайды» (1938), Б.Ишемғұлдың «Отан» (1936), Х.Каримнің «Салтанат», Р.Нигматидің «Ақ Еділдің әсем айдыны» (1940) өлең-жырлары. Отан соғысының қаһарлы шындығы әдебиетте жан-жақты бейнеленеді.

А.Бекчентаевтің «Аққулар Оралда қаладысы» (1956), «Үлкен оркестрі», Х.Дәулетшинаның «Ырғызы»-прозадағы, Р.Нигматидің «Большевигі», Х.Каримнің «Алтын масағы», С.Құдаштың «Отаным менің»-поэзиядағы елеулі шығармалар.



Ежелден іргесі бір, тілінде, тұрмысында, салт-санасында ұқсастық көп, қазақ пен башқұрт – туысқан халықтар. Башқұрт жазуларының шығармалары қазақ тілінде көп аударылады. Үлкен ақын әрі драматург Мұстай Каримнің «ай тұтылған түн» пьесасы қазақ сахынасынан көп жыл бойы түскен жоқ. М.Әуезовтің «Абай» эпопеясы т.б. көптеген қазақ шығармалары башқұрт тілінде жарық көрді. С.Құдаш пен Б.Майлиннің, С.Мұқановтың творчестволық достығы үзілген емес.
1973.
Болгар әдебиеті
Болгар әдебиеті – ең көне, тарихи тамыры терең славян әдебиетінің бір тармағы. Болгар әдебиетінің тууы (9 ғасырдың 2-жартысы) славян ағартушылары Кирилл мен Мефодий шәкірттерінің творчествосымен тығыз байланысты. Көп замандар болғар әдебиеті діни-мистикалық әсерлерден арыла алмады. «Адам ата мен Хауа ана жайлы сөз», «Исустың Әзірейілмен тәжікесі», «Жұмбақ кітап» - сол ықпалдың туындысы. Бірте-бірте әдебиетте халықтық сарын күшейіп, «Троян хикаясы», «Александрия» тақылеттес шығармалар туды, Поп Пейо, Матвей Грамматик сынды жазушылар шықты. 18-19 ғасыр жазушылары П.Хилендарский, С.Врачанский, В.Априлов, Н.Бозвели, П.Берон, К.Фотонов т.б. әр жанрда жазумен қоса, әлеуметтік-қоғамдық істерге көп араласты, олар мектепке арналған тұңғыш оқулықтардың авторы болды. Болгар ұлттық әдебиеті 19 ғасырдың 50-70 жылдарында қалыптасып, негізгі жанрлар түгел дамыды. Талантты ақындар Д.Чинтулов (1822-86), П.Р.Славейков (1827-95), Г.С.Раковский (1821-67), Х.Ботев (1849-76), И.Вазов (1850-1921), прозаиктері: В.Друмев (1841-1901), Л.Каравелов (1835-79), И.Блысков (1839-1913); драматургтар: Д.Войников (1833-78), В.Друмевтер халық өмірін реалистік тұрғыда бейнелеп, әдебиетті жаңа белеске көтерді. И.Вазовтың «Ұмытылған жылдар дастаны», «Кезбе сыры» өлеңдері, «Тепкіде» романы, П.Р.Славейковтың «Қанды жыр» поэмасы, Х.Ботев өлеңдері, П.Яворовтың «Шалғында», «Бұршақ» поэмалары, И.Вазовтың «Езгіде», «Аласталғандар» драмалары, А.Страшимировтың «Аруақ», «Құдағи» комедиялары – азаматтық сарыны күшті, әлеуметтік мәні зор туындылар. Октябрь революциясы болгар әдебиетіне ерекше әсер етті. Х.Смирненский, Г.Караславов, Х.Радевский творчестволарына тән қасиет – күрескер кейіпкер бейнесін жасау, антифашизм. Тарихи тақырыптарды көтерген С.Дичевың «Бостандық үшін», Д.Талевтың «Темір шырақ», «Қоңыраулар», фашизмді айыптаған Д.Димовтың «Темекі», Г.Караславовтың «Кәдімгі жандар» бүгінгі күнді суреттейтін А.Гуляшканың «Алтын жабағы», К.Калчевтың «Тоқымашылар семьясы» романдары - қазіргі болгар әдебиеті қауырт өсуінің белгісі. Болгар жазушыларының «Болгар әйелдері» атты әңгімелер жинағы (1956) және И.Вазовтың «Бұғауда» романы (1959) қазақ тілінде басылып шықты.
1973.
Балет
Балет (итал. Balletto- билеймін) – ой мен мазмұнды музыка-хореографиялық образ арқылы ашатын сахналық өнердің бір түрі. Мұнда либретто жазушы сценарист, музыканы шығарушы композитор, билерді қоюшы балетмейстер және суретші еңбегі тоғысып, ортақ арнаға саяды. Музыка билерді сүйемелдеумен бірге, балет шығармасының драмалық ой-мазмұнын тереңірек ашуға қызмет етеді. Балет негізінен классикалық және характерлі (халықтық билерге жақын) би үлгілерінен тұрады. Сюжетті балеттерде қимыл-пантомима мен әрекетті көріністер (па, д аксьон) көп қызмет атқарады. Билеттің дәстүрлі музыка-хореографиялық формалары қалыптасқан: екі кісілік би (па-де-де) және көпшілік биі (па-де-труа, па-де-катр, гран па). Соңғысын кордебалеттер орындайды. Қаһармандық, драммалық, комедиялық сюжеттер балет жанрын айқындайды. Сондай-ақ шағын балет, балет-пантомима, балет-феериялар болып бөлінеді.

Билеттің негізгі элементтері халықтың музыка-би творчествосымен тікелей байланыста туған. Европалық балет (Италия, Франция, Англия, Испания т.б.) Қайта өркендеу дәуірінде дүниеге келді. Алғаш Италияда тұрмыс-салтты көрсететін би түрлері іріктеніп, жүйеге түсіп, сахналық заңдылыққа бағындырыла бастады. Той-думанда орындалатын халық билері жаңа мәнерлі, әсем өрнекті, бір идеяны ұқтыруға, бір ойды айтуға меңзеген балеттерге арқау болды. Бұлар үлкен сарайларда, сән-салтанат ордасында қойылып отырған. Францияда балет белгілі сюжеттер, аңыздар негізінде құрылды. Балет өнердің басқа түрлерімен тығыз байланыста дамыды. Оған көбіне музыка мен әдебиеттегі ағымдар ықпал жасап отырған. 17 ғасырдың 2-жартысында өмірге опера-балет (композиторлар Люлли, Рома) және комедия –балет (драматург Мольер) келді. 18 ғасырда Англия, Австралияда, кейінірек Францияда балет өнерідің жеке бір саласы боп әбден қалыптасады. Осы кездегі би өнерінде үлкен реформатор болған франция балетмейстері Ж. Новер П.Корнель трагедияларын балетке айналдырып, өзінің теориялық ой-пікірлерін жанды спектакльдерде жүзеге асырды. Оның «Балет жайлы хаттар» (1760) еңбегі басқа елдердің ұлттық балет өнерлерін дамытуда көп себін тигізді. Сонан соң ұлттық балет мектептері (Француз, итальян т.б.) шыға бастады. Келе-келе балет техникасы жетіліп, айналма, секірме қимылдардың ой емеурінің берудегі мәні тереңдей түсті. 20 ғасырда діни көзқарастарға байланысты бұрын балет өнері болған Шығыс елдерінде (ЕАР, Түркия, Жапония, Австралия т.б.) балеттер туып, дами бастады.

Орыстың балет өнері 18 ғасырдың 2-жартысынан қалыптасты. Халықтың би қазынасы бірте-бірте игеріліп, өнегелі балет мектептерінің ыңғайымен жүзеге түсті. 19 ғасырдың бас кезінде, әсіресе балетмейстер Ш.Дидлоның қызметі тұсында орыстың балет өнері едәуір табысқа жетті. Е.И.Колосова, М.И.Данилова, А.И.Истомина, А.П.Глушковский сынды бишілер тобы өз өнерлерімен бой көрсетті. Балет өнері мен музыкасының ілгері дамуына кезінде үлес қосқан орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковский болды. Балетмейстерлер М.Петипа мен Л.И.Иванов орыстың халық билерін классикалық би үлгілерімен ұштастыра отырып, оның «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі» және «Щелкунчик» (1890-95) балеттерін қойды. Чайковскийдің балет музыкасында игі дәстүрін жалғастырып, одан әрі дамытуда көптеген композиторлар (Аренский, Глазунов, Стравинский, Прокофьев т.б.) ересен еңбек етті. 20 ғасырдың басында балетмейстер М.М.Фокин мен А.А.Горский балет өнері саласында батыл ізденістер жасады. Орыс бишілері А.П.Павлова, В.Ф.Нижинский, Т.П.Карсавина (Петербург), Е.В.Гельцер, М.М.Мордскин, В.Д.Тихономировтар балет өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. 20 ғасырдағы орыстың балет өнері Англия, Францияда балеттің қайта өркендеуіне, ал АҚШ-та балеттің тууына игі әсер етті.

Совет балеті реалистік өнер тарихында жемісті дәстүрлерді пайдаланып, жетілдіріп, орасан зор жаңалықтар ашты. Социалисті реолизм принциптері тарихи нақтылық, халықтық, революция пафос талаптарын 1-қатарға шығарды. Драматургия заңдылықтарына негізделген либреттоға жазылған, музыкаға қойылған би көріністері бет-жүз құбылыстарын, дене қимылдарын жан-жақты пайдалану, киім, көркемдеу мүм кіндіктерін жете ескерту арқылы үлкен қоғамдық идеяны ашатын ірі балеттің образдар жасауға жол ашты. Октябрь революциясынан кейінгі Б.В.Асафьевтің («Париж жалыны», «Бақшасарай фонтаны»), Р.М.Глиердің («Қызыл гүл»), А.И.Хачатурянның («Гаянэ», «Спартак»), С.С.Прокофьевтің («Ромео мен Джульетта»), А.А.Крейннің («Лауренсия»), Қ.А.Қараевтың («Жеті ару») балеттері совет өнерін дүние жүзіне танытып, даңққа бөлеген туындылар Г.С.Уланова, М.Т.Семенова, Н.М.Дуринская, О.П.Лепешинская, М.М.Плисетская, В.М.Чабукиани, Г.Алмасзаде, Б.Бейналиева, З.Насретдинова, М.Тұрғынбаева, Л.Сахьянова, Ш.Жиенқұлова секілді бишілер есімі өнер әлеміне мәшһүр болды. СССР-де 40 опера және балет театры, 16 мемлекеттің балет училищесі жұмыс істеуді (1970). Балет өнерінің кадрларын Москваның А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері интернаты мен мәдениет интернаты, Ленинградтың Н.А.Римский-Корсаков атындағы консерваториясы. Қазақстанда Алматының хореографиялық училищесі даярлады.



Қазақ балеті әуелде драмалық, опералық спектакльдер ішіндегі көріністері ретінде қалыптаса бастады. Діни сенімнің салдарынан үзіліп қалған халықтың көне билері қайта туды. Тұңғыш қазақ режиссері Ж.Шанин ұлттық балетті халық топырағында бар элементтер негізінде, туыстас елдер пластикасына негіздеп жасау керек деген ойын «Қоян-бүркіт», «Киіз басу», «Өрмек би», «Шашу», секілді билерді сахнаға шығаруда іске асырған. Қобыз, дамбыра ырғақтары, күй әуезі балет музыкасына арқау болып, оның ұлттық, даралық ерекшелігін айқындады. В.Великановтың «Қамбар-Назым», Н.Тілендиев, Л.Степанов пен Е.Манаевтың «Достық жолымен және Ғ.Жұбановтың «Аққұс туралы аңызы»-қазақ балет өнерінің өсу кезеңдерін көрсететін шығармалар. Жер-жерде балет спектакльдерін қоятын халық театрлары («Алматының жас балеті», «Қарағандының мәдениет сарайы» т.б.) құрылды, қазақтың Абай атындағы дамуына тамаша ордасы болып отыр.

Әдебиеттер: Худеков С.Н., История танцев, т. 1-4, СПБ, 1913-17; Плещеев А. Наш балет, СПБ, 1899; Классики хореографии, Л-М., 1937; Ваганова А.Я., Основы классического балета, Л-М., 1948; Слонимский Ю., Советский балет..., М-Л., 1950; Львов Н., Казахский театр. Очерк истории, М., 1961; Канапин А.К. и Варшавский Л.И., Искусство Казахстана, А-А., 1958.

1973.

Ғамзатов Расул
Ғамзатов Расул Ғамзатұлы (8.9.1923 жылы Дағыстан, АССР, Хунзах ауданы, Цада селосында) – авар совет ақыны. Дағыстанның халық ақыны (1959). Ғамзат Цадасаның баласы. 1944 жылдан КПСС мүшесі. Мұғалім болған. 1950 жылы Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Шығармалары 1937 жылдан бастап жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Жалынды махаббат пен өшпес өшпенділік» 1943 жылдан басылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Р.Ғамзатов Краснодон батырларының, Дағыстан жауынгерлерінің ерлігін жырлады. «Туған жер» (1948), «Біздің таулар» (1947), «Тау халқының отаны» (1950), «Ағама арналған сөз» (1952), «Дағыстан көктемі» (1955) жинақтарында, «Тау қызы» (1958) поэмасында Р.Ғамзатов социалистік Дағыстанның өмірін, тау халықтарының психологиясындағы өзгерістерді, халықтар достығын жырлады. Расулдың кейіпкерлері – бірімен-бірі дос, жолдас, туыс. «Туған жылым» (1950) жинағына 1952 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығы берілді, ал «Жарық жұлдыздар» (1962) жинағы үшін 1963 жылы Лениндік сыйлық алды. Ол Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Тихонов шығармаларын авар тіліне аударды. Ақын шығармалары Совет Одағының көптеген халықтарының, бірқатар шетелдердің тілдеріне аударылды. Ғамзатовтың «Тау қызы» поэмасы қазақ тілінде сахнаға бейімделіп, Алматының жас өспірімдер театрында бірнеше жыл қойылды, «Менің Дағыстанымның» 1-кітабы 1971 ж., 2-кітабы 1973 ж. қазақ тілінде шықты. Ғамзатовтың 6-8 сайланған СССР Жоғары советінің депутаты, СССР Жоғары Советі Президиумының мүшесі (1962-66). Азия мен Африка елдері ынтымағының Совет комитетінің мүшесі 1951 жылдан Дағыстан жазушылар ұйымын басқарады. Ол 3 рет Ленин орденімен және медальдармен наградталған.
1973.
Диалог
Диалог (грек dialogos – сөйлесу, әңгемелесу деген мағынада) – көркем шығармада екі немесе бірнеше адамның сөйлесуі. Диалогта драмалық әрекет, интонация, ырғақ мол болады. Диалог – драматургиялық шығарманың адам мінезін ашуда, көркем идеяны ашуда сырлы бейне жасауда шешуші қызмет атқаратын ең негізгі құралы. Достоевский, Хемингуэй, Әуезов тәрізді жазушылар диалогты шебер пайдалана білген. Диалог әдеби-публицистикалық жанр ретінде көне дәуірде дамыған. Мұның үлгісін Платон, Лессинг, Дидро, кейінгі Белинский (19 ғ.), Луначарский (20 ғ.) творчествосынан көруге болады.
1973.
Дидактикалық әдебиет
Дидактикалық әдебиет – ғылыми, философиялық, моральдық, діни идеяларды; уағыз, ғибрат ойларды білдіретін шығармалар. Дидактикалық әдебиетте көркем суретпен бейнелеуден гөрі байлам, пікір, тұжырымға; оқырманға ойды, идеяны әсерлі жеткізуге ерекше мән беріледі. Дидактикалық әдебиеттің тарихы да бай, үлгілері де көп. Фольклор материалдары, халықтың аңыз әңгімелері негізінде жазылған дидактикалық әдебиеттер өте көп. Әсіресе, дидактикалық көркем сөзде мақал-мәтелдердің, ақыл, нақыл сөздердің, ертегі, эпостардың әсері күшті. Үнді әдебиетінің «Махабхарата», «Панча-тантра» туындыларында буддизм идеялары насихатталған. Көне шығыс әдебиетінде дидактикалық әдебиет ерекше орын алады. Бұны Омар Һайям, Сағди, Жәми, Рудаки, Низами, Фирдауси мұраларынан көруге болады. Қазақ әдебиетінде Абайдың қара сөздері, поэмалары – шығыстың дидактикалық әдебиетінің жалғасы. Европа әдебиетінде Лукрецийдің «Заттар табиғаты туралы», Горацийдің «Поэзия ғылымы», Буалоның «Поэтикалық өнер» атты шығармаларын секілді дидактикалық әдебиет үлгілері бар. Эзоп, Лафонтен, Крылов сынды мысалшылар, Э.Роттердамский, М.Лютер т.б. жазушылар дидактикалық шығармалар жазған.

Әдеб.: Әуезов М.О., Абай Құнанбаев, А., 1967; Тимофеев Л.И., Основы теории литературы, М., 1970.
1973.

«Еңлік-Кебек» аңызы
«Еңлік-Кебек» - адал махаббатты, ескі заманның әділетсіздігін баяндайтын белгілі қазақ поэмасы. Поэма революциядан бұрын бірнеше рет жарияланған. Алғашқы нұсқасы «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаяты» газетінің 31-39 сандарында басылған. Поэманың мазмұны: Тобықты руында Кебек деген батыр болады. 20-ға келгенде жас батыр атырапқа аты жайылған Нысан абызға келіп болашағына бал аштырады. Арада бірнеше жыл өткен соң, абыздың айтқаны дәл келіп, Найман руынан шыққан Еңлік атты арумен танысады. Ақырында қызды Кебек батыр алып қашады. Тобықты мен Найман арасында жанжал, барымта басталады. Дауласқан екі ру биге жүгінеді. Тас бауыр билер Кебек пен Еңлікті ат құйрығына байлап өлтіреді. Тауда 4 айлық бала шырқырап жылап қалады.

Поэмада кездесетін Тобықты, Жуантаяқ, Найман, Матай – белгілі ру аттары; Шыңғыс, Орда, Хан, Доғалаң, Шоңай, Ақшоқы – қазіргі Семей облысының Абай ауданындағы жер аттары. Демек поэма белгілі этникалық, географиялық ортада болған оқиға негізінде туған. Поэмада халықтық сарын, халықтық идея басым.

Поэма 1900 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен қайта басылды. Мұнда мазмұны, сюжеттік желісі бұрынғы қалпында қалған, тек адам, жер-су аттары өзгерген. «Еңлік-Кебек» поэмасы негізінде М.Әуезов осы аттас трагедиясын жазды.

Әдеб.: Әуезов М.О., Әр жылдар ойлары, А., 1959; Нұрғалиев Р.. Трагедия табиғаты, А., 1968.

1974.


Жанр
Жанр (французша – genre, латынша - generis – түр, тек) - өнер шығармаларының тарихи қалыптасқан түрлері. Жанр түрлерінің өнерде түрліше болып келуі, олардың өмір көріністерінің әр қилы жақтарынан суреттеліп, түрлі мақсат, міндеттерге негізделуімен байланысты. Белгілі бір тарихи жағдайлардың әсерімен пайда болып, мазмұн мен түр жағынан үздіксіз дамып отырған жанр өзіне тән кейбір тұрақты белгілерін (ғибраттылық, астарлап жеткізу, ықшам сюжет т.б.) сақтап келеді. Өнердің әрбір тегі іштей тағы да жанрлық түрлерге бөлінеді. Әдебиет тектері – проза, поэзия, драманың әр қайсысы, көптеген жанрларға, түрлерге жіктеледі. Мысалы, жалпы роман – проза, ол тарихи роман, деректі роман, фантастикалық роман, ал драматургия трагедия, драма, комедияға (комедияның өзі водевиль, памфлетті, пародиялы, сатиралық және лирикалық комедия жанрларына) жіктеледі. Тарихи батырлық эпостар, махаббат жырлары, поэма, өлең жалпы поэзияға жатады. Мысалы, үндінің «Махабхаратасы», монғолдың «Гэсэриадасы», қырғыздың «Манасы», қазақтың «Алпамысы», «Ер Тарғыны», қалмақтың «Жанғары» - батырлық эпос; қазақтың «Қыз Жібегі», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы», қарақалпақтың «Қырық қызы» - лиро-эпосының жанрлық үлгілері. Фирдаусидің «Шаһнамасы» «Ләйлі-Мәжнүні», Абайдың «Масғұт» пен «Ескендірі» - мәңгі өшпес поэмалар. Бейнелеу өнерінде жанр суреттеліп отырған нәрсеге байланысты тарихи жанрдың (Суриковтың «Суворовтың Альпі тауынан асуы», Телжановтың «Қазақстан 1918 жылда», Қастеевтің «Аманкелді шабуылы»), тұрмыстық жанр (Савицкийдің «Темір жолды қалыпқа келтіру жұмыстары», Кенбаевтың «Шопан әні»), пейзаж (Шишкиннің «Қара бидайы», Ғалымбаеваның «Үңгіртас тауларындасы») т.б. болып бөлінеді. Музыкада симфониялық жанр (симфония, концерт т.б.), опералық жанр (халықтық драма, күлкілі опера, опера-ертегі), камералық музыка жанры (соната, романс) және ән, би, марш т.б. жіктеледі. Мысалы, П.И.Чайковскийдің «Патетикалық» 6 симфониясы, М.Төлебаевтің «Той» атты симфониялық поэмасы, Н.Меңдіғалиевтің «Фортепиано мен оркестрге жазған концерті» симфониялық жанрға, М.И.Глинканың «Руслан мен Людмиласы», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуы», С.Мұхамеджановтың «Айсұлуы» опералық жанрға жатады. Кино өнері тарихи жанр («Оның заманы туады», режиссері М.Бегалин), кинокомедиялық («Өжет қыз», режиссері П.Боголюбов), тарихи-революциялық жанр («Абай әні», режиссері Г.Рошаль, Е.Арон) және т.б. бөлінеді.

Бейнелеу өнерінде «Жанр» термині кей реттерде «тұрмыстық жанр» деген мағынаны білдіру үшін шартты түрде қолданылады.



Әдеб.: Жұмалиев Қ., Әдебиет теориясы, А., 1969; Қабдолов З., Әдебиет теориясының негіздері, А., 1970; Аристотель, Об искусстве поэзии, М., 1957; Буало, Поэтическое искусство, М., 1957; Дидро Д., О драматической поэзии, Собр. Соч., т.5, М.,-Л., 1936; Лессинг Г.Э., Гамбургская драматургия, М.,-Л., 1936; Белинский В.Г. Разделение поэзии на роды и виды, Полн.собр.соч., т.5, М., 1954; Волькенштейн В.М., Драматургия, 5 изд., М., 1969; Фролов В.В., Жанры советской драматургии, М., 1957; Недошовин Г.А., Беседы о живописи, М., 1959; Сохор А.Н., Эстетическая природа жанра в музыке, М., 1968; Юренев Р.Н., Советская кинокомедия, М., 1964; Жанр сипаты, Жин., А., 1971.
1974.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет